БҰЙЫРАМЫН:
1. "Мүгедектігі бар адамды абилитациялау мен оңалтудың жеке бағдарламасына сәйкес жүріп-тұруы қиын бірінші топтағы мүгедектігі бар адамддар үшін жеке көмекшінің қызметтерін ұсыну қағидаларын бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің орынбасары - Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрінің 2023 жылғы 30 маусымдағы № 288 бұйрығына (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 32994 нөмірімен тіркелген) мынадай өзгерістер мен толықтырулар енгізілсін:
көрсетілген бұйрықпен бекітілген Мүгедектігі бар адамды абилитациялау мен оңалтудың жеке бағдарламасына сәйкес жүріп-тұруы қиын бірінші топтағы мүгедектігі бар адамдар үшін жеке көмекшінің қызметтерін ұсыну қағидаларында:
7-тармақтың бірінші бөлігі мынадай редакцияда жазылсын:
"7. Жеке көмекші қызметін Қазақстан Республикасының азаматтық заңнамасына сәйкес жасалған шарт негізінде портал арқылы жүзеге асырады. Жеке көмекшінің өтеулі қызметтерін көрсетудің үлгілік шарты осы Қағидаларға 3-1-қосымшамен көзделеді.";
36-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:
"36. Өтініш беруші порталда жеке көмекші қызметіне тапсырысты ресімдейді және оны өнім берушіге жібереді.";
37-тармақ мынадай мазмұндағы екінші бөлікпен толықтырылсын:
"Өнім беруші тапсырысты қабылдау туралы хабарландырумен бір мезетте өтініш берушіге және жұмыспен қамту қалалық басқармасына немесе бөліміне жеке көмекшінің өтеулі қызметтерін көрсетудің үлгілік шартын қол қоюға жібереді.";
мынадай мазмұндағы 37-1-тармақпен толықтырылсын:
"37-1. Жеке көмекшінің өтеулі қызметтерін көрсету шарты қол қоюға түскен күннен бастап 3 (үш) жұмыс күні ішінде оны өтініш беруші мен жұмыспен қамту қалалық басқармасы немесе бөлімі қарайды және қол қояды.";
екінші бөлігі мынадай редакцияда жазылсын:
"Есепке алу тек қызметтің көрсетілу фактісі мен көлемін тіркеу үшін жүзеге асырылады.";
мынадай мазмұндағы төртінші бөлікпен толықтырылсын:
"Жеке көмекшінің қызметін алатын бірінші топтағы мүгедектігі бар адамды қайтадан куәландыру (қайта куәландыру) кезінде өнім беруші қайтадан куәландыру (қайта куәландыру) – АОЖБ-ны жабу күніне дейін көрсетілген қызметтерді есепке алу журналына жазуды жүзеге асырады."
41-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:
"41. АОЖБ-да көзделген қызметтер көлемі қызмет көрсетудің міндетті күнделікті көлемін белгілемейді. Қызмет көрсету қажеттілік туындауына қарай жүзеге асырылады.
Жеке көмекшінің бір қызметі үшін ақы мөлшерін есептеу бір алып жүру қызметі бойынша қызмет көрсету уақыты 4 сағаттан және айына барлығы 60 (алпыс) алып жүру қызметінен аспайтын бір қызмет үшін тиісті қаржы жылына арналған Республикалық бюджет туралы заңда белгіленген айлық есептік көрсеткіш мөлшерінің 54,56 пайызының есебі негізге алына отырып жүргізіледі. Төлем іс жүзінде көрсетілетін қызметтер үшін жүргізіледі.
Жергілікті атқарушы органдар көрсетілетін қызметтер санын:
1) мүгедектігі бар адамдардың объектілерге бару жиілігін ескере отырып, өңірлік ерекшеліктер негізінде;
2) мәдени-бұқаралық және өзге іс-шаралар объектілеріне бару үшін жергілікті бюджет мүмкіндіктеріне қарай ұлғайта алады.";
42-тармақтың бірінші бөлігі мынадай редакцияда жазылсын:
"42. Жеке көмекші қызметтері үшін кепілдендірілген соманы өтеу Қазақстан Республикасы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрінің 2023 жылғы 6 маусымдағы № 205 бұйрығымен бекітілген Мүгедектігі бар адамдарға тауарлар мен қызметтерді әлеуметтік көрсетілген қызметтер порталы арқылы өткізу кезінде олардың құнын мемлекеттік бюджет қаражатынан өтеу қағидаларына (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 32720 болып тіркелген) сәйкес жүзеге асырылады.";
43-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:
"43. Жеке көмекші қызметтері үшін төлем өнім беруші Қазақстан Республикасы Қаржы министрінің 2012 жылғы 20 желтоқсандағы № 562 бұйрығымен бекітілген "Бастапқы есепке алу құжаттарының нысандарын бекіту туралы" бұйрығына сәйкес нысан бойынша орындалған жұмыстар (көрсетілген қызметтер) актісін осы Қағидалардың 7-қосымшасына сәйкес жеке көмекшімен алып жүру парағын берумен, қалалық басқармалар немесе жұмыспен қамту бөлімдеріне ұсынған (бұдан әрі – төлемге арналған құжаттар) күннен кейін 10 (он) күн ішінде жүзеге асырылады.
Орындалған жұмыстар (көрсетілген қызметтер) актілері есепті айдан кейінгі айдың 10-күнінен кешіктірілмей ұсынылады.
Өнім беруші бірінші топтағы мүгедектігі бар адам қайтыс болған кезде төлем құжаттарын қайтыс болған күннен бастап бір ай ішінде бірінші топтағы мүгедектігі бар адамның қолын қоймай ұсынады.";
осы бұйрыққа қосымшаға сәйкес 3-1-қосымшамен толықтырылсын.
2. Қазақстан Республикасы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің Инклюзия департаменті заңнамада белгіленген тәртіппен:
1) осы бұйрықты Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркеуді;
2) осы бұйрық ресми жарияланғаннан кейін оны Қазақстан Республикасы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің веб-сайтында орналастыруды;
3) осы бұйрықтың 2-тармағының 1) және 2) тармақшалары қолданысқа енгізілгеннен кейін үш жұмыс күні ішінде Қазақстан Республикасы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің Заң қызметі департаментіне оның орындалуы туралы ақпарат ұсынуды қамтамасыз етсін.
3. Осы бұйрықтың орындалуын бақылау жетекшілік ететін Қазақстан Республикасы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау вице-министріне жүктелсін.
4. Осы бұйрық алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін он күнтізбелік күн өткен соң күшіне енеді.
|
Қазақстан Республикасы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі |
А. Ертаев |
ЖЕКЕ КӨМЕКШІНІҢ ӨТЕУЛІ ҚЫЗМЕТТЕРІН КӨРСЕТУДІҢ ҮЛГІЛІК ШАРТЫ
__________қ.
20__ ж. " " _________
Қызмет алуға мұқтаж адам ____________________, ЖСН ____________, жеке куәлік № __________, __________ берген, мекенжайы: ________________________________, бұдан әрі "Өтініш беруші" деп аталатын, бір тараптан және қызмет көрсетуші ____________________, ЖСН ____________, жеке куәлік № __________, __________ берген / ұйым басшысы ____________________, БСН ____________, __________ негізінде әрекет ететін, әлеуметтік қызметтер порталында қызмет көрсетуші ретінде тіркелген, мекенжайы: ________________________________, бұдан әрі "Өнім беруші" деп аталатын екінші тараптан, сондай-ақ астананың, республикалық маңызы бар қалалардың (бұдан әрі – қалалық басқармалар) жергілікті атқарушы органының (бұдан әрі – ЖАО), қалалық басқармасының, аудандар мен облыстық маңызы бар қалалардың бөлімі (бұдан әрі – жұмыспен қамту бөлімдері), оның басшысы ____________________, БСН ____________, __________ негізінде әрекет ететін үшінші тараптан, бірлесіп "Тараптар" деп аталып, төмендегілер туралы осы үшжақты шартты жасасты:
1. Шарттың мәні
1.1. Өнім беруші Өтініш берушіге жеке көмекшінің қызметтерін көрсетуге, ал Өтініш беруші нақты көрсетілген қызметтерді қабылдауға міндетті.
1.2. Жеке көмекшінің қызметтері абилитация мен оңалтудың жеке бағдарламасында (бұдан әрі – АОЖБ) көзделген жүріп-тұруында қиындықтары бар бірінші топтағы мүгедектігі бар адамды сүйемелдеу және объектілерге бару кезінде көмек көрсету жөніндегі қызметтерді қамтиды.
1.3. Осы үшжақты шарт қызметтерді өтеулі көрсету шарты болып табылады және Қазақстан Республикасының азаматтық заңнамасымен реттеледі.
2. Жеке көмекшінің қызмет көрсету тәртібі
2.1. Өнім беруші жеке көмекшінің қызметтерін көрсету процесін ұйымдастырады және Өтініш берушінің бағынысында болмайды.
2.2. Қызмет көрсету уақыты, кезеңділігі және тәсілі Тараптардың өзара келісімі бойынша айқындалады.
2.3. Қызмет нақты орындалған сәтінен бастап көрсетілген болып есептеледі және орындалған жұмыстар (көрсетілген қызметтер) актісімен расталады.
3. Тараптардың құқықтары мен міндеттері
3.1. Өнім беруші:
1) АОЖБ-ға сәйкес қызметтерді адал және уақытылы көрсетуге;
2) қызмет көрсету мүмкін болмаған жағдайда Өтініш берушіні хабардар етуге;
3) көрсетілетін қызметтердің тиісті сапасын қамтамасыз етуге міндеттенеді.
3.2. Өнім беруші:
1) осы шарттың шеңберінен тыс қызметтерді көрсетуден бас тартуға, бұл туралы Өтініш берушіні және ЖАО-ны, қалалық басқарманы, жұмыспен қамту бөлімін болжамды бас тарту күніне дейін 3 (үш) жұмыс күні бұрын бас тартудың объективті себептерін көрсете отырып хабардар етуге;
2) нақты көрсетілген қызметтер үшін төлем алуға;
3) Өтініш берушіге қатысты негізделген нарзылықтар болған кезде орындалған жұмыстар (көрсетілген қызметтер) актісіне қол қоюдан бас тартуға құқылы.
3.3. Өтініш беруші:
1) қызмет көрсету үшін қажетті ақпаратты ұсынуға;
2) негізделген ескертулер болмаған жағдайда көрсетілген қызметтерді қабылдауға міндеттенеді.
3.4. Өтініш беруші:
1) Өнім беруші келісімі бойынша қызмет көрсету уақытын айқындауға;
2) көрсетілген қызметтердің нәтижесін бағалауға;
3) көрсетілген қызметтердің сапасына, көлеміне немесе нәтижелеріне негізделген шағымдар болған кезде орындалған жұмыстардың (көрсетілген қызметтердің) актісіне қол қоюдан бас тартуға;
4) Өнім беруші әрекеттеріне (әрекетсіздігіне) және көрсетілген қызметтердің нәтижелеріне Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен шағымдануға;
5) шартқа қол қоюдан заңнамада белгіленген тәртіппен бас тартуға құқылы.
3.5. ЖАО, қалалық басқарма, жұмыспен қамту бөлімі кепілдік берілген сома шегінде жеке көмекшінің қызметтеріне ақы төлеуге міндетті.
3.6. ЖАО, қалалық басқарма, жұмыспен қамту бөлімі:
1) қызмет көрсету үшін қажетті ақпаратты Өнім берушіге және (немесе) Өтініш берушіге ұсынуға;
2) көрсетілетін қызметтер санын ұлғайту мүмкіндігін қарастыруға;
3) заңнамада белгіленген тәртіппен шартқа қол қоюдан бас тартуға;
4) Тараптардың әрекеттеріне (әрекетсіздігіне) Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен шағымдануға құқылы.
3.7. Өнім беруші көрсеткен қызметтер мынадай жағдайларда өтеуге жатпайды:
1) жеке көмекшінің өтеулі қызметтер көрсету шартының талаптарына қайшы келетін қызметті жүзеге асыруы;
2) АОЖБ-да мүгедектігі бар адамға жеке көмекші қызметін көрсету жөнінде ұсынымның болмауы;
3) Өнім берушінің әлеуметтік көрсетілетін қызметтер порталындағы жеке көмекшілер тізілімінде болмауы.
Бұл ретте, өтеуге жатпайтын қызметтер Өтініш берушінің қаражаты есебінен төленеді.
4. Қызметтердің құны мен есептесу тәртібі
4.1. Қызметтердің құны Қазақстан Республикасының қолданыстағы заңнамасына сәйкес нақты көрсетілген қызметтер негізінде айқындалады.
4.2. Төлем үшінші тұлғамен – ЖАО, қалалық басқармалар, жұмыспен қамту бөлімдері әлеуметтік көрсетілетін қызметтер порталы арқылы кепілдік берілген сома шегінде жүзеге асырылады.
4.3. Төлем жүргізу үшін орындалған жұмыстардың (көрсетілген қызметтердің) актісі негіз болып табылады.
4.4. Жеке көмекшінің алып жүру бойынша бір қызметіне ақы төлеу тиісті қаржы жылына арналған Республикалық бюджет туралы заңда белгіленген айлық есептік көрсеткіш мөлшерінің 54,56 пайызы есебінен жүргізіледі, бұл ретте алып жүру бойынша бір қызмет көрсету уақыты 4 сағаттан, ал жалпы алғанда айына алып жүру бойынша 60 (алпыс) қызметтен аспайды.
4.5. Төлем кепілдік берілген сома шегінде нақты көрсетілген қызметтер үшін жүргізіледі.
4.6. Тараптардың қатынастарына еңбек заңнамасының нормалары, еңбекақы төлеуді, өтемақы және ынталандыру төлемдерін және өзге де төлемдерді реттейтін нормалар қолданылмайды.
5. Тараптардың жауапкершілігі
5.1. Тараптар міндеттемелерін орындамағаны немесе тиісінше орындамағаны үшін Қазақстан Республикасының азаматтық заңнамасына сәйкес жауапты болады.
5.2. Тараптар еңсерілмейтін күштің мән-жайлары туындаған жағдайда жауапкершіліктен босатылады.
5.3. Тараптар форс-мажорлық мән-жайлар (төтенше жағдайлар, дүлей зілзалалар, әскери іс-қимылдар және еңсерілмейтін күштің өзге де мән-жайлары) туындаған жағдайда жауапкершіліктен босатылады.
6. Қолданылу мерзімі және бұзу
6.1. Шарт қол қойылған сәтінен бастап күшіне енеді және АОЖБ мерзімі ішінде қолданылады.
6.2. Әрбір Тарап өзге Тарапты кемінде 5 күнтізбелік күн бұрын хабардар ете отырып, шартты орындаудан бас тартуға құқылы.
6.3. Шарт тоқтатылған жағдайда орындалған (көрсетілген қызметтер) актісіне сәйкес іс жүзінде көрсетілген қызметтерге ақы төленеді.
7. Дауларды шешу тәртібі
7.1. Даулар келіссөздер жүргізу арқылы шешіледі.
7.2. Дау бойынша келісімге қол жеткізілмеген жағдайда ол Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес сот тәртібімен қаралуы тиіс.
8. Қорытынды ережелер
8.1. Осы шартқа өзгерістер мен толықтырулар жазбаша түрде ресімделеді.
8.2. Осы шартпен реттелмеген өзге де мәселелер бойынша Тараптар Қазақстан Республикасының азаматтық заңнамасын басшылыққа алады.
8.3. Шарт тең заңдық күші бар үш данада жасалды.
9. Тараптардың деректемелері мен қолдары
Өтініш беруші:
А.Т.Ә. (ол болған жағдайда): _______________________
ЖСН: _______________________
Қолы: _______________________
Өнім беруші:
А.Т.Ә. (ол болған жағдайда): ________________________
ЖСН: ________________________
Қолы: ________________________
Жергілікті атқарушы орган/қалалық басқарма/жұмыспен қамту бөлімдері:
Атауы ________________________
БСН ________________________
Басшының қолы____________________________ __________