"Жасанды интеллект туралы" Қазақстан Республикасы Заңының 13-бабының 1-тармағының 6) тармақшасына сәйкес БҰЙЫРАМЫН:
1. Қоса беріліп отырған ақпараттандыру объектілерін жасанды интеллект жүйелеріне жатқызу өлшемшарттары бекітілсін.
2. Қазақстан Республикасы Жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігінің Цифрлық активтер және серпінді технологиялар комитеті Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен:
1) осы бұйрықты Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркеуді;
2) осы бұйрық ресми жарияланғаннан кейін оны Қазақстан Республикасы Жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігінің интернет-ресурсында орналастыруды;
3) осы бұйрық мемлекеттік тіркелгеннен кейін он жұмыс күні ішінде Қазақстан Республикасы Жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігінің Заң департаментіне осы тармақтың 1) және 2) тармақшаларында көзделген іс-шаралардың орындалуы туралы мәліметтерді ұсынуды қамтамасыз етсін.
3. Осы бұйрықтың орындалуын бақылау жетекшілік ететін Қазақстан Республикасының Жасанды интеллект және цифрлық даму вице-министріне жүктелсін.
4. Осы бұйрық алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.
|
Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің орынбасары – Жасанды интеллект және цифрлық даму министрі |
Ж. Мадиев |
| Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің орынбасары – Жасанды интеллект және цифрлық даму министрі 2026 жылғы 1 сәуірдегі № 171/НҚ бұйрығымен бекітілген |
Ақпараттандыру объектілерін жасанды интеллект жүйелеріне жатқызу өлшемшарттары
1. Осы Ақпараттандыру объектілерін жасанды интеллект жүйелеріне жатқызу өлшемшарттарында мынадай ұғымдар пайдаланылады:
1) жасанды интеллект – адамның интеллектуалды қызметінің нәтижелерімен салыстырылатын немесе олардан асып түсетін нәтижелерді қамтамасыз ететін, адамға тән когнитивті функцияларды имитациялай алатын функционалдық қабілет;
2) жасанды интеллект жүйесі – жасанды интеллектінің бір немесе бірнеше моделі негізінде жұмыс істейтін ақпараттандыру объектісі;
2. Ақпараттандыру объектілерін жасанды интеллект жүйелеріне жатқызу үшін мынадай өлшемшарттар қолданылады:
1) компьютерлік көру:
белгілі бір ортадағы объектілерді, оқиғаларды немесе белгілерді анықтау, сәйкестендіру және талдау;
құрылымдық, мәтіндік немесе контекстік ақпаратты алу мақсатында деректерді өңдеу;
3D-реконструкциялауды және кеңістіктік навигацияны қоса алғанда, цифрлық модельдерді немесе қоршаған ортаның көріністерін қалыптастыру;
автономды семантикалық сегментация, объектілерді жіктеу және сәйкестендіру, қосалқы объектілерге бөлу және оның ішінде нақты уақыт режимінде жеке бөлшектерді тану;
көрнекі ақпаратты өңдеу арқылы виртуалды немесе кеңейтілген орталармен өзара әрекеттесуді қамтамасыз ету;
әртүрлі салалардағы (процестердегі) заңдылықтар мен ауытқуларды, қауіп-қатерлерді диагностикалау, бақылау мен анықтау және олардың салдарын болжау;
2) табиғи тілді өңдеу:
мәтіндік және ауызша сөйлеуді түсіндіру;
мәтіндердің семантикасы мен синтаксисін талдау;
сөйлеуді тану және мәтінге айналдыру;
сөйлеудің немесе мәтіннің ниеті мен эмоционалды түсін тану;
машиналық аударма;
контекстен ең маңызды ақпаратты бөліп көрсету және бірегей мәтіндерді синтездеу, оның ішінде мәтіндерді автоматты және жартылай автоматты түрде жинақтау (аннотациялау, рефераттау), субтитрлер мен сурдоаудармаларды синтездеу, бейне мен видеоны аннотациялау үшін жартылай автоматты мазмұнды генерациялау ассистенттерін құру;
3) сөйлеуді тану және синтездеу:
дауыстық өзара әрекеттесу арқылы бір уақытта бірнеше функцияларды орындай алатын көп тапсырмалы дауыстық ассистенттер;
пайдаланушының аутентификациясы үшін дауыстық сипаттамалар арқылы жеке куәліктің түпнұсқалығын тексеру;
шу немесе ұзақ қашықтық сияқты қиын жағдайларда сөйлеуді тану;
іздеу жүйелерінің дәлдігін және пайдаланушылардың өзара әрекеттесуін жақсарту үшін күрделі сөйлеу құрылымдары мен жаргондарды тану;
көркем оқу сияқты табиғи дыбысты шығару үшін синтезделген сөйлеудегі эмоциялар мен интонацияны басқару;
аударма және көп тілді қосымшаларда қолдану үшін әртүрлі тілдерде сөйлеу синтезі;
дауыс арқылы антропологиялық белгілерді тану;
дауыстық ассистенттер және аудармашылармен өзара әрекеттесуді жақсарту үшін сөйлеудің эмоционалды реңктерін тану;
4) шешім қабылдауды қолдаудың интеллектуалды жүйелері:
жағдайлардың дамуын болжауға және нақты уақыттағы шешім қабылдау процестерін автоматтандыруға арналған предиктивті және прескриптивті аналитика;
шешім қабылдау бойынша негізделген ұсыныстарды қалыптастыру үшін ашық және құрылымданбаған деректерді өңдеуді қоса алғанда, тарихи деректерге негізделген оқиғаларды талдау және болжау;
нақты жағдайларда қолдануды қажет етпей, олардың тиімділігі мен дәлдігін арттыру үшін машиналық оқыту модельдерінің сапасын бағалау, оңтайландыру және тестілеу;
әр түрлі сценарийлерде олардың әрекеттерін болжау үшін объектілердің, процестерге қатысушылардың мінез-құлқын модельдеу;
5) кескіндерді, бейнелерді, аудионы, мәтіндерді немесе олардың комбинацияларын жасауға қарамастан, қызметтің синтетикалық нәтижелерін генерациялау:
жаңа объектілерді немесе оқиғаларды қалыптастыру мақсатында қолданыстағы деректерді өзгерту;
жеке тұлғалардың сыртқы келбетін, дауысын, мінез-құлқын немесе іс жүзінде болмаған оқиғаларды имитациялау;
автоматты немесе жартылай автоматты контентті қалыптастыру;
мультимедиялық контентті құру;
6) машиналық оқыту:
әртүрлі салалардағы болашақ оқиғаларды немесе объектілердің мінез-құлқын болжау мақсатында тарихи деректерге негізделген модельдерді оқыту;
деректер мен объектілерді одан әрі талдау үшін жіктеу;
деректерді кластерлеу, жасырын паттерндерді анықтау үшін ұқсастық бойынша топтарға бөлу;
маңызды ақпарат алу үшін мәтін, бейнелер және дыбыстар сияқты құрылымдалмаған деректерді өңдеу.