Қолданысқа енгізілу тәртібін 4-тармақтан қараңыз.
БҰЙЫРАМЫН:
1. "Пайдалы қатты қазбаларды өндіруге арналған лицензия беру үшін өтініш беру және оны қарау қағидаларын бекіту туралы" Қазақстан Республикасының Инвестициялар және даму министрінің 2018 жылғы 23 мамырдағы № 366 бұйрығына (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 17001 болып тіркелген) мынадай өзгерістер енгізілсін:
кіріспе мынадай редакцияда жазылсын:
"Жер қойнауы және жер қойнауын пайдалану туралы" Қазақстан Республикасы Кодексінің 205-бабының 8-тармағына және "Мемлекеттік және әлеуметтік жауапкершілігі бар көрсетілетін қызметтер туралы" Қазақстан Республикасының Заңы 10-бабының 1) тармақшасына сәйкес БҰЙЫРАМЫН:";
көрсетілген бұйрықпен бекітілген Пайдалы қатты қазбаларды өндіруге арналған лицензия беру үшін өтініш беру және оны қарау қағидаларында:
1 және 2-тармақтар мынадай редакцияда жазылсын:
"1. Осы Пайдалы қатты қазбаларды өндіруге арналған лицензия беру үшін өтініш беру және оны қарау қағидалары (бұдан әрі – Қағидалар) "Жер қойнауы және жер қойнауын пайдалану туралы" Қазақстан Республикасы Кодексінің (бұдан әрі – Кодекс) 205-бабының 8-тармағына және "Мемлекеттік және әлеуметтік жауапкершілігі бар көрсетілетін қызметтер туралы" Қазақстан Республикасының Заңы (бұдан әрі – Заң) 10-бабының 1) тармақшасына сәйкес әзірленді және пайдалы қатты қазбаларды өндіруге арналған лицензия беру үшін өтініш беру және оны қарауын айқындайды.
2. "Пайдалы қатты қазбаларды өндіруге арналған лицензия беру" мемлекеттік көрсетілетін қызметті (бұдан әрі – мемлекеттік көрсетілетін қызмет) Қазақстан Республикасының Өнеркәсіп және құрылыс министрлігі (бұдан әрі – көрсетілетін қызметті беруші) көрсетеді.";
8, 9, 10, 11, 12, 13, 14, 15 және 16-тармақтар мынадай редакцияда жазылсын:
"8. Көрсетілетін қызметті алушы мемлекеттік көрсетілетін қызметті алу үшін осы Қағидаларға қосымшаға сәйкес "Пайдалы қатты қазбаларды өндіруге арналған лицензияны беру" мемлекеттік қызметін көрсетуге қойылатын негізгі талаптар тізбесінің (бұдан әрі – Тізбе) 8-тармағында көрсетілген, көзделген құжаттармен қоса, пайдалы қатты қазбаларды өндіруге арналған лицензияларды беру туралы өтінішті Жер қойнауын пайдаланудың бірыңғай платформасы (бұдан әрі – ЖҚПБП) арқылы береді.
Өтінішке қоса берілетін құжаттардың көшірмелері нотариалды куәландырылуға жатады.
Өтініш және өтінішке қоса берілетін құжаттар қазақ және орыс тілдерінде жасалады. Өтінішке қоса берілетін шет тілінде жасалған құжаттардың көшірмелері қазақ және орыс тілдеріндегі аудармасымен беріледі, олардың дұрыстығын нотариус куәландырады.
9. Көрсетілетін қызметті берушіге ЖҚПБП арқылы өтініш түскен күн және уақыт өтініш берілген сәт болып танылады және есепке алынуға жатады.
10. Өтініш ЖҚПБП-да бірегей есептік нөмірлер беріліп және тіркелу күні мен уақыты (сағат, минут) көрсетіліп тіркеледі.
Әрбір өтініш жеке тіркеледі.
11. Берілген өтініш туралы мәліметтер өтініш берілген күннен бастап екі күн ішінде ЖҚПБП-ға орналастырылуға жатады және мыналарды қамтиды:
1) көрсетілетін қызметті алушының атауы (тегі, аты, әкесінің аты (егер ол жеке басын куәландыратын құжатта көрсетілсе);
2) көрсетілетін қызметті алушы пайдалы қатты қазбаларды өндіру үшін пайдалануға беруді сұрайтын жер қойнауы учаскесін айқындайтын аумақтың координаттары;
3) өтініштің келіп түскен күні мен уақыты.
12. Көрсетілетін қызметті беруші өтініш келіп түскен күннен бастап он жұмыс күні ішінде оны қарайды және Тізбенің 9-тармағының 1), 2), 3), 4), 5), 6), 7), 8), 9), 10, 11), 12) және 13) тармақшаларында көзделген пайдалы қатты қазбаларды өндіруге лицензия беруден бас тарту үшін негіздер болмаған кезде жер қойнауын зерттеу жөніндегі уәкілетті органға өтінішке қоса берілетін өтінішті, пайдалы қатты қазбалардың ресурстары мен қорларын бағалау туралы есепті және сұратылған жер қойнауы учаскесінің аумағы туралы мәліметтері бар құжаттарды жібереді.
Егер айрықша құқық бойынша өндіруге лицензия беру туралы өтінішті беру кезінде Тізбенің 9-тармағының 6) және 7) тармақшаларында көзделген мән-жайлар бар болса, көрсетілетін қызметті беруші өтінішті қабылдайды және көрсетілетін қызметті алушыны ЖҚПБП арқылы анықталған ескертулерді жою қажеттігі туралы хабардар етеді. Бұл жағдайда көрсетілетін қызметті алушы көрсетілген ескертулерді жойып, өтінішті көрсетілетін қызметті берушіге қайта беру үшін өтінішті қарау мерзімі күнтізбелік отыз күнге ұзартылады.
Көрсетілетін қызметті алушы ЖҚПБП жеке кабинетінде көрсетілетін қызметті берушінің хабарламаларымен танысады.
13. Жер қойнауын зерттеу жөніндегі уәкілетті орган пайдалы қатты қазбалардың ресурстары мен қорларын бағалау туралы есептен мәліметтерді мемлекеттік жер қойнауы қорының бірыңғай кадастрына енгізеді және өтінішті және оған қоса берілетін құжаттарды Тізбенің 9-тармағының 13) және 14) тармақшаларында көзделген лицензия беруден бас тартуға негіздердің бар болуы тұрғысынан он жұмыс күні ішінде қарайды.
Егер өтініште көрсетілген жер қойнауы учаскесінің бір бөлігі жер қойнауының кеңістігін пайдалануға, пайдалы қатты қазбаларды барлауға немесе өндіруге арналған лицензия бойынша басқа тұлғаның пайдалануындағы жер қойнауы учаскесіне жататын болса, жер қойнауын зерттеу жөніндегі уәкілетті орган бұл туралы ЖҚПБП арқылы көрсетілетін қызметті алушыны және көрсетілетін қызметті берушіні хабардар етеді. Хабарламада біріктірілген аумақтың координаттары мен ауданы және осы аумақты сұратылған жер қойнауы учаскесінің аумағынан алып тастау тәсілдері туралы ұсынымдар көрсетіледі. Көрсетілетін қызметті алушы хабарламаны алған күннен бастап жиырма жұмыс күні ішінде өтініштен бас тартады немесе жер қойнауын зерттеу жөніндегі уәкілетті органның ескертулерін ескере отырып, сұратылатын жер қойнауы учаскесі туралы өзгертілген мәліметтерді ұсынады.
Егер көрсетілетін қызметті алушы белгілеген сұратылған жер қойнауы учаскесінің шекарасы Кодекстің 209-бабының талаптарына сәйкес келмесе, жер қойнауын зерттеу жөніндегі уәкілетті орган ЖҚПБП арқылы бұл туралы көрсетілетін қызметті алушыны және көрсетілетін қызметті берушіні хабардар етеді. Хабарламада анықталған сәйкессіздіктер және оларды жою тәсілдері туралы ұсынымдар көрсетіледі. Көрсетілетін қызметті алушы хабарламаны алған күннен бастап жиырма жұмыс күні ішінде растайтын құжаттарды қоса тіркей отырып, анықталған сәйкессіздіктерді жояды немесе жер қойнауын зерттеу жөніндегі уәкілетті органға ЖҚПБП арқылы өзінің қарсылығын жібереді. Жер қойнауын зерттеу жөніндегі уәкілетті орган хабарламаны алған күннен бастап он жұмыс күні ішінде сұратылған жер қойнауы учаскесінің шекарасының Кодекстің 209-бабының талаптарына сәйкестігі туралы мәселені қайта қарайды.
Сұратылатын жер қойнауы учаскесі шекарасының сәйкестігі туралы мәселені қарау қорытындылары бойынша жер қойнауын зерттеу жөніндегі уәкілетті орган осы шекараларды келіседі не келісуден бас тартады, бұл туралы ЖҚПБП арқылы көрсетілетін қызметті берушіні және көрсетілетін қызметті алушыны хабардар етеді. Көрсетілетін қызметті алушы осы тармақта көзделген сұратылатын жер қойнауы учаскесінің шекаралары туралы өзгертілген мәліметтерді ұсыну мерзімдерін бұзған жағдайда, жер қойнауын зерттеу жөніндегі уәкілетті орган сұратылатын жер қойнауы учаскесінің шекараларын келісуден бас тартады.
Жер қойнауын зерттеу жөніндегі уәкілетті орган сұратылатын жер қойнауы учаскесінің шекарасымен келіспеген жағдайда көрсетілетін қызметті беруші Тізбенің 9-тармағының 13) немесе 14) тармақшасына сәйкес көрсетілетін қызметті алушыға лицензия беруден бас тартады.
14. Сұралатын жер қойнауы учаскесінің шекаралары жер қойнауын зерттеу жөніндегі уәкілетті органмен келісілген жағдайда, көрсетілетін қызметті беруші үш жұмыс күні ішінде көрсетілетін қызметті алушыға тау-кен жұмыстарының жоспарында сипатталған өндіру операцияларына тиісті экологиялық рұқсат алу, тиісінше Кодекстің 216 және 217-баптарында көзделген тау-кен жұмыстарының жоспарына және жою жоспарына сараптамалар мен келісулер жүргізу қажеттігі туралы хабарлама жібереді. Хабарлама көрсетілетін қызметті алушыға жіберілген күннен бастап екі жұмыс күні ішінде ЖҚПБП-ға орналастырылады.
Көрсетілетін қызметті беруші тау-кен жұмыстарының жоспарында сипатталған өндіру операцияларына тиісті экологиялық рұқсаттың көшірмесін, тиісті келісулер мен сараптамалардың оң қорытындыларын осы тармақтың бірінші бөлігінде көзделген хабардар ету күнінен бастап бір жылдан кешіктірмей көрсетілетін қызметті алушыға ұсынуы тиіс.
Көрсетілетін қызметті алушы көрсетілген мерзімді ұзарту үшін мұндай ұзартудың қажеттілігін негіздей отырып, көрсетілетін қызметті берушіге жүгінеді. Көрсетілетін қызметті беруші осы мерзімді, егер мұндай ұзарту қажеттілігі көрсетілетін қызметті алушыға байланысты емес мән-жайлардан туындаса, осы тармақтың екінші бөлігінде көрсетілген мерзім өткен күннен бастап бір жылдан аспайтын кезеңге ұзартады. Көрсетілген ескертулер жойылмаған немесе белгіленген мерзімде өтініш қайта ұсынылмаған жағдайда, көрсетілетін қызметті беруші пайдалы қатты қазбаларды өндіруге арналған лицензия беруден бас тартады.
15. Көрсетілетін қызметті беруші қажетті келісулер, сараптамалардың оң қорытындылары және тау-кен жұмыстарының жоспарында сипатталған өндіру операцияларына тиісті экологиялық рұқсаттың көшірмесі ұсынылған күннен бастап бес жұмыс күнінен кешіктірмей ЖҚПБП арқылы көрсетілетін қызметті алушыға пайдалы қатты қазбаларды өндіруге арналған лицензияны береді не оны беруден бас тартады.
16. Мемлекеттік қызметті көрсетуден бас тарту үшін негіздер анықталған кезде көрсетілетін қызметті беруші көрсетілетін қызметті алушыға ЖҚПБП жеке кабинетінде мемлекеттік қызмет көрсетуден бас тарту туралы алдын ала шешім туралы, сондай-ақ Қазақстан Республикасы Әкімшілік рәсімдік-процестік кодексінің 73-бабына сәйкес көрсетілетін қызметті алушыға алдын ала шешім бойынша позициясын білдіру мүмкіндігі үшін тыңдауды өткізу уақыты және орны (тәсілі) туралы хабардар етеді.
Тыңдау туралы хабарлама көрсетілетін қызметті алушының ЖҚПБП жеке кабинетіне мемлекеттік қызметті көрсету мерзімі аяқталғанға дейін кемінде 3 (үш) жұмыс күні бұрын жіберіледі. Тыңдау хабарлама жасалған күннен бастап 2 (екі) жұмыс күнінен кешіктірілмей өткізіледі.
Көрсетілетін қызметті беруші өткізілген тыңдаудың нәтижелері бойынша оң нәтижені немесе мемлекеттік қызметті көрсетуден дәлелді бас тартуды ресімдейді.
Инвесторлар тізіліміне енгізілген инвесторларға қатысты пайдалы қатты қазбаларды өндіруге лицензия беруден бас тартуға негіздер болған жағдайда, көрсетілетін қызметті беруші дәлелді бас тарту туралы шешім қалыптастырып, оны ЖҚПБП арқылы Қазақстан Республикасының Бас прокуратурасына (бұдан әрі – Бас прокуратура) келісуге жолдайды.
Бас прокуратура шешімді алған күннен бастап 3 (үш) жұмыс күні ішінде қабылданған шешімді келіседі не келісуден бас тартады.
Бас прокуратурамен келісу нәтижелері бойынша қабылданған шешім туралы көрсетілетін қызметті беруші инвесторлар тізіліміне енгізілген көрсетілетін қызметті алушыны Бас прокуратураның жауабы келіп түскен күннен бастап бір жұмыс күні ішінде хабардар етеді.";
18-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:
"18. Мемлекеттік қызметті көрсету нәтижесі көрсетілетін қызметті алушының ЖҚПБП жеке кабинетінде көрсетіледі.";
20-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:
"20. Тізбенің 9-тармағының 12) тармақшасына сәйкес бас тарту мұндай бас тартуға негіз болған себептерді көрсетпей шығарылады.";
22-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:
"22. Пайдалы қатты қазбаларды барлауға арналған лицензия бойынша айрықша құқық негізінде берілген жер қойнауын пайдаланушының өтініші бойынша қатты пайдалы қазбаларды өндіруге арналған лицензияны беруден бас тартуға барлауға арналған лицензия шарттарын жойылмаған бұзушылықтар болған кезде не Тізбенің 9-тармағының 15) тармақшасына сәйкес ғана жол беріледі.";
28, 29 және 30-тармақтар мынадай редакцияда жазылсын:
"28. Кезекті өтініш алдыңғы қаралған өтініш бойынша лицензия беруден бас тартылған кезде ғана қаралады.
Көрсетілетін қызметті беруші көрсетілетін қызметті алушыға ЖҚПБП арқылы алдыңғы өтініш бойынша лицензия беруден бас тарту туралы хабарланған күннен бастап он жұмыс күні өткеннен кейін кезекті өтінішті қарауға кіріседі.
Көрсетілетін қызметті алушы бас тарту туралы шешімге сотқа шағымданған жағдайда, көрсетілетін қызметті беруші кезекті өтінішті қарау туралы мәселені шағымды қарау нәтижелері бойынша сот шешімі күшіне енгеннен кейін шешеді.
29. Көрсетілетін қызметті беруші Заңның 5-бабы 2-тармағының 11) тармақшасына сәйкес мемлекеттік қызметті көрсету сатысы туралы деректерді мемлекеттік қызметтерді көрсету мониторингінің цифрлық жүйесіне енгізуді қамтамасыз етеді.
30. Пайдалы қатты қазбалар саласындағы уәкілетті орган мемлекеттік қызметті көрсету тәртібін белгілейтін заңға тәуелді нормативтік құқықтық актіні бекіткен, өзгерткен және (немесе) толықтырған күннен бастап үш жұмыс күні ішінде осы көрсету тәртібі туралы ақпаратты өзектендіреді және Мемлекеттік корпорацияға жібереді.";
1-қосымша осы бұйрыққа қосымшаға сәйкес жаңа редакцияда жазылсын.
2. Қазақстан Республикасының Өнеркәсіп және құрылыс министрлігінің Жер қойнауын пайдалану департаменті заңнамада белгіленген тәртіппен:
1) осы бұйрықты Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркеуді;
2) осы бұйрық ресми жарияланғаннан кейін оны Қазақстан Республикасының Өнеркәсіп және құрылыс министрлігінің интернет-русурсында орналастыруды қамтамасыз етсін.
3. Осы бұйрықтың орындалуын бақылау жетекшілік ететін Қазақстан Республикасының Өнеркәсіп және құрылыс вице-министріне жүктелсін.
4. Осы бұйрық алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік алпыс күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.
|
Қазақстан Республикасының Өнеркәсіп және құрылыс министрі |
Е. Нагаспаев |
"КЕЛІСІЛДІ"
Қазақстан Республикасының
Бас прокуратурасы
"КЕЛІСІЛДІ"
Қазақстан Республикасының
Жасанды интеллект және
цифрлық даму министрлігі
"КЕЛІСІЛДІ"
Қазақстан Республикасының
Қаржы министрлігі
"КЕЛІСІЛДІ
Қазақстан Республикасының
Ұлттық экономика министрлігі
"Пайдалы қатты қазбаларды өндіруге арналған лицензияны беру" мемлекеттік қызметін көрсетуге қойылатын негізгі талаптардың тізбесі
| 1. | Көрсетілетін қызметті берушінің атауы | Қазақстан Республикасының Өнеркәсіп және құрылыс министрлігі. |
| 2. | Мемлекеттік қызметті көрсету тәсілдері (қолжетімділік арналары) | Жер қойнауын пайдаланудың бірыңғай платформасы (бұдан әрі – ЖҚПБП). |
| 3. | Мемлекеттік қызметті көрсету мерзімі | Пайдалы қатты қазбаларды өндіруге арналған лицензиялар беру: 1) өтініштің Қағидаларға сәйкестігін қарау және өтінішті жер қойнауын зерттеу жөніндегі уәкілетті органға ЖҚПБП арқылы жіберу немесе негізді бас тарту – 10 жұмыс күні (айрықша құқық кезінде пысықталған жағдайда – күнтізбелік 30 күн); 2) жер қойнауын зерттеу жөніндегі уәкілетті органның өтінішті қарауы және қажет болған жағдайда хабарлама беруі – 10 жұмыс күні; 3) көрсетілетін қызметті алушының өтініштен бас тартуы немесе жер қойнауын зерттеу жөніндегі уәкілетті органның ескертулерін ескере отырып, ЖҚПБП арқылы сұратылатын жер қойнауы учаскесі туралы өзгертілген мәліметтерді ұсынуы – 20 жұмыс күні; 4) жер қойнауын зерттеу жөніндегі уәкілетті органға ЖҚПБП арқылы Кодекстің 209-бабына сәйкес келмеу бөлігіндегі ескертулерді жою туралы хабарлама жіберу немесе көрсетілетін қызметті алушының қарсылық жіберуі – 20 жұмыс күні; 5) жер қойнауын зерттеу жөніндегі уәкілетті органның сұратылатын жер қойнауы учаскесі шекараларының Кодекстің 209-бабының талаптарына сәйкестігі туралы өтінішті қайта қарауы – көрсетілетін қызметті алушының хабарламасын алғаннан кейін 10 жұмыс күні; 6) сұратылатын жер қойнауы учаскесінің шекаралары жер қойнауын зерттеу жөніндегі уәкілетті органмен келісілген жағдайда, тау-кен жұмыстарының жоспарында сипатталған өндіру операцияларына, тау-кен жұмыстарының жоспары мен жою жоспарына сараптамалар мен келісулер жүргізуге тиісті экологиялық рұқсат алу қажеттігі туралы көрсетілетін қызметті беруші көрсетілетін қызметті алушыға жолдаған хабарламаны ЖҚПБП-да орналастыру – көрсетілетін қызметті алушыға хабарлама жіберілген күннен бастап 2 жұмыс күні; 7) тау-кен жұмыстарының жоспарында сипатталған өндіру жөніндегі операцияларға, тау-кен жұмыстарының жоспары мен жою жоспарына сараптамалар мен келісулер жүргізуге тиісті экологиялық рұқсат беру – хабарлама жасалған күннен бастап 1 жыл (қажет болған жағдайда 1 жылға ұзарту); 8) лицензия беру не дәлелді бас тарту – тау-кен жұмыстарының жоспарында сипатталған өндіру операцияларына, тау-кен жұмыстарының жоспары мен жою жоспарына сараптамалар мен келісулер жүргізуге тиісті экологиялық рұқсат берілген күннен бастап 5 жұмыс күні. |
| 4. | Мемлекеттік қызметті көрсету нысаны | Электрондық (ішінара автоматтандырылған). |
| 5. | Мемлекеттік қызметті көрсету нәтижесі | Пайдалы қатты қазбаларды өндіруге арналған лицензия беру немесе дәлелді бас тарту. |
| 6. | Мемлекеттік қызметті көрсету кезінде қызмет алушыдан алынатын төлемақы мөлшері және Қазақстан Республикасының заңнамасында көзделген жағдайларда оны алу тәсілдері | Тегін. |
| 7. | Көрсетілетін қызметті берушінің және цифрлық объектілерінің жұмыс кестесі | 1) ЖҚПБП – жөндеу жұмыстарын жүргізуге байланысты техникалық үзілістерді қоспағанда, тәулік бойы (Көрсетілетін қызметті алушы жұмыс уақыты аяқталғаннан кейін, мереке және демалыс күндері жүгінген кезде өтініштерді қабылдау және мемлекеттік қызметті көрсету нәтижелерін беру келесі жұмыс күні жүзеге асырылады); 2) көрсетілетін қызметті берушінің – Қазақстан Республикасының Еңбек кодексіне және "Қазақстан Республикасындағы мерекелер туралы" Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес демалыс және мереке күндерін қоспағанда, дүйсенбіден жұмаға дейін, белгіленген жұмыс кестесіне сәйкес сағат 13.00-ден 14.30-ға дейінгі түскі үзіліспен сағат 8.00-ден 17.30-ға дейін. |
| 8. | Мемлекеттік қызметті көрсету үшін көрсетілетін қызметті алушыдан талап етілетін қажетті құжаттар мен мәліметтер тізбесі | 1. Өтінішке мынадай құжаттар қоса беріледі: 1) сұралатын жер қойнауы учаскесінің аумағы туралы мәліметтерді қамтитын құжаттар: көрнекілікті қамтамасыз ететін, масштабта орындалған учаскенің орналасу картограммасы, шолу (ахуалдық) сұлбасы, жер бетінің топографиялық картасы; 2) Кодекстің 216-бабына сәйкес әзірленген тау-кен жұмыстары жоспарының жобасы; 3) Кодекстің 217-бабына сәйкес әзірленген жою жоспарының жобасы; 4) көрсетілетін қызметті алушы пайдалануға беруді сұрайтын жер қойнауы учаскесіндегі пайдалы қатты қазбалардың ресурстары мен қорларын бағалау туралы есеп немесе Кодекстің 278-бабының 10-тармағына сәйкес берілген жер қойнауын мемлекеттік сараптаудың оң қорытындысы; 5) егер барлауға арналған лицензияның иесі өтінішті айрықша құқық бойынша берсе және өтініш берілген кезде мұндай есеп құзыретті органға ұсынылмаса, өтініш берілетін күннің алдындағы есептік кезең үшін барлау учаскесі бойынша лицензиялық міндеттемелердің орындалуы туралы есеп; 6) егер өтініш айрықша құқықтан бөлек берілсе, көрсетілетін қызметті алушының пайдалы қатты қазбаларды өндіру бойынша операцияларды жүзеге асыруға қаржылық, кәсіптік және техникалық мүмкіндіктерінің бар екендігін растайтын құжаттар; 7) сұралатын жер қойнауы учаскесінде (оның бөлігінде) көмірсутектер өндіру бойынша операцияларды жүргізетін жер қойнауын пайдаланушының келісімі; 8) егер сұралатын жер қойнауы учаскесінің аумағы толық немесе ішінара елді мекендердің жерлеріне және оларға іргелес бір мың метр қашықтықта жатқан аумаққа тиесілі болса, жергілікті халықты әлеуметтік-экономикалық қолдау туралы келісім; Осы Қағидалардың 5-тармағына сәйкес берілген пайдалы қатты қазбаларды өндіруге арналған лицензияны беру туралы өтінішке осы тармақта көзделген құжаттардан басқа өнеркәсіпті мемлекеттік ынталандыру саласындағы уәкілетті органның қорытындысы қоса беріледі, ол көрсетілетін қызметті алушының өндірістік қызметінің (технологиялық процесінің) жер қойнауын пайдаланумен байланысты екендігін растайды. Осы тармақта көзделген пайдалы қатты қазбалардың ресурстары мен қорларын бағалау туралы есепті құзыретті тұлға Геологиялық барлау жұмыстарының нәтижелері, минералдық ресурстар және минералдық қорлар туралы жария есептіліктің қазақстандық кодексіне (KAZRC кодексі) сәйкес дайындайды. Көрсетілетін қызметті алушылар пайдалы қатты қазбаларды өндіруге арналған лицензия алуға өтініш берген кезде көрсетілетін қызметті берушіге Кодекстің 278-бабының 10-тармағына сәйкес қорларды есептеу жөніндегі есепті ұсына алады. 2. Көрсетілетін қызметті алушының өндіру жөнінде операцияларды жүргізу үшін қаржылық мүмкіндіктерінің жеткіліктілігін растау үшін мынадай құжаттардың бірі ұсынылады: 1) көрсетілетін қызметті алушыда лицензия беруге өтініш беру күнінің алдындағы алты айдың шегінде отыз күндік мерзім ішінде сұратылатын лицензия қолданылатын алғашқы жылда өндіруге қажетті ең аз шығыстарды жабу үшін жеткілікті мөлшердегі ақша қаражатының (қалдығы) тұрақты түрде болатындығын растайтын, Қазақстан Республикасының екінші деңгейлі банкінен немесе поштаның Ұлттық операторынан алынатын банк шоты бойынша қаражат қалдығы және қаражат қозғалысы туралы үзінді көшірме; Егер көрсетілетін қызметті алушының қаржылық мүмкіндіктерін растайтын құжат ретінде ұсынылған үзінді көшірмеде көрсетілген қаражат қалдығы өтініш берілген отыз күндік кезеңнің қандай да бір күнінде осы тармақтың бірінші бөлігінің 1) тармақшасында талап етілгеннен аз болса, онда мұндай үзінді көшірме көрсетілетін қызметті алушының қаржылық мүмкіндіктерінің болуын растайтын құжат болып танылмайды. Көрсетілетін қызметті алушыда қаржылық мүмкіндіктерді растау мақсаттары үшін бір екінші деңгейдегі банкте бірнеше шоттар болған кезде жиынтығында олар бойынша үзінді-көшірмелер ұсынылған бірнеше шоттар бойынша ақша қаражатының қалдығы және қозғалысы туралы мәліметтер де ескеріледі; 2) қарыз шартының (алдын ала қарыз шартының), қарыздың нысаналы мақсаты ретінде көрсетілетін қызметті алушының пайдалы қатты қазбаларды өндіру жөніндегі қызметін қаржыландыруды көздейтін, сондай-ақ сұратылатын лицензия қолданысының бірінші жылында өндіруге талап етілетін ең төмен шығыстарды жабу үшін жеткілікті қарыз (қаржыландыру) сомасын растайтын қызметті қаржыландыру туралы шарттың электрондық көшірмелері; 3) көрсетілетін қызметті алушының Қазақстан Республикасының аудиторлық қызмет туралы заңнамасына сәйкес жасалған, қатарынан күнтізбелік алты ай немесе лицензия беруге өтініш берілген күннің алдындағы алдыңғы күнтізбелік жыл ішінде дайындалған, көрсетілетін қызметті алушының таза активтерінің мөлшері сұрау салынған лицензия қолданысының бірінші жылында өндіруге жұмсалатын ең төменгі шығыстардың шамасына арналған өз міндеттемелерінен асатын аудиторлық есебі бар қаржылық есептілігі; 4) Қазақстан Республикасында қызметін жүзеге асыратын қор биржасы таныған рейтингтік агенттіктің көрсетілетін қызметті алушыға өтініш иесіне өтініш берілген күннің алдындағы жыл ішінде құзыретті орган айқындайтын ең төменгі рейтингтік бағадан төмен болмайтын рейтингтік баға беру туралы хаты. Егер көрсетілетін қызмет алушының қаржылай мүмкіндіктерінің болуын растайтын құжат ретінде қаржы ұйымы болып табылмайтын тұлға қарыз беруші болатын (қаржыландыратын) ақша қарызы шартының (алдын ала қарыз шарты) немесе қызметті қаржыландыру туралы шарттың көшірмесі ұсынылса, өтінішке қосымша аталған тұлғада осы тармақтың бірінші бөлігінің 1), 3) немесе 4) тармақшаларында көзделген қаржылай мүмкіндіктерінің болуын растайтын құжаттардың бірі қоса беріледі. 3. Көрсетілетін қызметті алушының өндіру жөніндегі операцияларды жүргізу үшін жеткілікті кәсіби мүмкіндіктердің болуын растау үшін мынадай құжаттардың кез келгені ұсынылады: 1) штатында мамандардың болуы туралы анықтама немесе мынадай салалардағы мамандармен қызмет көрсету шартының электрондық көшірмесі: геология немесе геофизика; тау-кен инженериясы; геодезия және маркшейдер; 2) мердігер ұйыммен қызметтер көрсету шартының көшірмесі немесе өтініш иесіне өндіруге арналған сұралатын лицензия берілген жағдайда, осы Кодекстің 6-тарауына сәйкес көрсетілетін қызметті алушы тағайындайтын, штатында осы тармақтың бірінші бөлігінің 1) тармақшасында санамаланған мамандар бар оператордың қызметтер көрсету шартының көшірмелері. Егер көрсетілетін қызмет алушының кәсіби мүмкіндіктерінің болуын растайтын құжат ретінде мердігер ұйыммен қызметтер көрсету шартының немесе Кодекстің 6-тарауына сәйкес өтініш иесі тағайындайтын оператордың қызметтер көрсету шартының көшірмелері ұсынылса, өтінішке қосымша мердігер ұйымның (оператордың) штатында осы тармақтың бірінші бөлігінің 1) тармақшасында көрсетілген мамандардың болуы туралы анықтама немесе тиісті мамандармен қызметтер көрсету шарттарының көшірмелері қоса беріледі. 4. Мынадай құжаттардың кез келгені көрсетілетін қызметті алушының өндіру жөніндегі операцияларды жүргізу үшін жеткілікті техникалық мүмкіндіктерінің болуын растау болып табылады: 1) көрсетілетін қызметті алушыға "Рұқсаттар мен хабарламалар туралы" Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес берілген тау-кен және химиялық өндірістерді пайдалану жөніндегі қызметті жүзеге асыруға арналған лицензияның көшірмесі; 2) мердігер ұйыммен ниеттер шартының, қызметтер көрсетудің алдын ала немесе негізгі шартының, осы тармақтың бірінші бөлігінің 1) тармақшасында көзделген лицензияны көрсетілетін қызметті алушыға өндіруге арналған сұралатын лицензия берілген жағдайда, Кодекстің 6-тарауына сәйкес көрсетілетін қызметті алушы тағайындайтын оператордың қызметтер көрсетуінің алдын ала немесе негізгі шартының электрондық көшірмелері көрсетілетін қызметті алушының өндіру жөніндегі операцияларды жүргізу үшін жеткілікті техникалық мүмкіндіктерінің болуын растайды. Егер көрсетілетін қызметті берушінің техникалық мүмкіндіктерінің болуын растайтын құжат ретінде мердігер ұйыммен ниеттер шартының, қызметтер көрсетудің алдын ала немесе негізгі шартының не Кодекстің 6-тарауына сәйкес көрсетілетін қызметті алушы тағайындайтын оператордың қызметтер көрсетуінің алдын ала немесе негізгі шартының электрондық көшірмелері ұсынылса, өтінішке қосымша осы тармақтың бірінші бөлігінің 1) тармақшасында көзделген лицензияның электрондық көшірмесі қоса беріледі. Көрсетілетін қызметті алушылар қатты пайдалы қазбаларды өндіруге лицензия алуға өтініш берген кезде көрсетілетін қызметті берушіге Кодекстің 278-бабының 10-тармағына сәйкес қорларды есептеу жөніндегі есепті ұсына алады. Көрсетілетін қызметті алушының жеке басын куәландыратын құжаттар туралы, мемлекеттік цифрлық жүйелерде қамтылған заңды тұлғаны мемлекеттік тіркеу (қайта тіркеу) туралы, жер учаскелерін пайдаланғаны үшін төлемақының (жалдау ақысын) төленгенін растайтын құжат, көрсетілетін қызметті алушының салық берешегінің жоқтығы туралы салық органының анықтамасы жөніндегі мәліметтерді көрсетілетін қызметті беруші "цифрлық үкімет" шлюзі, Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігінің Мемлекеттік кірістер комитетінің ресми интернет-ресурсы арқылы тиісті цифрлық жүйелерден алады. |
| 9. | Қазақстан Республикасының заңдарында белгіленген мемлекеттік қызметті көрсетуден бас тарту негіздері | Көрсетілетін қызметті беруші мынадай негіздердің бірі: 1) мемлекеттік қызметті алу үшін көрсетілетін қызметті алушы ұсынған құжаттардың және (немесе) олардағы деректердің (мәліметтердің) дәйексіздігін анықтау; 2) көрсетілетін қызметті алушының және (немесе) мемлекеттік қызметті көрсету үшін қажетті ұсынылған материалдардың, объектілердің, деректер мен мәліметтердің Қазақстан Республикасының нормативтік құқықтық актілерінде белгіленген талаптарға сәйкес келмеуі; 3) көрсетілетін қызметті алушыға қатысты белгілі бір мемлекеттік қызметті алуды талап ететін қызметке немесе жекелеген қызмет түрлеріне тыйым салу туралы заңды күшіне енген сот шешімінің (үкімінің) бар болуы; 4) көрсетілетін қызметті алушыға қатысты соттың заңды күшіне енген, соның негізінде көрсетілетін қызметті алушы мемлекеттік қызметті алуға байланысты арнайы құқығынан айырылған шешімінің бар болуы; 5) "Дербес деректер және оларды қорғау туралы" Қазақстан Республикасы Заңының 8-бабына сәйкес көрсетілетін қызметті алушының мемлекеттік қызметті көрсету үшін талап етілетін қолжетімділігі шектеулі дербес деректерге қол жеткізуге ұсынылатын келісімінің болмауы; 6) өтініш немесе оған қоса берілген құжаттар Кодексте көзделген талаптарға сәйкес келмесе; 7) өтінішке Кодексте талап етілетін құжаттар қоса берілмесе; 8) өтініш бергенге дейін бір жыл ішінде көрсетілетін қызметті алушының немесе көрсетілетін қызметті алушыны тікелей не жанама бақылайтын немесе оның бақылауындағы тұлғаның сұратылатын жер қойнауы учаскесі бойынша жер қойнауын пайдалануға лицензиясын көрсетілетін қызметті беруші Кодексте көзделген негіздер бойынша қайтарып алған болса; 9) өтініш берілген күннің алдындағы бес жыл ішінде көрсетілетін қызметті алушы немесе көрсетілетін қызметті алушыны тікелей немесе жанама түрде бақылайтын немесе оның бақылауындағы тұлға өздерінің пайдалануындағы жер қойнауы учаскелеріндегі жер қойнауын пайдаланудың салдарларын жою бойынша міндеттемелерді орындамаса немесе тиісінше орындамаса; 10) өтініш берілген күннің алдындағы бес жыл ішінде көрсетілетін қызметті алушы немесе көрсетілетін қызметті алушыны тікелей немесе жанама түрде бақылайтын немесе оның бақылауындағы тұлға аукцион нәтижелері бойынша қол қою бонусты төлеу бойынша міндеттемелерді орындамаса; 11) көрсетілетін қызметті алушыға немесе көрсетілетін қызметті алушыны тікелей немесе жанама түрде бақылайтын немесе оның бақылауындағы тұлғаға бұрын берілген жер қойнауын пайдалану құқығы сұратылатын жер қойнауы учаскесіне (оның бір бөлігіне) қатысты өтініш берілгенге дейін бір жыл ішінде тоқтатылса; 12) лицензияны беру ұлттық қауіпсіздікке қауіп туындауына алып келетін болса; 13) сұралатын жер қойнауы учаскесі немесе оның бір бөлігі жер қойнауы кеңістігін пайдалануға арналған лицензия бойынша не пайдалы қатты қазбаларды барлауға немесе өндіруге арналған лицензия бойынша басқа тұлғаның пайдалануындағы жер қойнауы учаскесіне жатса; 14) сұралатын жер қойнауы учаскесінің шекаралары Кодекстің талаптарына сәйкес келмесе; 15) көрсетілетін қызметті алушы Кодекс талаптарына сәйкес келісілген тау-кен жұмыстары жоспарының жобасын көрсетілетін қызметті берушіге ұсыну мерзімін сақтамаса; 16) уәкілетті мемлекеттік органның мемлекеттік қызмет көрсету үшін талап етілетін келісу туралы сұратуға теріс жауабы, сондай-ақ сараптаманың, зерттеудің не тексерудің теріс қорытындысы болған кезде пайдалы қатты қазбаларды өндіруге арналған лицензияны беруден бас тартады. |
| 10. | Мемлекеттік қызметті көрсетудің ерекшеліктері, оның ішінде электрондық нысанда көрсетілетін қызметтің ерекшеліктері ескерілген өзге талаптар | Мемлекеттік қызметті көрсету мәселелері жөніндегі анықтамалық қызметтердің байланыс телефондары: Қазақстан Республикасының Өнеркәсіп және құрылыс министрлігі жанындағы бірыңғай байланыс орталығы: 1465. |