БҰЙЫРАМЫН:
1. Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрінің кейбір бұйрықтарына мынадай өзгерістер мен толықтырулар енгізілсін:
1) "Қылмыстық-атқару жүйесі мекемелерінің iшкi тәртiптеме қағидаларын бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрінің 2014 жылғы 17 қарашадағы № 819 бұйрығына (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 9984 болып тіркелген) мынадай өзгерістер мен толықтырулар енгізілсін:
кіріспені мынадай редакцияда жазылсын:
"Қазақстан Республикасының Қылмыстық-атқару кодексінің 16-бабының 1-бөлігі 16) тармақшасына сәйкес БҰЙЫРАМЫН:".
көрсетілген бұйрықпен бекітілген Қылмыстық-атқару жүйесі мекемелерінің iшкi тәртiптеме қағидаларында:
35-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:
"35. Тексеру плацта жасақтар бойынша сапқа тұрғызу арқылы жүргізіледі. Сотталғандарды карточкалары бойынша салыстырып тексеру, содан кейін сотталғандардың жалпы санын есептеу жүргізіледі.
Сотталғанның тегі оқылған кезде, ол "Мен" немесе "Я" деген сөздермен дыбыс береді, екі метрден аспайтын қашықтықта қызметкердің алдына келіп, жеке басын карточкадағы фотосуретпен салыстыру үшін бас киімін шешеді, (қысқы кезеңнен басқа) және атын және әкесінің атын (болған кезде) анық және түсінікті түрде атайды. Содан кейін саптың қарама-қарсы жағындағы өз орнына өтеді.
Сапқа тұрғызудан түнгі ауысымдағы жұмыстан кейін демалып жатқандар, төсек тартып жатқан ауруы бойынша босатылған сотталғандар, сондай-ақ тастап кетуі мүмкін емес жұмыстардағы сотталғандар босатылады. Мұндай адамдардың бар-жоғын тексеру олар орналасқан орындарда жүргiзiледі.
Өзіне өзі қызмет көрсете алмайтын және арнаулы жүрiп-тұру құралдарынсыз (кресло-арбалар) жүріп-тұра алмайтын бірінші немесе екінші топтағы мүгедектігі бар адамдардың бар-жоғын тексеру, медициналық қорытынды болған кезде оқшауланған учаскеде жүзеге асырылады.
Мекемелерде орналасқан медициналық ұйымдарда сотталғандарды тексеру оқшауланған учаскелер не палаталар бойынша жүргізіледі.";
76-тармақтың бірінші абзац мынадай редакцияда жазылсын:
"76. Сотталғандарға: сәлемдеме алу құқығымен ұзақтығы екі сағат қысқа мерзімді, ұзақтығы 2 тәулік, ал дәрежесі үшінші оң мінез-құлықты сотталғандарға ұзақтығы 3 тәулік, ұзақ мерзімді мекеме аумағында кездесулер беріледі. Кәмелетке толмаған сотталғандарды ұстауға арналған орташа қауіпсіз мекемелерде сотталғандарға бұдан басқа ұзақтығы 5 тәулікке дейін мекеме аумағынан тыс жерде тұрумен ұзақ мерзімді кездесу беріледі. Сотталғанның немесе кездесуге келген адамның жазбаша өтініші бойынша кездесу бір тәулікке немесе кездесу ұзақтығы қысқаруы мүмкін. Бұл ретте, кездесу толықтай пайдаланылған болып саналады.";
101-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:
"101. Әлеуметтік байланыстарын сақтау үшін сотталғандарға телефондық сөйлесулер жеке ісінде көрсетілген жақын туыстарымен және адамдармен олардың өтінімдері бойынша ұсынылады.
Телефон арқылы сөйлесулер, оның ішінде техникалық мүмкіндіктер болған кезде бейнебайланыс жүйесін пайдаланумен, сотталғанның жазбаша өтінімі бойынша беріледі, онда абоненттің мекенжайы, телефон нөмірі және бекітілген күніне 15 минут сөйлесу ұзақтығы көрсетіледі. Телефон арқылы сөйлесулер сотталғандардың немесе олардың жұбайы (зайыбы), жақын туыстарының жеке қаражаттары есебінен төленеді. Телефон арқылы сөйлесулер алдында мекеме қызметкері сотталғанды сөйлесу бақыланатыны туралы ескертеді және жеке өзі өтінімде көрсетілген телефонның нөмірін тереді.
Мекеме әкiмшiлiгiнiң осы өтiнiм бойынша шешiмi өтiнiм берiлген күннен бастап 5 жұмыс күнiнен кешiктiрмей қабылданады.";
104-тармақтың бірінші абзац мынадай редакцияда жазылсын:
"104. Жазаны өтеудің қатаң жағдайларында ұсталатын сотталғандарға, сондай-ақ тәртiптiк изоляторға, жалғыз адамдық камераға және уақытша оқшаулау үй-жайларында қамалған, мекемелерде құқықтық тәртіпті қамтамасыз ету үшін қауіпсіздігі аралас мекемеге ауыстырған сотталғандарға жұбайы (зайыбы), жақын туысы қайтыс болған немесе науқастың өміріне қатер төндіретіндей қатты ауырған, оның отбасына айтарлықтай материалдық залал келтірген дүлей зілзала болған айрықша жеке мән-жайларында телефон арқылы сөйлесуге рұқсат беріледі.";
108-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:
"108. Жылына бір рет тұрғылықты мекен-жайы бойынша, жыл сайынғы ақылы демалыс уақытына, мекеменің шегінен тыс жерге ұзақ мерзiмге шығулар қауіпсіздігі барынша төмен мекемелерде жазасын өтеп жатқан сотталғандарға олардың өтінімдері бойынша беріледі.";
133-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:
"133. Карантиндік бөлімшелердегі, тәртiптiк изоляторлардағы, жасақтардағы, уақытша оқшаулау үй-жайларының камераларындағы жалпы пайдалануға бөлмелерінде және үй-жайларында кезекшiлiк және санитарлық тазалау жұмыстары кезек бойынша әрбiр сотталғанға, ал жалғыз адамдық камераларда онда ұсталатын адамдарға жүктеледi. Сотталғандардың кезекшiлігі осы Қағидаларға 15-қосымшаға сәйкес нысан бойынша тәртіпте қамтамасыз етіледі.";
143-1-тармағымен мынадай редакцияда толықтыру:
"143-1. Сотталған немесе басқа адамдар тарапынан сотталған адамның жеке басына қарсы қылмыстық құқық бұзушылық жасау қауіпті болмаған не жойылған жағдайда, мекеме бастығының прокурормен келісілген қаулысының негізінде сотталған адамды қауіпсіз жерде ұстау тоқтатылады.";
163-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:
"163. Кәмелетке толмағандарды ұстауға арналған орташа қауіпсіз мекемелерде жеңiлдiктi жағдайларда жазаны өтейтін сотталғандар нысаны қылмыстық-атқару қызметі саласында уәкілетті органмен белгіленетін рұқсатнама негізінде мекемелер шегінен тыс жерде тұру және қозғалу құқығына ие болады, рұқсатнама нысаны ҚАЖ мекемелерінде ұсталатын адамдардың мінез-құлқына бақылау мен қадағалауды жүзеге асыру жөніндегі қызметті ұйымдастыру қағидаларында көрсетілген.";
179-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:
"179. Ылғалды жинау кезінде сотталғандар тәрбие жұмысы бөлмесіне немесе жатақхананың оқшауланған учаскесіне өтеді.";
Осы Қағидаларға 15-қосымша осы бұйрыққа қосымшаға сәйкес редакцияда жазылсын;
2) "Сотталғандарды жазасын өтеу үшін қылмыстық-атқару жүйесінің мекемелеріне жіберу қағидаларын бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрінің 2014 жылғы 22 тамыздағы № 551 бұйрығына (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 9759 болып тіркелген):
көрсетілген бұйрықпен бекітілген Сотталғандарды жазасын өтеу үшін қылмыстық-атқару жүйесінің мекемелеріне жіберу қағидаларында:
4-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:
"Сотталған адам тергеу изоляторының әкiмшiлiгi заңды күшіне енген үкімді орындау туралы сот өкімін алған күннен бастап:
1) үкім заңды күшіне енген сәтте тоқтатылғанға дейін бактерия бөлінуі жалғасатын, зертханалық расталған туберкулезбен ауыратын;
2) одан әрі стационарлық емдеу талап етілмеген кезде адам сауыққанға дейін басқа да қауіпті жұқпалы аурулармен ауыратын;
3) жеке басын куәландыратын құжат ресімделеп жатқан;
4) жазасын өтеу мерзімінің соңына дейін бір айдан аспайтын мерзім қалған сотталғандарды қоспағанда он күннен кешіктірілмей жазасын өтеуге жіберіледі."
мынадай мазмұндағы 10-2-тармақпен толықтырылсын:
"Сот үкімі заңды күшіне енгеннен кейін туберкулез немесе басқа да қауіпті жұқпалы ауру анықталған сотталған адам зертханалық расталған бактерия бөлінуі тоқтатылғанға не одан әрі стационарлық емдеу қажеттілігі болмағанға дейін тергеу изоляторында қалдырылады.
Қалдыру туралы шешімді ҚАЖ-дың уәкілетті органы сот тағайындаған түрдегі мекемелер үшін ҚАК-пен көзделген жағдайларда қабылдайды.".
2. Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігінің Қылмыстық-атқару жүйесі комитеті Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіпте:
1) осы бұйрықты Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркеуді;
2) осы бұйрықты ресми жарияланғаннан кейін оны Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігінің интернет-ресурсында орналастыруды;
3) осы бұйрықты Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркегеннен кейін он жұмыс күні ішінде Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігінің Заң мен нормашығармашылығын үйлестіру департаментіне осы тармақтың 1) және 2) тармақшаларында көзделген іс-шаралардың орындалуы туралы мәліметтерді ұсынуды қамтамасыз етсін.
3. Осы бұйрықтың орындалуын бақылау Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрінің жетекшілік ететін орынбасарына жүктелсін.
4. Осы бұйрық алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.
Қазақстан Республикасы ішкі істер министрі | Е. Саденов |
Қазақстан Республикасы ішкі істер министрі 2025 жылғы 15 қыркүйектегі № 689 Бұйрыққа қосымша |
|
Бас бостандығынан айыруға сотталғандармен тәрбие жұмысын жүргізу қағидаларына 15-қосымша |
|
Нысан |
Сотталғандардың кезекшілігі және үй-жайларынды санитарлы тазарту
Карантиндік бөлімшелердегі, тәртiптiк изоляторлардағы, жасақтардағы, уақытша оқшаулау үй-жайларында жалпы пайдалануға бөлмелерінде және үй-жайларында тазалық пен тәртіпті сақтау мақсатында, кезекші жасақ бастығы бекіткен кестеге сәйкес:
1) үй-жайларды санитарлы тазартады (еден, раковина, унитаз жуу, бөлмені желдету, ауыз суға арналған бөшкені тазалау және жуу, оны қайнаған сумен толтыру), сейілдеу аяқталған соң сейілдеу алаңына тазалық жұмыстарын жүргізеді;
2) мекемелер әкімшілігі қызметкерлеріне барлық оқиғалар мен бұзушылықтар туралы дереу хабарлайды;
3) үй-жайларға мекеме әкімшілігінің қызметкерлері келген кезде "назар аударыңдар" деген команда береді және жатақханада ұсталынатындар саны, олардың қазір қайда екендіктері туралы мәлімдейді (ұйқыға жатқан кезден бастап таңғы тұруға дейінгі уақытта "назар аударыңдар" деген команда берілмейді).