Қазақстан Республикасының Бюджет кодексінің 140-бабының 5 тармағына және "Бағалы қағаздар нарығы туралы" Қазақстан Республикасының Заңының 7-бабының 1 тармағына сәйкес БҰЙЫРАМЫН:
1. Қоса беріліп отырған Облыстың, республикалық маңызы бар қаланың, астананың жергілікті атқарушы органының ішкі нарықта айналысқа жіберу үшін бағалы қағаздар шығару қағидалары бекітілсін.
2. Мыналардың:
1) "Облыстың, республикалық маңызы бар қаланың, астананың жергілікті атқарушы органының ішкі нарықта айналысқа жіберу үшін бағалы қағаздар шығару Қағидаларын бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің орынбасары – Қаржы министрінің 2023 жылғы 30 маусымдағы № 723 бұйрығы. (Нормативтік құқық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 32954 болып тіркелген);
2) "Облыстың, республикалық маңызы бар қаланың, астананың жергілікті атқарушы органының ішкі нарықта айналысқа жіберу үшін бағалы қағаздар шығару Қағидаларын бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің орынбасары – Қаржы министрінің 2023 жылғы 30 маусымдағы № 723 бұйрығына өзгерістер енгізу туралы" Қазақстан Республикасы Қаржы министрінің 2024 жылғы 13 мамырдағы № 287 бұйрығы. (Нормативтік құқық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 34364 болып тіркелген) күші жойылды деп танылсын.
3. Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігінің Мемлекеттік қарыз алу департаменті Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен:
1) осы бұйрықтың Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркелуін;
2) осы бұйрық ресми жарияланғаннан кейін оны Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігінің интернет-ресурсында орналастырылуын;
3) осы бұйрық Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркелгеннен кейін он жұмыс күні ішінде осы тармақтың 1) және 2) тармақшаларында көзделген іс-шаралардың орындалуы туралы мәліметтерді Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігінің Заң қызметі департаментіне ұсынуды қамтамасыз етсін.
4. Осы бұйрық алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.
Қазақстан Республикасының Қаржы министрі |
М. Такиев |
Қазақстан Реcпубликасының Қаржы министрі 2025 жылғы 30 мамырдағы № 271 бұйрығымен бекітілген |
Облыстың, республикалық маңызы бар қаланың, астананың жергілікті атқарушы органының ішкі нарықта айналысқа жіберу үшін бағалы қағаздар шығару қағидалары
1-тарау. Жалпы ережелер
1. Осы Облыстың, республикалық маңызы бар қаланың, астананың жергілікті атқарушы органының ішкі нарықта айналысқа жіберу үшін бағалы қағаздар шығару қағидалары (бұдан әрі – Қағидалар) Қазақстан Республикасының Бюджет кодексінің (бұдан әрі – Бюджет кодексі) 140-бабының 5-тармағына және "Бағалы қағаздар нарығы туралы" Қазақстан Республикасының Заңынның (бұдан әрі – Заң) 7-бабының 1-тармағына сәйкес әзірленді және Қазақстан Республикасының аумағында облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың, астананың жергілікті атқарушы органдарының мемлекеттік бағалы қағаздар шығару, орналастыру, айналысқа қосу, оларға қызмет көрсету және өтеу тәртібін айқындайды.
2. Осы Қағидаларда мынадай ұғымдар пайдаланылады:
1) андеррайтер – брокерлік және дилерлік қызметті жүзеге асыруға лицензиясы бар және эмитентке эмиссиялық бағалы қағаздарды шығару мен орналастыру жөнінде қызметтер көрсететін бағалы қағаздар нарығына кәсіби қатысушы;
2) бағалы қағаздар – облыстың, республикалық маңызы бар қаланың, астананың жергілікті атқарушы органдары эмиссиялайтын мемлекеттік эмиссиялық бағалы қағаздар;
3) бастапқы дилер – белгіленген тәртіппен бағалы қағаздарды орналастыруға қатысуға жіберілген бағалы қағаздар нарығына кәсіби қатысушы;
4) депозитарийдің ережелер жинағы – депозитарийдің ішкі құжаты, оның негізінде депозитарий бағалы қағаздарға қызмет көрсетуді және оларды өтеуді жүзеге асырады;
5) орталық депозитарий (бұдан әрі – депозитарий) – эмитентпен жасалған шартқа сәйкес бағалы қағаздарды орналастыру кезінде бағалы қағаздар бойынша кірісті төлеу жөніндегі төлем агентінің функцияларын және оларды өтеу кезінде бағалы қағаздарға депозитарийлік қызмет көрсету жөніндегі функцияларды жүзеге асыратын "Бағалы қағаздардың орталық депозитарийі" акционерлік қоғамы;
6) сауда-саттықты ұйымдастырушы – "Қазақстан қор биржасы" акционерлік қоғамы;
7) сауда-саттықты ұйымдастырушының ережелері – сауда-саттықты ұйымдастырушының ішкі құжаты, оның негізінде сауда-саттықты ұйымдастырушы бағалы қағаздарды орналастыруды жүзеге асырады;
8) эмитент – облыстың, республикалық маңызы бар қаланың, астананың жергілікті атқарушы органы.
Бұл ретте облыстың жергілікті атқарушы органдары Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2025 жылғы 28 мамырдағы № 385 қаулысымен бекітілген Облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың, астананың жергілікті атқарушы органдары қарыз алу мақсаттарының тізбесіне (бұдан әрі – Қарыз алу мақсаттарының тізбесі) сәйкес шығыстарды қаржыландыру үшін ішкі нарықта айналысқа жіберу үшін шығарылатын мемлекеттік бағалы қағаздардың ғана эмитенттері болып табылады.
2-тарау. Бағалы қағаздарды шығару, орналастыру, айналысқа жіберу, оларға қызмет көрсету және өтеу тәртібі
1-параграф. Бағалы қағаздарды шығарудың, орналастырудың, айналысқа жіберудің, оларға қызмет көрсетудің және өтеудің жалпы шарттары
3. Бағалы қағаздарды эмитент құжатсыз нысанда шығарады. Бағалы қағаздарға қызмет көрсету (сыйақыны есептеу және төлеу) ұлттық валютада жүзеге асырылады.
4. Әрбір шығарылымның Заңға сәйкес орталық депозитарий беретін халықаралық сәйкестендiру нөмiрi International Securities Identification Number (ISIN) болады.
5. Бағалы қағаздарды эмитент сауда-саттықты ұйыдастырушы қағидаларында белгіленген аукционды өткізу, қосымша орналастыру, қайта ашу, жазылым жүргізу жолымен орналастырылады.
6. Эмитентке бағалы қағаздар шығаруды жүзеге асыру кезінде андеррайтерді тартуға жол беріледі.
7. Бағалы қағаздарды және олар бойынша құқықтарды есепке алуды депозитарий жүзеге асырады.
8. Облыстың, республикалық маңызы бар қаланың, астананың жергілікті атқарушы органдарының бағалы қағаздар шығаруының шарттары, көлемі және нысаналы мақсаты Бюджет кодексінің 140-бабының 5-тармағына сәйкес айқындалады.
Бұл ретте Бюджет кодексінің 140-бабының 3-тармағына сәйкес облыстың, республикалық маңызы бар қаланың, астананың жергілікті атқарушы органының қарыз алуы тиісті жергілікті атқарушы орган борышының белгіленген лимитімен және тиісті жергілікті атқарушы органның борышын өтеуге және оған қызмет көрсетуге бағытталатын жергілікті бюджет қаражатының көлемімен шектеледі.
9. Эмитент орналастыру күніне дейін 10 (он) күнтізбелік күннен кешіктірмейтін мерзімде орналастыруды жүргізу күні, алдағы шығарылым көлемі туралы Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігін (бұдан әрі – Қаржы министрлігі) хабардар етеді.
10. Бағалы қағаздарды орналастыру, оларға қызмет көрсету және өтеу тәсілдерінің шарттары мен рәсімдері тиісінше сауда-саттықты ұйымдастырушының қағидаларында және депозитарийдің қағидалар жинағында белгіленеді.
11. Қазақстан Республикасының резиденттері мен резиденттері емес заңды және жеке тұлғалар бағалы қағаздарды бастапқы дилерлер арқылы сатып алады.
12. Бағалы қағаздардың орналастыру көлемі, сыйақы ставкасы Қаржы министрлігімен келісіледі.
13. Депозитарийдің орналастырылған бағалы қағаздар бойынша есеп айырысуларды жүзеге асыру күні бағалы қағаздар айналысының басталу күні болып саналады. Осы бағалы қағаздарды өтеу күнінің алдындағы күн соңғы айналыс күні болып саналады.
14. Осы бағалы қағаздар бойынша сыйақы есептелетін бірінші күн – олардың айналысы басталатын күн, ал соңғы күн оларды өтеу күнінің алдындағы соңғы күн болып табылады.
Бағалы қағаздар бойынша сыйақы төлеу бағалы қағаздардың жекелеген түрлерін шығару шарттарында белгіленген күндері жүргізіледі. Сыйақыны соңғы төлеу күні, егер бағалы қағаздарды шығару шарттарында өзгеше мерзім көзделмесе, бағалы қағаздарды өтеу күніне сәйкес келеді. Егер бағалы қағаздар бойынша сыйақы төлеу күні жұмыс істемейтін күнге келсе, онда төлем жұмыс істемейтін күннен кейінгі бірінші жұмыс күні жүргізіледі.
15. Бағалы қағаздарды өтеу оларды айналымға жіберу мерзімі аяқталған күннен кейінгі бірінші күні атаулы құны бойынша жүргізіледі. Егер бағалы қағаздардың атаулы құнын өтеу күні жұмыс істемейтін күнге келсе, онда төлем жұмыс істемейтін күннен кейінгі бірінші жұмыс күні жүргізіледі.
16. Эмитентке бағалы қағаздарды ішінара мерзімінен бұрын немесе толық мерзімінен бұрын өтеуге жол беріледі.
17. Бағалы қағаздарды өтеу және оларға қызмет көрсету тиісті жергілікті бюджеттің қаражаты есебінен жүзеге асырылады.
18. Бағалы қағаздарды өтегеннен кейін эмитент 5 (бес) жұмыс күнінің ішінде Қаржы министрлігіне депозитарийдің бағалы қағаздарды өтеу туралы мәліметтерінің көшірмесін және жүргізілген өтеуді растайтын құжаттардың көшірмелерін ұсынады.
19. Эмитентке қайталама нарықта бағалы қағаздардың белгілі бір шығарылымының барлық көлемін немесе ішінара бөлігін нарықтық бағамен сатып алуға жол беріледі. Эмитенттің бағалы қағаздардың белгілі бір шығарылымының барлық көлемін сатып алуы туралы шешімі осындай сатып алу күніне дейін 1 (бір) ай бұрын сауда-саттықты ұйымдастырушыға жеткізіледі, ол осы хабарламадан кейін 5 (бес) күнтізбелік күн ішінде бастапқы дилерлерге бұл туралы хабарлайды.
20. Бағалы қағаздармен жасалатын операциялар бойынша салық салу тәртібі "Салық және бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдер туралы (Салық кодексі)" Қазақстан Республикасының кодексіне сәйкес айқындалады.
21. Эмитент бағалы қағаздардың мынадай:
1) орта мерзімді;
2) ұзақ мерзімді;
3) орта мерзімді индекстелген;
4) ұзақ мерзімді индекстелген;
5) облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың, астананың жергiлiктi атқарушы органдары Қарыз алу мақсаттарының тізбесіне сәйкес шығыстарды қаржыландыру үшін ішкі нарықта айналысқа жіберу үшін шығаратын мемлекеттiк бағалы қағаздарды шығаруды, оларға қызмет көрсетуді және өтеуді жүзеге асырады.
22. Облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың, астананың жергiлiктi атқарушы органдары Қарыз алу мақсаттарының тізбесіне сәйкес шығыстарды қаржыландыру үшін ішкі нарықта айналысқа жіберу үшін шығаратын орта мерзімді, ұзақ мерзімді, орта мерзімді индекстелген, ұзақ мерзімді индекстелген мемлекеттiк бағалы қағаздар номиналды құны 1000 (бір мың) теңгені құрайтын купондық эмиссиялық бағалы қағаздар болып табылады.
23. Облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың, астананың жергiлiктi атқарушы органдары Қарыз алу мақсаттарының тізбесіне сәйкес шығыстарды қаржыландыру үшін шығаратын орта мерзімді, ұзақ мерзімді, орта мерзімді индекстелген, ұзақ мерзімді индекстелген бағалы қағаздар және мемлекеттiк бағалы қағаздар бойынша купон сомасын есептеудің есептік базасы – есепті айда 30 (отыз) күн, есепті жылда 360 (үш жүз алпыс) күн.
24. Бағалы қағаздардың иелері Заңда белгіленген шектеулерді қоспағанда, бағалы қағаздармен кез келген азаматтық-құқықтық мәмілелерді жүзеге асыра алады. Бұл ретте инвестор бағалы қағаздармен жасалатын барлық операцияларды бастапқы дилер арқылы ресімдейді.
2-параграф. Орта мерзімді бағалы қағаздар
25. Орта мерзімді бағалы қағаздар 1 (бір) жылдан жоғары 5 (бес) жылды қоса алғанға дейін айналыс мерзімдерімен шығарылады.
26. Орта мерзімді бағалы қағаздарды орналастыру және өтеу атаулы құн бойынша жүзеге асырылады, бұл ретте айналыс мерзімі ішінде купон деп аталатын орналастыру кезінде белгіленген сыйақы төленеді.
27. Орта мерзімді бағалы қағаздар бойынша купон төлеу орта мерзімді бағалы қағаздар айналысқа жіберілетін тиісті жылы жылына екі рет эмитент белгілеген күндері жүзеге асырылады.
28. Орта мерзімді бағалы қағаздар купонының сомасы осы Қағидаларға қосымшаның (бұдан әрі – Қосымша) 1-тармағына орта мерзімді, ұзақ мерзімді, орта мерзімді индекстелген және ұзақ мерзімді индекстелген бағалы қағаздардың купон сомасын есептеу формулаларына сәйкес есептеледі.
3-параграф. Ұзақ мерзімді бағалы қағаздар
29. Ұзақ мерзімді бағалы қағаздар 5 (бес) жылдан астам айналыс мерзімімен шығарылады.
30. Ұзақ мерзімді бағалы қағаздарды орналастыру және өтеу атаулы құн бойынша жүзеге асырылады, бұл ретте айналыс мерзімі ішінде купон деп аталатын орналастыру кезінде белгіленген сыйақы төленеді.
31. Ұзақ мерзімді бағалы қағаздар бойынша купон төлеу бағалы қағаздар айналысқа жіберілетін тиісті жылы жылына 1 (бір) рет эмитент белгілеген күндері жүзеге асырылады.
32. Ұзақ мерзімді бағалы қағаздар купонының сомасы осы Қағидаларға қосымшаның 2-тармағына сәйкес есептеледі.
4-параграф. Орта мерзімді индекстелген бағалы қағаздар
33. Орта мерзімді индекстелген бағалы қағаздар 1 (бір) жылдан астам 5 (бес) жылға дейін қоса алғандағы айналыс мерзімдерімен шығарылады және 6 (алты) ай еселігі бар.
34. Орта мерзімді индекстелген бағалы қағаздарды орналастыру және өтеу атаулы құны бойынша жүзеге асырылады, бұл ретте айналыс мерзімі ішінде индекстелген купон деп аталатын сыйақы төленеді.
35. Егер эмитент бағалы қағаздарды шығарудың өзгеше күнін көздемесе, орта мерзімді индекстелген бағалы қағаздарды орналастыру айдың соңғы күнінің алдындағы жұмыс күні жүргізіледі.
36. Индекстелген купонды төлеу тиісті кезеңділікпен жылына 2 (екі) рет эмитент белгілеген күндері орта мерзімді индекстелген бағалы қағаздар бойынша жүзеге асырылады.
Бұл ретте орта мерзімді индекстелген бағалы қағаздар бойынша индекстелген купонды төлеу айналыстың әрбір 6 (алты) толық күнтізбелік айы сайын айдың 5 (бесінші) жұмыс күнінде жүргізіледі.
37. Орта мерзімді индекстелген бағалы қағаздарға салынған ақшаны индекстеу тіркелген купонды қосудан алынған, орналастыру кезінде анықталған индекстелген купонды және өткен купондық кезең үшін инфляция индексін есептеу арқылы жүргізіледі.
38. Орта мерзімді индекстелген бағалы қағаздардың индекстелген купонының сомасы осы Қағидаларға қосымшаның 3-тармағына сәйкес есептеледі.
39. Тұтыну бағаларының индексін Қазақстан Республикасы Стратегиялық жоспарлау және реформалар агенттігінің Ұлттық статистика бюросы ай сайын жариялайды.
40. Өткен купондық кезең үшін инфляция индексі теріс мәнге тең болған жағдайда, онда инфляция индексінің мәнін нөлге тең деп қабылдау қажет.
5-параграф. Ұзақ мерзімді индекстелген бағалы қағаздар
41. Ұзақ мерзімді индекстелген бағалы қағаздар 5 (бес) жылдан астам айналыс мерзімдерімен шығарылады және 12 (он екі) ай еселігі бар.
42. Ұзақ мерзімді индекстелген бағалы қағаздарды орналастыру және өтеу атаулы құны бойынша жүзеге асырылады, бұл ретте айналыс мерзімі ішінде индекстелген купон деп аталатын сыйақы төленеді.
43. Егер эмитент бағалы қағаздарды шығарудың өзгеше күнін көздемесе, ұзақ мерзімді индекстелген бағалы қағаздарды орналастыру айдың соңғы жұмыс күнінің алдындағы күні жүргізіледі.
44. Индекстелген купонды төлеу тиісті кезеңділікпен жылына 1 (бір) рет эмитент белгілеген күндері ұзақ мерзімді индекстелген бағалы қағаздар бойынша жүзеге асырылады.
Бұл ретте ұзақ мерзімді индекстелген бағалы қағаздар бойынша индекстелген купонды төлеу айналыстың әрбір 12 (он екі) толық күнтізбелік айы сайын айдың 5 (бесінші) жұмыс күнінде жүргізіледі.
45. Ұзақ мерзімді индекстелген бағалы қағаздарға салынған ақшаны индекстеу тіркелген купонды қосудан алынған, орналастыру кезінде анықталған индекстелген купонды және өткен купондық кезең үшін инфляция индексін есептеу арқылы жүргізіледі.
46. Ұзақ мерзімді индекстелген бағалы қағаздардың индекстелген купонының сомасы осы Қағидаларға қосымшаның 4-тармағына сәйкес есептеледі.
47. Тұтыну бағаларының индексін ай сайын мемлекеттік статистика саласындағы уәкілетті орган жариялайды.
48. Өткен купондық кезең үшін инфляция индексі теріс мәнге тең болған жағдайда, онда инфляция индексінің мәнін нөлге тең деп қабылдау қажет.
6-параграф. Облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың, астананың жергiлiктi атқарушы органдары қарыз алу мақсаттарының тізбесіне сәйкес шығыстарды қаржыландыру үшін iшкi нарықта айналысқа жiберу үшiн шығаратын мемлекеттiк бағалы қағаздар
49. Облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың, астананың жергiлiктi атқарушы органдары Қарыз алу мақсаттарының тізбесіне сәйкес шығыстарды қаржыландыру үшін iшкi нарықта айналысқа жiберу үшiн шығаратын мемлекеттiк бағалы қағаздар 20 (жиырма) жылға дейін айналыс мерзімімен шығарылады.
50. Облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың, астананың жергiлiктi атқарушы органдары Қарыз алу мақсаттарының тізбесіне сәйкес шығыстарды қаржыландыру үшін iшкi нарықта айналысқа жiберу үшiн шығаратын мемлекеттiк бағалы қағаздарды орналастыру және өтеу номиналды құнымен жүзеге асырылады, бұл ретте айналыс мерзімі ішінде орналастыру кезінде айқындалған купон деп аталатын сыйақы төленеді.
51. Облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың, астананың жергiлiктi атқарушы органдары Қарыз алу мақсаттарының тізбесіне сәйкес шығыстарды қаржыландыру үшін iшкi нарықта айналысқа жiберу үшiн шығаратын айналыс мерзімі 5 (бес) жылға дейінгі мемлекеттiк бағалы қағаздар бойынша купон төлеу осы бағалы қағаздар айналысының тиісті жылы жылына 2 (екі) рет, эмитент белгілеген күндері жүзеге асырылады.
Облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың, астананың жергiлiктi атқарушы органдары Қарыз алу мақсаттарының тізбесіне сәйкес шығыстарды қаржыландыру үшін iшкi нарықта айналысқа жiберу үшiн шығаратын айналыс мерзімі 5 (бес) жылдан 20 (жиырма) жылға дейін қоса алғанда мемлекеттiк бағалы қағаздар бойынша купон төлеу осы бағалы қағаздар айналысының тиісті жылы жылына 1 (бір) рет, эмитент белгілеген күндері жүзеге асырылады.
52. Облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың, астананың жергiлiктi атқарушы органдары Қарыз алу мақсаттарының тізбесіне сәйкес шығыстарды қаржыландыру үшін iшкi нарықта айналысқа жiберу үшiн шығаратын мемлекеттiк бағалы қағаздар купонының сомасы орта мерзімді бағалы қағаздар купоны сияқты осы Қағидаларға 1-қосымшаға сәйкес есептеледі.
Облыстың, республикалық маңызы бар қаланың, астананың жергілікті атқарушы органының ішкі нарықта айналысқа жіберу үшін бағалы қағаздар шығару қағидаларына қосымша |
Орта мерзімді, ұзақ мерзімді, орта мерзімді индекстелген және ұзақ мерзімді индекстелген бағалы қағаздардың купон сомасын есептеу формулалары
1. Орта мерзімді бағалы қағаздардың купон сомасы мынадай формулаға сәйкес есептеледі:
S = N*С* 180/360
мұндағы,
S, теңге – кезекті төленуге тиіс орта мерзімді бағалы қағаздар купонының сомасы,
N, теңге – орта мерзімді бағалы қағаздар бойынша сыйақы кезекті төленуге тиіс олардың тиісті санының атаулы құнының сомасы,
С, % – купон ставкасы.
2. Ұзақ мерзімді бағалы қағаздардың купон сомасы мынадай формулаға сәйкес есептеледі:
S = N*С
мұндағы,
S, теңге – кезекті төленуге тиіс ұзақ мерзімді бағалы қағаздар купонының сомасы,
N, теңге – ұзақ мерзімді бағалы қағаздар бойынша сыйақы кезекті төленуге тиіс олардың тиісті санының атаулы құнының сомасы,
С, % – купон ставкасы.
3. Орта мерзімді индекстелген бағалы қағаздардың индекстелген купон сомасы мынадай формулаға сәйкес есептеледі:
S = N*I/100+С
мұндағы,
S, теңге – кезекті төленуге тиіс орта мерзімді индекстелген бағалы қағаздардың индекстелген купонының сомасы,
N, теңге – орта мерзімді индекстелген бағалы қағаздар бойынша сыйақы кезекті төленуге тиіс олардың тиісті санының атаулы құнының сомасы,
I, % – өткен купондық кезең үшін инфляция индексі,
бұл ретте инфляция индексі процентте көрсетілген купондық кезеңнің тиісті айлары үшін тұтыну бағасының индекстерін жүргізу жолымен анықталады:
І = (((І1/100)*(І2/100)*(І3/100)*...*(Іn/100))-1)*100,
мұндағы,
І1, І2, І3, ..., Іn- купондық кезеңнің тиісті айлары үшін тұтыну бағасының индекстері, I мәні үтірден кейін үш (қоса алғанда) санға дейін дөңгелектенеді,
С, – тіркелген купон сомасы,
бұл ретте тіркелген купон сомасы олар бойынша сыйақы кезекті төлеуге жататын орта мерзімді индекстелген бағалы қағаздардың тиісті саны атаулы құнының сомасын, тіркелген жылдық купонды және купондық кезеңдегі күндер санын жүргізу жолымен анықталады:
С = N*К* 180/360,
мұндағы,
K, % – орналастыру кезінде белгіленген тіркелген жылдық купонның мәні.
4. Ұзақ мерзімді индекстелген бағалы қағаздардың индекстелген купон сомасы мынадай формулаға сәйкес есептеледі:
S = N*І/100+С,
мұндағы,
S, теңге – кезекті төленуге тиіс ұзақ мерзімді индекстелген бағалы қағаздардың индекстелген купонының сомасы,
N, теңге – ұзақ мерзімді индекстелген бағалы қағаздар бойынша сыйақы кезекті төленуге тиіс олардың тиісті санының атаулы құнының сомасы,
I, % – өткен купондық кезең үшін инфляция индексі,
бұл ретте өткен купондық кезең үшін инфляция индексі пайызда көрсетілген купондық кезеңнің тиісті айлары үшін тұтыну бағасының индекстерін жүргізу жолымен анықталады:
І = (((І1/100)*(І2/100)*(І3/100)*...*(Іn/100))-1)*100,
мұндағы,
І1, I2, I3, ..., Іn- купондық кезеңнің тиісті айлары үшін тұтыну бағаларының индекстері, I мәні үтірден кейін үш (қоса алғанда) санға дейін дөңгелектенеді,
С,– тіркелген купон сомасы,
бұл ретте тіркелген купон сомасы олар бойынша сыйақы кезекті төлеуге жататын ұзақ мерзімді индекстелген бағалы қағаздар тиісті саны атаулы құнының және тіркелген жылдық купон сомасын жүргізу жолымен анықталады:
С = N*К
мұндағы,
К, % – орналастыру кезінде белгіленген тіркелген жылдық купонның мәні.