ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ АТЫНАН
Қазақстан Республикасының Конституциялық Соты Төраға Э.Ә. Азимова, судьялар А.Қ. Ескендіров, Қ.Т. Жақыпбаев, А.Е. Жатқанбаева, А.Қ. Қыдырбаева, Б.М. Нұрмұханов, Е.Ә. Оңғарбаев және С.Ф. Ударцев қатысқан құрамда,
өтініш субъектісі А.М. Айтжановтың және оның өкілі – адвокат А.М. Даниялованың,
Қазақстан Республикасы Бас прокуратурасының өкілі – Бас Прокурордың кеңесшісі Т.Б. Адамовтың,
Қазақстан Республикасы Қаржылық мониторинг агенттігінің өкілі – Құқықтық қамтамасыз ету департаментінің бастығы Д.Ж. Игембаевтың,
Қазақстан Республикасы Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің өкілі – Аппарат басшысы А.А. Хасеновтің,
Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігінің өкілі – Заң мен норма шығармашылығын үйлестіру департаментінің бастығы Р.В. Зұлхайыровтың,
Қазақстан Республикасы Ұлттық қауіпсіздік комитетінің өкілі – Заң департаменті бастығының орынбасары Д.С. Мусиралиевтің,
Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінің өкілі – Заңнама департаментінің директоры Д.А. Сүлейменовтің,
Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісі Аппаратының өкілі – Заңнама бөлімінің бас консультанты Н.Т. Харесованың,
Қазақстан Республикасы Парламенті Сенаты Аппаратының өкілі – Заңнама бөлімі меңгерушісінің орынбасары Н.А. Сартаеваның,
Адам құқықтары жөніндегі ұлттық орталықтың өкілі – Құқықтық және ұйымдастыру-талдау жұмысы бөлімі меңгерушісінің орынбасары Д.Т. Абдрахманованың қатысуымен,
өзінің ашық отырысында "Құқық қорғау қызметі туралы" 2011 жылғы 6 қаңтардағы Қазақстан Республикасы Заңының (бұдан әрі – "Құқық қорғау қызметі туралы" Заң) 6-бабы 2-тармағы 9) тармақшасының Қазақстан Республикасының Конституциясына сәйкестігін тексеру туралы өтінішті қарады.
Баяндамашы – Қазақстан Республикасы Конституциялық Сотының судьясы Қ.Т. Жақыпбаевты және отырысқа қатысушыларды тыңдап, конституциялық іс жүргізу материалдарын зерделеп және Қазақстан Республикасының қолданыстағы құқық нормаларына талдау жасай отырып, Қазақстан Республикасының Конституциялық Соты
анықтады:
Қазақстан Республикасының Конституциялық Сотына (бұдан әрі – Конституциялық Сот) "Құқық қорғау қызметі туралы" Заңның 6-бабы 2-тармағы 9) тармақшасының Қазақстан Республикасының Конституциясына (бұдан әрі – Конституция, Негізгі Заң) сәйкестігін қарау туралы өтініш келіп түсті.
Өтініштен және оған қоса берілген құжаттардан Астана қаласының әкімшілік құқық бұзушылықтар жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотының қаулысымен өтініш берушіге көлік құралын алкогольдік масаң күйде басқарғаны үшін әкімшілік жаза қолданылғанын түсінуге болады. Құқық қорғау органына кір келтіретін осы теріс қылықты жасағаны үшін ол құқық қорғау қызметінен теріс себептермен шығарылған.
Өтініш субъектісі "Құқық қорғау қызметі туралы" Заңның 6-бабы 2-тармағының 9) тармақшасында көзделген бұрын құқық қорғау органдарынан теріс себептермен шығарылған адамдардың құқық қорғау қызметіне қайта тұруына мерзімсіз тыйым салу құқық қорғау қызметіне кіруіне конституциялық құқығын шектейді деп есептейді.
"Құқық қорғау қызметі туралы" Заңның қаралып отырған нормасының конституциялылығын тексеру кезінде өтініш нысанасы шеңберінде Конституциялық Сот мыналарды негізге алады.
1. Конституцияның 33-бабының 4-тармағында былай деп бекітілген: Республика азаматтарының мемлекеттік қызметке кіруге тең құқығы бар. Мемлекеттік қызметші лауазымына кандидатқа қойылатын талаптар лауазымдық міндеттердің сипатына ғана байланысты болады және заңмен белгіленеді.
Әркім Қазақстан Республикасының Конституциясын және заңнамасын сақтауға, басқа адамдардың құқықтарын, бостандықтарын, абыройы мен қадір-қасиетін құрметтеуге міндетті (Конституцияның 34-бабының 4-тармағында).
Конституцияның 12-бабының 5-тармағына сәйкес адамның және азаматтың өз құқықтары мен бостандықтарын жүзеге асыруы басқа адамдардың құқықтары мен бостандықтарын бұзбауға, конституциялық құрылыс пен қоғамдық имандылыққа нұқсан келтірмеуге тиіс.
Адамның және азаматтың құқықтары мен бостандықтары конституциялық құрылысты қорғау, қоғамдық тәртіпті, адамның құқықтары мен бостандықтарын, халықтың денсаулығы мен имандылығын сақтау мақсатына қажетті шамада ғана және тек заңмен шектелуі мүмкін (Конституцияның 39-бабының 1-тармағы). Конституцияның 33-бабының 4-тармағында көзделген құқық ешбір жағдайда шектелуге жатпайтын (Негізгі Заңның 39-бабының 3-тармағы) құқықтар мен бостандықтар қатарына жатқызылмаған.
2. Конституциялық Сот бұған дейін "Құқық қорғау қызметі туралы" Заңның 6-бабы 2-тармағы 9) тармақшасының конституциялылығын тексерген кезде тиісті өтініш нысанасына қатысты аталған норманы қатарынан үш және одан көп сағат бойы дәлелді себепсіз қызметінде болмағаны үшін бұрын әскери қызметтен шығарылған адамдардың құқық қорғау қызметіне кіруін құқықтық шектеу бөлігінде қараған болатын (2023 жылғы 31 тамыздағы № 27-НҚ нормативтік қаулы). Конституциялық бақылау органы тұжырым шығарған кезде қызметкерлердің құқық қорғау органына кір келтіретін және құқық қорғау қызметінен теріс себептермен шығаруға негіз болып табылатын теріс қылықтар жасаған жағдайларын емес, әскери қызметшінің аталған тәртіптік теріс қылығы түрінің сипатын негізге алды.
Конституциялық Сот өз шешімдерінде лауазымды адамдардың әдептілік мінез-құлықты сақтауы жөнінде заңдарда белгіленген талаптардың конституциялылығы туралы және мемлекеттік аппарат қызметінің тиімділігін, мемлекеттік биліктің бірден-бір бастауы – халық сенімін қамтамасыз ету қажеттігімен байланысты, берілген өкілеттіктердің теріс пайдаланылуына жол бермеу мақсатында мемлекеттің мемлекеттік қызметке кіру кезінде кандидаттарға шектеулерді белгілеу құқығы туралы құқықтық ұстанымын дәйекті түрде негіздейді. Конституциялық Сот заң шығарушы азаматтардың мемлекеттік қызметшілердің моральдық-адамгершілік қасиеттерінің мінсіздігіне және тиісінше олардың жария билікті іске асырумен байланысты қабылдайтын шешімдерінің заңдылығына күмән келтірмеуі үшін олардың беделіне жоғары талаптар белгілеуге құқылы деп те түсіндірген болатын (2023 жылғы 6 наурыздағы № 4, 2023 жылғы 31 тамыздағы № 26-НҚ және 2024 жылғы 24 желтоқсандағы № 57-НҚ нормативтік қаулылар).
Конституциялық Соттың белгілеп берген құқықтық көзқарастары құқық қорғау органдарының кадрларын жасақтау мәселелерін регламенттейтін заңнамалық нормаларды тексерген кезде өте маңызды. Құқық қорғау қызметі өзінің мазмұны мен функциялары бойынша мемлекеттің билік өкілеттіктерін іске асырумен, оның ішінде жеке адамның құқықтары мен бостандықтарын ықтимал шектеумен, атыс қаруын және өзге де қаруды, арнайы құралдарды, дене күшін, мемлекеттік мәжбүрлеу шараларын ықтимал қолданумен, қылмыстық қудалауға және құқықтық тәртіпті қамтамасыз етуге ықтимал қатысумен тікелей байланысты жария-құқықтық қызметтің ерекше түрін білдіреді.
3. Құқық қорғау қызметінің өзіндік ерекшелігі және оның қызметкерлерінің лауазымдық міндеттерінің сипаты тиісті лауазымдарға кандидаттарды іріктеудің жоғары өлшемшарттарына негіз болады, бұл Конституция ережелері тұрғысынан заңды. Бұл ерекшеліктер құқық қорғау қызметі кадрларын жасақтауға қойылатын жоғары біліктілік пен адамгершілік талаптарының болуын айқындайды.
Қызметкерлердің құқық қорғау қызметін өткеруге байланысты міндеттері "Құқық қорғау қызметі туралы" Заңның 16-бабында бекітілген. Атап айтқанда, қызметкерлер Қазақстан Республикасының Конституциясы мен заңнамасын, сондай-ақ Қазақстан Республикасы Президентінің 2023 жылғы 2 қаңтардағы № 81 Жарлығымен бекітілген Қазақстан Республикасының құқық қорғау органдары, азаматтық қорғау органдары және мемлекеттік фельдъегерлік қызметі қызметкерлерінің әдеп кодексінің (бұдан әрі – Әдеп кодексі) талаптарын сақтауға міндетті.
Әдеп кодексінде қызметкерлердің Қазақстан Республикасының, мемлекеттік биліктің, құқық қорғау органының беделін түсіретін, қоғамдық теріс резонанс тудыратын әрекеттердің жасалуына жол бермеуі, олардың абыройына нұқсан келтіруі мүмкін мінез-құлық көрсетпеуі көзделеді (7-тармақтың 6) тармақшасы).
Қазақстан Республикасы Президентінің 2022 жылғы 19 желтоқсандағы № 61 Жарлығымен бекітілген Қазақстан Республикасы құқық қорғау органдарының қызметкерлері антының мәтініне сәйкес құқық қорғау органдарының әрбір қызметкері моральдық жағынан тазалықтың, кішіпейілділіктің үлгісі болуға, өзінің кәсіби абыройын, құқық қорғау органы қызметкері жоғары атағын қадірлеуге міндеттенеді.
Құқық қорғау органы қызметкерінің алкогольдік және (немесе) есірткілік және (немесе) психотроптық және (немесе) уытқұмарлық масаң күйде теріс қылық жасауы тәртіптік жауаптылықты ауырлататын мән-жай деп танылады ("Құқық қорғау қызметі туралы" Заңның 57-бабы 2-2-тармағының 4) тармақшасы).
Құқық қорғау қызметінен теріс себептермен шығару тек лауазымдық бұзушылықтармен ғана емес, қызметтік міндеттерін атқарумен байланысы жоқ, бірақ құқық қорғау қызметінің қадір-қасиеті мен беделіне нұқсан келтіретін теріс қылықтар жасаумен де байланысты болуы мүмкін ("Құқық қорғау қызметі туралы" Заңның 80-бабының 2-тармағы).
Бұрын құқық қорғау қызметін өткерген және тиісінше ант берген әрбір адам "Құқық қорғау қызметі туралы" Заңда және Әдеп кодексінде белгіленген, қызметкердің қызметтегі және тұрмыстағы мінез-құлқына қойылатын жоғары талаптарды ескере отырып, құқық қорғау органына кір келтіретін теріс қылық жасауының құқықтық салдарының ауырлығын түсінуге тиіс.
Конституциялық Сот мемлекеттік қызмет түрлеріне кіру шарттарын сараланған заңнамалық реттеу, егер оның мемлекеттік органдардың құқықтық мәртебесі мен функцияларындағы айырмашылықтардан туындайтын объективті және ақылға қонымды негіздемесі болса, заң мен сот алдында жұрттың бәрі тең деген конституциялық ережелерді бұзатын кемсітушілік деп есептелмейді деп санайды.
Заң шығарушы құқық қорғау қызметіне қайтадан кіретін бұрынғы қызметкерлер қатарынан кандидаттарға құқық қорғау органдарының кадрлық тазалығын қамтамасыз ету мақсатына себепші болатын, осы органдарға қоғам сенімін нығайтуға бағытталған және конституциялық жол берілетін шектерден аспайтын, объективті белгілерге негізделген және қызмет ерекшелігіне байланысты жоғары талаптар қоюға құқылы.
Осыған байланысты Конституциялық Сот құқық қорғау органына кір келтіретін теріс қылықтар жасағаны үшін теріс себептермен бұрын жұмыстан шығарылған азаматтардың құқық қорғау қызметіне қайта кіруіне жол бермеу бөлігінде қаралып отырған норманың конституциялық ережелерге қайшы келуін таппады.
4. Құқық қорғау органдарының кейбір бұрынғы қызметкерлерінің құқық қорғау қызметіне қайта кіруіне шектеу белгілейтін норманың конституциялылығын тани отырып, Конституциялық Сот жекелеген теріс қылықтар жасау жағдайларын құқық қорғау органынан теріс себептермен шығару негіздеріне жатқызу мәселелерінің жеткіліксіз пысықталғанын атап өтеді.
"Құқық қорғау қызметі туралы" Заңның және "Қазақстан Республикасының арнаулы мемлекеттік органдары туралы" 2012 жылғы 13 ақпандағы Қазақстан Республикасы Заңының (бұдан әрі – "Арнаулы мемлекеттік органдар туралы" Заң) нормаларына жүргізілген салыстырмалы талдау оларда құқық қорғау органдарының немесе арнаулы мемлекеттік органдардың теріс себептермен жұмыстан шығарылған бұрынғы қызметкерлерін осындай органдардағы қызметке қабылдауға бірыңғай тыйым салу бар екенін көрсетеді.
Құқық қорғау қызметін регламенттеуден айырмашылығы – заң шығарушы арнаулы мемлекеттік орган қызметкерінің көлік құралын алкогольдік масаң күйде басқаруын арнаулы мемлекеттік органдардағы қызметке кір келтіретін теріс қылықтарға жатқызбайды және бұл теріс қылық мұндай қызметкерді теріс себептермен жұмыстан шығаруға сөзсіз негіз болып табылмайды ("Арнаулы мемлекеттік органдар туралы" Заңның 51-бабының 14-тармағы).
Конституциялық Сот аталған заңдардың нысаналы тұрғыдан бір-бірімен байланысты ережелерінде өзара сәйкес келушіліктің жоқ екенін атап өтіп, қызметкерлер жасаған жекелеген теріс қылық түрлерін құқық қорғау органына немесе арнаулы мемлекеттік органға кір келтіретін теріс қылық санатына, сондай-ақ қызметтен теріс себептермен шығаруға негіз болатынға жатқызу не жатқызбауды дәлелді негіздеу бөлігінде олардың нормаларын жетілдіру талап етіледі деп пайымдайды.
Конституциялық іс жүргізу барысында жекелеген әкімшілік құқық бұзушылықты мұндай негіздерге жатқызылмаған, бірақ 2014 жылғы 5 шілдедегі Қазақстан Республикасы Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексіне сәйкес кемінде қатаң әкімшілік жауаптылыққа әкеп соғатын, жасалуы құқық қорғау органына кір келтіруі мүмкін басқа әкімшілік құқық бұзушылықтардың едәуір саны болған кезде қызметкерді құқық қорғау қызметінен теріс себептермен шығару негіздеріне іріктеп жатқызудың ақылға қонымды түсініктемесі және нақты өлшемшарттары анықталмады.
Осы жазылғандардың негізінде, Қазақстан Республикасы Конституциясының 72-бабының 3-тармағын және 74-бабының 3-тармағын, "Қазақстан Республикасының Конституциялық Соты туралы" 2022 жылғы 5 қарашадағы Қазақстан Республикасы Конституциялық заңының 23-бабы 4-тармағының 3) тармақшасын, 55 – 58, 62-баптарын, 64-бабының 3-тармағын және 65-бабы 1-тармағының 2) тармақшасын басшылыққа ала отырып, Қазақстан Республикасының Конституциялық Соты
қаулы етеді:
1. "Құқық қорғау қызметі туралы" Қазақстан Республикасы Заңының 6-бабы 2-тармағының 9) тармақшасы құқық қорғау органына кір келтіретін теріс қылықтар жасағаны үшін теріс себептермен бұрын жұмыстан шығарылған адамдардың құқық қорғау қызметіне қабылдануына жол бермеу бөлігінде Қазақстан Республикасының Конституциясына сәйкес келеді деп танылсын.
2. Қазақстан Республикасының Үкіметіне Қазақстан Республикасы Конституциялық Сотының осы нормативтік қаулыда жазылған құқықтық ұстанымдарына сәйкес заңнаманы одан әрі жетілдіру мәселесін қарау ұсынылсын.
3. Осы нормативтік қаулы қабылданған күнінен бастап күшіне енеді, Қазақстан Республикасының бүкіл аумағында жалпыға бірдей міндетті, түпкілікті болып табылады және шағым жасалуға жатпайды.
4. Осы нормативтік қаулы заңнамалық актілерді ресми жариялау құқығын алған мерзімді баспасөз басылымдарында, құқықтық ақпараттың бірыңғай жүйесінде және Қазақстан Республикасы Конституциялық Сотының интернет-ресурсында қазақ және орыс тілдерінде жариялансын.
Қазақстан Республикасының Конституциялық Соты |