Қазақстан Республикасының Конституциялық Соты Төраға Э.Ә. Азимова, судьялар А.Қ. Ескендіров, Қ.Т. Жақыпбаев, А.Е. Жатқанбаева, А.Қ. Қыдырбаева, Б.М. Нұрмұханов, Е.Ә. Оңғарбаев, Р.А. Подопригора және С.Ф. Ударцев қатысқан құрамда,
өтініш субъектісі А-ның және оның өкілі – Ақмола облыстық адвокаттар алқасының адвокаты С.М. Сарсенбаевтың,
Қазақстан Республикасы Бас прокуратурасының өкілі – Бас Прокурордың ерекше тапсырмалар жөніндегі аға көмекшісі Т.Б. Адамовтың,
Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігінің өкілі – Заң мен норма шығармашылығын үйлестіру департаментінің бастығы Р.В. Зұлхайыровтың,
Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінің өкілі – Заңнама департаментінің директоры Д.А. Сүлейменовтің,
Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісі Аппаратының өкілі – Заңнама бөлімінің бас консультанты Ж.Н. Джигитекованың,
Қазақстан Республикасы Парламенті Сенаты Аппаратының өкілі – Заңнама бөлімі меңгерушісінің орынбасары Н.А. Сартаеваның,
Адам құқықтары жөніндегі ұлттық орталықтың өкілі – Құқықтық және ұйымдастыру-талдау жұмысы бөлімі меңгерушісінің орынбасары Д.Т. Абдрахманованың,
Республикалық адвокаттар алқасының өкілі – ғылыми-консультативтік кеңестің мүшесі С.С. Дельмановтың қатысуымен,
өзінің ашық отырысында 2014 жылғы 4 шілдедегі Қазақстан Республикасы Қылмыстық-процестік кодексінің (бұдан әрі – ҚПК) 152-бабы алтыншы бөлігінің Қазақстан Республикасының Конституциясына сәйкестігін тексеру туралы өтінішті қарады.
Баяндамашы – Қазақстан Республикасы Конституциялық Сотының судьясы Қ.Т. Жақыпбаевты және отырысқа қатысушыларды, сарапшы – заң ғылымдарының докторы, Astana International University Құқық жоғары мектебінің профессоры А.Н. Ахпановты тыңдап, конституциялық іс жүргізу материалдарын зерделеп және Қазақстан Республикасының қолданыстағы құқық нормаларына талдау жасай отырып, Қазақстан Республикасының Конституциялық Соты
анықтады:
Қазақстан Республикасының Конституциялық Сотына (бұдан әрі – Конституциялық Сот) ҚПК-нің 152-бабы алтыншы бөлігінің Қазақстан Республикасының Конституциясына (бұдан әрі – Конституция, Негізгі Заң) сәйкестігін қарау туралы өтініш келіп түсті.
Өтініштен және оған қоса берілген құжаттардан қылмыстық іс бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру аяқталғаннан кейін өтініш субъектісі қылмыстық іс материалдарымен танысудан бас тартқанын, алайда өзінің қорғаушысы және қылмыстық процестің басқа қатысушылары қылмыстық іс материалдарымен танысып жатқан кезеңде де оны күзетпен ұстау бір жылдан астам уақытқа жалғаса бергенін түсінуге болады.
Өтініш субъектісінің пікірінше, ҚПК-нің 152-бабының алтыншы бөлігінде қылмыстық процестің басқа қатысушыларының қылмыстық іс материалдарымен танысуына шекті мерзімдер белгіленбегендіктен, бұл норма күзетпен ұсталып отырған күдікті адам ретінде өзінің конституциялық құқықтары мен бостандықтарын бұзады.
Өтініш субъектісі дау айтып отырған ҚПК нормасының конституциялылығы мәселесін қарау кезінде өтініш нысанасына қатысты Конституциялық Сот мыналарды негізге алады.
1. Конституцияда әркімнің өзінің құқықтары мен бостандықтарын заңға қайшы келмейтін барлық тәсілдермен қорғау және білікті заң көмегін алу құқықтары бекітіледі (13-баптың 1 және 3-тармақтары).
Әркімнің өзінің жеке басының бостандығына құқығы бар. Ұсталған, тұтқындалған, қылмыс жасады деп айып тағылған әрбір адам сол ұсталған, тұтқындалған немесе айып тағылған кезден бастап адвокаттың (қорғаушының) көмегін пайдалануға құқылы (Негізгі Заңның 16-бабының 1 және 3-тармақтары).
Бұған дейін Конституциялық Сот Негізгі Заңда айқындалған адамның жеке басы бостандығы етене құқығына мемлекет жеке басқа қолсұғылмаушылық қағидатын іске асыру арқылы кепілдік беруге міндетті деп атап өтті (2023 жылғы 11 сәуірдегі № 9 нормативтік қаулы). Конституциялық бақылау органы білікті заң көмегі Негізгі Заңда бекітілген сот арқылы қорғалу құқығын және сот төрелігі қағидаттарын іске асырумен тығыз байланысты, Негізгі Заң мемлекетке осындай көмекті көрсету үшін тиімді рәсімдер мен жағдайлар жасау міндетін жүктейді деп көрсетті (Қазақстан Республикасы Конституциялық Кеңесінің 2021 жылғы 4 маусымдағы № 1 нормативтік қаулысы).
Конституциялық Сот қылмыстық сот ісін жүргізуге қатысты Конституцияда мемлекеттің ең қымбат қазынасын – адамды және адамның өмірін, құқықтары мен бостандықтарын қорғауды қамтамасыз етудің толыққанды әрі тиімді заңнамалық тетіктерін жасауға ерекше мән берілетінін де баса атап өтті (2024 жылғы 29 мамырдағы № 45-НҚ нормативтік қаулы).
Біріккен Ұлттар Ұйымы Бас Ассамблеясының 1966 жылғы 16 желтоқсандағы 2200А (ХХІ) резолюциясымен қабылданған Азаматтық және саяси құқықтар туралы халықаралық пактінің (2005 жылғы 28 қарашадағы Қазақстан Республикасының Заңымен ратификацияланған) 14-бабы 3-тармағының с) тармақшасында әрбір адамның өзiне тағылған кез келген қылмыстық айыптау қаралған кезде дәлелсіз ұстау негiзiнде сотталмауына құқығы бар деп бекітіледі.
2. ҚПК-нің 152-бабының алтыншы бөлігіне сәйкес сотқа дейінгі тергеп-тексеру кезінде адамды күзетпен ұстау мерзімі күдіктінің күзетпен қамалған кезінен бастап оған тергеу әрекеттерін жүргізу аяқталғаны туралы хабарланғанға және қылмыстық іс материалдарымен танысу құқығы түсіндірілгенге дейін есептеледі. Күдікті мен қорғаушының қылмыстық іс материалдарымен танысу кезеңінде күдіктіні күзетпен ұстауды тергеу судьясы ҚПК-де көзделген тәртіппен санкциялайды және оның мерзімін ұзартады. Күдікті мен қорғаушының қылмыстық іс материалдарымен танысу кезеңінде күдіктінің күзетпен ұстауда болуы сотқа дейінгі тергеп-тексеру кезінде күзетпен ұстау мерзіміне кірмейді, бірақ оны сот жаза тағайындау кезінде ескереді.
Сотқа дейінгі тергеп-тексеру кезінде күдіктіні күзетпен ұстау мерзімін бұлайша есептеу күдікті мен қорғаушыға басты сот талқылауына толыққанды дайындалу үшін жеткілікті уақыт беруді көздейді.
Күдікті мен қорғаушы іс материалдарымен танысу процесінде кез келген мәліметті және кез келген көлемде көшіріп алуға, мемлекеттік құпияларды немесе заңмен қорғалатын өзге де құпияны қамтитын мәліметтерді қоспағанда, құжаттардың көшірмесін түсіріп алуға, оның ішінде ғылыми-техникалық құралдардың көмегімен түсіріп алуға құқылы (ҚПК-нің 296-бабының екінші бөлігі).
Әркімнің өзінің құқықтары мен бостандықтарын заңға қайшы келмейтін барлық тәсілдермен қорғауға және білікті заң көмегін алуға конституциялық құқықтарын іс жүзінде іске асыру үшін ҚПК-нің 296-бабы үшінші бөлігінің ережесі өте маңызды, оған сәйкес күдікті мен қорғаушыға қылмыстық істің барлық материалдарымен танысу үшін қажетті уақыт шектелмейді. Егер күдікті мен қорғаушы іс материалдарымен танысу уақытын көрінеу созбаласа, онда сотқа дейінгі тергеп-тексеруді жүзеге асыратын адам белгілі бір мерзімді белгілей отырып, прокурор бекітетін іс материалдарымен танысу кестесін жасауға құқылы.
Күдікті мен қорғаушы қорғаушы тарап болып табылады (ҚПК-нің 7-бабының 18) тармағы), осыған байланысты олардың қылмыстық процестің барлық сатысындағы, оның ішінде қылмыстық іс материалдарымен танысу кезіндегі өзара қарым-қатынастарының сипаты олардың біртұтас субъект ретінде әрекет ететіндігін көздейді.
Күдіктіні күзетпен ұстаудың жалпы мерзімінен оның ғана емес, қорғаушының да іс материалдарымен танысатын ақылға қонымды уақытын алып тастау соңғысына тергеу нәтижесінде жиналған дәлелдемелерді толыққанды және кәсіби зерттеуге мүмкіндік беру қажеттігінен туындайды, бұл күдіктіні тиімді қорғауды қамтамасыз ету үшін айтарлықтай маңызды.
Баяндалған мән-жайлар жағдайында Конституциялық Сот өтініш беруші дау айтып отырған ҚПК нормасы адамның және азаматтың Конституцияда бекітілген құқықтары мен бостандықтарына нұқсан келтірмейді деп есептейді. Қорғаушы мен күдіктінің әрекеттеріндегі келіспеушілік норманы конституциялық емес деп тануға негіз болып табылмайды, алайда құқық қолдану практикасын, оның ішінде сотқа дейінгі тергеп-тексеру органы, күдіктінің қорғаушысын қоса алғанда, қылмыстық процеске қатысушылардың іс материалдарымен танысу кестесін жасаған кезде күзетпен ұсталып отырған күдіктінің пікірін анықтау арқылы түзету талап етіледі.
3. ҚПК-нің қаралып отырған нормасының конституциялылығын тани отырып, Конституциялық Сот күдіктіні күзетпен ұстау түріндегі бұлтартпау шарасын қолдануға байланысты жекелеген мәселелердің жеткіліксіз пысықталғанын атап өтеді. Қылмыстық процесс сатысына қарай адамды күзетпен ұстау мерзімін ҚПК-де көзделгендей автономды бөліктерге бөлу практикада осы бұлтартпау шарасын қолданудың заңда белгіленген шекті мерзімдерін өзгертуге ұшыратуы мүмкін. Мұндай тәуекелдердің болуы әркімнің жеке бас бостандығы конституциялық құқығына кепілдік беру тетігіне қатысты заңнамалық реттеудің жеткіліксіздігін көрсетеді.
Конституциялық іс жүргізу барысында құқық қолдану практикасында күдіктіні күзетпен ұстау мерзімін есептеу күдіктінің және оның қорғаушысының қылмыстық іс материалдарымен танысу уақытына қарамастан, қылмыстық процестің барлық қатысушыларының танысу кезеңіне тоқтатылатыны да анықталды.
Осыған байланысты Конституциялық Сот ҚПК-нің қаралып отырған бабының бөліктері арасында өзара байланыс жоқ екеніне назар аударады. ҚПК-нің 152-бабы алтыншы бөлігінің мәтінінен сотқа дейінгі тергеп-тексеру кезінде күзетпен ұстау мерзіміне күдіктінің және оның қорғаушысының қылмыстық іс материалдарымен танысу кезеңі ғана кірмейтінін түсінуге болады. Бұл ретте процестің басқа қатысушыларының қылмыстық іс материалдарымен танысу кезеңі тікелей көрсетілмеген, бұл осы баптың жетінші бөлігімен үйлеспейді.
ҚПК-нің 152-бабының жетінші бөлігіне сәйкес күдіктінің қылмыстық іс материалдарымен танысу кезеңінде және прокурордың сотқа дейінгі тергеп-тексеру аяқталғаннан кейін қылмыстық істі зерделеуі кезеңінде күзетпен ұстауда болу мерзімін айқындаған кезде тергеу судьясы күдіктінің және оның қорғаушысының іспен танысу уақытына әсер ететін бірқатар мән-жайды, оның ішінде іске қатысатын адамдардың санын ескереді.
Заңдардың құқықтық айқындылығын және оларды қолдану салдарының болжамдылығын қамтамасыз ету мақсатында қылмыстық-процестік нормаларды екіұшты түсінуге жол бермейтіндей етіп неғұрлым нақты жазу қажет.
Конституциялық Сот адвокат пен күдікті арасында келіспеушіліктер орын алған кезде сотқа дейінгі іс жүргізудің соңғы сатысында адвокаттың білікті заң көмегін көрсету тәртібін регламенттейтін ҚПК нормаларының құқықтық тұрғыдан үйлесуінің жеткіліксіздігін де атап өтеді.
Күдіктінің (айыпталушының, сотталушының) қорғаушысының (адвокатының) болуы, әсіресе, адвокат мемлекет кепілдік берген білікті заң көмегін көрсеткен жағдайларда, қорғалушының қандай да бір құқығын шектеуге негіз бола алмайды. Адвокаттың кәсіптік мінез-құлық нормаларында оның істі қасақана созуына жол бермеу тікелей көзделеді ("Адвокаттық қызмет және заң көмегі туралы" 2018 жылғы 5 шілдедегі Қазақстан Республикасы Заңының 34-бабының 3) тармақшасы). Осыған байланысты қорғаушының (адвокаттың) қылмыстық іс материалдарымен танысуының негізсіз ұзақ рәсімі күдіктінің жеке бас бостандығы және сотта қылмыстық істі ақылға қонымды мерзімде қарау құқықтарын елеулі түрде бұзуы мүмкін.
Конституциялық Соттың пікірінше, тараптардың қылмыстық іс материалдарымен, әсіресе, бірнеше томнан тұратын материалдармен танысу құқығын іске асыру үшін жеткілікті уақытты айқындау өлшемшарттарын заңнамалық тұрғыдан белгілеу және осы рәсімді, оның ішінде қылмыстық істер бойынша іс жүргізу кезінде бір мезгілде оны электрондық форматта жүзеге асырудың техникалық мүмкіндіктерін ескере отырып, неғұрлым егжей-тегжейлі регламенттеу күзетпен ұсталатын күдіктінің жеке бас бостандығы конституциялық құқығының сақталуына ықпал етер еді.
Осы жазылғандардың негізінде, Қазақстан Республикасы Конституциясының 72-бабының 3-тармағын және 74-бабының 3-тармағын, "Қазақстан Республикасының Конституциялық Соты туралы" 2022 жылғы 5 қарашадағы Қазақстан Республикасы Конституциялық заңының 23-бабы 4-тармағының 3) тармақшасын, 55 – 58, 62-баптарын, 64-бабының 3-тармағын және 65-бабы 1-тармағының 2) тармақшасын басшылыққа ала отырып, Қазақстан Республикасының Конституциялық Соты
қаулы етеді:
1. Қазақстан Республикасы Қылмыстық-процестік кодексінің 152-бабының алтыншы бөлігі Қазақстан Республикасының Конституциясына сәйкес келеді деп танылсын.
2. Қазақстан Республикасының Үкіметіне Қазақстан Республикасы Конституциялық Сотының осы нормативтік қаулыда жазылған құқықтық ұстанымдарына сәйкес қылмыстық-процестік заңнаманы одан әрі жетілдіру мәселесін қарау ұсынылсын.
3. Осы нормативтік қаулы қабылданған күнінен бастап күшіне енеді, Қазақстан Республикасының бүкіл аумағында жалпыға бірдей міндетті, түпкілікті болып табылады және шағым жасалуға жатпайды.
4. Осы нормативтік қаулы заңнамалық актілерді ресми жариялау құқығын алған мерзімді баспасөз басылымдарында, құқықтық ақпараттың бірыңғай жүйесінде және Қазақстан Республикасы Конституциялық Сотының интернет-ресурсында қазақ және орыс тілдерінде жариялансын.
Қазақстан Республикасының Конституциялық Соты |