Қазақстан Республикасының Конституциялық Соты Төраға Э.Ә. Азимова, судьялар Қ.Т. Жақыпбаев, А.Е. Жатқанбаева, А.Қ. Қыдырбаева, Қ.С. Мусин, Б.М. Нұрмұханов, Р.А. Подопригора және С.Ф. Ударцев қатысқан құрамда,
өтініш субъектісі А.А. Батырбаевтың және оның өкілдері – Астана қаласы адвокаттар алқасының адвокаттары Н.М. Азбанбаев пен А.Т. Досмухамбетованың,
Қазақстан Республикасы Қаржылық мониторинг агенттігінің өкілі – Тергеу басқармасының басшысы М.Н. Финансовтың,
Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінің өкілі – Заңнама департаментінің директоры Д.А. Сүлейменовтің,
Қазақстан Республикасы Бас прокуратурасының өкілі – Бас Прокурордың ерекше тапсырмалар жөніндегі аға көмекшісі Т.Б. Адамовтың,
Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісі Аппаратының өкілі – Заңнама бөлімінің бас консультанты Н.Т. Харесованың,
Қазақстан Республикасы Парламенті Сенаты Аппаратының өкілі – Заңнама бөлімі меңгерушісінің орынбасары Н.А. Сартаеваның,
Адам құқықтары жөніндегі ұлттық орталықтың өкілі – Құқықтық және ұйымдастыру-талдау жұмысы бөлімі меңгерушісінің орынбасары Д.Т. Абдрахманованың,
Республикалық адвокаттар алқасының өкілі – ғылыми-консультативтік кеңестің мүшесі А.А. Нуркееваның қатысуымен,
өзінің ашық отырысында 2014 жылғы 4 шілдедегі Қазақстан Республикасы Қылмыстық-процестік кодексінің (бұдан әрі – ҚПК) 319-бабы бесінші бөлігінің Қазақстан Республикасының Конституциясына сәйкестігін тексеру туралы өтінішті қарады.
Баяндамашы – Қазақстан Республикасы Конституциялық Сотының судьясы Қ.Т. Жақыпбаевты және отырысқа қатысушыларды, сарапшы – Maqsut Narikbayev University провосты (ректоры), заң ғылымдарының кандидаты, доцент С.Г. Пенді тыңдап, конституциялық іс жүргізу материалдарын зерделеп және Қазақстан Республикасының қолданыстағы құқық нормаларына талдау жасай отырып, Қазақстан Республикасының Конституциялық Соты
анықтады:
Қазақстан Республикасының Конституциялық Сотына (бұдан әрі – Конституциялық Сот) ҚПК-нің 319-бабы бесінші бөлігінің Қазақстан Республикасының Конституциясына (бұдан әрі – Конституция, Негізгі Заң) сәйкестігін қарау туралы өтініш келіп түсті.
Өтініштен 2024 жылғы 20 маусымда Астана қаласы мамандандырылған ауданаралық тергеу сотының тергеу судьясы өтініш субъектісіне қатысты күзетпен ұстау түріндегі бұлтартпау шарасын санкциялағанын түсінуге болады. Кейіннен күзетпен ұстау мерзімі белгіленген тәртіппен 2024 жылғы 18 желтоқсанға дейін ұзартылған.
Прокурордан келіп түскен қылмыстық іс 2024 жылғы 17 желтоқсанда Астана қаласының қылмыстық істер жөніндегі ауданаралық сотында тіркеліп, 2024 жылғы 20 желтоқсандағы сот қаулысымен іс жүргізуге қабылданған. Өтініш берушіге қатысты таңдалған бұлтартпау шарасы осы сот актісімен өзгеріссіз қалдырылып, оны күзетпен ұстау мерзімі "іс мәні бойынша қаралғанға дейін" ұзартылған.
Өтініш субъектісі ҚПК-нің 319-бабының бесінші бөлігі Конституцияның ережелерін бұза отырып, сот белгілеген мерзім өткеннен кейін айыпталушыны күзетпен ұстау мүмкіндігіне жол береді деп есептейді.
Қаралып отырған ҚПК нормасының конституциялылығын тексеру кезінде Конституциялық Сот мыналарды негізге алады.
1. Конституцияда адам және адамның өмірі, құқықтары мен бостандықтары мемлекеттің ең қымбат қазынасы деп жария етіледі (1-баптың 1-тармағы).
Жеке бас бостандығының конституциялық кепілдіктері Негізгі Заңның 16-бабында бекітілген, оған сәйкес әркімнің жеке басының бостандығы құқығы бар. Заңда көзделген реттерде ғана және тек қана соттың санкциясымен тұтқындауға және қамауда ұстауға болады, тұтқындалған адамға шағымдану құқығы беріледі. Соттың санкциясынсыз адамды жетпіс екі сағаттан аспайтын мерзімге ұстауға болады.
Конституцияның 39-бабының 3-тармағына сәйкес әркімнің жеке басының бостандығы құқығы, Конституцияның нормаларында көзделген жағдайларды қоспағанда, ешбір жағдайларда да шектелмеуге тиіс (Қазақстан Республикасы Конституциялық Кеңесінің 2012 жылғы 13 сәуірдегі № 2 нормативтік қаулысы).
Конституцияда Қазақстан Республикасы ратификациялаған халықаралық шарттардың Республика заңдарынан басымдығы белгіленеді. Қазақстан қатысушысы болып табылатын халықаралық шарттардың Қазақстан Республикасының аумағында қолданылу тәртібі мен талаптары оның заңнамасында айқындалады (4-баптың 3-тармағы).
Конституциялық Сот өз шешімдерінде адамның және азаматтың құқықтары мен бостандықтарын кез келген шектеу заңмен қатаң айқындалып қана қоймай, құқықтық айқындылық қағидаттарына сәйкес келуге – анық, болжамды болуға және өз бетінше түсіндіруге жол бермеуге тиіс деп дәйекті түрде атап өтіп отырады.
Конституциялық Сот 2023 жылғы 11 сәуірдегі № 9 нормативтік қаулысында "адамның жеке басы бостандығы етене құқығына мемлекет жеке басқа қолсұғылмаушылық қағидатын іске асыру арқылы кепілдік беруге міндетті. Қандай да бір бұлтартпау шарасы қолданылған әрбір адам қадір-қасиеті бар, ешкім айыра алмайтын және тумысынан тиесілі құқықтары бар жеке тұлға болып табылады" деп көрсетті.
Бұған дейін конституциялық бақылау органы адамның Конституцияда кепілдік берілген құқықтары мен бостандықтарын іске асыру үшін қабылданатын заңнамалық сипаттағы шаралар, ең алдымен, конституциялық құқықтар мен бостандықтардың бұзылу ықтималын болғызбауға бағытталуға тиіс деп атап өткен болатын. Қылмыстық сот ісін жүргізуге қатысты Конституцияда мемлекеттің ең қымбат қазынасын – адамды және адамның өмірін, құқықтары мен бостандықтарын қорғауды қамтамасыз етудің толыққанды әрі тиімді заңнамалық тетіктерін жасауға ерекше мән беріледі (2024 жылғы 29 мамырдағы № 45-НҚ нормативтік қаулы).
Демек, қылмыстық сот ісін жүргізудегі бұлтартпау шараларына байланысты заңнамалық тетіктер тұрақты және дер кезіндегі сот бақылауын қамтамасыз етуге тиіс. Бұлар сот шешімінсіз адамды тіпті қысқа мерзімге күзетпен ұстауға мүмкіндік беретін процестік "аралыққа" жол бермейді.
2. Жеке бас бостандығына іргелі құқық құқықтық мемлекеттің ажырамас бөлігі болып табылады және Конституцияда да, Қазақстан Республикасы таныған халықаралық құқықтық актілерде де қорғалады.
Халықаралық стандарттарда бас бостандығынан айырумен байланысты шараларға тиімді әрі жедел сот бақылауының сөзсіз болуы, негізсіз ұстауды немесе қамаққа алуды болғызбау, сондай-ақ әрбір мемлекеттің ұлттық заңнамада адамды күзетпен ұстау мәселесі бойынша сот шешімі үшін барынша қысқа мерзім белгілеу қажеттігі ерекше атап өтіледі.
Біріккен Ұлттар Ұйымы (бұдан әрі – БҰҰ) Бас Ассамблеясының 1948 жылғы 10 желтоқсандағы резолюциясымен қабылданған Адам құқықтарының жалпыға бірдей декларациясының 8 және 9-баптарында әр адам өзіне конституциямен немесе заңмен берілген негізгі құқықтары бұзылған жағдайда, құқығын құзыретті ұлттық сот арқылы тиімді түрде қалпына келтіруге құқылы, ешкім де негізсіз тұтқындалуға, қамауда ұсталуға немесе қуғынға ұшыратылуға тиіс емес деп белгіленген.
БҰҰ Бас Ассамблеясының 1966 жылғы 16 желтоқсандағы 2200А (ХХІ) резолюциясымен қабылданған, 2005 жылғы 28 қарашадағы Қазақстан Республикасының Заңымен ратификацияланған Азаматтық және саяси құқықтар туралы халықаралық пактінің 9-бабында ешкiм заңда белгіленген негiздерден және осындай рәсімдерге сәйкес жағдайлардан бөлек бас бостандығынан айырылмауға тиіс (1-тармақ ) деп атап өтіледі. Қамаққа алу немесе күзетпен ұстау салдарынан бас бостандығынан айрылған әрбір адамның ұсталуының заңдылығына қатысты сот кейінге қалдырмай қаулы шығаруы және, ұсталынуы заңсыз болса, оны босату туралы өкім жасауы үшiн iсiнің сотта талқылануына құқығы бар (4-тармақ).
Демек, күзетпен ұстау мерзімін кез келген ұзарту негізделген қажеттілікке негізделуге және оны сот растауға тиіс.
3. Бұлтартпау шарасы ретіндегі күзетпен ұстау қылмыстық процесте адам құқықтарын ең қатаң шектеу болып табылады және дер кезіндегі сот бақылауынсыз ол іс жүзінде негізсіз бас бостандығынан айыруға айналуы мүмкін. Осыған байланысты заң қылмыстық процестің барлық сатысында, оның ішінде прокурордың шешімімен айыпталушы сотқа берілген, қылмыстық іс сотқа жіберілген және іс соттың жүргізуіне қабылданған кезде жеке бас бостандығына конституциялық құқықты тиімді қорғауға бағытталған.
Мұндай бұлтартпау шарасы тек судьяның санкциясымен және басқа, қатаңдығы неғұрлым жеңіл бұлтартпау шараларын қолдану мүмкін болмаған кезде, заңда бес жылдан астам мерзімге бас бостандығынан айыру түріндегі жаза көзделген қылмысты жасады деген күдіктіге, айыпталушыға, сотталушыға қатысты ғана қолданылады. Тек айрықша жағдайларда күзетпен ұстау заңда бес жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айыру түріндегі жаза көзделген қылмыс туралы қылмыстық іс шеңберінде қолданылуы мүмкін (ҚПК-нің 147-бабының бірінші бөлігі).
Жеке бас бостандығы құқығы Негізгі Заңмен қорғалатын негізгі құқықтардың бірі болып табылады және оны кез келген шектеу қылмыстық процестің барлық қатысушылары үшін түсінікті және сотқа дейінгі тергеп-тексеру органының, прокурордың және соттың өз қалауы бойынша шешім қабылдауына жол бермейтін, нақты және дәйекті регламенттелген заң нормаларына негізделуге тиіс. Мұндай конституциялық құқықты кез келген шектеу жеткілікті негіздер болған кезде және сот рәсімі қатаң сақталған кезде қолданылуға тиіс. Заңнамалық нормалар күдіктіні (айыпталушыны, сотталушыны) сот шешімінде белгіленген мерзімнен тыс мерзімде күзетпен ұстайтын жағдайға алып келмеуге тиіс, бұл оның жеке басының бостандығы конституциялық құқығын бұзады. Егер сот актісімен мерзімді тиісінше ұзарту болмаса, бұлтартпау шарасын қолдану сот шешімдері арасындағы қысқа уақыт аралығында да негізсіз қолдану болып табылады.
Сот шешімінсіз адамды күзетпен ұстау жағдайына жол бермеу мақсатында заң шығарушы сотқа дейінгі тергеп-тексеру сатысында осы мерзімді ұзарту мәселесін күні бұрын шешу міндеттілігін көздеді. Мәселен, ҚПК-нің 151-бабының алтыншы, жетінші және сегізінші бөліктеріне сәйкес сотқа дейінгі тергеп-тексеруді жүзеге асыратын адам прокурорға келісу үшін күдіктіні күзетпен ұстау мерзімін: күзетпен ұстау мерзімі өткенге дейін он тәуліктен кешіктірмей үш айға дейін, күзетпен ұстау мерзімі өткенге дейін он бес тәуліктен кешіктірмей үш айдан астам, күзетпен ұстау мерзімі өткенге дейін жиырма тәуліктен кешіктірмей он екі айдан астам мерзімге ұзарту туралы өтінішхат ұсынады.
Қылмыстық іс материалдарымен танысу кезеңінде күдіктіні күзетпен ұстау мерзімін санкциялау туралы өтінішхат келісу үшін прокурорға күзетпен ұстау мерзімі өткенге дейін бес тәуліктен кешіктірілмей ұсынылуға тиіс және оны прокурор келіп түскен кезінен бастап бір тәуліктен асырмай қарайды (ҚПК-нің 151-бабының он бірінші бөлігі).
Прокурор күдіктіні күзетпен ұстау мерзімі өткенге дейін ҚПК-нің 151-бабының оныншы, он екінші және он үшінші бөліктерінде көрсетілген сараланған мерзімдерге сәйкес сотқа мерзімді ұзарту туралы өтінішхат ұсынады.
Конституциялық Соттың пікірінше, заңның құқықтық айқындылығы мен болжамдылығын қамтамасыз ету мақсатында адамның және азаматтың құқықтары мен бостандықтарын сақтау, оның ішінде сотқа дейінгі іс жүргізу аяқталғаннан кейін де адамды күзетпен ұстау мәселелерін регламенттейтін қылмыстық-процестік нормаларды неғұрлым нақты жазу қажет. Мәселен, ҚПК-нің 319-бабының бесінші бөлігінде "Судья қаулы шығарумен бiр мезгілде айыпталушыға бұлтартпау шарасын қолданудың немесе қолданбаудың негiздiлiгi туралы және егер бұлтартпау шарасы таңдалса, оның түрiнiң негiздiлiгi немесе негiзсiздiгi туралы мәселенi қарауға, егер осы уақытқа дейін бұлтартпау шарасын қолдану мерзімі өтіп кетсе, оны ұзартуға мiндеттi" деп белгіленеді.
Конституциялық Сот қаралып отырған норманың бір мағына бермейтін редакциясына назар аударады, бұл ұйғарым шығаратын судьяға баламасыз шешім қабылдауға: "егер осы уақытқа дейін бұлтартпау шарасын қолдану мерзімі өтіп кетсе, оны ұзартуға" деп интерпретациялауға себеп береді. Норманы бұлайша түсіну құқық қолдану практикасында мерзімді ұзарту туралы жаңа сот шешімі қабылданғанға дейінгі аралықта адамды сот актісінсіз күзетпен ұстау жағдайына жол беруі мүмкін.
Судьяның сотқа келіп түскен қылмыстық іс бойынша айыпталушыға қатысты бұлтартпау шарасын қолдану мерзімін ұзартуы туралы ереже 2015 жылғы 1 қаңтарға дейін қолданыста болған 1997 жылғы 13 желтоқсандағы Қазақстан Республикасының Қылмыстық іс жүргізу кодексінде (299-баптың бесінші бөлігі) бұрын болмаған.
Құқық қолдану практикасында сотқа берілген адамды күзетпен ұстау мерзімінің өту жағдайларының іс сотқа келіп түскен күні болу ықтималдығына Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының "Қылмыстық істі сот отырысына дайындау барысында қылмыстық-процестік заңнама нормаларын қолданудың кейбір мәселелері туралы" 2017 жылғы 8 желтоқсандағы № 10 нормативтік қаулысының 10-тармағында жол беріледі.
Қылмыстық процестің барлық сатысында адамды күзетпен ұстау мәселесін заңнамалық реттеу және құқық қолдану практикасы жеке бас бостандығына конституциялық құқықты бұзуды заңдастыру мүмкіндігіне жол бермеуге тиіс. Заңда адамды күзетпен ұстау мерзімі өткен кезде тиісті сот шешімінсіз тіпті қысқа уақыт аралығында да адамды күзетпен ұстауға жол беретін ережелер немесе дәл емес тұжырымдар болмауға тиіс. Осыған байланысты ҚПК-нің адамды сот белгілеген мерзім өткеннен кейін күзетпен ұстауға мүмкіндік беретін нормасы құқық үстемдігі және құқықтық айқындылық қағидаттарымен үйлеспейді және Конституцияның 16-бабы 2-тармағының ережелеріне сәйкес келмейді.
Конституциялық Сот қылмыстық процесте сот бұлтартпау шарасын ұзартпай, адам күзетпен ұсталатын кезеңнің болуы Конституцияның 16-бабына және Қазақстан Республикасының адам құқықтары саласындағы халықаралық міндеттемелеріне қайшы келеді деп есептейді.
4. Күзетпен ұсталатын адамдардың жеке басының бостандығы конституциялық құқығын қорғауды қамтамасыз ету мақсатында сотқа дейінгі іс жүргізудің аяқталу сатысында прокурордың қылмыстық іс бойынша шешімдері мен әрекеттерін (ҚПК-нің 39-тарауы) ҚПК-нің 319-бабының бесінші бөлігінде белгіленген судьяның келіп түскен қылмыстық іс бойынша әрекеттерді орындау мерзімімен (іс сотқа келіп түскен кезден бастап бес тәуліктен кешіктірмей) сәйкестендіру қажет.
Конституциялық бақылау органы әркімнің жеке басының бостандығы құқығы адамның негізгі құқықтарының бірі болып табылады деп баса айтып, адамды ұстаған кезде бас бостандығын шектеу мерзімі минутына дейін дәлме-дәл есептелуге тиіс екенін бұған дейін де атап өткен болатын (Қазақстан Республикасы Конституциялық Кеңесінің 2012 жылғы 13 сәуірдегі № 2 нормативтік қаулысы). Сотқа берілген адамды күзетпен ұстаудың нақты мерзімін соттың белгілеуі көрсетілген мерзім өткен кезде оны күзетпен ұстаудан босату шараларын уақтылы қабылдау үшін өте маңызды.
Осыған байланысты сот талқылауы кезеңінде сотталушыны күзетпен ұстау мерзімін есептеп, соттың белгілеу және осы бұлтартпау шарасының күшін жоюға негіздер болмаған кезде оны ұзарту немесе оны басқа бұлтартпау шарасына өзгерту рәсімін барынша егжей-тегжейлі регламенттеу талап етіледі. Сотталушыны күзетпен ұстау мерзімін "істі мәні бойынша қарағанға дейін" деген тұжырыммен ұзартудың қолданыстағы сот практикасы құқықтық айқындылық қағидатына сәйкес келмейді.
ҚПК-нің 342-бабында сот талқылауы кезеңінде сотталушыны күзетпен ұстау мерзімдерін есептеу айқындалған. Мұндай бұлтартпау шарасының мерзiмi iс сотқа келіп түскен күннен бастап есептеледі және ол үкiм шығарылғанға дейiн алты айдан аспауға тиiс. Ауыр қылмыстар туралы iстер бойынша сот өзiнiң қаулысымен сотталушыны күзетпен ұстау мерзімін он екi айға дейiн ұзартуға құқылы. Аса ауыр қылмыстар туралы істер бойынша сот аталған мерзімді он сегіз айға дейін ұзарта алады. Айрықша жағдайларда көрсетілген мерзім соттың уәжді қаулысы бойынша ұзартылуы, бірақ әрбір ретте бір айдан аспайтын мерзімге ұзартылуы мүмкін.
ҚПК-де (152-баптың үшінші және төртінші бөліктері) және "Адамдарды қоғамнан уақытша оқшаулауды қамтамасыз ететін арнаулы мекемелерде, арнаулы үй-жайларда ұстау тәртібі мен шарттары туралы" 1999 жылғы 30 наурыздағы Қазақстан Республикасының Заңында (48-бап) күзетпен ұстау мерзімі өткен кезде күдіктілер мен айыпталушыларды күзетпен ұстаудан босату тәртібі регламенттелген.
Күзетпен ұстау орны әкімшілігінің бастығы күдіктіні, айыпталушыны күзетпен ұстау мерзімі өткенге дейін жиырма төрт сағаттан кешіктірмей бұл жайында қылмыстық іс жүргізуінде жатқан органды немесе адамды, сондай-ақ прокурорды хабардар етуге міндетті. Егер күзетпен ұстаудың заңда белгіленген мерзімі өткен бойда күдіктіні, айыпталушыны босату туралы не оларды күзетпен ұстау мерзімін ұзарту туралы тиісті шешім келіп түспесе, күзетпен ұстау орны әкімшілігінің бастығы аталған адамдарды өзінің қаулысымен босатып, оның көшірмесін қылмыстық іс жүргізуінде жатқан органға немесе адамға және прокурорға жиырма төрт сағат ішінде жібереді. Күзетпен ұстау орны әкімшілігінің бастығы көрсетілген талаптарды орындамаған кезде заңда белгіленген жауаптылықта болады.
Конституциялық Сот күдіктілер мен айыпталушыларды күзетпен ұстаудың белгіленген мерзімінің өтуіне байланысты оларды күзетпен ұстаудан босату рәсімін регламенттейтін аталған заңнамалық актілерде күзетпен ұстау орны әкімшілігі бастығы әрекеттерінің дәл осындай алгоритмі сотталушыны күзетпен ұстаудың сот белгілеген мерзімі өткен жағдайда оған да қолданылатыны тікелей белгіленбегеніне назар аударады.
Осы жазылғандардың негізінде, Қазақстан Республикасы Конституциясының 72-бабының 3-тармағын және 74-бабының 3-тармағын, "Қазақстан Республикасының Конституциялық Соты туралы" 2022 жылғы 5 қарашадағы Қазақстан Республикасы Конституциялық заңының 23-бабы 4-тармағының 3) тармақшасын, 55 – 58 және 62 – 65-баптарын басшылыққа ала отырып, Қазақстан Республикасының Конституциялық Соты
қаулы етеді:
1. Қазақстан Республикасы Қылмыстық-процестік кодексінің 319-бабының бесінші бөлігі ", егер осы уақытқа дейін бұлтартпау шарасын қолдану мерзімі өтіп кетсе, оны ұзартуға" деген сөздер бөлігінде Қазақстан Республикасының Конституциясына сәйкес келмейді деп танылсын.
2. Қазақстан Республикасының Үкіметі осы нормативтік қаулы жарияланғаннан кейін алты айдан кешіктірмей Қазақстан Республикасы Парламентінің Мәжілісіне Қазақстан Республикасының заңнамасын Қазақстан Республикасы Конституциялық Сотының осы нормативтік қаулыда жазылған құқықтық ұстанымдарына сәйкес келтіруге бағытталған заң жобасын енгізсін.
Қабылданған шаралар туралы көрсетілген мерзімде Қазақстан Республикасының Конституциялық Сотына ақпарат берсін.
3. Осы нормативтік қаулы қабылданған күнінен бастап күшіне енеді, Қазақстан Республикасының бүкіл аумағында жалпыға бірдей міндетті, түпкілікті болып табылады және шағым жасалуға жатпайды.
4. Осы нормативтік қаулы заңнамалық актілерді ресми жариялау құқығын алған мерзімді баспасөз басылымдарында, құқықтық ақпараттың бірыңғай жүйесінде және Қазақстан Республикасы Конституциялық Сотының интернет-ресурсында қазақ және орыс тілдерінде жариялансын.
Қазақстан Республикасының Конституциялық Соты |