"Алатау қаласын дамытудың кейбір мәселелері туралы" Қазақстан Республикасы Президентінің 2025 жылғы 26 қыркүйектегі № 1015 Жарлығының 5-тармағының 1) тармақшасына сәйкес қоса беріліп отырған Алатау қаласын дамыту жөніндегі кеңес туралы ереже бекітілсін.
| Премьер-Министр | О. Бектенов |
| Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің 2025 жылғы 31 қазандағы № 175-ө өкімімен бекітілген |
Алатау қаласын дамыту жөніндегі кеңес туралы ереже
Осы Алатау қаласын дамыту жөніндегі кеңес туралы ереже (бұдан әрі – Ереже) Алатау қаласын дамыту жөніндегі кеңестің (бұдан әрі – Кеңес) өкілеттіктерін, Алатау қаласының арнаулы мәртебе шеңберінде жұмыс істеуін қамтамасыз ету мақсатында оның орталық және жергілікті атқарушы органдармен, сондай-ақ Қазақстан Республикасының басқа да мемлекеттік органдарымен және ұйымдарымен өзара іс-қимылын ұйымдастыру ерекшеліктерін айқындайды.
1-тарау. Жалпы ережелер
1. Кеңес Қазақстан Республикасының Премьер-Министрі басқаратын алқалы орган болып табылады.
2. Кеңес бір мезгілде Алатау қаласының арнаулы мәртебе шеңберінде жұмыс істеуін қамтамасыз ету үшін құрылған "Alatau City Authority" мемлекеттік қорының (бұдан әрі – ACA) жоғары басқару органы болып табылады.
3. Кеңестің қызметі Қазақстан Республикасының Конституциясына, "Коммерциялық емес ұйымдар туралы" Қазақстан Республикасының Заңына, "Алатау қаласын дамытудың кейбір мәселелері туралы" Қазақстан Республикасы Президентінің 2025 жылғы 26 қыркүйектегі № 1015 Жарлығына (бұдан әрі – Жарлық), Қазақстан Республикасының өзге де нормативтік құқықтық актілеріне, осы Ережеге және АСА-ның жарғысына сәйкес жүзеге асырылады.
2-тарау. Кеңестің міндеттері
4. Кеңестің негізгі міндеттері:
1) Алатау қаласында халықаралық маңызы бар өңірлік іскерлік және инновациялық белсенділік орталығын қалыптастыру мақсатында Жарлықты іске асыру;
2) Алатау қаласында кәсіпкерліктің өсіп келе жатқан және жаңа салаларына инвестициялар және әртүрлі қызмет салаларына инновацияларды ендіру есебінен жеделдетілген әлеуметтік-экономикалық дамуға бағытталған ерекше институционалдық ортаның қалыптасуын қамтамасыз ету;
3) Алатау қаласын дамытуға инвестицияларды тарту және қорғау үшін институттардың және институционалдық базаның сапалық жағынан жаңа деңгейінің қалыптасуын қамтамасыз ету;
4) Алатау қаласының арнаулы мәртебесінің негізгі бағыты мен мазмұнына сәйкес Алатау қаласының тұрақты және үдемелі дамуын қамтамасыз ету;
5) АСА-ның атқарушы органын, сапалы негізгі кәсіби құрамын қалыптастыру және АСА-ға жалпы басшылық ету болып табылады.
3-тарау. Кеңестің функциялары
5. Кеңес өз қызметі шеңберінде:
1) АСА-ның атқарушы органын тағайындайды;
2) АСА-ға және Алатау қаласын арнаулы мәртебе жағдайында дамытуға жалпы басшылықты жүзеге асырады;
3) Алатау қаласын дамытудың басым бағыттарын және даму стратегиясын бекітеді, сондай-ақ оның іске асырылуына мониторингті жүзеге асырады;
4) саясатты, регламенттерді, ережелерді және орындауға міндетті басқа да құжаттарды, оның ішінде инвестицияларды тарту, Алатау қаласының іскерлік белсенділігі мен инновацияларын дамыту және басқа да мәселелер бойынша өзге де құжаттарды бекітеді;
5) Алатау қаласының бас жоспарын, оған өзгерістер мен толықтырулар енгізуді келіседі;
6) АСА қызметінің оның жарғылық мақсаттары мен міндеттеріне сәйкестігін бақылауды жүзеге асырады;
7) Қазақстан Республикасының Бас прокуратурасымен және Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкімен бірлесіп Қазақстан Республикасының Үкіметіне бекітуге енгізу үшін Алатау қаласының арнаулы мәртебесі құқықтық режимінің жұмыс істеуі тұжырымдамасының жобасын келіседі;
8) Кеңестің міндеттерінде көзделген өзге де мәселелерді қарайды;
9) АСА-ға қатысты оның Жарғысында көзделген өзге де функцияларды жүзеге асырады.
4-тарау. Кеңестің құқықтары
6. Кеңес өзінің міндеттеріне сәйкес өз құзыреті шегінде:
1) қаралатын мәселелер бойынша орталық және жергілікті мемлекеттік органдардың орындауы үшін міндетті болатын тиісті шешімдер қабылдайды;
2) Қазақстан Республикасының Президентіне Кеңестің шешімдерін орындамағаны немесе тиісінше орындамағаны үшін орталық және жергілікті мемлекеттік органдардың басшыларын, сондай-ақ квазимемлекеттік сектор субъектілерін тәртіптік жауаптылыққа тарту, оның ішінде атқарып отырған лауазымдарынан босату жөнінде ұсыныстар енгізеді;
3) инвестициялар тарту, Алатау қаласының іскерлік белсенділігі мен инновацияларын дамыту мәселелері, сондай-ақ оның арнаулы мәртебесіне байланысты өзге де мәселелер бойынша шешімдер қабылдайды;
4) Алатау қаласының арнаулы мәртебе жағдайында жұмыс істеуін қамтамасыз ету мақсатында Қазақстан Республикасының қолданыстағы заңнамасына өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы ұсыныстар әзірлейді, сондай-ақ Қазақстан Республикасының Үкіметімен бірлесіп оларды дайындауға және іске асыруға қатысады;
5) Алатау қаласын дамытуға байланысты мәселелер бойынша Қазақстан Республикасының орталық мемлекеттік, жергілікті атқарушы органдарымен және өзге де ұйымдармен өзара іс-қимыл жасауды жүзеге асырады, олардың өкілдерін шақыртады және тыңдайды, қажетті материалдарды сұратады және алады, консультациялар жүргізеді;
6) қаралатын мәселелер бойынша консультациялар жүргізу үшін ғалымдарды, мамандарды, сарапшылар мен консультанттарды тартады;
7) уақытша және тұрақты жұмыс істейтін сарапшылық және жұмыс топтарын ұйымдастырады;
8) Кеңестің міндеттерінен немесе функцияларынан туындайтын құжаттарды бекітеді және келіседі;
9) өз міндеттері мен функцияларын іске асыру үшін Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес өзге де құқықтарды жүзеге асырады.
5-тарау. Кеңестің мүшелері
7. Кеңес он екі мүшеден тұрады, оның кемінде бесеуі тәуелсіз мүшелер болып табылады.
8. Кеңестің құрамына шығатын тәуелсіз мүшенің орнына жаңа тәуелсіз мүшені енгізу Кеңестің төрағасына немесе оның орынбасарына жолданған өтініш бойынша жүзеге асырылады.
9. Некемен немесе жақын туыстықпен байланысқан адамдар, сондай-ақ Қордың штаттағы жұмыскерлері, оның ішінде Қордың директоры және оның орынбасарлары, бас бухгалтері Кеңес мүшелері бола алмайды.
10. Кеңеске тәуелсіз мүшелер болып табылмайтын өзге де мүшелердің қатысуы Жарлықпен бекітілген Кеңес құрамына сәйкес лауазымы бойынша жүзеге асырылады.
11. Кеңестің құрамына жаңа мүшелерді енгізу немесе оның сандық құрамын өзгерту Жарлыққа тиісті өзгерістер енгізу арқылы Қазақстан Республикасының Президентімен келісілуге тиіс.
12. Қазақстан Республикасының Премьер-Министрі Кеңестің төрағасы болып табылады.
13. Кеңестің төрағасы немесе оның орынбасары:
1) Кеңестің қызметіне жалпы басшылықты жүзеге асыруға;
2) Кеңестің отырыстарына төрағалық етуге;
3) Кеңес шешімдерінің іске асырылуына жалпы бақылауды жүзеге асыруға құқылы.
14. Кеңес төрағасының екі орынбасары болады, олардың біреуі Кеңестің тәуелсіз мүшесі болып табылады.
15. Кеңестің мүшелері:
1) Кеңестің отырыстарына бастамашылық жасауға;
2) Кеңестің барлық отырысына қатысуға және Кеңестің отырысында қаралатын кез келген мәселелерді талқылауға;
3) Кеңес отырысының күн тәртібі және Кеңес отырысының күн тәртібін қалыптастыру кезінде мәселелерді талқылау тәртібі бойынша ұсыныстар енгізуге;
4) Кеңестің отырыстарына материалдар мен оның шешімдерінің жобаларын дайындауға қатысуға;
5) АСА-дан, орталық мемлекеттік және жергілікті атқарушы органдардан Кеңестің өкілеттіктеріне және Алатау қаласын дамыту мәселелеріне тікелей қатысы бар ақпарат пен материалдарды сұратуға және алуға;
6) Кеңес төрағасын жазбаша хабардар ету арқылы өз өкілеттігін мерзімінен бұрын тоқтатуға құқылы.
16. Кеңестің тәуелсіз мүшелері:
1) АСА-ға, оның ішінде белгілі бір мақсаттарға және белгілі бір шарттармен ерікті мүліктік жарналар мен қайырмалдықтар енгізуге құқылы;
2) Алатау қаласын ілгерілетуге ықпал етеді және Алатау қаласын дамытуға инвестициялар тарту мақсатында шетелдік инвесторлармен, технологиялық компаниялармен, шет мемлекеттермен және халықаралық ұйымдармен қарым-қатынастарды дамытады;
3) қалаға арнаулы мәртебе беру мақсаттарына қол жеткізу үшін Алатау қаласын дамыту мәселелерін қарау кезінде сарапшылық үлесін, білімін, тәжірибесін және өзінің кәсіби көзқарасын қосады, талқылауға қатысады және тиісті ұсынымдар мен ескертулер береді.
17. Кеңестің барлық мүшелері өз функцияларын жүзеге асыру кезінде:
1) Жарлықта көзделген арнаулы мәртебенің негізгі бағыттары мен мазмұнына сәйкес Алатау қаласын арнаулы мәртебе жағдайында дамытудың ең жақсы мүдделері үшін әрекет етеді;
2) жеке, корпоративтік немесе ведомстволық сипаттағы мүдделер қақтығысының туындауын болғызбайды.
6-тарау. Кеңестің отырыстарын ұйымдастыру
18. Кеңестің отырыстарын тиісті күнтізбелік жылдың жартыжылдығында 1 (бір) реттен сиретпей Кеңес төрағасы немесе оның орынбасарларының бірі өз бастамасы бойынша өткізеді немесе ол Кеңес мүшесінің бастамасы бойынша өткізіледі.
19. Қажет болған жағдайда Кеңестің кезектен тыс отырыстары, оның ішінде сырттай, аудио және бейнеконференция арқылы немесе аралас түрде өткізілуі мүмкін.
20. Сырттай дауыс беру құпия ақпаратты қорғау жөніндегі қажетті талаптарды сақтай отырып, электрондық түрде немесе қағаз жеткізгіште өткізіледі. Сырттай дауыс беруге арналған мерзім мәліметтер мен дауыс беруге арналған күн тәртібі жіберілген күннен бастап 10 (он) сағаттан кем болмауға және 2 (екі) жұмыс күнінен аспауға тиіс. Көрсетілген мерзімде жауап болмаған жағдайда Кеңес мүшесі дауыс беруден бас тартты деп есептеледі. Егер Кеңес мүшелерінің жалпы санының кемінде үштен бір бөлігі дауыс берсе, сырттай дауыс беру өткізілді деп саналады.
21. Кеңес отырысын шақырған кезде Кеңес отырыстарын өткізудің нысаны, күні, орны мен уақыты айқындалады, бұл туралы Кеңес хатшысы Кеңестің барлық мүшелеріне алдағы Кеңес отырысының күн тәртібіне енгізілген мәселелер туралы барлық қажетті материалдар мен ақпаратты қоса бере отырып, 1 (бір) жұмыс күні ішінде электрондық пошта арқылы хабарлауға міндетті.
22. Кеңес отырысының күні мен уақыты отырыс өткізілгенге дейін кемінде екі апта бұрын айқындалуға тиіс.
23. Кеңес хатшысы Кеңес отырысының орны немесе уақытының өзгергені туралы Кеңестің барлық мүшелерін алдын ала хабардар етуге тиіс.
24. Кеңес отырысының орны немесе уақытының өзгергені туралы хабарлама Кеңес мүшелеріне Кеңес мүшесінің хабарламаны алуына кепілдік беретін кез келген нысанда жіберіледі.
25. Кеңес мүшелері Кеңестің отырысы туралы хабархатты алғаннан кейін
1 (бір) жұмыс күні ішінде күн тәртібіне қарауға жататын қосымша мәселелерді енгізуге құқылы.
26. Отырыстың түпкілікті күн тәртібін Кеңес төрағасының немесе оның орынбасарының тапсырмасы бойынша Кеңес хатшысы қалыптастырады және ол Кеңес мүшелеріне оның отырысы өтетін күнге дейін кемінде 1 (бір) апта бұрын таратылуға тиіс.
27. Кеңестің отырысына Кеңес төрағасы, ал отырысты төрағаның орынбасары шақырған жағдайда – тиісті орынбасары төрағалық етеді.
28. Кеңес отырысында Кеңес төрағасы болмаған жағдайда Кеңес отырысына оның орынбасарларының бірі төрағалық етеді.
29. Кеңестің шешімдері хаттамамен ресімделеді, оған Кеңес отырысына төрағалық ететін адам қол қояды және оны Кеңес хатшысы дайындайды.
30. Кеңес отырыстары Кеңес мүшелерінің жалпы санының кемінде үштен екісі қатысқан кезде заңды болады.
31. Кворум болмаған кезде Кеңес төрағасы немесе оның орынбасары отырыстың ауысқаны туралы хабарлайды және оны өткізу күнін айқындайды
32. Кеңестің шешімдері отырысқа қатысып отырған Кеңес мүшелерінің консенсусы (елеулі қарсылықтар болмаған жағдайда) негізінде қабылданады.
33. Нақты мәселе бойынша консенсусқа қол жеткізілмеген жағдайда, егер осы мәселені қарауды оның бастамашысы кері қайтарып алмаса, оны қарау Кеңестің келесі отырысына қайта шығарылады. Бұл жағдайда, егер осы Ережеде өзгеше көзделмесе, шешім қатысып отырған Кеңес мүшелерінің төрттен үш бөлігін құрайтын көпшілік даусымен қабылданады. Бұл ретте Кеңестің әрбір мүшесі бір дауысқа ие болады.
34. Кеңестің мүшесі отырыстарға жеке өзі және өкілеттік беру құқығынсыз қатысады.
35. Белгіленген тәртіппен бекітілген Кеңес отырысының күн тәртібіндегі мәселелер бойынша Кеңестің шешімдері бетпе-бет ашық дауыс беру арқылы қабылданады.
36. Кеңес отырыстары конференцбайланыс арқылы, сондай-ақ өзге де байланыс құралдарын пайдалана отырып өткізілуі мүмкін.
37. Отырысқа қатысатын Кеңес мүшелері отырыстың күн тәртібіндегі мәселені қарау кезінде жеке, корпоративтік немесе ведомстволық сипаттағы мүдделер қақтығысының бар-жоғы туралы мәлімдеуге міндетті.
38. Кеңестің шешімдері бұқаралық ақпарат құралдарында жариялануы немесе Қазақстан Республикасының қолданыстағы заңнамасына сәйкес кез келген өзге тәсілмен назарға жеткізілуі мүмкін.
39. Кеңес отырысының хаттамасын жүргізуді Кеңес хатшысы жүзеге асырады.
40. Кеңес хатшысы:
1) Кеңестің мүшелерін Кеңес отырыстарының өткізілетін күні, орны мен уақыты, ұсынылатын күн тәртібі туралы хабардар етеді және оларды қажетті материалдармен уақтылы қамтамасыз етеді.
2) Кеңес отырыстарының хаттамасын жүргізеді;
3) Кеңес отырысы күн тәртібінің жобасы мен түпкілікті нұсқасын қалыптастырады;
4) орталық мемлекеттік және жергілікті атқарушы органдарға Кеңестің және оның мүшелерінің Кеңестің міндеттерін орындау үшін қажетті ақпарат пен материалдарды ұсыну жөніндегі сұрау салуларын жібереді;
5) Кеңес шешімдерінің орындалуына мониторинг жүргізеді және тоқсан сайын олардың нәтижелері туралы Кеңестің мүшелерін хабардар етеді.
41. Егер Кеңес шешімімен өзгеше белгіленбесе, ақпарат беру туралы сұрау салулар Кеңес хатшысы арқылы жіберіледі.
7-тарау. Кеңестің жұмыс органы
42. Кеңестің жұмыс органы АСА болып табылады.
43. Кеңестің жұмыс органы:
1) хатшыға Кеңесте қарауды талап ететін мәселелерді енгізеді;
2) Кеңес отырыстарына материалдар дайындауды ұйымдастырады және осы ретте Кеңес хатшысына жәрдемдеседі;
3) Кеңес отырыстарын материалдық-техникалық, оның ішінде қажетті орынмен қамтамасыз етуді және бетпе-бет отырыс өткізілген жағдайда Кеңес мүшелерінің ұшуы мен тұруына арналған шығыстарды жабуды жүзеге асырады.