Қазақстан Республикасының Үкіметі ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:
1. Қоса беріліп отырған 2024 жылғы 27 қарашада Астанада жасалған Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Ресей Федерациясының Үкіметі арасындағы денсаулық сақтау саласындағы ынтымақтастық туралы келісім бекітілсін.
2. Осы қаулы қол қойылған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі.
|
Қазақстан Республикасының Премьер-Министрі |
О. Бектенов |
Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Ресей Федерациясының Үкіметі арасындағы денсаулық сақтау саласындағы ынтымақтастық туралы КЕЛІСІМ
Бұдан әрі Тараптар деп аталатын Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Ресей Федерациясының Үкіметі,
денсаулық сақтау саласындағы ынтымақтастықты одан әрі кеңейту мақсатында екі мемлекет арасындағы достық қатынастарға сүйене отырып,
жалпыға бірдей танылған қағидаттары мен халықаралық құқықтың нормаларын, Тараптар мемлекеттерінің заңнамасын негізге ала отырып,
денсаулық сақтау және медицина ғылымы саласындағы дәстүрлі байланыстарды қолдау және дамыту ұмтылысын назарға ала отырып,
Тарап мемлекеттерінің ұзақ мерзімді және тұрақты негізде өзара тиімді және тең құқықты ынтымақтастыққа мүдделілігін ескере отырып,
төмендегілер туралы келісті:
1-бап
Тараптар осы Келісімде көзделген ынтымақтастықты Тараптар мемлекеттерінің ұлттық заңнамасына сәйкес мынадай бағыттарда жүзеге асырады:
өзара мүдделілікті білдіретін бағыттар бойынша денсаулық сақтау саласында бірлескен ғылыми-зерттеу жобаларын жүргізу;
ғылыми-техникалық ақпарат алмасу, медициналық технологияларды беру;
денсаулық сақтау саласындағы ғылыми зерттеулер мен әзірлемелер мәселелері бойынша білім беру және ғылыми ұйымдар арасында байланыс орнату және нығайту;
денсаулық сақтау саласындағы медицина және фармацевтика жұмыскерлерін кәсіптік даярлау, қайта даярлау, және олардың біліктілігін арттыру;
өздері қатысушылары болып табылатын халықаралық ұйымдарда денсаулық сақтау мәселелері бойынша ұстанымдарды қажеттігіне қарай үйлестіру;
аурулардың профилактикасы мен оларды емдеуді ұйымдастыру мәселелері бойынша ынтымақтастық;
Тараптар мемлекеттері халқының денсаулығын сақтау саласындағы саясат пен стратегияларды, ұлттық бағдарламаларды әзірлеу кезінде алған сабақтарымен, озық тәжірибемен алмасу;
медициналық-санитариялық алғашқы көмекті дамыту мәселелері бойынша өзара іс-қимыл жасау;
денсаулық сақтау саласында ақпараттық жүйелер мен цифрлық технологияларды қолдану бойынша тәжірибе алмасу;
фармацияны қоса алғанда, денсаулық сақтау саласында бірлескен жобалар құру және денсаулық сақтау саласындағы мемлекеттік-жекешелік әріптестікті дамыту;
Тараптардың уағдаластығы бойынша денсаулық сақтау саласындағы ынтымақтастықтың басқа бағыттары.
2-бап
Осы Келісім шеңберінде ынтымақтастық мынадай негізгі нысандарда жүзеге асырылады:
денсаулық сақтау саласындағы нормативтік-әдістемелік құжаттарды және медициналық көмек сапасын жақсарту бөлігінде бірлескен әзірлеме;
денсаулық сақтау саласындағы ғылыми-техникалық құжаттармен және ақпаратпен алмасу;
зерттеу және оқыту мақсаттарында, консультациялар, тағылымдамалар өткізу және тәжірибе алмасу үшін ғылыми-педагогикалық жұмыскерлермен алмасу;
бірлескен зерттеулер мен эксперименттік жұмыстарды жүргізу, зерттеулер мен тәжірибелердің нәтижелерімен, сараптамалық қорытындылармен алмасу;
симпозиумдарды, конференцияларды, көрмелерді, оқу курстарын ұйымдастыру және өткізу;
бірлескен бағдарламалар мен жобаларды жүзеге асыру;
Тараптар мемлекеттерінің құзыретті органдарымен келісілген ынтымақтастықтың басқа да нысандары.
3-бап
Тараптар мемлекеттерінің заңнамасына және Қазақстан Республикасы мен Ресей Федерациясы қатысушылары болып табылатын халықаралық шарттарға сәйкес Тараптар зияткерлік қызмет нәтижелерін құқықтық қорғауды және (немесе) зияткерлік меншікті қорғауды қамтамасыз ету, сондай-ақ зияткерлік қызмет және (немесе) зияткерлік меншік нәтижелерін құқыққа қайшы пайдалануға жол бермеу жөнінде қажетті шаралар қабылдайды.
Осы Келісімді іске асыру барысында жасалатын және/немесе берілетін зияткерлік қызмет нәтижелеріне құқықтарды бөлу, оларды құқықтық қорғау және пайдалану тәртібі, сондай-ақ осы Келісімді іске асыру барысында алынған, пайдаланылатын немесе берілетін зияткерлік меншікті қорғау және пайдалану тәртібі жекелеген екіжақты келісімдердің нысанасы болып табылады.
4-бап
Тараптар ұлттық және ғылыми орталықтар, ғылыми-зерттеу институттары, білім беру ұйымдары, сондай-ақ Тараптар мемлекеттерінің денсаулық сақтау саласындағы басқа да ұйымдары арасындағы тікелей байланыстар мен ынтымақтастықты дамытуға ықпал етеді.
Көрсетілген ұйымдар арасындағы өзара қатынастар Тараптар мемлекеттерінің заңнамасына және осы Келісімге сәйкес тиісті шарттар жасасу жолымен белгіленеді.
5-бап
Осы Келісімді іске асыру мақсатында Тараптар құзыретті органдарды тағайындайды:
Қазақстан Тарапынан – Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігі;
Ресей Тарапынан – Ресей Федерациясының Денсаулық сақтау министрлігі.
Тараптар құзыретті органдарының атаулары немесе функциялары өзгерген жағдайда бір-бірін дипломатиялық арналар арқылы уақтылы хабардар етеді.
6-бап
Тараптар осы Келісімді іске асыру барысында туындайтын шығыстарды Тараптар мемлекеттерінің заңнамасында көзделген қаражат шегінде дербес көтереді.
Тараптар Қазақстан Республикасының заңнамасындағы және Ресей Федерациясының заңнамасындағы осы Келісімнің орындалуына әсер етуі мүмкін өзгерістер туралы бір-бірін хабардар етеді.
7-бап
Тараптардың өзара келісімі бойынша осы Келісімге оның ажырамас бөліктері болып табылатын және жеке хаттамалармен рәсімделетін өзгерістер мен толықтырулар енгізілуі мүмкін.
8-бап
Тараптар арасында осы Келісімнің ережелерін түсіндіру және қолдану бойынша даулар мен келіспеушіліктер туындаған жағдайда Тараптар оларды келіссөздер мен консультациялар жүргізу жолымен шешетін болады.
9-бап
Осы Келісім оның күшіне енуі үшін қажетті мемлекетішілік рәсімдерді Тараптардың орындағаны туралы жазбаша хабарлама дипломатиялық арналар арқылы алынған күннен бастап күшіне енеді.
Осы Келісім белгіленбеген мерзімге жасалады және Тараптардың бірі екінші Тараптың осы Келісімнің қолданылуын тоқтату ниеті туралы жазбаша хабарламасын алған күннен бастап 6 (алты) ай өткенге дейін күшінде қалады.
202__ жылы ___________ ____________ қаласында әрқайсысы қазақ және орыс тілдерінде екі түпнұсқа данада жасалды, әрі екі мәтіннің де күші бірдей.
| ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ | ҮКІМЕТІ АТЫНАН |
| РЕСЕЙ ФЕДЕРАЦИЯСЫНЫҢ | ҮКІМЕТІ АТЫНАН |