Ескерту. Нормативтік қаулының тақырыбы және деректемелері жаңа редакцияда – ҚР Жоғарғы Сотының 27.11.2025 № 6 (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі) нормативтік қаулысымен.
Ескерту. Бүкіл мәтін бойынша:
"ҚІЖК-нің" деген сөз "ҚПК-нің" деген сөзбен ауыстырылды;
"процессуалдық" деген сөз "процестік" деген сөзбен ауыстырылды;
"өтініш", "өтініші", "өтініштерді", "өтініштер", "өтінішті" деген сөздер тиісінше "өтінішхат", "өтінішхаты", "өтінішхаттарды", "өтінішхаттар", "өтінішхатты" деген сөздермен ауыстырылды - ҚР Жоғарғы Сотының 31.03.2017 № 3 нормативтік қаулысымен (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі).
Сот ісін жүргізудің жариялылығы қағидатының сақталуы жөніндегі сот практикасын зерделеу республика соттарының қылмыстық істердің басым көпшілігін ашық сот отырыстарында қарайтынын, ал жабық сот отырыстарын өткізу кезінде заңда белгіленген талаптарды басшылыққа алатынын көрсетті. Сонымен бірге сот ісін қараудың жариялылығын заңсыз шектеу жағдайлары да орын алуда.
Сот төрелігін іске асыру кезінде заңдылықты сақтау мақсатында Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының жалпы отырысы қаулы етеді:
Ескерту. Кіріспе жаңа редакцияда – ҚР Жоғарғы Сотының 27.11.2025 № 6 (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі) нормативтік қаулысымен.1. Қазақстан Республикасы Қылмыстық-процестік кодексінің (бұдан әрі – ҚПК) 29-бабында бекітілген сот ісін жүргізудің жариялылығы қағидаты басқа да қағидаттар жиынтығымен бірге, қылмыс жасаған адамдарды әшкерелеуге және жауаптылыққа тартуға, сот талқылауын әділетті жүргізуге бағытталған қылмыстық процестің міндеттерін орындауды қамтамасыз етеді. Осыған орай, соттар бұл қағидатты кеңінен іске асырып, барлық мүдделі адамдардың, оның ішінде бұқаралық ақпарат құралдары өкілдерінің сот отырысы залына еркін кіру мүмкіндігін қамтамасыз етуі қажет.
Ескерту. 1-тармақ жаңа редакцияда – ҚР Жоғарғы Сотының 27.11.2025 № 6 (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі) нормативтік қаулысымен.2. Соттар барлық сот сатыларында істерді ашық сот талқылауы туралы қылмыстық-процестік заңның талаптарын қатаң сақтауға және сот ісін жүргізудің жариялылығы қағидатын бұзу, азаматтар мен бұқаралық ақпарат құралдары өкілдерінің сот залында немесе сот отырысы трансляцияланатын жеке залда болудан негізсіз бас тарту фактілеріне жол бермеуге міндетті. Адамдардың сот залына қатысу құқығын іске асыру сот талқылауының қалыпты барысына кедергі келтірмеуге тиіс.
Жариялылықты заңсыз шектеу (іс материалдарын негізсіз құпиялау, заңда көзделмеген негіздер бойынша жабық отырыстар өткізу және т.б.) процеске қатысушылардың процестік құқықтарын кемсітуге және қысым көрсетуге алып келуі мүмкін.
Осы бұзушылықтардың сипаты мен мәніне байланысты іс бойынша болған іс жүргізу шығарылған шешімнің күші жойылып, жарамсыз деп танылуы, не жиналған материалдар дәлелдемелік күші жоқ деп танылуы мүмкін.
Ескерту. 2-тармақ жаңа редакцияда – ҚР Жоғарғы Сотының 27.11.2025 № 6 (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі) нормативтік қаулысымен.3. Сот ісін жүргізудің жариялылығы деп тек ашық сот талқылауын жүргізуді ғана емес, сонымен бірге оған тараптардың қатысуын қамтамасыз етуді, іске қатысы жоқ өзге де адамдардың қатысу мүмкіндігін түсіну қажет. Жариялылық процеске қатысушылардың істің барлық материалдарына, оның ішінде жедел-іздестіру шараларының барысында алынған материалдарға, сотқа дейінгі тергеп-тексеру барысында прокурор берген нұсқауларға (заңда көзделгендерден басқа) қолжетімділігін көздейдi. Бұдан басқа бұл қағидат сот шешімінің көпшілікке жария етілуін, тараптарға процеске басқа қатысушылардан түскен шағымдар туралы хабарлауды және оларды таныстыруды, кез келген сот сатысында істі қараудың уақыты мен орны туралы хабардар етуді, соттардың заңды күшіне енген сот үкімдері мен қаулыларының бірыңғай дерекқорын құруды және оларға, сот актілерінің орындалуы жөніндегі ақпаратқа еркін қолжетімділікті қамтиды.
Жариялылық қағидатын сақтау соттардың қызметіне араласумен сәйкес келмейді. Қазақстан Республикасы Конституциясының 77-бабының 1-тармағына сәйкес судья сот төрелігін іске асыру кезінде тәуелсіз болып табылмайды және Конституцияға мен заңға ғана бағынады.
Ескерту. 3-тармақ жаңа редакцияда – ҚР Жоғарғы Сотының 27.11.2025 № 6 (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі) нормативтік қаулысымен.4. Іс бойынша іс жүргізудің сотқа дейінгі сатыларындағы жариялылығының шегін ҚПК-нің 201-бабына сәйкес прокурор, ал сот отырысында - сот айқындайды.
Сот басты сот талқылауын тағайындау кезінде, тараптардың өтінішхаты немесе өз бастамасы бойынша қаулыда тиісті негіздеме келтіре отырып, істі ашық немесе жабық қарау мәселесін шешуге міндетті.
Ескерту. 4-тармақ жаңа редакцияда – ҚР Жоғарғы Сотының 27.11.2025 № 6 (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі) нормативтік қаулысымен.5. Процеске қатысушылар сот талқылауының жариялылығын шектеу туралы өтінішхаттарды басты сот талқылауын тағайындау (істі алдын ала тыңдау) кезінде де, басты сот талқылауының барысында да мәлімдей алады.
Өзге адамдардың, оның ішінде бұқаралық ақпарат құралдары өкілдерінің істі ашық немесе жабық сот отырысында қарау туралы өтінішхаттарды мәлімдеуге құқығы жоқ.
Ескерту. 5-тармақ жаңа редакцияда – ҚР Жоғарғы Сотының 27.11.2025 № 6 (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі) нормативтік қаулысымен.6. Жариялылықты шектеу туралы өтінішхаттар мемлекеттік құпияларды қорғау, іске қатысатын адамдардың өмірінің интимдік жақтары туралы мәліметтердің жария етілуін болғызбау, жәбірленушілердің, куәлардың және басқа да адамдардың, олардың отбасы мүшелері мен жақын туыстарының қауіпсіздігін қамтамасыз ету, кәмелетке толмаған сотталушылардың мүддесін қорғау мақсатында ҚПК-нің 29-бабының бірінші бөлігінде көрсетілген мән-жайлар болған кезде ғана қанағаттандыруға жатады. ҚПК-нің 106-бабының алтыншы бөлігіне сәйкес тергеу судьясы шағымды сот отырысын өткізбей жеке-дара қарайды. Егер заңды және негізді шешім қабылдау үшін маңызы бар мән-жайларды зерттеу қажет болса, тергеу судьясы шағымды жабық сот отырысында тиісті адамдар мен прокурордың қатысуымен қарайды, олардың келмеуі шағымды қарауға кедергі келтірмейді. Тергеу судьясының өкімі бойынша сот отырысы бейнебайланыс режимінде өткізілуі мүмкін.
Ескерту. 6-тармақ жаңа редакцияда – ҚР Жоғарғы Сотының 27.11.2025 № 6 (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі) нормативтік қаулысымен.6-1. Судья ҚПК-нің 201-бабының талаптарына сәйкес жәбірленушілер мен куәлардың айғақтарын сақтауға қоюды жабық сот отырысында жүргізеді.
Ескерту. 6-1-тармақпен толықтырылды – ҚР Жоғарғы Сотының 29.11.2024 № 6 (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі) Нормативтік қаулысымен.7. Сот талқылауының жариялылығын шектеу - сот отырысының бүкіл кезеңіне немесе оның ҚПК-нің 29-бабының бірінші бөлігінде көрсетілген мән-жайлардың зерттелетін бөлігіне қолданылуы мүмкін, қаулыда бұл туралы көрсетілуге тиіс.
Егер мемлекеттік құпияларды қорғауға байланысты жекелеген сотталған адамдарға қатысты жабық сот талқылауын өткізуге негіз болса, ал осы мән-жайлар басқа сотталғандарға қатысты болмаса, сот жабық сот отырысында қаралуға жататын қылмыстық істі басқа қылмыстық істен бөліп алып, жеке іс жүргізуге шығаруға құқылы.
Егер істі бөліп шығару зерттеудің жан-жақтылығына, толықтығына және істің шешілуіне әсер ететін болса, онда ҚПК-нің 44-бабының төртінші бөлігіне сәйкес, мұндай процестік әрекетке жол берілмейді. Бұл жағдайда сот іс бойынша жабық сот талқылауын өткізу туралы мәселені тұтастай ҚПК-нің 29-бабының бірінші бөлігіне сәйкес шешеді.
Ескерту. 7-тармақ жаңа редакцияда – ҚР Жоғарғы Сотының 27.11.2025 № 6 (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі) нормативтік қаулысымен.8. Төрағалық етуші басты сот талқылауын бастаған кезде істің ашық немесе жабық сот отырысында қаралатынын жариялайды. Сот отырысының хаттамасына тиісті жазба енгізіледі.
Басты сот талқылауына істі жабық сот отырысында қарау туралы өтінішхат келіп түскен жағдайда, сот өтінішхатты мәлімдеген адамнан сот сот талқылауының жариялылығын шектеу туралы мәселенің заңда көзделген қандай негіздер бойынша қойылып отырғанын анықтауға және процеске қатысатын басқа да адамдардың пікірлерін білуге міндетті. Мәлімделген өтінішхат бойынша шешімді сот жеке процестік құжат түрінде қаулы шығара отырып, кеңесу бөлмесінде қабылдайды.
Ескерту. 8-тармақ жаңа редакцияда – ҚР Жоғарғы Сотының 27.11.2025 № 6 (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі) нормативтік қаулысымен.9. ҚПК-нің 347-1-бабының талаптарына сәйкес сот отырысының барысын түсіріп алуды сот отырысының хатшысы аудио-, бейнежазба құралдарының көмегімен жүзеге асырады. Жабдықтардың техникалық ақауының болуынан аудио-, бейнежазба құралдарын пайдаланудың мүмкін болмауы сот отырысының хаттамасында аудио-, бейнежазбаны пайдаланбау себептерін міндетті түрде көрсете отырып, сот отырысын жалғастыруға кедергі келтірмейді.
Соттың сот отырыстарында аудио-, бейнежазбаны қолдануы сот ісін жүргізу мақсатында ғана сот талқылауының барысын дәл түсіріп алу үшін, сондай-ақ іс бойынша нақты деректерді белгілеу мақсатында пайдаланылады, бұл соттың жариялылық қағидатты жүзеге асыруын қамтамасыз етеді.
Ескерту. 9-тармақ жаңа редакцияда – ҚР Жоғарғы Сотының 27.11.2025 № 6 (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі) нормативтік қаулысымен.10. Төрағалық етуші процеске қатысушылардың келісімімен бүкіл басты сот талқылауының барысында, сондай-ақ басты сот талқылауының белгілі бір бөлігінде не процеске кейбір қатысушыларға қатысты фотосуретке түсіруге, аудио-, бейнежазбаны, киноға түсіруді қолдануға, сондай-ақ сот отырысын трансляциялауға рұқсат бере алады. Бұл әрекеттер сот талқылауының қалыпты өтуіне кедергі келтірмеуге тиіс.
Ескерту. 10-тармақ жаңа редакцияда – ҚР Жоғарғы Сотының 27.11.2025 № 6 (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі) нормативтік қаулысымен.11. Төрағалық етушінің сот талқылауы залында аудио-, бейнежазбаны қолдану мәселелері бойынша барлық өкімдері сот отырысы хаттамасында көрсетіледі.
ҚПК-нің төрағалық етушінің өкімдері процестің барлық қатысушылары мен сот залында қатысып отырған өзге тұлғалар үшін міндеттілігі туралы 57-бабын негізге ала отырып, оның аудио-, бейнежазбаға қолдануға тыйым салу немесе оны тоқтату туралы өкімі орындалуға тиіс. Бұл ереже сот отырысына онлайн форматта қатысатын тұлғаларға да қолданылады.
Төрағалық етушінің өкімдеріне бағынбау ҚПК-нің 346-бабында көзделген шараларды қолдануға алып келеді, ал адамның жеке өміріне, жеке және отбасылық құпиясына қол сұғылмайтыны туралы конституциялық құқықтар бұзылған жағдайларда кінәлі адамдар заңда белгіленген жауаптылыққа тартылуы мүмкін.
Ескерту. 11-тармақ жаңа редакцияда – ҚР Жоғарғы Сотының 27.11.2025 № 6 (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі) нормативтік қаулысымен.12. ҚПК-нің 415-бабының үшінші бөлігіне сәйкес сот талқылауының жариялылығы мәселесі бойынша сот отырысының барысында қабылданған соттың қаулылары жеке шағым беруге және наразылық келтіруге жатпайды. Оларға қарсылықтар үкімге келтірілген апелляциялық шағымдарда, наразылықтарда жазылуы мүмкін.
Ескерту. 12-тармақ жаңа редакцияда – ҚР Жоғарғы Сотының 27.11.2025 № 6 (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі) нормативтік қаулысымен.13. Апелляциялық, кассациялық сатылар істерді қарау кезінде төмен тұрған соттардың сот талқылауының жариялылығы туралы заң талаптарын орындауына назар аударуы, бұзушылықтың әрбір фактісі бойынша тиісті түрде ден қоюы қажет.
Ескерту. 13-тармақ жаңа редакцияда – ҚР Жоғарғы Сотының 27.11.2025 № 6 (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі) нормативтік қаулысымен.14. Қазақстан Республикасы Конституциясының 4-бабына сәйкес, осы нормативтік қаулы қолданыстағы құқық құрамына енгізіледі, сондай-ақ жалпыға бірдей міндетті болып табылады және ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі.
Ескерту. 14-тармақ жаңа редакцияда – ҚР Жоғарғы Сотының 27.11.2025 № 6 (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі) нормативтік қаулысымен.
|
Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының Төрағасы Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының судьясы, жалпы отырыстың хатшысы |