"Қазақстан Республикасындағы жергілікті мемлекеттік басқару және өзін-өзі басқару туралы" Қазақстан Республикасы Заңының 31-бабына, "Мемлекеттік органдар мен олардың құрылымдық бөлімшелерінің қызметін ұйымдастырудың кейбір мәселелері туралы" Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2021 жылғы 1 қыркүйектегі №590 қаулысына және "Құқықтық актілер туралы" Қазақстан Республикасының 2016 жылғы 6 сәуірдегі Заңының 65-бабына сәйкес, Сайрам ауданының әкімдігі ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:
1. Сайрам ауданы әкімдігінің 2018 жылғы 13 тамыздағы №467 "Сайрам ауданы әкімдігінің мемлекеттік органдарының ережелерін бекіту туралы" қаулысына келесі өзгеріс енгізілсін:
көрсетілген қаулының 1 тармағының 4 тармақшасымен бекітілген Сайрам ауданы әкімдігінің "Сайрам аудандық ішкі саясат бөлімі" мемлекеттік мекемесі туралы Ереже осы қаулының қосымшасына сәйкес жаңа редакцияда жазылсын.
2. "Сайрам ауданының ішкі саясат бөлімі" мемлекеттік мекемесінің басшысы осы ережені әділет органдарында тіркеуден өткізуді қамтамасыз етсін.
3. Осы қаулының орындалуын бақылау аудан әкімінің орынбасары С. Дуйсебаевқа жүктелсін.
| Аудан әкімі | М. Оразалиев |
| Cайрам ауданы әкімдігінің 2025 жылғы 03 желтоқсандағы № 816 қаулысына қосымша |
"Сайрам ауданының ішкі саясат бөлімі" мемлекеттік мекемесі туралы ереже
1. Жалпы ережелер
1. "Сайрам ауданының ішкі саясат бөлімі" мемлекеттік мекемесі (бұдан әрі – бөлім) мемлекеттік саясатты және ішкі саясат саласындағы мемлекеттік басқару функцияларын жүзеге асыруға уәкілетті Қазақстан Республикасының мемлекеттiк органы болып табылады.
2. Сайрам ауданы ішкі саясат бөлімінің мынандай ведомстволары бар: "Жастар орталығы" коммуналдық мемлекеттік мекемесі.
3. Сайрам ауданының ішкі саясат бөлімі өз қызметiн Қазақстан Республикасының Конституциясына және заңдарына, Қазақстан Республикасының Президентi мен Үкiметiнiң актiлерiне, өзге де нормативтiк құқықтық актiлерге, сондай-ақ осы Ережеге сәйкес жүзеге асырады.
4. "Сайрам ауданының ішкі саясат бөлімі" мемлекеттік мекемесі ұйымдық-құқықтық нысанындағы заңды тұлға болып табылады, мемлекеттiк тiлде өз атауы бар мөрi мен мөртаңбалары, белгiленген үлгiдегi бланкiлерi, сондай-ақ Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес қазынашылық органдарында шоттары болады.
5. Сайрам ауданының ішкі саясат бөлімі азаматтық-құқықтық қатынастарға өз атынан түседi.
6. Сайрам ауданының ішкі саясат бөлімінің егер заңнамаға сәйкес осыған уәкiлеттiк берiлген болса, мемлекеттiң атынан азаматтық-құқықтық қатынастардың тарапы болуға құқығы бар.
7. Сайрам ауданының ішкі саясат бөлімі өз құзыретiнiң мәселелерi бойынша заңнамада белгiленген тәртiппен басшысының бұйрықтарымен және Қазақстан Республикасының заңнамасында көзделген басқа да актiлермен ресiмделетiн шешiмдер қабылдайды.
8. Сайрам ауданының ішкі саясат бөлімінің құрылымы мен штат санының лимитi қолданыстағы заңнамаға сәйкес бекiтiледi.
9. Заңды тұлғаның орналасқан жері: 160800, ОҚО, Сайрам ауданы, Ақсукент ауылы, Сәтпаев көшесі, 7 үй, телефондары: 8 (725-31) 2-34-93, 2-34-75 факс.
10. Мемлекеттiк органның толық атауы - "Сайрам ауданының ішкі саясат бөлімі" мемлекеттiк мекемесi.
11. Осы Ереже Сайрам ауданының ішкі саясат бөлімінің құрылтай құжаты болып табылады.
12. Сайрам ауданының ішкі саясат бөлімінің қызметiн каржыландыру жергiлiктi бюджеттен жүзеге асырылады.
13. Сайрам ауданының ішкі саясат бөліміне кәсiпкерлiк субъектiлерiмен функциялары болып табылатын мiндеттердi орындау тұрғысында шарттық қатынастарға түсуге тыйым салынады.
Егер Сайрам ауданының ішкі саясат бөліміне заңнамалық актiлермен кiрiстер әкелетiн қызметтi жүзеге асыру құқығы берiлсе, онда осындай қызметтен алынған кiрiстер республикалық бюджеттiң кiрiсiне жiберiледi.
2. Сайрам ауданының ішкі саясат бөлімінің миссиясы, негiзгi мiндеттерi, функциялары, құқықтары мен мiндеттерi
14. Сайрам ауданының ішкі саясат бөлімінің миссиясы: Ұлт алдында тұрған стратегиялық міндеттерді бірыңғай түсінуге аудан халқын топтастыруға бағытталған ішкі саясат саласындағы мемлекеттік саясатты тиімді іске асыру, мемлекеттілікті және азаматтардың әлеуметтік оптимизмінің қалыптасуын нығайту.
15. Бөлімінің негізгі мiндеттері:
1) ауданда ішкі саяси тұрақтылықты, ел бірлігін қамтамасыз ету және қоғамды топтастыру жөніндегі мемлекеттік саясатты іске асыру;
2) аудандағы жергілікті атқарушы органдардың әлеуметтік-экономикалық, мәдени және қоғамдық-саяси салалардағы мемлекеттік саясаттың негізгі басымдықтарын іске асыру жөніндегі қызметтерін үйлестіру;
3) Бөлімінің құзырына қатысты мәселелер бойынша Қазақстан Республикасы Президентінің және Үкіметінің, аудан әкімінің және әкімдігінің актілері мен тапсырмаларының орындалуын қамтамасыз ету;
4) Қазақстанның 2030 жылға және 2050 жылға дейінгі даму стратегияларының, Қазақстан Республикасының 2020 жылға дейінгі стратегиялық даму жоспарының, Президентінің Қазақстан халқына жыл сайынғы Жолдауларының, мемлекеттік және салалық бағдарламалар мен басқа да стратегиялық құжаттардың негізгі басымдықтарын ауданда түсіндіру мен насихаттауды қамтамасыз ету;
5) ішкі саясат саласындағы өңірлік маңызы бар бағдарламалық құжаттарды әзірлеу және іске асыру жөніндегі жұмыстарды үйлестіру;
6) ауданда ішкі саясат саласындағы жұмыстарды ұйымдастыру бойынша практикалық ұсыныстар, Қазақстан дамуының ұзақ мерзімді басымдықтарын тиімді іске асыру бойынша ұсыныстар әзірлеу;
7) аудандағы ішкі саяси үрдістерді және олардың даму үрдістерін зерделеу мен талдауын қамтамасыз ету;
8) азаматтық қоғам институттарымен, ауданның қоғам өкілдерімен өзара іс-қимыл жасау болып табылады;
9) бекітіліп берілген және басқаруындағы мемлекеттік заңды тұлғалардың коммуналдық мүлкінің пайдалануына және сақталуына бақылауды жүргізеді.
10) Қазақстан Республикасының "Әкімшілік құқық бұзушылық туралы" кодексіне сәйкес әкімшілік іс жүргізуді жүзеге асырады;
16. Бөлімінің функциялары:
1) ішкі саясаттың басты бағыттары бойынша, оның ішінде білім, денсаулық сақтау, халықты әлеуметтік қамтамасыз ету және қорғау, жұмыспен қамту, этносаралық және конфессияаралық келісім, патриоттық тәрбие беру және мемлекеттік рәміздерді насихаттау, тіл, ақпараттық, мәдени, гендерлік және отбасылық-демографиялық салалардағы мәселелер бойынша аудандағы жергілікті атқарушы органдардың қызметтерін ақпараттық-идеологиялық сүйемелдеу;
2) ішкі саяси тұрақтылығын, ел бірлігін және қоғамды топтастыруды қамтамасыз етуге бағытталған практикалық және өзге де шаралар кешенін іске асыру;
3) аудандағы ірі қоғамдық-маңызды іс-шараларды ақпараттық-талдамалық және ұйымдастырушылық-техникалық сүйемелдеу;
4) жергілікті атқарушы органдардың әлеуметтік-экономикалық, қоғамдық-саяси және өзге де салалардағы қызметтері туралы ақпараттық-түсіндіру жұмысын ұйымдастыру, аталған бағыттағы жұмыстарды жетілдіру бойынша ұсыныстар әзірлеу;
5) Президенттің Қазақстан халқына жыл сайынғы Жолдауларын және басқа да стратегиялық құжаттарды түсіндіру мен насихаттау жөніндегі аудандық ақпараттық-насихаттық топтардың (АНТ) аудандағы қызметін ұйымдастыру, АНТ-ты ақпараттық-әдістемелік қамтамасыз ету;
6) саяси партиялармен, үкіметтік емес ұйымдармен, этномәдени және діни бірлестіктермен, құқық қорғау және басқа да қоғамдық ұйымдармен, кәсіптік одақтармен, БАҚ, ғылыми және шығармашылық қауыммен, қоғамдық пікір жетекшілерімен өзара іс-қимыл жасауды жүзеге асыру;
7) бөлімінің құзыретіне кіретін мәселелер бойынша аудан әкімдігінің жанында әрекет ететін консультативті-кеңесші органдары мен жұмыс топтарының қызметтерін қамтамасыз ету;
8) аудандағы қоғамдық-саяси ахуалға талдау жасау және болжау, оның ішінде саяси партиялардың, өзге де қоғамдық бірлестіктердің және ұйымдардың қызметтеріне мониторинг жасауды ұйымдастыру, әлеуметтік және саяси зерттеулер жүргізу;
9) аудандағы мемлекеттік саясатты тиімді іске асыруды қамтамасыз ету, оның ішінде БАҚ-тың мемлекеттік тапсырыстарды орындау жөніндегі қызметтерін әдістемелік қолдау және үйлестіру;
10) концептуалдық құжаттарды әзірлеуге, бөлімінің құзыретіне кіретін мәселелер бойынша аудан әкімінің актілерінің жобаларын дайындауға және оларға талдау жасауға қатысу;
11) жоғары тұрған мемлекеттік органдармен, мәслихаттармен, аудан әкімінің аппаратымен, бөлімінің құзыретіне кіретін мәселелер бойынша өзара іс-қимыл жасау;
12) бөлімнің құзыретіне кіретін мәселелер бойынша ақпараттық базаны қалыптастыру, жинақтау, жинап қорыту және жіктеу;
13) аудандағы діни ахуалға зерделеу және талдау жүргізеді;
14) аудан әкімдігіне Қазақстан Республикасының діни қызмет және діни бірлестіктер туралы заңнамасын жетілдіру жөнінде ұсыныстар енгізеді;
15) аудан әкімдігіне діни әдебиеттерді және діни мазмұндағы өзге де ақпараттық материалдарды, діни мақсаттағы заттарды тарату үшін арнайы тұрақты үй-жайлардың орналастырылуы, сондай-ақ ғибадат үйлерінен (ғимараттарынан) тыс жерлерде діни жораларды өткізуге арналған үй-жайлардың орналастырылуын келісу бойынша ұсыныстар енгізеді;
16) "Ырыс алды - ынтымақ" қоғамдық форумын ұйымдастырады және өткізеді;
17) ауданда сыбайлас жемқорлыққа қарсы шараларды ұйымдастырады;
18) аудан тұрғындарының сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениетін қалыптастыруға шаралар қарастырады;
19) Қазақстан Республикасының заңнамасымен қарастырылған өзге де функцияларды жүзеге асыру;
20) аудан аумағында жастар мен жастар ұйымдарын қолдау және дамыту үшін тиісті ұсынымдар енгізу.
17. Құқықтары мен мiндеттерi:
1) мемлекеттік органдардан және лауазымды тұлғалардан, өзге де ұйымдардан және азаматтардан өз функцияларын орындауға қажетті ақпараттарды белгіленген тәртіппен сұрауға, Бөлімнің құзыретіне кіретін мәселелерді пысықтауға мемлекеттік органдардың және өзге де ұйымдардың қызметкерлерін тартуға, тиісті ұсыныстар әзірлеу үшін уақытша жұмыс топтарын құруға;
2) аудан әкіміне жергілікті атқарушы органдардың ішкі саясат саласындағы қызметтерін жетілдіру бойынша ұсыныстар енгізуге;
3) бөлімнің қызмет саласына қатысты мәселелер бойынша тапсырмалар беруге, олардың орындалуын бақылауға, жергілікті атқарушы органдармен өткізілетін іс-шараларға қатысуға;
4) ведомстволық бағынысты ұйымдарды құру, қайта ұйымдастыру, тарату мәселелері бойынша ұсыныстар енгізуге;
5) лауазымды тұлғаларға және мемлекеттік органдарға бөлімнің құзыретіне кіретін мәселелер бойынша консультативтік-әдістемелік, ақпараттық, ұйымдастыру-техникалық және өзге де көмектер көрсетуге.
3. Сайрам ауданының ішкі саясат бөлімінің қызметiн ұйымдастыру
18. Сайрам ауданының ішкі саясат бөлімінде басшылықты Сайрам ауданының ішкі саясат бөліміне жүктелген мiндеттердiң орындалуына және оның функцияларын жүзеге асыруға дербес жауапты болатын басшы жүзеге асырады.
19. Сайрам ауданының ішкі саясат бөлімінің басшысы аудан әкімімен лауазымға тағайындалады және лауазымынан босатылады.
20. Сайрам ауданының ішкі саясат бөлімінің басшысы Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес қызметке тағайындалатын және қызметтен босатылатын орынбасары болады.
21. Сайрам ауданының ішкі саясат бөлімі басшысының өкiлеттiлігі:
1) өз орынбасарлары және бөлімнің құрылымдық бөлімшелері жетекшілерінің міндеттері мен өкілеттіліктерін анықтайды;
2) бөлім қызметкерлерін қызметке тағайындайды және лауазымдарынан босатады;
3) заңнамада белгіленген тәртіппен бөлім қызметкерлерін ынталандыруды жүзеге асырады;
4) заңнамада белгіленген тәртіппен бөлім қызметкерлеріне тәртіптік жаза тағайындайды;
5) өз құзыреті шегінде бұйрықтар шығарады, нұсқаулар береді, қызметтік құжаттарға қол қояды;
6) мемлекеттік органдарда және өзге де ұйымдарда бөлімнің атынан өкілдік етеді;
7) бөлімнің құзыретіне кіретін мәселелер бойынша нормативтік құқықтық актілердің, бағдарламалардың жобаларын және басқа да құжаттардың орындалу барысын бақылайды;
8) бөлімнің құзыретіне кіретін мәселелер бойынша есептік материалдарды дайындау жөніндегі жұмыстарды бақылайды;
9) бөлімнің стратегиялық жоспарының іске асырылу барысын үйлестіреді;
10) белгіленген тәртіппен қаржылық-экономикалық және шаруашылық қызметтерінің мәселелерін шешеді, бюджеттік қаражаттардың тиімді және мақсатты орындалуын бақылайды;
11) заңдылықтың, бөлімнің қызметіндегі келісім-шарттық және қаржылық тәртіптің сақталуын қамтамасыз етеді;
12) заңнамада белгіленген тәртіппен меморандумдарға қол қояды;
13) бөлімнің қаржы-шаруашылық қызметіне және мекеме мүлкінің сақталуы үшін жеке жауаптылықта болады;
14) сыбайлас жемқорлыққа қарсы заңнаманың орындалуына дербес жауапты болады;
15) Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес өзге де өкілеттілікті жүзеге асырады.
Сайрам ауданының ішкі саясат бөлімінің басшысы болмаған кезеңде оның өкілеттіктерін қолданыстағы заңнамаға сәйкес оны алмастыратын тұлға орындайды.
22. Бiрiншi басшы өз орынбасарларының өкiлеттiктерiн қолданыстағы заңнамаға сәйкес анықтайды.
23. Сайрам ауданының ішкі саясат бөлімінің Қазақстан Республикасының қолданыстағы заңнамасына сәйкес аудан әкімімен қызметке тағайындалатын және қызметтен босатылатын бөлім басшысы басқарады.
4. Сайрам ауданының ішкі саясат бөлімінің мүлкi
24. Сайрам ауданының ішкі саясат бөлімінің заңнамада көзделген жағдайларда жедел басқару құқығында оқшауланған мүлкi болуы мүмкiн.
Сайрам ауданының ішкі саясат бөлімінің мүлкi оған меншiк иесi берген мүлiк, сондай-ақ өз қызметi нәтижесiнде сатып алынған мүлiк (ақшалай кiрiстердi коса алғанда) және Қазақстан Республикасының заңнамасында тыйым салынбаған өзге де көздер есебiнен қалыптастырылады.
25. Сайрам ауданының ішкі саясат бөліміне бекiтiлген мүлiк коммуналдық меншiкке жатады.
26. Егер заңнамада өзгеше көзделмесе, Сайрам ауданының ішкі саясат бөлімінің, өзiне бекiтiлген мүлiктi және қаржыландыру жоспары бойынша өзiне бөлiнген қаражат есебiнен сатып алынған мүлiктi өз бетiмен иелiктен шығаруға немесе оған өзгедей тәсiлмен билiк етуге құқығы жоқ.
5. Сайрам ауданының ішкі саясат бөлімін қайта ұйымдастыру және тарату
27. Сайрам ауданының ішкі саясат бөлімін қайта ұйымдастыру және тарату Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес жүзеге асырылады.
6. Сайрам ауданының ішкі саясат бөлімінің қарамағындағы ұйымдардың тiзбесi
1. "Жастар орталығы" коммуналдық мемлекеттік мекемесі.