"Қазақстан Республикасындағы жергілікті мемлекеттік басқару және өзін-өзі басқару туралы" Қазақстан Республикасы Заңының 27-бабына және Қазақстан Республикасы Үкіметінің "Мемлекеттік органдар мен олардың құрылымдық бөлімшелерінің қызметін ұйымдастырудың кейбір мәселелері туралы" 2021 жылғы 1 қыркүйектегі № 590 қаулысына сәйкес, Түркістан облысының әкімдігі ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:
1. "Түркістан облысының қоғамдық даму басқармасы" мемлекеттік мекемесі туралы Ереже осы қаулының қосымшасына сәйкес бекітілсін.
2. "Түркістан облысының қоғамдық даму басқармасы" мемлекеттік мекемесі Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіпте:
1) жоғарыда көрсетілген Ереженің заңнамада белгіленген тәртіпте әділет органдарында мемлекеттік тіркелуін;
2) осы қаулыға қол қойылған күнінен бастап бес жұмыс күн ішінде оның қазақ және орыс тілдеріндегі электрондық түрдегі көшірмесін Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінің "Қазақстан Республикасының Заңнама және құқықтық ақпарат институты" шаруашылық жүргізу құқығындағы республикалық мемлекеттік кәсіпорнының Түркістан облысы бойынша филиалына ресми жариялау және Қазақстан Республикасы нормативтік құқықтық актілерінің эталондық бақылау банкіне енгізу үшін жіберілуін;
3) осы қаулының ресми жарияланғанынан кейін оның Түркістан облысы әкімдігінің интернет-ресурсында орналастырылуын қамтамасыз етсін.
3. Осы қаулының орындалуын бақылау Түркістан облысы әкімінің жетекшілік ететін орынбасарына жүктелсін.
4. Осы қаулы алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі.
| Облыс әкімі | Н. Көшеров |
| Түркістан облысы әкімдігінің 2025.жылғы "___" ________ №___ қаулысына қосымша |
"Түркістан облысының қоғамдық даму басқармасы" мемлекеттік мекемесінің ЕРЕЖЕСІ
1-тарау. Жалпы ережелер
1. "Түркістан облысының қоғамдық даму басқармасы" мемлекеттік мекемесі (бұдан әрі - Басқарма) Түркістан облысының мемлекеттік идеология, этносаралық қатынастар, жастар, ақпараттық және қоғамдық саясаттар салаларында басшылықты жүзеге асыратын Қазақстан Республикасының мемлекеттік органы болып табылады.
2. Басқарманың ведомостволары жоқ.
3. Басқарма өз қызметін Қазақстан Республикасының Конституциясына және заңдарына, Қазақстан Республикасының Президенті мен Үкіметінің актілеріне, өзге де нормативтік құқықтық актілерге, сондай-ақ осы Ережеге сәйкес жүзеге асырады.
4. Басқарма ұйымдық-құқықтық нысанындағы заңды тұлға болып табылады, Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Елтаңбасы бейнеленген мөрлері және атауы қазақ және орыс тілдерінде жазылған мөртабандары, белгіленген үлгідегі бланкілері, Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес қазынашылық органдарында шоттары бар.
5. Басқарма азаматтық-құқықтық қатынастарды өз атынан жасайды.
6. Басқарма Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес уәкілеттік берілген жағдайда ол мемлекеттің атынан азаматтық-құқықтық қатынастардың тарапы болуға құқылы.
7. Басқарма өз құзыретінің мәселелері бойынша заңнамада белгіленген тәртіппен Басқарма басшысының бұйрықтарымен және Қазақстан Республикасының заңнамасында көзделген басқа да актілермен рәсімделетін шешімдер қабылдайды.
8. Басқарма құрылымы мен штат санының лимиті Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес бекітіледі.
9. Заңды тұлғаның орналасқан жері: Қазақстан Республикасы, Түркістан облысы, Түркістан қаласы, Жаңа қала шағын ауданы, 32-көше, 20-ғимарат, пошталық индексі 161200.
10. Осы Ереже басқарманың құрылтай құжаты болып табылады.
11. Басқарманың қызметін қаржыландыру Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес жергілікті бюджеттен жүзеге асырылады.
12. Басқармаға кәсіпкерлік субъектілермен Басқарманың өкілеттіктері болып табылатын міндеттерді орындау тұрғысында шарттық қарым-қатынас жасауға тыйым салынады.
Егер басқарманың заңнамалық актілермен кіріс әкелетін қызметті жүзеге асыру құқығы берілсе, онда алынған кіріс, егер Қазақстан Республикасының заңнамасында өзгеше белгіленбесе, мемлекеттік бюджетке жіберіледі.
2-тарау. Мемлекеттік органның мақсаттары мен өкілеттіктері
13. Мақсаттары:
1) мемлекеттік жастар саясатын іске асырады;
2) мемлекеттік ақпараттық саясатты іске асырады;
3)Түркістан облысы аумағында мемлекеттік саясатты, мемлекеттік идеологияны іске асыру, мемлекеттілікті бекемдеп, азаматтардың әлеуметтік оптимизмін қалыптастыру, өзара іс-қимылын қамтамасыз ету, жастардың мәселелері бойынша Қазақстан Республикасы мемлекеттік саясатының негізгі міндеттерін іске асырудың тиімділігін арттыру, өңірдегі этносаралық қатынастар саласындағы мемлекеттік саясатты іске асыру.
14. Өкілеттіктері:
құқықтары:
1) өзіне жүктелген міндеттері мен функциялары шегінде шешімдер қабылдау;
2) заңнамада белгіленген тәртіппен өз функцияларын жүзеге асыру үшін мемлекеттік органдардан, ұйымдар мен жеке және заңды тұлғалардан құжаттарды және ақпаратты сұратып алу;
3) облыс әкіміне мемлекеттік жастар саясатын жетілдіру жөнінде ұсыныстар енгізу;
4) Басқарма құзыретіне жататын мәселелер бойынша саяси партиялармен, қоғамдық ұйымдармен, коммерциялық емес ұйымдармен, кәсіподақтармен және өзге де ұйымдармен өзара іс-қимыл жасау.
міндеттері:
өз құзыреті шегінде жеке және заңды тұлғалардың арыз-шағымдарына заң аясында жауап беру.
15. Функциялары:
1) уәкілетті орган айқындайтын тәртіппен мемлекеттік әлеуметтік тапсыpысты қалыптастыруды, оның іске асырылу мониторингін және нәтижелерін бағалауды жүзеге асыру;
2) үкіметтік емес ұйымдармен өзара іс-қимыл және ынтымақтастық жөніндегі кеңестер құру туралы облыс әкіміне ұсыныс енгізу;
3) уәкілетті органға мемлекеттік әлеуметтік тапсырыстың іске асырылуы жөніндегі ақпаратты ұсыну;
4) мемлекеттік әлеуметтік тапсырыстың жоспарланатын тақырыптарын және іске асырылуы жөніндегі ақпаратты, сондай-ақ мемлекеттік әлеуметтік тапсырыстың нәтижелерін бағалауды өздерінің интернет-ресурстарында орналастыру;
5) мемлекеттік әлеуметтік тапсырысты жүзеге асыратын үкіметтік емес ұйымдарға ақпараттық, консультативтік, әдістемелік қолдау көрсету;
6) өздерінің құзыреті шегінде оператор арқылы мемлекеттік гранттар беру және оператордың мемлекеттік гранттардың іске асырылу нәтижелері туралы есебін қарау;
7) мемлекеттік гранттарды қалыптастыру, беру, мониторингтеу және олардың тиімділігін бағалау қағидаларына сәйкес азаматтық қоғам өкілдерін тарта отырып, мемлекеттік гранттардың тиімділігін бағалауды жүзеге асыру;
8) мемлекеттік гранттар бағыттарының тізбесін үкіметтік емес ұйымдармен өзара іс-қимыл және ынтымақтастық жөніндегі кеңестердің қарауына шығару;
9) үкіметтік емес ұйымдармен өзара іс-қимыл және ынтымақтастық жөніндегі кеңестердің ұсыныстары негізінде бағыттары мен қаржыландыру көлемдері бойынша мемлекеттік гранттар қалыптастыру;
10) облыс аумағында Қазақстан Республикасының мемлекеттік рәміздерінің пайдалануына (тігілуін, орналастырылуын) бақылау жүргізу;
11) облыстық мемлекеттік рәміздер комиссиясының қызметін ұйымдастыру;
12) жергілікті деңгейдегі қоғамдық кеңестердің қызметін үйлестіруді және әдістемелік қамтамасыз етуді жүзеге асыру;
13) әлеуметтік шиеленіске және еңбек жанжалдарының туындау тәуекелдеріне мониторингті жүзеге асыру;
14) өңірдегі қоғамдық-саяси ахуалға талдау жасау және болжамдау;
15) әлеуметтік тәуекелдер картасын қалыптастыру және өзектендіру;
16) әлеуметтік зерттеулер жүргізу;
17) қоғамдық-саяси ахуалдың тұрақтылығын қамтамасыз ету үшін әлеуметтік маңызы бар мәселелерді шешу мақсатында мемлекеттік органдардың қызметін үйлестіру;
18) облыста, оның ішінде этносаралық қатынастар саласында болып жатқан қоғамдық-саяси процестерді, олардың даму үрдістерін тұтастай жүйелі, объективті зерделеуді, жинақтауды, талдауды және болжауды қамтамасыз ету;
19) өңірлік деңгейдегі этносаралық қатынастар саласындағы саясатты жетілдіруге жәрдемдесу;
20) өз құзыреті аясында мемлекеттік органдарға, ұйымдарға және этномәдени бірлестіктерге әдістемелік көмек көрсету;
21) этносаралық қатынастардың жай-күйіне мониторингті жүзеге асыру;
22) этносаралық қатынастар саласындағы келіспеушіліктер мен дауларды реттеу, қақтығысты жағдайларды болдырмау жөнінде ұсынымдар тұжырымдайды және практикалық шараларды іске асыру;
23) этносаралық қатынастар мәселелері бойынша семинарлар, конференциялар және өзге де шаралар өткізу;
24) аналар кеңестерін, Ассамблеяның этномәдени бірлестіктері мен өзге де қоғамдық бірлестіктерді отбасы институтын, дәстүрлі отбасылық құндылықтарды, қазақстандық қоғамдағы достық пен бірлікті дәріптеуге және нығайтуға тарту;
25) облыстық Ассамблеяның сессиясы мен кеңесін өткізуді және олардың құзыреттерін іске асыруды қамтамасыз ету;
26) тиісті құрылымдық бөлімшелермен, азаматтармен, бірлестіктермен және үкіметтік емес ұйымдармен бірлесіп отбасы мен жастардың жағдайын жақсартуға бағытталған іс-шараларды әзірлеу және жүзеге асыру;
27) мемлекеттік жастар саясатын іске асырудың өзекті проблемаларын анықтау және шешу, тиімділігін арттыру үшін жастардың қажеттіліктеріне мониторинг және бағалау жүргізуді қамтамасыз ету;
28) жастардың волонтерлік қызметін және жастардың өзін-өзі басқаруын дамытуға жәрдемдесу;
29) облыс әкімдігіне жастар ресурстық орталықтарын құру туралы ұсыныс енгізу, олардың қызметін қамтамасыз ету және үйлестіру;
30) мемлекеттік жастар саясаты, мәдениет, бұқаралық ақпарат құралдары мәселелері бойынша және конфессияаралық келісім мен діни толеранттылықты нығайту бойынша жастар ұйымдарымен өзара іс-қимылды және ынтымақтастықты жүзеге асыру;
31) мемлекеттік жастар саясаты мәселелері бойынша түсіндіру жұмыстарын жүргізу;
32) талантты жастарды және перспективалы жастар шығармашылық ұжымдарын іздеуге және қолдауға бағытталған іс-шаралар кешенін жүзеге асыру;
33) жастар арасында конфессияаралық келісім мен діни толеранттылықты нығайту бойынша түсіндіру жұмыстарын жүзеге асыру;
34) жастардың өңірлік форумын өткізуді қамтамасыз ету;
35) қазақстандық патриотизмді, конфессияаралық келісім мен этносаралық толеранттылықты нығайту жөнінде шаралар қолданады;
36) жастар еңбек жасақтарын құру, ұйымдастыру, қамтамасыз ету, сондай-ақ олардың қызметіне мониторинг жүргізу;
37) жастардың даму индексін іске асыру жөніндегі іс-шаралардың өткізілуін қамтамасыз ету;
38) отбасы құндылықтарын түсіндіру бойынша жұмыстар жүргізу, жастар арасында отбасылық құндылықтар бойынша кездесулерді, семинар-тренингтерді, байқауларды ұйымдастыру, жас отбасыларды әлеуметтік қолдау;
39) отбасы мен жастардың ақпараттық қауіпсіздігін, отбасылық қатынастар мәдениетін арттыруды қолданыстағы заңнамаға сәйкес қамтамасыз ету;
40) Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен өңірлік деңгейде мемлекеттік ақпараттық саясатты жүргізу жөніндегі мемлекеттік тапсырысты қалыптастыру, орналастыру және оның жүзеге асырылуын бақылау;
41) уәкілетті орган бекітетін, өңірлік деңгейде мемлекеттік ақпараттық саясатты жүргізу жөніндегі мемлекеттік тапсырысты жүзеге асыру үшін сатып алынатын қызметтердің құнын айқындаудың үлгілік әдістемесі негізінде өңірлік деңгейде мемлекеттік ақпараттық саясатты жүргізу жөніндегі мемлекеттік тапсырысты жүзеге асыру үшін сатып алынатын қызметтердің құнын айқындау әдістемесін әзірлеу және облыс әкімдігіне бекіту үшін ұсыну;
42) телерадио хабарларын тарату операторларының қызметтеріне шартты қолжетімді карталарды және телерадио хабарларын тарату саласында лицензиясы жоқ және Қазақстан Республикасының аумағында меншікті спутниктік хабар тарату жүйелері жоқ телерадио хабарларын тарату операторларының теле-, радиосигналын жеке-дара қабылдауға арналған жабдықтарды таратуына тыйым салу жөніндегі талаптардың сақталуын мемлекеттік бақылауды жүзеге асыру;
43) мемлекеттік ақпараттық саясат мәселелері жөніндегі өңірлік комиссияның қызметін қамтамасыз ету;
44) Президенттің Қазақстан халқына жыл сайынғы Жолдауларын және басқа да стратегиялық құжаттарды түсіндіру мен насихаттау жөніндегі республикалық және өңірлік деңгейдегі ақпараттық топтардың өңірдегі қызметін ұйымдастыру, ақпараттық-әдістемелік қамтамасыз ету;
45) Қазақстан Республикасының заңнамасында көзделген өзге де функцияларды жүзеге асыру.
3-тарау. Мемлекеттік органның, бірінші басшысының мәртебесі, өкілеттіктері
16. Басқарманы басқаруды бірінші басшы жүзеге асырады, жүктелген міндеттердің орындалуына және оның өз өкілеттіктерін жүзеге асыруына дербес жауапты болады.
17..Басқарманың бірінші басшысы Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес лауазымға тағайындалады және лауазымнан босатылады.
18. Басқарманың бірінші басшысы Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес лауазымға тағайындалатын және лауазымнан босатылатын орынбасарлары болады.
19. Басқарма бірінші басшысының өкілеттіктері:
1) барлық мемлекеттiк органдар мен басқа да ұйымдарда Басқарманың мүддесін білдіреді;
2) Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес Басқарма қызметкерлерiн және Басқарма қарамағындағы мекеме басшысы мен басшы орынбасарларын қызметке тағайындайды және қызметтен босатады;
3) қолданыстағы заңнамаға сәйкес Басқарманың құзыретіне жататын стратегиялық және бағдарламалық құжаттардың әзірленуін қамтамасыз етеді;
4) Басқарманың атынан сенімхатсыз әрекет етеді;
5) келісімшарттар жасасады;
6) сенімхаттар береді;
7) банктік есеп-шоттар ашады;
8) заңнамада белгіленген тәртіппен меморандумды, әкімшілік құқық бұзушылықтар туралы хаттамаларды дайындайды және оларға қол қояды;
9) бюджеттік бағдарламаларды жоспарлауға, негіздеуге, іске асыруға және нәтижелерге қол жеткізуге жауапты болады;
10) қаржылық-шаруашылық қызметіне және оған берілген мүліктің сақталуына дербес жауапты болады;
11) Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес Басқарма қызметкерлерінің міндеттері мен өкілеттілігін белгілейді;
12) Қазақстан Республикасының заңнамасымен белгіленген тәртіпте Басқарма қызметкерлерін іссапарға жіберу, демалыс беру, материалдық көмек көрсету, даярлау (қайта даярлау), біліктілігін арттыру, ынталандыру, үстемақы мен сыйлықақы төлеу, сондай-ақ қызметкерлердің тәртіптік жауапкершілігі, оларға тәртіптік жаза қолдану мәселелерін шешеді;
13) Басқарма қызметкерлеріне, сондай-ақ Басқарманың қарамағындағы мекеменің басшыларына Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіпте орындауға міндетті бұйрықтар шығарады, өз құзыретіне жататын мәселелер бойынша нұсқаулар береді;
14) қызметкерлердің лауазымдық нұскаулықтарын бекітеді;
15) перспективалық және ағымдағы жұмыс жоспарларын бекітеді;
16) сыбайлас жемқорлықтың көріністеріне қарсы әрекеттерді күшейту бойынша шаралар қабылдайды және сыбайлас жемқорлыққа қарсы заңнаманың бұзылуына дербес жауапты болады;
17) Басқарманың жұмысын ұйымдастырады, үйлестіреді және бақылайды;
18) Басқарманың бөлiмдерi туралы ережелердi бекiтедi;
19) қызметтік этика нормаларының сақталуын қамтамасыз етеді;
20) жеке тұлғалардың және заңды тұлғалардың өкілдерін жеке қабылдау кестесін бекітеді;
21) Басқармаға жүктелген міндеттер мен қызметтердің, облыс әкімі мен жетекшілік ететін облыс әкімі орынбасарының тапсырмаларының орындалуына дербес жауапты болады;
22) Қазақстан Республикасы заңнамасымен, осы Ережемен, облыс әкімдігімен оған жүктелген басқа да функцияларды жүзеге асырады.
Басқарманың бірінші басшысы болмаған кезеңде оның өкілеттіктерін қолданыстағы заңнамаға сәйкес оны алмастыратын тұлға жүзеге асырады.
4-тарау. Мемлекеттік органның мүлкі
20. Басқарма заңнамада көзделген жағдайларда жедел басқару құқығында оқшауланған мүлкі болуы мүмкін.
Басқарманың мүлкі оған меншік иесі берген мүлік, сондай-ақ өз қызметі нәтижесінде сатып алынған мүлік (ақшалай кірістерді қоса алғанда) және Қазақстан Республикасының заңнамасында тыйым салынбаған өзге де көздер есебінен қалыптастырылады.
21. Басқарма бекітілген мүлік коммуналдық меншікке жатады.
22. Егер заңнамада өзгеше көзделмесе, басқарма өзіне бекітілген мүлікті және қаржыландыру жоспары бойынша өзіне берілген қаражат есебінен сатып алынған мүлікті өз бетімен иеліктен шығаруға немесе оған өзгедей тәсілмен билік етуге құқығы жоқ.
5-тарау. Мемлекеттік органды қайта ұйымдастыру және тарату
23. Басқарманы қайта ұйымдастыру және тарату Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес жүзеге асырылады.
Басқарманың қарамағындағы ұйымдарының тізбесі:
1) "Оңтүстік Қазақстан" облыстық қоғамдық-саяси газеті редакциясы" жауапкершілігі шектеулі серіктестігі;
2) "Южный Казахстан" облыстық қоғамдық-саяси газеті редакциясы" жауапкершілігі шектеулі серіктестігі;
3) "Жанубий Қозоғистон" облыстық қоғамдық-саяси газеті редакциясы" жауапкершілігі шектеулі серіктестігі;
4) "Turkistan Media Holding" жауапкершілігі шектеулі серіктестігі;
5) Түркістан облысы қоғамдық даму басқармасы "Ақпараттық талдау орталығы" коммуналдық мемлекеттік мекемесі;
6) Түркістан облысы қоғамдық даму басқармасы "Жастар ресурстық орталығы" коммуналдық мемлекеттік мекемесі.
7) Түркістан облысы қоғамдық даму басқармасы "Қоғамдық келісім" коммуналдық мемлекеттік мекемесі.