ЗҚАИ-ның ескертпесі!
Осы бұйрықтың қолданысқа енгізілу тәртібін 4-т. қараңыз.
Қазақстан Республикасының Су кодексінің 25-бабы 3-тармағының 2) тармақшасына сәйкес БҰЙЫРАМЫН:
1. Қоса беріліп отырған "Елді мекеннің техникалық сумен жабдықтау жүйелері беретін техникалық судың қауіпсіздігі туралы" техникалық регламент бекітілсін.
2. Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігінің Санитариялық-эпидемиологиялық бақылау комитеті Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен:
1) осы бұйрықтың электрондық көшірмесін Қазақстан Республикасы Нормативтік құқықтық актілерінің эталондық бақылау банкіне енгізу үшін Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінің "Қазақстан Республикасының Заңнама және құқықтық ақпарат институты" шаруашылық жүргізу құқығындағы республикалық мемлекеттік кәсіпорнына жіберуді;
2) осы бұйрық ресми жарияланғаннан кейін оны Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігінің интернет-ресурсында орналастыруды қамтамасыз етсін.
3. Осы бұйрықтың орындалуын бақылау жетекшілік ететін Қазақстан Республикасының Денсаулық сақтау вице-министріне жүктелсін.
4. Осы бұйрық алғаш ресми жарияланған күннен бастап он екі ай өткен соң қолданысқа енгізіледі.
Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрінің міндетін атқарушы |
Т. Мұратов |
"КЕЛІСІЛГЕН"
Қазақстан Республикасы
Су ресурстары және ирригация
министрлігі
"КЕЛІСІЛГЕН"
Қазақстан Республикаcы
Сауда және интеграция
министрлігі
"КЕЛІСІЛГЕН"
Қазақстан Республикаcы
Ұлттық экономика министрлігі
Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрінің 2025 жылғы 29 шiлдедегi № 494 бұйрығы бұйрығына қосымша |
"Елді мекеннің техникалық сумен жабдықтау жүйелері беретін техникалық судың қауіпсіздігі туралы" техникалық регламент
1-тарау. Қолдану саласы
1. Осы "Елді мекеннің техникалық сумен жабдықтау жүйелері беретін техникалық судың қауіпсіздігі туралы" техникалық регламент (бұдан әрі – техникалық регламент) Қазақстан Республикасының Су кодексінің 25-бабы 3-тармағының 2) тармақшасына сәйкес әзірленді және Қазақстан Республикасының аумағында қолдану және пайдалану үшін халыққа техникалық су ретінде қайта пайдалану үшін әкімшілік, тұрғын үй ғимараттары мен коммуналдық объектілердің тіршілік және өндірістік қызметі барысында алынатын және (немесе) түзілетін техникалық суға қойылатын міндетті талаптарды белгілейді.
2. Осы техникалық регламент адамның өмірі мен денсаулығын, қоршаған ортаны, жануарлар мен өсімдіктердің өмірі мен денсаулығын қорғау мақсатында әзірленді.
3. Осы техникалық регламент әкімшілік, тұрғын үй және коммуналдық-тұрмыстық мақсаттағы объектілердің тіршілік және өндірістік қызметі барысында түзілетін техникалық суға қолданылады және тек орталықтандырылған техникалық сумен жабдықтау жүйесі болған жағдайда ғана міндетті болып табылады.
4. Осы техникалық регламенттің техникалық реттеу объектілері:
1) техникалық су;
2) техникалық судың қауіпсіздігін қамтамасыз етумен байланысты құрылыстар мен материалдар болып табылады.
5. Осы техникалық регламент:
1) ауыз суға;
2) бөтелкедегі суға;
3) өнеркәсіптік объектілердің техникалық суына қолданылмайды.
6. Бұл ретте, осы техникалық регламентте көрсетілген техникалық су Еуразиялық экономикалық одақ туралы шарт шеңберінде айналымда болатын өнім болып табылмайды.
2-тарау. Терминдер мен анықтамалар
7. Осы техникалық регламентте мынадай терминдер мен анықтамалар қолданылады:
1) орталықтандырылған техникалық сумен жабдықтау жүйесі – техникалық суды алу, оны дайындау және тұтыну орындарына дейін жеткізуге арналған құрылыстар, құрылғылар, жабдықтар мен құбырлардың жиынтығы;
2) су тұтынушы – су беру бойынша су шаруашылығы ұйымдарының немесе су пайдаланушылардың көрсетілетін қызметтерін пайдаланатын не ортақ су пайдалану тәртібімен су объектілерінен су тұтынатын жеке немесе заңды тұлға;
3) техникалық су – техникалық сумен жабдықтау үшін пайдаланылатын, орталықтандырылған техникалық сумен жабдықтау жүйелері арқылы берілетін, адамның тұрмыстық қажеттіліктерін қанағаттандыруға арналған және ішуге арналмаған су.
3-тарау. Техникалық сумен жабдықтаудың және сулардың жай-күйіне әсер ететін техникалық құрылғылардың қауіпсіздігіне қойылатын талаптар
8. Техникалық сумен жабдықтауға арналған құрылғылар, жабдық, құбырлар мен резервуарлар техникалық сумен жабдықтауға жарамды материалдардан дайындалуға тиіс. Ішкі беттері тазалауды жеңілдету және бактериялардың өсуін болдырмау үшін тегіс болуға және мүмкіндігінше кеуексіз болуға тиіс.
9. Техникалық сумен жабдықтау жүйесінде қолданылатын технологиялық жабдық Қазақстан Республикасы Төтенше жағдайлар министрінің 2021 жылғы 17 тамыздағы № 405 бұйрығымен бекітілген "Өрт қауіпсіздігіне қойылатын жалпы талаптар" техникалық регламентіне (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 24045 болып тіркелген) сәйкес жарылыс қауіпсіздігі және өрт қауіпсіздігі талаптарына сай болуға тиіс.
10. Техникалық сумен жабдықтау желілерін пайдаланатын ұйымдар олардың жарамды күйде болуын қамтамасыз етуге міндетті. Техникалық сумен жабдықтау жүйелерін тазалау және жуу жылына бір реттен сиретпей жүргізілуге тиіс. Техникалық су құбырларындағы ақаулар (ағып кетулер, жарылулар) анықталған сәттен бастап 24 сағат ішінде жойылуға тиіс.
4-тарау. Техникалық су қауіпсіздігіне қойылатын талаптар
11. Техникалық судың қауіпсіздігі оның қауіпсіздік талаптарына сәйкестігін қамтамасыз ететін техникалық су дайындау технологияларын қолдану және өндірістік бақылау бағдарламаларын әзірлеу және орындау арқылы қамтамасыз етіледі.
12. Техникалық су осы техникалық регламентке қосымшаға сәйкес микробиологиялық, химиялық, радиациялық, токсикологиялық және физикалық-химиялық көрсеткіштер бойынша қауіпсіздік талаптарына сәйкес болуға тиіс.
Техникалық судың қауіпсіздік талаптарына сәйкестігін бақылауды техникалық суды жеткізуші тұлғалардың өндірістік зертханалары немесе техникалық суды зерттеуді (сынауларды) орындауға белгіленген тәртіппен аккредиттелген өзге де зертханалар "Сәйкестікті бағалау саласындағы аккредиттеу туралы" Қазақстан Республикасы Заңына сәйкес тоқсанына бір реттен сиретпей жүзеге асырады.
13. Орталықтандырылған техникалық сумен жабдықтау жүйелерінің жұмыс істеуінің бұзылуы, техникалық суды берудің белгіленген режимінің бұзылуы, авариялық жағдайлар, тұтынушылық қасиеттерінің нашарлауы және (немесе) берілетін техникалық судың қауіпсіздік талаптарына сәйкес келмеуі жағдайларында техникалық суды беретін шаруашылық субъектісі су тұтынушыларын техникалық сумен қамтамасыз ету және халық денсаулығына төнетін ықтимал қауіп-қатерді жою үшін қажетті жағдайды жою жөнінде, оның ішінде эпидемиологиялық жағдай тұрақтанғанға дейін су алуды тоқтату, техникалық суды резервтік көздер мен техникалық сумен жабдықтау жүйелері арқылы қамтамасыз ету жөнінде шаралар қабылдайды.
5-тарау. Таңбалауға және құжаттамаға қойылатын талаптар
14. Орталықтандырылған техникалық сумен жабдықтау жүйесі құбырларды түспен таңбалау, тақтайшалар, жазбалар қолдану арқылы және техникалық суды беру жүйесінің барлық элементіне міндетті түрде белгі қою арқылы ішуге жарамсыз ретінде нақты белгіленуге тиіс.
15. Техникалық суды дайындау және беру процестеріне арналған техникалық құжаттаманы (ұйым стандарты, техникалық шарттар) оны пайдаланатын ұйымдар әзірлейді. Техникалық құжаттамада мыналар сипатталуға тиіс: суды тазарту рәсімі, реагенттерді мөлшерлеу, жұмыс режимдерін сақтау, бақылау нүктелері және өндірістік бақылау бағдарламасы.
16. Техникалық суға қатысты барлық таңбалау мен құжаттама "Қазақстан Республикасындағы тiл туралы" Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес мемлекеттік және орыс тілдерінде ресімделуге тиіс.
6-тарау. Жауапкершілік
17. Техникалық сумен байланысты қызметті жүзеге асыратын субъектілер осы техникалық регламенттің талаптарын сақтауға Қазақстан Республикасының Кәсіпкерлік кодексінде және Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінде белгіленген тәртіппен жауапты болады.
"Елді мекеннің техникалық сумен жабдықтау жүйелері беретін техникалық судың қауіпсіздігі туралы" техникалық регламентке қосымша |
Көрсеткіштің атауы | Норма |
рН сутегі көрсеткіші, рН бірліктері | 6,0-ден 9,0-ге дейін қоса алғанда |
Жалпы минералдану (құрғақ қалдық), г /дм3, артық емес | 4,5 |
Жалпы кермектік, мг-экв./ дм3, артық емес | 7,0 |
Хлоридтер (Сl), мг/дм3, артық емес | 1400 |
Сульфаттар (S04) мг/дм3, артық емес | 950 |
Темір (Fe, жиынтық), мг/дм3, артық емес | 4,0 |
Лайлану (каолин бойынша), мг/дм3, артық емес | 15,0 |
Қалдық хлор, мг/дм3, артық емес | 0,8-ден 1,5-ке дейін қоса алғанда |
Жалпы микробтық саны, 1 см3-дегі колония түзетін бактериялардың саны, артық емес | 50 |
Жалпы колиформды бактериялар, | Рұқсат етілмейді |
Термотолерантты колиформды бактериялар, 100 см3-дегі бактериялардың саны | Рұқсат етілмейді |
Жалпы a-радиоактивтілік, Бк/дм3, артық емес | 0,1 |
Жалпы b-радиоактивтілік, Бк/дм3, артық емес | 1,0 |
Ескертпе. Техникалық судың оны пайдалануға кедергі келтірмейтін және қауіпті ластанудың белгісі болып табылмайтын көрсеткіштері болуға тиіс:
мөлдірлік пен лайлылық: технологиялық талаптармен рұқсат етілген жағдайларды қоспағанда, су шамадан тыс лайланбауға немесе қалқымалы заттар болмауға тиіс. Мысалы, көзбен шолып қарау кезінде жабдықты бітеп тастауға қабілетті тұнбаның немесе суспензияның айтарлықтай түсуіне жол берілмейді (егер нақты процесс үшін өзгеше көзделмесе);
түсі мен иісі: техникалық судың айқын шірік немесе химиялық иісі, сондай-ақ ластанудың болуын көрсететін ерекше түсі болмауға тиіс (мысалы, тоттан немесе органикалық заттардан қарқынды сары, қоңыр түс).
Егер олар минералды құрамға байланысты болса және уытты қоспалармен байланысты болмаса, елеусіз бояуға немесе әлсіз иіске жол беріледі. Су бетінде пленкалардың және бөгде қосындылардың болмауы бақылануы тиіс.
Температура: техникалық судың температуралық режимі қолдану мақсатына қарай реттеледі. Жылыту және ыстық су жүйелері үшін температура жоғары болуы мүмкін (бірақ судың ыдырауына немесе өзгеруіне әкелмеуі керек). Салқындату жүйелерінде немесе технологиялық процестерде қолданылатын су үшін температура белгілі бір процестің технологиялық регламентіне сәйкес сақталады. Кез келген жағдайда, егер өзгеше көзделмесе (мысалы, қауіпсіздік талаптарына сәйкес келетін қоспалары бар қатпайтын жылу тасымалдағыштарды пайдалану), техникалық суды теріс температурада сақтауға (ыдыстың немесе жабдықтың қатып қалуын және бүлінуін болдырмау үшін) жол берілмейді.