"Әскери қызмет және әскери қызметшілердің мәртебесі туралы" Қазақстан Республикасының Заңы 9-бабының 6-тармағына сәйкес БҰЙЫРАМЫН:
1. Қоса беріліп отырған бастапқы әскери, әскерге шақыруға дейінгі және әскерге шақыруға дейінгі тереңдетілген даярлықты жүзеге асыратын азаматтардың біліктілігін арттырудың білім беру бағдарламасы бекітілсін.
2. Осы бұйрықтың орындалуын бақылау Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрінің тәрбие және идеологиялық жұмыс жөніндегі орынбасарына жүктелсін.
3. Осы бұйрық мүдделі лауазымды адамдарға және құрылымдық бөлімшелерге жеткізілсін.
Қазақстан Республикасының Қорғаныс министрі авиация генерал-лейтенанты |
Д. Қосанов |
"КЕЛІСІЛДІ"
Қазақстан Республикасының
Оқу - ағарту министрлігі
Бұйрыққа 1- қосымша |
Бастапқы әскери, әскерге шақыруға дейінгі және әскерге шақыруға дейінгі тереңдетілген даярлықты жүзеге асыратын азаматтардың біліктілігін арттырудың білім беру бағдарламасы
1. Жалпы ережелер
1.1 Бастапқы әскери, әскерге шақыруға дейінгі және әскерге шақыруға дейінгі тереңдетілген даярлықты жүзеге асыратын азаматтардың біліктілігін арттырудың білім беру бағдарламасы (бұдан әрі – Бағдарлама) орта білім беру ұйымында аталған пәнді оқытуға тартылатын адамдардың кәсіби құзыреттілігі мен педагогикалық дағдысын жетілдіруге бағытталған.
1.2 Бағдарлама Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрлігінің және Оқу-ағарту министрлігінің ұсыныстары ескеріліп, Қазақстан Республикасының заңнамасын және бастапқы әскери, әскерге шақыруға дейінгі және әскерге шақыруға дейінгі тереңдетілген даярлықты іске асыру практикасын талдау негізінде әзірленді.
1.3 Біліктілікті арттыру курсының (бұдан әрі – курс) ұзақтығы 80 академиялық сағат және күндізгі (офлайн) нысанда іске асырылады. Бағдарлама тақырыптарын ғылым мен педагогикалық технологиядағы жаңалықтарға сәйкес түзетуге жол беріледі.
1.4 Курстың білім беру процесі интерактивті оқыту түрін қамтиды – дәріс, семинар, вебинар, практикалық сабақ, воркшоп, шеберлік сағаты, шағын топтағы жұмыс, дөңгелек үстел, конференция, тренинг, эссе, жобаны қорғау.
1.5 Бағдарлама курс тыңдаушыларына нормативтік құқықтық базадағы жаңалықтар туралы өзекті ақпарат, балаларға патриоттық тәрбие беруде психологиялық-педагогикалық және әдістемелік қолдау алуына мүмкіндік береді.
1.6 Бағдарлама азаматтық ар-ожданы, Отанына, халқы деген сүйіспеншілік, рухани-адамгершілік құндылық пен мығым азаматтық ұстаным қалыптасқан Қазақстан патриоттарына білім беруге және тәрбиелеуге ықпал етеді.
2. Глоссарий
2.1 Әскери бөлім – Қазақстан Республикасы Қарулы Күштерінің, басқа да әскерлері мен әскери құралымдарының ұйымдық-дербес бірлігі болып табылатын республикалық мемлекеттік мекеме, оған шартты және (немесе) нақты атау беріледі.
2.2 Әскери есепке алу – әскерге шақырылушылар, әскери қызметшілер мен жұмылдыру ресурсы туралы сандық және сапалық деректер жүйесі.
2.3 Әскери тәртіп – әскери қызметшілердің заңдарда, жалпыәскери жарғыларда, өзге де нормативтік құқықтық актілерде және командир (бастық) бұйрықтарында (өкімдерінде) белгіленген қағидаларды қатаң және нақты сақтауы.
2.4 Тактикалық даярлықтың виртуалды симуляторы – геолокациялық міндеттерді модельдеу, ұрыс жүргізу, жергілікті жерге бағдарлау және тактикалық даярлық бойынша оқу тапсырмаларын орындау үшін арналған бағдарламалық кешен. Ол күндізгі сабақта, сонымен қатар онлайн-оқыту режимінде пайдаланылуы мүмкін.
2.5 Қазақстан Республикасының Қарулы Күштері – қорғанысты қамтамасыз ету, агрессияға тойтарыс беру немесе тікелей сыртқы қатерді болғызбау, сондай-ақ Қазақстан Республикасының халықаралық міндеттемелерінен туындайтын міндеттерді орындау үшін Қазақстан Республикасы құратын жəне ұстайтын мемлекеттің əскери ұйымының негізі.
2.6 Қазақстан Республикасының қорғанысы – əскери қауіпсіздікті қамтамасыз ету, егемендікті, аумақтық тұтастықты жəне Қазақстан Республикасы Мемлекеттік шекарасына қолсұғылмаушылықты қарулы қорғауды қамтамасыз ету жөніндегі саяси, əскери, экономикалық, ақпараттық, экологиялық, əлеуметтік-құқықтық жəне өзге де сипаттағы мемлекеттік шаралар жүйесі.
2.7 Қауіп – тіршілік қауіпсіздігінің негізгі ұғымы, ол тұлғаға, қоғамға және мемлекетке мүліктік, күштік немесе моральдық залал келтіру мүмкіндігін білдіреді.
2.8 Киберқауіпсіздік – құпия деректер қауіпсіздігін және тұтастығын қамтамасыз етуге бағытталған шаралар кешені.
2.9 Патриотизм – Отанына деген адалдық пен сүйіспеншілік, ел мүддесін қорғауға және халқына қызмет етуге ұмтылу.
2.10 Педагог портфолиосы – оқытушының құзыреттілік деңгейі мен жетістігін көрсететін кәсіби қызмет нәтижесін білдіретін нысаны.
2.11 Психологиялық-педагогикалық диагностика – білім беру процесін оңтайландыру мақсатында білім алушылардың жеке және топтық сипаттамасын зерделеуге бағытталған іс-шаралар кешені.
2.12 Әскери-патриоттық клуб – балалар мен жастарға патриоттық тәрбие беру, азаматтық бірегейлілікті қалыптастыру және салауатты өмір салтын насихаттау әрекетін жүзеге асыратын ұйым.
2.13 Әскери-патриоттық тәрбие – жастар бойында патриотизмді, Отанын қорғауға деген жауапкершілік пен азаматтық борышын өтеуге дайын болуын қалыптастыруға бағытталған мемлекеттік және қоғамдық ұйымның жүйелі әрекеті.
2.14 Әскери симуляция (әскери ойын) – соғыс жүргізу теориясын нақты соғыс әрекетінсіз тексеруге және нақтылауға болатын симуляция. Әскери модельдеу тактикалық, стратегиялық және доктриналық шешімді әзірлеудің тиімді тәсілі ретінде қаралады.
2.15 Техникалық қауіпсіздік – адамды жарақаттануға немесе қаза табуына әкелетін қауіпті фактордан белгілі бір ықтималдықпен қорғауды қамтамасыз ететін ұйымдық және техникалық іс-шаралар, техникалық тәсілдер мен құралдар жүйесі.
2.16 Тренинг – интерактивті оқыту нысаны, оның мақсаты тұлғааралық және кәсіби қатынастағы өзін-өзі ұстау құзыреттілігін дамыту болып табылады.
2.17 Тіршілік қауіпсіздігінің негіздері – адамды оның барлық әрекет ету ортасындағы қауіпті және зиянды фактордан қорғау теориясы мен практикасының проблемаларын қамтитын пәнаралық ғылыми білім саласы.
2.18 Экологиялық қауіпсіздік – қоршаған ортадағы экологиялық тепе-теңдікті қамтамасыз ететін және табиғи ортағы және адамға өмірлік маңызды залал келтіруге жол бермейтін жай-күй, процесс пен әрекет ету жиынтығы.
2.19 SMART – мұқият жоспарланған, айқын және қадағаланатын мақсатты қалыптастыру әдісі. Бұл әдіс мақсатты кезең-кезеңімен анықтап, нақты қадамдарға көңіл бөлуге және нәтижеге жетуге көмектеседі.
2.20 SOFT SKILLS – адамдармен байланыс орнату, күтпеген жағдайда тез әрекет ету, сыни ойлау, командамен өзара іс-қимыл жасау, үйрену және өзгерістерге бейімделу қабілеті.
2.21 STEAM – білім алушыларға кез келген күрделі міндеттерді орындауға мүмкіндік беретін әмбебап практикалық бейімделген тәсіл.
3. Бағдарлама тақырыбы
3.1. Бастапқы әскери даярлықтың ұйымдастырушы оқытушылары үшін
Күндізгі оқыту режиміндегі (офлайн) курсты өткізу бағдарламасының тақырыбы теориялық және практикалық сағат бөлінген ұзақтыққа 80 академиялық сағатқа есептеледі:
Біліктілікті арттыру курсының 80 академиялық сағатқа арналған тақырыптық жоспары (күндізгі нысан)
Ескертпе: 1 академиялық сағат – 40 минут.
3.2. Әскерге шақыруға дейінгі әскери даярлықтың ұйымдастырушы оқытушылары үшін
Күндізгі оқыту режиміндегі (офлайн) курсты өткізу бағдарламасының тақырыбы теориялық және практикалық сағат бөлінген ұзақтыққа 80 академиялық сағатқа есептеледі:
Әскерге шақыруға дейінгі даярлықтың оқытушыларына арналған біліктілікті арттыру курсының 80 академиялық сағатқа арналған тақырыптық жоспары (күндізгі нысан)
Ескертпе: 1 академиялық сағат – 40 минут.
3.3. Әскерге шақыруға дейінгі тереңдетілген әскери даярлықтың ұйымдастырушы оқытушылары үшін
Күндізгі оқыту режиміндегі (офлайн) курсты өткізу бағдарламасының тақырыбы теориялық және практикалық сағат бөлінген ұзақтыққа 80 академиялық сағатқа есептеледі:
Әскерге шақыруға дейінгі тереңдетілген даярлықтың оқытушыларына арналған біліктілікті арттыру курсының 80 академиялық сағатқа арналған тақырыптық жоспары (күндізгі нысан)
Р/с № | Сабақ тақырыбы | Барлық сағат | Теория | Практика |
1 | 1-модуль. Нормативтік құқықтық негіздер және әскерге шақыруға дейінгі тереңдетілген даярлықты ұйымдастыру | |||
1.1 | ҚР-ның әскери қызмет және білім беру саласындағы қолданыстағы заңнамасына шолу. Тереңдетілген даярлық ерекшелігі | 2 | 2 | |
1.2 | Бұйрықтар, бағдарламалар мен стандарттар: тереңдетілген даярлық деңгейін құқықтық қамтамасыз ету | 2 | 2 | |
1.3 | "Біртұтас ұлт – біртұтас әскер" жастарды әскери-патриоттық тәрбиелеу бағдарламасын бекіту туралы" ҚР ҚМ, ІІМ, АҚДМ, БҒМ бірлескен бұйрығы: мақсаттары мен міндеттері | 1 | 1 | |
2 | 2-модуль. Тактикалық, оқ ату және инженерлік даярлық | |||
2.1 | Бөлімше мен взводтың қорғаныстағы және шабуылдаудағы тактикалық әрекеті | 8 | 2 | 6 |
2.2 | Оқ ату даярлығы: оқ ату негіздері және ҚР ҚК қаруының түрі | 7 | 2 | 5 |
2.3 | Граната лақтыру әдістемесі және нормативтерді пысықтау | 5 | 2 | 3 |
2.4 | Инженерлік құралдарды қолдану, мина орнату, бөгет қоюды ұйымдастыру | 4 | 2 | 2 |
3. | 3-модуль. Әскери топография және жергілікті жерде бағдарлану | |||
3.1 | Картамен жұмыс. Координатаны анықтау, құбылнамасыз бағдарлану | 3 | 1 | 2 |
3.2 | GPS және цифрлық топографиялық құралдарды пайдалану | 2 | 1 | 1 |
3.3 | Практикум: бағдарлану және нысана көрсету бойынша далалық сабақ | 4 | 4 | |
4. | 4-модуль. Алғашқы медициналық көмек және тактикалық медицина | |||
4.1 | Жаралануды имитациялау, жгут салу, таңу, шартты түрде жараланғанды эвакуациялау | 8 | 4 | 4 |
5. | 5-модуль. Әскери даярлықтағы цифрлық технология мен симулятор | |||
5.1 | Қосымшаларды қолдану: Google Drive, Kahoot, LearningApps, Padlet | 2 | 1 | 1 |
5.2 | Тактикалық әрекет етуге үйретуде цифрлық симуляторды және әскери-ойын платформасын қолдану | 4 | 1 | 3 |
5.3 | Тактикалық әрекет етуді онлайн-модельдеу үшін цифрлық кейс және тапсырма жасау | 4 | 2 | 2 |
6. | 6-модуль. Саптық, дене шынықтыру дайындығы және арнайы даярлық | |||
6.1 | Бөлімшені саптық байқауға дайындау | 2 | 1 | 1 |
6.2 | Дене шынықтыру дайындығы: шымырлықты және шыдамдылықты дамыту әдістемесі | 2 | 1 | 1 |
6.3 | Жауынгерлік әзірлік стандарттары бойынша жаттықтыру | 4 | 4 | |
7. | 7-модуль. Патриоттық тәрбиенің және педагогиканың қосымша аспектісі | |||
7.1 | Қазақстандық патриотизмді қалыптастыру: қазіргі заманғы тәсілдер | 2 | 1 | 1 |
7.2 | Кәсіби бағдарлау насихаты: білім алушыларды әскери оқу орнына оқуға түсуге қалай ынталандыру қажет | 2 | 1 | 1 |
7.3 | Отан батырлары: ерлік пен Отанға қызмет ету үлгілері | 2 | 1 | 1 |
7.4 | Әскери-патриоттық іс-шараларды ұйымдастыру | |||
8. | 8-модуль. Оқытушының сыни ойлау және кәсіби деңгейін арттыру | |||
8.1 | Педагог портфолиосын жүргізу, кәсіби жетістігін өзін-өзі бағалау | 2 | 1 | 1 |
8.2 | Оқыту нәтижесін бағалаудың қазіргі заманғы тәсілдері. Өлшемшарпен бағалау | 2 | 1 | 1 |
8.3 | Оқытушылық қоғамдастықтағы кері байланыс және тәжірибе алмасу | 1 | 1 | |
9 | 9-модуль. Қорытынды тестілеу | |||
9.1 | АӘД мұғалімін қорытынды тестілеу және әдістемелік дағдысын іс жүзінде көрсету | 1 | 1 | |
Жалпы академиялық сағат | 80 | 47 | 33 |
Ескертпе: 1 академиялық сағат – 40 минут.
3.4. Әскери даярлық бейініне сәйкес келмейтін педагогикалық білімі бар оқытушылар үшін
Күндізгі (офлайн) оқыту режимінде курстарды өткізу бағдарламасының тақырыбы теориялық және практикалық сағатқа бөлумен ұзақтығы 80 академиялық сағатқа есептелген:
Бейінді әскери білімі жоқ оқытушыларға үшін 80 академиялық сағатқа біліктілікті арттыру курсының тақырыптық жоспары (күндізгі оқыту нысаны)
Ескертпе: 1 академиялық сағат – 40 минут.
4. Бағдарламаның мақсаты, міндеттері және күтілетін нәтижесі
4.1. Бағдарламаның мақсаты
Бағдарламаның мақсаты бастапқы әскери дайындық, әскерге шақыруға дейінгі тереңдетілген әскери дайындық оқытушыларын, сондай-ақ әскери дайындық саласындағы бейінді педагогикалық білімі жоқ оқытушыларды қоса алғанда, оқытушыларды кешенді даярлауды қамтиды. Бағдарлама әскери-патриоттық тәрбиелеу және жастарды әскери қызметке даярлау саласындағы Қазақстан Республикасының қазіргі заманғы білім беру жүйесінің талаптарына сәйкес келетін білімді, құзыреттілік пен дағдыны дамытуға бағытталған.
Цифрлық білім беру платформасын, симулятор мен виртуалды зертхананы қоса алғанда, өзекті педагогикалық технологияны пайдалануды ескеріп, оқыту және білім беру процесін ұйымдастыру әдістемесін жетілдіруге ерекше назар аударылады. Бағдарламаның мақсаты – сыни ойлауын, көшбасшылық қабілетін, тіршілік әрекеті қауіпсіздігі мен алғашқы медициналық көмек көрсету дағдысын дамытуды, сондай-ақ азаматтық жауапкершілік пен патриотизмді нығайтуды қоса алғанда, оқушыларды тиімді оқытуға педагогтерді даярлау. Бағдарлама педагогтердің инклюзивті білім беру жағдайында жұмыс істеу дағдысын қалыптастыруға және оқушыларда soft skills-ді дамытуға бағытталған.
4.2. Бағдарламаның міндеттері
1. Қазақстан Республикасы білім беру жүйесінің өзекті талаптарына сай келетін әскери дайындықтың (бастапқы, тереңдетілген және әскери-патриоттық даярлық) барлық деңгейі бойынша оқытушыларды сапалы даярлауды қамтамасыз ету.
2. Нормативтік-құқықтық актілер мен әдістемелік ұсынымдарды, сондай-ақ әскери дайындық саласында қолданылатын тиімді оқыту әдістерін меңгеруді қоса алғанда, оқытушылардың кәсіби құзыретін дамыту.
3. Интерактивті, қызықтыратын және қауіпсіз білім беру процесін құруға ықпал ететін оқытушылардың белсенді оқыту әдістерін, цифрлық білім беру ресурсын және инновациялық технологияны қолдану саласындағы біліктілігін арттыру.
4. Медициналық даярлық, қауіпсіз тіршілік әрекеті негіздерін оқытуды, сондай-ақ әскери және патриоттық іс-қимылды модельдеу үшін симулятор мен цифрлық платформаны тиімді пайдалануды қоса алғанда, оқытушылардың практикалық сабақты ұйымдастыру және өткізу дағдысын қалыптастыру.
5. Оқушылардың әртүрлі қажеттіліктері мен мүмкіндігін ескеріп, жеке оқыту тәсілін қамтамасыз ете отырып, оқытушылардың инклюзивті білім беру процесімен жұмыс істеу дағдысын дамыту.
6. Патриотизмді, көшбасшылық қабілетті қалыптастыруға бағытталған іс-шараларды әзірлеу және енгізу, Қазақстан Республикасының Қарулы Күштерінде қызметке дайындау арқылы жастардың әскери-патриоттық және азаматтық жауапкершілігін нығайту.
7. Білім беру процесінің сапасын арттыру және педагогтердің кәсіби өсуі үшін сыни рефлексия мен өзін-өзі бағалау дағдысын қолдау және дамыту.
8. Портфолио мен өлшемшарт және квалиметриялық бағалау сияқты қазіргі заманғы бағалау әдістерін қолдану арқылы оқытушыларды үздіксіз кәсіби дамуға ынталандыру.
4.3. Оқытудан күтілетін нәтиже
Бағдарлама аяқталғаннан кейін тыңдаушылар:
бастапқы, әскерге шақыруға дейінгі және әскерге шақыруға дейінгі тереңдетілген оқыту бойынша қызметті реттейтін негізгі нормативтік құжаттар мен құқықтық актілерді біледі;
инклюзивті және жобалау тәсілі элементтерін қоса алғанда, тиімді оқыту және тәрбиелеу әдістемесін қолдана біледі;
оқушылардың білімін қалыптастыруға бағытталған оқу материалдарын, тапсырмаларды және жобаларды әзірлейді және бейімдей алады;
цифрлық білім беру құралдарымен (Kahoot, Padlet, Google Drive және басқа) жұмыс істеу дағдысын меңгереді және оларды білім беру тәжірибесіне кіріктіреді;
шынайы оқыту жағдайына жақындатылған АКТ-ны, мобильді қосымшалар мен симуляциялық шешімді пайдаланып, сабақ ұйымдастырады және өткізеді;
оқушыларда экстрималды жағдайда қауіпсіз әрекет ету, аман қалу және алғашқы медициналық көмек көрсету дағдысын қалыптастырады;
әскери-патриоттық іс-шаралар мен клубтарға қатысу арқылы оқушыларда патриотизмді, тәртіпті және азаматтық жауапкершілікті дамытады;
педагогикалық қызметтегі кәсіби өсуді және жетістіктерді көрсететін кәсіби портфолио құрады және жүргізеді.
5. Бағдарламаның құрылымы мен мазмұны
5.1. Жалпы ережелер
Бағдарлама білім беру және қорғаныс саласындағы мемлекеттік саясаттың басымдықтарына сәйкес ұйымдастырылған. Ол бастапқы және әскерге шақыруға дейінгі тереңдетілген даярлық бойынша ұйымдастырушы оқытушының, сондай-ақ бейінді әскери білімі жоқ педагогтердің біліктілігін жүйелі түрде арттыруға бағытталған. Бағдарлама күндізгі оқыту нысанында іске асырылады және қазіргі заманғы педагогикалық технологияға, цифрлық құралдарға және жастарды патриоттық тәрбиелеу міндеттеріне негізделген теориялық пен практикалық даярлықты қамтиды.
5.2. Глоссарий
Бағдарламада мынадай негізгі терминдер мен анықтамалар пайдаланылады (глоссарий "бастапқы әскери дайындық", "әскерге шақыруға дейінгі тереңдетілген даярлық", "симулятор", "педагогикалық рефлексия", "soft skills", "цифрлық сауаттылық" ұғымдарды қамтиды) және басқа да ұғымдар пайдаланылады.
5.3. Бағдарламаның тақырыбы
Курс тақырыбы модульдерге топтастырылып, мынадай бағыттарды қамтиды:
нормативтік-құқықтық негіздер;
әскери, саптық, оқ ату, тактикалық және медициналық даярлық әдістемесі;
цифрлық білім беру технологиясы;
азаматтық қорғаныс және тіршілік әрекет қауіпсіздігі аспектісі;
патриоттық тәрбие және кәсіби бағдар;
білім беру нәтижесін және кәсіби рефлексияны бағалау.
5.4. Бағдарламаның мақсаты, міндеттері және күтілетін нәтижесі
Осы бөлім Бағдарламаның мақсатын, міндеттері мен курс аяқталғаннан кейін тыңдаушылар қол жеткізуі тиіс нәтижені қамтиды (бөлім жоғарыда мазмұндалған – осы құжаттың 4-тармағына қараңыз).
5.5. Бағдарламаның құрылымы мен мазмұны
Негізгі құрамдас бөлік оқытушылар санаты бойынша бөлінген тақырыптық жоспарларды қамтиды:
1) бастапқы әскери дайындық бойынша ұйымдастырушы оқытушылар үшін;
2) әскерге шақыруға дейінгі әскери дайындық бойынша ұйымдастырушы оқытушылар үшін;
3) әскерге шақыруға дейінгі тереңдетілген әскери дайындық бойынша ұйымдастырушы оқытушылар үшін;
4) әскери дайындық бейініне сәйкес келмейтін педагогикалық білімі бар оқытушылар үшін.
Әрбір бағдарлама модульге, тақырыптарға, академиялық сағат көлеміне, сондай-ақ теориялық және практикалық сабақтың теңгеріміне сәйкес бөлінген.
6. Оқу процесін ұйымдастыру
Біліктілікті арттыру курстары күндізгі (офлайн) форматта өткізіледі.
1) Күндізгі оқыту формасы
Білім беру процесі осы Бағдарламаға қоса берілетін бекітілген оқу-тақырыптық жоспарға сәйкес ұйымдастырылады. Күндізгі курстың ұзақтығы – 80 академиялық сағат, оқу мерзімі – екі апта.
2) Бақылау және бағалау түрі
Оқу материалын меңгеруді бақылау мақсатында мынадай оқу қызметі түрі көзделген:
өзіндік жұмысты орындау;
жобалық тапсырмаларды орындау;
мини-сабақты таныстыру.
Өзіндік және жобалық жұмыс тақырыптары мен бағалау өлшемшарты, сондай-ақ мини-сабақты өткізуге қойылатын талаптар Курстың оқу-әдістемелік кешенінде қамтылған.
3) Оқыту нысандары мен әдістері
Бағдарлама белсенді және интерактивті оқыту нысандарын көздейді, мыналарды қамтиды:
дәріс, семинар, тренинг, вебинар;
топтық талқылау мен пікірталас (оның ішінде, team-teaching форматында тәжірибелі педагогтермен);
рөлдік және іскерлік ойын;
кейс әдісі;
бейнематериал мен аннотацияланған әдебиетті талдау және талқылау;
көшпелі практикалық сабақ;
жобалық жұмыс пен эссені қорғау.
4) Білім беру ортасы мен ресурс
Педагогикалық шығармашылықты анықтау, цифрлық платформалар мен симуляциялау құралдарын қоса алғанда, қазіргі заманғы білім беру технологиясын қолдану үшін барлық қажетті жағдай жасалған. Қазақстан Республикасы білім беру жүйесінің қазіргі заманғы талаптарына сәйкес келетін инновациялық әскери-патриоттық тәрбиелеу әдістерін енгізуге ерекше назар аударылады.
5) Тыңдаушылардың мақсатты тобы
Курс тыңдаушылары ведомстволық бағыныстылығына және меншік нысанына қарамастан, білім беру қызметін жүзеге асыратын ұйымдардағы бастапқы әскери дайындық және әскерге шақыруға дейінгі тереңдетілген даярлық бойынша ұйымдастырушы оқытушылар болып табылады.
7. Бағдарламаны оқу-әдістемелік қамтамасыз ету
Бағдарламаны оқу-әдістемелік қамтамасыз ету теориялық және практикалық құрамдас бөліктерді қамтитын толыққанды оқу үдерісін құру мақсатында модульдердің әрқайсысы бойынша жүзеге асырылады.
7.1. Дәріс материалдары
Бағдарламаның әрбір модулі баспа немесе электронды түрде дайындалған дәріспен бірге жүреді. Дәріс материалдары тыңдаушыларды пәнді меңгеруге қажетті негізгі теориялық біліммен қамтамасыз етеді. Олар мыналарды қамтуы мүмкін:
Толық теориялық оқу құралдары мен дәріс конспектілері.
Материалды жақсы меңгеру үшін көрнекі материалмен таныстыру.
Әрбір модуль тақырыбына сәйкес нормативтік құжаттардың, актілердің және стандарттардың электрондық және баспа нұсқалары.
7.2. Оқу құралдары мен әдістемелік материалдар
Әрбір модульде теориялық материалды, сондай-ақ практикалық сабақты ұйымдастыруға арналған нұсқаулықтар мен ұсынымдарды қамтитын оқу құралдары көзделген. Әдістемелік материалдарға мыналар кіреді:
Сабақты ұйымдастыруға және өткізуге арналған қадамдық әдістемелер.
Сабақта талқылауға арналған тапсырмалар мен кейстердің мысалдары.
Әскери дайындықтың ерекшелігін ескеріп, практикалық сабақты әзірлеу және өткізу әдістемесі.
7.3. Практикалық сабақ және тренажер
Іс жүзіндегі дағдыны тиімді меңгеру үшін оқытушылар практикалық сабақты ұйымдастыру үшін әдістемелік ұсынымдармен және материалдармен қамтамасыз етіледі. Мыналарды қамтиды:
Практикалық тренингті өткізу жөніндегі нұсқаулықтар: оқ ату жаттығуын, тактикалық маневрлерді және жаттығудың басқа түрін орындауға арналған.
Модельдер мен тренажер: цифрлық тренажер мен симуляторды (мысалы, жауынгерлік іс-қимылды модельдеу үшін қосымшаны) қоса алғанда, тактикалық тапсырмаларды орындауға арналған оқу құралдары.
7.4. Цифрлық ресурс және онлайн-платформалар
Курс шеңберінде қазіргі заманғы білім беру техникасы белсенді түрде қолданылатын болады, оның ішінде:
Цифрлық оқулықтар мен дәріс: күндізгі және қашықтан оқыту үшін қол жетімді.
Интерактивті платформа мен қосымшалар: Google Drive, Kahoot, LearningApps, Padlet сияқты, олар тыңдаушыларға онлайн форматта тест, викторина, тапсырма арқылы материалды меңгеруге көмектеседі.
"ГеоТактика" тактикалық симуляторы.
Симулятор мен әскери ойын алаңы: практикалық сабаққа, ахуалды модельдеуге және жаттығуға арналған.
7.5. Білімді бағалау бойынша әдістемелік ұсынымдар
Материалды меңгеруді мониторингтеу және бағалау үшін әдістемелік ұсынымдар әзірленетін болады, ол мыналарды қамтиды:
Өлшемшарттық бағалау: әртүрлі формада тыңдаушылардың оқудағы жетістігін бағалау бойынша ашып жазылған нұсқаулық: тест, практикалық тапсырмалар, жобалар.
Жобалық және өзіндік жұмысты жүргізу әдістемесі: жобалық жұмыс тақырыбын, бағалау өлшемшарттарын және шағын сабақты орындау бойынша ұсынымдарды беру.
7.6. Кері байланыс және өзін-өзі бағалау
Бағдарлама шеңберінде кері байланыс үшін тұрақты сессиялар көзделген, онда оқытушылар білім алушылардың нәтижесіне талдау жасайды. Өзін-өзі бағалау және рефлексия мыналар арқылы жүзеге асырылатын болады:
Оқытушының портфолиосы: өзіндік рефлексия және кәсіби өсуді талдау үшін құрал.
Бағалау сауалнамасы мен тест: өзін-өзі бағалау және оқу процесі бойынша объективті кері байланыс алу.
Практикалық сабақ нәтижесі бойынша рефлексия: орындалған жобаларды, шағын сабақ мен практикалық тапсырмаларды талқылау және талдау.
7.7. Қосымша ресурс және әдебиет
Курстың барлық қатысушысы бағдарламаның әрбір тақырыбын тереңдетіп зерделеу үшін өзекті болатын негізгі және қосымша әдебиеттер тізімімен қамтамасыз етіледі. Әдебиет мыналарды қамтиды:
Негізгі әдебиет: оқулықтар.
Қосымша дереккөздер: мақалалар, зерттеулер, бейнесабақ, кейс-әдістемелер.
7.8. Оқытушыларға арналған әдістемелік ұсынымдар
Оқыту әдістемесін тиімді енгізу үшін ұсынымдар әзірленетін болады, оның ішінде:
Оқытудың инновациялық әдістерін қолдану: кейс-әдіс, рөлдік ойын, оқытудың белсенді нысандары.
Әскери-патриоттық тәрбиелеу әдістемесі: әскери-қолданбалы даярлық сабағы арқылы жастардың бойында патриотизмді қалыптастыру тәсілдері мен іс жүзіндегі ұсынымдары.
Бағдарламаны оқу-әдістемелік қамтамасыз ету оқытудың жоғары деңгейін қамтамасыз етуге, білім алушыларды оқу үдерісіне белсенді түрде тартуға және қажетті кәсіби құзыретті дамытуға бағытталған.
Әрбір модуль баспа немесе электрондық нұсқадағы дәріс материалдарымен бекітіледі.
7.9. "Қазіргі заманғы білім беруді дамытудың нормативтік және психологиялық-педагогикалық аспектілері" модулі
Модуль бастапқы әскери дайындықты жүзеге асыратын оқытушылардың қызметін реттейтін жаңа нормативтік құқықтық актілермен таныстыруға, сондай-ақ білім беру процесін психологиялық-педагогикалық сүйемелдеу аспектісін қарауға бағытталған.
Модуль шеңберінде мыналар қаралады: "Бастапқы әскери дайындық қағидаларын бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрінің 2017 жылғы 12 шілдедегі № 347 бұйрығын зерделеу; жаңартылған білім мазмұны жағдайында сабақты өткізуді реттейтін қолданыстағы нормативтік құқықтық актілерге енгізілген өзгерістер мен жаңа талаптардың пайда болуы; қазіргі заманғы білім беруді дамытудың мақсаттары мен міндеттері және білім беру деңгейіне қойылатын талаптар; бастапқы әскери дайындық ұйымдастырушы оқытушыларын біліктілігін арттыру және аттестаттауға дайындау үшін қажетті психологиялық-педагогикалық аспектілердің теориялық негіздері.
Модульдің міндеттері:
1) тыңдаушыларды Қазақстан Республикасының нормативтік құқықтық актілерінде бекітілген орта білім беру саласындағы мемлекеттік саясаттың негізгі бағыттарымен және қағидаттарымен таныстыру;
2) ерекше білім беру қажеттілігі бар білім алушыларды қоса алғанда, тыңдаушылардың оқушылардың танымдық қабілетін диагностикалау және дамытуға қолдау көрсету дағдысын дамыту.
Күтілетін нәтиже:
Модульді аяқтағаннан кейін тыңдаушылар:
1) орта білім беру жүйесінде оқытуды жүзеге асыратын педагогтердің қызметін реттейтін нормативтік құқықтық актілерді қолдану дағдысын меңгереді;
2) білім беру тәжірибесінде оқушылардың танымдық қабілетін диагностикалау және дамыту әдістемесін қолданады.
7.10. "Білім беру сапасын арттыру бөлігінде оқыту, тәрбиелеу және дамыту әдістерінің мазмұнын жетілдіру" модулі
Модульдің мақсаты оқушыларды оқыту, тәрбиелеу және дамыту әдістерін әзірлеу мен жетілдіру саласында бастапқы әскери дайындық пәні оқытушыларының біліктілігін арттыру болып табылады.
Модуль жаңартылған білім беру мазмұны жағдайында білім беру процесінің сапасын арттыруға бағытталған қазіргі заманғы педагогикалық технологияны тиімді пайдалану дағдысын қалыптастыруға бағытталған.
Модульдің міндеттері:
1) бастапқы әскери дайындық шеңберінде қолданылатын қазіргі заманғы оқыту және тәрбиелеу әдістерімен оқытушыларды таныстыру;
2) оқушылардың ынтасын арттыруға бағытталған инновациялық педагогикалық тәсілдер мен әдістерді меңгеру дағдысын қалыптастыру;
3) патриотизмді, азаматтық жауапкершілікті және әскери қызметке құрметпен қарауды қалыптастыруға ықпал ететін тәжірибеге бағытталған тәрбие жұмысы әдістерін әзірлеу және енгізу;
4) білім беру процесін мониторингтеу және сапасын бағалау құралдарын меңгеру;
5) оқытушылардың педагогикалық талдау жүргізу қабілетін, сондай-ақ оқыту мен тәрбиелеу кезінде психологиялық-педагогикалық тәсілдерді қолдану дағдысын дамыту.
Күтілетін нәтиже:
Модульді аяқтағаннан кейін тыңдаушылар:
1) "Бастапқы әскери дайындық" пәні шеңберінде қазіргі заманғы оқыту және тәрбиелеу әдістерін тиімді қолданады;
2) білім беру процесінің сапасын арттыру мақсатында әртүрлі педагогикалық технологияны пайдаланады;
3) бағалау өлшемшартын қолданумен оқушылардың оқудағы жетістігіне объективті баға беріп, оларды талдай алады;
4) оқушылармен конструктивті өзара іс-қимылды орнату үшін психологиялық-педагогикалық тәсілдерді қолданады;
5) оқу және сабақтан тыс іс-шаралардың мазмұнына патриоттық тәрбие мен азаматтық жауапкершілік элементтерін кіріктіре алады.
7.11. "Педагогтің IT-құзыреттілігін және цифрлық сауаттылығын дамыту" модулі
Модульдің мақсаты оқытушылардың білім беруді цифрлық трансформациялау жағдайында қазіргі заманғы білім беру процесін ұйымдастыру үшін қажетті IT-құзыреттілігін және цифрлық сауаттылығын дамыту болып табылады.
Модуль күндізгі және қашықтан оқытуда қолданылатын цифрлық білім беру технологиясын, мультимедиалық ресурсты және онлайн-платформаны пайдалану дағдысын қалыптастыруға бағытталған. Google Drive, ClassTime, Kahoot, LearningApps, Padlet сияқты көпфункциялы сервистермен және оқушылардың білімін бақылау, олармен өзара іс-қимыл жасау және оқу контентін ұйымдастыру үшін басқа да цифрлық құралдармен жұмыс істеуге ерекше назар аударылады.
Модульде оқу қызметінде цифрлық ресурсты іріктей алуды, сыни тұрғыдан бағалай білуді және қолдана білуді қоса алғанда, оқытушылардың медиа және ақпараттық сауаттылығын жетілдіру көзделеді.
Модульдің міндеттері:
1) оқу-тәрбие процесінде цифрлық білім беру ресурсын жіктеу және пайдалану дағдысын дамыту;
2) оқушылармен кері байланысты жүзеге асыру кезінде компьютерлік бағдарламаны пайдалану дағдысын қалыптастыру.
Күтілетін нәтиже:
тыңдаушылар модульді аяқтағаннан кейін:
1) цифрлық білім беру ресурсы мен құралын іріктейді және қолданады;
2) оқушылармен кері байланысты жүзеге асыру үшін компьютерлік бағдарламаларды қолданады.
7.12. "Патриоттық тәрбие беру мен педагогиканың қосымша аспектісі" модулі
Модульдің мақсаты патриоттық тәрбие беру саласындағы оқытушылардың кәсіби құзыреттілігін жетілдіру, сондай-ақ білім алушылардың жеке ерекшелігін ескеріп, тиімді педагогикалық практиканы ендіру болып табылады.
Модуль білім алушылардың бойында патриотизмді, азаматтық жауапкершілікті, Қазақстан Республикасының Қарулы Күштерінде қызмет етуге орнықты ынталандыруды қалыптастырудың қазіргі заманғы тәсілін зерделеуге, сондай-ақ сабақтан тыс қызметті жоспарлау және білім беру процесінде денсаулық сақтау технологиясын қолдану әдісін меңгеруге бағытталған.
Білім алушының қиындығын диагностикалауға және оқу материалын тиімді меңгеруге ықпал ететін жеке педагогикалық стратегияны таңдауға ерекше назар аударылады.
Модульдің міндеттері:
1) қажеттілікті негізге алып, педагогтердің кәсіби дағдысын жетілдіру;
2) қызметті ұйымдастыруда өзіндік менеджментті пайдаланудың артықшылығын қарау.
Күтілетін нәтиже:
тыңдаушылар модульді аяқтағаннан кейін:
1) кәсіби дағдысын көрсетеді;
2) өзіндік менеджментті пайдаланып, өздерінің кәсіби даму бағытын жобалайды.
7.13. "Медициналық дайындық пен қауіпсіздік негіздері" модулі
Модульдің мақсаты оқытушының алғашқы медициналық көмек көрсету және жауынгерлік жағдайда әрекет етуге даярлық компонентін қоса алғанда, төтенше жағдайда әрекет ету бойынша негізгі білімі мен практикалық дағдысын қалыптастыру болып табылады.
Модуль шұғыл медициналық көмек көрсетудің теориялық негізі мен практикалық әдісін зерделеуді, қауіпсіз тіршілік әрекетін қамтамасыз етуді және экстремалды жағдайда әрекет ету алгоритмін пысықтауды қамтиды. Тыңдаушылар осы тақырыптарды білім алушыларға оқыту әдістемесін де меңгеруде.
Модульдің міндеттері:
1) жүрек-өкпе реанимациясын, жарақаттанған, күйік алған кезде және басқа да шұғыл жағдайда көмек көрсетуді қоса алғанда, алғашқы медициналық көмек көрсету негізін зерделеу;
2) тыңдаушыларды төтенше жағдайда тіршілік әрекеті қауіпсіздігінің негізімен таныстыру;
3) медициналық көмек көрсету және жауынгерлік іс-қимыл жағдайында алынған білімді қолдану бойынша іс жүзіндегі дағдыны дамыту.
Күтілетін нәтиже:
тыңдаушылар модульді аяқтағаннан кейін:
1) жүрек-өкпе реанимациясын және жарақат алған кезде көмек көрсетуді қоса алғанда, шұғыл жағдайда алғашқы медициналық көмек көрсете алады;
2) төтенше жағдайда әрекет ету жоспарын әзірлей алады;
3) әскери қызмет жағдайында және басқа да экстремалды жағдайда алған білімі мен дағдысын қолдана алады.
7.14. "Практикалық сабақ және тіршілік әрекеті қауіпсіздігінің дағдысына оқыту" модулі
Модульдің мақсаты бастапқы әскери дайындық оқытушысында оқушыларды қатер төнген кезде және төтенше жағдайда әрекет етуге, сондай-ақ тіршілік әрекеті қауіпсіздігінің негізіне және алғашқы медициналық көмек көрсетуге оқытып-үйретуге дайындау үшін қажетті білімді, шеберлік пен іс жүзіндегі дағдыны қалыптастыру болып табылады.
Модульдің міндеттері:
1) жүрек-өкпе реанимациясының және жарақаттанған, күйік алған кезде және басқа да шұғыл жағдайда көмек көрсетудің негізгі тәсілдерін қоса алғанда, алғашқы медициналық көмек көрсету негізін зерделеу;
2) оқытушыларды төтенше жағдайдағы (өрт, жер сілкінісі, авария және т.б.) қауіпсіздік техникасымен және әрекет етумен таныстыру;
3) жауынгерлік іс-қимыл жағдайында және басқа да экстремалды жағдайда медициналық көмек көрсетудің іс жүзіндегі дағдысын дамыту;
4) әскери қызмет жағдайында, оның ішінде жауынгерлік іс-қимыл жағдайында және төтенше жағдайда алынған білім мен дағдыны қолдануға үйрету;
5) оқытушылардың оқушыларды экстремалды жағдайда аман қалу негізіне үйретуге әзір болу деңгейін арттыру.
Күтілетін нәтиже:
6) жүрек-өкпе реанимациясын және жарақат алған кезде көмек көрсетуді қоса алғанда, шұғыл жағдайда алғашқы медициналық көмек көрсету;
1) жауынгерлік іс-қимыл жағдайында және төтенше жағдайда тіршілік әрекеті қауіпсіздігі бойынша білімі мен дағдысын қолдану;
2) оқушылар үшін тіршілік әрекетінің қауіпсіздігі және медициналық көмек көрсету бойынша оқытатын сабақ пен жаттықтыруды әзірлеу және өткізу;
3) оқушыларды қауіпті және төтенше жағдайда әрекет етуге тиімді оқыту.
7.15. "Патриоттық тәрбиелеудің және педагогиканың қосымша аспектісі" модулі
Модульдің мақсаты бастапқы әскери дайындық оқытушысында патриоттық тәрбие, азаматтық жауапкершілікті қалыптастыру, жастарды Қарулы Күштерде қызмет етуге даярлау саласындағы терең білімін және іс жүзіндегі дағдысын, сондай-ақ қазіргі заманғы білім беру тәсілдерін ескеріп, педагогикалық құзыреттілігін дамыту болып табылады.
Модульдің міндеттері:
1) бастапқы әскери дайындық оқытушыларын жастарды патриоттық тәрбиелеудің қазіргі заманғы тәсілдерімен таныстыру;
2) оқушылардың бойында азаматтық жауапкершілікті тиімді қалыптастыру әдістеріне үйрету;
3) бастапқы әскери дайындық оқытушысының патриотизм мен азаматтық жауапкершілікті қалыптастыруға бағытталған тәрбие іс-шараларын өткізу дағдысын дамыту;
4) жас және психологиялық ерекшелігін ескеріп, қазіргі заманғы педагогика бөлігінде жастармен жұмыс істеу әдістерін зерделеу;
5) бастапқы әскери дайындық оқытушысын беделді мамандық ретінде әскери қызметтің маңыздылығын арттыруға бағытталған іс-шаралар мен акцияларды өткізуге дайындау.
Күтілетін нәтиже:
1) оқушылардың бойында патриотизмді қалыптастыруға бағытталған сабақ пен тәрбие іс-шараларын тиімді өткізу;
2) азаматтық жауапкершілікті дамытуға бағытталған патриоттық тәрбие бойынша жобалар мен акцияларды әзірлеу және іске асыру;
3) жастармен жұмыс істеу барысында қазіргі заманғы педагогикалық технология мен тәсілді қолдану;
4) патриотизмге тиімді тәрбиелеу және азаматтық жауапкершілікті қалыптастыру үшін ата-аналармен және басқа да мүдделі тараптармен өзара іс-қимылды жүзеге асыру.
7.16. "Оқытушының рефлексиясы және өзін-өзі бағалауы" модулі
Модульдің мақсаты бастапқы әскери дайындық оқытушысының өзінің педагогикалық қызметін объективті талдау, кәсіби даму аймағын анықтау және білім беру процесінің сапасын ұдайы арттыру үшін қажетті рефлексия мен өзін-өзі бағалау дағдысын дамыту болып табылады.
Модульдің міндеттері:
1) бастапқы әскери дайындық оқытушысын кәсіби даму құралы ретінде рефлексия мен өзін-өзі бағалау негізімен таныстыру;
2) педагогикалық практикада өзін-өзі талдау әдістерін пайдалануға үйрету;
3) кәсіби даму үшін мақсат қою дағдысын дамыту;
4) оқытушының сынды дұрыс қабылдау және өзін-өзі талдау қабілетін қалыптастыру;
5) бастапқы әскери дайындық оқытушыларына біліктілікті арттырудың және білім беру процесінің сапасын жақсартудың жеке стратегиясын пысықтауда көмек көрсету.
Күтілетін нәтиже:
1) өзінің педагогикалық қызметіне рефлексия жүргізу және жақсарту саласын анықтау;
2) жеке тиімділік пен жұмыс сапасын арттыру үшін өзін-өзі бағалау әдістерін қолдану;
3) кәсіби өсу мен даму үшін нақты мақсатты белгілеу;
4) өз жұмысының нәтижесін талдау, проблемаларды анықтау және оларды шешу жоспарын әзірлеу;
5) ұдайы жетілдіру үшін күнделікті педагогикалық практикаға рефлексия мен өзін-өзі бағалауды енгізу.
7.17. "Тактикалық, оқ ату және инженерлік даярлық" модулі
Модульдің мақсаты бастапқы әскери дайындық оқытушысының оқушыларды тактикалық іс-қимылға, оқ ату және инженерлік даярлыққа тиімді оқыту үшін қажетті практикалық және теориялық білімі мен дағдысын дамыту болып табылады. Модуль тактикалық даярлық, оқ атуға үйрету және әскери техниканы пайдалану негізін меңгеруге, сондай-ақ нақты жауынгерлік жағдайда қолданылуы мүмкін инженерлік дағды негізімен таныстыруға бағытталған.
Модульдің міндеттері:
1) жоспарлау және жауынгерлік міндеттерді орындау негізін қоса алғанда, тактикалық даярлық негізін зерделеу;
2) атыс қаруын және басқа да оқ ату құралдарын пайдалануды қоса алғанда, оқ ату даярлығына оқыту әдістемесіне үйрету;
3) қорғаныстық құрылысжайды жасауды және инженерлік жабдықпен жұмыс істеуді қоса алғанда, инженерлік даярлық негізімен таныстыру;
4) оқушыларды әскери тактика, оқ ату және инженерлік жұмыс негізіне оқыту бойынша іс жүзіндегі дағдыны дамыту;
5) нақты жауынгерлік және экстремалды жағдайды ескеріп, оқушылармен сабақ барысында алынған білім мен дағдыны тиімді қолдануға үйрету.
Күтілетін нәтиже:
1) оқушыларды жауынгерлік жағдайда тактикалық іс-қимылға оқыту;
2) оқушыларды атыс қаруынан оқ атуға, сондай-ақ оқ ату даярлығының басқа да түрін жүргізуге даярлауды жүзеге асыру;
3) қорғаныстық құрылысжайды жасау және инженерлік жабдықпен жұмыс істеу үшін инженерлік даярлық негізін қолдану;
4) қауіпсіздік пен шынайылықты ескеріп, тактикалық, оқ ату және инженерлік даярлық бойынша практикалық сабақты ұйымдастыру және өткізу;
5) оқушылардың нақты жауынгерлік іс-қимыл жағдайында және төтенше жағдайда қолдануға болатын дағдысын дамыту.
7.18. "Әскери топография және жергілікті жерде бағдарлау" модулі
Модульдің мақсаты бастапқы әскери дайындық оқытушыларын әскери топография негізімен және жергілікті жерде бағдарлау әдістерімен таныстыру болып табылады.
Модуль жауынгерлік жағдайда бағдарлау үшін картаны және басқа да навигациялық құралды пайдалану дағдысын дамытуға, сондай-ақ табиғи бағдарды және басқа да тәсілдерді пайдаланып, картаны пайдаланбай, бағдарлау әдістемесіне оқытуға бағытталған.
Модульдің міндеттері:
1) карта оқуды, азимутты айқындауды және навигациялық аспапты пайдалануды қоса алғанда, әскери топография негізін зерделеу;
2) қалыпты және экстремалды жағдайда жергілікті жерде бағдарлау әдістерімен таныстыру;
3) мобильді қосымшаларды қоса алғанда, бағдарлау үшін дәстүрлі және қазіргі заманғы цифрлық технологияны пайдалануға үйрету (интернет болмағанда офлайн-режимде);
4) оқытушылардың әртүрлі бағдарлау құралының көмегімен жергілікті жерде орналасқан жерін және қозғалысты айқындаудың іс жүзіндегі дағдысын дамыту.
Күтілетін нәтиже:
1) орналасқан жерін нақты айқындау және маршрутты жоспарлау үшін әскери топография бойынша алған білімін қолдану;
2) картаны, құбылнаманы және басқа да навигациялық құралды пайдаланып, жергілікті жерде бағдарлану;
3) тиімді бағдарлау үшін қазіргі заманғы цифрлық құралдар мен мобильді қосымшаларды пайдалану;
4) оқушыларды жергілікті жерде бағдарлану әдістеріне және әртүрлі жағдайда қауіпсіз қозғалуға оқыту.
7.19. "Қорытынды тестілеу" модулі
Модульдің мақсаты оқытушылар бастапқы әскери дайындық бағдарламасы бойынша оқыту процесінде алған білімі мен дағдысының деңгейін бағалау болып табылады. Модуль оқытушының бастапқы әскери дайындық шеңберінде дербес педагогикалық қызметке дайын болу деңгейін анықтауға мүмкіндік беретін қорытынды тестілеуді өткізуге бағытталған.
Модульдің міндеттері:
1) оқытушының теориялық білімі мен іс жүзіндегі дағдысын бағалау үшін қорытынды тестілеуді өткізу;
2) оқытушының бастапқы әскери дайындық бойынша сабақты ұйымдастыру және өткізу дағдысын бағалау;
3) оқытушының оқушыларды оқыту мен тәрбиелеуге байланысты педагогикалық міндеттерді шешу қабілетін тексеру;
4) оқытушының алған білімі мен дағдысын нақты білім беру практикасында пайдалануға дайын болуын бағалау.
8. Оқыту нәтижесін бағалау
8.1 Тыңдаушылардың білімін бақылау және бағалау жобалық жұмыс немесе демо-сабақты (шағын іс-шараны) таныстыру жолымен және қорытынды тестілеу арқылы жүзеге асырылады.
Демо-сабақты/жобаны таныстыру, өлшемшарт құрылымы және бағалау параметрі
Тыңдаушылар пән бойынша сабақты жоспарлайды және қазіргі заманғы талаптарды ескеріп, сабақ беруді жоспарлау бойынша іс-қимыл ретінде әртүрлі кезеңде сабақ фрагментін ұсынады.
Демо-сабақты жоспарлауға қойылатын талаптар
Мақсаты – оқу пәні бойынша жаңартылған бағдарламаға сәйкес педагогикалық тәсілдерді, өлшемшарттық бағалау жүйесін түсінуді және қолдануды бағалау.
Сабақ жоспары мыналарды қамтуға тиіс:
1. Оқыту мақсаттарын қоюды:
шағын сабақтың мақсаттары оқыту мақсаттарымен келісілген;
пәннің ерекшелігіне бағдарлану;
мақсаттар SMART форматында тұжырымдалған.
2. Оқушылардың жетістігін қолдауды:
сабақ мақсатына қол жеткізуге ықпал ететін әдістерді пайдалану;
білім беру субъектілерін оқыту процесіне тартуға бағытталған тәсілдер мен әдістер.
3. Сараланған тәсілді пайдалануды:
оқушылардың қажеттілігін ескеріп, сараланған тапсырмаларды әзірлеу;
тапсырмаларды саралау тәсілдерін айқындау.
4. Оқушыларды бағалауды ұйымдастыруды:
таңдалған бағалау стратегиясы оқыту мақсаттарына сәйкес келеді;
формативті бағалау оқытуды қолдайды;
тапсырмаларға дескриптор әзірленді.
Демо-сабақты бағалау өлшемшарты
Р/с № | Өлшемшарт | Балл |
1. | Сабақтың мақсаты SMART форматында тұжырымдалған | |
2. | Белсенді әдістер барлық қатысушыны оқыту процесіне тартады және оқыту мақсатын іске асыруға бағытталған | |
3. | Бағалау оқыту нәтижесін жақсартуға ықпал етеді | |
4. | Оқушылардың қажеттілігін есепке алу. Сараланған тәсілді қолдану | |
5. | Ресурсты, оның ішінде АКТ-ны пайдалану | |
6. | Мазмұндаудың қолжетімділігі мен дұрыстығы | |
7. | Тайм-менеджментті сақтау |
Демо-сабақты таныстыруды бағалау үшін мынадай балл қойылады:
0 балл – бағалау элементі жоқ;
1 балл – дәлелдеме нашар;
2 балл – дәлелдеме орташа;
3 балл – дәлелдеме толық.
Демо-сабақты таныстыру бойынша тыңдаушылардың білімін бағалау балл жиынтығын дәстүрлі бағалау нормаларына аудару арқылы мынадай схема бойынша жүзеге асырылады:
"өте жақсы" – 19-21 балл;
"жақсы" – 15-18 балл;
"қанағаттанарлық" – 11-14 балл.
Презентацияға қойылатын талаптар
Презентация үшін уақыт – 5-7 минут.
Презентацияның құрылымы
Титулдық слайдта мынадай ақпарат болуға тиіс:
1) сабақтың тақырыбы, оқыту мақсаты және сабақтың мақсаты;
2) тегі, аты, жұмыс орны.
Слайдтарды ресімдеу
1. Негізгі мәтін үшін – ұсынылатын қаріп өлшемі 24 нүкте.
2. Слайдтың шеті – әр жағынан кемінде 0,5 см.
3. Презентация файлы педагогтің таңдауы бойынша бағдарламада орындалуға тиіс (MS Power Point, Google презентация, Prezi, Sway, Canva).
4. Сөз сөйлеу процесінде интернет-ресурсқа ауысуға жол берілмейді, барлық қосымша ақпаратты презентациямен бірге бір папкаға алдын ала орналастыру қажет (яғни сілтеме тек жергілікті).
5. Барлық слайд үшін бір ауысу тәсілін және стильдік шешімді қолдану қажет.
Жобаның құрылымы
Жобалық жұмысты 4-5 бастапқы әскери, әскерге шақыруға дейінгі және әскерге шақыруға дейінгі тереңдетілген даярлықты оқытушыдан тұратын тыңдаушылар тобы жасайды. Әрбір топ өз жобасын дайындайды.
Жоба мынадай құрылымдық элементтерден тұрады:
1) титулдық парақ (ұйымның атауы, әзірлеушінің (әзірлеушілердің) ТАӘ, жылы, қаласы көрсетіледі);
2) мазмұны (кіріспе, негізгі бөлік, қорытынды, қосымша);
3) кіріспе (таңдалған тақырыптың өзектілігін негіздеу, жұмыстың мақсаттары мен міндеттері, пайдаланылатын дереккөз, негізгі проблеманың тұжырымы мен қысқаша сипаттамасы);
4) негізгі бөлік (кіріспеде қойылған проблема жүйелі түрде ашылады, оны шешу жолдары дереккөз материалында қадағаланады, дәлелді ұстанымы көрсетіледі, оған әртүрлі көзқарас сипатталады және автордың оған көзқарасы білдіріледі);
5) қорытынды (зерттеудің басты қорытындысы шығарылады, жобаның қойылған мақсаты мен міндеттеріне сәйкес жинақталған қорытынды жасалады немесе зерттеу нәтижесін нақты пайдалану бойынша іс жүзіндегі ұсыным беріледі);
6) пайдаланылған әдебиет тізімі;
7) қосымша (қажет болғанда);
8) слайд түріндегі презентация.
Жобаны бағалау өлшемшарты
Жобалық жұмыстың презентациясын бағалау үшін мынадай балл қойылады:
0 балл – іске асырылған жоқ;
1 балл – ішінара іске асырылды;
2 балл – толық іске асырылды.
Жоба бойынша ең жоғары балл саны – 20.
Балл жиынтығын дәстүрлі бағалау нормаларына аудару:
"5" деген баға (өте жақсы) – 17-20 балл жиынтығына қойылады.
"4" деген баға (жақсы) – 14-16 балл жиынтығына сәйкес келеді.
"3" деген баға (қанағаттанарлық) – 10-13 балл жиынтығына сәйкес келеді.
Қорытынды тестілеу
Р/с № | Модуль атауы | Сағат саны | Сұрақ саны |
1. | Қазіргі заманғы білім беруді дамытудың нормативтік және психологиялық-педагогикалық аспектісі | 2 | 10 |
2. | Білім беру сапасын арттыру бөлігінде оқыту, тәрбиелеу және дамыту әдістерінің мазмұнын жетілдіру | 60 | 60 |
3. | Педагогтің IT-құзыреттілігін және цифрлық сауаттылығын дамыту | 10 | 10 |
4. | Нұсқалық мазмұны | 8 | - |
Жиыны | 80 | 80 |
Балды бағаға ауыстыру
Балл | Орындалу ауқымы (%) | Баға |
27-30 | 90-100 | 5 |
23-26 | 75-89 | 4 |
15-22 | 50-74 | 3 |
20-дан аз | 50-ден аз | 2 |
9. Курстан кейінгі қолдау
9.1. Курстан кейінгі қолдау педагогтің жеке міндеттерін шешуге бағытталған, мынадай элементтерден тұрады: өзін-өзі айқындау; құзыреттің өзектілігі; кері байланыс; үздіксіздік.
Курстан кейінгі кезең толық ауқымды рефлексияны, курстан кейін өзі жүзеге асыратын қызметі туралы шығармашылық есепті қамтиды.
Педагогтің қызметін курстан кейінгі қолдауда мынадай нысандар пайдаланылады:
1) кәсіби даму нәтижесі;
2) педагогтің курстан өткеннен кейін бірінші күнтізбелік жыл ішінде кемінде бір өзіндік жұмысты ұйымдастыруы және жүргізуі және оның екі жалпы веб-семинарға қатысуы;
3) курстан өткен және алған білімін, іскерлігін, дағдысын іс жүзінде табысты қолданып жүрген педагогтарды тәжірибе алмасу іс-шараларына қатысуға тарту, олардың тәжірибесін көпшілік алдында мойындау (бұқаралық ақпарат құралдарында жариялау);
4) курс бағдарламасын түзету.
Педагогтің қызметін курстан кейінгі қолдауды мониторингтеу бір жыл ішінде сырттай не қашықтан жүргізіледі.
10. Негізгі және қосымша әдебиет тізімі
1) Қазақстан Республикасының Конституциясы;
2) "Әскери қызмет және әскери қызметшілердің мәртебесі туралы" Қазақстан Республикасының Заңы;
3) "Қазақстан Республикасының қорғанысы және Қарулы Күштері туралы" Қазақстан Республикасының Заңы;
4) "Педагог мәртебесі туралы" Қазақстан Республикасының Заңы;
5) "Қазақстан Республикасы Қарулы Күштерінің, басқа да әскерлері мен әскери құралымдарының жалпыәскери жарғыларын бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Президентінің 2007 жылғы 5 шілдедегі № 364 Жарлығы;
6) "Бастапқы әскери дайындық қағидаларын бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрінің 2017 жылғы 12 шілдедегі № 347 бұйрығы;
7) "Мектепке дейінгі тәрбие мен оқытудың, бастауыш, негізгі орта, жалпы орта, техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейінгі білім берудің мемлекеттік жалпыға міндетті стандарттарын бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Оқу-ағарту министрінің 2022 жылғы 3 тамыздағы № 348 бұйрығы;
8) "Педагогтердің біліктілігін арттыру курстарын ұйымдастыру және жүргізу, сондай-ақ педагогтің қызметін курстан кейінгі қолдау қағидаларын бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрінің 2016 жылғы 28 қаңтардағы № 95 бұйрығы;
9) А. Тасболатов, Д. Майхиев, Бастапқы әскери және технологиялық дайындық – Алматы: Мектеп, 2018 ж. – 127 бет;
10) А. Тасболатов, Д. Майхиев, Бастапқы әскери және технологиялық дайындық. Қашықтан оқыту. Әдістемелік нұсқау – Алматы, 2020 ж. – 30 бет;
11) Бастапқы әскери және технологиялық дайындық. Жалпы білім беретін мектептің 10-сынып оқушыларына арналған оқулық + CD, 2 бөлікте. 1-бөлік/ А.Н. Рыспаев, Е.А. Әделбаев, Н.Т. Әсілов, А.И. Рихтер, А.М. Ерекешев, А.У. Үсербаев, Ж.А. Сәтқұлов, С.К. Көптілеуова – Көкшетау: Келешек-2030, 2019 ж. – 224 бет;
12) А.И. Рихтер, Бастапқы әскери және технологиялық дайындық. Жалпы білім беретін мектептің 11-сынып оқушыларына арналған оқулық + CD, 2 бөлікте. 1-бөлік/А.М. Рихтер, В.Л. Яковенко – Көкшетау: Келешек-2030 баспасы, 2020 ж. – 224 бет;
13) Бастапқы әскери және технологиялық дайындық: Әдістемелік нұсқау. Жалпы білім беретін мектептің 10-сынып мұғалімдеріне арналған құрал. 1 және 2-бөліктер – Алматы: Мектеп, 2019 ж. – 237 бет;
14) "Бастапқы әскери және технологиялық дайындық" оқу пәнін (10-11 сыныптар) жаңартылған білім мазмұнының бағдарламасы бойынша оқыту жөніндегі әдістемелік ұсынымдар – Нұр-Сұлтан: Ы. Алтынсарин атындағы КеАҚ, 2020 ж. – 194 бет;
Электрондық ресурс:
http://egov.kz/cms/kk – Қазақстан Республикасының электрондық үкіметі;
https://pki.gov.kz/ – Қазақстан Республикасының Ұлттық куәландырушы орталығы;
https://portal.kundelik.kz/ – Kundelik ААЖ;
https://bilimland.kz/kk – оқушыларға, студенттерге және педагогтерге арналған білім беру платформасы;
https://infourok.ru/sinip-alashi-skeri-dayindi-pninen-saba-zhospari-802970.html – "Ақпараттық сабақ" ӨБА;
https://mektep.kz/userfiles/44689b66883e6f03a1a9ea53c7ccf96f.pdf – Д. Майхиевтің электрондық оқулығы.