Қазақстан Республикасының Жоғарғы Кеңесі ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:
Халықаралық азаматтық авиация туралы конвенцияны (Чикаго, 1944 жыл) ратификациялау
|
Қазақстан Республикасының Жоғарғы Кеңесінің Төрағасы |
| Қосымша |
ЗҚАИ-ның ескертпесі!
Конвенцияға өзгеріс енгізу көзделген – ҚР 07.04.2026 № 276-VIII Заңымен.
Осы құжат Dос 7300/8 құжатын алмастырады.
Тоғызыншы басылым – 2006 жыл Халықаралық азаматтық авиация ұйымы
ХАЛЫҚАРАЛЫҚ АЗАМАТТЫҚ АВИАЦИЯ ТУРАЛЫ КОНВЕНЦИЯ 1
1944 жылғы 7 желтоқсанда Чикаго қаласында қол қойылған ПРЕАМБУЛА
халықаралық азаматтық авиацияны болашақта дамыту әлем ұлттары мен халықтары арасындағы достық пен өзара түсіністікті орнатуға және сақтауға айтарлықтай үлес қоса алатынын, ал оны теріс пиғылда пайдалану жалпыға бірдей қауіпсіздікке қатер төндіруі мүмкін екенін НАЗАРҒА АЛА ОТЫРЫП;
дүние жүзіндегі бейбітшілік тығыз байланысты халықтар мен ұлттар арасындағы алауыздыққа жол бермей, ынтымақтастықты нығайтудың қажеттігін НАЗАРҒА АЛА ОТЫРЫП;
сондықтан да, төменде қол қойған Үкіметтер халықаралық азаматтық авиация қауіпсіз әрі жүйелі түрде дамығанын, сондай-ақ халықаралық әуе қатынастарын тең мүмкіндіктер негізінде орнатып, ұтымды әрі үнемді түрде жүзеге асырылғанын қамтамасыз ету мақсатында белгілі бір қағидаттар мен шаралар туралы КЕЛІСІМГЕ КЕЛЕ ОТЫРЫП;
аталған мақсаттарда осы Конвенцияны жасасты.
1 1944 жылғы 7 желтоқсандағы Конвенцияның 91 b)-бабына сәйкес, оны ратификациялау туралы жиырма алтыншы құжат немесе оған қосылу туралы хабарлама Америка Құрама Штаттарының Үкіметіне сақтауға тапсырылғаннан кейін отызыншы күні, яғни 1947 жылғы 4 сәуірде күшіне енді.
І БӨЛІМ
АЭРОНАВИГАЦИЯ
І ТАРАУ
ЖАЛПЫ ҚАҒИДАТТАР ЖӘНЕ КОНВЕНЦИЯНЫ ҚОЛДАНУ
Уағдаласушы мемлекеттер әрбір мемлекеттің өз аумағындағы әуе кеңістігіне қатысты толық және айрықша егемендігі бар екенін мойындайды.
Осы Конвенцияның мақсаттары үшін мемлекеттің аумағы болып оның егемендігіндегі, сюзеренитетіндегі, протекторатындағы немесе мандатындағы құрлық аумақтары мен оларға іргелес жатқан аумақтық сулар саналады.
Азаматтық және мемлекеттік әуе кемелері
a) Осы Конвенция тек азаматтық әуе кемелеріне ғана қатысты қолданылады және мемлекеттік әуе кемелеріне қатысты қолданылмайды.
b) Әскери, кеден және полиция қызметтерінде пайдаланылатын әуе кемелері мемлекеттік әуе кемелері болып саналады.
c) Уағдаласушы мемлекеттің ешбір мемлекеттік әуе кемесі арнайы келісім бойынша не өзге де жолмен берілген рұқсатсыз және оның шарттарын сақтамай, басқа мемлекеттің аумағы үстінен ұшпайды және қонбайды.
d) Уағдаласушы мемлекеттер өздерінің мемлекеттік әуе кемелеріне арналған қағидаларды белгілеу кезінде азаматтық әуе кемелері навигациясының қауіпсіздігіне тиісті деңгейде назар аударуға міндеттенеді.
a) Уағдаласушы мемлекеттер әрбір мемлекеттің ұшып жүрген азаматтық әуе кемелеріне қарсы қару қолданудан тартынуға тиіс екенін және ұстап алу жағдайында борттағы адамдардың өмірі мен әуе кемесінің қауіпсіздігіне қатер төндірмеу қажеттігін мойындайды. Бұл ереже Біріккен Ұлттар Ұйымының Жарғысында мазмұндалған мемлекеттердің құқықтары мен міндеттемелерін қандай да бір дәрежеде өзгертетін норма ретінде түсіндірілмейді.
b) Уағдаласушы мемлекеттер әрбір мемлекеттің өз егемендігін жүзеге асыру кезінде, егер азаматтық әуе кемесі оның аумағы үстінен рұқсатсыз ұшса немесе оның осы Конвенцияның мақсаттарымен үйлеспейтін қандай да бір мақсаттарда пайдаланылып жатқанына негізді күдік болса, осындай әуе кемесінің қандай да бір көрсетілген әуежайға қонуын талап етуге немесе мұндай бұзушылықтарды тоқтату үшін оған кез келген басқа нұсқаулар беруге құқығы бар екенін мойындайды. Осы мақсатта Уағдаласушы мемлекеттер халықаралық құқықтың тиісті нормаларымен, соның ішінде осы Конвенцияның тиісті ережелерімен, атап айтқанда осы баптың а) тармағына сәйкес кез келген тиісті шараларды пайдалана алады. Әрбір Уағдаласушы мемлекет азаматтық әуе кемелерін ұстап алуға қатысты қолданылатын қағидаларын жариялауға келіседі.
c) Әрбір азаматтық әуе кемесі осы баптың b) тармағына сәйкес берілген бұйрықты орындайды. Осы мақсатта әрбір Уағдаласушы мемлекет осы мемлекетте тіркелген немесе негізгі қызмет орны не тұрақты орналасқан жері осы мемлекетте болатын пайдаланушы пайдаланатын кез келген азаматтық әуе кемесі үшін оның орындалуын міндетті ету мақсатында өзінің ұлттық заңдарында немесе қағидаларында барлық қажетті ережелерді қабылдайды. Әрбір Уағдаласушы мемлекет мұндай қолданыстағы заңдарды немесе қағидаларды кез келген жолмен бұзғаны үшін қатаң жазалар қарастырады және істі өз заңдарына немесе қағидаларына сәйкес құзыретті органдарына береді.
d) Әрбір Уағдаласушы мемлекет осы мемлекетте тіркелген немесе негізгі қызмет орны не тұрақты орналасқан жері осы мемлекетте болатын пайдаланушы пайдаланатын кез келген азаматтық әуе кемелерін осы Конвенцияның мақсаттарымен үйлеспейтін қандай да бір мақсаттарда әдейі пайдалануға тыйым салу үшін тиісті шаралар қабылдайды. Бұл ереже а)
* 1984 жылғы 10 мамырда Ассамблея өзінің 25-ші (кезектен тыс) сессиясында 3 bis бабын енгізетін Хаттаманы қабылдап, Конвенцияға түзету енгізді. Бұл түзету 1998 жылғы 1 қазанда күшіне енді.
тармағына әсер етпейді және осы баптың b) мен с) тармақтарына қатысы жоқ.
Азаматтық авиацияны жөнсіз пайдалану
Әрбір Уағдаласушы мемлекет азаматтық авиацияны осы Конвенцияның мақсаттарымен үйлеспейтін қандай да бір мақсаттарда пайдаланбауға келіседі.
УАҒДАЛАСУШЫ МЕМЛЕКЕТТЕРДІҢ АУМАҒЫ ҮСТІНЕН ҰШУ
Әрбір Уағдаласушы мемлекет басқа Уағдаласушы мемлекеттердің тұрақты халықаралық әуе қатынасы шеңберінен тыс барлық әуе кемелері осы Конвенцияның ережелерін сақтаған жағдайда, алдын ала рұқсат алмай-ақ оның аумағына ұшып кіруге немесе оның аумағы арқылы қонбай транзиттік ұшуға және коммерциялық емес мақсатта қонуға құқығы бар екендігімен келіседі, бұл ретте аумағының үстінен ұшып бара жатқан мемлекет қонуды талап ету құқығына ие. Дегенмен, әрбір Уағдаласушы мемлекеттің ұшу қауіпсіздігі мақсатында қолжетімсіз немесе тиісті аэронавигациялық құралдары жоқ аудандардың үстінен өтуді жоспарлаған әуе кемелерінен белгіленген маршруттармен жүруді немесе арнайы рұқсат алуды талап ету құқығы өзінде қалады.
Егер мұндай әуе кемелері жолаушыларды, жүкті немесе поштаны ақылы түрде немесе жалдау шарттары бойынша тасымалдаумен айналысса, бірақ тұрақты халықаралық әуе қатынастарының шеңберінен тыс болса, олар 7-баптың ережелерін ескере отырып, жолаушыларды, жүкті немесе поштаны бортқа алу немесе түсіру артықшылығын пайдаланады, бұл ретте мұндай тиеу немесе түсіру жүргізілетін кез келген мемлекет өзі қажет деп тапқан қағидаларды, шарттарды немесе шектеулерді белгілеуге құқылы.
Ешбір тұрақты халықаралық әуе қатынастары Уағдаласушы мемлекеттің аумағы үстінен немесе аумағына осы мемлекеттің арнайы рұқсатынсыз немесе өзге де санкциясынсыз және осындай рұқсаттың немесе санкцияның шарттарына сәйкес келмейінше жүзеге асырыла алмайды.
Әрбір Уағдаласушы мемлекет басқа Уағдаласушы мемлекеттердің әуе кемелеріне өз аумағында ақылы түрде немесе жалдау шарттары бойынша тасымалданатын және оның аумағы шегінде басқа межелі пункті бар жолаушыларды, пошта мен жүкті бортқа алуға рұқсат беруден бас тартуға құқылы. Әрбір Уағдаласушы мемлекет қандай да бір басқа мемлекетке немесе қандай да бір басқа мемлекеттің авиация кәсіпорнына кез келген осындай артықшылықты айрықша негізде арнайы беретін ешқандай келісімдерге отырмауға және кез келген басқа мемлекеттен мұндай айрықша артықшылықты алмауға міндеттенеді.
Ұшқышсыз ұшуға қабілетті ешбір әуе кемесі Уағдаласушы мемлекеттің аумағы үстінен осы мемлекеттің арнайы рұқсатынсыз және осындай рұқсаттың шарттарына сәйкес келмейінше ұшқышсыз ұшуды жүзеге асырмайды. Әрбір Уағдаласушы мемлекет азаматтық әуе кемелері үшін ашық аудандарда мұндай ұшқышсыз кемелердің ұшуын бақылауға алып, азаматтық әуе кемелеріне еш қауіп төндірмеуін қамтамасыз етуге міндеттенеді.
a) Әрбір Уағдаласушы мемлекет әскери қажеттілік немесе қоғамдық қауіпсіздік мақсатында басқа мемлекеттердің әуе кемелерінің өз аумағындағы белгілі бір аймақтар үстінен ұшуын бірыңғай тәртіпке сай шектеуге не оған тыйым салуға құқылы, бұл ретте, осы мемлекеттің тұрақты халықаралық әуе қатынасын жүзеге асыратын әуе кемелері мен осындай тасымалды орындайтын басқа Уағдаласушы мемлекеттердің әуе кемелері арасында ешқандай айырмашылық болмауы тиіс. Аэронавигацияға орынсыз кедергі келтірмес үшін, мұндай тыйым салынған аймақтардың көлемі мен орналасқан жері ақылға қонымды шекте болуы қажет. Уағдаласушы мемлекет аумағындағы мұндай тыйым салынған аймақтардың сипаттамасы және оларға енгізілетін кез келген кейінгі өзгерістер туралы басқа Уағдаласушы мемлекеттерге және Халықаралық азаматтық авиация ұйымына барынша қысқа мерзім аралығында хабарланады.
b) Әрбір Уағдаласушы мемлекет ерекше жағдайларда, төтенше жағдай кезеңінде немесе қоғамдық қауіпсіздік мүддесі үшін өз аумағының немесе оның бір бөлігінің үстінен ұшуды дереу әрі уақытша шектеу немесе оған тыйым салу құқығын өзінде қалдырады. Бұл ретте, мұндай шектеу немесе тыйым салу қай мемлекетке тиесілі екендігіне қарамастан, барлық басқа мемлекеттердің әуе кемелеріне бірдей қолданылуы шарт.
c) Әрбір Уағдаласушы мемлекет өзі белгілей алатын қағидалар негізінде жоғарыда а) немесе b) тармақшаларында көзделген аймақтарға кіретін кез келген әуе кемесінен мүмкіндігінше қысқа мерзімде өз аумағы шегіндегі қандай да бір көрсетілген әуежайға қонуын талап ете алады.
Осы Конвенцияның немесе арнайы рұқсаттың шарттары бойынша әуе кемелеріне Уағдаласушы мемлекеттің аумағын қонбай кесіп өтуге рұқсат етілген жағдайларды қоспағанда, сол мемлекеттің аумағына кіретін кез келген әуе кемесі, егер оның ұлттық қағидалары талап етсе, кедендік және өзге де бақылаудан өту мақсатында сол мемлекет белгілеген әуежайға қонады. Уағдаласушы мемлекеттің аумағынан ұшып шығу кезінде де мұндай әуе кемелері дәл осылай белгіленген кедендік әуежайдан аттанады. Барлық белгіленген кедендік әуежайлар туралы мәліметтерді мемлекеттің өзі жариялайды және оларды басқа Уағдаласушы мемлекеттерге тарату үшін осы Конвенцияның ІІ бөліміне сәйкес құрылған Халықаралық азаматтық авиация ұйымына жолдайды.
Әуе қозғалысы жөніндегі қағидаларды қолдану
Осы Конвенцияның ережелерін сақтай отырып, халықаралық аэронавигацияны жүзеге асыратын әуе кемелерінің өз аумағына кіруіне немесе одан шығуына, сондай-ақ мұндай әуе кемелерін өз аумағында болған кезеңде пайдалану мен навигациясына қатысты Уағдаласушы мемлекеттің заңдары мен қағидалары барлық Уағдаласушы мемлекеттердің әуе кемелеріне, олардың қай елге тиесілі екендігіне қарамастан, бірдей қолданылады. Сонымен қатар, мұндай әуе кемелері сол мемлекеттің аумағына ұшып келген, одан ұшып шыққан кезде немесе онда болған уақытта аталған заңдар мен қағидаларды сақтауға тиіс.
Әрбір Уағдаласушы мемлекет өз аумағының шегінде ұшатын немесе маневр жасайтын әрбір әуе кемесінің, сондай-ақ өзінің мемлекеттік тиесілілік белгісі бар әрбір әуе кемесінің, оның қай жерде жүргеніне қарамастан, әуе кемелерінің ұшуы мен маневр жасауына қатысты сол жерде қолданылатын қағидалар мен регламенттерді сақтауын қамтамасыз ету үшін шаралар қабылдауға міндеттенеді. Әрбір Уағдаласушы мемлекет осы саладағы өз қағидалары мен осы Конвенция негізінде уақыт өте келе бекітілетін қағидалардың барынша біркелкі болуын қамтамасыз етуге міндеттенеді. Ашық теңіз үстінде осы Конвенцияға сәйкес белгіленген қағидалар қолданылады. Әрбір Уағдаласушы мемлекет қолданыстағы регламенттерді бұзған барлық тұлғаларды жауапкершілікке тартуды қамтамасыз етуге міндеттенеді.
13-бап
Кіру және шығару туралы қағидалар
Уағдаласушы мемлекеттің әуе кемелерінің жолаушылары, экипажы немесе жүгінің өз аумағына кіруіне немесе одан шығуына қатысты заңдары мен қағидаларын, атап айтқанда кіру, шығу, иммиграция, төлқұжаттық және кедендік бақылау, сондай-ақ карантин қағидаларын аталған жолаушылар мен экипаж мүшелері өздері немесе олардың атынан әрекет ететін тұлғалар, сондай-ақ жүкке жауапты тұлғалар сол мемлекеттің аумағына ұшып келген, одан ұшып шыққан кезде немесе онда болған уақытта сақтауға тиіс.
Әрбір Уағдаласушы мемлекет аэронавигация арқылы тырысқақ, бөртпе сүзек, шешек, сары безгек, оба және Уағдаласушы мемлекеттер уақыт өте келе айқындайтын басқа да жұқпалы аурулардың таралуын болдырмау мақсатында тиімді шаралар қабылдауға келіседі. Осы мақсатта Уағдаласушы мемлекеттер әуе кемелерінде қолданылатын санитарлық шараларды халықаралық деңгейде реттеу мәселелерімен айналысатын мекемелермен тікелей консультациялар жүргізеді. Мұндай консультациялар Уағдаласушы мемлекеттер қатысатын осы мәселеге қатысты қолданыстағы кез келген халықаралық конвенцияның қолданылуына нұқсан келтірмей жүзеге асырылады.
Әуежай алымдары және соған ұқсас алымдар
Уағдаласушы мемлекеттің ұлттық әуе кемелерінің қоғамдық мақсатта пайдалануына ашық әрбір әуежайы, 68-баптың ережелерін ескере отырып, барлық басқа Уағдаласушы мемлекеттердің әуе кемелері үшін де біркелкі шарттарға сәйкес ашық болады. Осындай біркелкі шарттар әрбір Уағдаласушы мемлекеттің әуе кемелері аэронавигацияның қауіпсіздігі мен жеделдігін қамтамасыз ету мақсатында қоғамдық пайдалануға ұсынылуы мүмкін барлық аэронавигациялық құралдарды, соның ішінде радио және метеорологиялық жасақтаманы пайдаланған кезде де қолданылады.
Кез келген басқа Уағдаласушы мемлекеттің әуе кемелерінің осындай әуежайлар мен аэронавигациялық құралдарды пайдаланғаны үшін Уағдаласушы мемлекет алуы мүмкін немесе алуға рұқсат еткен кез келген алымдары:
a) тұрақты халықаралық әуе қатынасын жүзеге асырмайтын әуе кемелеріне қатысты - осындай тасымалды орындайтын, сол санаттағы өз әуе кемелерінен алынатын алымдардан; және
b) тұрақты халықаралық әуе қатынасын жүзеге асыратын әуе кемелеріне қатысты - осындай халықаралық әуе қатынасын орындайтын өз әуе кемелерінен алынатын алымдардан аспауға тиіс.
Осындай барлық алымдар туралы ақпарат жарияланады және Халықаралық азаматтық авиация ұйымына хабарланады, бұл ретте, мүдделі Уағдаласушы мемлекеттің өтініші бойынша, әуежайлар мен басқа да құралдарды пайдаланғаны үшін алынатын алымдарды Кеңес қарайды. Кеңес бұл мәселе бойынша баяндама дайындайды және мүдделі мемлекеттің немесе мемлекеттердің қарауына өз ұсынымдарын береді. Ешбір Уағдаласушы мемлекет кез келген Уағдаласушы мемлекеттің әуе кемесінен, ондағы адамдардан немесе мүліктен тек өз аумағы арқылы транзитпен өткені, аумағына кіргені немесе одан шыққаны үшін ғана ешқандай баж, салық немесе өзге де алымдар өндіріп алмайды.
Әрбір Уағдаласушы мемлекеттің құзыретті органдары басқа Уағдаласушы мемлекеттердің әуе кемелерін ұшып келген немесе ұшып шыққан кезде негізі жоқ кідіріссіз тексеруге, сондай-ақ осы Конвенцияда көзделген куәліктер мен өзге де құжаттарды тексеруге құқығы бар.
ІІІ ТАРАУ
ӘУЕ КЕМЕЛЕРІНІҢ ҰЛТТЫҚ ТИЕСІЛІЛІГІ
Әуе кемелерінің ұлттық тиесілілігі
Әуе кемелері өздері тіркелген мемлекеттің ұлттық тиесілігінде болады.
Әуе кемесінің бірнеше мемлекетте тіркелуі жарамсыз деп танылады, алайда оның тіркелімі бір мемлекеттен екінші мемлекетке ауыстырылуы мүмкін.
Тіркеуді реттейтін ұлттық заңнама
Кез келген Уағдаласушы мемлекетте әуе кемелерін тіркеу немесе тіркеуді ауыстыру сол мемлекеттің заңдары мен қағидаларына сәйкес жүргізіледі.
Халықаралық аэронавигацияны жүзеге асыратын әрбір әуе кемесінің тиісті мемлекеттік және тіркеу белгілері болуға тиіс.
Әрбір Уағдаласушы мемлекет кез келген басқа Уағдаласушы мемлекетке немесе Халықаралық азаматтық авиация ұйымына олардың сұрау салуы бойынша, сол мемлекетте тіркелген кез келген нақты әуе кемесінің тіркелуі мен меншік құқығына қатысты ақпаратты ұсынуға міндеттенеді. Бұған қоса, әрбір Уағдаласушы мемлекет Халықаралық азаматтық авиация ұйымына, ұйымның өзі белгілеуі мүмкін қағидаларға сәйкес, осы мемлекетте тіркелген және әдетте халықаралық аэронавигацияны жүзеге асыратын әуе кемелерін иелену мен бақылауға қатысты қолжетімді тиісті деректерді қамтитын хабарламаларды жіберіп тұрады. Халықаралық азаматтық авиация ұйымы осылайша алынған деректерді басқа Уағдаласушы мемлекеттердің өтініші бойынша оларға ұсынады.
IV ТАРАУ
АЭРОНАВИГАЦИЯҒА ЖӘРДЕМДЕСУ ШАРАЛАРЫ
Әрбір Уағдаласушы мемлекет арнайы қағидалар шығару арқылы немесе өзге де жолмен Уағдаласушы мемлекеттер аумақтары арасындағы әуе кемелерінің навигациясына жәрдемдесу мен оны жеделдету және әуе кемелерінің, экипаждардың, жолаушылар мен жүктің, әсіресе иммиграцияға, карантинге, кедендік бақылауға және ұшып шығуды ресімдеуге қатысты заңдарды қолдану кезінде негізсіз кідірістеріне жол бермеу үшін барлық мүмкін шараларды қабылдауға келіседі.
Кедендік иммиграциялық рәсімдер
Әрбір Уағдаласушы мемлекет халықаралық аэронавигацияға қатысты кедендік және иммиграциялық рәсімдерді осы Конвенцияға сәйкес уақыт өте келе белгіленуі немесе ұсынылуы мүмкін тәжірибеге барынша сәйкестендіруге міндеттенеді. Осы Конвенцияның ешбір ережесі кедендік рәсімділіктерді орындаудан босатылған еркін әуежайлар құруға кедергі келтіреді деп түсіндірілмеуге тиіс.
a) Басқа Уағдаласушы мемлекеттің аумағына ұшып келетін, одан ұшып шығатын немесе оны аумағы арқылы ұшып өтетін әуе кемелері сол мемлекеттің кедендік қағидаларын сақтай отырып, уақытша кеден бажын төлемей қабылданады. Уағдаласушы мемлекеттің әуе кемесінің бортындағы отын, жағармай, қосалқы бөлшектер, жиынтық жабдықтар мен қорлар басқа Уағдаласушы мемлекеттің аумағына ұшып келгенде және сол аумақтан ұшып шыққанға дейін бортта қалған жағдайда кеден баждарынан, қарап-тексеру алымдарынан және осыған ұқсас басқа да ұлттық немесе жергілікті баждар мен алымдардан босатылады. Бұл жеңілдік, мемлекеттің кедендік қағидаларында көзделген, олардың кедендік қадағалауда болуды талап етуі мүмкін жағдайларды қоспағанда, саны мен атауына қарамастан, түсірілген ешбір жүкке қатысты қолданылмайды.
b) Халықаралық аэронавигацияны жүзеге асыратын басқа Уағдаласушы мемлекеттің әуе кемесіне орнату немесе пайдалану үшін Уағдаласушы мемлекеттің аумағына әкелінетін қосалқы бөлшектер мен жабдықтар, бұл заттардың кедендік қадағалау мен бақылауда болуын көздеуі мүмкін осы мемлекеттің қағидалары сақталған жағдайда кеден баждарынан босатылады.
Әрбір Уағдаласушы мемлекет өз аумағында апатқа ұшыраған әуе кемелеріне көмек көрсету бойынша өзі мүмкін деп санайтын шараларды қабылдауға және, өз билік органдары тарапынан бақылау жүзеге асырылған жағдайда, осы әуе кемелерінің меншік иелеріне немесе осы әуе кемелері тіркелген мемлекеттің билік органдарына осындай мән-жайлар талап етуі мүмкін көмек шараларын көрсетуге рұқсат беруге міндеттенеді. Әрбір Уағдаласушы мемлекет жоғалған әуе кемесін іздестіруді ұйымдастыру кезінде осы Конвенцияға сәйкес ұсынылып отыруы мүмкін келісілген шараларды жүзеге асыруда ынтымақтасатын болады.
Бір Уағдаласушы мемлекеттің әуе кемесімен басқа Уағдаласушы мемлекеттің аумағында орын алған және өлімге немесе ауыр дене жарақаттарына әкеп соққан не болмаса әуе кемесінде немесе аэронавигациялық құралдарда елеулі техникалық ақаудың бар екенін айғақтайтын оқиға орын алған жағдайда, аумағында осы оқиға болған мемлекет өз заңнамасы жол беретін шекте Халықаралық азаматтық авиация ұйымы ұсынуы мүмкін рәсімге сәйкес оқиғаның мән-жайларын тергеуді тағайындайды. Әуе кемесі тіркелген мемлекетке тергеуге қатысуы үшін бақылаушыларды тағайындау мүмкіндігі беріледі, ал тергеу жүргізетін мемлекет осы мемлекетке тергеу туралы есеп пен қорытындыны жібереді.
Патенттік шағымдар бойынша тыйым салудан босату
a) Халықаралық аэронавигацияны жүзеге асыру кезінде бір Уағдаласушы мемлекет әуе кемесінің басқа Уағдаласушы мемлекеттің аумағына рұқсатпен ұшып келуі немесе мұндай мемлекеттің аумағы арқылы қонып немесе қонбай транзитпен ұшуы әуе кемесінің құрылымы, механизмдері, тораптары, қосалқы жабдықтары немесе оны пайдалану әуе кемесі ұшып келген мемлекетте тиісінше берілген немесе тіркелген патентке, өнеркәсіптік үлгіге немесе модельге қатысты қандай да бір құқықтарды бұзады деген негізде бұл әуе кемесіне тыйым салуға немесе оны кідіртуге, оның меншік иесіне немесе пайдаланушысына қандай да бір шағым қоюға, болмаса осы мемлекет немесе оның аумағындағы кез келген тұлға тарапынан қандай да бір өзге жолмен араласуға әкеп соқтырмайды; бұл ретте мұндай әуе кемесі ұшып келген мемлекетте әуе кемесіне тыйым салудан немесе оны кідіртуден босатуға байланысты ешқандай жағдайда кепілдік талап етілмейтіні көзделеді.
b) Осы баптың а) тармағының ережелері сондай-ақ әуе кемелеріне арналған қосалқы бөлшектер мен қосалқы жабдықтарды сақтауға және осылайша сақталатын кез келген патенттелген бөлшек немесе жабдық ел ішінде сатылмаған немесе таралмаған, болмаса осы әуе кемесі ұшып келген Уағдаласушы мемлекеттен коммерциялық мақсатта экспортталмаған жағдайда, Уағдаласушы мемлекеттің әуе кемесін кез келген басқа Уағдаласушы мемлекеттің аумағында жөндеу кезінде оларды пайдалану және орнату құқығына да қолданылады.
c) Осы бапта көзделген артықшылықтар 1) Өнеркәсіптік меншікті қорғау жөніндегі халықаралық конвенцияға және оның кез келген түзетулеріне қатысатын, немесе 2) осы Конвенцияға қатысушы басқа мемлекеттер азаматтарының өнертабыстарын танитын және олардың тиісінше қорғалуын қамтамасыз ететін патенттік заңнаманы қабылдаған осы Конвенцияға қатысушы мемлекеттерге ғана қолданылады.
Аэронавигациялық құралдар мен стандартты жүйелер
Әрбір Уағдаласушы мемлекет, өзі мүмкін деп санайтын дәрежеде:
a) өз аумағында осы Конвенцияға сәйкес ұсынылып отыратын немесе белгіленетін стандарттар мен тәжірибеге сай халықаралық аэронавигацияға жәрдемдесу үшін әуежайлар, радио және метеорологиялық қызметтер мен басқа да аэронавигациялық құралдар ұсынуға;
b) осы Конвенцияға сәйкес ұсынылып отыруы немесе белгіленуі мүмкін байланыс рәсімдерінің, кодтардың, таңбалаудың, сигналдардың, жарық жабдықтарының және басқа да пайдалану тәжірибесі мен қағидаларының тиісті стандартты жүйелерін қабылдауға және қолданысқа енгізуге;
c) осы Конвенцияға сәйкес ұсынылып отыруы немесе белгіленуі мүмкін стандарттарға сай аэронавигациялық карталар мен схемаларды басып шығаруды қамтамасыз ету жөніндегі халықаралық іс-шараларда ынтымақтасуға міндеттеледі.
V ТАРАУ
ӘУЕ КЕМЕЛЕРІНЕ ҚАТЫСТЫ САҚТАЛУҒА ТИІС ШАРТТАР
Халықаралық навигацияны жүзеге асыратын Уағдаласушы мемлекеттің әрбір әуе кемесінің бортында осы Конвенцияда белгіленген шарттарға сәйкес:
a) оның тіркелгені туралы куәлік;
b) оның ұшуға жарамдылығы туралы куәлік;
c) экипаждың әрбір мүшесінің тиісті куәліктері;
d) борт журналы;
e) егер ол радиоаппаратурамен жабдықталған болса - борттық радиостанцияға рұқсат;
f) егер ол жолаушыларды тасымалдайтын болса - олардың жөнелту және межелі пункттері көрсетілген тегінің (аты-жөндерінің) тізімі;
g) егер ол жүк тасымалдайтын болса - жүкке арналған манифест және толық декларациялары болуы керек.
a) Әрбір Уағдаласушы мемлекеттің басқа Уағдаласушы мемлекеттердің аумағында немесе аумағының үстінде жүрген әуе кемелерінде әуе кемесі тіркелген мемлекеттің құзыретті органдары мұндай аппаратураны орнатуға және пайдалануға рұқсат берген жағдайда ғана радиохабарлағыш аппаратура болуы мүмкін. Үстінен ұшып бара жатқан Уағдаласушы мемлекеттің аумағында радиохабарлағыш аппаратураны пайдалану осы мемлекет белгілеген қағидаларға сәйкес жүзеге асырылады.
b) Радиохабарлағыш аппаратураны әуе кемесі тіркелген мемлекеттің құзыретті билік органдары берген арнайы рұқсаты бар ұшу экипажының мүшелері ғана пайдалана алады.
Ұшуға жарамдылығы туралы куәліктер
Халықаралық навигацияны жүзеге асыратын әрбір әуе кемесі осы әуе кемесі тіркелген мемлекет берген немесе жарамды деп таныған ұшуға жарамдылық куәлігімен қамтамасыз етіледі.
Экипаж мүшелеріне арналған куәліктер
a) Халықаралық навигацияны жүзеге асыратын әрбір әуе кемесінің ұшқышы және экипаждың ұшу құрамының басқа да мүшелері осы әуе кемесі тіркелген мемлекет берген немесе жарамды деп таныған біліктілік куәліктерімен және куәліктермен қамтамасыз етіледі.
b) Әрбір Уағдаласушы мемлекет өз аумағының үстінен ұшу мақсатында өзінің кез келген азаматына басқа Уағдаласушы мемлекет берген біліктілік куәліктері мен куәліктерді мойындаудан бас тарту құқығын өзіне қалдырады.
Әуе кемесі тіркелген Уағдаласушы мемлекет берген немесе жарамды деп таныған ұшуға жарамдылық куәліктері мен біліктілік куәліктерін, сондай-ақ куәліктерді басқа Уағдаласушы мемлекеттер жарамды деп таниды; бұл ретте мұндай куәліктерді беру немесе жарамды деп тану кезінде негізге алынған талаптар осы Конвенцияға сәйкес қажетіне қарай белгіленуі мүмкін ең төменгі стандарттарға сәйкес келуі немесе олардан асып түсуі шарт.
Халықаралық навигацияны жүзеге асыратын әрбір әуе кемесінде осы Конвенцияға сәйкес қажетіне қарай белгіленуі мүмкін нысанда әуе кемесі, оның экипажы және әрбір ұшу туралы деректер енгізілетін борттық журнал жүргізіледі.
a) Халықаралық навигацияны жүзеге асыратын әуе кемелерінде мемлекеттің аумағына немесе оның үстінен мұндай мемлекеттің рұқсатынсыз ешқандай әскери жарақтар немесе әскери материалдар тасымалданбайды. Әрбір мемлекет біркелкілікті қамтамасыз ету мақсатында Халықаралық азаматтық авиация ұйымы қажетіне қарай беруі мүмкін ұсынымдарды тиісінше ескере отырып, осы бапқа қатысты ненің әскери жарақ немесе әскери материал екенін өз қағидаларында айқындайды.
b) Әрбір Уағдаласушы мемлекет қоғамдық тәртіп пен қауіпсіздікті сақтау мүддесінде өз аумағына немесе оның үстінен а) тармағында аталғандардан өзге заттарды тасымалдауды реттеу немесе оған тыйым салу құқығын өзінде қалдырады, бұл ретте халықаралық навигацияны жүзеге асыратын өзінің әуе кемелері мен дәл осылай ұшатын басқа мемлекеттердің әуе кемелері арасында ешқандай айырмашылық болмауы тиіс, сондай-ақ әуе кемелерін пайдалануға немесе навигацияға, болмаса экипаж мүшелерінің немесе жолаушылардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге қажетті аппаратураны әуе кемелерінде тасымалдау мен пайдалануға кедергі келтіруі мүмкін ешқандай шектеулер белгіленбеуі шарт.
Әрбір Уағдаласушы мемлекет өз аумағының үстіндегі әуе кемелерінің бортында фотографиялық аппаратураны пайдалануға тыйым сала алады немесе оны реттей алады.
VI ТАРАУ
ХАЛЫҚАРАЛЫҚ СТАНДАРТТАР МЕН ҰСЫНЫЛАТЫН ТӘЖІРИБЕ
Халықаралық стандарттар мен рәсімдерді қабылдау
Әрбір Уағдаласушы мемлекет аэронавигацияға жәрдемдесетін және оны жетілдіретін барлық мәселелер бойынша әуе кемелеріне, персоналға, әуе трассаларына және қосалқы қызметтерге қатысты қағидалардың, стандарттардың, рәсімдер мен ұйымдастырудың барынша қол жеткізуге болатын біркелкілігін қамтамасыз етуде ынтымақтасуға міндеттенеді. Осы мақсатта Халықаралық азаматтық авиация ұйымы:
a) байланыс жүйелері мен аэронавигациялық құралдарға, соның ішінде жерүсті таңбаларына;
b) әуежайлар мен қону алаңдарының сипаттамаларына;
c) ұшу қағидалары мен әуе қозғалысын басқару тәжірибесіне;
d) ұшу және техникалық персоналға біліктілігін арттыруға;
e) әуе кемелерінің ұшуға жарамдылығына;
f) әуе кемелерін тіркеуге және сәйкестендіруге;
g) метеорологиялық ақпаратты жинауға және онымен алмасуға;
h) борт журналдарына;
i) аэронавигациялық карталар мен схемаларға;
j) кедендік және иммиграциялық рәсімдерге;
k) апатқа ұшыраған әуе кемелеріне және оқиғаларды тергеуге; сондай- ақ қажетіне қарай орынды деп танылуы мүмкін аэронавигацияның қауіпсіздігіне, жүйелілігіне және тиімділігіне қатысты басқа да мәселелерге қатысты халықаралық стандарттарды, ұсынылатын тәжірибе мен рәсімдерді қабылдайды және қажетіне қарай өзгертіп отырады.
Халықаралық стандарттар мен рәсімдерден ауытқу
Қандай да бір халықаралық стандарттарды немесе рәсімдерді толық сақтауды, болмаса олар өзгергеннен кейін өз қағидалары мен тәжірибесін халықаралық стандарттарға немесе рәсімдерге толық сәйкестендіруді іс жүзінде қиын деп санайтын, немесе халықаралық стандартта белгіленген қағидалардан өзгеше қағидалар мен тәжірибені қабылдауды қажет деп тапқан кез келген мемлекет өзінің тәжірибесі мен халықаралық стандарттағы тәжірибе арасындағы айырмашылықтар туралы Халықаралық азаматтық авиация ұйымына дереу хабарлайды. Халықаралық стандарттар өзгерген жағдайда, өз қағидаларына немесе тәжірибесіне тиісті өзгерістер енгізбеген кез келген мемлекет бұл туралы халықаралық стандартқа түзету қабылданғаннан кейін алпыс күн ішінде Кеңеске хабарлайды немесе өзі қабылдауды жоспарлап отырған шараларын көрсетеді. Мұндай жағдайлардың әрқайсысында Кеңес халықаралық стандарттың бір немесе бірнеше ережесі мен сол мемлекеттің тиісті ұлттық тәжірибесі арасындағы айырмашылықтар туралы барлық басқа мемлекеттерге дереу хабарлайды.
a) Ұшуға жарамдылығына немесе ұшу сипаттамаларына қатысты халықаралық стандарт бар бола тұра, сертификаттау кезінде осы стандартқа қандай да бір жағынан сәйкес келмейтін кез келген әуе кемесінің немесе оның бір бөлігінің ұшуға жарамдылық куәлігіне әуе кемесі немесе оның бөлігі мұндай стандартқа сәйкес келмейтін бөлшектердің толық тізбесі енгізіледі немесе оған қоса тіркеледі.
b) Өзі иесі болып келетін куәлік сыныбына қатысты халықаралық стандартта белгіленген шарттарға толық сай келмейтін кез келген тұлғаның куәлігіне осы тұлғаның мұндай шарттарға сай келмейтін барлық деректерінің толық тізбесі енгізіледі немесе оған қоса тіркеледі.
Белгілері бар куәліктердің жарамдылығы
Көрсетілген белгілері бар куәліктері бар ешбір әуе кемесі, сондай-ақ ешбір персонал мүшесі ұшып бара жатқан мемлекеттің немесе мемлекеттердің рұқсатынсыз халықаралық навигацияға қатыспайды. Кез келген осындай әуе кемесін немесе оның сертификатталған кез келген бөлігін ол бастапқыда сертификатталған мемлекеттен өзге кез келген мемлекетте тіркеу немесе пайдалану әуе кемесі немесе оның бөлігі импортталатын мемлекеттің қарауында қалады.
Ұшуға жарамдылықтың қолданыстағы стандарттарын мойындау
Осы тараудың ережелері прототипі осындай жабдыққа арналған ұшуға жарамдылықтың халықаралық стандарты қабылданған күннен бастап үш жыл өткенге дейін құзыретті ұлттық органдарға сертификаттауға ұсынылған әуе кемелері мен авиациялық жабдықтардың түрлеріне қатысты қолданылмайды.
Персонал біліктілігінің қолданыстағы стандарттарын мойындау
Осы тараудың ережелері мұндай персоналдың біліктілігі туралы халықаралық стандарт алғаш рет қабылданғаннан кейін бір жыл өткенге дейін бастапқыда куәліктер берілген персоналға қатысты қолданылмайды; алайда олар кез келген жағдайда мұндай стандарт қабылданған күннен бастап бес жыл бойы куәліктері жарамды болып қалатын барлық персоналға қатысты қолданылады.
ІІ БӨЛІМ
ХАЛЫҚАРАЛЫҚ АЗАМАТТЫҚ АВИАЦИЯ ҰЙЫМЫ
VII ТАРАУ ҰЙЫМ
Осы Конвенция аясында "Халықаралық азаматтық авиация ұйымы" деп аталатын ұйым құрылады. Ол Ассамблеядан, Кеңестен және қажет болуы мүмкін өзге де осындай органдардан тұрады.
Ұйымның мақсаттары мен міндеттері:
a) бүкіл әлемде халықаралық азаматтық авиацияның қауіпсіз әрі жүйелі түрде дамуын қамтамасыз ету;
b) бейбіт мақсатта әуе кемелерін құрастыру және пайдалану өнерін көтермелеу;
c) халықаралық азаматтық авиацияға арналған әуе трассаларын, әуежайлар мен аэронавигациялық құралдарды дамытуды көтермелеу;
d) әлем халықтарының қауіпсіз, тұрақты, тиімді және үнемді әуе көлігіне деген қажеттіліктерін қанағаттандыру;
e) орынсыз бәсекелестік тудырған экономикалық шығындарды болдырмау;
f) Уағдаласушы мемлекеттердің құқықтарын толық құрметтеуді және әрбір Уағдаласушы мемлекетке халықаралық әуе қатынасын жүзеге асыратын авиакәсіпорындарды пайдалануға әділ мүмкіндіктерді қамтамасыз ету;
g) Уағдаласушы мемлекеттерге қатысты кемсітушілікке жол бермеу;
h) халықаралық аэронавигациядағы ұшу қауіпсіздігіне ықпал ету;
i) халықаралық азаматтық аэронавтиканың барлық аспектілері бойынша дамуына жалпылама жәрдемдесуді қамтамасыз ету үшін халықаралық аэронавигацияның қағидаттары мен әдістерін әзірлеу және халықаралық әуе көлігін жоспарлау мен дамытуға жәрдемдесу.
Ұйымның тұрақты орналасатын жері 1944 жылғы 7 желтоқсанда Чикагода қол қойылған Халықаралық азаматтық авиация туралы уақытша келісім аясында құрылған Уақытша халықаралық азаматтық авиация ұйымының Уақытша ассамблеясының қорытынды отырысында айқындалатын орында болады. Орналасатын жері Кеңестің шешімі бойынша кез келген басқа орынға уақытша ауыстырылуы мүмкін, ал уақытшадан өзге себеппен ауыстыру жөніндегі шешімді Ассамблея шешімімен қабылдайды, бұл ретте мұндай шешім Ассамблея белгілеген дауыс санына сәйкес қабылдануға тиіс. Осылайша белгіленген дауыс саны Уағдаласушы мемлекеттердің жалпы санының кемінде бестен үш бөлігін құрайтын болады.
Ассамблеяның бірінші сессиясын жоғарыда аталған Уақытша ұйымның Уақытша кеңесі осы Конвенция күшіне енген бойда Уақытша кеңес айқындайтын уақытта және орында шақырады.
* Осы баптың 1954 жылғы 14 маусымда Ассамблеяның 8-сессиясында өзгертілген мәтіні 1958 жылғы 16 мамырда күшіне енді. Бастапқы мәтін мынадай болған:
"Ұйымның тұрақты орналасатын жері 1944 жылғы 7 желтоқсанда Чикагода қол қойылған Халықаралық азаматтық авиация туралы уақытша келісіммен құрылған Уақытша халықаралық азаматтық авиация ұйымының Уақытша ассамблеясының қорытынды отырысында айқындалатын орында болады. Орналасатын жері Кеңестің шешімі бойынша кез келген басқа орынға уақытша ауыстырылуы мүмкін".
Құқық қабілеттілігі
Ұйым әрбір Уағдаласушы мемлекеттің аумағында өзінің функцияларын орындау үшін қажет болуы мүмкін құқық қабілеттілігін пайдаланады. Оған тиісті мемлекеттің конституциясымен және заңнамасымен үйлесетін барлық жерде толық құқық субъектілігі беріледі.
VIII ТАРАУ
АССАМБЛЕЯ
Ассамблея сессиялары және дауыс беру
a) Ассамблея кемінде үш жылда бір рет жиналады және оны Кеңес ыңғайлы уақытта әрі қолайлы жерде шақырады. Ассамблеяның кезектен тыс сессиялары Кеңестің талап етуі бойынша немесе Уағдаласушы мемлекеттердің жалпы санының кемінде бестен бір бөлігінің Бас хатшыға жіберген өтініші бойынша кез келген уақытта өткізілуі мүмкін*.
b) Барлық Уағдаласушы мемлекеттер Ассамблея сессияларында өкілдік етуге тең құқылы және әрбір Уағдаласушы мемлекеттің бір дауысқа құқығы бар. Уағдаласушы мемлекеттердің атынан өкілдік ететін делегаттармен бірге
* Осы баптың 1962 жылғы 15 қыркүйекте Ассамблеяның 14-сессиясында өзгертілген мәтіні 1975 жылғы 11 қыркүйекте күшіне енді. 1954 жылғы 14 маусымда Ассамблеяның 8-сессиясында енгізілген түзетуі бар және 1956 жылғы 12 желтоқсанда күшіне енген осы баптың алдыңғы мәтіні мынадай болған:
"а) Ассамблея кемінде үш жылда бір рет жиналады және оны Кеңес ыңғайлы уақытта әрі қолайлы жерде шақырады. Ассамблеяның кезектен тыс сессиялары Кеңестің талап етуі бойынша немесе кез келген он Уағдаласушы мемлекеттің Бас хатшыға жіберген өтініші бойынша кез келген уақытта өткізілуі мүмкін".
Конвенцияның бастапқы өзгертілмеген мәтіні мынадай болған:
"а) Ассамблея жыл сайын жиналады және оны Кеңес ыңғайлы уақытта әрі қолайлы жерде шақырады. Ассамблеяның кезектен тыс сессиялары Кеңестің талап етуі бойынша немесе кез келген он Уағдаласушы мемлекеттің Бас хатшыға жіберген өтініші бойынша кез келген уақытта өткізілуі мүмкін".
техникалық кеңесшілер жүре алады, олар отырыстарға қатыса алады, бірақ оларда дауыс беру құқығы болмайды.
c) Ассамблея отырыстарында кворумды қамтамасыз ету үшін Уағдаласушы мемлекеттердің көпшілігінің қатысуы талап етіледі. Егер осы Конвенцияда өзгеше көзделмесе, Ассамблея шешімдері берілген дауыстардың көпшілігімен қабылданады.
Ассамблеяның құқықтары мен міндеттері
Ассамблеяның құқықтары мен міндеттері:
a) әрбір сессияда оның Төрағасын және басқа да лауазымды тұлғаларды сайлаудан;
b) ІХ Тараудың ережелеріне сәйкес Кеңесте өкілдік ету үшін Уағдаласушы мемлекеттерді сайлаудан;
c) Кеңестің есептерін қарау және олар бойынша тиісті шаралар қабылдаудан, сондай-ақ Кеңес оған берген кез келген мәселе бойынша шешімдер шығарудан;
d) өзінің жеке рәсім қағидаларын айқындау және өзі қажет немесе орынды деп санайтын қосалқы комиссияларды құрудан;
e) жыл бюджеттерін дауыс беру арқылы бекіту және ХІІ Тараудың ережелеріне сәйкес Ұйымның қаржылық іс-шараларын айқындаудан;
f) шығыстарды тексеру және Ұйымның қаржылық есептерін бекітуден;
g) өзінің қызмет саласына кіретін кез келген мәселені өз қалауынша Кеңеске, қосалқы комиссияларға немесе қандай да бір басқа органға беруден;
h) Кеңеске Ұйымның міндеттерін орындау үшін қажетті немесе орынды құқықтар мен өкілеттіктер беру және кез келген уақытта мұндай берілген өкілеттіктерді жою немесе өзгертуден;
i) ХІІІ Тараудың тиісті ережелерін орындаудан;
j) осы Конвенцияның ережелерін өзгерту және оларға түзетулер енгізу туралы ұсыныстарды қарау және, егер ол осы ұсыныстарды қабылдаған жағдайда, оларды ХХІ Тараудың ережелеріне сәйкес Уағдаласушы мемлекеттерге ұсынудан;
k) Ұйымның қызмет саласына кіретін, Кеңестің міндетіне нақты жүктелмеген кез келген мәселелерді қараудан тұрады.
ІХ ТАРАУ
КЕҢЕС
a) Кеңес Ассамблея алдында жауапты тұрақты орган. Ол Ассамблея сайлаған отыз алты Уағдаласушы мемлекеттен тұрады. Сайлау Ассамблеяның бірінші сессиясында және әрі қарай әрбір үш жыл сайын өткізіледі; осылайша сайланған Кеңес мүшелері өз міндеттерін кезекті сайлауға дейін атқарады*.
b) Кеңес мүшелерін сайлау кезінде Ассамблея 1) әуе көлігінде жетекші рөл атқаратын мемлекеттерге; 2) өзге себеппен қосылмаған, халықаралық азаматтық аэронавигация үшін қызмет көрсету құралдарын ұсынуға ең көп үлес қосатын мемлекеттерге; және 3) өзге себеппен қосылмаған, тағайындалуы Кеңесте әлемнің барлық негізгі географиялық аудандарының өкілдігін қамтамасыз ететін мемлекеттерге тиісті өкілдік етуді қамтамасыз етеді. Кеңестегі кез келген бос орынды Ассамблея мүмкіндігінше қысқа мерзімде толтырады; Кеңеске осылайша сайланған кез келген Уағдаласушы мемлекет өз міндеттерін өзінің ізашарының өкілеттік мерзімі аяқталғанға дейін атқарады.
* 1990 жылғы 26 қазанда Ассамблеяның 28-ші (кезектен тыс) сессиясында өзгертілген осы баптың мәтіні 2002 жылғы 28 қарашада күшіне енді. Конвенцияның бастапқы мәтінінде жиырма бір мүшеден тұратын Кеңес көзделген болатын. Содан кейін 1961 жылғы 21 маусымда Ассамблеяның 13-ші (кезектен тыс) сессиясында мәтінге түзету енгізілді; бұл түзету 1962 жылғы 17 шілдеде күшіне енді және жиырма жеті мүшеден тұратын Кеңесті көздеді. Екінші түзету 1971 жылғы 12 наурызда Ассамблеяның 17-ші (А) (кезектен тыс) сессиясында қабылданды; бұл түзету 1973 жылғы 16 қаңтарда күшіне енді және отыз мүшеден тұратын Кеңесті көздеді. Үшінші түзету 1974 жылғы 16 қазанда Ассамблеяның 21-сессиясында қабылданды; бұл түзету 1980 жылғы 15 ақпанда күшіне енді және отыз үш мүшеден тұратын Кеңесті көздеді.
c) Уағдаласушы мемлекеттің Кеңестегі ешбір өкілі халықаралық әуе қатынасын пайдалану ісіне белсенді түрде араласпайды немесе мұндай қатынастарда ешқандай қаржылық мүддесі болмайды.
Кеңес өз Президентін үш жыл мерзімге сайлайды. Ол қайта сайлануы мүмкін. Оның дауыс беру құқығы жоқ. Кеңес өз мүшелерінің қатарынан бір немесе бірнеше вице-президентті сайлайды, олар Президенттің міндеттерін атқару кезінде дауыс беру құқығын сақтап қалады. Президенттің Кеңес мүшелерінің өкілдері қатарынан сайлануы міндетті емес, бірақ егер мұндай өкіл Президент лауазымына сайланса, оның орны бос деп саналады және оны өзі өкілдік еткен мемлекет иеленеді. Президенттің міндеттері:
a) Кеңестің, Әуе көлігі комитетінің және Аэронавигациялық комиссияның отырыстарын шақыруды;
b) Кеңестің өкілі ретінде әрекет етуін;
c) Кеңестің атынан Кеңес оған жүктейтін функцияларды орындауды қамтиды.
Кеңес шешімдері оның мүшелерінің көпшілік даусымен қабылданады. Кеңес қандай да бір жекелеген мәселе бойынша өз өкілеттіктерін өз мүшелерінен құрылған комитетке бере алады. Кеңестің кез келген комитетінің шешіміне мүдделі кез келген Уағдаласушы мемлекет Кеңеске шағым жасай алады.
Кез келген Уағдаласушы мемлекет өз мүдделеріне ерекше қатысты кез келген мәселені Кеңестің және оның комитеттері мен комиссияларының қарауына дауыс беру құқығынсыз қатыса алады. Кеңес мүшелерінің ешқайсысы өзі тарап болып табылатын дауды Кеңес қараған кезде дауыс беруге қатыспайды.
Кеңес:
a) Ассамблеяға жыл сайынғы баяндамаларын ұсынады;
b) Ассамблеяның нұсқауларын орындайды және осы Конвенциямен өзіне жүктелген міндеттер мен міндеттемелерді орындайды;
c) өзінің ұйымдық құрылымы мен рәсімдер қағидаларын айқындайды;
d) Кеңес мүшелерінің өкілдерінен құрылатын және оның алдында жауапты болатын Әуе көлігі комитетін тағайындайды және оның міндеттерін айқындайды;
e) Х Тараудың ережелеріне сәйкес Аэронавигациялық комиссияны құрады;
f) ХІІ және XV Тараулардың ережелеріне сәйкес Ұйымның қаржысын басқарады;
g) Кеңес Президентінің жалақысын белгілейді;
h) Бас хатшы деп аталатын бас атқарушы лауазымды тұлғаны тағайындайды, сондай-ақ XI тараудың ережелеріне сәйкес қажет болуы мүмкін өзге де персоналды тағайындау жөнінде шаралар қабылдайды;
i) аэронавигацияны дамытуға және халықаралық әуе қатынастарын пайдалануға қатысты мәліметтерді, оның ішінде пайдалану шығындары туралы мәліметтерді және авиакәсіпорындарға мемлекеттік қорлардан төленетін субсидиялар туралы егжей-тегжейлі деректерді сұратады, жинайды, зерделейді және жариялайды;
j) Уағдаласушы мемлекеттерге осы Конвенцияның кез келген бұзылуы, сондай-ақ Кеңестің кез келген ұсынымының немесе шешімінің орындалмауы туралы хабарлайды;
k) Уағдаласушы мемлекетке бұзушылық туралы хабарланғаннан кейін ол ақылға қонымды мерзім ішінде тиісті шаралар қабылдамаған жағдайда, осы Конвенцияның кез келген бұзылуы туралы Ассамблеяға баяндайды;
l) осы Конвенцияның VI тарауының ережелеріне сәйкес халықаралық стандарттар мен ұсынылатын практиканы қабылдайды; оларды ыңғайлы болу үшін осы Конвенцияға қосымшалар деп атайды; және қабылданған шаралар туралы барлық Уағдаласушы мемлекеттерді хабардар етеді;
m) Аэронавигациялық комиссияның Қосымшаларға өзгерістер енгізу жөніндегі ұсынымдарын қарайды және XX тараудың ережелеріне сәйкес шаралар қабылдайды;
n) кез келген Уағдаласушы мемлекет өзіне ұсынған Конвенцияға қатысты кез келген мәселені қарайды.
Кеңестің факультативтік функциялары
Кеңес:
a) орынды болған жағдайда және тәжірибе көрсеткендей қажет деп танылған кезде, өңірлік немесе өзге де негізде өзіне бағынышты әуе көлігі комиссияларын құра алады және осы Конвенцияның мақсаттарын іске асыруға Кеңес жәрдем көрсете алатын мемлекеттер немесе авиакәсіпорындар топтарын, сондай-ақ мұндай жәрдемді солардың көмегімен немесе солар арқылы жүзеге асыру үшін айқындай алады;;
b) Аэронавигациялық комиссияға Конвенцияда көзделгендер міндеттерге қосымша міндеттер жүктей алады және кез келген уақытта осындай берілген өкілеттіктердің күшін жоя алады немесе оларды өзгерте алады;
c) халықаралық маңызы бар әуе көлігі мен аэронавигацияның барлық аспектілері бойынша зерттеулер жүргізе алады, өз зерттеулерінің нәтижелерін Уағдаласушы мемлекеттерге хабарлай алады және әуе көлігі мен аэронавигация мәселелері бойынша Уағдаласушы мемлекеттер арасында ақпарат алмасуға жәрдемдесе алады;
d) халықаралық әуе көлігін ұйымдастыру мен пайдалануға ықпал ететін кез келген мәселелерді, оның ішінде негізгі бағыттар бойынша халықаралық әуе қатынастарына халықаралық меншік құқығы мен оларды пайдалану мәселелерін зерделей алады және осы мәселелер бойынша Ассамблеяға ұсыныстар енгізе алады;
e) кез келген Уағдаласушы мемлекеттің өтініші бойынша халықаралық аэронавигацияның дамуына жоюға болатын кедергілердің туындауына әкеп соғуы мүмкін кез келген жағдайды тергей алады және осындай тергеп- тексерудің нәтижелері бойынша қажет деп тапқан есептерді жариялай алады.
Х ТАРАУ
АЭРОНАВИГАЦИЯЛЫҚ КОМИССИЯ
Комиссия мүшелерін ұсыну және тағайындау
Аэронавигациялық комиссия Уағдаласушы мемлекеттер ұсынған тұлғалардың арасынан Кеңес тағайындайтын он тоғыз мүшеден тұрады. Бұл тұлғалар аэронавтиканың ғылыми және практикалық салаларында тиісті біліктілік пен тәжірибеге ие болады. Кеңес барлық Уағдаласушы мемлекеттерге кандидатураларды ұсыну туралы өтінішпен жүгінеді. Аэронавигациялық комиссияның төрағасын Кеңес тағайындайды*.
Аэронавигациялық комиссия:
a) осы Конвенцияның Қосымшаларына өзгерістер енгізу туралы ұсыныстарды қарастырады және оларды қабылдау үшін Кеңеске ұсынады;
b) егер кез келген Уағдаласушы мемлекет қаласа, ол өкілдік етуі мүмкін техникалық кіші комиссияларды құрады;
* Осы баптың 1989 жылғы 6 қазанда Ассамблеяның 27-сессиясында өзгертілген мәтіні 2005 жылғы 18 сәуірде күшіне енді. Конвенцияның бастапқы мәтіні он екі мүшеден тұратын Аэронавигациялық комиссияны көздеді. Кейіннен 1971 жылғы 7 шілдеде Ассамблеяның 18-сессиясында осы мәтінге түзету енгізілді; бұл түзету 1974 жылғы 19 желтоқсанда күшіне енді және он бес мүшеден тұратын Аэронавигациялық комиссияны көздеді.
c) аэронавигацияны дамыту үшін қажетті әрі пайдалы деп санайтын барлық мәліметтерді жинау және оларды Уағдаласушы мемлекеттерге беру мәселелері бойынша Кеңеске консультация береді.
ХІ ТАРАУ
ПЕРСОНАЛ
Ассамблея белгілеген қағидаларды және осы Конвенцияның ережелерін ескере отырып, Кеңес Бас хатшыны және Ұйымның өзге де персоналын тағайындау мен қызметінен босату тәртібін, оларды даярлауды, жалақысын, жәрдемақыларын және қызмет шарттарын айқындайды әрі кез келген Уағдаласушы мемлекеттің азаматтарын жұмысқа қабылдай алады немесе олардың қызметтерін пайдалана алады.
Персоналдың халықаралық сипаты
Кеңес Президенті, Бас хатшы және өзге де персонал өздерінің міндеттерін орындауға қатысты Ұйымнан тыс қандай да бір билік органынан нұсқаулар сұратпауға және алмауға тиіс. Әрбір Уағдаласушы мемлекет персоналдың міндеттерінің халықаралық сипатын толық құрметтеуге және өз азаматтарының міндеттерін орындауына ықпал етуге әрекет жасамауға міндеттенеді.
Персоналдың иммунитеттері мен артықшылықтары
Әрбір Уағдаласушы мемлекет өзінің конституциялық құрылысы мүмкіндік беретін шамада Кеңес Президентіне, Бас хатшыға және Ұйымның өзге де персоналына басқа халықаралық үкіметаралық ұйымдардың тиісті персоналына берілетін иммунитеттер мен артықшылықтарды беруге міндеттенеді. Егер халықаралық азаматтық қызметшілердің иммунитеттері мен артықшылықтары туралы жалпы халықаралық келісім жасалса, онда Ұйымның Президентіне, Бас хатшысына және өзге де персоналына берілетін иммунитеттер мен артықшылықтар осындай жалпы халықаралық келісімде көзделген иммунитеттер мен артықшылықтарға сәйкес келуге тиіс.
ХІІ ТАРАУ
ҚАРЖЫ
Кеңес Ассамблеяға жыл сайынғы бюджеттерді, шоттардың жай-күйі туралы жыл сайынғы есептерді және барлық кірістер мен шығыстар жөніндегі болжамдарды ұсынады. Ассамблея өзі қажет деп тапқан барлық өзгерістерді енгізе отырып, бюджетті дауыс беру арқылы қабылдайды және оған келісімін беретін мемлекеттер үшін XV Тарауға сәйкес көзделген жарналарды қоспағанда, Ұйымның шығыстарын Уағдаласушы мемлекеттер арасында өзі қажетіне қарай айқындайтын негізде бөледі.
Дауыс беру құқығын тоқтата тұру
Ассамблея Ұйым алдындағы өзінің қаржылық міндеттемелерін ақылға қонымды мерзім шегінде орындамайтын кез келген Уағдаласушы мемлекеттің Ассамблеядағы және Кеңестегі дауыс беру құқығын тоқтата тұра алады.
Делегациялар мен басқа да өкілдердің шығыстары
Әрбір Уағдаласушы мемлекет Ассамблеядағы өз делегациясының шығыстарын, сондай-ақ Кеңесте жұмыс істеу үшін өзі тағайындайтын кез
* Осы баптың 1954 жылғы 14 маусымда Ассамблеяның 8-сессиясында өзгертілген мәтіні 1956 жылғы 12 желтоқсанда күшіне енді. Бастапқы мәтін мынадай болған:
"Кеңес Ассамблеяға жыл сайынғы бюджетті, шоттардың жай-күйі туралы жылдық есептерді және барлық түсімдер мен шығыстар бойынша болжамдарды ұсынады. Ассамблея өзі қажет деп тапқан барлық өзгерістерді енгізе отырып, бюджетті дауыс беру арқылы қабылдайды және оған келісімін беретін мемлекеттер үшін XV Тарауға сәйкес көзделген жарналарды қоспағанда, Ұйымның шығыстарын Уағдаласушы мемлекеттер арасында өзі қажетіне қарай айқындайтын негізде бөледі".
келген тұлғаның және Ұйымның кез келген қосалқы комитеттерінде немесе комиссияларында өзі тағайындаған мүшелердің немесе өкілдердің жағдайын жасау, жол жүру және басқа да шығыстарын өз мойнына алады.
ХІІІ ТАРАУ
БАСҚА ДА ХАЛЫҚАРАЛЫҚ КЕЛІСІМДЕР
Ұйымның құзыретіне кіретін және халықаралық қауіпсіздікке тікелей әсер ететін авиация бойынша мәселелерге қатысты Ұйым Ассамблеяның дауыс беру арқылы мақұлдауымен бейбітшілікті сақтау үшін әлем халықтары құрған кез келген жалпыға бірдей ұйыммен тиісті келісімдер жасай алады.
Басқа халықаралық мекемелермен келісімдер
Кеңес Ұйымның атынан жалпы қызметтердің жұмысын қамтамасыз ету үшін және персоналға қатысты жалпы қағидаларды қабылдау үшін басқа халықаралық мекемелермен келісімдер жасай алады және Ассамблеяның мақұлдауымен Ұйымның жұмысына жәрдемдесе алатын өзге де осындай келісімдер жасай алады.
Басқа келісімдерге қатысты функциялар
a) Ұйым сондай-ақ 1944 жылғы 7 желтоқсанда Чикагода әзірленген Халықаралық әуе қатынастарындағы транзит туралы келісіммен және Халықаралық әуе көлігі туралы келісімге сәйкес өзіне жүктелген функцияларды оларда белгіленген шарттар мен ережелерге сәйкес орындайды.
b) 1944 жылғы 7 желтоқсанда Чикагода әзірленген Халықаралық әуе қатынастарындағы транзит туралы келісімді немесе Халықаралық әуе көлігі туралы келісімді қабылдамаған Ассамблея мен Кеңес мүшелерінің тиісті Келісімнің ережелері негізінде Ассамблеяға немесе Кеңеске берілген ешбір мәселе бойынша дауыс беруге құқығы жоқ.
ІІІ БӨЛІМ
ХАЛЫҚАРАЛЫҚ ӘУЕ КӨЛІГІ
XIV ТАРАУ
АҚПАРАТ ПЕН ЕСЕПТЕР
Әрбір Уағдаласушы мемлекет халықаралық әуе қатынасын жүзеге асыратын өзінің авиакәсіпорындары Кеңес белгілейтін талаптарға сәйкес Кеңеске тасымалдаулар туралы есептерді, шығыстар жөніндегі статистиканы және, басқа мәліметтермен қатар, барлық түсімдер мен олардың көздері көрсетілген қаржылық деректерді ұсынуға міндеттенеді.
XV ТАРАУ
ӘУЕЖАЙЛАР ЖӘНЕ БАСҚА ДА АЭРОНАВИГАЦИЯЛЫҚ
ҚҰРАЛДАР
Бағдарлар мен әуежайларды белгілеу
Әрбір Уағдаласушы мемлекет осы Конвенцияның ережелерін ескере отырып, өз аумағының шегінде кез келген халықаралық әуе қатынасы жүзеге асырылатын бағдарды, сондай-ақ кез келген осындай қатынас кезінде пайдаланылуы мүмкін әуежайларды белгілей алады.
Аэронавигациялық құралдарды жетілдіру
Егер Кеңес қандай да бір Уағдаласушы мемлекеттің әуежайлары немесе басқа да аэронавигациялық құралдары, оның ішінде радио және метеорологиялық қызмет көрсету құралдары, қолданыстағы, сондай-ақ
жоспарланып отырған халықаралық әуе қатынастарын қауіпсіз, жүйелі, тиімді және үнемді түрде пайдалану талаптарына толық жауап бермейді деп тапса, онда Кеңес мұндай жағдайды түзеуге мүмкіндік беретін амалдарды қарастыру үшін осы тікелей мүдделі мемлекетпен және мүдделері қозғалатын басқа да мемлекеттермен консультациялар жүргізеді және осы мақсатта ұсынымдар бере алады. Бұл ұсынымдарды орындамаған жағдайда ешбір Уағдаласушы мемлекет осы Конвенцияны бұзған болып саналмайды.
Аэронавигациялық құралдарды қаржыландыру
Уағдаласушы мемлекет 69-баптың ережелерінде көзделген мән-жайлар туындаған кезде осындай ұсынымдарды жүзеге асыру мақсатында Кеңеспен келісім жасай алады. Мемлекет кез келген осындай келісіммен байланысты барлық шығыстарды өз мойнына алу туралы шешім қабылдай алады. Егер мемлекет мұндай шешім қабылдамаса, Кеңес осы мемлекеттің өтініші бойынша осы шығыстарды толық немесе ішінара өтеуге келісім бере алады.
Кеңестің құралдарды ұсынуы және олардың жұмысын қамтамасыз етуі
Егер Уағдаласушы мемлекет бұл туралы өтініш жасаса, Кеңес басқа Уағдаласушы мемлекеттердің халықаралық әуе қатынастарын қауіпсіз, жүйелі, тиімді және үнемді түрде пайдалануы үшін оның аумағында қажетті әуежайларды және радио мен метеорологиялық қызмет көрсету құралдарын қоса алғанда, басқа да аэронавигациялық құралдарды толық немесе ішінара ұсынуға, персоналмен жасақтауға, олардың жұмысын қамтамасыз етуге және қызметін әкімшілік тұрғыдан басқаруға келісім бере алады, сондай-ақ ұсынылған құралдарды пайдаланғаны үшін әділетті әрі орынды алымдар белгілей алады.
Жер учаскелерін сатып алу немесе пайдалану
Егер қандай да бір Уағдаласушы мемлекеттің өтініші бойынша Кеңес толық немесе ішінара қаржыландыратын құралдарға жер учаскелері қажет болса, онда бұл мемлекет өз қалауы бойынша меншік құқығын сақтай отырып, жер учаскелерінің өзін ұсынады немесе осы мемлекеттің заңнамасына сәйкес және әділетті әрі ақылға қонымды шарттарда Кеңестің осы жер учаскелерін пайдалануына жәрдемдеседі.
ХІІ Тарауға сәйкес Ассамблея өзіне беруі мүмкін қорлардың шегінде Кеңес осы Тараудың мақсаттары үшін Ұйымның жалпы қорларынан ағымдағы шығыстарды жасай алады. Кеңес осы Тараудың мақсаттары үшін талап етілетін негізгі шығыстарды өтеуді бұған келісімін берген және авиакәсіпорындары жоғарыда аталған аэронавигациялық құралдарды пайдаланатын Уағдаласушы мемлекеттердің арасында орынды уақыт кезеңіне алдын ала келісілген арақатынаста бөледі. Кеңес сондай-ақ кез келген қажетті айналым қорларын өтеуді оған келісімін берген мемлекеттердің арасында бөле алады.
Техникалық көмек және кірістерді пайдалану
Кеңес Уағдаласушы мемлекеттің өтініші бойынша қорларды аванс ретінде берген немесе әуежайларды немесе басқа да құралдарды толық немесе ішінара ұсынған кезде, келісімде осы мемлекеттің келісімімен бұл әуежайлар мен өзге де құралдардың қызметін басқаруға және оларды пайдалануға техникалық көмек көрсету, сондай-ақ оларды пайдаланудан түскен кірістердің есебінен аталған әуежайлар мен құралдарды пайдалану бойынша ағымдағы шығыстарды төлеу және пайыздық әрі амортизациялық аударылымдар жасау көзделуі мүмкін.
Құралдарды Кеңестің қарауынан алу
Уағдаласушы мемлекет Кеңестің пікірінше қалыптасқан мән-жайларда орынды болып саналатын соманы Кеңеске төлей отырып, 70-бапқа сәйкес өзі қабылдаған міндеттемелерден кез келген уақытта бас тарта алады және 71 мен 72-баптардың ережелеріне сәйкес өз аумағында Кеңес ұсынған әуежайлар мен басқа да құралдарды өз қарауына ала алады. Егер мемлекет Кеңес белгілеген сома орынды шектен асып түседі деп санаса, ол Кеңестің шешіміне Ассамблея алдында шағымдана алады, ал Ассамблея Кеңестің шешімін бекіте немесе өзгерте алады.
Егер 73-бапқа сәйкес жарналарды бастапқыда мемлекеттер төлеген болса, онда Кеңестің 75-бапқа сәйкес өтеу тәртібімен, сондай-ақ 74-бапқа сәйкес пайыздық және амортизациялық аударылымдар есебінен алған қорлары бастапқыда жарналар белгіленген мемлекеттерге қайтарылады, бұл ретте қорлар Кеңес айқындаған жарналардың мөлшеріне пропорционалды түрде қайтарылуға тиіс.
XVI ТАРАУ
БІРЛЕСІП ПАЙДАЛАНУ ҰЙЫМДАРЫ ЖӘНЕ ПУЛДЫҚ
КЕЛІСІМДЕР
Рұқсат етілген бірлесіп пайдалану ұйымдары
Осы Конвенцияның ешбір ережесі екі немесе одан да көп Уағдаласушы мемлекетке бірлесіп пайдаланатын әуе көлігі ұйымдарын немесе халықаралық пайдалану агенттіктерін құруға, сондай-ақ кез келген бағдарлар мен кез келген аудандардағы өздерінің әуе қатынастарын пулға біріктіруге кедергі келтірмейді. Алайда мұндай ұйымдарға немесе агенттіктерге, сондай-ақ пулдық қатынастарға осы Конвенцияның барлық ережелері, соның ішінде Кеңесте келісімдерді тіркеуге қатысты ережелер де толық қолданылады. Кеңес халықаралық пайдалану агенттіктері пайдаланатын әуе кемелеріне осы Конвенцияның әуе кемелерінің ұлттық тиесілілігі жөніндегі ережелерін қолдану тәртібін айқындайды.
Кеңес мүдделі Уағдаласушы мемлекеттерге кез келген бағдарларда немесе кез келген аудандарда әуе қатынастарын пайдалану үшін бірлескен ұйымдар құруды ұсына алады.
Пайдалану жөніндегі ұйымдарға қатысу
Мемлекет бірлесіп пайдалану ұйымдарына немесе пулдық келісімдерге тікелей өз үкіметі арқылы, не болмаса үкіметі тағайындаған бір немесе бірнеше әуе көлігі компаниялары арқылы қатыса алады. Бұл компаниялар тек мүдделі мемлекеттің қарауы бойынша ғана толық немесе ішінара мемлекет меншігінде, не болмаса жеке меншікте бола алады.
IV БӨЛІМ
ҚОРЫТЫНДЫ ЕРЕЖЕЛЕР
XVII ТАРАУ
АЭРОНАВТИКА МӘСЕЛЕЛЕРІ БОЙЫНША БАСҚА ДА КЕЛІСІМДЕР
Париж және Гавана конвенциялары
Әрбір Уағдаласушы мемлекет, егер ол мына конвенциялардың кез келгеніне қатысушы болса, осы Конвенция күшіне енгеннен кейін дереу 1919 жылғы 13 қазанда Парижде қол қойылған Әуе навигациясын реттеу туралы конвенцияны немесе 1928 жылғы 20 ақпанда Гаванада қол қойылған Коммерциялық авиация туралы конвенцияның күшін жою туралы мәлімдеме жасауға міндеттенеді. Уағдаласушы мемлекеттер арасындағы қатынастарда осы Конвенция жоғарыда аталған Париж және Гавана конвенцияларын алмастырады.
Қолданыстағы келісімдерді тіркеу
Осы Конвенция күшіне енген күні қолданыста болған және Уағдаласушы мемлекет пен кез келген басқа мемлекет арасында, не болмаса Уағдаласушы мемлекеттің авиакәсіпорны мен кез келген басқа мемлекет немесе кез келген басқа мемлекеттің авиакәсіпорны арасында жасалған аэронавтика мәселелері жөніндегі барлық келісімдер Кеңесте дереу тіркелуі керек.
Үйлеспейтін келісімдердің күшін жою
Уағдаласушы мемлекеттер осы Конвенцияның өздерінің арасындағы оның ережелерімен үйлеспейтін барлық міндеттемелер мен келісімдердің күшін жоятынын мойындайды және кез келген осындай міндеттемелерді өз мойнына алмауға әрі мұндай келісімдер жасамауға міндеттенеді. Ұйымға кіргенге дейін уағдаласушы емес мемлекетке немесе Уағдаласушы мемлекеттің, не болмаса уағдаласушы емес мемлекеттің азаматына қатысты осы Конвенцияның ережелерімен үйлеспейтін қандай да бір міндеттемелерді өз мойнына алған Уағдаласушы мемлекет осы міндеттемелерден босау үшін дереу шаралар қабылдайды. Егер кез келген Уағдаласушы мемлекеттің авиакәсіпорны осындай үйлеспейтін қандай да бір міндеттемелерді өз мойнына алса, оның тиесілі мемлекеті олардың дереу тоқтатылуын қамтамасыз ету үшін қолдан келгеннің бәрін жасайды және кез келген жағдайда осы Конвенция күшіне енгеннен кейін мұндай әрекетті заңды негізде жүзеге асыру мүмкіндігі туындаған бойда олардың тоқтатылғанына қол жеткізеді.
Алдыңғы баптың ережелерін сақтаған жағдайда кез келген Уағдаласушы мемлекет осы Конвенцияның ережелерімен үйлесетін келісімдер жасай алады. Кез келген осындай келісім Кеңесте дереу тіркелуі керек және Кеңес ол туралы мүмкіндігінше қысқа мерзімде жариялайды.
Белгілі бір функциялар мен міндеттерді беру
a) 12, 30, 31 және 32 а) баптарының ережелеріне қарамастан, Уағдаласушы мемлекетте тіркелген әуе кемесін негізгі қызмет орны немесе егер мұндай қызмет орны болмаса, тұрақты орналасқан жері басқа Уағдаласушы мемлекетте орналасқан пайдаланушы әуе кемелерін жалға беру, жалға алу немесе өзара алмасу шартына сәйкес, не болмаса кез келген осындай шартқа сәйкес пайдаланатын жағдайда, тіркеуші мемлекет осындай басқа мемлекетпен жасалған келісім бойынша оған осы әуе кемесіне қатысты 12, 30,
* Ассамблея 1980 жылғы 6 қазандағы өзінің 23-сессиясында 83 bis бабын қоса отырып, Чикаго конвенциясына түзету енгізді. Аталған түзету 1997 жылғы 20 маусымда күшіне енді.
31 және 32 а) баптарында көзделген тіркеуші мемлекет ретіндегі өзінің функциялары мен міндеттерін толық немесе ішінара бере алады. Тіркеуші мемлекет берілген функциялар мен міндеттерге қатысты жауапкершіліктен босатылады.
b) Мұндай беруді көздейтін мемлекеттер арасындағы келісім Кеңесте тіркеліп, 83-бапқа сәйкес жарияланғанға дейін, не болмаса келісімнің бар екендігі мен оның мәні туралы келісімге тарап болып саналатын мемлекет басқа мүдделі Уағдаласушы мемлекеттің немесе мемлекеттердің билік органдарына тікелей хабарлағанға дейін бұл берудің басқа Уағдаласушы мемлекеттерге қатысты күші болмайды.
c) Жоғарыда аталған a) және b) тармақтарының ережелері 77-бапта көзделген жағдайларға да қатысты қолданылады.
XVIII ТАРАУ
ДАУЛАР ЖӘНЕ МІНДЕТТЕМЕЛЕРДІ ОРЫНДАМАУ
Егер екі немесе одан да көп Уағдаласушы мемлекет арасындағы осы Конвенцияны және оның Қосымшаларын түсіндіруге немесе қолдануға қатысты қандай да бір келіспеушілікті келіссөздер арқылы реттей алмаса, ол осы келіспеушілікке тартылған кез келген мемлекеттің өтініші бойынша Кеңеске шешуі үшін беріледі. Қандай да бір дауға қатысушы Кеңестің ешбір мүшесі Кеңес бұл дауды қараған кезде дауыс беруге қатыспайды. Кез келген Уағдаласушы мемлекет 85-баптың ережелерін сақтаған жағдайда Кеңестің шешіміне даудың басқа тараптарымен келісім бойынша құрылған ad hoc аралық сотына немесе Халықаралық соттың Тұрақты палатасына шағымдана алады. Кеңестің шешімі жөнінде хабарлама алғаннан кейін алпыс күн ішінде кез келген осындай шағым жасалғаны жөнінде Кеңеске мәлімделеді.
Егер Кеңестің шешіміне шағым жасалған дауға қатысушы қандай да бір Уағдаласушы мемлекет Халықаралық соттың Тұрақты палатасының Статутын мойындамаса және дауға қатысушы Уағдаласушы мемлекеттер аралық сотты таңдау туралы келісімге келе алмаса, онда дауға қатысушы Уағдаласушы мемлекеттердің әрқайсысы бір-бір арбитрден тағайындайды, ал арбитрлер суперарбитрді сайлайды. Егер дауға қатысушы Уағдаласушы мемлекеттердің қандай да бірі шешімге шағым жасалған күннен бастап үш айлық мерзім ішінде арбитрді тағайындамаса, онда Кеңес Президенті Кеңес жүргізетін, Кеңестің қарамағында бола алатын білікті тұлғалардың тізімінен осы мемлекеттің атынан арбитр тағайындайды. Егер отыз күн ішінде арбитрлер суперарбитр туралы уағдаласа алмаса, Кеңес Президенті оны жоғарыда аталған тізімнен тағайындайды. Осыдан кейін арбитрлер мен суперарбитр бірлесіп аралық сот құрады. Осы немесе алдыңғы бапқа сәйкес құрылған кез келген аралық сот өзінің жеке рәсімін белгілейді және шешімдерін көпшілік дауыспен шығарады, бұл ретте Кеңестің пікірінше орынсыз созылған қандай да бір кешігу жағдайында Кеңес рәсімдік мәселелерді шеше алады.
Егер Кеңес өзге шешім қабылдамаса, Кеңестің авиакәсіпорын халықаралық авиациялық желілерді осы Конвенцияның ережелеріне сәйкес пайдаланып жатқаны немесе пайдаланбағаны туралы кез келген шешімі шағым жасау тәртібімен күші жойылмаған жағдайда ғана өз күшінде қалады. Шағым жасалған жағдайда Кеңестің кез келген басқа мәселе бойынша шешімдері шағым бойынша шешім қабылданғанға дейін тоқтатыла тұрады. Халықаралық соттың Тұрақты палатасы мен аралық соттың шешімдері түпкілікті әрі міндетті.
Шешімдерді орындамайтын авиакәсіпорынға қатысты санкциялар
Әрбір Уағдаласушы мемлекет, егер Кеңес қандай да бір Уағдаласушы мемлекеттің авиакәсіпорны алдыңғы бапқа сәйкес шығарылған түпкілікті шешімді орындамайтыны туралы шешім қабылдаса, осы авиакәсіпорынның өз аумағының әуе кеңістігіндегі қызметіне рұқсат бермеуге міндеттенеді.
Міндеттемелерді орындамайтын мемлекетке қатысты санкциялар Ассамблея осы Тараудың ережелерінде көзделген міндеттемелерді орындамайды деп танылған кез келген Уағдаласушы мемлекеттің Ассамблеядағы және Кеңестегі дауыс беру құқығын тоқтата тұрады.
XIX ТАРАУ
СОҒЫС
Соғыс болған жағдайда осы Конвенцияның ережелері соғысқа қатысушы ретінде де, бейтарап ретінде де соғыс әсер еткен кез келген Уағдаласушы мемлекеттің іс-қимыл еркіндігін шектемейді. Кез келген Уағдаласушы мемлекет өзінде төтенше жағдай жариялап, бұл туралы Кеңеске хабарлаған жағдайда да осы қағидат қолданылады.
XX ТАРАУ
ҚОСЫМШАЛАР
Қосымшаларды және оларға енгізілген түзетулерді қабылдау
a) Кеңестің 54-баптың "l" тармақшасында аталған Қосымшаларды қабылдауы сол мақсатта шақырылған отырыста Кеңес мүшелерінің үштен екісінің дауысын талап етеді, содан кейін Кеңес оларды әрбір Уағдаласушы мемлекетке жібереді. Кез келген осындай Қосымша немесе Қосымшаға енгізілген кез келген түзету Уағдаласушы мемлекеттерге жіберілгеннен кейін үш ай ішінде немесе Кеңес белгілеуі мүмкін неғұрлым ұзақ уақыт кезеңі өткен соң күшіне енеді, бұл ретте осы уақыт ішінде Уағдаласушы мемлекеттердің көпшілігі Кеңеске өзінің келіспейтіні туралы хабарламауы шарт.
b) Кеңес кез келген Қосымшаның немесе оған енгізілген түзетудің күшіне енгені туралы барлық Уағдаласушы мемлекеттерге дереу хабарлайды.
XXI ТАРАУ
РАТИФИКАЦИЯЛАУ, ҚОСЫЛУ, ТҮЗЕТУЛЕР ЖӘНЕ КҮШІН ЖОЮ
a) Осы Конвенцияны оған қол қойған мемлекеттер ратификациялауға тиіс. Ратификациялық грамоталар Америка Құрама Штаттары Үкіметінің мұрағаттарына сақтауға тапсырылады, ол мұндай тапсыру күні туралы осы Конвенцияға қол қойған және оған қосылған мемлекеттердің әрқайсына хабарлайды.
b) Жиырма алты мемлекет осы Конвенцияны ратификациялаған немесе оған қосылған бойда, ол олар үшін жиырма алтыншы құжат сақтауға тапсырылғаннан кейін отызыншы күні күшіне енеді. Бұдан әрі ол оны ратификациялаған әрбір мемлекет үшін ратификациялық грамота сақтауға тапсырылғаннан кейін отызыншы күні күшіне енеді.
c) Осы Конвенцияға қол қойған және оған қосылған мемлекеттердің әрқайсысының Үкіметіне осы Конвенцияның күшіне енетін күні туралы хабарлау міндеті Америка Құрама Штаттарының Үкіметіне жүктеледі.
a) Осы Конвенция Біріккен Ұлттар Ұйымына мүше мемлекеттердің және оларға қосылған мемлекеттердің, сондай-ақ қазіргі дүниежүзілік қақтығыс кезінде бейтарап болған мемлекеттердің қосылуы үшін ашық.
b) Қосылу Америка Құрама Штаттарының Үкіметіне жіберілетін хабарлама арқылы жүзеге асырылады және ол Америка Құрама Штаттарының Үкіметі хабарламаны алған күннен бастап отызыншы күні күшіне енеді, Үкімет бұл туралы барлық Уағдаласушы мемлекеттерге хабарлайды.
c) және 92 а) баптарында аталған мемлекеттерден бөлек, осы Конвенцияға бейбітшілікті сақтау үшін әлем халықтары құрған қандай да бір жалпыға ортақ халықаралық ұйым мақұлдаған жағдайда, Ассамблеяның бестен төрт дауысымен және Ассамблея белгілеуі мүмкін шарттармен басқа мемлекеттер қабылдануы мүмкін; бұл ретте әрбір жекелеген жағдайда қабылдануға ұмтылып отырған мемлекет тарапынан жүріп жатқан соғыс кезінде басып кірген немесе шабуылына ұшыраған әрбір мемлекеттің келісімі қажет.
a) Жоғарыда көрсетілген 91, 92 және 93-баптардың ережелеріне қарамастан:
1) егер Біріккен Ұлттар Ұйымының Бас Ассамблеясы қандай да бір мемлекеттің үкіметін Біріккен Ұлттар Ұйымы құрған немесе онымен қатынас орнатқан халықаралық мекемелерге мүшелік құқығынан айыру жөнінде ұсыным жасаса, мұндай мемлекеттің Халықаралық азаматтық авиация ұйымындағы мүшелігі өздігінен тоқтатылады;
2) егер Біріккен Ұлттар Ұйымының Бас Ассамблеясы шығару туралы актісінде керісінше ұсыным бермесе, Біріккен Ұлттар Ұйымынан шығарылған мемлекеттің Халықаралық азаматтық авиация ұйымындағы мүшелігі автоматты түрде тоқтатылады.
b) Жоғарыдағы a) тармағының ережелеріне сәйкес Халықаралық азаматтық авиация ұйымындағы мүшелігі тоқтатылған мемлекет, Біріккен Ұлттар Ұйымы Бас Ассамблеясының келісімінен кейін, өз өтініші бойынша және Кеңес көпшілігінің мақұлдауымен Халықаралық азаматтық авиация ұйымына қайта қабылдануы мүмкін.
c) Егер осы Ұйым мүшелерінің Біріккен Ұлттар Ұйымының мүшелері ретінде өздеріне тиесілі құқықтары мен артықшылықтарын жүзеге асыруы тоқтатыла тұрса, онда соңғысының талап етуі бойынша олардың осы Ұйымға мүшеліктен туындайтын құқықтары мен артықшылықтарын жүзеге асыруы да тоқтатыла тұрады.
Конвенцияға енгізетін түзетулер
a) Осы Конвенцияға енгізу үшін ұсынылған кез келген түзету Ассамблеяның үштен екі дауысымен мақұлдануға тиіс және оны Ассамблея белгілеген Уағдаласушы мемлекеттер саны ратификациялағаннан кейін осындай түзетуді ратификациялаған мемлекеттерге қатысты күшіне енеді.
Осылайша белгіленген сан Уағдаласушы мемлекеттердің жалпы санының кемінде үштен екі бөлігін құрайды.
b) Егер Ассамблеяның пікірінше түзетудің сипаты бұл шараны қолдануға негіз болса, Ассамблея түзетуді қабылдауды ұсынатын қарарында ол күшіне енгеннен кейін белгіленген мерзім ішінде оны ратификацияламаған кез келген мемлекеттің Халықаралық азаматтық авиация ұйымындағы мүшелігі және Конвенцияға қатысуы осының салдарынан тоқтатылатынын көздей алады.
a) Кез келген Уағдаласушы мемлекет осы Конвенцияны оның күшіне енгеніне үш жыл толғаннан кейін Америка Құрама Штаттарының Үкіметіне хабарлама жіберу арқылы күшін жоятыны туралы мәлімдей алады, Үкімет бұл туралы әрбір Уағдаласушы мемлекетке дереу хабарлайды.
b) Күшін жою хабарлама алынған күннен бастап бір жылдан кейін күшіне енеді және ол тек Конвенцияның күшін жойған мемлекетке қатысты ғана қолданылады.
Осы Конвенцияның мақсаттары үшін:
a) "Әуе қатынасы" жолаушыларды, поштаны немесе жүкті қоғамдық тасымалдау мақсатында әуе кемелерімен жүзеге асырылатын кез келген тұрақты әуе қатынасын білдіреді.
b) "Халықаралық әуе қатынасы" бірден көп мемлекеттің аумағының үстіндегі әуе кеңістігі арқылы жүзеге асырылатын әуе қатынасын білдіреді.
c) "Авиакәсіпорын" халықаралық әуе қатынастарын ұсынатын немесе пайдаланатын кез келген әуе көлігі кәсіпорнын білдіреді.
d) "Коммерциялық емес мақсаттағы аялдама" жолаушыларды, жүкті немесе поштаны бортқа алудан немесе түсіруден өзге кез келген мақсатта қонуды білдіреді.
КОНВЕНЦИЯҒА ҚОЛ ҚОЮ
ОСЫНЫ КУӘЛАНДЫРУ ҮШІН тиісінше уәкілеттік берілген, төменде қол қойған толық құқылы уәкілдер өздерінің тиісті Үкіметтерінің атынан осы Конвенцияға өз қолтаңбаларының тұсында көрсетілген күндері қол қойды.
1944 жылғы желтоқсанның жетінші күні Чикагода ағылшын тілінде ЖАСАЛДЫ. Осы Конвенцияның орыс, ағылшын, испан және француз тілдерінде жасалған мәтіндері тең түпнұсқа болып саналады. Бұл мәтіндер Америка Құрама Штаттары Үкіметінің мұрағаттарына сақтауға тапсырылады, ал олардың куәландырылған көшірмелерін осы Үкімет осы Конвенцияға қол қоюы немесе оған қосылуы мүмкін барлық мемлекеттердің Үкіметтеріне жібереді. Осы Конвенция Колумбия округі, Вашингтонда қол қою үшін ашылады*.
* 1977 жылғы 30 қыркүйекте Ассамблеяның 22-сессиясында енгізілген түзетуі бар қорытынды тармақтың мәтіні 1999 жылғы 17 тамызда күшіне енді. Бастапқы мәтін мынадай болды:
"1944 жылдың жетінші желтоқсанында Чикагода ағылшын тілінде ЖАСАЛДЫ. Әрқайсысы тең түпнұсқа болып саналатын ағылшын, испан және француз тілдерінде жасалған мәтін Вашингтон қаласында, Колумбия округі, қол қою үшін ашылады. Екі мәтін де Америка Құрама Штаттары Үкіметінің мұрағаттарына сақтауға тапсырылады, ал расталған көшірмелерін осы Үкімет осы Конвенцияға қол қоятын немесе оған қосылатын барлық мемлекеттердің Үкіметтеріне жібереді".