ЗҚАИ-ның ескертпесі!
Осы Заңның қолданысқа енгізілу тәртібін 32-б. қараңыз.
1-тарау. ЖАЛПЫ ЕРЕЖЕЛЕР
1-бап. Осы Заңда қолданылатын негізгі ұғымдар
Осы Заңда мынадай негізгі ұғымдар қолданылады:
1) әдіснама – кредиттік рейтингтік агенттіктің сандық және сапалық факторларды талдаудың, рейтингтік әрекет туралы шешім қабылдауға негіз болған модельдерді, негізгі рейтингтік болжамдарды қолданудың қағидаттары мен нысандарын айқындайтын ішкі құжаты;
2) бақылау – мынадай шарттардың бірі:
бір тұлға кредиттік рейтингтік агенттіктің жарғылық капиталына қатысу үлестерінің не орналастырылған (артықшылықты және қоғам сатып алған акциялар шегеріліп) акцияларының елу пайыздан астамын өз бетінше не бір немесе бірнеше тұлғамен бірлесіп, тікелей немесе жанама түрде иеленген не осы тұлғада кредиттік рейтингтік агенттік акцияларының елу пайыздан астамымен өз бетінше дауыс беру мүмкіндігі болған;
бір тұлғаның кредиттік рейтингтік агенттіктің басқару органы немесе атқарушы органы құрамының кемінде жартысын өз бетінше сайлау мүмкіндігі болған;
кредиттік рейтингтік агенттіктің қаржылық есептілігі аудиторлық есепке сәйкес заңды тұлғаның қаржылық есептілігіне енгізілген;
шартқа (растайтын құжаттарға) орай немесе уәкілетті органның нормативтік құқықтық актісінде көзделген жағдайларда өзгеше түрде кредиттік рейтингтік агенттіктің шешімдерін бір тұлғаның өз бетінше не бір немесе бірнеше тұлғамен бірлесіп айқындау мүмкіндігі болған кезде туындайтын, кредиттік рейтингтік агенттіктің шешімдерін айқындау мүмкіндігі;
3) егемен кредиттік рейтинг – мемлекеттер, мемлекеттер одағы, халықаралық қаржы ұйымы және (немесе) олардың жекелеген қаржылық міндеттемелері немесе қаржы құралдары объектісі болып саналатын кредиттік рейтинг;
4) елеулі ықпал ету – кредиттік рейтингтік агенттік акционерінің кредиттік рейтингтік агенттіктің қаржылық және операциялық саясаты бойынша шешімдер қабылдауға қатысу өкілеттігі, бірақ бұл осы саясатты бақылауды немесе тұлғалармен бірлесіп бақылауды білдірмейді;
5) жария емес рейтинг – кредиттік рейтингтік агенттік берген және тұлғалардың шектеусіз тобына жария түрде ашып көрсетілмеген рейтинг;
6) жетекші рейтингтік талдаушы – негізгі міндеттері рейтинг берілетін тұлғамен нақты рейтингке қатысты өзара іс-қимыл жасасуды, рейтингтік комитет үшін осындай рейтингке қатысты құжаттар мен ұсыныстар дайындауды қамтитын рейтингтік талдаушы;
7) исламдық қаржыландыру қағидаттарына сәйкес келу рейтингі – исламдық қаржы саласында қолданылатын халықаралық тұрғыдан танылған стандарттарға сәйкес берілетін рейтинг;
8) корпоративтік басқару рейтингі – рейтинг берілетін тұлғаны корпоративтік басқару сапасын кредиттік рейтингтік агенттіктің талдауының белгілі бір рейтингтік санатқа жатқызу арқылы көрінген нәтижесі;
9) кредиттік рейтинг – рейтинг берілетін тұлғаның өзіне қабылдаған қаржылық міндеттемелерді (кредит төлеу қабілеттілігі, қаржылық орнықтылық) орындау қабілеттілігін және (немесе) оның жекелеген қаржылық міндеттемелерінің немесе қаржы құралдарының кредиттік тәуекелін кредиттік рейтингтік агенттіктің талдауының белгілі бір рейтингтік санатқа жатқызу арқылы көрінген нәтижесі;
10) кредиттік рейтингтік агенттік – кредиттік рейтингтік қызметті жүзеге асыратын заңды тұлға;
11) кредиттік рейтингтік қызмет – кредиттік рейтингтік агенттіктің қолданылатын әдіснамаға сәйкес ақпаратты талдау негізінде кредиттік және өзге де рейтингтерге қатысты рейтингтік әрекеттерді жүзеге асыру жөніндегі, сондай-ақ өзге де бағалау жүргізу жөніндегі кәсіптік қызметі;
12) қазақстандық рейтингтік агенттік – Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі құрылтайшыларының бірі болып саналатын акционерлік қоғамның ұйымдық-құқықтық нысанында құрылған, кредиттік рейтингтік қызметті осы Заңға және құрылтай құжаттарына сәйкес жүзеге асыратын кредиттік рейтингтік агенттік;
13) мінсіз іскерлік бедел – адамның, оның ішінде:
аталған адамның қаржы ұйымын мәжбүрлеп таратуға алып келген төлем қабілетсіздігіне не банкке реттеу режимін қолдануға алып келген құқыққа қайшы әрекеттерді (әрекетсіздікті) жасауы;
аталған адамның алынбаған немесе жойылмаған сотталғандығы, оның ішінде адамға қаржы ұйымының, банк және (немесе) сақтандыру холдингінің басшы қызметкері лауазымын атқару және қаржы ұйымының ірі қатысушысы (ірі акционері) болу құқығынан өмір бойына айыру түрінде қылмыстық жаза қолдану туралы заңды күшіне енген сот актісінің болуы;
қаржы мониторингі жөніндегі уәкілетті органның мәліметтері негізінде әрекеттері қылмыстық жолмен алынған кірістерді заңдастыруға (жылыстатуға), терроризмді қаржыландыруға және жаппай қырып-жою қаруын таратуды қаржыландыруға ықпал еткен үшінші тұлғалармен қарым-қатынасының (үшінші тұлғалардың бақылауы мен ықпалының) болуы фактілерінің жоқтығымен расталатын кәсіпқойлығы мен адалдығы;
14) орнықты даму рейтингі – рейтинг объектісінің экологиялық және әлеуметтік әсер ету саласындағы тәуекелдерге бейімділігін, сондай-ақ басқару сапасын кредиттік рейтингтік агенттіктің талдауының белгілі бір рейтингтік санатқа жатқызу арқылы көрінген нәтижесі;
15) рейтинг берілетін тұлға – кредиттік рейтингтік агенттік рейтинг беретін заңды тұлға, мемлекет;
16) рейтинг бойынша болжам – кредиттік рейтингтік агенттіктің рейтингтің күтілетін өзгерісін талдау нәтижесі;
17) рейтинг объектісі – рейтинг берілетін тұлға және (немесе) оның қаржылық міндеттемелері, сондай-ақ қаржы құралдары;
18) рейтингтік әрекет – рейтингті және (немесе) рейтинг бойынша болжамды беру, растау, қайта қарау, кері қайтарып алу процесінде жүзеге асырылатын әрекет;
19) рейтингтік комитет – кредиттік рейтингтік агенттіктің құрылымдық бөлімшесі болып саналмайтын, тек қана кредиттік рейтингтік агенттіктің рейтингтік талдаушыларынан қалыптастырылған алқалы орган;
20) рейтингті пайдаланушы – рейтингті және онымен байланысты ақпаратты пайдаланатын тұлға;
21) рейтингтік санат – рейтингтік шәкілдің әріп, сан және (немесе) өзге де арнаулы символ (символдар) түрінде белгіленген элементі;
22) рейтингтік талдаушы – рейтингтік әрекеттерді жүзеге асыру үшін қажетті талдамалық функцияларды іске асыратын және кредиттік рейтингтік агенттіктің жұмыскері болып саналатын жеке тұлға;
23) рейтингтік шәкіл – рейтинг деңгейлерін сыныптау үшін рейтингтік агенттік қолданатын рейтингтік санаттар жүйесі;
24) сұратылмаған рейтинг – кредиттік рейтингтік агенттік рейтинг берілетін тұлғамен шарт жасаспай, өз бастамасымен немесе үшінші тараптың бастамасы бойынша берген рейтинг;
25) уәкілетті орган – қаржы нарығы мен қаржы ұйымдарын мемлекеттік реттеуді, бақылауды және қадағалауды жүзеге асыратын мемлекеттік орган;
26) халықаралық рейтингтік агенттік – кредиттік рейтингтік қызметті жүзеге асыратын және Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымы елдерінің қаржы реттеушілерінің және уәкілетті органның тарапынан танылған кредиттік рейтингтік агенттік және (немесе) оның еншілес ұйымдары және (немесе) филиалдары;
27) шетелдік рейтингтік агенттік – шет мемлекеттің заңнамасына сәйкес құрылған, кредиттік рейтингтік қызметті жүзеге асыратын, осы шет мемлекеттің қаржы реттеушісі мен уәкілетті орган таныған, халықаралық рейтингтік агенттік болып саналмайтын кредиттік рейтингтік агенттік.
2-бап. Қазақстан Республикасының кредиттік рейтингтік қызмет туралы заңнамасы
1. Қазақстан Республикасының кредиттік рейтингтік қызмет туралы заңнамасы Қазақстан Республикасының Конституциясына негізделеді және Қазақстан Республикасының Азаматтық кодексінен, осы Заңнан және Қазақстан Республикасының өзге де нормативтік құқықтық актілерінен, Қазақстан Республикасының халықаралық шарттық міндеттемелерінен тұрады.
2. "Акционерлік қоғамдар туралы" Қазақстан Республикасының Заңы қазақстандық рейтингтік агенттікке осы Заңмен реттелмеген бөлігінде қолданылады.
3. Қазақстан Республикасының аумағында халықаралық шарттардың қолданылу тәртібі заңдарда айқындалады.
3-бап. Кредиттік рейтингтік қызметті реттеудің негізгі мақсаты, міндеттері мен қағидаттары
1. Кредиттік рейтингтік қызметті реттеудің негізгі мақсаты – рейтингтерді пайдаланушылардың құқықтары мен заңды мүдделерін қорғауды, сондай-ақ қаржы нарығы мен қаржы ұйымдарын мемлекеттік реттеу, бақылау және қадағалау міндеттерін іске асыру мақсаттары үшін танылатын кредиттік рейтингтік агенттіктер қызметінің ашықтығы мен тәуелсіздігін қамтамасыз ету.
2. Кредиттік рейтингтік қызметті реттеудің негізгі міндеттері:
1) кредиттік рейтингтік қызметтің құқықтық негіздерін белгілеу;
2) кредиттік рейтингтік қызметтің ашықтығы мен тәуелсіздігін қамтамасыз ету;
3) кредиттік рейтингтік қызметті мониторингтеу және қадағалау;
4) қаржылық көрсетілетін қызметтерді тұтынушылардың қаржылық сауаттылығын арттыру және Қазақстан Республикасының қаржы нарығына деген сенімді нығайту.
3. Кредиттік рейтингтік қызметті реттеудің негізгі қағидаттары:
1) кредиттік рейтингтік қызметтің сапасы мен шынайылығы;
2) кредиттік рейтингтік қызметті жүзеге асыру кезіндегі тәуелсіздік;
3) кредиттік рейтингтік қызметті жүзеге асыру кезінде мүдделер қақтығысын болғызбау;
4) кредиттік рейтингтік қызметтің ашықтығы;
5) кредиттік рейтингтік қызметті жүзеге асыру кезінде құпиялылықтың сақталуы;
6) кредиттік рейтингтік қызметті жүзеге асыру кезінде рейтингтерді берудің еріктілігі.
2-тарау. КРЕДИТТІК РЕЙТИНГТІК ҚЫЗМЕТТІ ЖҮЗЕГЕ АСЫРУ
4-бап. Кредиттік рейтингтік агенттіктердің түрлері
Қазақстан Республикасында кредиттік рейтингтік агенттіктердің мынадай түрлері жұмыс істейді:
1) қазақстандық рейтингтік агенттік;
2) халықаралық рейтингтік агенттік;
3) шетелдік рейтингтік агенттік.
5-бап. Уәкілеттік берілмеген қызметке тыйым салу
1. Қазақстан Республикасындағы кредиттік рейтингтік қызметті тек қана кредиттік рейтингтік агенттіктер жүзеге асыруға құқылы.
2. Осы Заң негізге алынбай құрылған немесе танылған ешбір заңды тұлға кредиттік рейтингтік агенттік деп аталуға құқылы емес.
6-бап. Халықаралық рейтингтік агенттіктер мен шетелдік рейтингтік агенттіктерді тану тәртібі
1. Халықаралық рейтингтік агенттіктер мен шетелдік рейтингтік агенттіктерді тануды уәкілетті орган осы Заңда көзделген тәртіппен жүзеге асырады.
2. Халықаралық рейтингтік агенттіктің Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымына мүше бес және одан көп елдің қаржы реттеушілері тарапынан танылуы осы рейтингтік агенттікті тануға негіз болады.
3. Уәкілетті орган халықаралық рейтингтік агенттікті тану туралы шешімді уәкілетті органның нормативтік құқықтық актісінде бекітілетін кредиттік рейтингтік агенттіктердің тізбесіне енгізу арқылы қабылдайды.
4. Шетелдік рейтингтік агенттік өзінің осы Заңның 7-бабында белгіленген өлшемшарттарға сәйкес келетінін растайтын құжаттарды қоса беріп, өзін тану туралы өтінішті уәкілетті органға жібереді.
5. Уәкілетті орган шетелдік рейтингтік агенттікті тану туралы шешімді уәкілетті органның интернет-ресурсында ақпараттық хабарды орналастыру арқылы қабылдайды.
6. Уәкілетті орган өтінішті алған күннен бастап алты ай ішінде шетелдік рейтингтік агенттіктерді тану немесе танудан бас тарту туралы шешім қабылдайды.
7. Уәкілетті орган шетелдік рейтингтік агенттіктерді танудан мынадай негіздер бойынша бас тартады:
1) шетелдік рейтингтік агенттіктің белгіленген өлшемшарттарға және (немесе) Қазақстан Республикасының кредиттік рейтингтік қызмет туралы заңнамасының талаптарына сәйкестігі туралы ақпаратты бермеу немесе толық көлемде бермеу және (немесе) анық емес ақпарат беру;
2) шетелдік рейтингтік агенттіктің, акционерлердің, басқару органдарының, әдіснамалардың, жұмыскерлердің немесе рейтингтік талдаушылардың белгіленген өлшемшарттарға және (немесе) Қазақстан Республикасының кредиттік рейтингтік қызмет туралы заңнамасының талаптарына сәйкес келмеуі.
Танудан бас тарту қайта жүгінуге кедергі келтірмейді.
8. Осы Заңда және нормативтік құқықтық актілерде белгіленген талаптарға сәйкес келмеу анықталған жағдайда уәкілетті орган бұрын танылған халықаралық рейтингтік агенттіктер мен шетелдік рейтингтік агенттіктерді тануды кері қайтарып алады.
Уәкілетті орган халықаралық рейтингтік агенттікті тануды кері қайтарып алу туралы шешімді уәкілетті органның нормативтік құқықтық актісінде бекітілетін рейтингтік агенттіктер тізбесінен алып тастау арқылы қабылдайды.
Уәкілетті орган шетелдік рейтингтік агенттікті тануды кері қайтарып алу туралы шешімді уәкілетті органның интернет-ресурсында ақпараттық хабар орналастыру арқылы қабылдайды.
9. Осы бапты және осы Заңның 4, 5, 9 және 11-баптарын, сондай-ақ 12-бабының 4-тармағын, 23-бабының 9-тармағын және 24-бабының 1-тармағын қоспағанда, танылған халықаралық рейтингтік агенттіктерге 2, 3, 4 және 5-тараулардың күші қолданылмайды.
Осы бапты және осы Заңның 4, 5, 7, 9 және 11-баптарын, сондай-ақ 12-бабының 4-тармағын, 23-бабының 9-тармағын және 24-бабының 1-тармағын қоспағанда, танылған шетелдік рейтингтік агенттіктерге 2, 3, 4 және 5-тараулардың күші қолданылмайды.
10. Осы Заңға сәйкес тану рәсімінен өтпеген халықаралық рейтингтік агенттіктер мен шетелдік рейтингтік агенттіктердің Қазақстан Республикасының аумағында кредиттік рейтингтік қызметті жүзеге асыруына тыйым салынады.
7-бап. Шетелдік рейтингтік агенттіктерді тану өлшемшарттары
Шетелдік рейтингтік агенттіктерді тану мақсаттары үшін мынадай өлшемшарттар белгіленеді:
1) шетелдік рейтингтік агенттік шыққан елінде реттелуге тиіс және шетелдік рейтингтік агенттіктің рейтингтері пруденциялық реттеу шеңберінде танылады;
2) шетелдік рейтингтік агенттіктің меншікті капиталының ең төмен мөлшері уәкілетті органның нормативтік құқықтық актісінде белгіленеді;
3) шетелдік рейтингтік агенттік уәкілетті органның нормативтік құқықтық актісінде белгіленетін объективтілік пен тәуелсіздік, ақпаратты ашып көрсету, рейтингтердің сенімділігі өлшемшарттарына сәйкес келеді.
8-бап. Кредиттік рейтингтік қызметті жүзеге асыруға қойылатын талаптар
1. Кредиттік рейтингтік агенттіктер кредиттік рейтингтік қызметті реттеудің осы Заңның 3-бабында көрсетілген негізгі қағидаттарын ұстанады.
Бұл ретте кредиттік рейтингтік агенттіктің жұмыскерлері кредиттік рейтингтік агенттіктің директорлар кеңесі бекіткен мінез-құлық кодексінің нормаларын сақтауға тиіс.
2. Кредиттік рейтингтік агенттіктер анық емес кредиттік рейтингтің берілуін болғызбауға бағытталған ішкі саясатты, рәсімдерді және ішкі бақылау құралдарын қабылдау мен сақтауды қамтамасыз етеді.
3. Жария емес рейтингті қоспағанда, рейтингтік әрекеттің кредиттік рейтингтік агенттікке, рейтинг берілетін тұлғаға немесе оған тікелей немесе жанама қатысы бар кез келген басқа тұлғаға немесе ұйымға ықтимал ықпалының (экономикалық, саяси немесе өзге де ықпалдың) негізінде мұндай әрекетті жүзеге асыру мен жариялауды кідіртуге немесе одан бас тартуға жол берілмейді.
4. Кредиттік рейтингтік агенттік кредиттік рейтингтік қызметті жүзеге асыру үшін еңбек, материалдық және қаржы ресурстарының болуын қамтамасыз етеді.
5. Кредиттік рейтингтік агенттіктің рейтинг түрлерін беруі кредиттік рейтингтік қызметтің әдіснамасы, рәсімдері, қажетті ақпарат, осы қызметке қатысатын жұмыскерлердің, ішкі бақылау жұмыскерлерінің тәжірибесі мен білімі болған жағдайда жүзеге асырылады.
6. Егер Қазақстан Республикасының заңдарында өзгеше көзделмесе, кредиттік рейтингтік қызметке және кредиттік рейтингтік агенттіктер қолданатын әдіснамалардың мазмұнына ықпал етуге тыйым салынады.
7. Кредиттік рейтингтік агенттік әдіснамаларды әзірлеу және қолдану кезінде ұлттық және (немесе) халықаралық рейтингтік шәкілді қолдануға құқылы.
Халықаралық рейтингтік шәкіл – кредиттік рейтингтік агенттіктер берген кредиттік рейтингтерді халықаралық тұрғыдан салыстыруды қамтамасыз ететін рейтингтік шәкіл.
Ұлттық рейтингтік шәкіл – кредиттік рейтингтік агенттіктер берген тек қана мемлекетішілік кредиттік рейтингтерді салыстыруды қамтамасыз ететін рейтингтік шәкіл.
9-бап. Кредиттік рейтингтік агенттіктің құқықтары мен міндеттері
1. Кредиттік рейтингтік агенттік:
1) рейтинг берілетін тұлғалармен рейтингтерді және (немесе) рейтингтер бойынша болжамдарды беру қызметтерін көрсетуге шарттар жасасуға;
2) рейтинг берілетін тұлғалардан кредиттік рейтингтік қызметті жүзеге асыру үшін толық және анық ақпарат беруді сұрауға;
3) жария емес және сұратылмаған рейтингтерді қоспағанда, егер рейтингтер және рейтингтер бойынша болжамдар туралы ақпаратты рейтинг берілетін тұлғалардың келісімінсіз жариялау шартта көзделген болса, осы ақпаратты жариялауға;
4) осы Заңды бұзушылықтар анықталған кезде рейтингті кері қайтарып алуға және (немесе) бұзушылықтар жойылғанға дейін оның қолданысын тоқтата тұруға;
5) рейтингтік қызметтер көрсету туралы шарт жасасқанға дейін рейтингтер беруден бас тартуға;
6) қаржы ұйымдарын, банк және сақтандыру холдингтерін, сондай-ақ банк конгломератына қатысушыларды қоспағанда, рейтинг берілетін тұлғамен шарт жасаспай, өз бастамасы бойынша сұратылмаған рейтингті беруге құқылы.
2. Кредиттік рейтингтік агенттік:
1) қолданыстағы, тоқтатыла тұрған рейтингтердің және рейтингтер бойынша болжамдардың, сондай-ақ кері қайтарып алынған рейтингтердің тізбесін жүргізуге;
2) Қазақстан Республикасының кредиттік рейтингтік қызмет туралы заңнамасы талаптарының сақталуын қамтамасыз ету үшін ішкі құжаттарды, рәсімдерді және ішкі бақылау құралдарын әзірлеуге, қабылдауға және жаңартып отыруға;
3) жария емес рейтингтерді қоспағанда, берілген рейтингтер мен рейтингтік әрекеттер туралы ақпаратқа рейтингтерді және рейтингтер бойынша болжамдарды барлық пайдаланушылардың тең қол жеткізуін қамтамасыз етуге;
4) кредиттік рейтингті кері қайтарып алу және (немесе) оның қолданысын тоқтата тұру туралы шешім қабылданған жағдайда, ашып көрсетілетін ақпаратқа осындай шешімнің негіздерін енгізуге;
5) Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес кредиттік рейтингтік қызметте пайдаланылған барлық деректердің сақталуын қамтамасыз етуге;
6) Қазақстан Республикасының заңдарында көзделген жағдайларды қоспағанда, құпия ақпараттың, коммерциялық және заңмен қорғалатын өзге де құпияның ашып көрсетілуіне жол бермеуге;
7) құпия ақпаратқа, коммерциялық және заңмен қорғалатын өзге де құпияға қатысты санкцияланбаған және (немесе) әдейі жасалмаған қол жеткізуді, таралып кетуді болғызбауға;
8) өзінің кредиттік рейтингтік қызметімен байланысты құжаттарды, ақпаратты және деректерді, оның ішінде тарихи деректерді уәкілетті орган белгілеген тәртіппен, құрамда және мерзімдерде уәкілетті органға беруге;
9) осы Заңда белгіленген басшы қызметкерлерге қойылатын талаптарды сақтауға міндетті.
3. Қазақстандық рейтингтік агенттік мемлекеттік органдардан, кредиттік бюродан және Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкін қоспағанда, өзге де ұйымдардан сұрау салу бойынша, оның ішінде Қазақстан Республикасының заңдарында көзделген жағдайларда рейтинг берілетін тұлғаның келісімімен ақпарат пен деректерді алуға құқылы.
4. Кредиттік рейтингтік агенттіктің Қазақстан Республикасының заңдарында және осы Заңға сәйкес жасалған шарттарда көзделген өзге де құқықтары болуы мүмкін және ол өзге де міндеттерді атқара алады.
10-бап. Рейтинг берілетін тұлғалардың құқықтары мен міндеттері
1. Рейтинг берілетін тұлғалардың құқықтары мен міндеттері Қазақстан Республикасының азаматтық заңнамасымен реттеледі.
2. Рейтинг берілетін тұлға рейтингті жариялаудан бас тартуға құқылы. Рейтинг берілетін тұлға рейтингті жариялаудан бас тартқан жағдайда мұндай рейтинг жария емес рейтинг болып саналады.
11-бап. Қазақстандық рейтингтік агенттіктің акционерлеріне (құрылтайшыларына), капиталдың (меншіктің) мөлшері мен құрылымына қойылатын талаптар
1. Қазақстандық рейтингтік агенттік акционерлерінің (құрылтайшыларының) құрамына Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкінен басқа, халықаралық қаржы ұйымдары мен өзге де тұлғалар кіруі мүмкін.
Бұл ретте Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі мен оның үлестес тұлғаларын, сондай-ақ халықаралық рейтингтік агенттіктерді қоспағанда, халықаралық қаржы ұйымдары және өзге де тұлғалар қазақстандық рейтингтік агенттіктің орналастырылған (артықшылықты және сатып алынған акциялар шегеріліп) акцияларының он немесе одан көп пайызын өз бетінше немесе өзінің үлестес тұлғаларымен бірлесіп тікелей немесе жанама түрде иелене, пайдалана алмайды және (немесе) оған билік ете алмайды.
2. Халықаралық рейтингтік агенттіктерді қоспағанда, қазақстандық рейтингтік агенттіктің жарғылық капиталы құрылтайшылардың акцияларды тек қана ақшамен төлеуі арқылы қалыптастырылады.
3. Халықаралық рейтингтік агенттіктер қазақстандық рейтингтік агенттіктің акцияларына өзге мүлікпен ақы төлеуге құқылы. Өзге мүлікті бағалау Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес белгіленеді.
4. Қазақстандық рейтингтік агенттікті құру, қайта ұйымдастыру және (немесе) тарату Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес жүзеге асырылады.
5. Қазақстандық рейтингтік агенттіктің жарғылық және меншікті капиталының ең төмен мөлшері уәкілетті органның нормативтік құқықтық актісінде белгіленеді.
12-бап. Кредиттік рейтингтік агенттіктің органдары
1. Егер осы Заңда және (немесе) кредиттік рейтингтік агенттіктің жарғысында өзгеше белгіленбесе, жоғары органның, басқару органының және атқарушы органның құзыреті "Акционерлік қоғамдар туралы" Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес айқындалады.
2. Қазақстандық рейтингтік агенттіктің директорлар кеңесі мүшелерінің саны кемінде бес адамды құрауға тиіс.
Директорлар кеңесі құрамының кемінде жартысын тәуелсіз директорлар құрайды.
3. Тәуелсіз директорлар:
1) кредиттік рейтингтік қызмет жөніндегі рәсімдерді және әдіснамаларды қолдау мен дамытуды;
2) кредиттік рейтингтік қызметтің сапасын бақылау жүйесінің тиімділігін бағалауды;
3) мүдделер қақтығысын болғызбауды қамтамасыз ету, анықтау, оны басқару және ол туралы ақпаратты ашып көрсету үшін белгіленген шаралар мен рәсімдердің тиімділігін бағалауды;
4) осы Заңның және оған сәйкес қабылданған нормативтік құқықтық актілердің, сондай-ақ кредиттік рейтингтік агенттіктің ішкі құжаттары талаптарының сақталуын бақылайды.
4. Осы баптың 3-тармағының 1), 2) және 3) тармақшаларында көрсетілген міндеттер тәуелсіз директорлардан басқа, халықаралық немесе шетелдік рейтингтік агенттік атынан өкілдік ететін директорлар кеңесінің мүшелеріне, қазақстандық рейтингтік агенттіктің акционеріне жүктелуі мүмкін.
5. Кредиттік рейтингтік агенттіктің директорлар кеңесі мінез-құлық кодексін бекітеді, кредиттік рейтингтік агенттік қызметінде оның ережелерінің сақталуын қамтамасыз етеді, сондай-ақ оны қажеттігіне қарай жаңартып отырады.
6. Әдіснамамен және (немесе) рейтингтік әрекеттермен байланысты мәселелерді қарау функцияларына кіретін қазақстандық рейтингтік агенттіктің директорлар кеңесі комитеттерінің құрамына Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің өкілі сайлана алмайды.
13-бап. Қазақстандық рейтингтік агенттіктің басшы қызметкерлеріне қойылатын талаптар
1. Қазақстандық рейтингтік агенттіктің басшы қызметкерлері:
1) басқару органының басшысы мен мүшелері;
2) атқарушы органның басшысы мен мүшелері;
3) бас бухгалтер;
4) ішкі бақылау қызметінің басшысы.
2. Мынадай адам:
1) жоғары экономикалық, заңгерлік, математикалық немесе техникалық білімі жоқ;
2) мынадай:
тізбесін уәкілетті орган белгілейтін халықаралық қаржы ұйымдарында;
және (немесе) қаржы нарығы мен қаржы ұйымдарын реттеу, бақылау және қадағалау саласында;
және (немесе) қаржылық көрсетілетін қызметтерді ұсыну саласында;
және (немесе) аудиторлық қызмет және кәсіби аудиторлық ұйымдардың қызметі саласында;
және (немесе) кредиттік рейтингтік көрсетілетін қызметтерді ұсыну саласында;
және (немесе) қаржы ұйымдарының қызметін автоматтандыру үшін пайдаланылатын бағдарламалық қамтылымды әзірлеу саласында;
және (немесе) осы тармақшада санамаланған салаларда қызметін жүзеге асыратын шетелдік заңды тұлғаларда осы бапта белгіленген еңбек өтілі жоқ;
3) мінсіз іскерлік беделі жоқ;
4) басшы қызметкер лауазымына тағайындауға немесе сайлауға келісімі кері қайтарып алынған және (немесе) осы және (немесе) өзге қаржы ұйымында, банк, сақтандыру холдингінде, Қазақстан Республикасының бейрезидент банкінің осы және (немесе) өзге филиалында, Қазақстан Республикасының бейрезидент сақтандыру (қайта сақтандыру) ұйымының филиалында, Қазақстан Республикасының бейрезидент сақтандыру брокерінің филиалында қызметтік міндеттерін орындаудан шеттетілген адам қазақстандық рейтингтік агенттіктің басшы қызметкері лауазымын атқара алмайды (оған тағайындала алмайды немесе сайлана алмайды).
Көрсетілген талап басшы қызметкер лауазымына тағайындауға немесе сайлауға келісімді кері қайтарып алу туралы уәкілетті орган шешім қабылдағаннан кейін қатарынан соңғы он екі ай бойы қолданылады;
5) басшы лауазымға келісу туралы өтінішхат берілген күнге дейін үш жыл ішінде сыбайлас жемқорлық қылмыс жасаған не сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылық жасағаны үшін әкімшілік жазаға тартылған адам қазақстандық рейтингтік агенттіктің басшы қызметкері лауазымын атқара алмайды (оған тағайындала алмайды немесе сайлана алмайды).
Қазақстандық рейтингтік агенттік басшы қызметкерлерді тағайындау немесе сайлау кезінде оларды осы баптың талаптарына сәйкестігі тұрғысынан, оның ішінде уәкілетті органның интернет-ресурсында орналастырылатын ақпаратты ескеріп өз бетінше тексереді.
3. Осы баптың 2-тармағы 3) тармақшасының мақсаттары үшін мінсіз іскерлік беделі болмауының өлшемшарттары:
1) алынбаған немесе жойылмаған сотталғандығының болуы, қаржы ұйымының, банк немесе сақтандыру холдингінің басшы қызметкері лауазымын атқару және қаржы ұйымының ірі қатысушысы (ірі акционері) болу құқығынан өмір бойына айыру түрінде қылмыстық жаза қолдану туралы заңды күшіне енген сот шешімінің болуы;
2) кандидаттың қаржы ұйымының, банк конгломератының, сақтандыру тобының қаржылық орнықтылығын қамтамасыз ету жөніндегі қабылданған міндеттемелерді не уәкілетті органның талаптарын орындамаған қаржы ұйымының ірі қатысушысы (тікелей немесе жанама түрде) болып саналғаны (болып саналатыны) туралы мәліметтердің болуы;
3) кандидаттың қаржы ұйымының басшы қызметкері немесе актуарийі бола отырып, қаржы ұйымына немесе актуарийге қатысты уәкілетті орган қолданған қадағалап ден қою шараларының талаптарын бірнеше рет (екі және одан көп рет) орындамағаны туралы мәліметтердің болуы;
4) кандидаттың Қазақстан Республикасының төлемге қабілетсіз деп танылған бейрезидент қаржы ұйымында акционер (қатысушы), лауазымды адам, басқару функцияларын орындайтын адам болғаны туралы мәліметтердің болуы;
5) адамның "Қылмыстық жолмен алынған кiрiстердi заңдастыруға (жылыстатуға), терроризмді қаржыландыруға және жаппай қырып-жою қаруын таратуды қаржыландыруға қарсы іс-қимыл туралы" Қазақстан Республикасы Заңының 12 және 12-1-баптарына сәйкес жасалатын, террористік қызметке қатысы бар адамдардың тізімінде, терроризм мен экстремизмді қаржыландыруға байланысты ұйымдар мен тұлғалардың тізбесінде және (немесе) жаппай қырып-жою қаруын таратуды қаржыландыруға байланысты ұйымдар мен тұлғалардың тізбесінде болуы;
6) кандидаттың әрекеттері (әрекетсіздігі) уәкілетті органның немесе Қазақстан Республикасының бейрезидент қаржы ұйымы резиденті болып саналатын мемлекеттің қаржылық қадағалау органының банкті (Қазақстан Республикасының бейрезидент банкінің филиалын) төлемге қабілетсіз банктердің (Қазақстан Республикасының бейрезидент банктері филиалдарының) санатына жатқызу немесе қаржы ұйымын лицензиядан айыру туралы оларды таратуға және (немесе) қаржы нарығында қызметін жүзеге асыруды тоқтатуға алып келген шешім қабылдауына не қаржы ұйымын мәжбүрлеп тарату немесе оны банкрот деп тану туралы сот шешімінің заңды күшіне енуіне не Қазақстан Республикасы бейрезидент банкі филиалының, Қазақстан Республикасы бейрезидент сақтандыру (қайта сақтандыру) ұйымы филиалының қызметін мәжбүрлеп тоқтату туралы сот шешімінің заңды күшіне енуіне негіз болған, Қазақстан Республикасының заңнамасы талаптарының бұзылуына алып келген, қаржы ұйымының, банк немесе сақтандыру холдингінің басшы қызметкері болғаны туралы мәліметтердің болуы;
7) кандидаттың уәкілетті орган қолданған қадағалап ден қою шарасы негізінде қаржы ұйымының басшы қызметкерінің қызметтік міндеттерін орындаудан шеттетілгені туралы мәліметтердің болуы;
8) кандидаттың сот шешімімен көрінеу жалған деп танылған аудиторлық қорытындыға қол қою фактісінің болуы;
9) кандидаттың актуарий бола отырып, сақтандыру (қайта сақтандыру) ұйымының сақтандыру резервтерін қалыптастыру жөніндегі талаптарды сақтандыру (қайта сақтандыру) ұйымының сақтамауының өзі анықтаған фактілері және оның қаржылық орнықтылығы мен төлем қабілеттілігінің нашарлауына алып келуі мүмкін тәуекелдері туралы сақтандыру (қайта сақтандыру) ұйымының директорлар кеңесіне жүйелі түрде (екі және одан көп рет) хабарламағаны туралы мәліметтердің болуы;
10) кандидаттың сақтандыру құпиясын немесе Қазақстан Республикасының заңдарымен қорғалатын өзге де құпияны құрайтын мәліметтерді, тәуелсіз актуарий ретінде актуарлық есеп айырысулар жүргізу және (немесе) қызметті жүзеге асыру барысында алынған мәліметтерді заңсыз жария еткені немесе үшінші тұлғаларға бергені туралы мәліметтердің болуы;
11) шет мемлекеттің қадағалау органынан не қаржылық көрсетілетін қызметтерді реттеуді және онымен байланысты қызметті "Астана" халықаралық қаржы орталығында жүзеге асыратын заңды тұлғадан кандидаттың мінсіз іскерлік беделінің болмауы туралы алынған ақпараттың болуы;
12) кандидаттың біліктілік талаптарына және (немесе) уәкілетті органның шешіміне ықпал ететін, іскерлік беделге қойылатын талаптарға өзінің сай келетіні туралы көрінеу анық емес мәліметтер беру фактісінің болуы;
13) кандидатпен Қазақстан Республикасы Еңбек кодексінің 52-бабы 1-тармағының 9), 12), 13), 14), 15), 16), 17), 18), 19), 20), 21) және 25) тармақшаларында көзделген негіздер бойынша жұмыс берушінің бастамасымен еңбек шартын бұзу фактісінің болуы;
14) кандидаттың "Атқарушылық iс жүргiзу және сот орындаушыларының мәртебесi туралы" Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес жүргізілетін борышкерлердің бірыңғай тізілімінде болуы (берешек тиісті қаржы жылына арналған республикалық бюджет туралы заңда белгіленген бір мың айлық есептік көрсеткіштен асқан жағдайда).
4. Осы баптың 2-тармағының 2) тармақшасында көзделген талапқа сай келу үшін мына лауазымдарға кандидаттар үшін:
1) басқару органының басшысы үшін – кемінде бес жыл;
2) атқарушы органның басшысы үшін – кемінде бес жыл, оның ішінде басшы лауазымында кемінде екі жыл;
3) басқару органының мүшесі үшін – кемінде екі жыл;
4) атқарушы органның мүшесі үшін – кемінде үш жыл, оның ішінде басшы лауазымында кемінде екі жыл;
5) бас бухгалтер үшін – кемінде үш жыл;
6) ішкі бақылау қызметінің басшысы үшін кемінде үш жыл еңбек өтілі болуы қажет.
Кредиттік рейтингтік агенттіктің атқарушы органының тек қана қауіпсіздік мәселелеріне, әкімшілік-шаруашылық мәселелеріне, цифрлық технологиялар мәселелеріне жетекшілік ететін мүшелері лауазымдарына кандидаттар үшін осы баптың 2-тармағының 2) тармақшасында көзделген еңбек өтілінің болуы талап етілмейді.
Осы тармақта айқындалған еңбек өтіліне қаржы ұйымының бөлімшелеріндегі оның қауіпсіздігін қамтамасыз етумен, әкімшілік-шаруашылық қызметті жүзеге асырумен, цифрлық технологияларды дамытумен (цифрлық технологияларды дамыту бөлімшесінің басшысын қоспағанда) байланысты жұмыс, сондай-ақ өзара сақтандыру қоғамындағы жұмыс кірмейді.
5. Қазақстандық рейтингтік агенттік уәкілетті органды:
1) осы баптың 1-тармағының 1) және 3) тармақшаларында аталған адамдарды лауазымға тағайындау немесе сайлау туралы, растайтын құжаттарды қоса бере отырып, олар тағайындалған немесе сайланған күннен кейінгі үш жұмыс күні ішінде;
2) осы баптың 1-тармағының 1) және 3) тармақшаларында аталған адамдарды лауазымнан босату немесе өкілеттіктерін тоқтату туралы, растайтын құжаттарды қоса бере отырып, осындай шешім қабылданған күннен кейінгі бір жұмыс күнінен кешіктірмей хабардар етеді.
Хабарламада кандидаттың біліктілік талаптарына және осы Заңмен тиісті лауазымға кандидатқа қойылатын мінсіз іскерлік бедел талаптарына сай келетінін растайтын мәліметтер қамтылуға тиіс.
6. Қазақстандық рейтингтік агенттік осы баптың 1-тармағында аталған адамдар осы баптың талаптарына сай келмеген жағдайда, уәкілетті органның талап етуі бойынша оларды қызметтік міндеттерін орындаудан шеттетеді.
14-бап. Қазақстандық рейтингтік агенттіктің ішкі бақылау, тәуекелдерді басқару органдарына және өзге де органдарына қойылатын талаптар
1. Кредиттік рейтингтік агенттік пен оның жұмыскерлерінің Қазақстан Республикасының кредиттік рейтингтік қызмет туралы заңнамасының, сондай-ақ ішкі құжаттардың талаптарын сақтауын бақылау мақсатында кредиттік рейтингтік агенттік кредиттік рейтингтік агенттіктің ішкі құжаттарында айқындалған тәртіппен ішкі бақылау органдарының жұмыс істеуін ұйымдастырады және қамтамасыз етеді.
2. Ішкі бақылау қызметі директорлар кеңесіне есеп береді.
3. Ішкі бақылау қызметінің басшысы (бақылаушы) кредиттік рейтингтік агенттіктің жұмыскері болып саналады және оны кредиттік рейтингтік агенттіктің директорлар кеңесі тағайындайды.
4. Ішкі бақылау қызметі әрбір аяқталған жылдың қорытындысы бойынша кредиттік рейтингтік агенттік пен оның жұмыскерлерінің Қазақстан Республикасының кредиттік рейтингтік қызмет туралы заңнамасының және ішкі құжаттардың талаптарын сақтауын тексереді, оның нәтижелері бойынша ішкі бақылау қызметінің жыл сайынғы есебін дайындайды. Ішкі бақылау қызметінің жыл сайынғы есебін кредиттік рейтингтік агенттіктің директорлар кеңесі бекітеді.
5. Ішкі бақылау қызметі осы Заңның 16, 17, 18 және 19-баптарында көрсетілген, қолданылатын қағидалар мен рәсімдердің тиімділігіне кредиттік рейтингтік агенттіктің ішкі құжаттарында көзделген тәртіппен жыл сайын бағалау жүргізеді.
6. Тәуекелдерді басқару жүйесінің жұмыс істеуін қамтамасыз ету мақсатында кредиттік рейтингтік агенттік тәуекелдерді басқару бөлімшесінің жұмыс істеуін ұйымдастырады және қамтамасыз етеді. Тәуекелдерді басқару бөлімшесі ішкі аудиттің функциясына тәуелді болмайды және кредиттік рейтингтік агенттіктің директорлар кеңесіне есеп береді.
7. Кредиттік рейтингтік агенттік өз құрылымында рейтинг берілетін тұлғалар мен рейтингтерді пайдаланушылардың жолданымдарын қарауға жауапты бөлімше ұйымдастырады.
8. Кредиттік рейтингтік агенттік әдіснамаларды бекіту мен қайта қарауды жүзеге асыратын бөлімшенің жұмыс істеуін ұйымдастырады және қамтамасыз етеді.
Әдіснамаларды бекіту мен қайта қарауды жүзеге асыратын бөлімшенің құрамына қойылатын талаптар уәкілетті орган белгілеген кредиттік рейтингтік қызметті жүзеге асыру қағидаларында белгіленеді.
9. Рейтингтік талдаушылардың білімі мен дағдыларына қойылатын талаптар уәкілетті орган белгілейтін кредиттік рейтингтік қызметті жүзеге асыру қағидаларында айқындалады.
10. Кредиттік рейтингтік агенттік осы бапта көрсетілген функцияларды берген, сондай-ақ бухгалтерияны жүргізген, цифрлық технологиялар саласындағы персоналды басқарған не кредиттік рейтингтік қызмет шеңберінде талдамалық жұмыстарды, сыртқы мердігерлікті (аутсорсингті) жүргізген жағдайларда Қазақстан Республикасының кредиттік рейтингтік қызмет туралы заңнамасының сақталуына кредиттік рейтингтік агенттік жауапты болады.
3-тарау. КРЕДИТТІК РЕЙТИНГТІК ҚЫЗМЕТТІ ҰЙЫМДАСТЫРУҒА ҚОЙЫЛАТЫН ТАЛАПТАР
1. Кредиттік рейтингтік агенттік рейтингтің мынадай түрлерін береді:
1) кредиттік рейтинг;
2) корпоративтік басқару рейтингі;
3) исламдық қаржыландыру қағидаттарына сәйкес келу рейтингі;
4) егемен кредиттік рейтинг;
5) орнықты даму рейтингі;
6) рейтингтің өзге де түрлері.
Кредиттік рейтингтік агенттіктің жоғарыда көрсетілген рейтингтерді беру тәртібі мен шарттары кредиттік рейтингтік агенттіктің ішкі құжаттарында белгіленеді.
2. Осы Заңның талаптары осы баптың 1-тармағында көрсетілген жарияланған және жария емес рейтингтерге қатысты қолданылады.
3. Рейтингтің белгілі бір түрі үшін қабылданған әдіснамаға сәйкес қажетті ақпараттың толық көлемі болған кезде ғана кредиттік рейтингтік агенттіктің сұратылмаған рейтингтерді беруіне жол беріледі.
4. Осы баптың 3-тармағының талаптары орындалған жағдайда үшінші тараптың бастамасы бойынша кредиттік рейтингтік агенттіктің сұратылмаған рейтингтерді беруіне жол беріледі.
Рейтинг берілетін тұлғаның қатысуынсыз сұратылмаған рейтинг берілген жағдайда, мұндай рейтинг ашық дереккөздерді талдау негізінде беріледі.
16-бап. Рейтинг беру әдіснамалары
1. Кредиттік рейтингтік агенттік рейтинг берілетін тұлғаның салалық мамандануына сәйкес келетін, рейтингтің тек қана белгілі бір түрі үшін қабылданған әдіснама нұсқасы негізінде кредиттік рейтингтік қызметті жүзеге асырады.
2. Кредиттік рейтингтік агенттіктің ішкі құжаттарында көзделген, оның ішінде рейтинг берілетін тұлғаның бейіні мен ерекшеліктері қолданылатын әдіснамада есепке алынбай, бұл рейтингтің немесе рейтинг бойынша болжамның бұрмалануына алып келуі мүмкін жағдайларды қоспағанда, кредиттік рейтингтік агенттік қолданылатын әдіснамадан алшақтауға құқылы емес.
3. Кредиттік рейтингтік агенттік қолданылатын әдіснаманы, сондай-ақ осы Заңның 23-бабына сәйкес әдіснамаға енгізілетін барлық өзгерістерді ашып көрсетеді.
4. Кредиттік рейтингтік агенттік кредиттік рейтингтер жөніндегі, мынадай сипаттамаларға сәйкес келетін әдіснамаларды әзірлеп, бекітеді:
1) кредит төлеу қабілеттілігінің барлық факторының сипаттамаларын және олардың кредиттік рейтингтер мен кредиттік рейтингтер бойынша болжамдарға әсерін қамтиды;
2) кредиттік рейтингтік қызмет шеңберінде оларды үздіксіз қолдану көзделеді;
3) рейтинг объектілерінің алуан түрі бойынша кредиттік рейтингтерді салыстыру мүмкіндігі көзделеді;
4) әдіснаманы, модельдер мен олардың шарттарын бірыңғай жүйелік кешен ретінде қолдану көзделеді;
5) әдіснаманы қайта қарау негіздерін қамтиды;
6) кредиттік рейтингтердің анықтығын тексеру мүмкіндігі көзделеді.
Кредиттік рейтингтер жөніндегі әдіснама оны тарихи деректердің, әдіснамада пайдаланылатын шарттардың, рейтинг берілетін тұлғалардың төлемегені туралы нақты ақпараттың не рейтинг берілетін тұлғалардың қаражатты қайтаруының нақты көрсеткіштері негізінде тексеру мүмкіндігін қамтамасыз етеді.
5. Кредиттік рейтингтік агенттік қолданылатын әдіснамада пайдаланылатын шарттардың осы әдіснамаға сәйкес берілген рейтингтердің өзгеруіне әсері туралы ақпаратты жариялайды.
6. Кредиттік рейтингтік агенттік ішкі құжаттарға сәйкес тұрақты негізде, бірақ жылына бір реттен сиретпей әдіснамаларды жаңартып отырады.
7. Қолданылатын әдіснамада рейтингтерге және (немесе) рейтингтер бойынша болжамдарға әсер еткен немесе әсер етуі мүмкін қателер анықталған кезде кредиттік рейтингтік агенттік осы баптың 9-тармағының 2) және 3) тармақшаларында көрсетілген шараларды қабылдайды.
8. Егер анықталған қателер берілген рейтингтерге әсер етсе, кредиттік рейтингтік агенттік өз интернет-ресурсында мұндай қателер туралы ақпарат жариялайды.
9. Егер қолданылатын әдіснаманың жоспарланған өзгерістері елеулі өзгерістер болып саналса және рейтингтерге әсер етсе немесе әсер етуі мүмкін болса, кредиттік рейтингтік агенттік:
1) мұндай өзгерістердің себебі мен салдарын, оның ішінде осы әдіснамаға сәйкес берілген рейтингтер үшін салдарын көрсетіп, қолданылатын әдіснаманың жоспарланған өзгерістері туралы ақпаратты өз интернет-ресурсында орналастырады;
2) қолданылатын әдіснама өзгертілген күннен бастап алты айдан кешіктірмей осы әдіснамаға сәйкес берілген барлық рейтингті қайта қараудың қажеттігін бағалайды;
3) егер осы тармақтың 2) тармақшасында көзделген бағалау нәтижелері бойынша рейтингтерді қайта қарау қажеттігі анықталса, қолданылатын әдіснама өзгертілген күннен бастап алты айдан аспайтын мерзімде оларды қайта қарайды.
17-бап. Кредиттік рейтингтік агенттіктердің рейтингтік комитеттерінің қызметі
1. Рейтингтік комитеттердің шешімдер қабылдау тәртібі осы Заңға және кредиттік рейтингтік қызметті жүзеге асыру қағидаларына сәйкес кредиттік рейтингтік агенттіктің ішкі құжаттарында белгіленеді.
2. Кредиттік рейтингтік агенттік рейтингтік комитет мүшелерінің жиынтық білімі мен тәжірибесінің рейтинг берілетін тұлғаның салалық мамандануына, берілетін рейтингтің түріне және қолданылатын әдіснаманың өзекті нұсқасына сәйкес келуін қамтамасыз ету мақсатында ішкі құжаттарға сәйкес рейтингтік комитеттердің құрамы мен санын қалыптастырады.
3. Рейтингтік комитеттің кредиттік рейтингтер бойынша құрамы осы рейтинг объектісі үшін жетекші рейтингтік талдаушы мен рейтингтік комитет төрағасын қоса алғанда, кемінде бес рейтингтік талдаушыдан қалыптастырылады.
4. Рейтингтік комитеттердің отырыстарында рейтингтік комитеттің төрағасын қоса алғанда, рейтингтік талдаушылардың ғана дауыс беру құқығы болады. Рейтингтік комитеттің төрағасын тағайындау тәртібі кредиттік рейтингтік агенттіктің ішкі құжаттарында айқындалады.
5. Рейтингтік комитеттің шешімімен келіспеген кезде оған кез келген қатысушы уәжді апелляция беруге құқылы, апелляция рейтингтік комитеттің қайта өткізілетін отырысында қаралады, оның құрамы рейтингтік комитеттің алдыңғы отырысына қатыспаған рейтингтік талдаушылардан қалыптастырылады.
6. Кредиттік рейтингтік агенттік рейтингтік комитеттердің қалыптастырылуы мен жұмыс істеуін өзінің тәуелсіздігі қамтамасыз етілетіндей, сондай-ақ қызметіне кез келген саяси және (немесе) экономикалық ықпал болмайтындай етіп жүзеге асырады.
7. Рейтинг берілетін тұлға берілген рейтингпен және (немесе) рейтинг бойынша болжаммен келіспеген жағдайда, оның кредиттік рейтингтік агенттікке жүгінуге құқығы бар. Кредиттік рейтингтік агенттік жолданымды кредиттік рейтингтік агенттіктің ішкі құжаттарында белгіленген тәртіппен және мерзімдерде қарайды.
Жолданымды қарау нәтижелері қайта қарауға жеткілікті болған жағдайда, шешім рейтингтік комитеттің отырысында қаралады, оның құрамы рейтингтік комитеттің алдыңғы отырысына қатыспаған рейтингтік талдаушылардан қалыптастырылады.
8. Уәкілетті орган кредиттік рейтингтік қызметті ұйымдастыру, рейтинг беру туралы шешім қабылдау тәртібіне, оның ішінде нормативтік құқықтық актілердегі рейтингтің алуан түрлері үшін рейтингтік комитеттердің ең аз құрамын қоса алғанда, рейтингтік комитеттердің жұмыс істеу тәртібіне қойылатын өзге де талаптарды белгілейді.
18-бап. Ақпараттың және рейтингтерді мониторингтеудің сапасына қойылатын талаптар
1. Егер кредиттік рейтингтік агенттік кредиттік рейтингтік қызметті жүзеге асырған кезде сыртқы ақпарат көздерін не үшінші тұлғалар берген ақпаратты пайдаланса, кредиттік рейтингтік агенттік осындай дереккөздерді көрсетеді, сондай-ақ ақпарат көзінің шынайылығын және сенімділігін, ақпаратты жинау мен өңдеуде пайдаланылған әдістерді тексеру үшін шаралар қабылдайды.
Рейтинг берілетін тұлға өзі берген ақпараттың анық болуына жауапты болады.
2. Рейтинг берілетін тұлғадан қолданылатын әдіснамаға сәйкес рейтинг беру үшін алынған ақпарат жеткіліксіз немесе анық емес болған жағдайда, кредиттік рейтингтік агенттік рейтинг беруге құқылы емес және ол бұрын берілген рейтингті кері қайтарып алуға құқылы.
3. Кредиттік рейтингтік агенттік берілген рейтингтерді уақтылы қайта қарауды және тұрақты түрде мониторингтеуді қамтамасыз етеді.
4. Кредиттік рейтингтік агенттік рейтингтік әрекеттерді жүзеге асырған кезде кредиттік рейтингтік агенттіктің билігіндегі, кредиттік рейтингтік қызмет тұрғысынан маңызы бар барлық ақпаратты ескереді.
4-тарау. МҮДДЕЛЕР ҚАҚТЫҒЫСЫН БАСҚАРУ
19-бап. Мүдделер қақтығысын басқаруға қойылатын жалпы талаптар
1. Кредиттік рейтингтік агенттіктің, оның акционерлерінің, рейтингтік талдаушыларының, оған елеулі ықпал ететін өзге де жұмыскерлер мен тұлғалардың кез келген орын алған немесе ықтимал мүдделер қақтығысының рейтингтерге және рейтингтер бойынша болжамдарға әсер етуін болғызбауға бағытталған саясатты, рәсімдерді және ішкі бақылау құралдарын қабылдауды және оларды сақтауын кредиттік рейтингтік агенттік қамтамасыз етеді.
Кредиттік рейтингтік агенттік орын алған немесе ықтимал мүдделер қақтығысы рейтингтік талдаушылардың талдауы мен пайымдауларына әсер етуі мүмкін жағдайларда осындай мүдделер қақтығысын анықтауды, басқаруды және ашып көрсетуді қамтамасыз етеді.
2. Кредиттік рейтингтік агенттік кредиттік рейтингтік қызметтің, рейтингтер мен рейтингтік талдаушылардың кредиттік рейтингтік агенттіктің акционерлері мен басқару органдарынан, сондай-ақ коммерциялық қызмет пен бизнесті дамытуға (маркетингтік қызметке, жұртшылықпен байланысқа, қызметтер көрсету туралы шарттар жасасуға) жауапты бөлімшелер мен адамдардан тәуелсіз болуын қамтамасыз ету мақсатында орын алған немесе ықтимал мүдделер қақтығысын болғызбаудың, анықтаудың, басқарудың және ашып көрсетудің өзі бекіткен қағидалары мен рәсімдерінің қолданылуын ішкі бақылау органдары арқылы бақылайды.
3. Рейтингтік талдаушылардың, оның ішінде рейтингтік комитеттер төрағаларының, ішкі бақылау қызметінің, тәуекелдерді басқару бөлімшесінің жұмыскерлері сыйақысының мөлшері кредиттік рейтингтік агенттіктің қаржы-шаруашылық қызметінің нәтижелеріне және (немесе) кредиттік рейтингтік агенттіктің рейтинг берілетін тұлғадан алған кірісіне қарамастан белгіленеді.
4. Кредиттік рейтингтік агенттік көрсететін қызметтерге төленетін ақының мөлшері мен рәсімдері берілген рейтингтің немесе рейтинг бойынша болжамның деңгейіне, сондай-ақ рейтинг берілетін тұлғаның берілген рейтингпен немесе рейтинг бойынша болжаммен келісуіне немесе келіспеуіне байланысты болмайтындай етіп айқындалады.
5. Кредиттік рейтингтік агенттік өз қызметін қамтамасыз ету мақсатында активтермен жасалатын мәмілелерді, оның ішінде активтерді пайдалануға беру жөніндегі мәмілелерді жүзеге асырған кезде осы баптың 1-тармағының талаптарын сақтауға міндетті.
6. Мыналарды:
қаржы құралдарының орнықты даму және (немесе) қаржыландыру қағидаттарына сәйкес келуі тұрғысынан оларды верификациялауды;
ұйымдардың қызметіне, оның ішінде ұйымның қаржылық мүмкіндіктері мен тәуекелдерді басқару деңгейін растайтын баға беруді;
ғылыми зерттеулер мен әзірлемелерді, оның ішінде қолданбалы зерттеулерді;
экономикалық-математикалық модельдеу мен макроэкономикалық болжау құралдарын зерттеу мен әзірлеуді;
өзге де кәсіптік, ғылыми, талдамалық және техникалық қызметті;
деректерді, оның ішінде рейтингтік әрекеттерді жүзеге асыру туралы шарт жасасқан тұлғаларға тарату бойынша көрсетілетін қызметтерді;
осы Заңның 15 және 19-баптарында көзделген қызмет шеңберінде кредит төлеу қабілеттілігін бағалау, тәуекелдерді талдау және шешімдер қабылдау процестерін цифрландыру үшін бағдарламалық қамтылым құруды, дамытуды және ендіруді қоспағанда, кредиттік рейтингтік агенттіктің өзге де кәсіпкерлік қызмет түрлерімен айналысуына, сондай-ақ консультациялық қызметтер көрсетуіне тыйым салынады.
Кредиттік рейтингтік агенттік осы баптың 1-тармағының талаптары сақталған жағдайда жоғарыда аталған қызмет түрлерін көрсетеді.
20-бап. Рейтинг беруге тыйым салынатын мүдделер қақтығысының тізбесі
1. Кредиттік рейтингтік агенттік мынадай мән-жайлар болған кезде:
1) рейтинг берілетін тұлға кредиттік рейтингтік агенттіктің қызметіне елеулі ықпал ететін тұлға болғанда;
2) кредиттік рейтингтік агенттікке елеулі ықпал ететін тұлғамен не тұлғалар тобымен байланысты немесе оларға қатысты үлестес тұлға болып саналатын тұлға рейтинг берілетін тұлғаның қызметін бақылауды жүзеге асырғанда немесе рейтинг берілетін осындай тұлғаға елеулі ықпал еткенде;
3) кредиттік рейтингтік агенттік рейтинг берілетін тұлғаның қызметін бақылауды жүзеге асыратын немесе оған елеулі ықпал ететін тұлға болғанда;
4) кредиттік рейтингтік агенттік, басшы қызметкерлер не рейтинг берілетін тұлғаның рейтингін және (немесе) рейтинг бойынша болжамын дайындауға қатысатын рейтингтік талдаушылар, сондай-ақ олардың жақын туыстары, жұбайы (зайыбы), ата-аналары және жұбайының (зайыбының) балалары рейтинг берілетін тұлғаның қаржы құралдарына немесе өзге де активтеріне тікелей немесе жанама түрде иелік еткенде;
5) рейтингтік комитеттің мүшелері жұмыскердің жақын туыстары, жұбайы (зайыбы), сондай-ақ рейтинг берілетін тұлғаның немесе оны бақылауды жүзеге асыратын немесе оған елеулі ықпал ететін тұлға жұмыскерінің жұбайының (зайыбының) жақын туыстары болғанда;
6) кредиттік рейтингтік агенттіктің орналастырылған акцияларының жалпы санының он және одан көп пайызына иелік ететін кредиттік рейтингтік агенттіктің акционері не кредиттік рейтингтік агенттіктің орналастырылған акцияларының жалпы санының он және одан көп пайызына тікелей немесе жанама түрде билік ететін тұлға:
рейтинг берілетін тұлғаның жарғылық капиталын құрайтын дауыс беретін акцияларға тиесілі дауыстардың он және одан көп пайызын иеленгенде не оның рейтинг берілетін тұлғаға қатысты өзге мүліктік мүддесі болғанда;
рейтинг берілетін тұлғаның немесе оны бақылауды жүзеге асыратын немесе оған елеулі ықпал ететін тұлғалардың басқару органдарының құрамына кіргенде;
7) рейтингтік талдаушылар, кредиттік рейтингтік агенттіктің басшы қызметкерлері рейтинг берілетін тұлғаның немесе оны бақылауды жүзеге асыратын немесе оған елеулі ықпал ететін тұлғалардың басқару органдарының құрамына кіргенде не олардың рейтинг берілетін тұлғамен немесе оны бақылауды жүзеге асыратын немесе оған елеулі ықпал ететін тұлғалармен еңбек қатынасы бойынша байланысы болғанда;
8) рейтинг берілетін тұлға кредиттік рейтингтік агенттік активтерінің баланстық құнының он және одан көп пайызы көлемінде осы агенттіктің кредиторы немесе кредиторды бақылауды жүзеге асыратын немесе оған елеулі ықпал ететін тұлға болғанда, рейтингті немесе рейтинг бойынша болжамды беруге құқылы емес, сондай-ақ кредиттік рейтингтік агенттік берілген рейтингке немесе рейтинг бойынша болжамға әсер ету немесе ықтимал әсер туралы ақпаратты дереу жариялайды.
2. Кредиттік рейтингтік агенттік осы баптың 1-тармағында көрсетілген мән-жайлардың туындау фактісін анықтауға міндетті.
3. Осы баптың 1-тармағында көрсетілген мән-жайлар анықталған және олар жарияланған кезде кредиттік рейтингтік агенттік бар рейтингті немесе рейтинг бойынша болжамды қайта қарауға негіздердің бар-жоғын айқындайды, сондай-ақ осындай негіздер болған жағдайда кредиттік рейтингтік агенттіктің ішкі құжаттарында көзделген тәртіппен рейтингке немесе рейтинг бойынша болжамға қатысты тиісті әрекеттер жасайды.
4. Осы баптың 1-тармағында көрсетілген шектеулер екінші деңгейдегі банктердің депозиттеріне, ұжымдық инвестициялаудың әртараптандырылған құралдарына және өзге қаржы құралдарын иеленуге қолданылмайды, мұндай иелену кредиттік рейтинг агенттікке немесе оның жұмыскерлеріне осы қаржы құралдарын ұсынатын қаржы институттарының қызметіне ықпал ету мүмкіндігін қамтамасыз етпейді.
Кредиттік рейтингтік агенттік активтерді екінші деңгейдегі банктердің депозиттеріне, ұжымдық инвестициялаудың әртараптандырылған құралдарына, қаржы құралдарына және өзге де мүлікке оларды инвестициялаудың ең жоғары үлесі екінші деңгейдегі бір банктің және (немесе) қаржы құралдары эмитентінің және (немесе) бір басқарушы компанияның депозиттеріне салынған қаржы активтерінің жиынтық көлемінде он пайыздан аспайтындай етіп орналастыру арқылы қаржы активтерін әртараптандыруды қамтамасыз етеді.
5. Кредиттік рейтингтік агенттік жұмыскерлерінің рейтинг берілетін тұлғалар мен рейтинг берілетін тұлға андеррайтерлерінің қызметіне қатысты рейтингтің деңгейіне әсер етуі мүмкін ұсынымдарды оларға тікелей немесе жанама түрде беруіне тыйым салынады.
21-бап. Рейтингтік талдаушылардың қызметімен байланысты мүдделер қақтығысын басқару
1. Егер рейтингтік талдаушылар:
1) рейтингтік әрекетті жүзеге асыру күніне дейінгі күнтізбелік бір жыл бойы рейтинг берілетін тұлғамен еңбек қатынасында немесе іскерлік қатынаста болса;
2) рейтинг берілетін тұлғаның немесе оны бақылауды жүзеге асыратын немесе осындай тұлғаға елеулі ықпал ететін тұлғалардың бағалы қағаздарын және (немесе) өзге де қаржы құралдарын, өзгедей мүлкін тікелей немесе жанама түрде иеленсе, олардың рейтинг объектісіне қатысты рейтингтік әрекеттерге қатысуына тыйым салынады.
Осы тармақтың бірінші бөлігінің 2) тармақшасында көрсетілген шектеулер жинақтаушы сақтандыру құралдарына, екінші деңгейдегі банктердің депозиттеріне және өзге де активтерді иеленуге қолданылмайды, мұндай иелену талдаушыға осы қаржы құралдарын ұсынатын қаржы институттарының қызметіне ықпал ету мүмкіндігін қамтамасыз етпейді.
2. Рейтингтік талдаушылардың кредиттік рейтингтік агенттік көрсететін қызметтерге ақы төлеу шарттарын рейтинг берілетін тұлғамен, оны бақылауды жүзеге асыратын немесе оған елеулі ықпал ететін тұлғалармен, рейтинг берілетін тұлғаның андеррайтерлерімен, сондай-ақ кредиттік рейтингтік агенттіктің басқа да жұмыскерлерімен және өзге де тұлғалармен талқылауға қатысуына тыйым салынады.
3. Кредиттік рейтингтік агенттік ротациялау (рейтингтің бір объектісіне қатысты рейтингті және (немесе) рейтинг бойынша болжамды дайындауға қатысатын жетекші рейтингтік талдаушыларды ауыстыру) рәсімін қамтамасыз етеді.
4. Рейтингті дайындауға қатысатын жетекші рейтингтік талдаушыларды ауыстыру рейтингтің бір объектісіне қатысты рейтингті дайындауға алғаш қатысқаннан кейін төрт жыл өткен соң жүзеге асырылады. Ротациялауға орай рейтинг объектісімен байланысты рейтингтік әрекеттерге қатысуды тоқтатқан жетекші рейтингтік талдаушылар ротациялау кезінен бастап кемінде екі жыл бойы осы рейтинг объектісіне қатысты рейтингтік әрекеттерге қатысуға құқылы емес.
5. Рейтингтік талдаушылардың кредиттік рейтингтік агенттік акцияларын иеленуіне тыйым салынады.
6. Рейтингтік талдаушылардың рейтинг берілетін тұлғадан, рейтинг берілетін тұлғаның андеррайтерінен және кредиттік рейтингтік агенттікпен іскерлік қатынастағы кез келген тұлғалардан материалдық сыйақы немесе сыйлықтар қабылдауына тыйым салынады.
Кредиттік рейтингтік агенттік рейтингтік талдаушының осы тармақтың бірінші бөлігінде аталған тұлғалардан материалдық сыйақы немесе сыйлықтар қабылдағаны туралы ақпарат алған жағдайда кредиттік рейтингтік агенттік көрсетілген ақпаратты алған кезден бастап үш жұмыс күні ішінде рейтингтік талдаушының рейтингтерге немесе рейтингтер бойынша болжамдарға әсер етуі мүмкін әрекеттерін тексеруге бастамашылық жасайды. Кредиттік рейтингтік агенттік рейтингті немесе рейтинг бойынша болжамды қайта қарауға негіздер тапқан кезде кредиттік рейтингтік агенттік рейтингке немесе рейтинг бойынша болжамға қатысты тиісті әрекеттер жасауды кредиттік рейтингтік агенттіктің ішкі құжаттарында көзделген тәртіппен жүзеге асыруға тиіс.
7. Рейтингтік талдаушы жетекші рейтингтік талдаушы ретінде өзі қатысқан рейтинг объектісіне қатысты мерзімі бойынша соңғы рейтингтік әрекет жасаған кезден бастап алты ай ішінде рейтинг берілетін тұлғаның немесе оны бақылауды жүзеге асыратын немесе оған елеулі ықпал ететін тұлғалардың, сондай-ақ рейтинг берілетін тұлға андеррайтерінің басқару органдарында лауазымдар атқаруға құқылы емес.
8. Рейтингтік талдаушы жұмысынан шығып, рейтинг беруге өзі қатысқан рейтинг берілетін тұлғаға жұмысқа кірген жағдайда, кредиттік рейтингтік агенттік рейтингтік талдаушының жұмыстан шығар алдындағы екі жылдағы талдау нәтижелеріне ревизия жасайды. Рейтинг жөніндегі бұрын қабылданған шешімді бұрмалайтын, қолданылатын рәсімдер мен әдіснамалардан едәуір ауытқулар осындай ревизия нәтижелері бойынша анықталған кезде кредиттік рейтингтік агенттік рейтингті қайта қараудың себебін көрсете отырып, қайта қарауға міндетті.
9. Егер рейтингтік талдаушы не кредиттік рейтингтік агенттіктің өзге жұмыскері өз міндеттерін орындау барысында кредиттік рейтингтік агенттіктің басқа жұмыскерлері Қазақстан Республикасының заңдарында, ішкі қағидаларды, ережелерді, мінез-құлық кодексін қоса алғанда, кредиттік рейтингтік агенттіктің ішкі құжаттарында белгіленген талаптарды және (немесе) шектеулерді бұзғанын анықтаса, осы рейтингтік талдаушы немесе өзге жұмыскер бұл бұзушылық туралы ішкі бақылау қызметінің жауапты қызметкеріне хабарлауға міндетті. Кредиттік рейтингтік агенттіктің ішкі рәсімдері рейтингтік талдаушыны және өзге жұмыскерді осындай хабарлардың кез келген ықтимал салдарынан қорғауды көздейді.
22-бап. Мүдделер қақтығысының жекелеген түрлерін басқару
1. Кредиттік рейтингтік агенттік ықтимал мүдделер қақтығысын барынша азайту мақсатында рейтингтер беру жөніндегі кредиттік рейтингтік қызметті өзге қызмет түрлерінен заңдық және ұйымдастырушылық тұрғыдан ажыратып бөлуді жүзеге асырады.
2. Кредиттік рейтингтік агенттіктің директорлар кеңесінің тәуелсіз мүшесі рейтинг берілетін тұлғаның үлестес тұлғасы бола алмайды.
3. Кредиттік рейтингтік агенттіктің директорлар кеңесінің тәуелсіз мүшесі бес жылдан аспайтын мерзімге тәуелсіз директор бола алады.
4. Әдіснамаларды бекіту мен қайта қарауды жүзеге асыратын бөлімшенің жұмыскерлері кредиттік рейтингтік агенттіктің басқару органдарының мүшелері, рейтингтік талдаушылар, сондай-ақ коммерциялық қызмет пен бизнесті дамытуға (маркетингтік қызметке, жұртшылықпен байланысқа, рейтингтік қызметтер көрсету туралы шарттар жасасуға) жауапты болатын, сондай-ақ осындай қызметпен байланысты құжаттамаға қолжетімділігі бар тұлғалар бола алмайды.
5. Коммерциялық қызмет пен бизнесті дамытуға (маркетингтік қызметке, бұқаралық ақпарат құралдарымен өзара іс-қимыл жасасуға, рейтингтік қызметтер көрсету туралы шарттар жасасуға) жауапты болатын, сондай-ақ осындай қызметпен байланысты құжаттамаға қолжетімділігі бар жұмыскерлердің рейтингтік комитеттің отырыстарына қатысуына жол берілмейді.
6. Кредиттік рейтингтік агенттік рейтинг берілетін бір тұлғаға бірнеше қызметті бір мезгілде көрсеткен кезде мұндай факт рейтингті және рейтингтер бойынша болжамды жариялаумен қатар жүретін хабарда ашып көрсетіледі.
5-тарау. АҚПАРАТТЫ АШЫП КӨРСЕТУ ЖӘНЕ ҚҰПИЯ АҚПАРАТПЕН ЖҰМЫС ІСТЕУ
23-бап. Кредиттік рейтингтік агенттіктің қызметі туралы ақпаратты ашып көрсету
1. Кредиттік рейтингтік агенттіктер жария емес рейтингтерді қоспағанда, осы Заңға және Қазақстан Республикасының өзге де заңдарына сәйкес ақпарат алу мақсатына қарамастан, ақпараттың барлық мүдделі тұлғаларға қолжетімді болуын қамтамасыз ету арқылы осы ақпаратты толық және дәл нысанда ашып көрсетеді.
2. Кредиттік рейтингтік агенттік өзінің ішкі қағидаларындағы, рәсімдеріндегі, басқару органдарының құрылымындағы, меншік құрылымындағы кез келген елеулі өзгерістер туралы ақпаратты өз интернет-ресурсында ашып көрсетеді.
3. Кредиттік рейтингтік агенттік мынадай ақпаратты ашып көрсетуді тұрақты негізде қамтамасыз етеді:
1) қолданыстағы рейтингтердің және рейтингтер бойынша болжамдардың, сондай-ақ кері қайтарып алынған рейтингтердің тізбесі;
2) орын алған немесе ықтимал мүдделер қақтығысының тізбесі;
3) көрсетілетін қосымша қызметтердің тізбесі;
4) рейтингтерді және рейтингтер бойынша болжамдарды қоса алғанда, олармен байланысты басқа да хабарларды жариялау қағидалары;
5) баға белгілеу саясаты, оның ішінде әртүрлі рейтинг объектілері мен рейтинг түрлеріне қатысты саясат;
6) әдіснамалар мен модельдердің, әрбір рейтингтік санат анықтамасының, рейтингтің әрбір түрі үшін қабылданған рейтингтік шәкілдің, негізгі рейтингтік болжамдардың, барлық сандық және сапалық факторлар тізбелерінің, дереккөздердің сипаттамасы;
7) кредиттік рейтингтік қызметті жүзеге асырумен байланысты ішкі қағидалар мен рәсімдер;
8) мінез-құлық кодексі.
4. Кредиттік рейтингтік агенттік осы баптың 3-тармағының 2), 3), 4), 5), 6), 7) және 8) тармақшаларында көрсетілген ақпаратты тиісті құжат бекітілген кезден бастап үш жұмыс күнінен кешіктірмей, ал егер тиісті ақпарат уәкілетті органмен келісілуге тиіс болса, оны уәкілетті органмен келіскен кезден бастап үш жұмыс күнінен кешіктірмей, өз интернет-ресурсында ашып көрсетеді.
5. Кредиттік рейтингтік агенттік мерзімдік негізде мынадай ақпаратты:
қолданылатын рейтингтік шәкілдердің рейтингтік санаттары бойынша дефолт деңгейлері туралы тарихи деректерді – әр алты ай сайын;
берілген рейтингтердің жалпы санындағы сұратылмаған рейтингтер үлесін көрсете отырып, соңғы күнтізбелік жылда берілген рейтингтердің тізімін және рейтинг берілетін тұлғалар мен ақшалай түсімдерінің үлесі өткен соңғы күнтізбелік жылдың қорытындысы бойынша кредиттік рейтингтік агенттік кірісінің бес және одан көп пайызын құраған өзге де тұлғалардың тізімін жыл сайын ашып көрсетуді қамтамасыз етеді.
6. Кредиттік рейтингтік агенттік жыл сайын 31 наурыздан кешіктірмей, кредиттік рейтингтік агенттіктің өткен жылғы қызметінің ашықтығы туралы есепті ашып көрсетеді, онда мынадай ақпарат қамтылады:
1) кредиттік рейтингтік агенттік акционерлерінің бенефициарлық меншік иелеріне дейінгі құрамы;
2) кредиттік рейтингтік агенттіктің басқару органы мен атқарушы органы туралы мәліметтер;
3) кредиттік рейтингтік қызметпен байланысты ішкі бақылау жүйелерінің сипаттамасы;
4) ішкі бақылау қызметінің кредиттік рейтингтік агенттікті жыл сайынғы тексеруінің нәтижелері туралы мәліметтер;
5) рейтинг объектілері мен түрлері бойынша және рейтингтерді беру және қайта қарау жөніндегі, есепті кезеңде жасалған рейтингтік әрекеттер бойынша рейтингтік талдаушыларды бөлу туралы мәліметтер;
6) жетекші рейтингтік талдаушыларды ротациялау туралы есепті кезеңдегі мәліметтер;
7) кредиттік рейтингтік агенттіктің құжаттаманы сақтау жөніндегі ішкі саясаты туралы мәліметтер;
8) кредиттік рейтингтік агенттіктің есепті кезеңдегі рейтингтік және өзге де қызмет түрлері бөлінісіндегі кірістері мен шығыстары туралы мәліметтер.
7. Кредиттік рейтингтік агенттік рейтингтің жаңа түрі бойынша жаңа әдіснама әзірлеген кезде жария талқылау үшін әдіснаманың жобасын кредиттік рейтингтік агенттіктің интернет-ресурсында жариялайды.
8. Кредиттік рейтингтік агенттік осы Заңда көзделген ақпаратты ашық қолжетімділікпен интернет-ресурста ашып көрсетеді. Кредиттік рейтингтік агенттік ақпарат пен құжаттарды қазақ, орыс және ағылшын тілдерінде ашып көрсетеді.
9. Кредиттік рейтингтік агенттік құжаттарды, ақпаратты және деректерді уәкілетті органға қазақ және орыс тілдерінде береді.
Халықаралық рейтингтік агенттіктер мен шетелдік рейтингтік агенттіктердің құжаттарды, ақпаратты және деректерді қазақ және орыс тілдеріне куәландырылған аудармасымен бірге, ағылшын тілінде және (немесе) өзге шет тілінде ұсынуына жол беріледі.
10. Уәкілетті орган коммерциялық немесе заңмен қорғалатын өзге де құпияны құрайтын ақпараттың құпиялылығын сақтай отырып, кредиттік рейтингтік агенттіктен алынған құжаттарды, ақпаратты және деректерді өз интернет-ресурсында жариялауға құқылы.
24-бап. Рейтингтерді және рейтингтер бойынша болжамдарды жариялауға қойылатын талаптар
1. Кредиттік рейтингтік агенттік берген рейтингтер мен рейтингтер бойынша болжамдар кредиттік рейтингтік агенттіктің интернет-ресурсында жариялануға тиіс.
2. Рейтингтерді және рейтингтер бойынша болжамдарды жариялау мынадай ақпаратты қамтитын хабармен қатар жүреді:
1) рейтингтік әрекет үшін жауапты жетекші рейтингтік талдаушыны көрсету;
2) берілген рейтингтің немесе рейтинг бойынша болжамның негіздемелері;
3) рейтингті айқындау кезінде қолданылған әдіснамалардың нұсқалары;
4) рейтингтің алғашқы берілген және соңғы жаңартылған күні;
5) рейтинг бойынша болжамның қолданылу кезеңі;
6) рейтинг берілетін тұлғаны қоса алғанда, барлық елеулі ақпарат көздері;
7) егер рейтингтің бұл түрі бұрын берілмеген болса, оның алғаш рет беріліп отырғанын көрсету;
8) егер рейтинг берілетін тұлғаға басқа да қызметтер көрсетілген болса, мұндай қызметтердің көрсетілу фактісі;
9) рейтингтің және рейтинг бойынша болжамның орын алған шектеулері, оның ішінде рейтинг объектісі туралы кредиттік рейтингтік агенттік билігіндегі ақпараттың сапасына қатысты шектеулер.
Кредиттік рейтинг беру кезінде бірнеше әдіснама пайдаланылған жағдайда кредиттік рейтингтік агенттік пайдаланылған әртүрлі әдіснамалардың барлық нақты ережелері мен олардың қорытынды рейтингке әсерін ашып көрсетеді.
3. Кредиттік рейтингтік агенттік нақты қателерді жою мен құпия ақпаратты, коммерциялық және заңмен қорғалатын өзге де құпияны алып тастау мақсатында осы баптың 2-тармағында көрсетілген ақпарат қамтылған хабарламаны рейтинг немесе рейтинг бойынша болжам жарияланғанға дейін бір жұмыс күнінен кешіктірмей, рейтинг берілетін тұлғаға жібереді. Нақты қателерді жою мен құпия ақпаратты, коммерциялық және заңмен қорғалатын өзге де құпияны алып тастауды қоспағанда, рейтинг берілетін тұлғаның немесе рейтинг берілетін тұлға андеррайтерінің талабы бойынша кредиттік рейтингтік агенттіктің көрсетілген ақпаратқа өзгерістер енгізуіне жол берілмейді.
Көрсетілген хабарлама рейтинг берілетін тұлғаға жіберілген жағдайда кредиттік рейтингтік агенттік рейтингті жариялауды тоқтата тұруға құқылы.
4. Жария емес рейтингті, сондай-ақ сұратылмаған рейтинг берілген тұлғаның келісімінсіз осы сұратылмаған рейтингті жариялауға тыйым салынады.
5. Рейтинг берілетін тұлғаның келісімі болмаған кезде сұратылмаған рейтинг коммерциялық құпия болып танылады және ішкі мақсаттар үшін ғана пайдаланылады.
25-бап. Құпия ақпаратпен, коммерциялық және заңмен қорғалатын өзге де құпиямен жұмыс істеу
1. Кредиттік рейтингтік агенттік рейтинг берілетін тұлғадан, рейтинг берілетін тұлғаның андеррайтерінен және рейтинг берілетін тұлға тағайындаған басқа да тұлғалардан, оның ішінде мемлекеттік органдардың цифрлық жүйелерінен және кредиттік бюродан алынған құпия ақпаратты, коммерциялық және заңмен қорғалатын өзге де құпияны, сондай-ақ рейтинг беру немесе оны өзгерту жөніндегі әрекет туралы жария емес ақпаратты қорғау үшін саясатты, рәсімдерді және ішкі бақылау құралдарын қабылдауды және олардың сақталуын қамтамасыз етеді.
2. Құпия ақпаратты, коммерциялық және заңмен қорғалатын өзге де құпияны немесе инсайдерлік ақпаратты қорғау үшін қабылданған саясатта, рәсімдерде және ішкі бақылау құралдарында Қазақстан Республикасының заңдарында белгіленген жағдайларды қоспағанда, кредиттік рейтингтік агенттік пен оның жұмыскерлерінің құпия ақпаратты, коммерциялық және заңмен қорғалатын өзге де құпияны немесе инсайдерлік ақпаратты мұндай ақпараттың қатысы бар рейтинг берілетін тұлғаға қатысты кредиттік рейтингтік қызметті жүзеге асыруға қатысы жоқ басқа жұмыскерлерге осындай ақпаратты беруді қоса алғанда, кредиттік рейтингтік агенттіктің кредиттік рейтингтік қызметімен байланысты емес кез келген мақсаттар үшін пайдалануына немесе ашып көрсетуіне салынатын тыйым қамтылуға тиіс.
3. Кредиттік рейтингтік агенттіктің ішкі рәсімдері осы Заңның 24-бабының 3-тармағына сәйкес рейтингтік әрекет туралы ақпаратқа қолжетімділігі бар тұлғалардың тізбесін қабылдау, жариялау және (немесе) рейтинг берілетін тұлғаға жіберу аралығында оны есепке алуды жүргізу мен құжаттандыру мүмкіндігін көздейді.
4. Кредиттік рейтингтік агенттіктің ішкі рәсімдері рейтинг берілетін тұлғаны қоспағанда, жұмыскерлердің жоспарланған рейтингтік әрекет туралы ақпаратты таратуына тыйым салады.
5. Кредиттік рейтингтік агенттік Қазақстан Республикасының заңдарында белгіленген талаптарға сәйкес қаржы саласындағы ақпараттық қауіпсіздікті, оның ішінде киберқауіпсіздікті, құпия ақпаратты, коммерциялық және заңмен қорғалатын өзге де құпияны қамтамасыз ету жөніндегі қажетті шараларды қабылдайды.
6. Құпия ақпарат ретінде белгіленген ақпаратты ашып көрсету туралы талап Қазақстан Республикасының заңдарында белгіленген жағдайларды қоспағанда, кредиттік рейтингтік агенттік рейтинг берілетін тұлғамен, рейтинг берілетін тұлғаның андеррайтерімен немесе рейтинг берудің басқа да бастамашысымен осындай берілген ақпаратқа қатысты құпиялылықты сақтау туралы келісім жасасады.
7. Рейтинг берілетін тұлғаны, рейтинг берілетін тұлғаның андеррайтерін немесе рейтинг берілетін тұлға тағайындаған басқа да тұлғаларды және құпия ақпаратты, коммерциялық және заңнамамен қорғалатын өзге де құпияны немесе инсайдерлік ақпаратты ашып көрсету туралы талап Қазақстан Республикасының заңдарында белгіленген жағдайды қоспағанда, осындай ақпаратты қорғау үшін қабылданған саясатта, рәсімдерде және ішкі бақылау құралдарында кредиттік рейтингтік агенттік пен оның жұмыскерлерінің күтілетін рейтингтік әрекет туралы ақпаратты ашып көрсетуіне салынатын тыйым қамтылуға тиіс.
6-тарау. КРЕДИТТІК РЕЙТИНГТІК ҚЫЗМЕТТІ МЕМЛЕКЕТТІК РЕТТЕУ ЖӘНЕ ҚАДАҒАЛАУ
26-бап. Қазақстан Республикасы Үкіметінің құзыреті
Қазақстан Республикасының Үкіметі:
1) кредиттік рейтингі болуы міндетті, мемлекет қатысатын заңды тұлғаларды айқындау өлшемшарттарын белгілейді;
2) Қазақстан Республикасының Конституциясында, осы Заңда, Қазақстан Республикасының өзге де заңдарында және Қазақстан Республикасы Президентінің актілерінде өзіне жүктелген өзге де функцияларды орындайды.
27-бап. Уәкілетті органның құзыреті
1. Кредиттік рейтингтік агенттіктердің кредиттік рейтингтік қызметін мемлекеттік реттеу мен оны қадағалауды уәкілетті орган жүзеге асырады.
2. Уәкілетті орган:
1) осы Заңда және нормативтік құқықтық актілерде белгіленген талаптарға сәйкес келетін халықаралық рейтингтік агенттіктер мен шетелдік рейтингтік агенттіктерді таниды;
2) осы Заңға сәйкес шетелдік рейтингтік агенттіктерді танудан бас тартады;
3) осы Заңда және нормативтік құқықтық актілерде белгіленген талаптарға сәйкес келмеген жағдайда халықаралық рейтингтік агенттіктер мен шетелдік рейтингтік агенттіктерді тануды кері қайтарып алады;
4) "Қаржы нарығы мен қаржы ұйымдарын мемлекеттік реттеу, бақылау және қадағалау туралы" Қазақстан Республикасының Заңында және осы Заңда белгіленген тәртіппен Қазақстан Республикасының кредиттік рейтингтік қызмет туралы заңнамасының сақталуы мәселелері бойынша қазақстандық рейтингтік агенттіктің қызметіне тексеру жүргізеді;
5) осы Заңға сәйкес кредиттік рейтингтік қызмет мәселелері бойынша нормативтік құқықтық актілер қабылдайды;
6) жеке және заңды тұлғалардың кредиттік рейтингтік қызметке қатысты жолданымдарын қарайды;
7) қазақстандық рейтингтік агенттіктің кредиттік рейтингтік қызметімен байланысты құжаттардың, деректердің және өзге де ақпараттың берілу тәртібі мен мерзімдерін белгілейді;
8) қазақстандық рейтингтік агенттіктің ішкі бақылау жүйесіне қойылатын талаптарды белгілейді;
9) қазақстандық рейтингтік агенттіктің және уәкілетті орган танитын халықаралық рейтингтік агенттіктердің және (немесе) шетелдік рейтингтік агенттіктердің кредиттік рейтингтерінің салыстырма кестесін әзірлеп, бекітеді;
10) кредиттік рейтингтік агенттікке осы Заңда белгіленген шектеулі ықпал ету шараларын қолданады;
11) қазақстандық рейтингтік агенттіктің қаржы саласындағы ақпараттық қауіпсіздігін, оның ішінде киберқауіпсіздігін қамтамасыз етуге қойылатын талаптарды белгілейді;
12) кредиттік рейтингтік агенттіктер танитын кредиттік рейтингтердің қолданылуын айқындайды;
13) қазақстандық рейтингтік агенттіктің ішкі құжатын, сондай-ақ оған ұйымдардың қызметіне баға беру және өзге де рейтингтер мәселелері бойынша енгізілетін өзгерістерді және (немесе) толықтыруларды келіседі;
14) кредиттік рейтингтік агенттіктерге шектеулі ықпал ету шараларын қолдану қағидаларын әзірлеп, бекітеді;
15) осы Заңда, Қазақстан Республикасының өзге де заңдарында және Қазақстан Республикасы Президентінің актілерінде көзделген өзге де функциялар мен өкілеттіктерді жүзеге асырады.
28-бап. Уәкілетті орган кредиттік рейтингтік агенттіктерге қолданатын шектеулі ықпал ету шаралары мен санкциялар
1. Уәкілетті орган Қазақстан Республикасының кредиттік рейтингтік туралы заңнамасын бұзушылықтарды анықтаған, қазақстандық рейтингтік агенттіктің немесе оның лауазымды адамдарының құқыққа сыйымсыз әрекеттері (әрекетсіздігі) анықталған, сондай-ақ уәкілетті органның осы Заңда және "Акционерлік қоғамдар туралы" Қазақстан Республикасының Заңында көзделген өзге де талаптары орындалмаған жағдайларда уәкілетті орган қазақстандық рейтингтік агенттікке мынадай шектеулі ықпал ету шараларының бірін қолданады:
1) орындалуы міндетті жазбаша нұсқама;
2) жазбаша ескерту;
3) жазбаша келісім.
Халықаралық рейтингтік агенттіктер немесе шетелдік рейтингтік агенттіктер Қазақстан Республикасының кредиттік рейтингтік қызмет туралы заңнамасын бұзған, құқыққа сыйымсыз әрекеттер (әрекетсіздік) жасаған, сондай-ақ уәкілетті органның осы Заңда және "Акционерлік қоғамдар туралы" Қазақстан Республикасының Заңында көзделген өзге де талаптарын орындамаған кезде уәкілетті орган осы тармақтың 2) және 3) тармақшаларында көрсетілген шектеулі ықпал ету шараларын қолданады.
2. Жазбаша нұсқама – анықталған бұзушылықтарды және (немесе) олардың себептерін, сондай-ақ олардың жасалуына ықпал еткен жағдайларды белгіленген мерзімде жоюға бағытталған, орындалуы міндетті түзету шараларын қабылдауға және (немесе) анықталған бұзушылықтарды және (немесе) олардың себептерін, сондай-ақ олардың жасалуына ықпал еткен жағдайларды жою жөніндегі іс-шаралар жоспарын (бұдан әрі – іс-шаралар жоспары) белгіленген мерзімде ұсыну қажеттігіне қазақстандық рейтингтік агенттікке берілетін нұсқау.
Жазбаша нұсқамада белгіленген мерзімде ұсынылған іс-шаралар жоспарында бұзушылықтардың, олардың туындауына алып келген себептердің сипаттамасы, жоспарланған іс-шаралар тізбесі, оларды жүзеге асыру мерзімдері, сондай-ақ жауапты лауазымды адамдар көрсетіледі.
Уәкілетті органның жазбаша нұсқамасына шағым жасау Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен жүзеге асырылады және оның орындалуын тоқтата тұрмайды.
3. Қазақстандық рейтингтік агенттік жазбаша нұсқамада көзделген мерзімдерде осы жазбаша нұсқамада көрсетілген шаралардың орындалғаны туралы уәкілетті органды хабардар етуге міндетті.
4. Бұзушылықты іс-шаралар жоспарында не жазбаша нұсқамада белгіленген мерзімдерде жою қазақстандық рейтингтік агенттікке байланысты емес себептер бойынша мүмкін болмаған жағдайда, уәкілетті орган іс-шаралар жоспарын не жазбаша нұсқаманы орындау мерзімін қатарынан күнтізбелік алты айдан аспайтын мерзімге ұзартады.
5. Жазбаша ескерту – Қазақстан Республикасы заңдарының талаптарын осы жазбаша ескерту шығарылған бұзушылыққа ұқсас бұзушылықтың қатарынан күнтізбелік алты ай ішінде қайталанғанын уәкілетті орган анықтаған жағдайда, кредиттік рейтингтік агенттікке санкциялар қолданылуы мүмкін екені туралы уәкілетті органның хабарламасы.
6. Жазбаша келісім – уәкілетті орган мен кредиттік рейтингтік агенттік арасында жасалған, анықталған бұзушылықтарды жою қажеттігі және осы бұзушылықтарды жою мерзімдерін көрсетіп, оларды жою жөніндегі шаралардың тізбесін және (немесе) кредиттік рейтингтік агенттік өзіне қабылдайтын шектеулердің тізбесін бекіту туралы жазбаша келісім.
Жазбаша келісімге кредиттік рейтингтік агенттік тарапынан міндетті түрде қол қойылуға тиіс.
7. Осы Заң талаптарын ұқсас бұзушылықтар бірнеше рет (қатарынан күнтізбелік он екі ай ішінде екі және одан көп рет) анықталған жағдайда, уәкілетті орган осы Заңның 13-бабының 1-тармағында аталған адамдарды қызметтік міндеттерін орындаудан шеттету туралы орындалуы міндетті талапты қазақстандық рейтингтік агенттікке санкция ретінде қолдануға құқылы.
29-бап. Рейтингтің болуы туралы талаптар
1. Кредиттік рейтингтік агенттіктер беретін рейтингтің болуы туралы талаптар Қазақстан Республикасының заңдарында белгіленеді.
Егер Қазақстан Республикасының заңдарында өзгеше көзделмесе, рейтингтің болмауы қаржылық көрсетілетін қызметтерді, мемлекеттік қолдау шараларын ұсынудан және бағалы қағаздар нарығына қолжетімділікті шектеуден бас тартуға негіз болмайды.
2. Заңды тұлғалар инвестициялық қызметті жүзеге асыру кезінде контрагенттің (эмитенттің), сондай-ақ сатып алынатын қаржы құралдарының рейтингіне қойылатын талаптарды белгілеуге құқылы.
3. Осы баптың 1-тармағының талаптары Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкінің активтерін басқаруға, "Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі туралы" Қазақстан Республикасының Заңында көзделген оның операциялары мен мәмілелеріне қолданылмайды.
4. Қазақстан Республикасының Үкіметі белгілеген өлшемшарттарға сәйкес келетін, мемлекет қатысатын заңды тұлғалар үшін кредиттік рейтингтің болуы міндетті.
7-тарау. ҚОРЫТЫНДЫ ЕРЕЖЕЛЕР
Кредиттік рейтингтік агенттік, рейтинг берілетін тұлғалар және рейтингтерді пайдаланушылар арасында туындайтын даулар Қазақстан Республикасының заңдарында белгіленген тәртіппен шешіледі.
31-бап. Қазақстан Республикасының кредиттік рейтингтік қызмет туралы заңнамасын бұзғаны үшін жауаптылық
Қазақстан Республикасының кредиттік рейтингтік қызмет туралы заңнамасын бұзу Қазақстан Республикасының заңдарында белгіленген жауаптылыққа алып келеді.
32-бап. Осы Заңды қолданысқа енгізу тәртібі
Осы Заң 2027 жылғы 1 шілдеден бастап қолданысқа енгізілетін осы Заңның 14-бабын және 29-бабының 4-тармағын қоспағанда, ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік алпыс күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.
|
Қазақстан Республикасының Президенті |
Қ. ТОҚАЕВ |