ЗҚАИ-ның есетерпесі!
Осы заңның қолданысқа енгізілу тәртібін 25-б. қараңыз.
Осы Заң Қазақстан Республикасының аумақтық қорғанысы саласындағы қоғамдық қатынастарды реттейді.
1-тарау. ЖАЛПЫ ЕРЕЖЕЛЕР
1-бап. Осы Заңда пайдаланылатын негізгі ұғымдар
Осы Заңда мынадай негізгі ұғымдар пайдаланылады:
1) аумақтық қорғаныс аймағы – тиісті облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың, астананың шекараларымен айқындалған Қазақстан Республикасы аумағының бір бөлігі;
2) аумақтық қорғаныс жоспары – аумақтық қорғанысты дайындау, өрістету және оның жұмыс істеуі жөніндегі іс-шараларды жүргізу тәртібін айқындайтын өзара байланысты құжаттардың жинақталымы;
3) ерікті адам – Қазақстан Республикасының заңдарында белгіленген жағдайларды қоспағанда, өзін-өзі қорғау құралымына ерікті негізде қабылданған Қазақстан Республикасының азаматы;
4) Қазақстан Республикасы Қарулы Күштері аумақтық әскерлерінің аумақтық органдары – Қазақстан Республикасы Қарулы Күштері әскери бөлімдерінің құқықтарында бейбіт уақытта жұмыс істейтін облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың, астананың тактикалық әскери басқару органдары және олардың бөлімшелері;
5) Қазақстан Республикасы Қарулы Күштерінің аумақтық әскерлері (бұдан әрі – аумақтық әскерлер) – Қазақстан Республикасы Қарулы Күштерінің құрамдас бөлігі болып табылатын, әкімшілік-аумақтық бірліктің шекарасы шегінде қалыптастырылған және Қазақстан Республикасының аумақтық қорғанысы міндеттерін орындауға арналған әскери басқару органдары, әскери бөлімдер және олардың бөлімшелері;
6) Қазақстан Республикасының аумақтық қорғаныс объектілері (бұдан әрі – аумақтық қорғаныс объектілері) – әскери және мемлекеттік маңызы бар объектілер, сондай-ақ меншік нысандарына қарамастан өзге де объектілер;
7) Қазақстан Республикасының аумақтық қорғанысы (бұдан әрі – аумақтық қорғаныс) – жұмылдыру, соғыс жағдайы кезеңінде және соғыс уақытында аумақтық қорғаныс күштері жүзеге асыратын қорғаныс жүйесіндегі әскери және жалпымемлекеттік шаралар жиынтығы;
8) өзін-өзі қорғау құралымы – аумақтық қорғанысты дайындауға және оның міндеттерін орындауға қатысу үшін еріктілер қатарынан соғыс жағдайы кезеңінде және соғыс уақытында әскери басқару органдары құратын және жасақтайтын құралым.
2-бап. Қазақстан Республикасының аумақтық қорғаныс саласындағы заңнамасы
1. Қазақстан Республикасының аумақтық қорғаныс саласындағы заңнамасы Қазақстан Республикасының Конституциясына негізделеді және осы Заң мен Қазақстан Республикасының өзге де нормативтік құқықтық актілерінен тұрады.
2. Қазақстан Республикасы ратификациялаған халықаралық шарттар осы Заңнан басым болады. Қазақстан Республикасы қатысушысы болып табылатын халықаралық шарттардың Қазақстан Республикасының аумағында қолданылу тәртібі мен талаптары Қазақстан Республикасының заңнамасында айқындалады.
3-бап. Аумақтық қорғаныстың мақсаты мен міндеттері
1. Аумақтық қорғаныстың мақсаты Қазақстан Республикасының халқын, аумақтық қорғаныс объектілерін және аумағын жұмылдыру, соғыс жағдайы кезеңінде және соғыс уақытында қарсыластың әрекеттерінен қорғау болып табылады.
2. Аумақтық қорғаныстың міндеттері мыналар болып табылады:
1) Қазақстан Республикасының аумағын, елді мекендерді қорғау және олардың қорғанысы, халықты қорғау;
2) аумақтық қорғаныс жоспарларына сәйкес аумақтық қорғаныс объектілерін қорғау және олардың қорғанысы;
3) Қазақстан Республикасының бүкіл аумағында немесе оның жекелеген жерлерінде соғыс жағдайы режимін қамтамасыз етуге қатысу;
4) ұрыс қимылдарына, оның ішінде Қазақстан Республикасының шекаралық кеңістігіндегі ұрыс қимылдарына қатысу;
5) қарсыластың десанттық және диверсиялық-барлау күштерімен және террористік топтармен күреске қатысу;
6) қарсылас уақытша басып алған (оккупациялаған) Қазақстан Республикасының аумағында қарулы күрес жүргізу;
7) Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес өзге де міндеттер.
4-бап. Аумақтық қорғаныстың қағидаттары
Аумақтық қорғаныстың қағидаттары мыналар болып табылады:
1) заңдылық;
2) дара басшылық;
3) аумақтылық және көпшілікке ортақтық;
4) аумақтық қорғанысты ұйымдастыру тәсілдерінің бірлігі;
5) аумақтық қорғаныс іс-шараларын жүргізудің міндеттілігі;
6) аумақтық қорғаныс іс-шараларын қаржыландырудың жеткіліктілігі;
7) аумақтық қорғаныс күштерін барынша аз уақыт ішінде өрістету және әрекет жасауға әзір ету.
5-бап. Қазақстан Республикасының халықаралық ынтымақтастығы
Қазақстан Республикасының аумақтық қорғаныс саласында тәжірибе алмасу бойынша басқа мемлекеттермен ынтымақтастығы Қазақстан Республикасы ратификациялаған халықаралық шарттарға сәйкес жүзеге асырылады.
6-бап. Аумақтық қорғаныс іс-шаралары
Аумақтық қорғаныс міндеттерін орындау мақсатында мынадай іс-шаралар жүргізіледі:
1) аумақтық қорғанысты жоспарлау;
2) аумақтық қорғаныс объектілерінің тізбесін қабылдау;
3) Қазақстан Республикасының аумақтық қорғаныс саласындағы нормативтік құқықтық актілерін әзірлеу және бекіту;
4) аумақтық қорғаныс күштерін құру, жасақтау, жарақтандыру және аумақтық қорғаныс міндеттерін орындауға әзірлікте ұстап тұру;
5) жергілікті атқарушы органдарды, халықты және аумақтық қорғаныс күштерін аумақтық қорғаныс міндеттерін орындауға дайындау;
6) аумақтық қорғаныс объектілерінің инженерлік-техникалық нығайтылуын және диверсияға қарсы қауіпсіздігін қамтамасыз ету және оларды күтіп-ұстау;
7) орталық және жергілікті атқарушы органдар, Қазақстан Республикасының Президентіне тікелей бағынатын және есеп беретін Қазақстан Республикасының мемлекеттік органдары, меншік нысандарына қарамастан ұйымдар, сондай-ақ аумақтық қорғаныс күштері арасындағы өзара іс-қимылды ұйымдастыру;
8) аумақтық әскерлерді арнайы өрістету;
9) аумақтық қорғаныс жоспарларына сәйкес елді мекендерді, аумақтық қорғаныс объектілерін қорғау және олардың қорғанысы;
10) қоғамдық тәртіпті қорғауды күшейту және қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету;
11) Қазақстан Республикасының азаматтық қорғау туралы заңнамасына сәйкес эвакуациялық іс-шараларды жоспарлау және жүргізу;
12) қауіпсіздікке төнген тікелей қатер туралы халыққа күні бұрын хабар беру және құлақтандыру;
13) Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес байланысты ұйымдастыру;
14) аумақтық қорғаныс күштеріне басшылық жасау;
15) Қазақстан Республикасының аумақтық қорғанысын дайындау және жүргізу қағидаларында көзделген өзге де іс-шаралар.
7-бап. Аумақтық қорғаныс жоспарлары
1. Қазақстан Республикасының аумақтық қорғаныс жоспары Қазақстан Республикасы қорғаныс жоспарының құрамдас бөлігі болып табылады және аумақтық қорғаныс аймақтарының жоспарларын қамтиды. Қазақстан Республикасының аумақтық қорғаныс жоспарын Қазақстан Республикасы Қарулы Күштерінің Бас штабы әзірлейді.
2. Аумақтық қорғаныс аймақтарының жоспарларын Қазақстан Республикасы Қарулы Күштерінің Бас штабымен келісу бойынша облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың, астананың әкімдері әзірлейді және бекітеді.
3. Әкімшілік-аумақтық бірліктердің (ауылдың, кенттің, ауылдық округтің, қаладағы ауданның, қаланың, ауданның) аумақтық қорғаныс жоспарларын, қажет болған жағдайда, облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың, астананың әкімдерімен келісу бойынша тиісті әкімшілік-аумақтық бірліктердің әкімдері әзірлейді және бекітеді және аумақтық қорғаныс аймақтары жоспарларының құрамдас бөлігі болып табылады.
2-тарау. АУМАҚТЫҚ ҚОРҒАНЫС САЛАСЫНДАҒЫ МЕМЛЕКЕТТІК РЕТТЕУ
8-бап. Қазақстан Республикасы Президентінің өкілеттіктері
Қазақстан Республикасының Президенті:
1) аумақтық қорғаныс міндеттерін орындау мақсатында әскери міндеттілерді арнаулы әскери жиындарға шақыру туралы шешім қабылдайды;
2) аумақтық қорғанысты ұйымдастыру жүйесін айқындайды;
3) Қазақстан Республикасының Конституциясына және Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес өзге де өкілеттіктерді жүзеге асырады.
9-бап. Қазақстан Республикасы Үкіметінің құзыреті
Қазақстан Республикасының Үкіметі:
1) аумақтық қорғанысты ұйымдастыруды, жоспарлауды және оған тікелей басшылық жасауды жүзеге асырады, сондай-ақ өз құзыреті шегінде орталық және жергілікті атқарушы органдарға аумақтық қорғанысты дайындау және жүргізу жөніндегі іс-шараларды және міндеттерді орындау көлемдерін айқындайды, олардың іс-қимылдарын үйлестіреді;
2) орталық және жергілікті атқарушы органдардың аумақтық қорғаныс саласындағы қызметіне басшылық жасайды;
3) аумақтық қорғаныс іс-шараларын жүргізуді қамтамасыз етеді;
4) Қазақстан Республикасының аумақтық қорғанысын дайындау және жүргізу қағидаларын бекітеді;
5) Қазақстан Республикасының аумақтық қорғаныс объектілерінің тізбесін бекітеді;
6) өзіне Қазақстан Республикасының Конституциясымен, Қазақстан Республикасының заңдарымен және Қазақстан Республикасы Президентінің актілерімен жүктелген өзге де функцияларды орындайды.
10-бап. Аумақтық қорғаныс саласындағы уәкілетті органның құзыреті
1. Қазақстан Республикасының Қорғаныс министрлігі аумақтық қорғаныс саласындағы уәкілетті орган (бұдан әрі – уәкілетті орган) болып табылады.
2. Уәкілетті орган:
1) Қазақстан Республикасының Үкіметіне аумақтық қорғаныс саласындағы негізгі бағыттар, сондай-ақ оны жоспарлау жөнінде ұсыныстар енгізеді;
2) өз құзыреті шегінде Қазақстан Республикасының аумақтық қорғаныс саласындағы нормативтік құқықтық актілерін бекітеді;
3) аумақтық әскерлерді қару-жарақпен және әскери техникамен қамтамасыз етеді;
4) Қазақстан Республикасының аумақтық қорғанысын дайындау және жүргізу қағидаларын әзірлейді;
5) Қазақстан Республикасының аумақтық қорғаныс объектілерінің тізбесін әзірлейді;
6) аумақтық қорғаныс саласындағы мемлекеттік бақылауды жүзеге асырады;
7) осы Заңда, Қазақстан Республикасының өзге де заңдарында, Қазақстан Республикасы Президентінің және Қазақстан Республикасы Үкіметінің актілерінде көзделген өзге де өкілеттіктерді жүзеге асырады.
11-бап. Қазақстан Республикасы Қарулы Күштері Бас штабының құзыреті
Қазақстан Республикасы Қарулы Күштерінің Бас штабы өз құзыреті шегінде:
1) Қазақстан Республикасының аумақтық қорғаныс саласындағы нормативтік құқықтық актілерін әзірлейді;
2) облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың, астананың қорғаныс кеңестерінің қызметін үйлестіреді;
3) аумақтық қорғаныс күштері мен құралдарының іс-қимылдарын үйлестіреді;
4) аумақтық әскерлерді қолдануды жоспарлайды және олардың
іс-қимылдарына жалпы басшылықты жүзеге асырады;
5) аумақтық қорғаныстың тиісті аймақтарының шегінен тыс жерлерде аумақтық әскерлерді қолдану туралы шешім қабылдайды;
6) Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес Қазақстан Республикасының Қарулы Күштерін қолдануды жоспарлау және басқару, олардың басқа да әскерлермен және әскери құралымдармен өзара іс-қимыл жасауы саласындағы өзге де функцияларды жүзеге асырады.
12-бап. Орталық атқарушы органдардың, Қазақстан Республикасының Президентіне тікелей бағынатын және есеп беретін Қазақстан Республикасы мемлекеттік органдарының құзыреті
1. Қазақстан Республикасының Ішкі істер министрлігі өз құзыреті шегінде:
1) аумақтық қорғанысты жоспарлауға қатысады;
2) Қазақстан Республикасының ішкі істер органдарын аумақтық қорғаныс міндеттерін орындауға жан-жақты дайындауды жүзеге асырады және олардың ұдайы әзірлікте болуын қамтамасыз етеді;
3) аумақтық қорғаныс міндеттерін орындау үшін бөлінетін Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігі құрылымдық бөлімшелерінің, ведомстволардың, аумақтық органдардың және Қазақстан Республикасының Ішкі істер министрлігіне ведомстволық бағынысты ұйымдардың құрамын айқындайды;
4) аумақтық қорғаныс жоспарларына сәйкес аумақтық қорғаныс объектілерін қорғауды және олардың қорғанысын жүзеге асырады;
5) қоғамдық тәртіпті қорғауды жүзеге асырады және қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз етеді;
6) эвакуациялық іс-шараларды жоспарлайды және жүргізуге қатысады;
7) соғыс жағдайы енгізілген кезде және соғыс уақытында Қазақстан Республикасы ішкі істер органдарының тиісті әскери басқару органдарына бағынуын қамтамасыз етеді;
8) осы Заңда, Қазақстан Республикасының өзге де заңдарында, Қазақстан Республикасы Президентінің және Қазақстан Республикасы Үкіметінің актілерінде көзделген өзге де өкілеттіктерді жүзеге асырады.
2. Қазақстан Республикасының өзге де құқық қорғау органдары өз құзыреті шегінде:
1) аумақтық қорғанысты жоспарлауға қатысады;
2) Қазақстан Республикасының құқық қорғау органдарын аумақтық қорғаныс міндеттерін орындауға жан-жақты дайындауды жүзеге асырады және олардың ұдайы әзірлікте болуын қамтамасыз етеді;
3) аумақтық қорғаныс жоспарларына сәйкес ведомстволық бағынысты объектілерді қорғауды және олардың қорғанысын жүзеге асырады;
4) эвакуациялық іс-шараларды жоспарлайды және жүргізеді;
5) осы Заңда, Қазақстан Республикасының өзге де заңдарында және Қазақстан Республикасының Президентінің актілерінде көзделген өзге де өкілеттіктерді жүзеге асырады.
3. Қазақстан Республикасының Төтенше жағдайлар министрлігі өз құзыреті шегінде:
1) аумақтық қорғанысты жоспарлауға қатысады;
2) азаматтық қорғау органдарын аумақтық қорғаныс міндеттерін орындауға жан-жақты дайындауды жүзеге асырады және олардың ұдайы әзірлікте болуын қамтамасыз етеді;
3) әскери басқару органдарынан алынған ақпарат негізінде халыққа қауіпсіздікке төнген тікелей қатер туралы күні бұрын хабар беруді және құлақтандыруды қамтамасыз етеді;
4) орталық және жергілікті атқарушы органдармен өзара іс-қимыл жасай отырып, эвакуациялық іс-шаралар жүргізуді ұйымдастырады;
5) аумақтық қорғаныс жоспарларына сәйкес ведомстволық бағынысты объектілерді қорғауды және олардың қорғанысын жүзеге асырады;
6) жұмылдыру тапсырмасы негізінде арнаулы құралымдар құрады және оларды материалдық-техникалық құралдармен қамтамасыз етеді;
7) осы Заңда, Қазақстан Республикасының өзге де заңдарында, Қазақстан Республикасы Президентінің және Қазақстан Республикасы Үкіметінің актілерінде көзделген өзге де өкілеттіктерді жүзеге асырады.
4. Қазақстан Республикасының Ұлттық қауіпсіздік комитеті өз құзыреті шегінде:
1) аумақтық қорғанысты жоспарлауға қатысады;
2) Қазақстан Республикасының ұлттық қауіпсіздік органдарын аумақтық қорғаныс міндеттерін орындауға жан-жақты дайындауды жүзеге асырады және олардың ұдайы әзірлікте болуын қамтамасыз етеді;
3) аумақтық қорғаныс жоспарларына сәйкес ведомстволық бағынысты объектілерді қорғауды және олардың қорғанысын жүзеге асырады;
4) эвакуациялық іс-шараларды жоспарлайды және жүргізеді;
5) осы Заңда, Қазақстан Республикасының өзге де заңдарында және Қазақстан Республикасы Президентінің актілерінде көзделген өзге де өкілеттіктерді жүзеге асырады.
5. Қазақстан Республикасының Мемлекеттік күзет қызметі өз құзыреті шегінде:
1) аумақтық қорғанысты жоспарлауға қатысады;
2) осы Заңда, Қазақстан Республикасының өзге де заңдарында және Қазақстан Республикасы Президентінің актілерінде көзделген өзге де өкілеттіктерді жүзеге асырады.
6. Қазақстан Республикасының өзге де орталық атқарушы органдары өз құзыреті шегінде:
1) аумақтық қорғанысты жоспарлауға қатысады;
2) аумақтық қорғаныс күштерімен өзара іс-қимыл жасай отырып, аумақтық қорғаныс объектілері болған кезде оларды қорғауды және олардың қорғанысын ұйымдастырады;
3) эвакуациялық іс-шараларды жоспарлайды және жүргізеді;
4) жұмылдыру тапсырмасы негізінде арнаулы құралымдар құрады және оларды материалдық-техникалық құралдармен қамтамасыз етеді;
5) аумақтық қорғаныс объектілері болған кезде олардың инженерлік-техникалық нығайтылуы және диверсияға қарсы қауіпсіздігі жөніндегі іс-шараларды жүргізеді;
6) осы Заңда, Қазақстан Республикасының өзге де заңдарында, Қазақстан Республикасы Президентінің және Қазақстан Республикасы Үкіметінің актілерінде көзделген өзге де өкілеттіктерді жүзеге асырады.
13-бап. Жергілікті атқарушы органдардың құзыреті
1. Жергілікті атқарушы органдар өз құзыреті шегінде:
1) Қазақстан Республикасының қорғаныс жоспары негізінде әкімшілік-аумақтық бірліктің аумақтық қорғанысын ұйымдастыру туралы шешім қабылдайды;
2) аумақтық қорғаныс жоспарларын іске асыру жөніндегі құжаттарды әзірлеуге қатысады;
3) аумақтық қорғаныс күштеріне, меншік нысандарына қарамастан ұйымдарға өкімдер береді, олардың арасындағы өзара іс-қимылды және басқаруды ұйымдастырады;
4) аумақтық әскерлердің әскери бөлімдері мен бөлімшелерін өрістетуді қамтамасыз етеді;
5) аумақтық қорғаныс саласындағы өз қызметін Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес әскери басқару органдарымен келіседі;
6) Қазақстан Республикасы Қарулы Күштерінің Бас штабына жүргізіліп жатқан аумақтық қорғаныс іс-шаралары және аумақтық қорғаныстың жай-күйі туралы хабар береді;
7) эвакуациялық іс-шараларды жоспарлайды және жүргізеді;
8) жергілікті мемлекеттік басқару мүддесінде Қазақстан Республикасының заңнамасымен жергілікті атқарушы органдарға жүктелген өзге де өкілеттіктерді жүзеге асырады.
2. Облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың, астананың жергілікті атқарушы органдары осы баптың 1-тармағында көрсетілген құзыреттермен қатар, өз құзыреті шегінде:
1) Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың, астананың қорғаныс кеңестерін құрады;
2) аумақтық әскерлердің аумақтық органдарын уәкілетті орган бекіткен саны мен құрылымы шегінде заттай нормаларға (жабдықтау нормаларына) сәйкес, күтіп-ұстауды, қызмет көрсетуді және жөндеуді, жанар-жағармай материалдарын, кеңсе тауарларын сатып алуды, сондай-ақ коммуналдық көрсетілетін қызметтерге, электр энергиясына, жылытуға және көрсетілетін байланыс қызметтеріне ақы төлеу жөніндегі шығындарды, соғыс уақытындағы штаттық қажеттілік нормаларына сәйкес материалдық-техникалық құралдардың запастарын жасауды, аумақтық әскерлерді арнайы өрістетуді жүргізуді, аумақтық әскерлер бөлімшелерінің әскери міндеттілерімен бірге әскери жиындар өткізуді қоса алғанда, қызметтік үй-жайлармен, көлік құралдарымен, ақпараттың, телекоммуникацияның және байланыстың техникалық құралдарымен, жиһазбен және казармалық мүкәммалмен қамтамасыз етеді;
3) аумақтық әскерлердің әскери бөлімдері мен бөлімшелеріне техникалық қызмет көрсетуді және олардың жұмыс істеуін жүзеге асыратын жұмыскерлерді ұстауды қамтамасыз етеді;
4) аумақтық қорғаныстың тиісті аймақтарының аумақтық қорғаныс объектілерінің тізбесін әзірлейді және Қазақстан Республикасы Қарулы Күштерінің Бас штабымен келісу бойынша бекітеді.
3. Әкім тиісті әкімшілік-аумақтық бірліктің аумақтық қорғанысының бастығы болып табылады және аумақтық қорғанысты ұйымдастыру мен оның жай-күйіне жауапты болады.
14-бап. Меншiк нысандарына қарамастан ұйымдардың функциялары
Меншiк нысандарына қарамастан ұйымдар:
1) аумақтық қорғаныс іс-шараларын жүргізуге қатысады;
2) аумақтық қорғаныс объектілері болған кезде олардың инженерлік-техникалық нығайтылуы және диверсияға қарсы қауіпсіздігі жөніндегі іс-шараларды жүргізеді;
3) жұмылдыру тапсырысы негізінде арнаулы құралымдар құрады және оларды материалдық-техникалық құралдармен қамтамасыз етеді;
4) жұмылдыру, соғыс жағдайы кезеңінде және соғыс уақытында аумақтық қорғаныс мұқтаждықтары үшін жер учаскелерін, ғимараттарды, құрылысжайларды, көлік құралдарын және өздерінің меншігіндегі басқа да мүлікті олардың құнын мемлекет кейіннен Қазақстан Республикасының Үкіметі айқындаған тәртіппен соған тең мөлшерде өтейтіндей етіп береді;
5) осы Заңда, Қазақстан Республикасының өзге де заңдарында, Қазақстан Республикасы Президентінің және Қазақстан Республикасы Үкіметінің актілерінде көзделген өзге де өкілеттіктерді жүзеге асырады.
15-бап. Қазақстан Республикасы азаматтарының және басқа да жеке тұлғалардың құқықтары мен міндеттері
1. Қазақстан Республикасының азаматтарының соғыс жағдайы кезеңінде және соғыс уақытында Қазақстан Республикасының аумақтық қорғанысын дайындау және жүргізу қағидаларына сәйкес өзін-өзі қорғау құралымдарына кіру арқылы аумақтық қорғаныс іс-шараларына жүргізуге ерікті түрде қатысуға құқығы бар.
Қазақстан Республикасының азаматтарын өзін-өзі қорғау құралымдарына еріктілер ретінде қабылдау әскери қызметке шақырудан босатуға негіз болып табылмайды.
2. Қазақстан Республикасының азаматтары жұмылдыру және соғыс жағдайы кезеңінде, сондай-ақ соғыс уақытында аумақтық қорғаныс міндеттерін орындауға тартылады.
Қазақстан Республикасының азаматтары жұмылдыру, соғыс жағдайы кезеңінде және соғыс уақытында қорғаныс сипатындағы жұмыстарға, қарсыластың қару қолдануының салдарын жоюға, бүлінген, қираған объектілерді, халықтың тыныс-тіршілігін қамтамасыз ету жүйелерін қалпына келтіруге қатысады.
3. Қазақстан Республикасының азаматтары және басқа да жеке тұлғалар жұмылдыру, соғыс жағдайы кезеңінде және соғыс уақытында аумақтық қорғаныс мұқтаждықтары үшін жер учаскелерін, ғимараттарды, құрылысжайларды, көлік құралдарын және өздерінің меншігіндегі басқа да мүлікті олардың құнын мемлекет кейіннен Қазақстан Республикасының Үкіметі айқындаған тәртіппен соған тең мөлшерде өтейтіндей етіп беруге міндетті.
4. Әскери есепте тұрған Қазақстан Республикасы азаматтары жұмылдыру жарияланған, соғыс жағдайы режимі енгізілген кезден бастап, сондай-ақ соғыс уақытында елді мекеннің шегінен тыс шығуды жергілікті әскери басқару органының тиісті басшысының жазбаша рұқсаты негізінде жүзеге асырады.
16-бап. Аумақтық қорғанысқа басшылық жасау
1. Жұмылдыру, соғыс жағдайы кезеңінде және соғыс уақытында аумақтық қорғанысқа жалпы басшылықты – Қазақстан Республикасы Қарулы Күштері Жоғарғы Бас қолбасшылығының Ставкасы, тікелей басшылықты – Қазақстан Республикасының Үкіметі, ал аумақтық қорғаныс аймақтарында облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың, астананың қорғаныс кеңестері жүзеге асырады.
2. Облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың, астананың қорғаныс кеңестері Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес әскери басқару органдарының нұсқауларын орындайды.
3-тарау. АУМАҚТЫҚ ҚОРҒАНЫС КҮШТЕРІ
17-бап. Аумақтық қорғаныс күштері және олардың арналымы
1. Аумақтық қорғаныс күштері:
1) құқық қорғау органдарының күштері мен құралдарын;
2) Қазақстан Республикасы Мемлекеттік күзет қызметінің Айрықша мақсаттағы күштерін қоспағанда, Қазақстан Республикасының Қарулы Күштері, басқа да әскерлер мен әскери құралымдар аумақтық қорғаныс міндеттерін орындау үшін бөлген күштер мен құралдарды;
3) аумақтық әскерлерді;
4) арнаулы құралымдарды;
5) өзін-өзі қорғау құралымдарын қамтиды.
2. Аумақтық қорғаныс күштері аумақтық қорғаныстың міндеттерін орындайды.
Аумақтық қорғаныс күштерінің арналымы мен жұмыс істеу тәртібі Қазақстан Республикасының аумақтық қорғанысын дайындау және жүргізу қағидаларында айқындалады.
18-бап. Аумақтық әскерлер
1. Аумақтық әскерлердің әскери бөлімдері мен бөлімшелерін қолдану аумақтық қорғаныс жоспарларына сәйкес немесе Қазақстан Республикасы Қарулы Күштері Бас штабының бұйрықтары (өкімдері) негізінде жүзеге асырылады.
2. Аумақтық әскерлер өз құзыреті шегінде:
1) Қазақстан Республикасының аумағын, елді мекендерді қорғауды және олардың қорғанысын және халықты қорғауды жүзеге асырады;
2) аумақтық қорғаныс жоспарларына сәйкес аумақтық қорғаныс объектілерін қорғауды және олардың қорғанысын жүзеге асырады;
3) Қазақстан Республикасының Мемлекеттік шекара учаскелерін қорғауды және олардың қорғанысын күшейтуге қатысады;
4) эвакуацияланатын халықты және жүктерді қорғап-күзетуге және бірге алып жүруге қатысады;
5) жауапкершілік аймағында күзетілетін адамдар болған кезеңде күзет іс-шараларына қатысады;
6) ұрыс қимылдарына, оның ішінде Қазақстан Республикасының шекаралық кеңістігіндегі ұрыс қимылдарына қатысады;
7) қарсыластың десанттық және диверсиялық-барлау күштерімен және террористік топтармен күреске қатысады;
8) қарсылас уақытша басып алған (оккупациялаған) Қазақстан Республикасының аумағында қарулы күрес жүргізеді;
9) осы Заңда, Қазақстан Республикасының өзге де заңдарында, Қазақстан Республикасы Президентінің және Қазақстан Республикасы Үкіметінің актілерінде көзделген өзге де функцияларды орындайды.
3. Аумақтық әскерлердің қару мен әскери техниканы, арнаулы құралдарды, қызметтік иттерді, сондай-ақ дене күшін Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес оларды қолдану шарттарына, тәртібі мен шегіне қатысты бөлігінде қолдануға құқығы бар.
19-бап. Өзін-өзі қорғау құралымдары
1. Өзін-өзі қорғау құралымдары:
1) Қазақстан Республикасының Қарулы Күштеріне, аумақтық полиция органдарына (полиция қызметкерлеріне) елді мекендерді, аумақтық қорғаныс объектілерін күзетуге және олардың қорғанысына, халықты қорғауға жәрдемдеседі;
2) жергілікті атқарушы органдарға аумақтық қорғаныс іс-шараларын жүргізуге жәрдемдеседі;
3) эвакуацияланатын халықты және жүктерді қорғап-күзетуге және бірге алып жүруге қатысады;
4) қарсылас уақытша басып алған (оккупациялаған) Қазақстан Республикасының аумағында қарулы күреске қатысады;
5) Қазақстан Республикасы Қарулы Күштерінің әскерлерін (күштерін) қолдану, сондай-ақ қарсыластың әскерлерін (күштерін) қолдану тиімділігін төмендету үшін қолайлы жағдайлар жасайды;
6) осы Заңда, Қазақстан Республикасының өзге де заңдарында және Қазақстан Республикасы Президентінің актілерінде көзделген өзге де функцияларды орындайды.
2. Өзін-өзі қорғау құралымдары – әскери басқару органының уәкілетті өкілінің, ал ол болмаған жағдайда құқық қорғау органы өкілінің немесе жергілікті атқарушы орган өкілінің басшылығымен құрылады.
Өзін-өзі қорғау құралымдарының басшыларын даярлауды Қазақстан Республикасының Қарулы Күштері күні бұрын жүзеге асырады.
3. Өзін-өзі қорғау құралымдары Қазақстан Республикасы Қарулы Күштері Жоғарғы Бас қолбасшылығы Ставкасының шешімі негізінде соғыс жағдайы кезеңінде және соғыс уақытында Қазақстан Республикасы Қарулы Күштерінің құрамына енгізілуі мүмкін.
Қазақстан Республикасы Қарулы Күштерінің құрамына енгізілген өзін-өзі қорғау құралымдары қатарындағы еріктілерге "Әскери қызмет және әскери қызметшілердің мәртебесі туралы" Қазақстан Республикасы Заңының ережелері қолданылады.
4. Өзін-өзі қорғау құралымының ерікті адамы аумақтық қорғаныс міндеттерін орындау кезінде қаза тапқан (қайтыс болған), жараланған, контузия алған, жарақаттанған, мертіккен немесе ауырған жағдайда, материалдық және өзге де төлемдер Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес өтеледі.
20-бап. Аумақтық қорғаныс іс-шараларын материалдық қамтамасыз ету және аумақтық әскерлерді ұстау
1. Аумақтық қорғаныс іс-шараларын материалдық қамтамасыз етуді Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес орталық және жергілікті атқарушы органдар, сондай-ақ меншік нысандарына қарамастан ұйымдар ұйымдастырады және жүзеге асырады.
2. Қызметтік үй-жайларды, ғимараттар мен құрылысжайларды қоспағанда, аумақтық әскерлердің аумақтық органдары үшін сатып алынатын мүлік Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес олардың балансына беріледі.
3. Аумақтық әскерлердің аумақтық органдарына берілген қару-жарақ пен әскери техниканы, сондай-ақ басқа да мүлікті сақтауға арналған орындар болмаған жағдайда, олардың сақталуын облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың, астананың жергілікті атқарушы органдары ұйымдастырады.
4. Облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың, астананың жергілікті атқарушы органдары аумақтық әскерлердің аумақтық органдарын ғимараттармен және құрылысжайлармен қамтамасыз етуді, оның ішінде олардың күрделі құрылысын жүзеге асырады.
5. Облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың, астананың жергілікті атқарушы органдары ұйымдастыратын аумақтық қорғаныс іс-шараларын жүргізу кезінде аумақтық әскерлерде әскери қызмет өткеретін әскери қызметшілерді, сондай-ақ әскери міндеттілерді орналастыруды, тамақтандыруды және оларға монша-кір жуу қызметін көрсетуді тиісті жергілікті атқарушы органдар жүзеге асырады.
6. Уәкілетті орган ұйымдастыратын аумақтық қорғаныс іс-шараларын жүргізу кезінде аумақтық әскерлердің әскери міндеттілерін орналастыруды, тамақтандыруды және оларға монша-кір жуу қызметін көрсетуді уәкілетті орган жүзеге асырады.
21-бап. Аумақтық қорғаныс саласындағы заңдылықтың сақталуын қадағалау
Аумақтық қорғаныс саласындағы заңдылықтың сақталуын жоғары қадағалауды Қазақстан Республикасының прокуратура органдары жүзеге асырады.
4-тарау. АУМАҚТЫҚ ҚОРҒАНЫС САЛАСЫНДАҒЫ МЕМЛЕКЕТТІК БАҚЫЛАУ
22-бап. Аумақтық қорғаныс саласындағы мемлекеттік бақылау
1. Уәкілетті орган Қазақстан Республикасының аумақтық қорғаныс саласындағы заңнамасының талаптарын бұзушылықтарды анықтау мақсатында аумақтық қорғаныс саласындағы мемлекеттік бақылауды (бұдан әрі – мемлекеттік бақылау) жүзеге асырады.
2. Мыналар:
1) Қазақстан Республикасының арнаулы мемлекеттік органдарын және Қазақстан Республикасының заңдарында көзделген жағдайларды қоспағанда, аумақтық қорғаныс міндеттерін орындауға қатысатын мемлекеттік органдар;
2) аумақтық қорғаныс жоспарларына сәйкес объектілері қорғалуға және қорғанысқа жататын, меншік нысандарына қарамастан ұйымдар мемлекеттік бақылау субъектілері (объектілері) (бұдан әрі – бақылау субъектілері) болып табылады.
23-бап. Мемлекеттік бақылауды жүзеге асыру тәртібі
1. Уәкілетті орган мемлекеттік бақылауды Қазақстан Республикасының мемлекеттік құпиялар туралы заңнамасының талаптарын сақтай отырып, осы бапта белгіленген тәртіппен тексерулер нысанында жүзеге асырады.
Тексерулер бақылау субъектілеріне бару арқылы жүргізіледі және мерзімдік және жоспардан тыс болып бөлінеді.
2. Мерзімдік тексерулер мерзімдік тексерулер жүргізу жоспары негізінде жылына бір реттен жиі емес кезеңділікпен жүргізіледі.
Уәкілетті органның бірінші басшысы мерзімдік тексерулер жүргізу жоспарын тексерулер жүргізілетін жылдың алдындағы жылдың 1 желтоқсанынан кешіктірмей бекітеді.
Бақылау субъектісін (объектісін) мерзімдік тексерулер жүргізу жоспарларына қосу үшін мынадай ақпарат көздерінің бірі:
1) бақылау субъектілері ұсынатын есептілік пен мәліметтер мониторингінің нәтижелері;
2) алдыңғы тексерулердің нәтижелері;
3) мемлекеттік органдардың интернет-ресурстарын, бақылау субъектілерінің (объектілерінің) қызметі туралы құжаттар мен мәліметтерді талдау нәтижелері пайдаланылады.
Мерзімдік тексерулер жүргізу жоспарларын қалыптастыру үшін бақылау субъектілерін (объектілерін) талдау және іріктеу кезінде алдыңғы жылмен салыстырғандағы деректер пайдаланылуы мүмкін.
Мерзімдік тексерулер жүргізу жоспары:
1) жоспардың бекітілген күні мен нөмірін;
2) мемлекеттік органның атауын;
3) тексерілетін бақылау субъектісінің атауын;
4) бақылау субъектісінің (объектісінің) тұрған жерін;
5) тексеру нысанасын;
6) тексеруді жүргізу мерзімдерін;
7) жоспарға қол қоюға уәкілеттік берілген адамның қолтаңбасын қамтиды.
Мерзімдік тексерулер жүргізу жоспары мерзімдік тексеруді жүргізу туралы хабарлама болып табылады және уәкілетті орган Қазақстан Республикасының мемлекеттік құпиялар туралы заңнамасына сәйкес тексерулер жылының алдындағы жылдың 20 желтоқсанынан кешіктірмей бақылау субъектілерінің назарына жеткізеді.
Мерзімдік тексерулер жүргізу жоспарына өзгерістер мен толықтырулар енгізу бақылау субъектісі таратылған, қайта ұйымдастырылған, оның атауы өзгерген немесе бақылау субъектілері арасында өкілеттіктер қайта бөлінген, сондай-ақ табиғи, техногендік және әлеуметтік сипаттағы төтенше жағдай туындаған, төтенше жағдай режимі енгізілген, эпидемияның, карантиндік объектілер мен аса қауіпті зиянды организмдер ошақтарының, инфекциялық, паразиттік аурулардың таралуы, уланулар, радиациялық авариялар мен оларға байланысты шектеулер туындаған немесе олардың туындау қатері төнген жағдайларда жүзеге асырылады.
Осы тармақтың жетінші бөлігінде көрсетілген жағдайлар басталған кезде тексеру ұзартылуы не тоқтатыла тұруы мүмкін.
3. Жоспардан тыс тексеру негіздері мыналар болып табылады:
1) тексеру нәтижелері туралы қорытындыда көрсетілген анықталған бұзушылықтарды жою туралы талаптардың орындалуын бақылау;
2) Қазақстан Республикасының аумақтық қорғаныс саласындағы заңнамасының талаптарын бұзушылықтардың нақты фактілері бойынша жеке және заңды тұлғалардың расталған жолданымдары;
3) мемлекетке зиян келтіру не зиян келтіру қатері туралы нақты фактілер бойынша прокурордың талабы;
4) мемлекетке зиян келтірудің нақты фактілері бойынша, сондай-ақ жойылмауы мемлекетке зиян келтіруге алып келетін Қазақстан Республикасының аумақтық қорғаныс саласындағы заңнамасының талаптарын бұзушылықтардың нақты фактілері бойынша мемлекеттік органдардың жолданымдары;
5) қылмыстық қудалау органының Қазақстан Республикасының Қылмыстық-процестік кодексінде көзделген негіздер бойынша тапсырмасы.
Анонимді жолданымдар болған жағдайда, жоспардан тыс тексерулер жүргізілмейді.
Бақылау субъектісіне (объектісіне) қатысты анықталған және жоспардан тыс тексеруді тағайындауға негіз болған фактілер мен мән-жайлар жоспардан тыс тексеруге жатады.
Уәкілетті орган бақылау субъектісіне (объектісіне) тексеру басталғанға дейін кемінде бір тәулік бұрын тексеруді жүргізу нысанасын көрсете отырып, жоспардан тыс тексеру жүргізудің басталатыны туралы хабарлауға міндетті.
4. Тексеру тексеруді тағайындау туралы актінің негізінде жүргізіледі, онда:
1) актінің күні мен нөмірі;
2) мемлекеттік органның атауы;
3) тексеруді жүргізуге уәкілеттік берілген адамның (адамдардың) тегі, аты, әкесінің аты (егер ол жеке басты куәландыратын құжатта көрсетілсе) және лауазымы;
4) мемлекеттік органдардың, ведомстволық бағынысты және өзге де ұйымдардың тексеруді жүргізуге тартылатын мамандары, консультанттары мен сарапшылары туралы мәліметтер;
5) бақылау субъектісінің атауы, оның тұрған жері және (немесе) бақылау объектісінің тұрған жері;
6) тағайындалған тексеру нысанасы;
7) тексеру түрі;
8) тексеруді жүргізу мерзімі;
9) тексеруді жүргізу негіздері;
10) бақылау субъектісінің құқықтары мен міндеттері;
11) бақылау субъектісі басшысының не оның уәкілетті адамының актіні алғаны немесе алудан бас тартқаны туралы қолтаңбасы;
12) актіге қол қоюға уәкілеттік берілген адамның қолтаңбасы көрсетіледі.
Тексеруді тағайындау туралы актіні бақылау субъектісіне табыс ету күні тексеру жүргізудің басталуы деп есептеледі.
Тексеруді тағайындау туралы акт тексерулерді тағайындау туралы актілерді есепке алу журналында тіркеледі.
Тексерулерді тағайындау туралы актілерді есепке алу журналын жүргізу тәртібі мен оның нысанын уәкілетті орган бекітеді.
Бақылау субъектісінің құрылымдық бөлімшесін тексерген жағдайда, тексеруді тағайындау туралы актіде оның атауы мен тұрған жері көрсетіледі.
5. Уәкілетті органның тексеру үшін келген лауазымды адамдары бақылау субъектісіне:
1) тексеруді тағайындау туралы актіні;
2) қызметтік куәлігін;
3) қажет болған кезде құзыретті органның режимдік объектілерге баруға рұқсатын көрсетуге міндетті.
6. Тексеруді жүргізу мерзімі тексеру нысанасын, сондай-ақ алдағы жұмыстардың көлемін ескере отырып белгіленеді және он жұмыс күнінен аспауға тиіс.
Тексеруді жүргізу мерзімі он бес жұмыс күнінен аспайтын мерзімге бір рет қана ұзартылуы мүмкін. Тексеруді жүргізу тоқтатыла тұрған кезде тексеруді жүргізу мерзімі үзіледі және тексеру қайта басталған кезден бастап жалғасады.
Тексеруді жүргізу мерзімін ұзарту уәкілетті орган басшысының шешімімен жүзеге асырылады. Тексеруді жүргізу мерзімін ұзарту бақылау субъектісін хабардар ете отырып, тексеру мерзімін ұзарту туралы қосымша актімен ресімделеді, онда тексеруді тағайындау туралы алдыңғы актінің күні мен нөмірі және ұзарту себептері көрсетіледі.
Уәкілетті орган тексеру мерзімін ұзарту туралы хабарламаны бақылау субъектісіне не оның уәкілетті адамына табыс ету туралы хабарламамен бірге оны ұзартқанға дейін бір жұмыс күні бұрын табыс етеді.
7. Уәкілетті органның лауазымды адамдарының тексеруді жүргізу кезінде:
1) бақылау субъектісінде (объектісінде) белгіленген рұқсаттамалық және объектішілік режимдердің талаптарын сақтай отырып, тексеру нысанасына сәйкес бақылау субъектісінің (объектісінің) аумағына және үй-жайларына кедергісіз кіруге;
2) тексеру нәтижелері туралы актіге қоса тігу үшін қағаз және электрондық жеткізгіштерде құжаттарды (мәліметтерді) не олардың көшірмелерін алуға, сондай-ақ тексеру нысанасына сәйкес автоматтандырылған дерекқорларға (ақпараттық жүйелерге) қол жеткізуге;
3) аудио-, фото- және бейнетүсірілімді жүзеге асыруға;
4) мемлекеттік органдардың, ведомстволық бағынысты және өзге де ұйымдардың мамандарын, консультанттары мен сарапшыларын тартуға;
5) тексеру нысанасына жататын техникалық бақылау құралдарының, байқау және тіркеп-белгілеу аспаптарының, фото-, бейнеаппаратураның жазбаларын пайдалануға құқығы бар.
Уәкілетті органның лауазымды адамдары тексеруді жүргізу кезінде:
1) Қазақстан Республикасының заңнамасын, бақылау субъектісінің құқықтары мен заңды мүдделерін сақтауға;
2) тексеруді осы бапта белгіленген тәртіп негізінде және оған қатаң сәйкестікте жүргізуге;
3) тексеруді жүргізу кезеңінде бақылау субъектілерінің (объектілерінің) белгіленген жұмыс режиміне кедергі келтірмеуге;
4) бақылау субъектісінің не оның уәкілетті өкілінің тексеруді жүргізу кезінде болуына кедергі келтірмеуге, тексеру нысанасына жататын мәселелер бойынша түсіндірме беруге;
5) бақылау субъектісіне тексеру нысанасына жататын қажетті ақпаратты ұсынуға;
6) бақылау субъектісіне тексеру нәтижелері туралы актіні тексеру аяқталған күні табыс етуге;
7) тексеруді жүргізу нәтижесінде алынған құжаттар мен мәліметтердің сақталуын қамтамасыз етуге міндетті.
8. Бақылау субъектілері не олардың уәкілетті өкілдері тексеруді жүргізу кезінде:
1) уәкілетті органның тексеруді жүргізу үшін келген лауазымды адамдарын:
осы бапта белгіленген мерзімдерге сәйкес келмейтін, тексеруді тағайындау туралы актіде (бар болса, мерзімін ұзарту туралы қосымша актіде) көрсетілген мерзімдер асып кеткен не өтіп кеткен;
осы баптың 5-тармағында көзделген құжаттар болмаған жағдайларда тексеруге жібермеуге;
2) егер құжаттар мен мәліметтер жүргізілетін тексерудің нысанасына жатпаса, оларды ұсынбауға;
3) тексеруді жүзеге асыру процесін, сондай-ақ уәкілетті органның лауазымды адамының тексеру шеңберінде жасайтын жекелеген әрекеттерін лауазымды адамның қызметіне кедергі келтірмей, аудио- және бейнетехника құралдарының көмегімен тіркеп-белгілеуге;
4) тексеру нәтижесінде анықталған бұзушылықтар бойынша қосымша уақыт және (немесе) қаржы шығындары қажет болған жағдайда, үш жұмыс күнінен кешіктірмей уәкілетті органға бұзушылықтарды жою мерзімдерін ұзарту туралы өтінішпен жүгінуге;
5) тексеру нәтижелері туралы актіге, сондай-ақ уәкілетті органның лауазымды адамдарының әрекеттеріне (әрекетсіздігіне) Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен шағым жасауға;
6) уәкілетті органның лауазымды адамдарының бақылау субъектілерінің (объектілерінің) қызметін шектейтін, заңға негізделмеген тыйымдарын орындамауға құқылы.
Бақылау субъектілері не олардың уәкілетті өкілдері тексеруді жүргізу кезінде:
1) уәкілетті органның лауазымды адамдарының бақылау субъектісінің (объектісінің) аумағына және үй-жайларына кедергісіз кіруін қамтамасыз етуге;
2) Қазақстан Республикасының мемлекеттік құпиялар туралы, коммерциялық, салықтық не заңмен қорғалатын өзге де құпияны қорғау жөніндегі заңнамасының талаптарын сақтай отырып, уәкілетті органның лауазымды адамдарына тексеру нәтижелері туралы актіге қоса тігу үшін қағаз және (немесе) электрондық жеткізгіштерде құжаттарды (мәліметтерді) не олардың көшірмелерін ұсынуға, сондай-ақ тексеру нысанасына сәйкес автоматтандырылған дерекқорларға (ақпараттық жүйелерге) қолжетімділік беруге;
3) тексеру басталған күні тексеруді тағайындау туралы актіні және тексеру аяқталған күні жүргізілген тексерудің нәтижелері туралы қорытындыны алғаны туралы белгі қоюға;
4) егер Қазақстан Республикасының заңдарында өзгеше көзделмесе, тексеруді жүргізу кезеңінде тексерілетін құжаттарға өзгерістер мен толықтырулар енгізуге жол бермеуге;
5) объектіге тексеру жүргізуге келген адамдардың осы объект үшін белгіленген нормативтерге сәйкес зиянды және қауіпті өндірістік әсер ету факторларынан қауіпсіздігін қамтамасыз етуге;
6) басшының не оның уәкілетті адамының тексеру тағайындалған мерзімдерде бақылау субъектісі (объектісі) тұрған жерде болуын қамтамасыз етуге міндетті.
9. Тексеру нәтижелері бойынша уәкілетті органның лауазымды адамдары тексеру нәтижелері туралы акт жасайды, онда:
1) актінің жасалған күні, нөмірі мен орны;
2) мемлекеттік органның атауы;
3) тексеруді тағайындау туралы актінің (бар болса, мерзімін ұзарту туралы қосымша актінің) күні мен нөмірі;
4) тексеруді жүргізген адамның (адамдардың) тегі, аты, әкесінің аты (егер ол жеке басты куәландыратын құжатта көрсетілсе) және лауазымы;
5) мемлекеттік органдардың, ведомстволық бағынысты және өзге де ұйымдардың тексеруді жүргізуге тартылатын мамандары, консультанттары мен сарапшылары туралы мәліметтер;
6) бақылау субъектісінің (объектісінің) атауы, оның тұрған жері;
7) тексеру нысанасы;
8) тексеру түрі;
9) тексеруді жүргізу мерзімі мен кезеңі;
10) тексеру нәтижелері туралы, оның ішінде анықталған бұзушылықтар, олардың сипаты туралы мәліметтер;
11) талаптарды орындау және бұзушылықтарға жол берген тұлғаларға қатысты шаралар қабылдау мерзімін көрсете отырып, Қазақстан Республикасының аумақтық қорғаныс саласындағы заңнамасының анықталған бұзушылықтарын жою туралы талаптар;
12) бақылау субъектісі басшысының не оның уәкілетті адамының, сондай-ақ тексеруді жүргізу кезінде болған адамдардың тексеру нәтижелері туралы актімен танысқаны немесе танысудан бас тартқаны туралы мәліметтер, олардың қолтаңбалары немесе қол қоюдан бас тарту туралы жазба;
13) тексеру жүргізген лауазымды адамның (лауазымды адамдардың) қолтаңбасы көрсетіледі.
Тексеру нәтижелері туралы актіге тексеру нәтижелеріне байланысты құжаттар (олар болған кезде) немесе олардың көшірмелері қоса беріледі.
10. Тексеру нәтижелері туралы актінің бірінші данасы бақылау субъектісіне (басшысына не оның уәкілетті адамына) танысу және анықталған бұзушылықтарды жою бойынша шаралар қабылдау және басқа да әрекеттер жасау үшін табыс етіледі, екінші данасы уәкілетті органда қалады.
11. Тексеру нәтижелері туралы актіні қабылдаудан бас тартылған жағдайда акт жасалады, оған тексеруді жүргізетін лауазымды адамдар және бақылау субъектісінің басшысы не оның уәкілетті өкілі қол қояды.
Бақылау субъектісі бас тарту себебі туралы жазбаша түсініктеме бере отырып, актіге қол қоюдан бас тартуға құқылы.
12. Бақылау субъектісіне тексеруді тағайындау туралы актіде (бар болса, тексеру мерзімін ұзарту туралы қосымша актіде) көрсетілген тексеруді аяқтау мерзімінен кешіктірмей тексеру нәтижелері туралы акт табыс етілген күн тексеру мерзімінің аяқталуы болып есептеледі.
13. Тексеру жүргізу кезінде Қазақстан Республикасының аумақтық қорғаныс саласындағы заңнамасында белгіленген талаптарды бұзушылықтар болмаған жағдайда, тексеру нәтижелері туралы актіде тиісті жазба жүргізіледі.
14. Тексеру нәтижелері бойынша ескертулер және (немесе) қарсылықтар болған жағдайда, бақылау субъектісі оларды жазбаша түрде баяндайды және тексеру нәтижелері туралы акт табыс етілген күннен бастап үш жұмыс күні ішінде уәкілетті органға жібереді. Ескертулер және (немесе) қарсылықтар тексеру нәтижелері туралы актіге қоса беріледі, бұл туралы тиісті белгі жасалады.
Уәкілетті орган бақылау субъектісінің ескертулерін және (немесе) қарсылықтарын қарауға және он бес жұмыс күні ішінде уәжді жауап беруге тиіс.
15. Тексеру нәтижелері туралы актіде көрсетілген анықталған бұзушылықтарды жою туралы талаптар бақылау субъектілерінің орындауы үшін міндетті болып табылады.
Тексеру нәтижелері туралы актіде белгіленген Қазақстан Республикасының аумақтық қорғаныс саласындағы заңнамасы талаптарының анықталған бұзушылықтарын жою мерзімі өткеннен кейін бақылау субъектісі тексеру нәтижелері туралы актіде белгіленген мерзім ішінде уәкілетті органға анықталған бұзушылықтарды жою туралы ақпаратты ұсынуға міндетті.
Бақылау субъектісі тексеру нәтижелері туралы актіде көрсетілген анықталған бұзушылықтарды жою туралы ақпаратты белгіленген мерзімде ұсынбаған немесе толық ұсынбаған жағдайда, уәкілетті орган осы баптың 3-тармағының 1) тармақшасына сәйкес жоспардан тыс тексеруді тағайындайды.
Бақылау субъектісі анықталған бұзушылықтарды жою туралы ұсынылған ақпаратқа бұзушылықтарды жою фактісін дәлелдейтін материалдарды қоса береді. Мұндай жағдайда жоспардан тыс тексеруді жүргізу талап етілмейді.
16. Тексеру нәтижелері туралы актіде көрсетілген анықталған бұзушылықтарды жою туралы талаптарды орындау мерзімдері оларды орындаудың нақты мүмкіндігіне әсер ететін мән-жайлар ескеріле отырып айқындалады, бірақ ол тексеру нәтижелері туралы акт табыс етілген күннен бастап күнтізбелік он күннен кем болмауға тиіс.
17. Тексеру нәтижелері туралы актіні орындау мерзімдерін айқындау кезінде:
1) бақылау субъектісінде бұзушылықтарды жою бойынша ұйымдастырушылық, техникалық мүмкіндіктердің бар-жоғы;
2) мемлекеттік органдардан міндетті қорытындылар, келісулер және Қазақстан Республикасының заңдарында белгіленген басқа да құжаттар алу мерзімдері;
3) пайдаланылатын объектілердің техникалық жай-күйінің ерекшеліктері ескеріледі.
18. Егер тексерулер осы бапта белгіленген тексерулерді жүргізу жөніндегі талаптарды бұза отырып жүргізілсе, олар жарамсыз деп танылады.
19. Тексеруді жүзеге асыру кезінде бақылау субъектісінің құқықтары мен заңды мүдделері бұзылған жағдайда, бақылау субъектісі уәкілетті органның лауазымды адамдарының шешімдеріне, әрекеттеріне (әрекетсіздігіне) жоғары тұрған лауазымды адамға не сотқа Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен шағым жасауға құқылы.
Шағым беру тексеру нәтижелері туралы актінің орындалуын тоқтата тұрмайды.
5-тарау. ҚОРЫТЫНДЫ ЕРЕЖЕЛЕР
24-бап. Қазақстан Республикасының аумақтық қорғаныс саласындағы заңнамасын бұзғаны үшін жауаптылық
Қазақстан Республикасының аумақтық қорғаныс саласындағы заңнамасын бұзу Қазақстан Республикасының заңдарында белгіленген жауаптылыққа алып келеді.
25-бап. Осы Заңды қолданысқа енгізу тәртібі
Осы Заң алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік алпыс күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.
Қазақстан Республикасының Президенті |
Қ. ТОҚАЕВ |