"Қазақстан Республикасы астанасының мәртебесі туралы" Қазақстан Республикасының Конституциялық заңының 3-бабына, "Қазақстан Республикасындағы жергілікті мемлекеттік басқару және өзін-өзі басқару туралы" Қазақстан Республикасы Заңының 6-бабы 1-тармағының 4-5) тармақшасына, "Құқықтық актілер туралы" Қазақстан Республикасы Заңының 27-бабына сәйкес Астана қаласының мәслихаты ШЕШІМ ҚАБЫЛДАДЫ:
1. Осы шешімнің 1-қосымшасына сәйкес Қазақстан Республикасының елордасы – Астана қаласының өңірлік нышанының сипаттамасын және оны пайдалану тәртібі бекітілсін.
2. Осы шешімнің 2-қосымшасына сәйкес Астана қаласы мәслихатының кейбір шешімдерінің күші жойылды деп танылсын.
3. Осы шешім алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.
| Астана қаласы мәслихатының төрағасы | Т. Зейнұлқабден |
| Астана қаласы мәслихатының 2026 жылғы 31 тамыздағы № 456/58-VIII шешіміне № 1-қосымша |
Қазақстан Республикасының елордасы – Астана қаласының өңірлік нышанының сипаттамасын және оны пайдалану тәртібін бекіту туралы
1-тарау. Жалпы ережелер
1. Қазақстан Республикасының елордасы – Астана қаласының өңірлік нышанының сипаттамасы және оны пайдалану тәртібі "Қазақстан Республикасының астанасының мәртебесі туралы" Қазақстан Республикасының Конституциялық заңына сәйкес әзірленді.
2. Қазақстан Республикасының елордасы – Астана қаласының өңірлік нышанына елтаңба мен ту жатады. Елтаңба мен тудың ресми бейнелері құжаттарда, бланкілерде, баспа өнімдерінде, кәдесый және өзге де бұйымдарда бейнеленуі мүмкін.
3. Қазақстан Республикасының елордасы – Астана қаласының елтаңбасы көгілдір түс аясында алтын түсті "Бәйтерек" пен "Шаңырақ" бейнеленген екі белгі орналасқан дөңгелекті білдіреді. "Бәйтерек" белгісінің негізінде "Құсқанаты" оюы бейнеленген. "Шаңырақ" белгісі мен "Құсқанаты" оюының сыртқы жиектері жасыл түспен көмкерілген. Сыртқы сақинаның көмкерілген жерінде сол және оң жақтарында қызыл түс аясында алтын түсті "Бөрікөз" оюы орналасқан. Елтаңбаның төменгі жағында алтын түстес аяда қызыл түсті "ASTANA" деген жазуы бар. "ASTANA" жазуының сол және оң жағында алтын түсті үш симметриялы сызықтар орналасқан.
4. Қазақстан Республикасының елордасы – Астана қаласының туы ені мен ұзындығының арақатынасы 1:2 болатын көгілдір түсті тікбұрышты жайматөсемді білдіреді. Жайматөсемнің ортасында Астана қаласының елтаңбасы орналасқан, одан барлық бағытта алтын түстес күн сәулелері шашылып тұрады.
2-тарау. Қазақстан Республикасының елордасы – Астана қаласының елтаңбасын пайдалану тәртібі
5. Астана қаласының елтаңбасын дайындаған кезде оның Қазақстан Республикасының елордасы – Астана қаласының өңірлік нышанының осы сипаттамасы және оны пайдалану тәртібіне № 1-қосымшада келтірілген бейнеге сәйкестігі қамтамасыз етілуге тиіс.
6. Астана қаласының елтаңбасын басқа елтаңбалармен бір мезгілде орналастырған кезде Астана қаласының елтаңбасы басқа елтаңбалардан төмен емес және Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Елтаңбасынан жоғары емес етіліп орнатылады. Елтаңбалардың (елтаңбалық эмблемалардың, геральдикалық белгілердің) тақ санын бір мезгілде орналастырған кезде Астана қаласының елтаңбасы ортада, ал олардың саны екіден асатын жұп болған кезде орталықтың сол жағына орналастырылады.
7. Астана қаласының елтаңбасы басқа елтаңбалармен (елтаңбалық эмблемалармен, геральдикалық белгілермен) бір мезгілде орналастырылған кезде Астана қаласының елтаңбасы көлемі жағынан олардан кіші болмауға тиіс.
8. Астана қаласы елтаңбасының бейнесі жұмыс кабинеттерінде, мәжіліс залдарында, сондай-ақ мемлекеттік мекемелер мен өзге де ұйымдардың маңдайшаларында тиісті мекемелер мен ұйымдар басшыларының шешімі бойынша орналастырылуы мүмкін.
9. Астана қаласының елтаңбасы мемлекеттік мекемелердің көлік құралдарында орналастырылуы, сондай-ақ қалалық жолаушылар көлігі мен арнаулы қызметтердің көлік құралдарын безендіруде пайдаланылуы мүмкін.
10. Астана қаласының елтаңбасы қаланы көркем безендіруде пайдаланылуы мүмкін.
11. Астана қаласының елтаңбасын заңды тұлғалар мен жеке кәсіпкерлер мөрлер мен мөртабандарды дайындау кезінде пайдалана алмайды.
3-тарау. Қазақстан Республикасының елордасы – Астана қаласының туын пайдалану тәртібі
12. Астана қаласының туын дайындаған кезде оның Қазақстан Республикасының елордасы – Астана қаласының өңірлік нышанының осы сипаттамасы және оны пайдалану тәртібіне 2-қосымшада келтірілген бейнеге сәйкестігі қамтамасыз етілуге тиіс. Астана қаласының туын әртүрлі мөлшерде, әртүрлі материалдардан, сондай-ақ жалауша түрінде дайындауға жол беріледі.
13. Белгіленген талаптар бұзыла отырып дайындалған Астана қаласының туын мемлекеттік мекемелер пайдалана алмайды және ол қаланы көркем безендіруде қолданылмайды. Мұндай туды Астана қаласы аумағында таратуға жол берілмейді.
14. Астана қаласының туын басқа тулармен бір мезгілде орналастырған кезде Астана қаласының туы басқа тулардан төмен емес және Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Туынан жоғары емес етіліп орнатылады. Тулардың санын бір мезгілде орналастырған кезде кезде Астана қаласының туы ортада, ал олардың саны екіден асатын жұп болған кезде – ортадан сол жақта орналастырылады. Астана қаласы туының мөлшері бір мезгілде орналастырылатын басқа тулардың мөлшерінен кіші болмауға тиіс.
15. Астана қаласының туы мемлекеттік және қалалық мереке күндері мемлекеттік мекемелер мен қаланың өзге де ұйымдарының ғимараттарында көтерілуі мүмкін.
16. Мемлекеттік және қалалық мерекелер күндері Астана қаласының туы ұйымдық-құқықтық нысанына қарамастан ұйымдардың ғимараттарында, сондай-ақ тұрғын үйлерде орнатылуы мүмкін. Ту сондай-ақ аталған ғимараттардың қасбеттерінің жанында орналасқан тутұғырларда (діңгектерде) ілінуі мүмкін.
17. Астана қаласының туы Астана қаласының әкімдігі мен мемлекеттік мекемелер өткізетін ресми рәсімдер, сондай-ақ астана аумағында ұйымдық-құқықтық нысанына қарамастан ұйымдар мен азаматтар өткізетін өзге де салтанатты іс-шаралар кезінде ілінуі (орнатылуы) мүмкін.
18. Аза тұту жағдайында Астана қаласының туы тутұғыр (діңгек) биіктігінің жартысына дейін төмен түсіріледі.
19. Астана қаласы туының бейнесі наградаларда, Астана қаласының құрметті атақтарына арналған белгілерде, сондай-ақ астанада орналасқан мемлекеттік мекемелердің айырым белгілерінде орналастырылуы мүмкін.
20. Астана қаласының туы бейнеленген жалаушалар Қазақстан Республикасының мемлекеттік мерекелері күндері қалалық жолаушылар көлігін сыртқы безендіру үшін пайдаланылуы мүмкін.
| Қазақстан Республикасының елордасы – Астана қаласының өңірлік нышанының сипаттамасы және оны пайдалану тәртібіне № 1-қосымша |

| Қазақстан Республикасының елордасы – Астана қаласының өңірлік нышанының сипаттамасы және оны пайдалану тәртібіне № 2-қосымша |

| Астана қаласы мәслихатының 2026 жылғы 31 тамыздағы № 456/58-VIII шешіміне № 2-қосымша |
Астана қаласы мәслихатының күші жойылды деп танылатын кейбір шешімдерінің тізбесі
1) "Қазақстан Республикасының елордасы – Астана қаласының рәміздерінің сипаттамасын және оларды пайдалану тәртібін айқындау туралы" Астана қаласы мәслихатының 2008 жылғы 5 маусымдағы № 109/16-IV шешімі (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 537 болып тіркелген);
2) "Қазақстан Республикасының астанасы – Астана қаласының рәміздері туралы" Астана қаласы мәслихатының 2008 жылғы 5 маусымдағы № 109/16-IV шешіміне өзгерістер енгізу туралы" Нұр-Сұлтан қаласы мәслихатының 2019 жылғы 3 мамырдағы № 382/49-VI шешімі (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 1227 болып тіркелген);
3) "Мәслихаттың 2008 жылғы 5 маусымдағы № 109/16-IV "Қазақстан Республикасының астанасы – Нұр-Сұлтан қаласының рәміздері туралы" шешіміне өзгерістер енгізу туралы" Астана қаласы мәслихатының 2022 жылғы 18 қарашадағы № 266/34-VII шешімі (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 30662 болып тіркелген).

