1. "Электрондық үкіметтің" ақпараттандыру объектілерін құруға және дамытуға арналған техникалық тапсырмаларды жасау және қарау қағидаларын бекіту туралы" Қазақстан Республикасының Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрінің 2019 жылғы 29 маусымдағы № 143/НҚ бұйрығына (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 18950 болып тіркелген) мынадай өзгерістер енгізілсін:
тақырып мынадай редакцияда жазылсын:
"Цифрлық үкіметтің" цифрлық объектілерін құруға және дамытуға арналған техникалық тапсырмаларды жасау және қарау қағидаларын бекіту туралы";
кіріспе мынадай редакцияда жазылсын:
"Киберқауіпсіздік туралы" Қазақстан Республикасы Заңының 59-бабының 1-тармағына сәйкес және Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2025 жылғы 9 қазандағы № 846 қаулысымен бекітілген Қазақстан Республикасының Жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігі туралы ереженің 15-тармағының 197) тармақшасына сәйкес БҰЙЫРАМЫН:";
1-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:
"1. Қоса беріліп отырған "Цифрлық үкіметтің" цифрлық объектілерін құруға және дамытуға арналған техникалық тапсырмаларды жасау және қарау қағидалары бекітілсін.";
"Электрондық үкіметтің" ақпараттандыру объектілерін құруға және дамытуға арналған техникалық тапсырмаларды жасау және қарау қағидалары осы бұйрыққа қосымшаға сәйкес жаңа редакцияда жазылсын.
2. Қазақстан Республикасы Жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігінің Мемлекеттік көрсетілетін қызметтер комитеті:
1) осы бұйрықты Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркеуді;
2) осы бұйрық алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін оны Қазақстан Республикасы Жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігінің интернет-ресурсында орналастыруды;
3) осы бұйрық мемлекеттік тіркелгеннен кейін он жұмыс күні ішінде Қазақстан Республикасы Жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігінің Заң департаментіне осы тармақтың 1) және 2) тармақшаларында көзделген іс-шаралардың орындалуы туралы мәліметтерді ұсынуды қамтамасыз етсін.
3. Осы бұйрықтың орындалуын бақылау жетекшілік ететін Қазақстан Республикасының Жасанды интеллект және цифрлық даму вице-министріне жүктелсін.
4. Осы бұйрық алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.
|
Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің орынбасары – Жасанды интеллект және цифрлық даму министрі |
Ж. Мадиев |
"КЕЛІСІЛДІ"
Қазақстан Республикасы
Қаржы министрлігі
"КЕЛІСІЛДІ"
Қазақстан Республикасы
Ұлттық экономика министрлігі
"Цифрлық үкіметтің" цифрлық объектілерін құруға және дамытуға арналған техникалық тапсырмаларды жасау және қарау қағидалары
1-тарау. Жалпы ережелер
1. Осы "Цифрлық үкіметтің" цифрлық объектілерін құруға және дамытуға арналған техникалық тапсырмаларды жасау және қарау қағидалары (бұдан әрі – Қағидалар) "Киберқауіпсіздік туралы" Қазақстан Республикасы Заңының (бұдан әрі – Заң) 59-бабының 1-тармағына, Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2025 жылғы 9 қазандағы № 846 қаулысымен бекітілген Қазақстан Республикасының Жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігі туралы ереженің 15-тармағының 197) тармақшасына сәйкес әзірленді және "цифрлық үкіметтің" цифрлық объектілерін құруға және дамытуға арналған техникалық тапсырмаларды (бұдан әрі – техникалық тапсырма) жасау және қарау тәртібін айқындайды.
2. Осы Қағидаларда мынадай негізгі ұғымдар пайдаланылады:
1) архитектуралық-үйлестіруші орталық (бұдан әрі – орталық) – Қазақстан Республикасының Цифрлық кодексінің (бұдан әрі – Кодекс) 72-бабы 2-тармағының 3) тармақшасына сәйкес мемлекеттің цифрлық архитектурасын дамытуды және мемлекеттік басқарудың цифрлық трансформациясын ұйымдастырушылық-әдіснамалық қамтамасыз етуді жүзеге асыратын, Қазақстан Республикасының Үкіметі айқындайтын заңды тұлға;
2) бюджеттік бағдарламалардың әкімшісі – бюджеттік бағдарламаларды жоспарлауға, негіздеуге, іске асыруға және олардың нәтижелеріне қол жеткізуге жауапты, өзіне Қазақстан Республикасының заңнамасында жүктелген функцияларға, өкілеттіктер мен құзыреттерге сәйкес айқындалатын мемлекеттік орган;
3) мемлекеттік техникалық қызмет – Қазақстан Республикасы Үкіметінің шешімі бойынша құрылған мемлекеттік заңды тұлға;
4) "цифрлық үкіметтің" технологиялық жағынан күрделі цифрлық объектілері – ерекше архитектуралық және технологиялық сипаттамаларға ие, оларды жобалауға, әзірлеуге, жаңғыртуға, енгізуге, интеграциялауға және пайдалануға арнаулы талаптарды белгілеу қажеттілігін белгілейтін "цифрлық үкіметтің" цифрлық объектілері.
2-тарау. "Цифрлық үкіметтің" цифрлық объектілерін құруға және дамытуға арналған техникалық тапсырмаларды жасау және қарау тәртібі
3. Техникалық тапсырманы әзірлеуді бюджеттік бағдарламаның әкімшісі дербес не оны әзірлеу жөніндегі қызметтерді сатып алу арқылы жүзеге асырады.
Техникалық тапсырманы жасау:
1) "Ақпараттық технология. Автоматтандырылған жүйелерге арналған стандарттар кешені. Автоматтандырылған жүйелерді құруға арналған техникалық тапсырма" Қазақстан Республикасының СТ 34.015-2002 ұлттық стандартына;
2) бекітілген қаржылық-экономикалық негіздемеге, инвестициялық ұсынысқа, бюджеттік инвестициялық жобалардың инвестициялық ұсыныс жобасына;
3) "цифрлық үкіметтің" архитектурасына;
4) Заңның 6-бабы 3) тармақшасына сәйкес Қазақстан Республикасының Үкіметі бекітетін цифрландыру және киберқауіпсіздікті қамтамасыз ету саласындағы бірыңғай талаптарға сәйкес жүзеге асырылады.
Техникалық тапсырмада Кодекстің 16-бабы 3-тармағына сәйкес Қазақстан Республикасының Үкіметі бекітетін Цифрлық деректерді басқару жөніндегі талаптарға сәйкес цифрлық жүйедегі цифрлық деректер құрылымының сипаттамасы толтырылады.
4. Цифрландыру және киберқауіпсіздікті қамтамасыз ету саласындағы уәкілетті орган (бұдан әрі – уәкілетті орган) бюджеттік инвестициялық жоба бойынша "цифрлық үкіметтің" технологиялық жағынан күрделі цифрлық объектілерін құруға және дамытуға арналған техникалық тапсырманы мемлекеттік цифрлық объектілердің архитектуралық порталы (бұдан әрі – архитектуралық портал) арқылы "цифрлық үкіметтің" архитектурасына және киберқауіпсіздік талаптарына сәйкестігіне, сондай-ақ техникалық-технологиялық және функционалдық шешімдер бөлігінде келіседі.
"Цифрлық үкіметтің" цифрлық объектілерін құру және дамыту жөніндегі жобаны іске асырудың тәсіліне байланысты техникалық тапсырмаға бекітілген инвестициялық ұсыныс, бюджеттік инвестициялардың қаржылық-экономикалық негіздемесі (ерікті нысанда) немесе "цифрлық үкіметтің" цифрлық обьектісіне байланысты құжаттама қосымша беріледі.
5. Уәкілетті орган оның құзыреті шегінде техникалық тапсырманы келісуді осы Қағидалардың 3-тармағында көзделген құжаттар келіп түскен күннен бастап он бес жұмыс күні ішіндегі мерзімде жүзеге асырады.
6. Уәкілетті орган сараптама жүргізу үшін техникалық тапсырманы орталыққа және мемлекеттік техникалық қызметке жолдайды.
7. Орталық пен мемлекеттік техникалық қызмет техникалық тапсырманы алған күннен бастап он екі жұмыс күні ішінде сараптама жүргізеді және сараптама қорытындыларын (ерікті нысанда) уәкілетті органға жолдайды.
8. Уәкілетті орган техникалық тапсырманы орталықтан және мемлекеттік техникалық қызметтен сараптама қорытындыларын алған күннен бастап бес жұмыс күні ішінде келіседі немесе анықталған ескертулерді ескере отырып, пысықтау үшін кері қайтарады.
9. Орталық техникалық тапсырма сараптамаға қайта түскен кезде, оны алған күннен бастап он жұмыс күні ішінде сараптама жүргізеді және сараптама қорытындысын (еркін нысанда) уәкілетті органға жолдайды, бұл ретте сараптама ақысыз негізде жүргізіледі.
10. Мемлекеттік техникалық қызмет техникалық тапсырма сараптамаға қайта түскен кезде, оны алған күннен бастап он жұмыс күні ішінде сараптама жүргізеді және сараптама қорытындысын (еркін нысанда) уәкілетті органға жолдайды, бұл ретте сараптама ақысыз негізде жүргізіледі.
11. "Цифрлық үкіметтің" цифрлық объектілерін дамытуға талап етілетіндерді қоспағанда, бекітілген техникалық тапсырмада көзделген функционалдық талаптарды өзгерту бекітілген техникалық тапсырмаға толықтыру түрінде рәсімделеді.
Техникалық тапсырмаға толықтыруды келісу осы Қағидалардың 4, 5, 6, 7, 8, 9, 10-тармақтарында көзделген тәртіппен жүзеге асырылады.