ЗҚАИ-ның ескертпесі!
Қолданысқа енгізілу тәртібін 5-тармақтан қараңыз.
БҰЙЫРАМЫН:
1. "Ғылыми қызметтің нәтижелерін жариялау үшін ұсынылатын басылымдар тізбесіне қосу үшін ғылыми басылымдарға қойылатын талаптарды бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрінің 2016 жылғы 12 қаңтардағы № 20 бұйрығына (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 13409 болып тіркелген) мынадай өзгерістер енгізілсін:
көрсетілген бұйрықпен бекітілген Ғылыми қызметтің нәтижелерін жариялау үшін ұсынылатын басылымдар тізбесіне енгізу үшін ғылыми басылымдарға қойылатын талаптарда:
4-тармақтың екінші бөлігінің 1) тармақшасы мынадай редакцияда жазылсын:
"1) Қазақстан Республикасы Мәдениет және ақпарат министрінің міндетін атқарушының 2024 жылғы 17 қазандағы № 488-НҚ бұйрығымен бекітілген (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 35283 болып тіркелген) "Мерзімді баспасөз басылымдарын, интернет-басылымдарды есепке қою немесе қайта есепке алу" мемлекеттік қызмет көрсету қағидаларына (бұдан әрі – Қағидалар) сәйкес бұқаралық ақпарат құралдары саласындағы уәкілетті органда есепке қойылу туралы куәліктің, жазылу индексінің (болған жағдайда) және ISSN (International Standard Serial Number (Интернйэшнл Стандард Сериал Намбер)) (бұдан әрі – ISSN) халықаралық стандартты сериялық нөмірінің болуы;";
5-тармақтың бірінші бөлігінің 7) тармақшасы мынадай редакцияда жазылсын:
"7) шетелдік дәйексөз жүйелерінде ғылыми басылымның таралуы немесе Қазақстандық дәйексөз базасында журналдың импакт-факторының болуы. Басылымның ғылым және жоғары білім саласындағы уәкілетті органның цифрлық жүйесінде тіркелуі;";
6-тармақтың бірінші бөлігінің 7) тармақшасы мынадай редакцияда жазылсын:
"7) цифрлық электрондық кітапханаларда/репозиторийлерде ғылыми журналдың таралуы немесе Қазақстандық дәйексөз базасында журналдың импакт-факторының болуы. Журналдың ғылым және жоғары білім саласындағы уәкілетті органның цифрлық жүйесінде тіркелуі;";
7-тармақтың 1) тармақшасы мынадай редакцияда жазылсын:
"1) "Масс-медиа туралы" Қазақстан Республикасы Заңының 22-бабының 1-тармағына сәйкес таралымы кемінде 500 (бес жүз) дана болатын журналдарды қоспағанда, Қағидаларға сәйкес бұқаралық ақпарат құралдары саласындағы уәкілетті органда есепке қою туралы куәліктің болуы;";
7-тармақтың 5) және 6) тармақшалары мынадай редакцияда жазылсын:
"5) мемлекеттік құпияларды қамтитын және қызмет бабында пайдалану үшін шектеу белгісі бар ғылыми журналдарды қоспағанда, журналға цифрлық ресурстар арқылы қол жеткізу;
6) шетелдік авторлар жарияланымдарының болуын білдіретін журналдың халықаралық бағыттылығы, сондай-ақ материал жарияланатын ғылым саласындағы журналдың редакция алқасының халықаралық құрамы (мемлекеттік құпияларды қамтитын және қызмет бабында пайдалану үшін шектеу белгісі бар журналдардан басқа). Журнал орналасқан цифрлық ресурстарда дәрежесі және ғылыми атағы (болған жағдайда) көрсетілген редакция алқасы мүшелерінің деректері келтіріледі;";
9-тармақтың 7) тармақшасы мынадай редакцияда жазылсын:
"7) баспа және өндірістік процестерінің ашықтығын қамтамасыз етудің цифрлық жүйелерінің болуы, атап айтқанда өңдеу, беттеу, дизайн процестерін басқару және бақылау үшін заманауи технологияларды пайдалану, есепке алу мен мониторингтің автоматтандырылған жүйелерін енгізу;";
9-тармақтың 10) тармақшасы мынадай редакцияда жазылсын:
"10) жұмыстың жоғары сапасын қамтамасыз ететін білікті қызметкерлердің болуы (кемінде барлығынан 80% (сексен пайыз). Қызметкерлерде баспа, полиграфия, қаржы, дизайн, филология немесе журналистика, цифрлық технологиялар салаларында құзыреттілігі мен тәжірибесінің болуы немесе академиялық баспаларда кемінде 5 (бес) жыл жұмыс тәжірибесінің болуы. Академиялық баспаларда кемінде 5 (бес) жыл басшылық лауазымдарында жұмыс тәжірибесі бар білікті топ менеджмент (дирекция) болуы;".
2. "Жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру саласындағы аккредиттеу органдарына қойылатын талаптарды және жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру саласындағы, оның ішінде шетелдік аккредиттеу органдарын тану қағидаларын бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрінің 2016 жылғы 1 қарашадағы № 629 бұйрығына (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 14438 болып тіркелген) мынадай өзгерістер енгізілсін:
көрсетілген бұйрықпен бекітілген Жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру саласындағы аккредиттеу органдарына қойылатын талаптарда:
3-тармақтың 1) тармақшасы мынадай редакцияда жазылсын:
"1) пайдаланушыларға үш тілде (қазақ, орыс және ағылшын) аккредиттеу туралы қажетті ақпарат ұсынылатын цифрлық жүйе (сайт). Шетелдік аккредиттеу органдары үшін сайтта қазақстандық ЖЖОКБҰ-ны аккредиттеу туралы ақпарат беретін ағылшын тіліндегі парақшаның болуы жеткілікті;";
8-тармақтың бірінші бөлігінің бірінші абзацы мынадай редакцияда жазылсын:
"8. Аккредиттеу органының цифрлық жүйесінде (сайтында) мынадай ақпарат жариялануы керек:";
9-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:
"9. Аккредиттеу органы жүзеге асыратын институционалдық және мамандандырылған аккредиттеу туралы деректерді енгізу үшін ғылым және жоғары білім саласындағы уәкілетті органның "Жоғары білім берудің бірыңғай платформасы" цифрлық жүйесінде тіркелген болуы қажет.";
көрсетілген бұйрықпен бекітілген Жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру саласындағы аккредиттеу органдарын, оның ішінде шетелдік аккредиттеу органдарын тану қағидаларында:
2-тармақтың 12) тармақшасы мынадай редакцияда жазылсын:
"12) уәкілетті органның цифрлық жүйесі – Жоғары білім берудің бірыңғай платформасы.";
3-тармақтың екінші бөлігі мынадай редакцияда жазылсын:
"ЖББП-да ұсынылатын құжаттарға аккредиттеу органының заңды өкілінің электрондық цифрлық қолтаңбасымен қол қойылады.";
5-қосымша осы бұйрыққа қосымшаға сәйкес жаңа редакцияда жазылсын.
3. Қазақстан Республикасы Ғылым және жоғары білім министрлігінің Ғылым және жоғары білім саласында сапаны қамтамасыз ету комитеті заңнамада белгіленген тәртіппен:
1) осы бұйрықтың Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркелуін;
2) осы бұйрық ресми жарияланғаннан кейін оны Қазақстан Республикасы Ғылым және жоғары білім министрлігінің интернет-ресурсында орналастыруды қамтамасыз етсін.
4. Осы бұйрықтың орындалуын бақылау жетекшілік ететін Қазақстан Республикасының Ғылым және жоғары білім вице-министріне жүктелсін.
5. Осы бұйрық 2026 жылғы 12 шілдеден бастап қолданысқа енгізілетін осы бұйрықтың 1-тармағының бесінші, алтыншы, жетінші, сегізінші, он бірінші, он екінші, он үшінші, он төртінші, он бесінші, он алтыншы және он жетінші абзацтарын, 2-тармағын қоспағанда, алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.
|
Қазақстан Республикасының Ғылым және жоғары білім министрі |
С. Нурбек |
"Келісілді"
Қазақстан Республикасының
Жасанды интеллект және
цифрлық даму министрі
*___________________________________________ (аккредиттеу органының атауы) кезеңдегі қызметі туралы есебі
№ | Бағыт | Сипаттама |
1. | Мүшелік (атауы, мерзімдері). Бейіні бойынша халықаралық бірлестіктерге кіру (атауы, мерзімдері) | |
2. | Цифрлық жүйе (3 тілде). Шетелдік аккредиттеу органдары үшін Қазақстанның жоғары және (немесе) жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру ұйымдарын аккредиттеу туралы ақпарат берілген ағылшын тіліндегі сайт парағының болуы жеткілікті | |
3. | Жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім беруді аккредиттеу стандарттары, олардың сайтта болуы | |
4. | Ұйымның даму стратегиясы, оның сайтта болуы | |
5. | Ұйымдық құрылым және аккрелиттеу органын басқару. Кадрлық әлеует (ғылыми дәрежесін (бар болса) көрсете отырып, барлық штаттағы қызметкерлерді көрсету, сертификаттарды тіркей отырып, біліктілігін арттыру туралы ақпарат және сайтта ақпараттың болуы) | |
6. | Сарапшылардың құрамы (тізім, ғылыми дәрежелер (бар болса), біліктілікті арттыру курстары (бар болса) | |
7. | Алқалы органдар және олардың ережелері (Аккредиттеу кеңесі, сараптамалық кеңес, шағымдар кеңесі және басқалары) | |
8. | Баға саясатын қалыптастыру және оның құрамдас бөліктері, сайтта ақпараттың болуы | |
9. | Сайтта көрсете отырып, аккредиттеу органы білім беру бағдарламаларын аккредиттеуді жүзеге асыратын кадрларды даярлау бағыттары | |
10. | Аккредиттеу туралы жарияланған ақпарат (автоматтандырылған жүйе). Жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру ұйымдарының немесе олардың білім беру бағдарламаларының сыртқы аудиттері туралы есептер, аккредиттеу кеңесінің шешімдері және аккредиттеу туралы куәліктер ұсынылған аккредиттеу органының интернет-ресурсына сілтемелер | |
11. | Институционалдық аккредиттеуден өткен аккредиттелген ұйымдардың саны. Аккредиттелген жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру ұйымының, аккредиттелген білім беру бағдарламаларының атауы, аккредиттеуден өткізу мерзімдері, аккредиттеу стандарттарына (регламенттеріне) сәйкестігі, ұсынымдар | |
12. | Мамандандырылған аккредиттеуден өткен аккредиттелген ұйымдардың саны. Аккредиттелген жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру ұйымының, аккредиттелген білім беру бағдарламаларының атауы, аккредиттеуден өткізу мерзімдері, аккредиттеу стандарттарына (регламенттеріне) сәйкестігі, ұсынымдар | |
13. | Ұйым қызметінің негізгі нәтижелері туралы талдамалық ақпарат және сайтта ақпараттың болуы | |
14. | Аккредиттеу органының соңғы 5 (бес) жылдағы сыртқы аудиті (тексеріс) және ол туралы сайтта ақпараттың болуы | |
15. | Ұйымның және кәсіби мінез-құлықтың ішкі сапасын қамтамасыз ету (аккредиттеу органының ішкі құжаттары, нормативтік құжаттар, сарапшылардың этикасы және басқасы) |