ЗҚАИ-ның ескертпесі!
Қолданысқа енгізілу тәртібін 4-тармақтан қараңыз.
"Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы" Қазақстан Республикасының Кодексі 7-бабының 32) тармақшасына сәйкес БҰЙЫРАМЫН:
1. Қоса беріліп отырған Қазақстан Республикасында дәстүрлі медицина саласында медициналық көмек көрсету стандарты (бұдан әрі – Стандарт) бекітілсін.
2. Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігінің Медициналық көмекті ұйымдастыру департаменті Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен:
1) осы бұйрықты Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркеуді;
2) осы бұйрықты ресми жарияланғаннан кейін оны Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігінің интернет-ресурсына орналастыруды;
3) осы бұйрықты Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркегеннен кейін он жұмыс күні ішінде Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігінің Заң департаментіне осы тармақтың 1) және 2) тармақшаларында көзделген іс-шаралардың орындалуы туралы мәліметтерді ұсынуды қамтамасыз етсін.
3. Осы бұйрықтың орындалуын бақылау жетекшілік ететін Қазақстан Республикасының Денсаулық сақтау вице-министріне жүктелсін.
4. Осы бұйрық алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.
2026 жылғы 12 шілдеден бастап Стандарттың 2-тармағының 14) тармақшасы, 16-тармақ, 18-тармақтың 3) тармақшасы мынадай редакцияда қолданылады деп белгіленсін:
"14) медициналық цифрлық жүйе (бұдан әрі – МЦЖ) – денсаулық сақтау субъектілерінің процестерін цифрлық форматта жүргізуді қамтамасыз ететін цифрлық жүйе;";
"16. Дәстүрлі медицина әдістерімен медициналық қызметтер көрсету туралы ақпарат МЦЖ-да құжатталады. Денсаулық сақтау субъектілері "Бастапқы медициналық құжаттаманы жүргізу және есептерді ұсыну қағидаларын бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрінің 2020 жылғы10 желтоқсандағы № ҚР ДСМ-244/2020 бұйрығына (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 21761 болып тіркелген) және нысандар бойынша "Денсаулық сақтау саласындағы есепке алу құжаттамасының нысандарын, сондай-ақ оларды толтыру жөніндегі нұсқаулықтарды бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрінің міндетін атқарушының 2020 жылғы 30 қазандағы № ҚР ДСМ -175/2020 бұйрығына (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 21579 болып тіркелген) (бұдан әрі – № ҚРДСМ-175/2020 бұйрығы) және "Денсаулық сақтау саласындағы есептік құжаттама нысандарын бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрінің 2020 жылғы 22 желтоқсандағы № ҚР ДСМ-313/2020 бұйрығына (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 21879 болып тіркелген) (бұдан әрі – № ҚР ДСМ-313/2020 бұйрығы) сәйкес медициналық құжаттаманы жүргізуді және есептерді ұсынуды қамтамасыз етеді.";
"3) ақпаратты МЦЖ-ға енгізу және № ҚР ДСМ-175/2020 және № ҚР ДСМ-313/2020 бұйрықтарына сәйкес құжаттама жүргізу;".
|
Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрінің міндетін атқарушы |
Т. Мұратов |
| Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрінің міндетін атқарушы 2026 жылғы 19 мамырдағы № 54 Бұйрықпен бекітілді |
Қазақстан Республикасында дәстүрлі медицина саласында медициналық көмек көрсету стандарты
1-тарау. Жалпы ережелер
1. Осы Қазақстан Республикасында дәстүрлі медицина саласында медициналық көмек көрсету стандарты (бұдан әрі – Стандарт) "Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы" Қазақстан Республикасы Кодексінің (бұдан әрі – Кодекс) 132-бабына сәйкес әзірленді және Қазақстан Республикасында дәстүрлі медицина әдістерімен медициналық қызметтер көрсетуді ұйымдастыруға қойылатын жалпы талаптарды белгілейді.
2. Осы Стандартта пайдаланылатын терминдер мен анықтамадар:
1) антисептика – емдеуді қамтамасыз ету және инфекциялық процестің дамуының алдын алу мақсатында пациенттің терісіндегі, сілемейлі қабықшаларындағы, жаралар мен ішкі қуыстарындағы ықтимал қауіпті микроорганизмдердің өмір сүруіне бөгет жасау немесе жою тәсілдерінің жиынтығы;
2) асептика – операция, емдеу және диагностикалық емшаралар кезінде инфекция қоздырғыштарының пациенттің терісіне, жарасына және ішкі қуыстарына түсуінің алдын алуға бағытталған тәсілдердің жиынтығы;
3) бейінді маман – жоғары медициналық білімі, денсаулық сақтау саласында сертификаты бар медицина қызметкері;
4) гирудотерапия – дәстүрлі медицинаның медициналық сүліктермен және сүліктерден жасалатын дәрілік препараттармен емдеу тәсілі;
5) гомеопатия – дәстүрлік медицинаның гемопатиялық дәрілік заттардың аз дозаларымен емдеу тәсілі;
6) дәстүрлі медицина – халық медицинасының көпғасырлық дәстүрлеріне негізделген және медициналық қолдануға рұқсат етілген, профилактиканың, диагностиканың, емдеудің және оңалтудың кодификацияланған әдістерінің жиынтығы;
7) денсаулық сақтау саласындағы маман сертификаты – жеке тұлғаның біліктілік деңгейін және клиникалық немесе фармацевтикалық практикаға немесе халықтың санитариялық-эпидемиологиялық саламаттылығы саласындағы қызметке дайындығын қоса алғанда, оның денсаулық сақтау саласындағы кәсіптік қызметке дайындығын растайтын, белгіленген үлгідегі құжат;
8) денсаулық сақтау субъектілері – денсаулық сақтау ұйымдары, сондай-ақ жеке медициналық практикамен және фармацевтикалық қызметпен айналысатын жеке тұлғалар;
9) инвазивті әдістер – адам организмінің ішкі ортасына ендіру жолымен жүзеге асырылатын диагностикалау мен емдеу әдістері;
10) клиникалық хаттама (бұдан әрі – КХ) – пациенттің белгілі бір ауруы немесе жай-күйі кезіндегі профилактика, диагностика, емдеу, медициналық оңалту және паллиативтік медициналық көмек бойынша ғылыми дәлелденген ұсынымдар;
11) лицензия – лицензиар жеке немесе заңды тұлғаға, сондай-ақ қызметінің нысанасы қаржылық қызметтер көрсету болып табылатын шетелдік заңды тұлғаның филиалына қауіптіліктің жоғары деңгейімен байланысты лицензияланатын қызмет түрін не лицензияланатын қызметтің кіші түрін жүзеге асыруға беретін бірінші санаттағы рұқсат;
12) мануалды терапия – бұл тірек-қимыл аппаратындағы патобиомеханикалық өзгерістерді және онымен патогенетикалық байланысқан висцералдық, жұлын және церебралды бұзылыстарды түзетуге бағытталған қолмен әсер ету арқылы көмек көрсетілетін дәстүрлі медицина әдісі;
13) медицина қызметкері – кәсіптік медициналық білімі бар және медициналық қызметті жүзеге асыратын жеке тұлға;
14) медициналық ақпараттық жүйе (бұдан әрі – МАЖ) – денсаулық сақтау субъектілерінің процестерін электрондық форматта жүргізуді қамтамасыз ететін ақпараттық жүйе;
15) медициналық көмектің сапасы – көрсетілетін медициналық көмектің медициналық көмек көрсету стандарттарына сәйкестік деңгейі;
16) пациент – медициналық көмек көрсетуді қажет ететін ауруының немесе жай-күйінің болуына немесе болмауына қарамастан, медициналық көрсетілетін қызметтердің тұтынушысы болып табылатын (болып табылған) жеке тұлға;
17) профилактика – аурулардың пайда болуының, аурулардың ерте сатыларда өршуінің алдын алуға және өршіп кеткен асқынуларды, ағзалар мен тіндердің зақымдануын бақылауға бағытталған медициналық және медициналық емес іс-шаралар кешені;
18) рефлексотерапия – әсер етуі әртүрлі ағзалар мен организм жүйелерінің рефлекторлық әсерімен шарттасатын дененің беткі жағындағы биологиялық белсенді нүктелердің механикалық, термикалық және өзге де тітіркенуге негізделген дәстүрлі медицинаның емдеу әдістерінің тобы;
19) фитотерапия – өсімдік тәріздес табиғи дәрілік препараттармен емдеу әдісін әзірлейтін және қолданатын дәстүрлі медицинаның бөлімі;
20) хабардар етілген келісім - адамның медициналық көмек алуға және (немесе) оның шешім қабылдауы үшін маңызы бар медициналық көмектің және (немесе) зерттеудің барлық аспектісі туралы ақпаратты алғаннан кейін нақты зерттеуге қатысуға өз келісімін жазбаша ерікті түрде растау рәсімі.
3. Дәстүрлі медицина әдістерімен медициналық көрсетілетін қызметтер меншік нысанына және ведомстволық тиесілігіне қарамастан денсаулық сақтау субъектілері "Дәстүрлі медицина" кіші түрі бойынша медициналық қызметті жүзеге асыруға лицензиясы болған "Рұқсаттар мен хабарламалар туралы" кезде Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес көрсетеді.
4. Дәстүрлі медицина әдістерімен медициналық қызметтер көрсететін объектілердің қызметі "Денсаулық сақтау объектілеріне қойылатын санитариялық-эпидемиологиялық талаптар" санитариялық қағидаларын бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрінің 2020 жылғы 11 тамыздағы № ҚР ДСМ-96/2020 бұйрығына (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 21080 болып тіркелген) (бұдан әрі – № ҚР ДСМ -96/2020 бұйрығы) және сәулет, қала құрылсы және құрылыс саласындағы мемлекеттік нормативтердің талаптарына сәйкес жүзеге асырылады.
5. Дәстүрлі медицина әдістерімен медициналық көрсетілетін қызметтерді халыққа "Денсаулық сақтау саласындағы мамандарды сертификаттауға жататын мамандықтар мен мамандандырулар тізбесін бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрінің 2020 жылғы 30 қарашадағы № ҚР ДСМ-218/2020 бұйрығына (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 21699 болып тіркелген) сәйкес жоғары медициналық білімі және/немесе "Дәстүрлі медицина (рефлексотерапия)", "Дәстүрлі медицина (Мануалды терапия)", "Дәстүрлі медицина (Су-джок терапия), "Дәстүрлі медицина (Гомеопатия)", "Дәстүрлі медицина (Гирудотерапия)", "Дәстүрлі медицина (Фитотерапия)" бойынша көп бейінді мамандандырулары және "Дәстүрлі терапия (рефлексотерапия, мануалды терапия, су-джок терапия, гомеопатия, гирудотерапия, фитотерапия)" және "Дәстүрлі медицина" мамандығы бойынша маман сертификаты бар маман жүзеге асырады.
6. Дәстүрлі медицина әдістерімен практиканы жүзеге асыратын медициналық персонал "Міндетті медициналық қарап-тексерулерге жататын адамдардың нысаналы топтарын, сондай-ақ оларды жүргізу тәртібі мен мерзімділігін, зертханалық және функционалдық зерттеулердің көлемін, медициналық қарсы көрсетілімдерді, зиянды және (немесе) қауіпті өндірістік факторлардың, жұмысқа орналасқан кезде орындау кезінде міндетті алдын ала медициналық қарап-тексерулер және мерзімдік міндетті медициналық қарап-тексерулер жүргізілетін кәсіптер мен жұмыстардың тізбесін және "Алдын ала міндетті медициналық қарап-тексерулерден өткізу" мемлекеттік қызметін көрсету қағидаларын бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрінің міндетін атқарушының 2020 жылғы 15 қазандағы № ҚР ДСМ-131/2020 бұйрығына (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде №21443 болып тіркелген) сәйкес міндетті және мерзімдік медициналық қарап-тексерулерден өтеді.
7. Дәстүрлі медицина әдістерімен медициналық көрсетілетін қызметтер халыққа: денсаулық сақтау ұйымдарының амбулаториялық-емханалық, стационарды алмастыратын және стационарлық жағдайларда және санаторийлік-курорттық ұйымдарда "Денсаулық сақтау субъектілерінің ақылы қызметтер көрсету қағидаларын және ақылы медициналық көрсетілетін қызметтер (көмек) ұсыну жөніндегі шарттың үлгілік нысанын бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрінің 2020 жылғы 29 қазандағы № ҚР ДСМ-170/2020 бұйрығына (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 21559 болып тіркелген) сәйкес ақылы түрде көрсетіледі.
2-тарау. Дәстүрлі медицина саласында медициналық көмек көрсететін ұйымдар қызыметінің құрылымы, негізгі міндеттері мен бағыттары
8. Медициналық қызметке лицензиясы бар денсаулық сақтау субъектілері меншік нысанына қарамастан дәстүрлі медицина әдістерімен медициналық қызметтер көрсету үшін дәстүрлі медицина бейініне қарай дәстүрлі медицина кабинеттерін (рефлексотерапия, мануалды терапия, гирудотерапия, гомеопатия фитотерапия және табиғатта жаралған заттармен емдеу кабинеттерін) ұйымдастырады.
9. Дәстүрлі медицина әдістерімен медициналық көрсетілетін қызметтер меншік нысанына және ведомстволық тиесілігіне қарамастан медициналық көмек көрсетудің бірінші, екінші және үшінші деңгейлердегі денсаулық сақтау ұйымдарының амбулаториялық-емханалық, стационарлық және стационарды алмастыратын жағдайларында және санаторийлік-курорттық ұйымдарда көрсетіледі.
10. Дәстүрлі медицина әдістерімен медициналық қызметтер көрсететін денсаулық сақтау субъектілерінің негізгі міндеттері мыналар болып табылады:
1) дәстүрлі медицина әдістерін қолдана отырып қауіпсіз және сапалы медициналық көмек көрсету;
2) бекітілген клиникалық хаттамаларға сәйкес дәстүрлі медицина әдістерін қолдана отырып халыққа медициналық көмек көрсету;
3) дәстүрлі медицина әдістерімен аурулардың профилактикалық, денсаулықты нығайту және пациенттердің ағзаларының бейімделу мүмкіндіктерін арттыру;
4) ауруларды кешенді емдеу және оңалтуда дәстүрлі әдістерді пайдалану;
5) пациенттердің құқықтарын сақтау, дәстүрлі медицина әдістері, қарсы көрсетілімдері және емдеудің ықтимал нәтижелері туралы хабардар ету;
6) мамандарды оқыту және олардың біліктілігін арттыру;
7) халық арасында ақпараттық-ағарту жұмыстарын жүргізу;
8) санитариялық-эпидемиологиялық талаптар мен медициналық қызмет стандарттарын сақтау.
3-тарау. Дәстүрлі медицина саласындағы медициналық көмек көрсетудің тәртібі
11. Дәстүрлі медицина әдістерімен медициналық көрсетілетін қызметтер амбулаториялық жағдайларда "Амбулаториялық жағдайлардағы мамандандырылған медициналық көмек көрсету қағидаларын бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрінің 2022 жылғы 27 сәуірдегі № ҚР ДСМ-37 бұйрығына (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде №27833 болып тіркелген) (бұдан әрі – № ҚР ДСМ-37 бұйрық) сәйкес көрсетіледі.
Амбулаториялық жағдайларда дәстүрлі медицина әдістерімен мынадай медициналық қызметтерді көрсетуге рұқсат етіледі:
рефлексотерапия;
мануалды терапия;
гирудотерапия;
гомеопатия
фитотерапия және табиғатта жаралған заттармен емдеу.
Дәстүрлі медицина әдістерімен медициналық көрсетілетін қызметтерді алу үшін бейінді маман клиникалық хаттамаларға сәйкес көрсетілім болған кезде және қарсы көрсетілімдер болмаған кезде пациентті № ҚР ДСМ-37 бұйрығында көзделген тәртіппен дәстүрлі медицина жөніндегі маманға жібереді.
Дәстүрлі медицина жөніндегі маман емшараларды орындау кезінде дәстүрлі медицина бейіне сәйкес стерильді шығыс материалдарын қолдануды, медициналық қалдықтарды жинау, зарарсыздандыру, сақтау тәртібін, қауіпсіздік стандарттарын сақтауды, асқынулар профилактикасы және медициналық құжаттама жүргізуді қамтитын санитариялық-эпидемиологиялық талаптарды сақтауды қамтамасыз етеді.
12. Дәстүрлі медицина саласындағы медициналық көрсетілетін қызметтер стационарды алмастыратын жағдайларда "Қазақстан Республикасында стационарды алмастыратын жағдайларда медициналық көмек көрсету стандартын бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрінің 2023 жылғы 7 маусымдағы № 106 бұйрығына (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 32740 болып тіркелген) (бұдан әрі – № 106 бұйрық) сәйкес көрсетіледі.
Стационарды алмастыратын жағдайларда дәстүрлі медицина әдістерімен мынадай медициналық көрсетілетін қызметтерді көрсетуге рұқсат етіледі:
рефлексотерапия;
мануалды терапия;
гирудотерапия;
гомеопатия
фитотерапия және табиғатта жаралған заттармен емдеу.
Дәстүрлі медицина әдістерімен медициналық көрсетілетін қызметтерді алу үшін бейінді маман клиникалық хаттамаларға сәйкес көрсетілімдер болған кезде және қарсы көрсетілімдер болмаған кезде пациентті № 106 бұйрықта көзделген тәртіппен дәстүрлі медицина жөніндегі маманға жібереді.
13. Дәстүрлі медицина саласындағы медициналық көрсетілетін қызметтер стационарлық жағдайларда Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрінің 2022 жылғы 24 наурызда № ҚР ДСМ-27 бұйрығымен бекітілген Қазақстан Республикасының стационарлық жағдайларда медициналық көмек көрсетуді ұйымдастыру стандартына (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде №27218 болып тіркелген) (бұдан әрі – № ҚР ДСМ-27 бұйрық) бұйрығына сәйкес көрсетіледі.
Стационарлық жағдайларда дәстүрлі медицина әдістерімен мынадай медициналық қызметтерді көрсетуге рұқсат етіледі:
рефлексотерапия;
мануалды терапия;
гирудотерапия;
гомеопатия
фитотерапия және табиғатта жаралған заттармен емдеу.
Дәстүрлі медицина әдістерімен медициналық көрсетілетін қызметтерді алу үшін бейінді маман клиникалық хаттамаларға сәйкес көрсетілімдер болған кезде және қарсы көрсетілімдер болмаған кезде пациентті № ҚР ДСМ 27-бұйрығында көзделген тәртіппен дәстүрлі медицина жөніндегі маманға жібереді.
14. Дәстүрлі медицина саласындағы медициналық көрсетілетін қызметтер санаторийлік-курорттық ұйымдарда № ҚР ДСМ 27-бұйрығына сәйкес көрсетіледі.
Санаторийлік-курорттық ұйымдарда дәстүрлі медицина әдістерімен мынадай медициналық көрсетілетін қызметтерді көрсетуге рұқсат етіледі:
рефлексотерапия;
мануалды терапия;
гирудотерапия;
гомеопатия;
фитотерапия және табиғатта жаралған заттармен емдеу.
Дәстүрлі медицина әдістерімен медициналық көрсетілетін қызметтерді алу үшін бейінді маман клиникалық хаттамаларға сәйкес көрсетілімдер болған кезде және қарсы көрсетілімдер болмаған кезде пациентті № ҚР ДСМ 27-бұйрығында көзделген тәртіппен дәстүрлі медицина жөніндегі маманға жібереді.
15. Дәстүрлі медицина әдістерімен медициналық көрсетілетін қызметтер Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігінің Медициналық көрсетілетін қызметтердің сапасы жөніндегі бірлескен комиссиясы бекіткен клиникалық хаттамаларға сәйкес жүзеге асырылады.
16. Дәстүрлі медицина әдістерімен медициналық қызметтер көрсету туралы ақпарат МАЖ-да құжатталады. Денсаулық сақтау субъектілері "Бастапқы медициналық құжаттаманы жүргізу және есептерді ұсыну қағидаларын бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрінің 2020 жылғы10 желтоқсандағы № ҚР ДСМ-244/2020 бұйрығына (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 21761 болып тіркелген) және нысандар бойынша "Денсаулық сақтау саласындағы есепке алу құжаттамасының нысандарын, сондай-ақ оларды толтыру жөніндегі нұсқаулықтарды бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрінің міндетін атқарушының 2020 жылғы 30 қазандағы № ҚР ДСМ -175/2020 бұйрығына (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 21579 болып тіркелген) (бұдан әрі – № ҚРДСМ-175/2020 бұйрығы) және "Денсаулық сақтау саласындағы есептік құжаттама нысандарын бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрінің 2020 жылғы 22 желтоқсандағы № ҚР ДСМ-313/2020 бұйрығына (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 21879 болып тіркелген) (бұдан әрі – № ҚР ДСМ-313/2020 бұйрығы) сәйкес медициналық құжаттаманы жүргізуді және есептерді ұсынуды қамтамасыз етеді.
17. Дәстүрлі медицина әдістерімен медициналық көрсетілетін қызметтерді ұсыну № ҚР ДСМ-175/2020 бұйрығымен бекітілген нысан бойынша пациенттің хабардар етілген келісімін алғаннан кейін жүзеге асырылады.
18. Дәстүрлі медицина дәрігері дәстүрлі медицина әдісінің бейініне сәйкес мыналарды жүзеге асырады:
1) медициналық қарап-тексеруді жүргізу, дәстүрлі медицина бейіні бойынша емшаралар жүргізуге көрсетілімін және қарсы көрсетілімін анықтау;
2) санитариялық талаптарды, асептика және антисептика қағидаларын сақтай отырып, дәстүрлі медицина бейініне сәйкес емшаралар жүргізу;
3) ақпаратты МАЖ-ға енгізу және № ҚР ДСМ-175/2020 және № ҚР ДСМ-313/2020 бұйрықтарына сәйкес құжаттама жүргізу;
4) пациентті ықтимал қауіптер, қарсы көрсетілімдер және емдеудің баламалы әдістері туралы хабардар ету;
5) емшара алу үшін пациенттің немесе оның заңды өкілінің хабардар етілген келісімін алу.
19. Дәстүрлі медицина әдістерімен медициналық көрсетілетін қызметтер дәстүрлі медицина бейіні бойынша пациенттердің өмірі мен денсаулығын сақтауды қамтамасыз ету, инфекциялық және өзге де жағымсыз салдарлардың алдын алу мақсатында гирудотерапия мен рефлексотерапияны жүргізу кезінде дәстүрлі медицинаның қауіпсіз инвазивті әдістерін жүргізуді және бақылауды қоса алғанда қауіпсіздік стандарттарын сақтай отырып жүзеге асырылады.
20. Үй-жайды ұстауға және емшараны жүргізуге қойылатын санитариялық-эпидемиологиялық талаптар:
1) терінің тұтастығының бұзылуымен байланысты, емдік мақсатта терінің бірнеше рет тесілуін және пациенттің биологиялық сұйықтықтарымен жанасуды көздейтін дәстүрлі медицина әдістері (гирудотерапия, инерефлексотерапия акупунктура) № ҚР ДСМ-96/2020 бұйрығының талаптарына сәйкес келетін үй-жайларда жүргізіледі;
2) "Медициналық көмек көрсетумен байланысты инфекциялардың алдын алу жөніндегі санитариялық-эпидемияға қарсы, санитариялық-профилактикалық іс-шараларды ұйымдастыруға және жүргізуге қойылатын санитариялық-эпидемиологиялық талаптар" санитариялық қағидаларын бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрінің 2022 жылғы 2 желтоқсандағы № ҚР ДСМ-151 бұйрығына (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 30928 болып тіркелген) (бұдан әрі – № ҚР ДСМ-151 бұйрығы) сәйкес медициналық персонал асептика және антисептика қағидаларын сақтауға, жеке қорғау құралдарын пайдалануға, биоматериалдар мен инелерді қолданудың есепке алуын жүргізуге сондай-ақ инфекциялық қауіпсіздік талаптарын сақтауға міндетті.
21. Рефлексотерапия жүргізу кезінде инфекциялық және биологиялық қауіпсіздікті қамтамасыз етуге қойылатын талаптар:
1) емшара жүргізу үшін тіркеу куәлігі мен сапа жөніндегі құжаты бар өндірістік дайындаған стерильді бір реттік қолданылатын инелерді ғана пайдалануға рұқсат етіледі;
2) инелереді қайта пайдалануға жол берілмейді;
3) емшара басталғанға дейін маман: қолданыстағы санитариялық талаптарға сәйкес қолды өңдеуге; ине салынатын жеріндегі пациенттің терісін антисептикалық өңдеуді қамтамасыз етуге; қаптаманың тұтастығын және аспаптардың стерильділігін тексеруге тиіс;
4) емшара аяқталғаннан кейін барлық пайдаланылған инелер медициналық қалдықтарды қауіпсіз жинау және кәдеге жарату контейнерлеріне жинақталуы, мамандандырылған ұйымдардың шығаруы және одан әрі кәдеге жаратылуы тиіс;
5) тері және шырышты қабаттар тұтастығының бұзылыуына байланысты барлық медициналық манипуляциялар бір реттік пайдаланылатын сетрильді қолқаптармен жүргізіледі. Бір реттік қолқаптың сол бір данасын бір пациенттен артық адаммен байланысқан кезде немесе оларды өңдегеннен кейін қайта пайдалануға жол берілмейді;
6) бір реттік пайдаланылатын медициналық қолқаптарды пайдалану № ҚР ДСМ-151 бұйрығының талаптарына сәйкес жүзеге асырылады;
7) медициналық манипуляцияларды жүзеге асыратын медициналық персоналдың қол гигиенасы № ҚР ДСМ-151 бұйрықтың талаптарына сәйкес денсаулық сақтау субъектілері қызметкерлерінің қолды өңдеу алгоритмдерін есепке ала отырып жүргізіледі.
22. Гирудотерапия жүргізу кезінде инфекциялық және биологиялық қауіпсіздікті қамтамасыз етуге қойылатын талаптар:
1) гирудотерапия жүргізу үшін медициналық сүліктерді қолдануға жол беріледі;
2) сүліктерді сақтау шарты жеке үй-жайда немесе бөлінген аймақта ұстау; ағынды немесе үнемі жаңартылып отыратын суы бар ыдысты пайдалануды; келіп түсуін, сақтауды және пайдалануды есепке алу журналын жүргізуді қоса алғанда олардың өмір сүру қабілеті мен қауіпсіздігін қамтамасыз етуі тиіс;
3) медициналық сүліктер гирудотерапия әдісімен медициналық қызметтер көрсету кезінде қолданылатын тірі биологиялық объектілер болып табылады және қайта қолдануға жатпайды;
4) сүліктер қолданылғаннан кейін № ҚР ДСМ-96/2020 бұйрығына сәйкес қабылданған "Б" сыныпты медициналық қалдықтармен жұмыс істеу схемасына сәйкес жойылады.
5) маман қолданылған сүліктердің қоршаған ортамен және персоналмен байланысының алдын алуды қамтамасыз етуге міндетті;
6) тері және шырышты жабындардың тұтастығын бұзумен байланысты барлық медициналық манипуляциялар бір рет пайдаланылатын стерильді қолқаптармен жүргізіледі. Бір рет пайдаланылатын қолқаптың сол бір данасын бір пациенттен артық адаммен байланысқан кезде немесе оларды өңдегеннен кейін қайта пайдалануға жол берілмейді;
7) бір рет пайдаланылатын медициналық қолқаптарды қолдану № ҚР ДСМ-151 бұйрығының талаптарына сәйкес жүзеге асырылады;
8) медициналық манипуляциялар жүзеге асыратын медициналық персоналдың қол гигиенасы № ҚР ДСМ-151 бұйрығының талаптарына сәйкес денсаулық сақтау субъектілері қызметкерлерінің қолдарын өңдеу алгоритмдерін есепке ала отырып жүргізіледі.
23. Дәстүрлі медицина әдістерін кезек күттірмейтін көмекті талап ететін жағдайлар, онкологиялар, инфекциялар, жіті психикалық аурулар кезінде жалғыз емдеу әдісі (монотерапия) ретінде қолдануға тыйым салынады. Пациент дәлелді медицина әдістерінен бас тартқан кезде, міндетті консилум жүргізу және пациенттің хабардар етілген жазбаша бас тартуын алу.
24. Егер пациент дәстүрлі медицина әдістерімен ұсынылған емдеуден бас тартқан жағдайда, маман пациенттің жазбаша бас тартуын ресімдейді, ол медициналық құжаттамаға тігіліп, белгіленген тәртіпте тіркеледі.
4-тарау. Дәстүрлі медицина саласында қызметкерлердің ұсынылатын штат саны және медициналық бұйымдармен жарақтандырылуы
25. Дәстүрлі медицина бейіні бойынша дәстүрлі медицина әдістерімен медициналық қызмет көрсететін денсаулық сақтау ұйымдары қызметкерлерінің ұсынылатын штат саны осы Стандартқа қосымшаға сәйкес жүзеге асырылады.
26. Дәстүрлі медицина бейіні бойынша дәстүрлі медицина әдістерімен медициналық қызмет көрсететін денсаулық сақтау ұйымдарын медициналық бұйымдармен ұсынылатын жарақтандырылуы осы Стандартқа қосымшаға сәйкес жүзеге асырылады.
| Қазақстан Республикасында | |
| дәстүрлі медицина саласында медициналық көмек көрсету стандартына қосымша |