БҰЙЫРАМЫН:
1. "Биржа саудасының қағидаларын бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Ұлттық экономика министрінің міндетін атқарушының 2015 жылғы 30 наурыздағы № 280 бұйрығына (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 10993 болып тіркелген) мынадай өзгерістер мен толықтыру енгізілсін:
көрсетілген бұйрықпен бекітілген Биржа саудасының қағидаларында:
2-тармақтың 12) тармақшасы мынадай редакцияда жазылсын:
"12) есеп айырысу ұйымы – банк немесе банк операцияларының жекелеген түрлерін жүзеге асыратын ұйым, тауар биржасының клиринг орталығы биржалық сауда-саттықты жүргізу және (немесе) биржалық сауда-саттықта жасалған мәмілелер бойынша есеп айырысуды жүзеге асыру кезінде өзара іс-қимыл жасау тәртібі туралы шарт жасасқан ұйым;";
75-1-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:
"75-1. Биржалық сауда-саттықта жасалған биржалық мәмілелер бойынша есеп айырысулар тауар биржасының клирингтік орталығы арқылы және сатып алушылар мен сатушылардың ақшалай міндеттемелері бойынша есеп айырысу ұйымы арқылы жүзеге асырылады.";
312-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:
"312. Биржалық қамтамасыз ету мөлшері болжамды мәміленің 1% аспайды.";
мынадай мазмұндағы 29-тараумен толықтырылсын:
"29-тарау. Картоп саудасы секциясы
323. Картопты сатушылар:
1) азық-түлік мақсатында картоп өсірумен айналысатын ауыл шаруашылығы тауар өндірушілері;
2) отандық картоп импорттаушылары – кәсіпкерлік субъектілері және (немесе) өзіне меншік құқығы немесе өзге де заңды негіздер бойынша тиесілі картоптың меншік иелері, үшінші елдерден және Еуразиялық экономикалық одақ елдерінен импортталған картопты Қазақстан Республикасының аумағында өткізуді жүзеге асыратындар;
3) картоп импорттаушылары, шетелдік заңды тұлғалар – резидент емес заңды тұлғаның орналасқан жерінен тыс орналасқан және оның барлық немесе бір бөлігіндегі функцияларын, оның ішінде өкілдік функцияларын жүзеге асыратын, Қазақстан Республикасының аумағында картоп өткізуді жүзеге асыратын оқшауланған бөлімшесі;
4) ауыл шаруашылығы өндірушілері болып табылмайтын, кейіннен Қазақстан Республикасының аумағында өткізу үшін тауар биржасынан тыс өндірушілерден картоп сатып алатын кәсіпкерлік субъектілері.
Картоп өндірушілер картопты шарт жасалған айналым қаражаты не қарыз қаражаттары және (немесе) әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларына бағаларды тұрақтандыру тетіктері шеңберіндегі шарттар бойынша өткізген жағдайда, оны тауар биржаларынан тыс тиісті шартта көзделген көлем шегінде ғана өткізуді қамтамасыз етеді.
324. Картопты сатып алушылар – картопты өз қажеттіліктері үшін сатып алатын және (немесе) оны одан әрі өткізуді жүзеге асыратын кәсіпкерлік субъектілері.
325. Картопты тауар биржасы арқылы өткізуді жүзеге асыратын сатушы картопты биржалық сауда-саттықта өткізуді бастағаны туралы агроөнеркәсіптік кешенді дамыту саласындағы уәкілетті органға еркін нысанда хабарлама жолдайды.
Картоп сатушыларының тізбесі агроөнеркәсіптік кешенді дамыту саласындағы уәкілетті органның және уәкілетті органның ресми интернет-ресурсында жарияланады.
326. Сатушы агроөнеркәсіптік кешенді дамыту саласындағы уәкілетті органға және тауар биржасына келесі күнтізбелік жылға арналған ішкі нарыққа картоп өткізудің болжамды көлемдері туралы еркін нысандағы ақпаратты өткізу жылынан бұрынғы жылдың 1 желтоқсанынан кешіктірмей ұсынады.
Осы тармақтың бірінші бөлігінде аталған ақпарат сатушының өндірістік және нарықтық мүмкіндіктерін, сондай-ақ картоп өндірісінің маусымдық сипатын ескере отырып қалыптастырылады және келесі күнтізбелік жылға арналған картопты өткізудің болжамды көлемдерінің бөлінісін көрсетеді.
327. Сатушы ұсынылған ақпараттың негізінде ай сайын 5 (бес) жұмыс күні ішінде картопты тауар биржасының сауда жүйесінде тауар биржасы арқылы сатуға, тауарды нақты жөнелтумен, сауда-саттықта белгіленген шарттарда қояды.
Егер картоп сатуға қойылған, бірақ сатылмаған жағдайда, мұндай көлем келесі сауда сессияларында қосымша қойылады.
Егер картоп қосымша сауда сессияларына ұсынылса, бірақ сатушы мен сатып алушылар арасында мәмілелер жасалмаса, сатушы сатылмаған картоп көлемін биржадан тыс мәміле арқылы өз қалауы бойынша сатады.
328. Картоптың биржалық сатылуы мынадай түрлерде жүзеге асырылады:
1) тауарды жөнелту келесі айда жүзеге асырылатын сауда-саттық споты;
2) тауарды тиеп-жөнелту сауда-саттық өткізілетін айдан кейінгі үшінші айда жүзеге асырылатын сауда-саттық споты;
3) тауарды тиеп-жөнелту үш айдан алты айға кезеңге жүзеге асырылатын сауда-саттық споты.
329. Тауар биржасы – картоп саудасын ұйымдастырушы өз интернет-ресурсында бекітілген күннен бастап бір жұмыс күнінен кешіктірмей мыналарды жариялайды:
1) сауда күндері мен сауда сессияларын өткізу кестесі және олардың мерзімділігі;
2) тауар спецификацияларын қоса алғанда, сауда құралдары;
3) лоттардың мөлшері;
4) биржалық қамтамасыз ету мөлшері.
330. Картоп тауар биржасы арқылы төмендегі сауда құралдарын қамтитын тиісті спецификацияларға сәйкес өткізіледі:
картоптың түрі және оның сапалық сипаттамалары;
тиеп-жөнелту орны, мерзімі, тәсілі және жеткізудің өзге де шарттары;
төлем шарттары;
лоттың мөлшері.
331. Картоппен биржалық сауданы өткізу кестесі олардың басталуына кемінде 5 (бес) жұмыс күні қалғанда тауар биржасының өз интернет-ресурсында орналастырылады.
Сауда күндері мен сауда сессияларын өткізу кестесі мен мерзімділігі өзгерген жағдайда, картоппен биржалық саудаға қатысушылар бұл туралы сауда күні басталғанға дейін кемінде 48 (қырық сегіз) сағат бұрын хабардар етіледі.
332. Тауар биржасының электрондық сауда жүйесінде картопты сатып алу (сату) жөніндегі өтінімдер лоттар бойынша орналастырылады.
Теміржол көлігімен картопты жеткізуді көздейтін сауда құралдары бойынша лоттың ең төменгі мөлшері кемінде 60 (алпыс) тонна, және (немесе) автомобиль көлігімен жеткізу кезінде 20 (жиырма) тонна мөлшерінде белгіленеді.
Теміржол көлігімен картопты жеткізуді көздейтін сауда құралдары бойынша лоттың ең жоғары мөлшері 10 (он) вагонды (вагондық нормаға байланысты 600–650 тонна), және (немесе) автомобиль көлігімен жеткізу кезінде 1000 (мың) тонна мөлшерінде белгіленеді.
Бұл ретте сатып алушы өз қажеттіліктерін қанағаттандыру мақсатында биржалық сауда барысында бір лоттан артық лот сатып алуға құқылы.
333. Сауда сессиясы барысында қалыптасатын картоптың ең жоғары баға деңгейі базалық бағадан 101 пайыздан аспауға тиіс.
334. Сауда сессияларында картоптың базалық бағасы ретінде мынадай бағалар танылады:
1) жаңадан бекітілген сауда құралы бойынша өткізілетін алғашқы биржалық саудада базалық баға Қазақстан Республикасының ішкі нарығындағы бағалар жөніндегі деректерге сәйкес алдыңғы айдың қорытындысы бойынша қалыптасқан тиісті өндірушінің жеткізу базисіндегі көтерме бағалар котировкаларының орташа арифметикалық мәні деңгейінде белгіленеді;
2) кейінгі негізгі сауда сессияларында базалық баға тиісті сауда құралдары бойынша алдыңғы сауда сессиясының қорытындысы бойынша қалыптасқан орташа өлшенген баға деңгейінде белгіленеді.
Сауда ұйымдастырушысы осы тармақтың 1) және 2) тармақшаларында көзделген жағдайларда базалық бағаны агроөнеркәсіптік кешенді дамыту саласындағы уәкілетті органмен келіседі.
335. Бекітілген сауда құралы немесе сауда құралдарының тобы бойынша биржалық сауда 5 жұмыс күнінен астам мерзімге тоқтатылған жағдайда, олардың қайта басталуы тиісті жеткізу базисі бойынша соңғы сауда айының қорытындысында қалыптасқан орташа өлшенген баға деңгейінде айқындалатын базалық бағадан басталады.
336. Агроөнеркәсіптік кешенді дамыту саласындағы уәкілетті органның ұсынымдары негізінде тауар биржасы бір сауда күні шеңберінде бір сатып алушы беретін картопты сатып алу жөніндегі өтінімнің ең жоғары көлемін белгілейді.
337. Өтінімдердегі бағалар Инкотермс 2020 шарттарына (EXW, FCA) сәйкес көрсетіледі.
338. Сатушы төмендегі жағдайларда картоппен жасалатын биржадан тыс мәмілелердің тауар биржасында тіркелуін қамтамасыз етеді:
көлемі 60 тоннадан асатын биржадан тыс мәмілелер жасалған кезде;
картопты шарттастырылған айналым қаражатын, қарыздарды және (немесе) әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының бағасын тұрақтандыру тетіктері шеңберінде жасалатын шарттар бойынша өткізу кезінде;
картоп өндіруші тарапынан өнімді екі немесе одан да көп партиямен, жеткізу мерзімі кейінге қалдырылып жүзеге асырылуын көздейтін форвардтық шарттар жасалған кезде.
339. Тауар биржасы жасалған мәмілелердің негізінде биржалық және биржадан тыс индекстерді есептейді және алынған деректерді ескере отырып, картоп бағасының биржалық баға дәлізін айқындайды, оны тауар биржасының өз интернет-ресурсында жариялайды.".
2. Қазақстан Республикасы Сауда және интеграция министрлігінің Ішкі сауданы дамыту департаменті заңнамада белгіленген тәртіппен:
1) осы бұйрықты Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркеуді;
2) осы бұйрық алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін оны Қазақстан Республикасы Сауда және интеграция министрлігінің интернет-ресурсында орналастыруды қамтамасыз етсін.
3. Осы бұйрықтың орындалуын бақылау жетекшілік ететін Қазақстан Республикасының Сауда және интеграция вице-министріне жүктелсін.
4. Осы бұйрық алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.
|
Қазақстан Республикасы Сауда және интеграция министрінің міндетін атқарушы |
А. Бижанова |
"КЕЛІСІЛДІ"
Қазақстан Республикасының
Ауыл шаруашылығы министрлігі
"КЕЛІСІЛДІ"
Қазақстан Республикасының
Бәсекелестікті қорғау және
дамыту агенттігі
"КЕЛІСІЛДІ"
Қазақстан Республикасының
Қаржы министрлігі
"КЕЛІСІЛДІ"
Қазақстан Республикасының
Энергетика министрлігі