ЗҚАИ-ның ескертпесі!
Қолданысқа енгізілу тәртібін 4-тармақтан қараңыз.
Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің Басқармасы ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:
1. "Макропруденциялық нормативтер мен лимиттерді, олардың нормативтік мәндерін және есептеу әдістемесін белгілеу туралы" Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкі Басқармасының 2025 жылғы 25 тамыздағы № 52 қаулысына (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 36722 болып тіркелген) мынадай өзгерістер енгізілсін:
қаулының кіріспесі мынадай редакцияда жазылсын:
"Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі туралы" Қазақстан Республикасы Заңының 51-2-бабы төртінші бөлігінің 1-1) тармақшасына және "Қазақстан Республикасындағы банктер және банк қызметі туралы" Қазақстан Республикасы Заңының 73-бабына сәйкес Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің Басқармасы ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:";
көрсетілген қаулымен бекітілген Макропруденциялық нормативтер мен лимиттер, олардың нормативтік мәндері және есептеу әдістемесінде:
1-тармақтың бірінші бөлігі мынадай редакцияда жазылсын:
"1. Макропруденциялық нормативтер мен лимиттер, олардың нормативтік мәндері және есептеу әдістемесі (бұдан әрі – Нормативтер) "Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі туралы" Қазақстан Республикасы Заңының 51-2-бабы төртінші бөлігінің 1-1) тармақшасына және "Қазақстан Республикасындағы банктер және банк қызметі туралы" Қазақстан Республикасы Заңының (бұдан әрі – Банктер туралы заң) 73-бабына сәйкес әзірленді және онда банктер, Қазақстан Республикасының бейрезидент-банктерінің филиалдары үшін макропруденциялық нормативтер мен лимиттер, олардың нормативтік мәндері және есептеу әдістемесі белгіленеді.";
3-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:
"3. Капиталдың контрциклдік буферінің нормативтік мәнінің аралығы:
банктер үшін – Банктер туралы заңның 72-бабы 1-тармағының үшінші бөлігіне сәйкес қаржы нарығы мен қаржы ұйымдарын реттеу, бақылау және қадағалау жөніндегі уәкілетті орган белгілеген әмбебап банк лицензиясы бар банк, базалық банк лицензиясы бар банк, ислам банкі үшін пруденциялық нормативтерде, олардың шекті мәндерінде және есептеу әдістемесінде (бұдан әрі – Банктер үшін пруденциялық нормативтер) айқындалатын кредиттік тәуекел дәрежесі бойынша мөлшерленген активтер, шартты және ықтимал міндеттемелер, нарықтық тәуекелді, операциялық тәуекелді ескере отырып есептелген активтер, шартты және ықтимал талаптар мен міндеттемелер (бұдан әрі – тәуекелге мөлшерленген активтер) сомасының 0 (нөл) пайызынан 3 (үш) пайызына дейін;
Қазақстан Республикасының бейрезидент-банктерінің филиалдары үшін – Банктер туралы заңның 72-бабы 4-тармағының үшінші бөлігіне сәйкес қаржы нарығы мен қаржы ұйымдарын реттеу, бақылау және қадағалау жөніндегі уәкілетті орган белгілеген Қазақстан Республикасы бейрезидент-банктері филиалдарының резерв ретінде қабылданатын активтерін қалыптастыру тәртібін және олардың ең төмен мөлшерін қоса алғанда, Қазақстан Республикасы бейрезидент-банктерінің филиалдары үшін пруденциялық нормативтерде және лимиттерде, олардың шекті мәндерінде және есептеу әдістемесінде (бұдан әрі – Қазақстан Республикасының бейрезидент-банктерінің филиалдары үшін пруденциялық нормативтер) айқындалатын кредиттік тәуекел дәрежесі бойынша есептелген активтер, шартты және ықтимал міндеттемелер, нарықтық тәуекелді, операциялық тәуекелді ескере отырып есептелген активтер, шартты және ықтимал талаптар мен міндеттемелер (бұдан әрі – тәуекелді ескере отырып есептелген активтер) сомасының 0 (нөл) пайызынан 3 (үш) пайызына дейін болады.";
7 және 8-тармақтар мынадай редакцияда жазылсын:
"7. Егер банктер капиталдың контрциклдік буферінің мөлшерін Нормативтерді бұза отырып есептеген және қалыптастырған жағдайда, банкке "Акционерлік қоғамдар туралы" Қазақстан Республикасының Заңында көзделген жағдайларды қоспағанда, дивидендтер төлеуді және акцияларды кері сатып алуды тоқтату бөлігінде Банктер үшін пруденциялық нормативтерге сәйкес банктің бөлінбеген таза кірісін пайдалануға шектеу қойылады.
Егер Қазақстан Республикасының бейрезидент-банктерінің филиалдары капиталдың контрциклдік буферінің мөлшерін Нормативтерді бұза отырып есептеген және қалыптастырған жағдайда, Қазақстан Республикасының бейрезидент-банкінің филиалына кірісті Қазақстан Республикасының бейрезидент-банкіне жіберу бөлігінде Қазақстан Республикасының бейрезидент-банктерінің филиалдары үшін пруденциялық нормативтерге сәйкес өз қызметінің нәтижелерін пайдалануға шектеу қойылады.
8. Банктер капиталдың контрциклдік буфері ескерілген меншікті капиталдың жеткіліктілігі коэффициенттерінің мәндеріне тізбесі Банктер үшін пруденциялық нормативтерде белгіленген негізгі капиталдың компоненттері есебінен қол жеткізеді.
Қазақстан Республикасының бейрезидент-банктерінің филиалдары резерв ретінде қабылданатын капиталдың контрциклдік буфері ескерілген k1 резерві ретінде қабылданатын активтердің жеткіліктілігі коэффициентінің мәніне Қазақстан Республикасының бейрезидент-банктерінің филиалдары үшін пруденциялық нормативтерде көзделген резерв ретінде қабылданатын активтердің компоненттері есебінен қол жеткізеді.";
12-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:
"12. Капиталдың секторлар бойынша контрциклдік буферінің нормативтік мәнінің аралығы:
банктер үшін – Банктер үшін пруденциялық нормативтерге сәйкес кредиттік тәуекелді ескере отырып мөлшерленген кредиттеудің тиісті сегментінің активтері (бұдан әрі – секторлар бойынша тәуекелге мөлшерленген активтер), шартты және ықтимал міндеттемелері сомасының 0 (нөл) пайызынан 6 (алты) пайызына дейін;
Қазақстан Республикасының бейрезидент-банктерінің филиалдары үшін – Қазақстан Республикасының бейрезидент-банктерінің филиалдары үшін пруденциялық нормативтерге сәйкес кредиттік тәуекел дәрежесі бойынша есептелген кредиттеудің тиісті сегментінің активтері (бұдан әрі – секторлар бойынша тәуекелді ескере отырып есептелген активтер), шартты және ықтимал міндеттемелері сомасының 0 (нөл) пайызынан 6 (алты) пайызына дейін болады.";
14-тармақтың екінші бөлігі мынадай редакцияда жазылсын:
"Капиталдың секторлар бойынша контрциклдік буферінің нормативтік мәнін арттыру Қазақстан Республикасының қаржылық тұрақтылығы жөніндегі кеңес шешім қабылдаған күннен бастап кемінде 12 (он екі) айдан кейін қолданысқа енгізіледі.";
16-тармақтың бірінші бөлігі мынадай редакцияда жазылсын:
"16. Банктер капиталдың секторлар бойынша контрциклдік буферінің мөлшерін секторлар бойынша тәуекелге мөлшерленген активтер мен Нормативтердің 34-тармағында белгіленген капиталдың секторлар бойынша контрциклдік буферінің нормативтік мәнінің көбейтіндісі ретінде есептейді.";
17 және 18-тармақтар мынадай редакцияда жазылсын:
"17. Егер банктер капиталдың секторлар бойынша контрциклдік буферінің мөлшерін Нормативтерді бұза отырып есептеген және қалыптастырған жағдайда, банкке "Акционерлік қоғамдар туралы" Қазақстан Республикасының Заңында көзделген жағдайларды қоспағанда, дивидендтер төлеуді және акцияларды кері сатып алуды тоқтату бөлігінде Банктер үшін пруденциялық нормативтерге сәйкес банктің бөлінбеген таза кірісін пайдалануға шектеу қойылады.
Егер Қазақстан Республикасының бейрезидент-банктерінің филиалдары капиталдың секторлар бойынша контрциклдік буферінің мөлшерін Нормативтерді бұза отырып есептеген және қалыптастырған жағдайда, Қазақстан Республикасының бейрезидент-банкінің филиалына кірісті Қазақстан Республикасының бейрезидент-банкіне жіберу бөлігінде Қазақстан Республикасының бейрезидент-банктерінің филиалдары үшін пруденциялық нормативтерге сәйкес өз қызметінің нәтижелерін пайдалануға шектеу қойылады.
18. Банктер капиталдың секторлар бойынша контрциклдік буфері ескерілген меншікті капиталдың жеткіліктілігі коэффициенттерінің мәндеріне тізбесі Банктер үшін пруденциялық нормативтерде белгіленген негізгі капиталдың компоненттері есебінен қол жеткізеді.
Қазақстан Республикасының бейрезидент-банктерінің филиалдары резерв ретінде қабылданатын капиталдың секторлар бойынша контрциклдік буфері ескерілген k1 резерві ретінде қабылданатын активтердің жеткіліктілігі коэффициентінің мәніне Қазақстан Республикасының бейрезидент-банктерінің филиалдары үшін пруденциялық нормативтерде көзделген резерв ретінде қабылданатын активтердің компоненттері есебінен қол жеткізеді.";
22-тармақтың екінші бөлігінің 1) тармақшасы мынадай редакцияда жазылсын:
"1) қарыз алушы өтініш берген күннің алдындағы 6 (алты) айдағы ресми кірісі негізінде айқындалады. Мынадай бір немесе бірнеше құжат:
жұмыс берушіден жалақы және өзге де кіріс түсетін банктік шоттан үзінді-көшірме немесе бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорының немесе "Азаматтарға арналған үкімет" мемлекеттік корпорациясының дерекқорынан салымшының (алушының) міндетті зейнетақы жарналары, міндетті кәсіптік зейнетақы жарналары жөнінде ақпарат немесе міндетті зейнетақы жарналарының, жеке табыс салығының төленген сомасын шегергенде, жеке тұлғалардың кірісі туралы ақпарат бөлігінде орталық атқарушы органдардың және оларға тиесілі не ведомстволық бағынысты заңды тұлғалардың дерекқорынан алынған ақпарат;
зейнетақы төлемдері түсетін банктік шоттан үзінді-көшірме;
"Қызметкер еңбек (қызметтік) міндеттерін атқарған кезде оны жазатайым оқиғалардан міндетті сақтандыру туралы" Қазақстан Республикасы Заңының талаптарына сәйкес жасалған зейнетақы аннуитеті шарты бойынша, аннуитеттік сақтандыру шарты бойынша сақтандыру төлемдері түсетін банктік шоттан үзінді-көшірме негізінде есептелген орташа айлық кіріс ресми кіріс деп түсініледі;
Қазақстан Республикасының Салық кодексіне (бұдан әрі – Салық кодексі) сәйкес арнаулы салық режимін қолданатын қарыз алушының кірісі туралы ақпарат негізінде:
өзін-өзі жұмыспен қамтығандарға арналған арнаулы салық режимін қолданатын жеке тұлғалар үшін – арнайы мобильдік қосымшада қалыптастырылатын кіріс тізілімінде көрсетілген кіріс туралы мәліметтер немесе Салық кодексінде көзделген кіріс туралы басқа да мәліметтер негізінде;
оңайлатылған декларация негізінде арнаулы салық режимін қолданатын жеке тұлғалар – дара кәсіпкерлер үшін – Салық кодексіне сәйкес салық органдарына берілетін салық есептілігінде көрсетілген шығыс сомасын және төленген жеке табыс салығы сомасын шегергендегі кіріс туралы мәліметтер негізінде есептелген орташа айлық кіріс ресми кіріс деп түсініледі;".
2. Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің Қаржылық тұрақтылық және зерттеулер департаменті Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен:
1) Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің Заң департаментімен бірлесіп осы қаулыны Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркеуді;
2) осы қаулыны ресми жарияланғаннан кейін Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің ресми интернет-ресурсына орналастыруды;
3) осы қаулы мемлекеттік тіркелгеннен кейін он жұмыс күні ішінде Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің Заң департаментіне осы тармақтың 2) тармақшасында көзделген іс-шараның орындалуы туралы мәліметтерді ұсынуды қамтамасыз етсін.
3. Осы қаулының орындалуын бақылау Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкі Төрағасының жетекшілік ететін орынбасарына жүктелсін.
4. Осы қаулы алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін қолданысқа енгізіледі және 2026 жылғы 19 наурыздан бастап туындаған қатынастарға қолданылады.
|
Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің Төрағасы |
Т. Сулейменов |