Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің Басқармасы ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:
1. "Қазақстан Ұлттық Банкінің бюджеті (шығыстар сметасы) есебінен Қазақстан Ұлттық Банкі қызметінің басым бағыттары бойынша зерттеулерді жүргізу үшін гранттар ұсыну қағидаларын бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкі Басқармасының 2021 жылғы 19 сәуірдегі № 47 қаулысына (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 22608 болып тіркелген) мынадай өзгерістер енгізілсін:
кіріспе мынадай редакцияда жазылсын:
"Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкiнiң ережесiн және құрылымын бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Президентінің 2003 жылғы 31 желтоқсандағы № 1271 Жарлығымен бекітілген Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі туралы ереженің 19-тармағының екінші бөлігі бесінші абзацының 46) тармақшасына сәйкес Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің Басқармасы ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:";
көрсетілген қаулымен бекітілген Қазақстан Ұлттық Банкінің бюджеті (шығыстар сметасы) есебінен Қазақстан Ұлттық Банкі қызметінің басым бағыттары бойынша зерттеулерді жүргізу үшін гранттар ұсыну қағидаларында:
1-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:
"1. Осы Қазақстан Ұлттық Банкінің бюджеті (шығыстар сметасы) есебінен Қазақстан Ұлттық Банкі қызметінің басым бағыттары бойынша зерттеулерді жүргізу үшін гранттар ұсыну қағидалары (бұдан әрі – Қағидалар) "Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің ережесін және құрылымын бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Президентінің 2003 жылғы 31 желтоқсандағы № 1271 Жарлығымен бекітілген Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі туралы ереженің 19-тармағының екінші бөлігі бесінші абзацының 46) тармақшасына сәйкес әзірленді және онда Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің (бұдан әрі – Ұлттық Банк) бюджеті (шығыстар сметасы) есебінен Ұлттық Банк қызметінің басым бағыттары бойынша зерттеулер жүргізу үшін гранттар беру тәртібі айқындалады.";
17-тармақтың 5) тармақшасы мынадай редакцияда жазылсын:
"5) грант алушы ұсынған зерттеу нәтижесі туралы аралық және қорытынды есептерді, сондай-ақ бөлінген грантты пайдалану туралы есепті қарауды және мақұлдауды;";
27-тармақтың 9) тармақшасы мынадай редакцияда жазылсын:
"9) грант беру талаптары мен оның өтінімі мақұлданған кезде мынадай міндеттемелерді қабылдаумен:
грант сомасын нысаналы және ұтымды пайдалануды қоса алғанда, грант беру туралы шарт пен өтінім талаптарына сәйкес зерттеу жүргізуді қамтамасыз етуге;
грант есебінен зерттеу жүргізуге және қол жеткізілген нәтижелерге, оның ішінде зерттеу жүргізудің толықтығы мен уақтылығына жауапты болуға;
зерттеу жүргізуге қажетті іс-шараларды (жұмыстарды) жүргізу үшін жетекші орындаушыларды үй-жаймен, коммуникацияларға және басқа да инфрақұрылымға қол жеткізумен қамтамасыз етуге;
жетекші орындаушыларды авторлар үшін жалпы қабылданған этикалық нормалармен және ғылыми жарияланымдардың қағидаттарымен (Committee on Publication Ethics – COPE) оларды сақтау қажеттілігі туралы хабардар ете отырып таныстыруға;
грант беру туралы шартта көрсетілген мерзімде зерттеу нәтижесі туралы аралық және қорытынды есептерді ұсынуға;
әрбір жетекші орындаушымен грант беру талаптарына сәйкес келетін азаматтық-құқықтық және (немесе) еңбек шарттарын жасасуға;
жетекші орындаушыларға олармен жасалған шарттарда көзделген ақша сомасын уақтылы және толық көлемде төлеуге;
Ұлттық Банкке грант беру туралы шартта көзделген мерзімде растайтын құжаттарды қоса бере отырып, бөлінген гранттың пайдаланылуы туралы есеп беруге;
шарттық міндеттемелер орындалмаған не тиісінше орындалмаған, оның ішінде Ұлттық Банк грант сомасын нысаналы пайдаланбау немесе грант сомасын үнемдеу (толық игермеу) фактісін анықтаған кезде грант беру туралы шартта белгіленген мерзімде грантты қайтаруды (ішінара қайтаруды) жүзеге асыруға;
грант беру туралы шартта көрсетілген мерзімде Ұлттық Банкті жетекші орындаушылардың рецензияланатын мерзімді және (немесе) ғылыми басылымының атауын және нөмірін көрсете отырып, рецензияланатын мерзімді және (немесе) ғылыми басылымдарда зерттеу нәтижелерін жариялау фактісі туралы хабардар етуге;
грант беру туралы шарт шеңберінде орындалған зерттеу нәтижесін жариялау және (немесе) тарату кезінде Ұлттық Банктен грант алынғаны туралы ақпаратты көрсетуге;";
40-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:
"40. Грант сомасы мына тәртіпте:
берілген грант сомасынан 30% (отыз пайыз) – Ұлттық Банк пен грант алушы грантты беру туралы шартқа қол қоған күннен бастап 7 (жеті) жұмыс күні ішінде;
берілген грант сомасынан 40% (қырық пайыз) –грантты алушы ұсынған зерттеу нәтижесі туралы аралық есепті Ұлттық Банк келіскен күннен бастап 7 (жеті) жұмыс күні ішінде;
берілген грант сомасынан 30% (отыз пайыз) – гранттар беру жөніндегі комиссия грантты алушы ұсынған зерттеулер нәтижесі туралы қорытынды есепті және бөлінген грантты пайдалану туралы есепті мақұлдаған күннен бастап 7 (жеті) жұмыс күні ішінде беріледі.
Егер грант алушы қосылған құн салығын (бұдан әрі – ҚҚС) төлеуші болса, онда грант сомасы ҚҚС сомасын ескере отырып беріледі.";
41-тармақтың 2) тармақшасы мынадай редакцияда жазылсын:
"2) шығыстардың әрбір бабы бойынша:
гранттар беру жөніндегі комиссия мақұлдаған өтінімде көрсетілген жоспарланған соманы;
гранттың нақты жұмсалған сомасын;
үнемді;
талдама мен негіздеме талап етілмейтін үстеме шығыстарды қоспағанда, көрсетілген шығыстарды растайтын құжаттарды көрсете отырып, Қағидаларға 3-қосымшаға сәйкес нысан бойынша бөлінген гранттың пайдаланылуы туралы есепті;";
47-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:
"47. Уәкілетті бөлімшемен келісілген зерттеу нәтижелері туралы қорытынды есеп уәкілетті бөлімшенің қорытындысымен және Өкілдіктің жауапты бөлімшесінің бөлінген гранттың пайдаланылуы туралы есепті келісу туралы қорытындысымен бірге гранттар беру жөніндегі комиссияның мақұлдауына жіберіледі.";
зерттеу жүргізу үшін грант алуға арналған өтінімге 1-қосымша осы қаулыға қосымшаға сәйкес редакцияда жазылсын.
2. Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің Алматы қаласындағы тұрақты өкілдігінің Зерттеулер және талдама орталығы – департаменті Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен:
1) Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің Заң департаментімен бірлесіп осы қаулыны Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркеуді;
2) осы қаулыны ресми жарияланғаннан кейін Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің ресми интернет-ресурсына орналастыруды;
3) осы қаулы мемлекеттік тіркелгеннен кейін он жұмыс күні ішінде Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің Заң департаментіне осы тармақтың 2) тармақшасында көзделген іс-шаралардың орындалуы туралы мәліметтерді ұсынуды қамтамасыз етсін.
3. Осы қаулының орындалуын бақылау Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкі Төрағасының жетекшілік ететін орынбасарына жүктелсін.
4. Осы қаулы алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.
|
Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің Төрағасы |
Т. Сулейменов |
| Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің Төрағасы 2026 жылғы 25 ақпандағы № 14 қаулысына қосымша Зерттеу жүргізу үшін грант алуға ұсынатын өтінімге 1-қосымша Нысан |
Зерттеу шығысының сметасы және олардың негіздемесі
Шығыс сметасы Excel форматындағы кестеде ұсынылады.
Кестеде шығыстың әрбір бабына негіздеме және түсіндірме, қосымша жан-жақты есептер түрінде зерттеуге қажеттілігі мынаны ескере отырып көрсетіледі:
1. Жетекші орындаушылардың және қосымша тартылған орындаушылардың еңбегіне ақы төлеу жөніндегі шығыстың баптары бойынша:
1.1 Зерттеу жетекшісінің және зерттеудің жетекші орындаушыларының еңбегіне ақы төлеуге арналған шығыстар аты-жөнімен көрсетіледі.
"Жалақы" деген жолда қызметкерден ұсталатын салықтар мен жарналар сомасын қоса алғанда, жалақы көрсетіледі.
Зерттеу жетекшісінің және зерттеудің жетекші орындаушыларының "жалақысы" деген жол бойынша:
3-бағанда сағат өлшем бірлігі ретінде көрсетіледі;
4-бағанда тарифтік мөлшерлемені 164** бөлу арқылы айқындалатын сағаттық мөлшерлеме көрсетіледі. "Тарифтік мөлшерлеме" ретінде ізденушінің ұйғарымы бойынша мына мәндердің бірі қолданылады:
1) егер орындаушы ізденушінің штаттық қызметкері болып табылса, ізденушінің орындаушысына белгіленген нақты лауазымдық жалақы (айлық);
2) ізденушінің ұқсас позициясының (лауазымының) жалақысына (лауазымдық айлықақысына) баламалы бір айға еңбекке ақы төлеу мөлшерлемесі;
3) Қазақстан Республикасының Ғылым және жоғары білім министрлігі ұсынатын лауазымдар бойынша жоғары және (немесе) жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру ұйымдарындағы штаттық профессор-оқытушылар құрамының ең төменгі айлық жалақысы;
4) мемлекеттік статистика саласындағы функцияларды жүзеге асыратын уәкілетті орган жариялаған соңғы қолжетімді кезеңдегі орташа жалақы;
5-бағанда жоба бойынша жұмысқа жұмсалған сағаттардағы уақыт көрсетіледі. 5-бағандағы мән зерттеу ұзақтығынан аспайды;
6-бағанда 4 және 5-бағандар мәндерінің көбейтіндісі ретінде есептелетін мән көрсетіледі;
7-бағанда орындаушы орындайтын іс-шаралар, сондай-ақ 4-баған бойынша еңбекке ақы төлеудің сағаттық мөлшерлемесін есептеу үшін қолданылған тарифтік мөлшерлеме көрсетіледі. Бұл ретте ізденуші қол қойған жалақы мөлшерін және оның негіздемесін, қолданылған тарифтік мөлшерлемені есептеу зерттеуге арналған шығыстар сметасына және олардың негіздемелеріне қоса беріледі.
1.2 Қосымша тартылатын орындаушылардың еңбегіне ақы төлеуге арналған шығыс.
Шығыстың осы бабы бойынша көмекші ретінде қосымша тартылған орындаушылардың (студенттерді, магистранттарды, аспиранттарды қоса алғанда) еңбегіне ақы төлеуге арналған шығыс аты мен тегі аталмай көрсетіледі.
Қосымша тартылатын орындаушылардың "жалақы" жолы бойынша әрбір позиция немесе функция бойынша мыналарды көрсету:
3-бағанда өлшем бірлігі ретінде сағат көрсетіледі;
4-бағанда жұмыспен толық қамтылған сағаттар үшін қосымша тартылатын орындаушылардың еңбекақы мөлшерлемесі көрсетіледі;
5-бағанда қосымша тартылатын орындаушылардың толық жұмыспен қамтылған сағаттардың жалпы саны көрсетіледі (толық жұмыспен қамтылған адам-сағат саны);
6-бағанда 4 және 5-бағандар мәндерінің көбейтіндісі ретінде есептелетін мән көрсетіледі;
7-бағанда еңбекке ақы төлеу үшін қолданылған мөлшерлеменің негіздемесін көрсете отырып, қосымша тартылатын орындаушыларды тарту қажеттілігі және олардың зерттеудегі рөлі көрсетіледі.
2. Зерттеу жүргізуге байланысты іссапар шығысының баптары бойынша:
1) іссапарда болған әрбір күнтізбелік күн үшін, оның ішінде жол жүру уақыты үшін, тиісті қаржы жылына арналған республикалық бюджет туралы заңда белгіленген 5 (бес) айлық есептік көрсеткіш (бұдан әрі – АЕК) мөлшерінде тәуліктік төлемдер;
2) Астана, Алматы, Атырау, Ақтау, Шымкент қалаларында тәулігіне 15 АЕК-тен аспайтын, Қазақстан Республикасының облыс орталықтарында (Атырау, Ақтау қалаларын қоспағанда) және басқа қалаларында тәулігіне 12 АЕК-тен аспайтын мөлшерде тұрғын үй-жайды жалдау бойынша шығыс;
3) "Эконом" класты әуе билетінің немесе теміржол көлігінің құны бойынша межелі жерге бару және кері қайту жолақысы бойынша шығыс.
3. Үстеме шығыстардың баптары бойынша:
Үстеме шығыстар дегеніміз – ізденушінің үй-жайды, жабдықты ұстауға және олар бойынша амортизациялық аударымдарды, коммуникацияларға (телефон байланысы, интернет) және басқа да инфрақұрылымға (коммуналдық қызметтер және (немесе) пайдалану шығыстары) қол жеткізуге арналған шығыстарды, кеңсе шығыстары мен грантқа әкімшілік қызмет көрсетуді қамтитын зерттеуді орындауға жағдай жасау үшін жұмсайтын шығыстары.
Үстеме шығыстардың жалпы сомасы шығыстар сметасының 1-жолында көрсетілген еңбекке ақы төлеуге арналған шығыстар сомасының ең көбі 15% (он бес пайыз) құрайды және 800 (сегіз жүз) АЕК-тен аспайды. Үстеме шығыстардың талдамасы мен негіздемесі талап етілмейді.
4. Материалдық-техникалық қамтамасыз етуге арналған шығыстар.
Шығыстардың сомасы мен баптарын көрсете отырып, зерттеу жүргізу үшін қажетті (мысалы, бөгде ұйымдардың сауалнама жүргізу қызметтерін сатып алу және тағы басқалар) бөгде ұйымдардың қызметтеріне ақы төлеуге байланысты материалдарды (қорларды) және шығыстарды қоса алғанда, материалдық-техникалық қамтамасыз ету.
7-бағанда материалдық-техникалық қамтамасыз етуге арналған шығыстар қажеттілігінің, жоспарланған бағалар мен көлемінің (санының) негіздемесі көрсетіледі.
Өтінім бере отырып, ізденуші грант алған кезде зерттеу орындаушыларын зерттеу жүргізу үшін үй-жаймен, коммуникацияларға және басқа да инфрақұрылымға қол жеткізуін қамтамасыз етуге өзіне міндеттеме алады.
Ескертпе:
* Егер грант алушы ҚҚС төлеуші болып табылса, ҚҚС сомасы (пайызбен және тікелей есеп айырысу бірліктерімен) көрсетіледі;
** бес күндік 40 сағаттық жұмыс аптасында жұмыс уақытының орташа айлық балансы.