Қазақстан Республикасы Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің Басқармасы ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:
1. "Екінші деңгейдегі банктерге, Қазақстан Республикасының бейрезидент-банктерінің филиалдарына арналған тәуекелдерді басқару және ішкі бақылау жүйесін қалыптастыру қағидаларын бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкі Басқармасының 2019 жылғы 12 қарашадағы № 188 қаулысына (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 19632 болып тіркелген) мынадай өзгеріс пен толықтыру енгізілсін:
көрсетілген қаулымен бекітілген Екінші деңгейдегі банктерге, Қазақстан Республикасының бейрезидент-банктерінің филиалдарына арналған тәуекелдерді басқару және ішкі бақылау жүйесін қалыптастыру қағидаларында:
42-тармақтың 2) тармақшасы мынадай редакцияда жазылсын:
"2) банк кредиттік қызметті және бекітілген кредиттік саясат шеберінде кредиттік тәуекелді басқаруды жүзеге асырады, оған мыналар кіреді, бірақ мұнымен шектелмейді:
банктің кредиттік қызметінің негізгі бағыттары;
кредиттік процестің қатысушылары және олардың жауапкершілік салалары;
кредиттерді қарау және мақұлдау тәртібін қоса алғанда, оның ішінде банкпен ерекше қатынастармен байланысты тұлғаларды кредиттеуге қатысты кредиттік шешімдер қабылдаудың ішкі тәртібі, кредиттік тәуекелдің концентрациясын шектеу мақсатында кредиттеу лимиттері;
қарыз алушының кредиттік қабілеттілігін талдау рәсімі.
Егер жеке тұлғаға берілген қарыздардың және қабылданған шартты міндеттемелердің жиынтық сомасы мөлшері 100 (жүз) миллиард теңгеден асатын банктің меншікті капиталынан 0,01 (нөл бүтін жүзден бір) пайыздан асатын немесе мөлшері 100 (жүз) миллиард теңгеге дейін банктің меншікті капиталынан 0,02 (нөл бүтін жүзден екі) пайыздан асатын болса, банк кредит қабілеттілігіне талдауды төмендегі ақпарат негізінде және мына факторларды ескере отырып (алайда олармен шектелмей) жүзеге асырады:
қарыз алушының тұрақты және жеткілікті кірісінің болуы;
жылжымайтын және басқа мүлігінің болуы;
қарыз берешегінің болуы, оның ішінде басқа кредиторлардың алдында;
борыш жүктемесі;
қарыздар бойынша төлем тәртібі (кредиттік тарих);
қарыз алушының банктің скорингтік жүйелеріндегі рейтингі (бар болса);
басқа да берешегінің болуы;
банктің алдындағы берешекті өтеудің өзге де көздерінің болуы;
банктік шоттар бойынша қалдықтар және операциялар;
білімі және қамтылуы (қызмет саласы) туралы ақпарат;
әлеуметтік-демографиялық сипаттамалары;
ақшаны нысаналы пайдалану туралы ақпарат;
қарыз алушының кірістері туралы қосымша ақпарат.
Егер жеке тұлғаға берілген қарыздардың және қабылдаған шартты міндеттемелердің жалпы сомасы банктің мөлшері 100 (бір жүз) миллиард теңгеден асатын меншікті капиталының 0,01 (нөл бүтін жүзден бір) пайызынан аспайтын немесе банктің мөлшері 100 (бір жүз) миллиард теңгеден аспайтын меншікті капиталының 0,02 (нөл бүтін жүзден екі) пайызынан аспайтын болса, банк кредит қабілеттілігіне талдауды төмендегі ақпарат негізінде және мына факторларды ескере отырып (алайда олармен шектелмей) жүзеге асырады:
қарыз алушының тұрақты және жеткілікті кірісінің болуы;
несие берешегінің болуы, оның ішінде басқа кредиторлардың алдындағы;
борыш жүктемесі;
қарыздар бойынша төлем тәртібі (кредиттік тарих);
қарыз алушының банктің скорингтік жүйелеріндегі рейтингі (бар болса);
банктің алдындағы берешекті өтеудің өзге де көздерінің болуы;
банктік шоттар бойынша қалдықтар және операциялар;
білімі және қамтылуы туралы ақпарат;
әлеуметтік-демографиялық сипаттамалары;
ақшаны нысаналы пайдаланылуы туралы ақпарат (бар болса).
Банк банктік қарыз шартын жасасу кезінде жеке тұлғаны (заңды тұлға құрмай, кәсіпкерлік қызметті жүзеге асыратын жеке тұлғаларды қоспағанда), тәуекел деңгейі жоғары қарыз алушы ретінде мынадай екі немесе одан да көп фактор болған кезде жіктейді:
кредиттік тарихының мерзімі 3 (үш) жылдан аз;
банктік қарыздарды және (немесе) микрокредиттерді өтеу жөніндегі міндеттемені орындау мерзімін кешіктіру соңғы 12 (он екі) айда қатарынан күнтізбелік 30 (отыз) күн ішінде 3 (үш) айлық есептік көрсеткіштен асады;
3 (үш) және одан да көп қаржы ұйымдарындағы өтелмеген банктік қарыздар және/немесе микрокредиттер;
банктік қарыздарды және (немесе) микрокредиттерді өтеу жөніндегі міндеттемелерді орындаудың ай сайынғы жиынтық сомасы банк есептеген жеке тұлғаның ай сайынғы тұрақты кірісінің 45 (қырық бес) пайызынан асады;
кредиттік тарих субъектісі туралы теріс ақпараттың болуы;
тұрақты кіріс көзін бағалаудың ішкі әдістемесіне сәйкес тұрақты кіріс көзі расталмаған.
Банк осы тармақшаның алтыншы немесе жиырмасыншы абзацтарында көзделген қарыздарды берген жағдайда, банк банктік қарыз шарты жасалғанға дейін және берілген қарызды (қарыздарды) ескере отырып, дефолт ықтималдығын бағалауды жүргізеді. Егер берілген қарызды (қарыздарды) ескере отырып, банктік қарыз (қарыздар) бойынша дефолт ықтималдығы 5 (бес) пайыздық тармаққа ұлғайған жағдайда, бұл ретте дефолттың бастапқы ықтималдығы 5 (бес) пайыздан асатын болса, банк банктің ішкі құжаттарына сәйкес осындай қарыз алушының тұрақты мониторингін қамтамасыз етеді.
Соңғы 12 (он екі) айда банктік қарыз және (немесе) микрокредит бойынша күнтізбелік 90 (тоқсан) күннен астам мерзімі өткен берешекке жол берген қарыз алушы үшін борыш жүктемесі коэффициентінің деңгейі "Макропруденциялық нормативтер мен лимиттер, олардың нормативтік мәндерін және есептеу әдістемесін белгілеу туралы" Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі Басқармасының 2025 жылғы 25 тамыздағы № 52 қаулысымен (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 36722 болып тіркелген) белгіленген қарыз алушының борыш жүктемесі коэффициентінің ең жоғары деңгейі мөлшерінің жартысын құрайды.
Заңды тұлғаға ұсынылған қарыздардың және шартты міндеттемелердің жалпы сомасы 500 (бес жүз) миллион теңгеден немесе банктің меншікті капиталының 0,2 (нөл бүтін оннан екі) пайызынан асатын болса банк кредит қабілеттілігіне талдауды төмендегі ақпарат негізінде және мына факторларды ескере отырып (алайда олармен шектелмей) жүзеге асырады:
қарыз алушы-заңды тұлғалардың қаржылық есептілігін және негізгі қаржылық коэффициенттерін (рентабельділігі, меншікті және қарыз қаражатының арақатынасы, ақша қаражатының түсу жоспары (қаржы ұйымдарына қарыздар беру, қаржы ұйымдарында салымдарды орналастыру, 6 (алты) айдан аз мерзімге кредиттік желі ашу жағдайларын қоспағанда), кірістер деңгейін талдау.
Банк алдындағы жиынтық міндеттемелері банктің меншікті капиталының 0,2 (нөл бүтін оннан екі) пайызынан асатын қарыз алушының талдау үшін қабылданатын қаржылық есептілігі (мерзімі 6 (алты) айдан кем овердрафттар, кредиттік карталар, кредиттік желілер түрінде қаржыландыру жағдайларын қоспағанда), мынадай талаптарға сәйкес келеді:
баланстың материалдық (маңызды) құрауыштары (баланс валютасынан 5 (бес) пайыздан астам) және (немесе) пайда мен зияндар туралы есеп (түсімнен 5 (бес) пайыздан астам) бойынша шоттардың талдамасымен есептіліктің негізгі үш нысанының болуы. Бұл талап "Самұрық-Қазына" ұлттық әл-ауқат қоры" акционерлік қоғамына, "Бәйтерек" ұлттық басқарушы холдингі" акционерлік қоғамына, Standard & Poor's (Стандард энд Пурс), Moody's Investors Service (Мудис Инвесторс Сервис) немесе Fitch Ratings Inc. (Фич Рейтингс) агенттіктерінің халықаралық шәкілі бойынша ұзақ мерзімді кредиттік рейтингі бар жария компанияларға, жеке халықаралық корпорациялардың (акциялары немесе қатысу үлестері қор биржасында не халықаралық қор биржаларында листингке алынбайтын) немесе жария халықаралық корпорациялардың шоғырландырылған қаржылық есептілігіне енгізілетін заңды тұлғаларға, сондай-ақ қор биржасының листингтік талаптарына сәйкес келетін компаниялар куәландырған аудиттелген қаржылық есептіліктің болуы жағдайларына қолданылмайды;
қаржылық есептіліктің барлық нысандары арасындағы толық сәйкестік;
ұсынылған қаржылық есептіліктің астында қарыз алушының жауапты (уәкілетті) тұлғаларының қолдарының болуы.
Қор биржасының листингтік талаптарына сәйкес келетін аудиттелген қаржылық есептілік болған жағдайда кез келген мақсаттар үшін аудиттелген қаржылық есептілікке басымдылық беріледі, сондай-ақ оны салық декларациясымен салыстырып тексеру талап етілмейді. Жеке халықаралық корпорациялардың (акциялары немесе қатысу үлестері қор биржасында не халықаралық қор биржаларында листингке алынбайтын) немесе жария халықаралық корпорациялардың шоғырландырылған қаржылық есептілігіне енгізілетін заңды тұлғалар үшін қаржылық есептілікті салық декларациясымен салыстырып тексеру талап етілмейді.
2026 жылғы 1 қаңтардан бастап салық декларациясының болуы (Салық кодексіне сәйкес салық декларациясын тапсыру талап етілген жағдайда) және бір кезең үшін құнсыздану белгілерін бағалау және провизияларды есептеу мақсатында ақша ағындарын есептеу үшін пайдаланылатын қаржы есептілігіндегі деректермен салық декларациясындағы деректердің қайшылығының болмауы талап етіледі. Қаржылық және салықтық есептілік көрсеткіштері арасындағы алшақтыққа бухгалтерлік және салықтық есепке алу айырмашылықтарына байланысты жол беріледі. Өзге жағдайларда есептілік нысандары арасындағы деректердің айтарлықтай алшақтығының себептері қарыз алушы бойынша банктің жауапты бөлімшесінің қорытындысында сипатталады және банктің уәкілетті алқалы органы қарайды.
Банк ішкі құжаттардағы алшақтықтың маңыздылығын белгілейді. Белгіленген шектер болмаған жағдайда түсім, қорытынды қаржылық нәтиже, активтердің рентабельділігі көрсеткіштері бойынша 30 (отыз) пайыздан астам мөлшердегі алшақтық (бірақ олармен шектелмей) елеулі алшақтық болып табылады.
Қаржылық есептілік объективті болған жағдайда банк қаржылық есептілікті құнсыздану белгілерін бағалау және провизияларды есептеу мақсатында ақша ағындарын есептеу мақсатында пайдаланады.
Қаржылық есептілік және (немесе) салық декларациясы болмаған жағдайда (Салық кодексіне және Бухгалтерлік есеп пен қаржылық есептілік туралы заңға сәйкес оларды тапсыру талап етілмеген жағдайда) қарыз алушының активтері және өзге де кіріс көздері (банк шоттары бойынша үзінді-көшірмелер, меншігінде тиісті активтердің болуын растау) туралы ақпарат сұратылады.
Құнсыздану белгілері мен құнсыздану санаттарын бағалау шеңберінде қарыз алушылардың, тең қарыз алушылардың, кепілдік беруші мен кепілгерлердің қаржылық есептілігін шоғырландырылған түрде пайдалануға жол беріледі.
Қарыз бойынша күтілетін ақша ағындарын есептеу мақсатында қарыз алушының қаржылық есептілігін (оның ішінде банк тарапынан) оның төлем қабілетсіздігі басталған жағдайда қарыз алушымен оның берешегін өтеу бойынша шарттық міндеттемелері бар тұлғалардың (оның ішінде қарыз алушымен байланысты) есептілігімен, сондай-ақ егер осы тұлғаның активтері қарыз алушының міндеттемелері бойынша қамтамасыз ету болып табылса, қарыз алушымен осындай шарттық міндеттемелері жоқ тұлғалардың есептілігімен шоғырландыруға жол беріледі.
Банк осы тармақшаның қырық екінші, қырық үшінші, қырық төртінші, қырық бесінші, қырық жетінші, қырық сегізінші, елуінші, елу бірінші және елу екінші абзацтарында белгіленген талаптарды сақтамай қарыз берген жағдайда, қарыз алушының барлық міндеттемелері халықаралық қаржылық есептілік стандарттары (бұдан әрі – ХҚЕС) бойынша құнсызданған активтерге жатқызылады;
несие берешегінің, оның ішінде басқа кредиторлардың алдында несие берешегінің болуы;
қарыздар бойынша төлем тәртібі (кредиттік тарих);
өтімді активтердің деңгейі;
борыш жүктемесі;
банк алдындағы берешекті өтеудің өзге көздерінің болуы;
болжамды бос ақша ағындары;
қарыз алушының сыртқы ортасын бағалау (экономиканың, саланың жай-күйі, даму перспективалары, өндіріс пен өткізу нарықтарының әртараптандырылуы және қарыз алушының тиісті нарықтағы нарықтық үлесі, қарыз алушының өнімін көрсету сияқты қарыз алушының операциялық қызметінің сипаттамалары, операциялар географиясы, бизнестің циклділігі, тұтынушылардың басымдықтарындағы өзгерістер, технологиядағы өзгеріс, экономика секторына кірудегі кедергілер және компанияның кіріс алу және бағаларды ұстап тұру мүмкіндігіне ықпал ететін басқа да факторлар);
басқару сапасын бағалау (тәжірибе, құзыреттілік, іскерлік бедел);
қарыз алушының меншік иелерін бағалау;
сот талқылауларына тартылу фактілерінің болуы;
сенімсіз салық төлеушілер тізіміне енгізу.
Егер заңды тұлғаға берілген қарыздардың және шартты міндеттемелердің жиынтық сомасы 500 (бес жүз) миллион теңгеден немесе банктің меншікті капиталының 0,2 (нөл бүтін оннан екі) пайызынан аспайтын болса, банк кредит қабілеттілігіне талдауды төмендегі ақпарат негізінде және мына факторларды ескере отырып (алайда олармен шектелмей) жүзеге асырады:
қарыз алушының тұрақты және жеткілікті кірісінің болуы;
несие берешегінің, оның ішінде басқа кредиторлардың алдындағы несие берешегінің болуы;
қарыздар бойынша төлем тәртібі (кредиттік тарих);
борыш жүктемесі;
банк алдындағы берешекті өтеудің өзге де көздерінің болуы;
тиісті саланы дамыту перспективалары.
Кредит беру саласына және қарыз алушының типіне қарай сандық және сапалық көрсеткіштер жиынтығы өзгеріп отырады.
Жеке және заңды тұлғаларға қатысты кредит саясаты қарыз алушының кредит қабілеттілігіне талдау қолданылмайтын жағдайларды (банктік кепілдіктерді, аккредитивтерді, банктік қарсы кепілдікпен шығарылған банктік кепілдіктерді, сондай-ақ өтімділігі жоғары активтермен қамтамасыз етілген қарыздарды беру) айқындайды. Шетел валютасындағы ұзақ мерзімді кредиттік рейтингі Standard & Poor's (Стандард энд Пурс) агенттігінің халықаралық шкаласы бойынша "А-" төмен емес немесе басқа рейтингтік агенттіктердің бірінің осыған ұқсас деңгейдегі рейтингі бар Қазақстан Республикасы бейрезидент-банктерінің еншілес ұйымдары болып табылатын банктер үшін бас банк немесе банкке қатысты үлестес тұлға кредиттік қабілеттілігінің талдауын қарыз алушының жолданымы банкке түскен күннен бастап 12 (он екі) айдан кешіктірмей жүзеге асырылған жағдайда, қарыз алушының бас ұйымы немесе қарыз алушыны шоғырландырылған қаржылық есептілігіне қосатын ұйымның деңгейінде пайдалануға жол беріледі;
негізділік, орындылық және тәуелсіздік қағидаттарына негізделген және қарыздарды қайта құрылымдау жағдайлары мен шарттарының сипатын қамтитын қарыздарды қайта құрылымдауға қатысты кредиттік шешімдер қабылдаудың ішкі тәртібі. Банк қайта құрылымдау жағдайлары мен түрлерін "Халықаралық қаржылық есептілік стандарттарына және Қазақстан Республикасының бухгалтерлік есеп және қаржылық есептілік туралы заңнамасының талаптарына сәйкес провизиялар (резервтер) құру қағидаларын бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкі Басқармасының 2017 жылғы 22 желтоқсандағы № 269 қаулысының (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 16502 болып тіркелген) (бұдан әрі – № 269 қаулы) талаптарына сәйкес айқындайды.
Банк қайта құрылымдаудан кейін қарызды өтеу перспективаларының болуын ескере отырып, қарыз алушылар бойынша қарыздарды қайта құрылымдау туралы шешім қабылдайды.
№ 269 қаулының талаптарына сәйкес айқындалатын қарыздарға мәжбүрлеп қайта құрылымдау жүргізу туралы шешімді (қарыз алушылар және (немесе) өзара байланысты қарыз алушылар тобы бойынша мөлшері 100 (жүз) миллиард теңгеден асатын банктің меншікті капиталының 1 (бір) пайызынан немесе мөлшері 100 (жүз) миллиард теңгеге дейінгі банктің меншікті капиталының 2 (екі) пайызынан асатын шартты міндеттемелерді қоса алғандағы жалпы берешек) банктің басқармасы немесе құрамына банктің басқарма төрағасы кіретін банктің уәкілетті алқалы органы қабылдайды. Қабылданған шешімдер туралы ақпарат тоқсан сайынғы негізде банктің директорлар кеңесінің мүшелеріне жіберіледі;
мынадай факторларды есепке алатын (бірақ олармен шектелмей) кредиттік тәуекелді басқарудың қолайлы әдістері:
әдісті пайдаланған кезде өз білімі мен тәжірибесінің болуы;
экономикалық тиімділігі;
қарыз алушының және (немесе) контрагенттің типі, олардың қаржылық жай-күйі;";
мынадай мазмұндағы 42-3-тармақпен толықтырылсын:
"42-3. Банк қарыз алушыға қарыз, оның ішінде қарыз алушыға ашылған кредит желісінің шеңберінде қарыз (қарыздың бір бөлігін) беру, қарыз алушыға кредит желісін ашу (кредиттік лимит белгілеу), жасалған банктік қарыз шарты (шарттары) шеңберінде қосымша қарыз беру, қарызды өтеу кестесіне сәйкес осы қарыз бойынша мерзімді төлемдер мөлшерінің ұлғаюына әкеліп соғатын қарыз алушының ашық кредиттік желісінің және (немесе) қарызының талаптарын өзгерту туралы оң шешімдерді, егер:
қарыз алушыда банктік қарыздар бойынша негізгі борыш және (немесе) сыйақы бойынша күнтізбелік 30 (отыз) күннен астам және (немесе) микроқаржы ұйымдары және кредиттік серіктестіктер берген микрокредиттер бойынша 1 (бір) күннен астам мерзімі өткен берешегі болған,
қарыз алушыда соңғы 36 (отыз алты) айда банктік қарыз және (немесе) микрокредит бойынша негізгі борыш және (немесе) сыйақы бойынша толық кешірілген берешегі болған,
қарыз алушының бір немесе бірнеше банктік қарыздары немесе микрокредиттері бойынша соңғы 12 (он екі) ай ішінде қарыз алушының өз міндеттемелерін тиісінше орындауына ықпал етпеген қайта құрылымдау жүргізілген жағдайда, қабылдамайды.
Осы тармақтың үшінші абзацының мақсаттары үшін 2025 жылғы 1 шілдеден бастап банктік қарыз және (немесе) микрокредит бойынша негізгі борыш және (немесе) сыйақы бойынша толық кешірілген берешек ескеріледі, оны банк қарыз алушының кредиттік бюродан алынған кредиттік есебі негізінде айқындайды.
Осы тармақтың төртінші абзацының мақсаттары үшін 2025 жылғы 1 шілдеден бастап жүргізілген қарыз алушының банктік қарыздың немесе микрокредиттің міндеттемелерін тиісінше орындауына ықпал етпеген қайта құрылымдау ескеріледі. Қарыз алушының міндеттемелерін тиісінше орындауына ықпал етпеген қайта құрылымдау өлшемшарттары деп бұрын жасалған бір немесе бірнеше банктік қарыз немесе микрокредит шарттарының мынадай бір немесе бірнеше талаптарға сәйкестігі түсініледі:
1) банктік қарыз немесе микрокредит шарты бойынша негізгі борыш пен сыйақы бойынша берешек сомасы қайта құрылымдау сәтінен бастап қатарынан 6 (алты) ай ішінде 5 (бес) пайызға және одан артық пайызға төмендеген жоқ;
2) банктік қарыз немесе микрокредит бойынша мерзімі өткен берешегі бар және соңғы 12 (он екі) айда 2 (екі) және одан да көп қайта құрылымдау жүргізілді;
3) қайта құрылымдалған банктік қарыз немесе микрокредит бойынша сыйақының негізгі борышқа қатынасы 20 (жиырма) пайыздан асады;
4) негізгі борыш пен сыйақы бойынша мерзімі өткен берешекті жабатын жаңа банктік қарыз немесе микрокредит беру жолымен банктік қарыз немесе микрокредит бойынша мерзімі өткен берешекті ішкі немесе сыртқы қайта қаржыландыру жүргізілді.".
2. Қаржы ұйымдарының әдіснамасы және пруденциялық реттеу департаменті Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен:
1) Заң департаментімен бірлесіп осы қаулыны Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркеуді;
2) осы қаулыны ресми жарияланғаннан кейін Қазақстан Республикасы Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің ресми интернет-ресурсына орналастыруды;
3) осы қаулы мемлекеттік тіркелгеннен кейін он жұмыс күні ішінде Заң департаментіне осы тармақтың 2) тармақшасында көзделген іс-шараның орындалуы туралы мәліметтерді ұсынуды қамтамасыз етсін.
3. Осы қаулының орындалуын бақылау Қазақстан Республикасының Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі Төрағасының жетекшілік ететін орынбасарына жүктелсін.
4. Осы қаулы алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.
|
Қазақстан Республикасының Қаржы нарығын реттеу және дамыту Агенттігінің Төрағасы |
М. Абылкасымова |