"Ерекше қорғалатын табиғи аумақтар туралы" 2006 жылғы 7 шілдедегі Қазақстан Республикасы Заңының 8-бабы 6-1) тармақшасына сәйкес БҰЙЫРАМЫН:
1. Қоса беріліп отырған Алакөл мемлекеттік табиғи қорығының аумағында жергілікті халықтың мұқтаждықтары үшін шөп шабу қағидалары бекітілсін.
2. Қазақстан Республикасы Экология және табиғи ресурстар министрлігінің Орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі комитеті заңнамада белгіленген тәртіппен:
1) осы бұйрықтың Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркелуін;
2) осы бұйрықтың Қазақстан Республикасы Экология және табиғи ресурстар министрлігінің интернет-ресурсында орналастырылуын;
3) осы бұйрық Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркелгеннен кейін он жұмыс күні ішінде Қазақстан Республикасы Экология және табиғи ресурстар министрлігінің Заң қызметі департаментіне осы тармақтың 1) және 2) тармақшаларында көзделген іс-шаралардың орындалуы туралы мәліметтердің ұсынылуын қамтамасыз етсін.
3. Осы бұйрықтың орындалуын бақылау жетекшілік ететін Қазақстан Республикасы Экология және табиғи ресурстар вице-министріне жүктелсін.
4. Осы бұйрық алғаш ресми жарияланған күнінен кейін он күнтізбелік күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.
|
Қазақстан Республикасының Экология және табиғи ресурстар министрі |
Е. Нысанбаев |
| Қазақстан Республикасының Экология және табиғи ресурстар министрі 2025 жылғы 1 қарашадағы № 297 бұйрығымен бекітілген |
Алакөл мемлекеттік табиғи қорығының аумағында жергілікті халықтың мұқтаждықтары үшін шөп шабу қағидалары
1-тарау. Жалпы ережелер
1. Осы Алакөл мемлекеттік табиғи қорығының аумағында жергілікті халықтың мұқтаждықтары үшін шөп шабу қағидалары (бұдан әрі – Қағидалар) Ерекше қорғалатын табиғи аумақтар туралы Қазақстан Республикасы Заңының (бұдан әрі – Заң) 8-бабының 6-1) тармақшасына сәйкес әзірленді және Алакөл мемлекеттік табиғи қорығының (бұдан әрі – қорық) аумағында шөп шабуды ұйымдастыру тәртібін белгілейді.
2. Осы Қағидаларда келесі ұғымдар пайдаланылады:
1) орман пайдалану – орман ресурстарын және орманның пайдалы қасиеттерін пайдалану жөніндегі заңдық және экономикалық регламенттелген қызмет;
2) орман пайдаланушы – Қазақстан Республикасы Орман кодексінде (бұдан әрі – Кодекс) белгілеген тәртіппен уақытша орман пайдалану құқығы берілген жеке немесе заңды тұлға;
3. Қорық аумағындағы мемлекеттік орман қорының шөп шабуға арналған учаскелері қысқа мерзімді орман пайдалануға – орман билеті негізінде беріледі.
4. Шөп шабу мемлекеттік орман қорын қорғау және сақтау талаптарына сәйкес, Кодекстің 38-бабына және Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрінің 2015 жылғы 23 қазандағы № 18-02/942 бұйрығымен (Мемлекеттік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде №12351 болып тіркелген) бекітілген ормандардағы өрт қауіпсіздігі қағидаларына сәйкес жүзеге асырылады.
2-тарау. Қорық аумағында мемлекеттік орман қоры учаскелерін шөп шабу үшін пайдалану тәртібі
5. Шөп шабу Қазақстан Республикасының экологиялық заңнама талаптарын ескере отырып, бөлінген учаскелерде қорықпен ұйымдастырылады.
6. Шөп шабу кезінде:
1) өсімдік қалдықтары мен қоқысты өртеу;
2) белгіленген жолдардан тыс көлік құралдарын пайдалану;
3) сирек және қорғауға алынған өсімдіктер мен жануарлардың мекен ету орындарын бұзуға жол берілмейді.
7. Қорық экологиялық заңнаманың сақталуын бақылауды және шөп шабуға арналған учаскелерінің жай-күйіне мониторинг жүргізуді қамтамасыз етеді.
8. Қорықтың сыртқы шекарасынан 60 шақырым радиуста орналасқан елді мекендердің жергілікті тұрғындары, егер оларға мемлекеттік орман қоры учаскелерінен шөп шабуға жерлер қажет болса, учаске беру туралы еркін нысандағы өтінішпен қорға жүгінеді.
9. Мемлекеттік орман қоры учаскелерінде шөп шабу жүргізуге болатын алаңдар жыл сайын шөп шабу маусымы басталғанға дейін орман орналастыру материалдары негізінде нақтыланып, жергілікті жерде көрсеткіш белгілермен белгіленеді.
10. Шөп шабу үшін осы мақсатқа жарамды және мемлекеттік орман қорының құрамына кіретін алқаптар бөлінеді, сондай-ақ орманмен көмкермеген, орманның табиғи қалпына келуі көзделмеген алаңқайлар мен басқа да учаскелер пайдаланылады.
11. Қорық "Ағаш кесу билеті мен орман билетінің нысандарын, оларды есепке алу, сақтау, толтыру және беру қағидаларын бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрінің 2015 жылғы 26 қаңтардағы № 18-02/40 бұйрығымен (Мемлекеттік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде №10676 болып тіркелген) бекітілген қағидаларға сәйкес орман билеттерін рәсімдеп, орман пайдаланушыларға шөп шабу үшін учаскелерді береді.
12. Шөп шабу орман билеттерінде көрсетілген мерзімдерде жүргізіледі. Бір орман пайдаланушыға берілетін учаске көлемі он гектардан аспауға тиіс. Берілген учаскелерде құрылыс жүргізуге және объектілер орналастыруға жол берілмейді.
13. Мемлекеттік орман қорының шөп шабуға арналған учаскелерін пайдалану Кодекстің 39–41-баптарында көзделген жағдайларда тоқтатыла тұрады, шектеледі немесе тоқтатылады.
14. Қорық өз құзыреті шегінде мемлекеттік орман қоры учаскелерін шөп шабу үшін беруде ашықтық пен заңдылық қағидаттарының сақталуын қамтамасыз етеді.