БҰЙЫРАМЫН:
1. "Маманды жұмысқа жіберу, бюджет қаражаты есебінен шеккен шығыстарды өтеу, өз бетімен жұмысқа орналасу құқығын беру, мемлекеттік білім беру тапсырысы негізінде білім алған Қазақстан Республикасының азаматтарын жұмыспен өтеу жөніндегі міндетінен босату немесе олардың міндетін тоқтату қағидаларын бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Ғылым және жоғары білім министрінің міндетін атқарушының 2023 жылғы 11 тамыздағы № 403 бұйрығына (Қазақстан Республикасының Нормативтік-құқықтық актілерін мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 33291 болып тіркелген) мынадай өзгеріс енгізілсін:
тақырыбы мындай редакцияда жазылсын:
""Маманды жұмысқа жіберу, бюджет қаражаты есебінен жұмсалған шығыстарды өтеу, өз бетімен жұмысқа орналасу құқығын беру, мемлекеттік білім беру тапсырысы негізінде білім алған Қазақстан Республикасының азаматтарын жұмыспен өтеу жөніндегі міндетінен босату немесе олардың міндетін тоқтату қағидаларын бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Ғылым және жоғары білім министрінің міндетін атқарушының 2023 жылғы 11 тамыздағы № 403 бұйрығына өзгеріс енгізу туралы";
1-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:
"1. Маманды жұмысқа жіберу, бюджет қаражаты есебінен жұмсалған шығыстарды өтеу, өз бетімен жұмысқа орналасу құқығын беру, мемлекеттік білім беру тапсырысы негізінде білім алған Қазақстан Республикасының азаматтарын жұмыспен өтеу жөніндегі міндетінен босату немесе олардың міндетін тоқтату қағидалары бекітілсін.";
Маманды жұмысқа жіберу, бюджет қаражаты есебінен шеккен шығыстарды өтеу, өз бетімен жұмысқа орналасу құқығын беру, мемлекеттік білім беру тапсырысы негізінде білім алған Қазақстан Республикасының азаматтарын жұмыспен өтеу жөніндегі міндетінен босату немесе олардың міндетін тоқтату қағидалары осы бұйрыққа қосымшаға сәйкес жаңа редакцияда жазылсын.
2. Қазақстан Республикасы Ғылым және жоғары білім министрлігінің Жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім комитеті Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен осы бұйрықтың Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркелуін және осы бұйрық ресми жарияланғаннан кейін оны Қазақстан Республикасы Ғылым және жоғары білім министрлігінің интернет-ресурсында орналастыруды қамтамасыз етсін.
3. Осы бұйрықтың орындалуын бақылау жетекшілік ететін Қазақстан Республикасының Ғылым және жоғары білім вице-министріне жүктелсін.
4. Осы бұйрық алғаш ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.
|
Қазақстан Республикасының Ғылым және жоғары білім министрі |
С. Нурбек |
"КЕЛІСІЛДІ"
Қазақстан Республикасының
Ауыл шаруашылығы министрлігі
_____________________
2025 ж. "__" ___________
"КЕЛІСІЛДІ"
Қазақстан Республикасының
Денсаулық сақтау министрлігі
_____________________
2025 ж. "__" ___________
"КЕЛІСІЛДІ"
Қазақстан Республикасының
Еңбек және халықты әлеуметтік
қорғау министрлігі
_____________________
2025 ж. "__" ___________
"КЕЛІСІЛДІ"
Қазақстан Республикасының
Мәдениет және ақпарат министрлігі
_____________________
2025 ж. "__" ___________
"КЕЛІСІЛДІ"
Қазақстан Республикасының
Туризм және спорт министрлігі
_____________________
2025 ж. "__" ___________
Маманды жұмысқа жіберу, бюджет қаражаты есебінен жұмсалған шығыстарды өтеу, өз бетінше жұмысқа орналасу құқығын беру, мемлекеттік білім беру тапсырысы негізінде білім алған Қазақстан Республикасының азаматтарын жұмыспен өтеу жөніндегі міндетінен босату немесе олардың міндетін тоқтату қағидалары
1-тарау. Жалпы ережелер
1. Осы Маманды жұмысқа жіберу, бюджет қаражаты есебінен жұмсалған шығыстарды өтеу, өз бетінше жұмысқа орналасу құқығын беру, мемлекеттік білім беру тапсырысы негізінде білім алған Қазақстан Республикасының азаматтарын жұмыспен өтеу жөніндегі міндетінен босату немесе олардың міндетін тоқтату қағидалары (бұдан әрі – Қағидалар) "Білім туралы" Қазақстан Республикасы Заңының (бұдан әрі – Заң) 5-3-бабының 28) тармақшасына сәйкес әзірленді және маманды жұмысқа жіберу, бюджет қаражаты есебінен жұмсалған шығыстарды өтеу, өз бетінше жұмысқа орналасу құқығын беру, мемлекеттік білім беру тапсырысы негізінде білім алған Қазақстан Республикасының азаматтарын Заңның 47-бабының 17-тармағында көрсетілген жұмыспен өтеу жөніндегі міндетінен босату немесе олардың міндетін тоқтату тәртібін айқындайды.
2. Осы Қағидаларда мынадай негізгі ұғымдар пайдаланылады:
1) бейіні бойынша доктор – Қазақстан Республикасында немесе одан тысқары жерлерде кәсіптік қызметтің тиісті саласы бойынша докторантураның бағдарламасын меңгерген және диссертация қорғаған адамдарға берілетін, Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен танылған дәреже;
2) білім беру саласындағы уәкілетті органның операторы – жарғылық капиталына мемлекет жүз пайыз қатысатын, ғылым және жоғары білім саласындағы уәкілетті органмен келісу бойынша білім беру саласындағы уәкілетті орган айқындайтын, студенттерді, магистранттар мен докторанттарды жатақханалардағы орындармен қамтамасыз етуге мемлекеттік тапсырысты, жекеменшік білім беру ұйымдарында орта білім беруге мемлекеттік білім беру тапсырысын, жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білімі бар кадрлар даярлауға мемлекеттік білім беру тапсырысын орналастыруды және мемлекеттік атаулы стипендияларды қоспағанда, мемлекеттік стипендиялар төлеуді жүзеге асыратын, сондай-ақ Қазақстан Республикасының заңнамасында көзделген шекте жан басына шаққандағы нормативтік қаржыландыруға қатысушылардың қызметін үйлестіруді жүзеге асыратын және осы Заңның 47-бабының 17-тармағында көрсетілген адамдардың бюджет қаражаты шығыстарын жұмыспен өтеу немесе жұмыспен өтемеген жағдайда орнын толтыру жөніндегі өз міндеттерін сақтауын мониторингтеу мен бақылауды қамтамасыз ететін заңды тұлға (бұдан әрі – Оператор);
3) ғылыми ұйым – қызметінің негізгі түрлері ғылыми және (немесе) ғылыми-техникалық қызметті жүзеге асыру, оның ішінде зияткерлік меншік объектілеріне құқықты іске асыру, сондай-ақ ғылыми зерттеулер жүргізу болып табылатын заңды тұлға;
4) денсаулық сақтау саласындағы ғылыми ұйым – денсаулық сақтау саласындағы ғылыми, ғылыми-техникалық және инновациялық қызметті, сондай-ақ медициналық, фармацевтикалық және (немесе) білім беру қызметін жүзеге асыратын ұлттық орталық, ғылыми орталық немесе ғылыми-зерттеу институты (бұдан әрі – ДССҒҰ);
5) денсаулық сақтау саласындағы білім беру ұйымының клиникасы - білім беру ұйымының құрылымдық бөлімшесі немесе денсаулық сақтау ұйымы, оның базасында ғылым мен практиканың қазіргі заманғы жетістіктері негізінде техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейінгі, жоғары, жоғары оқу орнынан кейінгі және қосымша медициналық білімнің білім беру бағдарламалары іске асырылады;
6) еңбек мобильділігі орталығы – жұмыспен қамтуға жәрдемдесу шараларын әзірлеу және іске асыру мақсатында облыстың, республикалық маңызы бар қаланың және астананың жергілікті атқарушы органы құратын заңды тұлға;
7) жалдамалы қызметкер – күн тәртібін және жұмыс істеген уақыты не өндірілген тауардың бірлігі үшін не көрсетілген қызметтер үшін төлемақыны тапсырыс беруші айқындайтын жұмысты еңбек шарты бойынша орындайтын не қызметті азаматтық-құқықтық сипаттағы шарт бойынша жүзеге асыратын жеке тұлға;
8) жас мамандар – Заңның 47-бабының 17-тармағында көрсетілген, жоғары және (немесе) жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру және денсаулық сақтау саласындағы ғылыми ұйымдарда мемлекеттік білім беру тапсырысы негізінде білім алған Қазақстан Республикасының азаматтары;
9) жеке кәсіпкерлік – Қазақстан Республикасы азаматтарының, қандастардың таза табыс алуға бағытталған, жеке тұлғалардың өздерінің меншігіне негізделген және жеке тұлғалардың атынан олардың тәуекелі үшін және олардың мүліктік жауапкершілігі үшін жүзеге асырылатын дербес, бастамашыл қызмет;
10) жеке практикамен айналысатын адам – жеке нотариус, жеке сот орындаушысы, адвокат, кәсіби медиатор;
11) жергілікті атқарушы орган (әкімдік) – облыстың, республикалық маңызы бар қаланың және астананың, ауданның (облыстық маңызы бар қаланың) әкімі басқаратын, өз құзыреті шегінде тиісті аумақта жергілікті мемлекеттік басқаруды және өзін-өзі басқаруды жүзеге асыратын алқалы атқарушы орган (бұдан әрі – ЖАО);
12) жоғары және (немесе) жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру ұйымы – жоғары және (немесе) жоғары оқу орнынан кейінгі білімнің білім беру бағдарламаларын іске асыратын және ғылыми-зерттеу қызметін жүзеге асыратын жоғары оқу орны (бұдан әрі – ЖЖОКБҰ);
13) клиникалық база – бірлесіп қызмет ету туралы шарт бойынша денсаулық сақтау саласында кадрларды даярлау және олардың біліктілігін арттыру үшін білім беру ұйымы пайдаланатын денсаулық сақтау ұйымы;
14) резидентура базасы – базасында уәкілетті орган белгілеген тәртіппен резидентура бағдарламалары іске асырылатын медициналық ұйым ретінде аккредиттелген денсаулық сақтау саласындағы білім беру ұйымының клиникасы, университеттік аурухана, ұлттық орталық, ғылыми орталық немесе ғылыми-зерттеу институты;
15) философия докторы (РhD) – Қазақстан Республикасында немесе одан тысқары жерлерде ғылыми-педагогикалық бағыт бойынша докторантураның бағдарламасын меңгерген және диссертация қорғаған адамдарға берілетін, Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен танылған дәреже;
16) мансап орталығы – еңбек мобильділігі орталығының филиалы, оның функцияларын аудандарда, облыстық және республикалық маңызы бар қалаларда, астанада орындауды жүзеге асырады.
2-тарау. Мемлекеттік білім беру тапсырысы бойынша білім алған Қазақстан Республикасының азаматтарын жұмысқа жіберу тәртібі
3. Заңның 26-бабы 8-тармағының 3) тармақшасында белгіленген квота шегінде педагогикалық, медициналық, ветеринариялық және ауылшаруашылық мамандықтары бойынша білім алған ауыл жастары қатарынан шыққан Қазақстан Республикасының азаматтары ЖЖОКБҰ-ны бітіргеннен кейін меншік нысанына қарамастан, ауылдық жерде орналасқан тиісінше білім беру, денсаулық сақтау ұйымдарында, ветеринария саласында қызметті жүзеге асыратын мемлекеттік органдардың бөлімшелерінде, ветеринария ұйымдарында, аграрлық бейіндегі ұйымдарда кемінде үш жыл жұмыспен өтейді.
4. Заңның 26-бабы 8-тармағының 6) тармақшасында белгіленген квота шегінде педагогикалық, техникалық және ауылшаруашылық мамандықтары бойынша білім алған ауыл жастары қатарындағы Қазақстан Республикасының азаматтарының тізбесі "Қандастар мен қоныс аударушыларды қоныстандыруға арналған өңірлерді айқындау туралы" Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2023 жылғы 4 қыркүйектегі № 765 қаулысында айқындалған қоныс аударуға арналған өңірлерде ЖЖОКБҰ-ны бітіргеннен кейін меншік нысандарына қарамастан кемінде екі жыл жұмыспен өтейді.
5. Мемлекеттік білім беру тапсырысы негізінде педагогикалық және медициналық мамандықтары бойынша білім алған Қазақстан Республикасының азаматтары ЖЖОКБҰ-ны немесе ДССҒҰ-ны бітіргеннен кейін кемінде үш жыл тиісінше білім беру ұйымдарында, денсаулық сақтау ұйымдарында жұмыспен өтейді.
6. Мемлекеттік білім беру тапсырысы негізінде басқа мамандықтар бойынша білім алған Қазақстан Республикасының азаматтары ЖЖОКБҰ-ны бітіргеннен кейін кемінде үш жыл меншік нысанына қарамастан ұйымдарда жұмыспен өтейді.
7. Мемлекеттік білім беру тапсырысы негізінде бейіні бойынша доктор бағдарламасы бойынша докторантурада білім алған Қазақстан Республикасының азаматтары оқу мерзімі аяқталғаннан кейін кемінде үш жыл мемлекеттік органдарда, ЖЖОКБҰ-да, ғылыми ұйымдарда, ғылыми бөлімшелерде, "Назарбаев Зияткерлік мектептері" дербес білім беру ұйымдарында, орта білімнен кейінгі білім берудің білім беру бағдарламаларын іске асыратын білім беру ұйымдарында (жоғары колледждерде немесе училищелерде), сондай-ақ клиникалық базалар болып табылатын денсаулық сақтау ұйымдарында, денсаулық сақтау саласындағы білім беру ұйымдарының клиникаларында, резидентура базаларында жұмыспен өтейді.
8. Мемлекеттік білім беру тапсырысы негізінде философия докторы (PhD) бағдарламасы бойынша докторантурада білім алған Қазақстан Республикасының азаматтары оқу мерзімі аяқталғаннан кейін кемінде үш жыл мемлекеттік органдарда, ЖЖОКБҰ-да, ғылыми ұйымдарда, ғылыми бөлімшелерде, "Назарбаев Зияткерлік мектептері" дербес білім беру ұйымдарында, орта білімнен кейінгі білім берудің білім беру бағдарламаларын іске асыратын білім беру ұйымдарында (жоғары колледждерде немесе училищелерде), сондай-ақ клиникалық базалар болып табылатын денсаулық сақтау ұйымдарында, денсаулық сақтау саласындағы білім беру ұйымдарының клиникаларында, резидентура базаларында жұмыспен өтейді.
9. Осы Қағидалардың 3, 4, 5, 6, 7 және 8-тармақтарында көрсетілген Қазақстан Республикасының азаматтары ЖЖОКБҰ-ны немесе ДССҒҰ-ны бітіргеннен кейін осы Қағидалардың 3, 4, 5, 6, 7 және 8-тармақтарында көзделген мерзім шегінде мемлекеттік білім беру тапсырысы бойынша олардың нақты оқу уақытына сәйкес:
1) ақылы негіздегі оқудан мемлекеттік білім беру тапсырысы бойынша оқуға ауысқан;
2) мемлекеттік білім беру тапсырысы бойынша оқудан ақылы негіздегі оқуға ауысқан;
3) ЖЖОКБҰ-дан немесе ДССҒҰ-дан оқудан шығарылып, ағымдағы немесе келесі оқу жылы ішінде кейіннен қайта оқуға қабылданған жағдайларда жұмыспен өтейді.
Жұмыспен өтеу мерзімі мынадай формула бойынша есептеледі:
T = y / х * z,
мұндағы:
Т – айлардағы жұмыспен өтеу мерзімі, күндерге бөлшектенбейді (бұл ретте дөңгелектеу үлкен жағына қарай жүргізіледі);
y – мемлекеттік білім беру тапсырысы негізінде оқудың айлардағы нақты мерзімі, күндерге бөлшектенбейді (бұл ретте дөңгелектеу үлкен жағына қарай жүргізіледі);
x – ЖЖОКБҰ-да немесе ДССҒҰ-да оқудың айлардағы жалпы мерзімі (бұл ретте дөңгелектеу үлкен жағына қарай жүргізіледі);
z – осы Қағидалардың 3, 4, 5, 6, 7 және 8-тармақтарында көрсетілген, бүкіл мерзім бойы мемлекеттік білім беру тапсырысы негізінде оқып шыққан Қазақстан Республикасының азаматтары үшін 36 айды (4-тармақта көрсетілген азаматтар үшін 24 ай) құрайтын жұмыспен өтеу мерзімі.
10. Заңның 47-бабының 17-тармағында көрсетілген Қазақстан Республикасының азаматтарын жұмысқа жіберу мақсатында оларды дербес бөлу жүзеге асырылады.
ЖЖОКБҰ мен ДССҒҰ Оператордың ақпараттық жүйесіне білім алушылар контингентінің қозғалысы (қабылдау, оқудан шығару, ауыстыру, қалпына келтіру, академиялық демалыс беру, академиялық демалыстан шығу) туралы ақпаратты, растайтын құжаттарды қоса бере отырып, бөлу нәтижелері туралы мәліметтерді қашықтық режімінде уақтылы енгізеді.
11. Өз жұмысын оның құрамы бекітілген күннен бастайтын Жас мамандарды және мемлекеттік білім беру тапсырысы негізінде философия докторларын (PhD) және бейіні бойынша докторларды даярлау бағдарламалары бойынша докторантурада оқыған адамдарды жұмысқа бөлу жөніндегі комиссиялар (бұдан әрі – Комиссия) тұрақты жұмыс істейтін Комиссиялар болып табылады және Заңның 47-бабының 17-тармағында көрсетілген Қазақстан Республикасының азаматтарын жұмысқа дербес бөлу үшін оқуын аяқтайтын тиісті ЖЖОКБҰ және ДССҒҰ жанынан жыл сайын құрылады.
Комиссия өзінің жұмысында Қазақстан Республикасы Ғылым және жоғары білім министрінің 2024 жылғы 11 сәуірдегі № 163 бұйрығымен бекітілген Жас мамандарды және мемлекеттік білім беру тапсырысы негізінде философия докторларын (PhD) және бейіні бойынша докторларды даярлау бағдарламалары бойынша докторантурада оқыған адамдарды жұмысқа бөлу жөніндегі комиссия туралы ережені басшылыққа алады.
12. Заңның 47-бабының 17-тармағында көрсетілген Қазақстан Республикасының азаматтарын жұмысқа бөлу және жіберу мынадай тәртіппен жүзеге асырылады:
1) Комиссиялар жыл сайын 15 қаңтардан кешіктірмей қағаз тасығышта немесе электронды құжат нысанында ЖАО-ларға түлектердің санын (оның ішінде тегі мен аты-жөнін), олардың тұрғылықты тұратын жерін, алған мамандығы мен қай тілде оқығанын көрсетіп, олардың кейіннен тиісті ұйымдарға жұмысқа тұруы мақсатында бос жұмыс орындары болған жағдайда беруі үшін өтінімдер жібереді;
2) ЖАО 15 ақпаннан кешіктірмей осы тармақтың 1) тармақшасында көрсетілген өтінімдерге сәйкес ЖЖОКБҰ мен ДССҒҰ Комиссияларына қағаз тасығышта немесе электронды құжат нысанында мәлімделген мамандықтар бойынша кадрларға қажеттілік туралы ақпарат ұсынады;
3) тапсырыс берушілерге жасалған үшжақты келісімдердің талаптарына сәйкес бөлінетін нысаналы даярлық шеңберінде оқыған адамдарды қоспағанда, Комиссиялар жұмысқа бөлуді жүзеге асыру кезінде жас мамандардың, философия докторларының (PhD) және бейіні бойынша докторлардың өз бетінше жұмысқа орналасу құқығын ескереді, және жұмысқа бөлу олар жұмысқа келгенге дейін бос жұмыс орнын сақтау туралы кепілдікпен жұмыс фактісін немесе бос жұмыс орнының бар екенін растайтын жұмыс берушілерден ұсынылған құжаттар (кепілдік хаттар, өтініштер, анықтамалар, шарттар) негізінде жүзеге асырылады.
13. Заңның 47-бабының 17-тармағында көрсетілген, ағымдағы жылы оқуды аяқтаған Қазақстан Республикасының азаматтары 1 қыркүйектен кешікпей жолдама бойынша жұмыс орнына келеді.
Осы тармақтың бірінші бөлігінде көрсетілген мерзімдерге сәйкес келмейтін мерзімдерде ЖЖОКБҰ мен ДССҒҰ-да оқуды аяқтайтын жас мамандар, бейіні бойынша доктор және философия докторы (PhD) жолдама бойынша жұмыс орнына ЖЖОКБҰ немесе ДССҒҰ-ның академиялық күнтізбесінде белгіленген мерзімдерге сәйкес оқу аяқталған күннен бастап екі айдан кешікпей келеді.
Бұл ретте екі айлық кезең оның ағымдағы жылы басталуы және келесі жылы аяқталуы жағдайларын қоса алғанда, үздіксіз есептеледі.
Жұмыс орнын жұмыспен өтеу мерзімі ішінде өзгертуді жас мамандар, философия докторлары (PhD) және бейіні бойынша докторлар өз таңдауы бойынша осы Қағидалардың 3, 4, 5, 6, 7 және 8-тармақтарында көзделген жұмыспен өтеу орнына қойылатын талаптар сақталған жағдайда жүзеге асырады.
14. ЖАО:
1) жыл сайын Заңның 47-бабының 17-тармағында көрсетілген Қазақстан Республикасының азаматтары жұмысқа келгеннен кейін Операторға оның сұрау салуы бойынша жұмыс орны және көрсетілетін әлеуметтік көмектің түрі (бар болса) туралы мәліметтерді ұсына отырып, бөлу хаттамаларының деректеріне сәйкес жұмысқа келгені/келмегені туралы растау жібереді;
2) жыл сайын Операторға оның сұрау салуы бойынша Заңның 47-бабының 17-тармағында көрсетілген Қазақстан Республикасының жұмыс істейтін азаматтарының тізімдерін жібереді.
Осы тармақтың 1) және 2) тармақшаларында көрсетілген мәліметтер тізбесі осы Қағидаларға 3-қосымшаға сәйкес ұсынылады.
15. Заңның 47-бабының 17-1-тармағында көрсетілген жас мамандар мемлекеттік білім беру ұйымдары мен мемлекеттік медициналық ұйымдарға жұмысқа бірінші кезекте бөліну құқығына ие.
16. Жас мамандардың, философия докторлары (PhD) және бейіні бойынша докторлардың жұмыс орны Республикалық бюджет қаражатынан қаржыландырылатын мемлекеттік білім беру тапсырысы негізінде білім алған адамдармен ЖЖОКБҰ немесе ДССҒҰ білім алуға қабылдану кезінде жасалатын білім беру қызметтерін көрсету туралы шарт (бұдан әрі – Шарт) негізінде осы Қағидалардың 2-қосымшасына сәйкес жасалатын міндетті жұмыспен өтеу туралы міндеттемеде (бұдан әрі – Міндеттеме) айқындалады.
17. Заңның 47-бабының 17-тармағында көрсетілген Қазақстан Республикасының азаматтарын бір бос орынға жіберу фактілері анықталған кезде, Заңның 47-бабының 17-1-тармағында көрсетілген адамдар артықшылық құқығына ие болады не осы Қағидалардың 18-тармағының 1) және 2) тармақшаларында көрсетілген мән-жайлар ескеріледі.
18. Заңның 47-бабының 17-тармағында көрсетілген жас мамандарды дербес бөлу кезінде:
1) тұрақты тұратын орны немесе бөлу қолайлы болатын елді мекен;
2) түлек үлгерімінің орташа балы;
3) жұмыс берушілердің өтінішхаттары;
4) Заңның 47-бабының 17-1-тармағында көзделген бірінші кезекте бөлу құқығын беретін жағдайлардың болуы;
5) Заңда және/немесе осы Қағидаларда белгіленген жұмыспен өтеу жөніндегі міндеттен босататын не жұмыспен өтеу жөніндегі міндетті орындау мерзімін кейінге қалдыру жағдайлардың болуы ескеріледі.
19. Заңның 47-бабының 17-тармағында көрсетілген Қазақстан Республикасының азаматтарын әскери қызметке шақыру кезінде жұмыспен өтеу мерзімінде қызмет өткеру уақытын есептемегенде, қызмет өткеру уақытына кейінге қалдыру беріледі.
20. Бөлу сәтінде бос жұмыс орындары болмаған жағдайда жұмысқа орналасуға жәрдемдесу үшін Заңның 47-бабының 17-тармағында көрсетілген Қазақстан Республикасының азаматтарына бөлу жөніндегі комиссиялар жұмыс іздеп жүрген адамдар ретінде тіркеу туралы өтініштермен жүгіну үшін тұрғылықты жері бойынша мансап орталықтарына немесе "электрондық үкіметтің" веб-порталы немесе "Электрондық еңбек биржасы" (портал enbek.kz) мемлекеттік ақпараттық порталы арқылы жұмыспен өтеу мерзімінде жұмыс іздеп жүрген адам, жұмыссыз адам ретінде есепте тұрған уақытын есепке ала отырып, жолдамалар береді.
21. Заңның 47-бабының 17-тармағында көрсетілген Қазақстан Республикасының азаматтары жұмыс іздеп жүрген адам ретінде тіркеуге жолдама алғаннан кейін оқуды аяқтаған жылдың 1 қыркүйегінен кешіктірмей жұмысқа орналасуға жәрдемдесу үшін өтініш білдіреді және "Жұмыс іздеп жүрген адамдарды, жұмыссыздарды тіркеу және мансап орталықтары көрсететін еңбек делдалдығын жүзеге асыру қағидаларын бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің орынбасары - Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрінің 2023 жылғы 9 маусымдағы № 214 бұйрығымен (Қазақстан Республикасының нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 32850 болып тіркелген) айқындалған тәртіппен жұмыс іздеп жүрген адам ретінде тіркеледі.
Осы тармақтың бірінші бөлігінде көрсетілген мерзімдерге сәйкес келмейтін мерзімдерде ЖЖОКБҰ-да немесе ДССҒҰ-да оқуды аяқтайтын жас мамандар, бейіні бойынша докторлар және философия докторлары (PhD) ЖЖОКБҰ-ның немесе ДССҒҰ-ның академиялық күнтізбесінде белгіленген мерзімдерге сәйкес оқу аяқталған күннен бастап екі айдан кешіктірмей жұмыс іздеп жүрген адамдар, жұмыссыздар ретінде тіркеледі.
Бұл ретте екі айлық кезең, оның ішінде ағымдағы жылы басталуы және келесі жылы аяқталуы жағдайларын қоса алғанда, үздіксіз есептеледі.
22. Тұрғылықты жері бойынша өңірде Заңның 47-бабының 17-тармағында көрсетілген және мансап орталықтарында есепке алынған азаматтардың кәсіптік даярлығы мен мамандығына сәйкес келетін бос жұмыс орындары болмаған жағдайда еңбек мобильділігі орталықтары жұмыс іздеп жүрген адамдарға "Жұмыс күшінің ұтқырлығын арттыру үшін адамдардың ерікті түрде қоныс аудару қағидаларын бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің орынбасары - Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрінің 2023 жылғы 22 маусымдағы № 234 бұйрығымен (Қазақстан Республикасының Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 32880 болып тіркелген) айқындалған тәртіппен басқа өңірлерде жұмысқа орналасу мүмкіндігін ұсынады.
23. Мемлекеттік білім беру тапсырысы негізінде ЖЖОКБҰ-да немесе ДССҒҰ-да оқуын бір мезгілде аяқтаған ерлі-зайыптыларға бір елді мекенде орналасқан ұйымдарда жұмыс беріледі.
Егер ерлі-зайыптылардың біреуі оқуын бұрын бітірсе, онда оны бөлу жалпы негіздерде жүргізіледі. Бұл жағдайда Заңның 47-бабының 17-1-тармағына сәйкес оқуын кейін аяқтаған жұбайы (зайыбы) жұбайының (зайыбының) жұмыс орны бойынша бірінші кезекте бөлінуге құқылы.
24. Ағымдағы жылдың түлектерін бөлу жөніндегі комиссиялардың отырыстары жыл сайын күндізгі, сырттай немесе қашықтық нысанында өткізіледі.
25. Бөлу жөніндегі тиісті комиссияға дәлелді себептерсіз келмеген Заңның 47-бабының 17-тармағында көрсетілген Қазақстан Республикасының азаматтары сырттай нысанда өздерінің қатысуынсыз бөлінеді.
26. Заңның 47-бабының 17-тармағында көрсетілген Қазақстан Республикасының азаматтары оқитын ЖЖОКБҰ мен ДССҒҰ-да негізгі бөлуге алдын ала дайындалу мақсатында оқу аяқталатын жылы 1 наурызға дейінгі мерзімде Операторға білім алушылар туралы өзекті деректерді Оператордың ақпараттық жүйесіне қашықтық режімінде енгізіп, Оператор белгілеген нысан бойынша қағаз жеткізгіште немесе электрондық құжат нысанда күтіліп отырған оқу бітірушілер туралы мәліметтерді ұсынады.
27. Заңның 47-бабының 17-тармағында көрсетілген, ағымдағы жылы оқу бітіретін Қазақстан Республикасының азаматтарын дербес бөлу тиісті бөлу жөніндегі комиссияның хаттамалық шешімімен жыл сайын 1 шілдеден кешіктірмей ресімделеді, оның негізінде ЖЖОКБҰ мен ДССҒҰ осы Қағидаларға 1-қосымшаға сәйкес нысан бойынша жұмысқа жолдамалар дайындайды.
Хаттамалық шешімді осы тармақтың бірінші бөлігінде көрсетілген мерзімдерге сәйкес келмейтін мерзімдерде ресімдеуге қорытынды аттестаттаудың неғұрлым ерте немесе кеш мерзімдері және ЖЖОКБҰ мен ДССҒҰ-ның академиялық күнтізбесінде белгіленген жоғары немесе жоғары оқу орнынан кейінгі білімнің білім беру бағдарламасын зерделеу аяқталған жағдайда, бірақ қорытынды аттестаттау аяқталған күннен бастап күнтізбелік 30 күннен кешіктірілмей жол беріледі.
Бұл ретте Заңның 47-бабының 17-тармағында көрсетілген Қазақстан Республикасының азаматтарын бөлу туралы оларды хабардар етуді ЖЖОКБҰ мен ДССҒҰ хаттамалық шешім қабылданған сәттен бастап үш жұмыс күнінен кешіктірмей жұмысқа жолдамалар беру арқылы жүзеге асырады.
Бөлу жөніндегі тиісті комиссияның хаттамалық шешімін отырысқа қатысып отырған бөлу жөніндегі комиссия мүшелерінің электрондық цифрлық қолтаңбалары арқылы куәландырылған электрондық құжат нысанында, оның ішінде Оператордың ақпараттық жүйесінде ресімдеуге жол беріледі.
28. Заңның 47-бабының 17-тармағында көрсетілген Қазақстан Республикасы азаматтарының жұмыспен өтеу мерзімі олардың жұмыс берушілермен еңбек шартын немесе жалдамалы қызметкер ретінде азаматтық-құқықтық сипаттағы шартты жасасқан күнінен бастап не жеке кәсіпкер немесе жеке практикамен айналысатын адам ретінде мемлекеттік кірістер органында тіркеу есебіне қойылған күннен бастап есептеледі, ал бос жұмыс орны болмаған жағдайда - мансап орталығында жұмыс іздеуші немесе жұмыссыз ретінде тіркелген күннен бастап есептеледі.
Қазақстан Республикасы Еңбек кодексінің 35 және 62-баптарында көзделген құжаттар еңбек шарттары бойынша жұмыс істейтін адамдар үшін жұмыспен өтеуді растайтын құжаттар болып табылады.
Жалдамалы қызметкер ретінде азаматтық-құқықтық сипаттағы шарттар бойынша жұмыс істейтін адамдар үшін жұмыспен өтеуді растайтын құжаттар азаматтық-құқықтық сипаттағы шарт және салық агенті аударған міндетті зейнетақы жарналары туралы бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорынан үзінді көшірмелер болып табылады.
Жеке кәсіпкер немесе жеке практикамен айналысатын тұлға ретінде жұмыспен өтеуді растайтын құжаттар жеке кәсіпкер және жеке практикамен айналысатын адам ретінде мемлекеттік кіріс органында тіркеу есебіне қою туралы құжат – жеке кәсіпкер ретінде қызметтің басталғаны туралы хабарлама немесе жеке практикамен айналысатын адамды тіркеу есебі туралы салықтық өтініш және бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорына міндетті зейнетақы жарналарын өз пайдасына дербес төлеу туралы үзінді көшірме болып табылады.
Мансап орталығына есепке қойылғанын растайтын құжат электрондық құжат түріндегі электрондық цифрлық қолтаңба болған кезде enbek.kz порталы, "электрондық үкімет" веб-порталы және (немесе) ақпараттандыру объектілері арқылы жұмыссыздың сұрауы бойынша жүзеге асырылатын жұмыссыз ретінде тіркелгендігі туралы ақпарат болып табылады.
29. ЖЖОКБҰ және ДССҒҰ жыл сайын бөлу туралы хаттамалық шешім қабылданған күннен бастап күнтізбелік 15 күн ішінде Операторға бөлу жөніндегі комиссиялардың хаттамаларын ұсынады және ағымдағы жылдың 15 тамызынан кешіктірмей Операторға бөлу жөніндегі барлық материалдарды қағаз жеткізгіште және (немесе) электрондық құжат нысанында жібереді.
30. Мыналар:
резидентураға мемлекеттік білім беру тапсырысы негізінде, магистратураға немесе докторантураға түспеген адамдар;
әскери қызмет өткергеннен кейін оралған адамдар;
жұмыс берушінің таратылуы немесе қызметкерлер санының немесе штатының қысқартылуы негіздері бойынша жұмыстан босатылған адамдар;
жұмыс беруші бос жұмыс орындарын сақтамаған адамдар;
бір бос орынға бірнеше жас маманның жіберілуіне байланысты жұмысқа қабылданбаған адамдар;
әңгімелесуге жіберілмеген немесе бос мемлекеттік лауазымға орналасу үшін конкурстық іріктеуден өтпеген бейін бойынша докторлар;
бөлінген жерге белгіленген мерзімде дәлелді себептермен (жас маманның немесе жақын туыстарының науқастануы, некеге тұруы және тұрғылықты жерін ауыстыруы, жұмыспен өтеу орнына уақтылы келуіне кедергі болған форс-мажорлық мән-жайлар) келмеген адамдар;
мансап орталықтарында жұмыс іздеушілер немесе жұмыссыздар ретінде тіркелу кезінде жүктілік кезіндегі әйелдер;
уақытша болмаған жұмыскерді алмастыру үшін жұмысқа қабылданған кезде негізгі жұмыскердің жұмысқа шығуына байланысты жұмыстан босатылуы (уақытша бос мемлекеттік лауазымға орналастыруды қоса алғанда);
некеге тұруы және осыған байланысты тұрғылықты жерін өзгертуі бойынша бастапқы бөлінген жерде толық мерзімді өтемеген адамдар қайта бөлінуге тиіс.
31. Осы Қағидалардың 30-тармағында көрсетілген адамдарды қайта бөлу бастапқы бөлу сияқты тәртіппен жүзеге асырылады.
32. Осы Қағидалардың 30-тармағында көрсетілген адамдарды қайта бөлу жөніндегі материалдарды ЖЖОКБҰ және ДССҒҰ бөлу жөніндегі комиссиялары қайта бөлу туралы хаттамалық шешім қабылданған күннен бастап күнтізбелік 15 күн ішінде Операторға жібереді.
3-тарау. Жұмыспен өтеу жөніндегі міндеттен босатуды немесе міндетін тоқтатуды ұсыну
33. Заңның 47-бабының 17-тармағында көзделген жұмыспен өтеу жөніндегі міндеттен босату Комиссияның шешімімен Заңның 47-бабының 17-2-тармағына сәйкес Қазақстан Республикасының азаматтарына беріледі.
34. Заңның 47-бабының 17-тармағында көзделген оқуға байланысты бюджет қаражаты есебінен жұмсалған шығыстарды өтемей, жұмыспен өтеу жөніндегі міндет Заңның 47-бабының 17-3-тармағында көрсетілген негіздер бойынша тоқтатылады.
35. Осы Қағидалардың 15, 18, 19, 23, 31, 34 және 35-тармақтарында көрсетілген мән-жайлар тиісті құжаттармен расталады.
4-тарау. Жұмыспен өтемеген жағдайда бюджет қаражаты есебінен жұмсалған шығыстарды өтеу тәртібі
36. Заңның 47-бабының 17-тармағында көзделген жұмыспен өтеу жөніндегі міндетті орындамағаны үшін Қазақстан Республикасының азаматтары Заңның 47-бабының 17-2 және (немесе) 17-3-тармақтарында көзделген жағдайларды қоспағанда, өздерін оқытуға байланысты бюджет қаражаты есебінен жұмсалған шығыстарды Оператор арқылы бюджетке нақты жұмыс істелген кезеңге мөлшерлес өтейді.
37. Жұмыспен өтемеген жағдайда бюджет қаражатының шығыстарын өтеу мынадай формула бойынша нақты жұмыспен өтеген кезеңге мөлшерлес жүзеге асырылады:
S1 = (z - d) * S / z,
мұндағы:
S1 – бюджетке қайтарылуға тиіс сома, теңгемен;
d – айлардағы жұмыспен өтеудің нақты мерзімі, күндерге бөлшектенбейді (бұл ретте дөңгелектеу үлкен жағына қарай жүргізіледі);
z – осы Қағидалардың 3, 4, 5, 6, 7 және 8-тармақтарында көрсетілген, бүкіл мерзім бойы мемлекеттік білім беру тапсырысы негізінде оқып шыққан Қазақстан Республикасының азаматтары үшін 36 айды (4-тармақта көрсетілген адамдар үшін 24 ай немесе формула бойынша есептелген мемлекеттік білім беру тапсырысы негізінде ішінара оқыған адамдар үшін мөлшерлес өтеу мерзімі) құрайтын жұмыспен өтеу мерзімі;
S – мемлекеттік білім беру тапсырысы негізінде бүкіл оқу кезеңіне жұмсалған бюджет қаражатының сомасы.
Жұмысқа/мансап орталығына жолдама
_______________________________________________________
(ЖЖОКБҰ немесе ДССҒҰ атауы)
мамандығы және (немесе) білім беру бағдарламалары бойынша түлек_________
_____________________________________________________________________
(тегі, аты, әкесінің аты (болған жағдайда))
______________________________________________________________________
дербес бөлу жөніндегі комиссияның ____________________№ _________________
хаттамалық шешімінің негізінде _____________________
(лауазымы/мәртебесі)
__________________________________________________ орналасқан (мекенжайы)
_____________________________________________________________жіберіледі.
(ұйым/мансап орталығының атауы)
ЖЖОКБҰ басшысы, қолы_________________________________________
-------------------------------------------------------------------------------------------------
(кесу сызығы)
Мен,__________________________________________________________________,
(тегі, аты, әкесінің аты (ол болған жағдайда))
_________________________________________________________________бітіріп,
(ЖЖОКБҰ немесе ДССҒҰ атауы)
____________________________________________________________орналасқан,
(мекенжайы)
жұмысқа/мансап орталығына ___________________________________
(ұйым атауы)
______________________________лауазымына жолдама алғанымды растаймын.
Түлектің қолы _______
20 ___ жылғы " ___" ________
Білім беру қызметтерін көрсету
туралы шартына қосымша
Нысан
Республикалық бюджет қаражатынан қаржыландырылатын мемлекеттік білім беру тапсырысы негізінде білім алған адамдар үшін жұмыспен өтеу жөніндегі міндеттеме
Мен, __________________________________________________________________
(тегі, аты, әкесінің аты – ол бар болған жағдайда)
ЖСН ___________, туған күні "_____" _______ ________________________ ж.,
ҚР ІІМ "___"_______ ________ ж., берген жеке куәлігім №____________________,
заңды мекенжайым (тіркелу орыны):_______________________________________,
нақты тұрғылықты жерім:_______________________________________________,
ұялы телефон нөмірім _______________________________________,
электрондық поштаның мекенжайым _______________________________________,
жоғары/жоғары оқу орнынан кейінгі білімнің білім беру бағдарламасы бойынша
мемлекеттік білім беру тапсырысы негізінде: бакалавриат, интернатура, резидентура,
магистратура, докторантура
(қажетсізі сызып тастау) даярлау бағыты бойынша: код ___________,
білім беру бағдарламаларының тобы бойынша квота шегінде (болған жағдайда)
________________________________________________________________________
(квотаның атауы)
________________________________________________________________________
(жоғары және (немесе) жоғары білімнен кейінгі білім беру ұйымының – ЖЖОКБҰ
немесе денсаулық сақтау саласындағы ғылыми ұйымның – ДССҒҰ атауы)
___________ж. "________" __________оқуға түстім.
МЕН:
"Білім туралы" Қазақстан Республикасының Заңында (бұдан әрі – Заң) және Қазақстан Республикасы Ғылым және жоғары білім министрінің міндетін атқарушының 2023 жылғы 11 тамыздағы № 403 бұйрығымен бекітілген Маманды жұмысқа жіберу, бюджет қаражаты есебінен жұмсалған шығыстарды өтеу, өз бетімен жұмысқа орналасу құқығын беру, мемлекеттік білім беру тапсырысы негізінде білім алған Қазақстан Республикасының азаматтарын жұмыспен өтеу жөніндегі міндетінен босату немесе олардың міндетін тоқтату қағидаларында (бұдан әрі - Қағидалар) көзделген тәртіппен және мерзімде:
1) ЖЖОКБҰ-ны немесе ДССҒҰ-ны бітіргеннен кейін бөлу жөніндегі комиссия берген жолдамада көрсетілген жұмыс орны бойынша не осы Қағидаларда белгіленген талаптарға сәйкес келетін тиісті дербес жұмысқа орналасу орны бойынша кемінде үш жыл/екі жылды (қажетсізін сызып тастау) не осы Қағидаларда белгіленген формула бойынша есептелген мемлекеттік білім беру тапсырысы бойынша нақты оқу уақытына мөлшерлес мерзімді жұмыспен өтеуге;
2) оқу аяқталған жылы 1 қыркүйектен кешіктірмей не ЖЖОКБҰ немесе ДССҒҰ академиялық күнтізбесінде белгіленген мерзімге сәйкес оқу аяқталған күннен бастап екі айдан кешіктірмей жұмыс орнына келуге;
3) бос орындар (жұмыс) болмаған кезде тұрғылықты жері бойынша мансап орталығына жұмыс іздеп жүрген адам, жұмыссыз ретінде оқу аяқталған жылы 1 қыркүйектен кешіктірмей не ЖЖОКБҰ немесе ДССҒҰ академиялық күнтізбесінде белгіленген мерзімге сәйкес оқу аяқталған күннен бастап екі айдан кешіктірмей есепке тұруға;
4) жұмысқа қабылдау фактісін растайтын Қазақстан Республикасы Еңбек кодексінің 35 және 62-баптарында көзделген құжаттардың бірін не жалдамалы қызметкер ретінде жұмыстар орындау (қызметтер көрсету) туралы азаматтық-құқықтық сипаттағы шартты немесе тұрғылықты жері бойынша мемлекеттік кірістер органында жеке кәсіпкер немесе жеке практикамен айналысатын тұлға ретінде тіркеу есебіне қою туралы құжат, ал мансап орталығында есепке қойылған жағдайда - жұмыс іздеп жүрген адам, жұмыссыз ретінде тіркелгені туралы мансап орталығы куәландырған ақпаратты жіберіп, жұмысқа орналасқан күннен бастап күнтізбелік 10 (он) күн ішінде білім беру саласындағы уәкілетті органның операторын (бұдан әрі – Оператор) оқу аяқталған жылы жұмыспен өтеу орнына немесе өз бетінше жұмысқа орналасу орнына келгені жайында хабардар етуге;
5) Операторға жұмыспен өтеу жөніндегі міндеттерді орындау аяқталғанға дейінгі мерзімге "Egov" электрондық үкімет порталының "1414" Бірыңғай байланыс орталығының SMS-шлюзі арқылы мемлекеттік дерекқорлардан жұмыспен өтеуді жүзеге асыру орнын айқындауға мүмкіндік беретін дербес деректерді, оның ішінде міндетті зейнетақы жарналары, әлеуметтік аударымдар, жасалған еңбек шарттары, келісімшарттар, жалдамалы қызметкер ретінде қызмет көрсету туралы азаматтық-құқықтық сипаттағы шарттар туралы мәліметтерді, сондай-ақ жұмыс іздеп жүрген адам, жұмыссыз ретінде мансап орталығында есепке қою туралы деректерді жинауға және өңдеуге келісім беруге және қағаз тасығышта келісім беруге;
6) Операторға осы міндеттеменің 4) тармақшасында көрсетілген растайтын құжаттарды жолдап, Операторды еңбек шартын, азаматтық-құқықтық сипаттағы шартты жасасқан, жеке кәсіпкер немесе жеке практикамен айналысатын адам ретінде мемлекеттік кірістер органында есепке қойылған күннен бастап күнтізбелік 10 (он) күн ішінде жұмыс орнын және жұмысқа орналасуын жаңа жұмыс орнына ауыстырғаны туралы хабардар етуге;
7) алдыңғы жұмыс орнынан босатылған жағдайда күнтізбелік 30 (отыз) күннен кешіктірмей жұмысқа орналасуға, ал жұмысқа орналасу және лайықты жұмыс (бос орын) үшін мүмкіндік болмаған жағдайда күнтізбелік 30 (отыз) күн өткеннен кейін тұрғылықты жері бойынша мансап орталығына жұмыссыз, жұмыс іздеп жүрген адам ретінде есепке тұруға;
8) мемлекеттік дерекқорлардан автоматты режімде жұмыс орнымды анықтау үшін міндетті зейнетақы жарналарына қатысты дербес деректерді жинауға және (немесе) өңдеуге Операторға келісім беру жағдайларын қоспағанда (әр жарты жыл сайын жұмыс орнынан анықтама берілетін міндетті зейнетақы жарналарын төлеуден босату жағдайларын есептемегенде), Операторға әр жарты жыл сайын ұйымның атауы мен БСН/ЖСН-ні, атқаратын қызметім, жұмысқа қабылдау туралы бұйрықтың күні мен нөмірі және (немесе) бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорынан үзінді көшірме көрсетілген жұмыс орнынан анықтама бере отырып, жұмыспен өтеу жөніндегі міндеттерді одан әрі орындап жатқаным туралы өзекті мәліметтер беріп тұруға;
9) растайтын құжаттар ұсынып, демалысқа шыққан күнімнен бастап күнтізбелік 10 (он) күн ішінде Операторды ұзақ мерзімге жалақысы сақталмайтын әлеуметтік демалысқа шығуым туралы хабардар етуге (алты айдан астам мерзімге оқу демалысы, төрт айдан астам мерзімге жүктілікке және бала (балалар) туылуына демалысы, бала үш жасқа толғанға дейін оның күтімі бойынша демалыс және алты айдан астам мерзімге басқа демалыстар);
10) Операторды әскери қызметке шақыру кезінде әскерге шақыру туралы бұйрық шығарылған күннен бастап күнтізбелік 10 (он) күн ішінде растайтын құжаттарды ұсына отырып хабардар етуге;
11) Осы Қағидалардың 19-тармағында көрсетілген негіздер туындаған жағдайда ЖЖОКБҰ немесе ДССҒҰ комиссиясына жұмыспен өтеу мерзімін кейінге қалдыру берілген күннен бастап күнтізбелік 10 (он) күн ішінде Операторды жазбаша хабардар ете отырып, жұмыспен өтеу жөніндегі міндеттемені орындауды кейінге қалдыру үшін жүгінуге;
12) Операторды жұмысқа орналасқан күннен бастап күнтізбелік 10 (он) күн ішінде растайтын құжаттарды қоса бере отырып, жұмыспен өтеу мерзімінің өтуі туралы және жұмыспен өтеу орны туралы жазбаша хабардар етіп, жұмыспен өтеуді кейінге қалдыру мерзімі өткеннен кейін жұмыспен өтеу жөніндегі міндетті орындауға кірісуге;
13) Операторға үшжылдық немесе екіжылдық не мөлшерлес жұмыспен өтеу мерзімі аяқталғаннан кейін жұмыспен өтеуді тоқтату үшін жұмыс орнынан қорытынды растайтын құжат ұсынуға;
14) Операторға жұмыспен өтеу жөніндегі міндеттер орындалмаған кезде оқу шығыстарын толық көлемінде не ішінара жұмыспен өтеу кезінде мөлшерлес шамада өтеуге;
15) емделуде, қысқа мерзімді туристік немесе жеке сапарда, жұмыс орнын сақтай отырып қызметтік іссапарда болуды қоспағанда, Операторға оқу шығыстары өтелетін жұмыспен өтеу бойынша орындалмаған міндеттеме болған кезде елден тыс басқа мемлекетке тұрақты немесе уақытша тұру үшін кеткен жағдайда Операторды бір ай бұрын хабардар етуге;
16) тегі, аты, әкесінің аты (ол бар болса), тұрғылықты жерінің мекенжайы, ұялы телефон нөмірі, электрондық мекенжайы өзгерген жағдайда растайтын құжаттарды ұсына отырып, өзгерген күннен бастап күнтізбелік 10 (он) күн ішінде Операторды хабардар етуге;
17) Операторды осы Міндеттемеде көрсетілмеген жұмыспен өтеу жөніндегі міндеттемені орындауға ықпал ететін не жұмыспен өтеуге кедергі келтіретін өзге де мән-жайлар туралы хабардар етуге – МІНДЕТТЕНЕМІН.
Мен:
1) растайтын құжаттар Оператордың ресми сайтында көрсетілген оның пошталық немесе электрондық мекенжайларына жіберілуге не оның нақты орналасқан жеріне қолмен апарып берілуге тиіс екенінен;
2) жұмыспен өтеу жөніндегі мәліметтерді ұсыну міндеті Қазақстан Республикасы Азаматтық кодексінің 280-бабында көзделгенінен, оған сәйкес заңнамада немесе міндеттеме шарттарында борышкердің кредиторға міндеттеменің орындалу барысы туралы хабарлау міндеті көзделуі мүмкін екенінен хабардармын.
_____________________________________________________________________
білім алушының тегі, аты, әкесінің аты (ол бар болса)
Қолы ___________________________
Күні 20 ____ ж. "_____" _____________
Ескерту:
Міндеттемеге білім алушы кәмелетке толмаған жағдайда оның заңды өкілінің
келісімімен (ата-анасы (біреуі), асырап алушылары, қорғаншысы немесе қамқоршысы
және Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес балаға қамқорлық жасауды,
білім беруді, тәрбиелеуді, оның құқықтары мен мүдделерін қорғауды жүзеге
асыратын оларды алмастыратын басқа да адамдар) қол қояды.
Мен, _______________________________________________________________,
заңды өкілдің тегі, аты, әкесінің аты (ол бар болса)
ЖСН ________________, туған күні "___" _____________ ______________ ж.,
ҚР ІІМ "__"_____ ____ ж. берген жеке куәлігі №______________,
заңды мекенжайы (тіркеу орыны) _______________________________________,
және білім алушының заңды өкілі болып табылатын туыстық жақындығы
_____________________________________________________________,
заңды өкілдің тегі, аты, әкесінің аты (ол бар болса)
_____________________________________________________________________,
білім алушының тегі, аты, әкесінің аты (ол бар болса)
оның осы Міндеттемеге қол қоюына келісімімді беремін.
Қолы ___________________________
Күні 20 ____ ж. "____" _____________
Жергілікті атқарушы органдардың білім беру саласындағы уәкілетті органның операторына "Білім туралы" Қазақстан Республикасы Заңының 47-бабының 17-тармағында көрсетілген Қазақстан Республикасы азаматтарының жұмыспен өтеуге келуі /келмеуі және оны жалғастыруы туралы ұсынатын мәліметтердің тізбесі
Жергілікті атқарушы органдар (бұдан әрі – ЖАО) білім беру саласындағы уәкілетті органның операторына (бұдан әрі – Оператор) оның сұрау салуы бойынша жас мамандардың, философия докторларының (PhD) және бейіні бойынша докторлардың жұмысты өтеуге келуі/келмеуі және оны жалғастыруы туралы мынадай мәліметтер ұсынады:
1) тегі, аты, әкесінің аты (ол бар болса) (Оператор толтырады);
2) жеке сәйкестендіру нөмірі (Оператор толтырады);
3) білім алуы аяқталған жоғары және (немесе) жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру ұйымының немесе денсаулық сақтау саласындағы ғылыми ұйымның атауы (Оператор толтырады);
4) оқу бітірген жылы (Оператор толтырады);
5) бизнес сәйкестендіру нөмірі немесе жеке сәйкестендіру нөмірі көрсетілген жұмыс беруші-ұйымның атауы (ЖАО толтырады);
6) атқаратын лауазымы (ЖАО толтырады);
7) еңбек қызметінің басталу күні (ЖАО толтырады);
8) ағымдағы жай-күйі: "жұмысын жалғастыруда", жұмыстан босатылған күні көрсетілген "жұмыстан босатылған", демалысқа шыққан күні көрсетілген "жүктілігі, босануы және үш жасқа дейінгі бала (балалар) күтімі бойынша әлеуметтік демалыста жүр", шақыру күні көрсетілген "әскери қызметке шақырылған" (ЖАО толтырады);
9) мансап орталығында есепке қою кезеңдерін көрсете отырып, жұмыс іздеп жүрген адам, жұмыссыз ретінде мансап орталығында тіркеу (ЖАО толтырады).