БҰЙЫРАМЫН:
1. "Учаскелік комиссиялар туралы үлгілік ережені, сондай-ақ өтініш берушінің материалдық жағдайын тексеру нәтижелері бойынша атаулы әлеуметтік көмекке мұқтаждықты айқындау өлшемшарттарын бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрінің 2023 жылғы 23 мамырдағы № 167 (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 32560 болып тіркелген) бұйрығына мынадай өзгерістер енгізілсін:
кіріспе мынадай редакцияда жазылсын:
"Қазақстан Республикасы Әлеуметтік кодексінің 124-бабының 3-тармағына сәйкес БҰЙЫРАМЫН:";
көрсетілген бұйрықпен бекітілген Учаскелік комиссиялар туралы үлгілік ережеде:
2-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:
"2. Осы Үлгілік ережеде пайдаланылатын негізгі ұғымдар:
мансап орталығы – еңбек мобильділігі орталығының функцияларын аудандарда, облыстық және республикалық маңызы бар қалаларда, астанада орындауды жүзеге асыратын филиалы;
мемлекеттік атаулы әлеуметтік көмек тағайындау жөніндегі уәкілетті орган – республикалық маңызы бар қаланың, астананың, ауданның, облыстық маңызы бар қаланың, қаладағы ауданның мемлекеттік атаулы әлеуметтік көмек тағайындауды жүзеге асыратын жергілікті атқарушы органы;
учаскелік комиссия (бұдан әрі – Комиссия) – атаулы әлеуметтік көмек алуға өтініш жасаған адамдардың (отбасылардың) материалдық жағдайына зерттеп-қарау жүргізу үшін тиісті әкімшілік-аумақтық бірліктер әкімдерінің шешімімен құрылатын арнаулы комиссия.
Атаулы әлеуметтік көмекті тағайындау жөніндегі уәкілетті орган Қазақстан Республикасы Әлеуметтік кодексінің 11-бабының 17) тармақшасына сәйкес Қазақстан Республикасының Үкіметі бекіткен Әлеуметтік көмек көрсетудің, оның мөлшерлерін белгілеудің және мұқтаж азаматтардың жекелеген санаттарының тізбесін айқындаудың үлгілік қағидаларына сәйкес әлеуметтік көмек көрсетуді жүзеге асырады. Комиссия әлеуметтік көмекке жүгінген адамдардың (отбасылардың) материалдық жағдайына зерттеп-қарау жүргізеді.";
6-тармақтың 4) тармақшасы мынадай редакцияда жазылсын:
"4) ұсынылған құжаттардың және/немесе тексеру нәтижелерінің негізінде осы бұйрықтың 2-қосымшасына сәйкес өтініш берушінің материалдық жағдайын тексеру нәтижелері бойынша мемлекеттік атаулы әлеуметтік көмекке мұқтаждығын айқындау өлшемшарттарын ескере отырып, Қазақстан Республикасы Әлеуметтік кодексінің 11-бабының 17) тармақшасына сәйкес Қазақстан Республикасының Үкіметі бекіткен Әлеуметтік көмек көрсетудің, оның мөлшерлерін белгілеудің және мұқтаж азаматтардың жекелеген санаттарының тізбесін айқындаудың үлгілік қағидаларына сәйкес ұсынылатын әлеуметтік көмек немесе атаулы әлеуметтік көмек берудің қажеттілігі немесе қажеттіліктің болмауы туралы қорытынды дайындау жатады.";
9-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:
"9. Комиссияның құрамы жергілікті мемлекеттік басқару органдарының, қоғамдық бірлестіктердің, мүлік иелері бірлестіктерінің, көппәтерлі тұрғын үйлердің, халықтың, білім беру, денсаулық сақтау, халықты әлеуметтік қорғау ұйымдары мен уәкілетті органдарының өкілдерінен, құқық қорғау органдарының қызметкерлерінен құралады.
Комиссия төрағадан, хатшыдан және Комиссия мүшелерінен тұрады. Комиссияның жалпы құрамы бес адамнан кем болмауға тиіс.";
көрсетілген бұйрықпен бекітілген Өтініш берушінің материалдық жағдайын тексеру нәтижелері бойынша атаулы әлеуметтік көмекке мұқтаждықты айқындау өлшемшарттарында:
1-тармақтың 3) тармақшасы мынадай редакцияда жазылсын:
"3) өтініш берушінің материалдық жағдайын зерттеп-қарау қорытындысы бойынша дайындалған Комиссияның атаулы әлеуметтік көмек беру қажеттігі туралы қорытындының болуы.";
2-тармақтың бірінші бөлігі мынадай редакцияда жазылсын:
"2. Мынадай өлшемшарттардың бірі Комиссияның өтініш берушіге және (немесе) Қазақстан Республикасы Әлеуметтік кодексінің 120-бабы 1-тармағының талаптарына сәйкес келетін адамдарға атаулы әлеуметтік көмек беруге қажеттіліктің болмауы туралы қорытынды шығаруы үшін негіз болып табылады:".
2. Қазақстан Республикасы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің Әлеуметтік көмек департаменті заңнамада белгіленген тәртіппен:
1) осы бұйрықты Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркеуді;
2) осы бұйрық ресми жарияланғаннан кейін оны Қазақстан Республикасы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің интернет-ресурсында орналастыруды;
3) осы бұйрықтың 2-тармағының 1) және 2) тармақшалары орындалғаннан кейін он жұмыс күні ішінде Қазақстан Республикасы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің Заң қызметі департаментіне орындалуы туралы ақпараттарды ұсынуды қамтамасыз етсін.
3. Осы бұйрықтың орындалуын бақылау жетекшілік ететін Қазақстан Республикасының Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау вице-министріне жүктелсін.
4. Осы бұйрық алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.
Қазақстан Республикасы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі |
С. Жакупова |