"Дене шынықтыру және спорт туралы" Қазақстан Республикасы Заңының 7-бабының 65-20) тармақшасына сәйкес БҰЙЫРАМЫН:
1. Қоса беріліп отырған мемлекеттік дене шынықтыру-спорт ұйымдарының бірінші басшыларын ротациялауды жүргізу қағидалары бекітілсін.
2. Қазақстан Республикасы Туризм және спорт министрлігінің Спорт және дене шынықтыру істері комитеті Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен:
1) осы бұйрықты Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркеуді;
2) осы бұйрық қолданысқа енгізілгеннен кейін үш жұмыс күні ішінде оны Қазақстан Республикасы Туризм және спорт министрлігінің интернет-ресурсында орналастыруды;
3) осы бұйрықта көзделген іс-шаралар орындалғаннан кейін үш жұмыс күні ішінде Қазақстан Республикасы Туризм және спорт министрлігінің Заң қызметі департаментіне іс-шаралардың орындалуы туралы мәліметтерді ұсынуды қамтамасыз етсін.
3. Осы бұйрықтың орындалуын бақылау жетекшілік ететін Қазақстан Республикасы Туризм және спорт министрінің орынбасарына жүктелсін.
4. Осы бұйрық алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.
Қазақстан Республикасы Туризм және спорт министрінің міндетін атқарушы |
С. Жарасбаев |
Қазақстан Республикасы Туризм және спорт министрінің орынбасары 2025 жылғы 25 қыркүйектегі № 179 бұйрықпен бекітілген |
Мемлекеттік дене шынықтыру-спорт ұйымдарының бірінші басшыларын ротациялауды жүргізу қағидалары
1-тарау. Жалпы ережелер
1. Осы Мемлекеттік дене шынықтыру-спорт ұйымдарының бірінші басшыларын ротациялауды жүргізу қағидалары (бұдан әрі – Қағидалар) "Дене шынықтыру және спорт туралы" Қазақстан Республикасы Заңының 7-бабы 65-20) тармақшасына сәйкес әзірленді және мемлекеттік дене шынықтыру-спорт ұйымдарының бірінші басшыларын (бұдан әрі – бірінші басшылар) ротациялауды жүргізу тәртібін айқындайды.
2. Республикалық мемлекеттік дене шынықтыру-спорт ұйымдарының бірінші басшыларын ротациялау дене шынықтыру және спорт саласындағы уәкілетті орган жанындағы комиссияның шешімі негізінде жүргізіледі.
Облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың және астананың жергілікті бюджеттен қаржыландырылатын атқарушы органдарының қарамағындағы мемлекеттік дене шынықтыру-спорт ұйымдарының (бұдан әрі – жергілікті атқарушы орган) бірінші басшыларын ротациялау тиісті жергілікті атқарушы орган жанындағы комиссия шешімінің негізінде жүргізіледі.
3. Бірінші басшыларды ротациялау бір облыс, республикалық маңызы бар қала және астана шегінде жүзеге асырылады.
2 тарау. Мемлекеттік дене шынықтыру-спорт ұйымдарының бірінші басшыларын ротациялауды жүргізу тәртібі
4. Мемлекеттік дене шынықтыру-спорт ұйымының бірінші басшысының бір мемлекеттік дене шынықтыру-спорт ұйымында кемінде 4 (төрт) жыл жалпы өтілі бар, қайта ұйымдастырылуына (бірігуіне, бөлінуіне, бөлініп шығуына, қайта құрылуына), қайта аталуына қарамастан бірінші басшылар ротациялауға жатады.
5. Оқу демалысында, жүктілікке және бала (балаларды) тууға, жаңа туған баланы (балаларды) асырап алуға байланысты демалыста, бала үш жасқа толғанға дейін оның күтіміне байланысты жалақысы сақталмайтын демалыста болған бірінші басшылар жұмысқа шыққаннан кейін алты айдан ерте ротациялауға жатпайды.
6. Дене шынықтыру және спорт саласындағы уәкілетті органның немесе жергілікті атқарушы органның кадр қызметі (бұдан әрі – кадр қызметі) жыл сайын 20 желтоқсанға дейін алдағы жылға ротация жүргізу үшін ротациялауға жататын бірінші басшылардың тізімін қалыптастырып, келесі мәліметтерді көрсетеді:
1) бірінші басшының тегі, аты, әкесінің аты (бар болған жағдайда);
2) атқаратын лауазымы туралы мәліметтер;
3) атқаратын лауазымындағы жұмыс өтіліне қатысты мәлімет.
7. Дене шынықтыру және спорт саласындағы уәкілетті органның немесе жергілікті атқарушы органның шешімімен:
1) ротациялауға жататын бірінші басшылардың тізімі;
2) комиссия құрамы бекітіледі.
8. Кадр қызметі ротацияны өткізу күні, мерзімі және орны көрсетіле отырып, ротацияны өткізу туралы бірінші басшыларды оны өткізу басталғанға дейін күнтізбелік отыз күннен кешіктірмей жазбаша хабардар етеді, сондай-ақ дене шынықтыру және спорт саласындағы уәкілетті орган немесе жергілікті атқарушы орган кадр қызметіне осы Қағидаларға қосымшаға сәйкес ақпаратты, сондай-ақ мемлекеттік дене шынықтыру-спорт ұйымын дамыту жоспарын орындау жөніндегі есепті ұсынады.
9. Кадр қызметі комиссия мүшелеріне бірінші басшылардың тізімін және осы Қағидалардың 8-тармағында көрсетілген құжаттарды комиссия отырысына дейін 10 (он) жұмыс күннен кешіктірмей ұсынады.
10. Комиссия кемінде бес мүшеден, оның ішінде төрағадан тұрады. Комиссия құрамына дене шынықтыру және спорт саласындағы уәкілетті органның немесе жергілікті атқарушы органның құрылымдық бөлімшелерінің басшылары, дене шынықтыру және спорт саласындағы қоғамдық бірлестіктердің өкілдері кіреді.
11. Комиссияның құрамы дене шынықтыру және спорт саласындағы уәкілетті орган немесе жергілікті атқарушы орган басшысының бұйрығымен бір жыл мерзімге бекітіледі.
12. Комиссия төрағасы болып дене шынықтыру және спорт саласындағы уәкілетті органның немесе жергілікті атқарушы органының бірінші басшысы тағайындалады.
Комиссия хатшысы оның мүшесі болып табылмайды және дауыс беруге құқығы жоқ.
13. Егер комиссияның отырысына оның жалпы құрамының кемінде үштен екісі қатысса комиссияның отырысы өтті деп, ал оның шешімі заңды деп есептеледі.
Дауыстар тең болған жағдайда комиссия төрағасының дауысы шешуші болып табылады.
14. Комиссия қызметінде мүдделер қақтығысы туындаған жағдайда комиссия құрамы қайта қаралады.
Мүдделер қақтығысы деп комиссия құрамына кіретін адамдардың жеке мүдделері олардың өз міндеттерін тиісті деңгейде орындамауына және (немесе) тиісінше орындамауына әкеп соғуы мүмкін жағдай түсініледі.
15. Комиссия отырысының барысы бейнежазбаның техникалық құралдарының көмегімен тіркеледі.
Бұл ретте бейнежазбамен отырысқа қатысушылар мен комиссия мүшелері қамтылады.
Комиссияның бейнежазбаның техникалық құралдарын қолданғаны туралы комиссия отырысының хаттамасында белгі қойылады.
16. Бейнежазбаның техникалық құралдарының көмегімен тіркелген материалдар кадр қызметінде комиссия отырысы аяқталған сәттен бастап бір жыл бойы сақталады.
17. Лауазым шегінде ротациялауға жататын мемлекеттік дене шынықтыру-спорт ұйымдарының бірінші басшылары арасында ротация жүргізу туралы шешім шығарғанда комиссиямен еңбек қатынастарын атқару кезеңінде ротациялауға жататын мемлекеттік дене шынықтыру-спорт ұйымдарының бірінші басшыларының кәсіби қызметін көрсететін көрсеткіштер ескеріледі.
18. Отырыс нәтижелері бойынша комиссия мынадай шешімдердің бірін қабылдайды:
1) мемлекеттік дене шынықтыру-спорт ұйымын көрсете отырып, лауазым шегінде бірінші басшылардың арасында ротация жүргізу туралы;
2) лауазым шегінде бірінші басшылар арасында ротация жүргізуден бас тарту туралы.
19. Мыналар ұйым басшылары арасында ротациялауды жүргізуден бас тарту үшін негіздер болып табылады:
1) мүгедектігі бар баланың (балалардың) оның ішінде асырап алған балалардың болуы;
2) асырауында қарт ата-анасының болуы;
3) олармен тұрақты тұратын және бірінші немесе екінші топтағы мүгедектігі бар отбасы мүшелерінің болуы;
4) Қазақстан Республикасының Әлеуметтік кодексінде белгіленген зейнеткерлік жасқа жетуіне кемінде екі жыл қалу.
Ұсынылған мәліметтер құжаттамалық түрде расталады.
20. Комиссияның шешімі төрағаның, отырысқа қатысқан комиссия мүшелерінің, сондай-ақ хатшының қолы қойылған хаттамамен ресімделеді.
21. Хаттамаға қол қойылған күннен бастап 3 (үш) жұмыс күні ішінде кадр қызметі бірінші басшыны комиссияның шешімімен таныстырады.
22. Дене шынықтыру және спорт саласындағы уәкілетті орган немесе жергілікті атқарушы орган бір ай ішінде комиссия хаттамасының негізінде шешім шығарады.
23. Мемлекеттік дене шынықтыру-спорт ұйымдарының бірінші басшысы ротациядан бас тартқан жағдайда еңбек шарты Қазақстан Республикасы Еңбек кодексінің 49-бабы 7) тармақшасының негізінде бұзылуы тиіс.
24. Комиссия қабылдаған шешіммен келіспеген жағдайда бірінші басшы оған Қазақстан Республикасының Еңбек кодексіне сәйкес шағымдануға құқылы.
Мемлекеттік дене шынықтыру- спорт ұйымдарының бірінші басшыларын ротациялауды жүргізу қағидаларына қосымша |
Ротациялауға жататын мемлекеттік дене шынықтыру-спорт ұйымдары бірінші басшыларының кәсіби қызметін көрсететін көрсеткіштер
№ | Көрсеткіштің атауы | Ақпарат | |||
1 жыл | 2 жыл | 3 жыл | 4 жыл | ||
1 | Штат саны/дене шынықтыру-спорт ұйымының нақты саны | ||||
2 | Дене шынықтыру және спорт саласындағы қызмет бағыттары бойынша біліктілікті арттыру курстарынан өткен қызметкерлердің үлесі | ||||
3 | Дене шынықтыру-спорт ұйымының спортшыларына берілген атақтар саны | ||||
4 | Қазақстан Республикасының ұлттық командасы құрамындағы дене шынықтыру-спорт ұйымы спортшыларының саны | ||||
5 | Дене шынықтыру-спорт ұйымында айналысатын разрядтаушы спортшылар санының жалпы санына арақатынасы | ||||
*6 | Спорт түрлері бойынша балалар-жасөспірімдер спорт мектептері түлектерінің үлесі спорттық даярлықтың келесі кезеңі үшін олимпиадалық резервтің мамандандырылған мектеп-интернат-колледждеріне, спорттағы дарынды балаларға арналған мектеп-интернаттарға, жоғары спорт шеберлігі мектептеріне (тиісті ұйымдар үшін) берілген | ||||
**7 | Облыстық, республикалық маңызы бар қалалар мен астананың олимпиадалық резервтегі мамандандырылған мектеп-интернат-колледждері, облыстық, республикалық маңызы бар қалалар мен астананың спорт шебері, Қазақстан Республикасының халықаралық дәрежедегі спорт шебері нормативтерін орындаған спорттағы дарынды балаларға арналған мектеп-интернаттар түлектерінің үлесі (тиісті ұйымдар үшін) | ||||
8 | Ресми республикалық және халықаралық спорттық іс-шараларда жеңімпаз және жүлдегер атанған облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың және астананың спортшыларының үлесі | ||||
9 | Республикалық деңгейдегі және халықаралық деңгейдегі ресми спорттық іс-шараларда жеңіп алынған медальдар саны | ||||
10 | Мемлекеттік дене шынықтыру-спорт ұйымының қызметіне қатысты бақылау және қадағалау органдарының нұсқамаларының, наразылықтарының және актілерінің саны | ||||
11 | Допингке қарсы ережелерді бұзу туралы мәліметтер | ||||
12 | Орындаушылық пән бойынша мәліметтер |
Ескерту:
* 6-жолда көрсетілген мәліметтер балалар мен жасөспірімдер спорт мектептерінің бірінші басшылары үшін ескеріледі;
** 7-жолда көрсетілген мәліметтер облыстық, республикалық маңызы бар қалалардың және астананың олимпиадалық резервтегі мамандандырылған мектеп-интернат-колледждерінің, облыстық, республикалық маңызы бар қалалардың және спорттағы дарынды балаларға арналған мектеп-интернаттардың бірінші басшылары үшін ескеріледі.