ЗҚАИ-ның ескертпесі!
Осы қаулы 31.08.2025 ж.бастап қолданысқа енгізіледі.
"Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі туралы" Қазақстан Республикасы Заңының 51-2-бабы төртінші бөлігінің 1-1) тармақшасына және "Қазақстан Республикасындағы банктер және банк қызметі туралы" Қазақстан Республикасы Заңының 42-1-бабына сәйкес Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің Басқармасы ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:
1. Осы қаулыға 1-қосымшаға сәйкес макропруденциялық нормативтер мен лимиттер, олардың нормативтік мәндері және есептеу әдістемесі белгіленсін.
2. Осы қаулыға 2-қосымшаға сәйкес тізбе бойынша Қазақстан Республикасының нормативтік құқықтық актілерінің күші жойылды деп танылсын.
3. Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің Қаржылық тұрақтылық және зерттеулер департаменті Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен:
1) Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің Заң департаментімен бірлесіп осы қаулыны Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркеуді;
2) осы қаулыны ресми жарияланғаннан кейін Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің ресми интернет-ресурсына орналастыруды;
3) осы қаулы мемлекеттік тіркелгеннен кейін он жұмыс күні ішінде Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің Заң департаментіне осы тармақтың 2) тармақшасында көзделген іс-шараның орындалуы туралы мәліметтерді ұсынуды қамтамасыз етсін.
4. Осы қаулының орындалуын бақылау Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкі Төрағасының жетекшілік ететін орынбасарына жүктелсін.
5. Осы қаулы ресми жариялануға тиіс және 2025 жылғы 31 тамыздан бастап қолданысқа енгізіледі.
Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің Төрағасы |
Т. Сулейменов |
Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің Төрағасы 2025 жылғы 25 тамыздағы № 52 Қаулыға 1-қосымша |
Макропруденциялық нормативтер мен лимиттер, олардың нормативтік мәндері және есептеу әдістемесі
1-тарау. Жалпы ережелер
1. Макропруденциялық нормативтер мен лимиттер, олардың нормативтік мәндері және есептеу әдістемесі (бұдан әрі – Нормативтер) "Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі туралы" Қазақстан Республикасы Заңының 51-2-бабы төртінші бөлігінің 1-1) тармақшасына және "Қазақстан Республикасындағы банктер және банк қызметі туралы" Қазақстан Республикасы Заңының (бұдан әрі – Банктер туралы заң) 42-1-бабына сәйкес әзірленді және онда банктер, Қазақстан Республикасының бейрезидент- банктерінің филиалдары үшін макропруденциялық нормативтер мен лимиттер, олардың нормативтік мәндері және есептеу әдістемесі белгіленеді.
Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі (бұдан әрі – Ұлттық Банк) банктер, Қазақстан Республикасының бейрезидент-банктерінің филиалдары міндетті сақтауына белгілейтін макропруденциялық нормативтер мен лимиттердің құрамында:
капиталдың контрциклдік буфері;
капиталдың секторлар бойынша контрциклдік буфері;
қарыз алушының борыштық жүктемесінің коэффициенті;
қарыз алушының кірісіне қатысты борыш коэффициенті қамтылады.
2-тарау. Капиталдың контрциклдік буфері
2. Капиталдың контрциклдік буфері банктердің меншікті капиталының жеткіліктілігі коэффициенттерінің мәндеріне, Қазақстан Республикасының бейрезидент-банктері филиалдарының активтерінің жеткіліктілігі коэффициенттерінің мәндеріне қосымша белгіленеді.
3. Капиталдың контрциклдік буферінің нормативтік мәнінің аралығы:
банктер үшін – "Банктің пруденциялық нормативтерінің және сақталуы міндетті өзге де нормалары мен лимиттерінің нормативтік мәндері мен оларды есептеу әдістемелерін, капиталының мөлшерін және Ашық валюталық позицияны есептеу қағидалары мен оның лимиттерін белгілеу туралы" Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкі Басқармасының 2017 жылғы 13 қыркүйектегі № 170 қаулысымен (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 15886 болып тіркелген) бекітілген Банктің пруденциялық нормативтерінің және сақталуы міндетті өзге де нормалары мен лимиттерінің нормативтік мәндері мен оларды есептеу әдістемелеріне, капиталының мөлшеріне (бұдан әрі – № 170 нормативтік мәндер) сәйкес кредиттік тәуекел дәрежесі бойынша мөлшерленген активтер, шартты және ықтимал міндеттемелер, нарықтық тәуекелді, операциялық тәуекелді (бұдан әрі – тәуекелге мөлшерленген активтер) ескере отырып есептелген активтер, шартты және ықтимал талаптар мен міндеттемелер сомасының 0 (нөл) пайызынан бастап 3 (үш) пайызына дейін;
Қазақстан Республикасының бейрезидент-банктерінің филиалдары үшін – "Қазақстан Республикасы бейрезидент-банктері филиалдарының (оның ішінде Қазақстан Республикасы бейрезидент-ислам банктері филиалдарының) резерв ретінде қабылданатын активтерін қалыптастыру тәртібін және олардың ең төмен мөлшерін қоса алғанда, Қазақстан Республикасы бейрезидент-банктерінің филиалдары (оның ішінде Қазақстан Республикасы бейрезидент-ислам банктерінің филиалдары) үшін пруденциалдық нормативтерді және сақталуы міндетті өзге де нормалар мен лимиттерді, олардың нормативтік мәндерін және есептеу әдістемесін белгілеу туралы" Қазақстан Республикасы Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі Басқармасының 2021 жылғы 12 ақпандағы № 23 қаулысымен (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 22213 болып тіркелген) бекітілген Қазақстан Республикасы бейрезидент-банктерінің филиалдары (оның ішінде Қазақстан Республикасы бейрезидент-ислам банктерінің филиалдары) үшін пруденциалдық нормативтерді және сақталуы міндетті өзге де нормалар мен лимиттерді есептеу әдістемесіне (бұдан әрі – № 23 есептеу әдістемесі) сәйкес кредиттік тәуекел дәрежесі бойынша есептелген активтер, шартты және ықтимал міндеттемелер, нарықтық тәуекелді, операциялық тәуекелді (бұдан әрі – тәуекелді ескере отырып есептелген активтер) ескере отырып есептелген активтер, шартты және ықтимал талаптар мен міндеттемелер сомасының 0 (нөл) пайызынан бастап 3 (үш) пайызына дейін болады.
4. Капиталдың контрциклдік буферінің нормативтік мәні Қазақстан Республикасының қаржылық тұрақтылығы жөніндегі кеңестің ұсынымы ескеріле отырып, Нормативтердің 33-тармағында белгіленеді.
Капиталдың контрциклдіқ буферінің нормативтік мәнін арттыру Қазақстан Республикасының қаржылық тұрақтылығы жөніндегі кеңес шешім қабылдаған күннен бастап кемінде 12 (он екі) айдан кейін қолданысқа енгізіледі.
5. Ұлттық Банк капиталдың контрциклдік буферінің нормативтік мәнін және оны енгізу мерзімін Ұлттық Банктің ресми интернет-ресурсында жариялайды.
6. Банктер капиталдың контрциклдік буферінің мөлшерін Нормативтердің 33-тармағында белгіленген тәуекелге мөлшерленген активтер мен капиталдың контрциклдік буферінің нормативтік мәнінің көбейтіндісі ретінде есептейді.
Қазақстан Республикасының бейрезидент-банктерінің филиалдары капиталдың контрциклдік буферінің мөлшерін Нормативтердің 33-тармағында белгіленген тәуекелді ескере отырып есептелген активтер мен капиталдың контрциклді буферінің нормативтік мәнінің көбейтіндісі ретінде есептейді.
7. Егер банктер капиталдың контрциклдік буферінің мөлшерін Нормативтерді бұза отырып, есептеген және қалыптастырған жағдайда, банкке "Акционерлік қоғамдар туралы" Қазақстан Республикасының Заңында көзделген жағдайларды қоспағанда, дивидендтер төлеуді және акцияларды кері сатып алуды тоқтату бөлігінде № 170 нормативтік мәндерге сәйкес банктің бөлінбеген таза кірісін пайдалануға шектеу қойылады.
Егер Қазақстан Республикасының бейрезидент-банктерінің филиалдары капиталдың контрциклдік буферінің мөлшерін Нормативтерді бұза отырып есептеген және қалыптастырған жағдайда, Қазақстан Республикасының бейрезидент-банкінің филиалына кірісін Қазақстан Республикасының бейрезидент-банкіне жіберу бөлігінде № 23 есептеу әдістемесіне сәйкес өз қызметінің нәтижелерін пайдалануға шектеу қойылады.
8. Капиталдың контрциклдік буферін ескере отырып, меншікті капиталдың жеткіліктілігі коэффициенттерінің мәндеріне тізбесі № 170 нормативтік мәндердің 10-тармағында белгіленген негізгі капитал құрауыштары есебінен қол жеткізіледі.
Резерв ретінде қабылданатын капиталдың контрциклдік буферін ескере отырып, k1 резерві ретінде қабылданатын активтердің жеткіліктілігі коэффициентінің мәніне № 23 есептеу әдістемесінің 4-тармағында көзделген резерв ретінде қабылданатын активтер құрауыштары есебінен қол жеткізіледі.
9. Банктер бухгалтерлік есепте Нормативтердің талаптарына сәйкес есептелген капиталдың контрциклдік буферінің мөлшерін көрсетпейді.
Қазақстан Республикасының бейрезидент-банктерінің филиалдары бухгалтерлік есепте Нормативтердің талаптарына сәйкес есептелген резерв ретінде қабылданатын капиталдың контрциклдік буферінің мөлшерін көрсетпейді.
3-тарау. Капиталдың секторлар бойынша контрциклдік буфері
10. Капиталдың секторлар бойынша контрциклдік буфері кредиттеудің жекелеген сегменттерінде қалыптасатын тәуекелдерді төмендетуге бағытталған және банктерге және Қазақстан Республикасының бейрезидент-банктерінің филиалдарына қатысты белгіленеді.
11. Капиталдың секторлар бойынша контрциклдік буфері банктердің меншікті капиталының жеткіліктілігі коэффициенттерінің мәндеріне, Қазақстан Республикасының бейрезидент-банктері филиалдары активтерінің жеткіліктілігі коэффициенттерінің мәндеріне қосымша белгіленеді.
12. Капиталдың секторлар бойынша контрциклдік буферінің нормативтік мәнінің аралығы:
банктер үшін – № 170 нормативтік мәндерге сәйкес кредиттік тәуекелді ескере отырып мөлшерленген кредиттеудің тиісті сегментінің активтері, шартты және ықтимал міндеттемелері сомасының 0 (нөл) пайызынан бастап 6 (алты) пайызына дейін (бұдан әрі – секторлар бойынша тәуекелге мөлшерленген активтер);
Қазақстан Республикасының бейрезидент-банктерінің филиалдары үшін – № 23 есептеу әдістемесіне сәйкес кредиттік тәуекел дәрежесі бойынша есептелген кредиттеудің тиісті сегментінің активтері, шартты және ықтимал міндеттемелері сомасының 0 (нөл) пайызынан бастап 6 (алты) пайызына дейін (бұдан әрі – секторлар бойынша тәуекелді ескере отырып есептелген активтер) болады.
13. Тәуекелдерді қосарлы есепке алуға жол бермеу мақсатында банк капиталының секторлар бойынша контрциклдік буферінің абсолюттік мәні тәуекелге мөлшерленген активтер мен капиталдың контрциклдік буферінің нормативтік мәні аралығының жоғарғы мәнінің көбейтіндісінен аспайды.
Тәуекелдерді қосарлы есепке алуға жол бермеу мақсатында Қазақстан Республикасының бейрезидент-банкі филиалы капиталының секторлар бойынша контрциклдік буферінің абсолюттік мәні тәуекелді ескере отырып есептелген активтер мен капиталдың контрциклдік буферінің нормативтік мәні аралығының жоғарғы мәнінің көбейтіндісінен аспайды.
14. Капиталдың секторлар бойынша контрциклдік буферінің нормативтік мәні Қазақстан Республикасының қаржылық тұрақтылығы жөніндегі кеңестің ұсынымы ескеріле отырып, Нормативтердің 34-тармағында белгіленеді.
Капиталдың контрциклдік буферінің нормативтік мәнін арттыру Қазақстан Республикасының қаржылық тұрақтылығы жөніндегі кеңес шешім қабылдаған күннен бастап кемінде 12 (он екі) айдан кейін қолданысқа енгізіледі.
15. Ұлттық Банк капиталдың секторлар бойынша контрциклдік буферінің нормативтік мәнін және оның енгізілуі мерзімін Ұлттық Банктің ресми интернет-ресурсында жариялайды.
16. Банктер капиталдың секторлар бойынша контрциклдік буферінің мөлшерін секторлар бойынша тәуекелге мөлшерленген активтер сомасы мен Нормативтердің 34-тармағында белгіленген капиталдың секторлар бойынша контрциклдік буферінің нормативтік мәнінің көбейтіндісі ретінде есептейді.
Қазақстан Республикасының бейрезидент-банктерінің филиалдары капиталдың секторлар бойынша контрциклдік буферінің мөлшерін секторлар бойынша тәуекелді ескере отырып есептелген активтер мен Нормативтердің 34-тармағында белгіленген капиталдың секторлар бойынша контрциклдік буферінің нормативтік мәнінің көбейтіндісі ретінде есептейді.
17. Егер банктер капиталдың секторлар бойынша контрциклдік буферінің мөлшерін Нормативтерді бұза отырып есептеген және қалыптастырған жағдайда, банкке "Акционерлік қоғамдар туралы" Қазақстан Республикасының Заңында көзделген жағдайларды қоспағанда, дивидендтер төлеуді және акцияларды кері сатып алуды тоқтату бөлігінде № 170 нормативтік мәндерге сәйкес банктің бөлінбеген таза кірісін пайдалануға шектеу қойылады.
Егер Қазақстан Республикасының бейрезидент-банктерінің филиалдары капиталдың секторлар бойынша контрциклдік буферінің мөлшерін Нормативтерді бұза отырып есептеген және қалыптастырған жағдайда, Қазақстан Республикасының бейрезидент-банкінің филиалына кірісті Қазақстан Республикасының бейрезидент-банкіне жіберу бөлігінде № 23 есептеу әдістемесіне сәйкес өз қызметінің нәтижелерін пайдалануға шектеу қойылады.
18. Капиталдың секторлар бойынша контрциклдік буферін ескере отырып, меншікті капиталдың жеткіліктілігі коэффициенттерінің мәндеріне тізбесі № 170 нормативтік мәндердің 10-тармағында белгіленген негізгі капитал құрауыштары есебінен қол жеткізіледі.
Резерв ретінде қабылданатын капиталдың секторлар бойынша контрциклдік буферін ескере отырып, k1 резерві ретінде қабылданатын активтердің жеткіліктілігі коэффициентінің мәніне № 23 есептеу әдістемесінің 4-тармағында көзделген резерв ретінде қабылданатын активтер құрауыштары есебінен қол жеткізіледі.
19. Банктер бухгалтерлік есепте Нормативтердің талаптарына сәйкес есептелген капиталдың секторлар бойынша контрциклдік буферінің мөлшерін көрсетпейді.
Қазақстан Республикасының бейрезидент-банктерінің филиалдары бухгалтерлік есепте Нормативтердің талаптарына сәйкес есептелген резерв ретінде қабылданатын капиталдың секторлар бойынша контрциклдік буферінің мөлшерін көрсетпейді.
4-тарау. Банктің, Қазақстан Республикасының бейрезидент-банкі филиалының қарыз алушысының борыштық жүктемесінің коэффициенті
20. Банк, Қазақстан Республикасының бейрезидент-банкінің филиалы қарыз алушысының борыштық жүктемесінің коэффициентін:
кредиттік карточканың кредиттік лимиті немесе талаптарында кредиттік лимит шеңберінде қарыз алушыны кредиттеу көзделген төлем карточкасы шеңберінде қарыз (қарыздың бөлігін) беруді қоспағанда, қарыз алушыға қарыз беру, оның ішінде ашық кредиттік желі шеңберінде қарыз (қарыздың бөлігін) беру;
қарыз алушыға кредит желісін ашу (кредиттік лимитті белгілеу);
қарыз алушыға жасалған банктік қарыз шарты (шарттары) шеңберінде қосымша қарыз беру;
қарызды өтеу кестесіне сәйкес осы қарыз бойынша мерзімді төлемдердің мөлшері ұлғаюына алып келетін қарыз алушының ашық кредит желісінің және (немесе) қарыз талаптарын өзгерту туралы шешім қабылдағанға дейін есептеуді жүзеге асырады.
Кредит желiсi деп банктің, Қазақстан Республикасының бейрезидент-банкі филиалының қарыз алушыға қарыз алу уақытын өзі анықтауға мүмкіндік беретін талаптармен, бірақ кредиттеудің осындай нысанына арналған банктің, Қазақстан Республикасының бейрезидент-банкі филиалының ішкі кредит саясаты туралы қағидаларында және шартта айқындалған сома мен уақыт шегінде қарыз алушыны кредиттеу міндеттемесі түсініледі.
Кредиттік лимит (оның ішінде кредит карточкалары бойынша) деп кредит желісінің шекті сомасы түсініледі.
Қарыз алушы деп банктің, Қазақстан Республикасының бейрезидент-банкі филиалының банктік қарыз операцияларын жүзеге асыру жөніндегі қызметтерін пайдалануға ниеттенетін немесе пайдаланатын Қазақстан Республикасының резидент жеке тұлғасы түсініледі.
Осы тармақтың бірінші бөлігінің талаптары қарыз алушыларға кәсіпкерлік қызметті жүзеге асыруға байланысты емес тауарларды, жұмыстар мен көрсетілетін қызметтерді сатып алуға берілген қарыздарға, сондай-ақ қарыз алушының кәсіпкерлік қызметін растайтын құжаттарды және (немесе) өзге де мәліметтерді ұсыну жағдайларын қоспағанда, мұндай құжаттар мен мәліметтерді банк қарыз алушысының бағдарламалық қамтылымында және (немесе) кредиттік досьесінде сақтай отырып, дара кәсіпкерлер болып табылмайтын жеке тұлғаларға кәсіпкерлік қызметті жүзеге асырумен байланысты мақсаттарға берілген қарыздарға қолданылады.
Қарыз алушының борыштық жүктемесі коэффициентінің ең жоғарғы деңгейін сақтау жөніндегі талап Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің ипотекалық тұрғын үй қарыздарын (ипотекалық қарыздарын) қайта қаржыландыру бағдарламасын іске асыру мақсатында жасалатын банктік қарыз шарттарына қолданылмайды.
Қарыз алушының борыштық жүктемесі коэффициентінің ең жоғары деңгейін сақтау талабы қарызды 2025 жылғы 1 қаңтардан бастап 2026 жылғы 31 желтоқсан аралығындағы қоса алғандағы кезеңде:
пайдалануда болмаған және Қазақстан Республикасының аумағында алғаш рет тіркелетін және қарыз бойынша кепілді қамтамасыз ету болып табылатын жаңа автокөлік құралын сатып алу мақсаты үшін;
пайдалануда болған және осы автокөлік құралы құнының кемінде 50 (елу) пайызын құрайтын бастапқы жарнасы бар қарыз бойынша кепілді қамтамасыз ету болып табылатын автокөлік құралын сатып алу мақсаты үшін;
3 (үш) жылға дейін пайдалануда болған және осы автокөлік құралы құнының кемінде 30 (отыз) пайызын құрайтын бастапқы жарнасы бар қарыз бойынша кепілді қамтамасыз ету болып табылатын автокөлік құралын сатып алу мақсаты үшін;
тұрғын үй құрылыс жинақ жүйесі шеңберінде берілген кезде қолданылмайды.
Банк, Қазақстан Республикасының бейрезидент-банкінің филиалы осы тармақтың жетінші бөлігінде көрсетілген қарыздар бойынша қарыз алушының борыштық жүктемесінің коэффициентін кредиттік тәуекелдерді мониторингтеу мақсатында есептеуді жүзеге асырады.
21. Банк, Қазақстан Республикасының бейрезидент-банкінің филиалы қарыз алушының борыштық жүктемесі коэффициентін екі кезеңде есептейді:
бірінші кезең – қарыз алушының төлем қабілеттілігін бағалау;
екінші кезең – қарыз алушының борыштық жүктемесінің коэффициентін есептеу.
22. Қарыз алушының төлем қабілеттілігін бағалау мынадай түрде жүзеге асырылады:
мұнда:
ҚК – қарыз алушының кірісі;
ЕТКДШ – республикалық бюджет туралы заңда тиісті қаржы жылына белгіленген ең төменгі күнкөріс деңгейінің шамасы;
Сктом – кәмелетке толмаған отбасы мүшелерінің саны.
Қарыз алушының кірісі мынадай бір және (немесе) бірнеше өлшемшарттар:
1) қарыз алушы өтініш берген күннің алдындағы 6 (алты) айдағы ресми кірісі негізінде айқындалады. Мынадай бір және (немесе) бірнеше құжаттар:
жұмыс берушіден жалақы және өзге де кіріс түсетін банктік шоттан үзінді-көшірме немесе бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорының немесе "Азаматтарға арналған үкімет" мемлекеттік корпорациясының дерекқорынан алынған салымшының (алушының) міндетті зейнетақы жарналары, міндетті кәсіптік зейнетақы жарналары бойынша ақпарат немесе міндетті зейнетақы жарналарының, жеке табыс салығының төленген сомасын шегергенде, жеке тұлғалардың кірісі туралы ақпарат бөлігінде орталық атқарушы органдардың және оларға тиесілі не ведомстволық бағынысты заңды тұлғалардың дерекқорынан алынған ақпарат;
зейнетақы төлемдері түсетін банктік шоттан үзінді-көшірме;
"Қызметкер еңбек (қызметтік) міндеттерін атқарған кезде оны жазатайым оқиғалардан міндетті сақтандыру туралы" Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес жасалған зейнетақы аннуитеті шарты бойынша, аннуитеттік сақтандыру шарты бойынша сақтандыру төлемдері түсетін банктік шоттан үзінді-көшірме негізінде есептелген орташа айлық кіріс ресми кіріс деп түсініледі;
мынадай:
патенттің негізінде арнайы салық режимін қолданған кезде салық салынатын кірістен 5 (бес) пайыздық;
жеңілдетілген декларация негізінде арнайы салық режимін қолданған кезде салық салынатын кірістен 15 (он бес) пайыздық;
бекітілген шегерімді пайдалана отырып, арнайы салық режимінің салық салынатын кірісінен 20 (жиырма) пайыздық салық аударымдары негізінде есептелген жеке тұлға – дара кәсіпкердің кірісі туралы ақпарат негізінде есептелген орташа айлық кіріс ресми кіріс деп түсініледі;
2) қарыз алушы өтініш берген күннің алдындағы 6 (алты) айдағы кезеңдегі дебеттік карточка бойынша шығыстың орташа айлық сомасы;
3) қарыз алушы өтініш берген күннің алдындағы 6 (алты) айдағы дебеттік карточканы толтырудың орташа айлық сомасы;
4) қарыз алушы өтініш берген күннің алдындағы 6 (алты) айдағы депозиттегі және (немесе) ағымдағы шоттағы қалдықтың орташа айлық сомасының берілетін кредиттің айлар бойынша көрсетілген мерзіміне қатынасы;
5) қарыз алушы өтініш берген күннің алдындағы 6 (алты) айдағы депозиттерді және (немесе) ағымдағы шоттарды толықтырудың орташа айлық сомасы;
6) қарыз алушы өтініш берген күннің алдындағы 6 (алты) айдағы депозиттерден және (немесе) ағымдағы шоттардан алынған қаражаттың орташа айлық сомасы;
7) қарыз алушы өтініш берген күннің алдындағы 6 (алты) айдағы жолаушыларды және такси жүгін тасымалдаудан түсетін орташа айлық кірісі (мұндай кіріс делдалдың компаниясы арқылы расталған кезде);
8) қарыз алушы өтініш берген күннің алдындағы 6 (алты) айдағы жұмыс орнынан кірісі туралы анықтаманың және (немесе) оқу орнынан алатын шәкіртақының мөлшері туралы анықтаманың негізінде есептелген орташа айлық кірісі негізінде айқындалады.
Қарыз алушы осы тармақтың екінші бөлігінің 1), 2), 3), 4), 5), 6), 7) және 8) тармақшаларында көрсетілген ақпаратты тиісті құжаттарды ұсына отырып растайды және (немесе) банктің, Қазақстан Республикасының бейрезидент-банкі филиалының ақпараттық жүйесінде тексеріледі және (немесе) банк, Қазақстан Республикасының бейрезидент-банкінің филиалы қарыз алушының жазбаша нысанда не қарыз алушының сәйкестендіру құралы арқылы берілген келісімі негізінде сұратады.
Осы тармақтың екінші бөлігінің 1), 2), 3), 4), 5) және 6) тармақшаларында көрсетілген өлшемшарттар негізінде қарыз алушының кірісін айқындау және қарыз алушының борыштық жүктеме коэффициентін есептеу кезінде қарыз алушының өз шоттары арасында жасаған операциялары және банктік қарыздар және (немесе) микрокредиттер алуға байланысты операциялар ескерілмейді.
Атаулы әлеуметтік көмекті алушыға және (немесе) ойын бизнесіне белсенді қатысқан адамның белгісі бар қарыз аушыға қатысты кірісін бағалау осы тармақтың екінші бөлігінің 1) тармақшасында көрсетілген ресми кірісі негізінде айқындалады.
Нормативтердің мақсаты үшін ойын бизнесіне белсенді қатысқан адамның белгісі бар қарыз алушы деп соңғы аяқталған 6 (алты) ай ішінде ойын бизнесін ұйымдастырушының пайдасына 300 000 (үш жүз мың) теңгеден астам жалпы сомада 6 (алты) және одан көп төлем жасаған жеке тұлға түсініледі.
Банк, Қазақстан Республикасының бейрезидент-банкінің филиалы қарыз алушының ойын бизнесін ұйымдастырушысының пайдасына төлемдер жасаған күні мен сомасы туралы ақпаратты кредиттік бюродан алынған қарыз алушының кредиттік есебі негізінде айқындайды.
Жиырма бір жасқа толмаған қарыз алушыға қатысты кірісті бағалау осы тармақтың екінші бөлігінің 1), 7) және 8) тармақшаларында көрсетілген кірісі негізінде айқындалады.
23. Қарыз алушының борыш жүктемесінің коэффициенті қарыз алушының барлық өтелмеген қарызы бойынша мерзімі өткен төлемдер сомасын қоса алғанда, қарыз алушының барлық өтелмеген қарызы бойынша ай сайынғы төлем мен Нормативтердің 20-тармағының бірінші бөлігінде көзделген жағдайларда туындайтын қарыз алушының жаңа берешегі бойынша ай сайынғы орташа төлем қосындысының қарыз алушының соңғы 6 (алты) айдағы орташа ай сайынғы кірісіне қатынасы ретінде есептеледі:
мұнда:
БЖК – борыш жүктемесінің коэффициенті;
ӨҚТi – Нормативтердің 24-тармағына сәйкес есептелетін қарыз алушының өтелмеген қарызы (қарыздары) бойынша ай сайынғы төлем;
МТi – қарыз алушының өтелмеген қарызы (қарыздары) бойынша мерзімі өткен төлемдер сомасы;
БТ – Нормативтердің 25-тармағына сәйкес есептелетін қарыз алушының жаңа берешегі бойынша ай сайынғы орташа төлем;
n – қарыз алушының өтелмеген қарыздарының саны;
К – Нормативтердің 26-тармағына сәйкес есептелетін қарыз алушының ай сайынғы орташа кірісі.
Қарыз алушының автокөлік құралы кепілімен қамтамасыз етілген қарыздары бойынша борыш жүктемесінің коэффициентін есептеу кезінде қарыз алушының қарыз бойынша ай сайынғы төлемінің мөлшері автокөлік құралы түріндегі кепіл құнына азайтылған, өтімділік коэффициентіне түзетілген өтелуі тиіс берешек (негізгі борыш пен қарыздың бүкіл кезеңі үшін есептелетін сыйақы сомасын қамтитын) сомасының берілетін қарыздың айлар бойынша көрсетілген мерзіміне Нормативтердің 35-тармағына сәйкес қамтамасыз етілетін құнына қатынасы ретінде айқындалады.
Автокөлік құралының орташа нарықтық құны "Әділ құнды бағалау" № 13 халықаралық қаржылық есептілік стандартына және "Бухгалтерлік есеп пен қаржылық есептілік туралы" Қазақстан Республикасы Заңының талаптарына сәйкес тәуелсіз бағалау немесе банктің, Қазақстан Республикасының бейрезидент-банкі филиалының бағалауы негізінде айқындалады.
24. Қарыз алушының өтелмеген қарызы (өтелмеген қарыздары) бойынша ай сайынғы төлем өтелмеген қарыз (өтелмеген қарыздар) бойынша айлық көрсеткіш бойынша келтірілген кезеңдік төлемге (өтелмеген қарыздар бойынша айлық көрсеткіш бойынша келтірілген кезеңдік төлемдер сомасына) тең қабылданады.
Өтелмеген қарыз бойынша айлық көрсеткішке келтірілген мерзімді төлем қарызды өтеу кестесіне сәйкес өтелмеген қарыз бойынша мерзімді төлемнің жылдық мәнде өтелмеген қарыз бойынша мерзімді төлемдер санының он екіге қатынасының көбейтіндісі ретінде есептеледі:
КТай = КТкесте*КТСжыл/12
мұнда:
КТай – айлық көрсеткішке келтірілген өтелмеген қарыз бойынша мерзімді төлем;
КТкесте – қарызды өтеу кестесіне сәйкес өтелмеген қарыз бойынша кезеңдік төлем;
КТСжыл – жылдық мәнде өтелмеген қарыз бойынша мерзімді төлемдер саны.
Жылдық мәнде өтелмеген қарыз бойынша мерзімді төлемдердің саны өтеу кестесіне сәйкес үш жүз алпыстың қарыз бойынша төлемдерді жүзеге асыру кезеңділігін сипаттайтын күн санына қатынасы ретінде есептеледі.
Осы тармақтың үшінші бөлігін есептеу мақсаты үшін бір айдағы күн саны отызға тең болып алынады.
Қарызды өтеу кестесіне сәйкес мерзімді төлем және (немесе) төлемдерді жүзеге асырудың күнмен берілген кезеңділігі туралы деректер болмаған кезде өтелмеген қарыз бойынша ай сайынғы төлем қарыз бойынша негізгі борыш пен сыйақы бойынша қалдық қосындысының осы қарыздың айлармен көрсетілген қалған мерзіміне қатынасы ретінде есептеледі.
Өтелмеген қарыз (өтелмеген қарыздар) бойынша ай сайынғы төлемге кредиттік лимиттің пайдаланылған бөлігін өтеу бойынша ай сайынғы төлем мөлшерін бағалау, талаптарында қарыз алушыға кредиттік лимит шеңберінде кредит беру көзделген кредиттік карточка бойынша ай сайынғы төлем кіреді.
Кредиттік лимиттің пайдаланылған бөлігін өтеу бойынша ай сайынғы төлем мөлшерін бағалау кредиттік бюроның, банктің, Қазақстан Республикасының бейрезидент-банкі филиалының ақпараттық жүйелерінің деректері негізінде айқындалады немесе кредиттік лимиттің пайдаланылған бөлігі мөлшерінің шартта айқындалған, айлармен көрсетілген осы лимиттің қалған мерзіміне қатынасы ретінде есептеледі.
Кредиттік лимиттің пайдаланылған бөлігі деп ашылған кредит желісі шеңберінде қарыз алушы алған қарыз (транш) бойынша борыштың қалдығы түсініледі.
Талаптарында қарыз алушыны кредиттік лимит шеңберінде кредиттеу көзделген кредиттік карточка бойынша ай сайынғы төлем талаптарында қарыз алушыны кредиттік лимит шеңберінде кредиттеу көзделген кредиттік карточка бойынша пайдаланылған кредиттік лимиттің тиісінше он пайызға көбейтіндісі ретінде есептеледі.
Қарыз алушының өтелмеген қарызы бойынша мерзімі өткен төлемдер сомасына мерзімі өткен негізгі борыш, мерзімі өткен сыйақы сомасы және банктің, Қазақстан Республикасының бейрезидент-банкі филиалының, банк операцияларының жекелеген түрлерін жүзеге асыратын ұйымның, микроқаржы ұйымының, сондай-ақ тізбесі "Қазақстан Республикасындағы кредиттік бюролар және кредиттік тарихты қалыптастыру туралы" Қазақстан Республикасы Заңының 18-бабында белгіленген өзге де ақпарат жеткізушілердің (бұдан әрі – ақпарат жеткізушілер) балансынан тыс есептен шығарылған берешек сомасы кіреді.
Қарыз алушыға бұрын жасалған банктік қарыз және (немесе) микрокредит беру шартын (қарыз шарттарын) қайта қаржыландыру мақсатында банктік қарыз берілген жағдайда, өтелмеген қарыз және (немесе) микрокредит бойынша қайта қаржыландыруға жататын берешек сомасы ай сайынғы төлемнің есебінде және қайта қаржыландырылатын өтелмеген қарыз және (немесе) микрокредит бойынша мерзімі өткен төлемдердің сомасында есепке алынбайды.
Бұрын жасалған банктік қарыз шартын (шарттарын) қайта құрылымдау мақсатында қарыз алушының ашық кредит желісінің және (немесе) қарыздың талаптарын қарызды өтеу кестесіне сәйкес осы қарыз бойынша кезеңдік төлемдердің мөлшерін ұлғайтуға әкелетін және ашық кредит желінің кредиттік лимитін және (немесе) банктік қарыздың мөлшерін ұлғайтуды көздемейтін етіп өзгерткен жағдайда, қайта құрылымдалатын қарыз алушының қарызы бойынша өтелмеген кредит желісі мен (немесе) мерзімі өткен төлемдерінің сомасы нөлге тең ден қабылданады.
Қарызды өтеу кестесіне сәйкес мерзімді төлем, негізгі борыш қалдығы, өтелмеген қарыздар бойынша сыйақы қалдығы, кредиттік лимит, кредиттік лимиттің пайдаланылған бөлігі, қарыз алушының өтелмеген қарыздары бойынша мерзімі өткен төлем сомасы туралы ақпаратты банк, Қазақстан Республикасының бейрезидент-банкінің филиалы кредиттік бюродан сұратып алады.
Мерзімді төлемдердің, негізгі борыш қалдығының, өтелмеген қарыздар бойынша сыйақы қалдығының, кредиттік карточка бойынша ай сайынғы төлемнің, кредиттік лимиттің пайдаланылған бөлігін өтеу бойынша ай сайынғы төлемнің мөлшерін бағалаудың және қарыз алушының өтелмеген қарыздары бойынша мерзімі өткен төлемдер сомасының есебіне кредиттік бюроға барлық ақпарат жеткізушілер ұсынатын мәліметтер кіреді.
Қарыз алушының өтелмеген қарыздарына Нормативтердің 20-тармағының бесінші бөлігінде көрсетілген қарыздар, сондай-ақ қарыз алушының Нормативтерді 20-тармағының бесінші бөлігінде көрсетілмеген өтелмеген банктік қарыздары, микрокредиттері кіреді.
25. Қарыз алушының жаңа берешегі бойынша ай сайынғы орташа төлемі өтеу кестесіне сәйкес есептелген негізгі борыш бойынша төлемдер мен сыйақысының, сондай-ақ Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі Басқармасының 2012 жылғы 26 наурыздағы № 137 қаулысымен (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 7663 болып тіркелген) бекітілген Қарыздар мен салымдар бойынша шынайы, жылдық, тиімді, салыстырмалы есептеудегі сыйақы мөлшерлемелерін (нақты құнын) есептеу қағидаларының 8-тармағында көрсетілген қарызды берумен және оған қызмет көрсетумен байланысты өзге де төлемдер қосындысының осы қарыздың айлармен көрсетілген мерзіміне қатынасы ретінде есептеледі.
Талаптарында кредиттік лимит шеңберінде қарыз алушыны кредиттеу көзделген кредит желісі, кредиттік карточка бойынша міндеттеме болып табылатын қарыз алушының жаңа берешегі бойынша ай сайынғы орташа төлем Нормативтердің 24-тармағының жетінші, сегізінші және тоғызыншы бөліктеріне сәйкес есептеледі.
26. Қарыз алушының ай сайынғы орташа кірісі Нормативтердің 22-тармағының екінші бөлігінің 1), 2), 3), 4), 5), 6), 7) және 8) тармақшаларында көрсетілген бір немесе бірнеше өлшемшарттар негізінде айқындалған қарыз алушы өтініш берген күннің алдындағы қатарынан 6 (алты) айдағы кірісі мөлшерінің алтыға қатынасы ретінде есептеледі.
Нормативтердің 22-тармағы екінші бөлігінің 1), 2), 3), 4), 5), 6), 7) және 8) тармақшаларында көрсетілген өлшемшарттар негізінде қарыз алушының кірісін айқындау кезінде банк, Қазақстан Республикасының бейрезидент-банкінің филиалы:
қарыз алушы кірісінің екі және одан да көп өлшемшарттарында кірістің бір ғана көзін қайталау;
қарыз алушының дебеттік карточкасын, ағымдағы шоттарын, депозиттерін бір қарыз алушының меншікті және (немесе) қарыз қаражаты есебінен шоттар арасындағы транзакциялардан толықтыру есебінен артқан кіріс болмауы тұрғысынан қарыз алушының борыштық жүктемесінің коэффициентін есептеу үшін пайдаланылатын кірістің валидациясын жүргізеді.
Банк, Қазақстан Республикасының бейрезидент-банкінің филиалы қарыз алушының ай сайынғы орташа кірісін есептеуге қабылдайтын кіріс түрлері қарыз алушы өтініш берген күннің алдындағы қатарынан алты ай ішінде кемінде кез келген екі айда алынуы тиіс.
Банктер, Қазақстан Республикасының бейрезидент-банкінің филиалдары Нормативтердің 22-тармағының екінші бөлігінің 1) тармақшасында көрсетілген қарыз алушының ресми кірісінің негізінде атаулы әлеуметтік көмек алушы қарыз алушының және (немесе) ойын бизнесіне белсенді қатысқан адамның белгілері бар қарыз алушының орташа айлық кірісін есептеуді жүзеге асырады.
Банктер, Қазақстан Республикасының бейрезидент-банкінің филиалдары Нормативтердің 22-тармағының екінші бөлігінің 1), 7) және 8) тармақшаларында көрсетілген қарыз алушының кірісі негізінде жиырма бір жасқа толмаған қарыз алушының орташа айлық кірісін есептеуді жүзеге асырады.
27. Қарыз алушының борыштық жүктемесі коэффициентінің ең жоғары деңгейі Нормативтердің 36-тармағына сәйкес белгіленеді.
Ойын бизнесіне белсенді қатысқан адамның белгілері бар қарыз алушы үшін борыштық жүктемеcі коэффициентінің деңгейі Нормативтердің 36-тармағында белгіленген қарыз алушының борыштық жүктемесі коэффициентінің ең жоғары деңгейі мөлшерінің жартысын құрайды.
28. Банк мына:
Нормативтердің 22-тармағында көрсетілген бір немесе бірнеше өлшемшарттар негізінде айқындалатын кіріс мөлшері республикалық бюджет туралы заңда тиісті қаржы жылына белгіленген ең төменгі күнкөріс деңгейінің шамасынан және отбасының әрбір кәмелетке толмаған мүшесіне арналған ең төменгі күнкөріс деңгейі сомасының жартысынан кем болған,
қарыз алушының борыштық жүктемесі коэффициентінің мәні Нормативтердің 36-тармағында белгіленген мәннен асқан,
кепілсіз тұтынушылық қарыз бойынша мерзім 5 (бес) жылдан асқан жағдайда, қарыз алушыға қарыз беру, оның ішінде қарыз алушыға ашылған кредиттік желі шеңберінде қарыз (қарыздың бір бөлігін) беру, қарыз алушыға кредиттік желіні ашу (кредиттік лимитті белгілеу), жасалған банктік қарыз шарты (шарттары) шеңберінде қосымша қарыз беру, қарызды өтеу кестесіне сәйкес осы қарыз бойынша мерзімді төлемдердің мөлшерін ұлғайтуға әкеп соғатын қарыз алушының ашылған кредиттік желісінің және (немесе) қарызының шарттарын өзгерту туралы (жөніндегі) оң шешімдер қабылдамайды.
29. Банк, Қазақстан Республикасының бейрезидент-банкінің филиалы қарыз алушының борыштық жүктемесін Нормативтердің 20-29-тармақтарының талаптарына сәйкес өздігінен айқындайды.
5-тарау. Банк, Қазақстан Республикасының бейрезидент-банкінің филиалы қарыз алушысының кірісіне қатысты борыш коэффициенті
30. Банк, Қазақстан Республикасының бейрезидент-банкінің филиалы:
қарыз алушыға ашылған кредит желісі шеңберінде қарыз (қарыздың бір бөлігін) беруді қоспағанда, қарыз беру;
қарыз алушыға кредит желісін ашу (кредиттік лимитті белгілеу);
қарыз алушыға жасалған банктік қарыз шарты (шарттары) шеңберінде қосымша қарыз беру туралы шешімдерді қабылдағанға дейін қарыз алушының кірісіне қатысты борыш коэффициентін есептеуді жүзеге асырады.
Осы тармақтың бірінші бөлігінің талаптары қарыз алушыларға тұрғын үй құрылыс жинақтары жүйесі шеңберінде берілетін қарыздарды қоспағанда, кәсіпкерлік қызметті жүзеге асыруға байланысты емес тауарларды, жұмыстарды және көрсетілетін қызметтерді сатып алуға берілген қарыздарға қолданылады.
31. Банк, Қазақстан Республикасының бейрезидент-банкінің филиалы қарыз алушының кірісіне қатысты борыш коэффициентін мынадай түрде есептейді:
мұнда:
КБК – қарыз алушының кірісіне қатысты борыш коэффициенті;
ӨҚБС – қарыз алушының барлық өтелмеген қарыздары мен микрокредиттері бойынша берешек сомасы;
ӨҚБС – қарыз алушының барлық өтелмеген қарыздары мен микрокредиттері бойынша мерзімі өткен төлемдерінің сомаларын, талаптарында кредиттік лимит шеңберінде қарыз алушыны кредиттеу көзделген кредиттік карточка бойынша кредиттік лимиттің пайдаланылған бөлігі бойынша сомаларды, қоса, барлық өтелмеген қарыздары мен микрокредиттері бойынша берешектің, сондай-ақ талаптарында кредиттік лимит шеңберінде қарыз алушыны кредиттеу көзделген кредиттік лимиттің, кредиттік карточканың пайдаланылмаған бөлігінің 10 (он) пайызының жиынтық сомасы ретінде есептеледі.
ЖБС – Нормативтердің 30-тармағында көзделген жағдайларда туындайтын қарыз алушының жаңа берешек сомасы;
ҚЖЖК – қарыз алушы өтініш берген күннің алдындағы соңғы 6 (алты) айдағы Нормативтердің 22-тармағының екінші бөлігінде көрсетілген өлшемшарттардың негізінде айқындалған қарыз алушының жалақысының және (немесе) кірісінің өзге де түрлерінің орташа айлық сомасы ретінде 12 (он екіге) көбейтіліп есептелетін, қарыз алушының жылдық жиынтық кірісі.
Нормативтердің 22-тармағының екінші бөлігінің 1), 2), 3), 4), 5), 6), 7), 8) тармақшаларында көрсетілген өлшемшарттардың негізінде қарыз алушының кірісін айқындаған кезде банк, Қазақстан Республикасының бейрезидент-банкінің филиалы:
қарыз алушы кірісінің екі және одан да көп өлшемшарттарында сол бір кіріс көзін қайталау;
қарыз алушының дебеттік карточкасын, ағымдағы шоттарын, депозиттерін бір қарыз алушының меншікті және (немесе) қарыз қаражаты есебінен шоттар арасындағы транзакциялардан толықтыру есебінен артқан кіріс болмауы тұрғысынан қарыз алушының кірісіне қатысты борыш коэффициентін есептеу үшін пайдаланылатын кірістің валидациясын жүргізеді.
32. Банк, Қазақстан Республикасының бейрезидент-банкінің филиалы кредиттік тәуекелдерге мониторинг жүргізу мақсатында қарыз алушының кірісіне қатысты борыш коэффициентін есептеуді жүзеге асырады.
6-тарау. Нормативтік мәндер
33. Капиталдың контрциклдік буферінің нормативтік мәні 0 (нөл) пайызға тең.
34. Дара кәсіпкерлерді қоспағанда, жеке тұлғаларды кредиттеу сегментінде капиталдың секторлар бойынша контрциклдік буферінің нормативтік мәні 2026 жылғы 31 наурызға дейін 0 (нөл) пайызға тең, 2026 жылғы 1 сәуірден бастап 2 (екі) пайызға тең.
Дара кәсіпкерлерді қоса алғанда, заңды тұлғаларды кредиттеу сегментінде капиталдың секторлар бойынша контрциклдік буферінің нормативтік мәні 0 (нөл) пайызға тең.
35. Қарыз алушының автокөлік құралының кепілімен қамтамасыз етілген қарыздар бойынша борыш жүктемесінің коэффициентін есептеу кезінде қарыз алушының қарыз бойынша ай сайынғы төлемінің мөлшері автокөлік құралы түріндегі кепіл құнына азайтылған, өтімділік коэффициентіне түзетілген өтелуге тиіс берешек сомасының (негізгі борыш пен қарыздың бүкіл кезеңі үшін есептелетін сыйақы сомасын қамтитын) берілетін қарыздың айлармен көрсетілген мерзіміне 0,7 (нөл бүтін оннан жетіге) тең қамтамасыз ету құнына қатынасы ретінде айқындалады.
36. Қарыз алушының борыштық жүктемесі коэффициентінің ең жоғары деңгейі 0,5 (нөл бүтін оннан бесті) құрайды.
Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің Төрағасы 2025 жылғы 25 тамыздағы № 52 Қаулыға 2-қосымша |
Күші жойылды деп танылатын Қазақстан Республикасының нормативтік құқықтық актілерінің тізбесі
1. "Қаржы ұйымдарының банк операцияларының жекелеген түрлерін және басқа да операцияларды жүргізуіне шектеулер енгізу туралы" Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкі Басқармасының 2013 жылғы 25 желтоқсандағы № 292 қаулысы (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 9125 болып тіркелген).
2. "Қазақстан Республикасының банк қызметін реттеу мәселелері жөніндегі кейбір нормативтік құқықтық актілеріне өзгерістер енгізу туралы" Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкі Басқармасының 2014 жылғы 21 қарашадағы № 221 қаулысы (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 10006 болып тіркелген).
3. "Қаржы ұйымдарының банк операцияларының жекелеген түрлерін және басқа да операцияларды жүргізуіне шектеулер енгізу туралы" Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкі Басқармасының 2013 жылғы 25 желтоқсандағы № 292 қаулысына өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы" Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкі Басқармасының 2019 жылғы 12 қарашадағы № 190 қаулысы (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 19614 болып тіркелген).
4. "Қаржы ұйымдарының банк операцияларының жекелеген түрлерін және басқа да операцияларды жүргізуіне шектеулер енгізу туралы" Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкі Басқармасының 2013 жылғы 25 желтоқсандағы № 292 қаулысына өзгерістер енгізу туралы" Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкі Басқармасының 2022 жылғы 22 маусымдағы № 49 қаулысы (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 28692 болып тіркелген).