"Сауда қызметін реттеу туралы" Қазақстан Республикасы Заңының 7-бабының 15-12) тармақшасына сәйкес БҰЙЫРАМЫН:
1. Қоса беріліп отырған Тауарлардың ұлттық каталогын жүргізу, сондай-ақ онда тауарларды тіркеу қағидалары бекітітілсін.
2. Қазақстан Республикасы Сауда және интеграция министрлігінің Цифрлық трансформация және тауарларды таңбалау департаменті заңнамада белгіленген тәртіппен:
1) осы бұйрықты Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркеуді;
2) осы бұйрықты Қазақстан Республикасы Сауда және интеграция министрлігінің интернет-ресурсында орналастыруды қамтамасыз етсін.
3. Осы бұйрықтың орындалуын бақылау жетекшілік ететін Қазақстан Республикасының Сауда және интеграция вице-министріне жүктелсін.
4. Осы бұйрық алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он өткен соң қолданысқа енгізіледі.
Қазақстан Республикасы Сауда және интеграция министрі |
А. Шаккалиев |
"КЕЛІСІЛДІ"
Қазақстан Республикасының
Денсаулық сақтау министрлігі
"КЕЛІСІЛДІ"
Қазақстан Республикасының
Қаржы министрлігі
"КЕЛІСІЛДІ"
Қазақстан Республикасының
Өнеркәсіп және құрылыс министрлігі
Қазақстан Республикасы Сауда және интеграция министрі 2025 жылғы 31 шілдедегі № 232-НҚ бұйрығымен бекітілген |
Тауарлардың ұлттық каталогын жүргізу, сондай-ақ онда тауарларды тіркеу қағидалары
1-тарау. Жалпы ережелер
1. Тауарлардың ұлттық каталогын жүргізу, сондай-ақ онда тауарларды тіркеу қағидалары (бұдан әрі – Қағидалар) "Сауда қызметін реттеу туралы" Қазақстан Республикасы Заңының 7-бабының 15-12) тармақшасына сәйкес әзірленді және Тауарлардың ұлттық каталогын жүргізу, сондай-ақ онда тауарларды тіркеу тәртібін айқындайды.
2. Осы Қағидаларда мынадай негізгі ұғымдар пайдаланылады:
1) денсаулық сақтау саласындағы уәкілетті орган – Қазақстан Республикасы азаматтарының денсаулығын қорғау, медициналық және фармацевтикалық ғылым, медициналық және фармацевтикалық білім беру, халықтың санитариялық-эпидемиологиялық саламаттылығы, дәрілік заттар мен медициналық бұйымдардың айналысы, медициналық қызметтер көрсету сапасы (көмек) саласында басшылықты және салааралық үйлестіруді жүзеге асыратын орталық атқарушы орган);
2) жаһандық сәйкестендіру нөмірі (Global Trade Item Number, бұдан әрі – тауар коды (GTIN)) – тауар тобын әлемдік экономикалық кеңістікте бір мәнді сәйкестендіру мақсатында оған GS1 – логистикалық бірліктерді есепке алуды стандарттау және штрихтық кодтау саласындағы халықаралық ұйымның ұлттық (өңірлік) бөлімшесі осы ұйымның GS1 стандарттарына сәйкес беретін және Тауарлардың ұлттық каталогында тауар коды ретінде пайдаланылатын нөмір;
3) сәйкестендіру құралы – штрихтық код түрінде ұсынылған немесе радиожиілік белгісіне жазылған немесе өзге де автоматты сәйкестендіру құралын (технологиясын) пайдалана отырып ұсынылған, машинамен оқылатын нысандағы символдардың бірегей қатары;
4) Тауарларды таңбалау мен қадағалаудың бірыңғай операторы (бұдан әрі – Бірыңғай оператор) – Тауарлардың ұлттық каталогын әзірлеуді, жүргізуді және өзектілендіруді қоса алғанда, тауарларды таңбалау мен қадағалаудың ақпараттық жүйесін әзірлеуді, әкімшілендіруді, сүйемелдеуді және пайдалануда қолдауды және Қазақстан Республикасының заңнамасында көзделген өзге де функцияларды жүзеге асыратын мемлекеттік кәсіпорын, дауыс беретін акцияларының елу пайыздан астамы (жарғылық капиталға қатысу үлестері) тікелей немесе жанама түрде мемлекетке тиесілі акционерлік қоғам, жауапкершілігі шектеулі серіктестік;
5) Тауарлардың ұлттық каталогы – Тауарларды таңбалау мен қадағалаудың бірыңғай операторы әзірлеген, өнімдердің бірыңғай номенклатурасын қамтитын және Қазақстан Республикасында тауарларды таңбалау мен қадағалау процестерін жүзеге асыру кезінде тауарлар анықтамалығы ретінде пайдаланылуы міндетті, тауарлар сипаттамаларын, сыртқы экономикалық қызметтің тауарлық номенклатурасының кодтарын және өзге де мәндерді қамтитын ақпараттық ресурс;
6) GS1 – логистикалық бірліктерді есепке алуды стандарттау және штрихтық кодтау саласындағы халықаралық ұйым.
2-тарау. Тауарлардың ұлттық каталогын жүргізу, сондай-ақ онда тауарларды тіркеу тәртібі
3. Тауарлардың ұлттық каталогы электрондық нысанда қазақ және орыс тілдерінде жүргізіледі.
4. Бірыңғай оператор Тауарлардың ұлттық каталогын өзектілендіру бойынша жұмыстарды жүргізуге арналған технологиялық үзілістерден басқа, Тауарлардың ұлттық каталогының үзіліссіз жұмыс істеуін қамтамасыз етеді.
5. Тауарлардың ұлттық каталогын өзектілендіруді тауар қызметі субъектілері ұсынған мәліметтер негізінде Бірыңғай оператор жүзеге асырады.
6. Қазақстан Республикасы Сауда және интеграция министрінің міндетін атқарушының 2024 жылғы 27 қыркүйектегі № 343-НҚ бұйрығымен (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 35129 болып тіркелген) бекітілген Таңбалауға жататын тауарлар тізбесінде көрсетілген тауарлар Тауарлардың ұлттық каталогында тіркелуге жатады.
7. Тауарларды сәйкестендіру құралдарымен таңбалауды жүзеге асыратын сауда қызметінің субъектілері тауарларды Тауарлардың ұлттық каталогы әрбір тауар тобы бойынша жеке қалыптастыратын тауарларды тіркеудің электрондық нысанын (бұдан әрі – электрондық нысан) толтыру жолымен Тауарлардың ұлттық каталогында тіркейді.
8. Тауарларды Тауарлардың ұлттық каталогында тіркеу үшін тауарларды сәйкестендіру құралдарымен таңбалауды жүзеге асыратын сауда қызметінің субъектілері мынадай мәліметтерді ұсынады:
1) темекі бұйымдары бойынша – Қазақстан Республикасы Қаржы министрінің 2020 жылғы 28 қыркүйектегі № 927 бұйрығымен (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 21302 болып тіркелген) бекітілген Темекі бұйымдарын сәйкестендіру құралдарымен таңбалау және қадағалау қағидаларының 17-тармағында көрсетілген мәліметтер;
2) аяқ киім тауарлары бойынша – Қазақстан Республикасы Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрінің 2021 жылғы 30 қыркүйектегі № 518 бұйрығымен (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 24624 болып тіркелген) бекітілген аяқ киім тауарларын таңбалау және қадағалау қағидаларының 15-тармағында көрсетілген мәліметтер.
9. Дәрілік заттар карточкасын Тауарлардың ұлттық каталогында тіркеу үшін мәліметтер Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрінің 2021 жылғы 27 қаңтардағы № ҚР ДСМ-11 бұйрығымен (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 22146 болып тіркелген) бекітілген Дәрілік заттарды таңбалау және қадағалау және медициналық бұйымдарды таңбалау қағидаларының 39-тармағына сәйкес енгізіледі.
10. Бірыңғай оператор электрондық нысанды ұсынған күннен бастап 2 (екі) жұмыс күні ішінде осы Қағидалардың 8 және 9-тармақтарында көрсетілген тауарлар туралы мәліметтердің толықтығын тексереді.
Мәліметтер осы Қағидалардың 8 және 9-тармақтарының талаптарына сәйкес келмеген жағдайда Бірыңғай оператор сауда қызметі субъектісіне мәліметтердің қандай талаптарға сәйкес келмейтінін көрсетеді, оларды талаптарға сәйкес келтіру үшін ақылға қонымды мерзім – 2 жұмыс күнін белгілейді.
11. Егер сауда қызметі субъектісі мәліметтерді осы Қағидалардың 10-тармағында белгіленген мерзімде осы Қағидалардың 8 және 9-тармақтарының талаптарына сәйкес келтірмесе, бірыңғай оператор толтырылған электрондық нысанды қайтарады.
Электрондық нысанды қайтару электрондық нысанды қайта бағыттауға кедергі келтірмейді.
12. Осы Қағидалардың 8 және 9-тармақтарында көрсетілген мәліметтерді ұсынған кезде Бірыңғай оператор сауда қызметі субъектісі электрондық нысанды толтырғаннан кейін 1 (бір) жұмыс күні ішінде тауарды Тауарлардың ұлттық каталогында тіркейді не мынадай негіздер бойынша тауарды тіркеуден бас тартады:
1) тіркеу кезінде мәлімделген тауар коды (GTIN) бар тауар Тауарлардың ұлттық каталогында тіркелген;
2) GS1 деректері бойынша тауар коды (GTIN) сауда қызметі субъектісінің пайдалануына жатпайды;
3) GS1 деректері бойынша тауар коды (GTIN) жоқ.
13. Сауда қызметі субъектісі тауарды тіркеуден бас тарту себептерін жойған кезде сауда қызметі субъектісі Тауарлардың ұлттық каталогы арқылы толтырылған электрондық нысанды Бірыңғай операторға қайта жібереді.
14. Тауарды тіркеуден бас тартумен келіспеген жағдайда, сауда қызметінің субъектісі Қазақстан Республикасы Әкімшілік рәсімдік-процестік кодексінің 91-бабына сәйкес Бірыңғай оператордың шешіміне шағымдануға құқылы.