БҰЙЫРАМЫН:
1. "Су объектілеріне жол берілетін антропогендік әсер ету нормативтерін айқындау қағидаларын бекіту туралы" 2021 жылғы 16 шiлдедегі № 254 Қазақстан Республикасы Экология, геология және табиғи ресурстар министрінің бұйрығына (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 23672 болып тіркелген) мынадай өзгеріс енгізілсін:
көрсетілген бұйрықпен бекітілген Су объектілеріне жол берілетін антропогендік әсер ету нормативтерін айқындау қағидалары осы бұйрыққа қосымшаға сәйкес жаңа редакцияда жазылсын.
2. Қазақстан Республикасы Экология және табиғи ресурстар министрлігінің Экологиялық реттеу және бақылау комитеті заңнамада белгіленген тәртіппен:
1) осы бұйрықтың Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркелуін;
2) осы бұйрық ресми жарияланғаннан кейін оның Қазақстан Республикасы Экология және табиғи ресурстар министрлігінің интернет-ресурсында орналастырылуын;
3) осы бұйрық Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркелгеннен кейін он жұмыс күні ішінде осы тармақтың 1) және 2) тармақшаларында көзделген іс-шаралардың орындалуы туралы мәліметтердің Қазақстан Республикасы Экология және табиғи ресурстар министрлігінің Заң қызметі департаментіне ұсынылуын қамтамасыз етсін.
3. Осы бұйрықтың орындалуын бақылау жетекшілік ететін Қазақстан Республикасының Экология және табиғи ресурстар вице-министріне жүктелсін.
4. Осы бұйрық алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.
Қазақстан Республикасының Экология және табиғи ресурстар министрі |
Е. Нысанбаев |
"КЕЛІСІЛДІ"
Қазақстан Республикаcы
Су ресурстары және ирригация министрлігі
"КЕЛІСІЛДІ"
Қазақстан Республикасы
Цифрлық даму, инновациялар
және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі
"КЕЛІСІЛДІ"
Қазақстан Республикасы
Энергетика министрлігі
"КЕЛІСІЛДІ"
Қазақстан Республикасы
Денсаулық сақтау министрлігі
"КЕЛІСІЛДІ"
Қазақстан Республикасы
Қаржы министрлігі
"КЕЛІСІЛДІ"
Қазақстан Республикасы
Ұлттық экономика министрлігі
Су объектілеріне жол берілетін антропогендік әсер ету нормативтерін айқындау қағидалары
1. Осы Су объектілеріне жол берілетін антропогендік әсер ету нормативтерін айқындау қағидалары (бұдан әрі – Қағидалар) Қазақстан Республикасы Экология кодексінің (бұдан әрі – Кодекс) 215-бабының 3-тармағына сәйкес әзірленді және су объектілеріне антропогендік әсер ету нормативтерін әзірлеу және белгілеу тәртібін айқындайды.
2. Кодекстің 215-бабының 1-тармағына сәйкес суға жол берілетін антропогендік әсер етудің мынадай нормативтерін:
1) жол берілетін төгінділер нормативтерін;
2) төгінділердің технологиялық нормативтерін;
3) жерүсті суына жол берілетін физикалық әсер ету нормативтерін;
4) су объектілеріне шекті жол берілетін жағымсыз әсер ету нормативтерін белгілейді.
1-тарау. Жол берілетін төгінділер нормативтері
3. Жол берілетін төгінділер нормативтерін айқындау Кодекстің және Қазақстан Республикасы Экология, геология және табиғи ресурстар министрінің 2021 жылғы 10 наурыздағы № 63 бұйрығымен бекітілген (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 22317 болып тіркелген) Қоршаған ортаға эмиссиялар нормативтерін айқындау әдістемесінің (бұдан әрі – Әдістеме) талаптарына сәйкес есептеу жолымен жүзеге асырылады.
2-тарау. Төгінділердің технологиялық нормативтері
4. Осы Қағидаларда төгінділердің технологиялық нормативтері деп сарқынды су көлемінің бірлігіне маркерлік ластағыш заттар төгіндісінің шекті мөлшері (массасы) түрінде I және II санаттағы объектілер үшін кешенді экологиялық рұқсатта белгіленетін төгінділердің экологиялық нормативтері түсініледі.
5. Төгінділердің технологиялық нормативтері кешенді экологиялық рұқсатта белгіленеді және ең үздік қолжетімді техникалар бойынша қорытындыда белгіленген оларды қолданудың нақты салалары бойынша ең үздік қолжетімді техникаларды қолдануға байланысты тиісті технологиялық көрсеткіштерден (олар болған кезде) аспауға тиіс.
6. Төгінділердің технологиялық нормативтерін негіздеу объектінің операторы қоршаған ортаны қорғау саласындағы уәкілетті органға Кодекстің 111-бабына сәйкес кешенді экологиялық рұқсат алуға арналған өтінішпен бірге технологиялық нормативтер жобасында қамтамасыз етіледі.
7. Технологиялық нормативтердің жобасын кешенді экологиялық рұқсат алуға өтінімді немесе кешенді экологиялық рұқсатты қайта қарауға өтінімді дайындау барысында шаруашылық және (немесе) өзге де қызметті жүзеге асыруды жүзеге асыратын немесе жоспарлайтын заңды тұлға, дара кәсіпкер әзірлейді.
8. Технологиялық нормативтер жобасы мыналарды:
1) ең үздік қолжетімді техниканы таңдауға әсер етуі мүмкін шығарылатын өнімнің түрі, пайдаланылатын шикізат, ең үздік қолжетімді техникаға сәйкестікті бағалау және ақпарат ұсынылатын өндірістік процестің қысқаша сипаттамасын;
2) ағымдағы сәттегі технологиялық процестердің және/немесе технологиялық нормалау объектілерінің тізбесін, ең үздік қолжетімді техникаларға арналған анықтамалар негізіндегі қорытындысына сәйкес технологиялық нормалау объектілерінде түзілетін маркерлік ластағыш заттарды және олардың мониторингін;
3) осы Қағидаларға қосымшаға сәйкес технологиялық нормативтердің негіздемесін, технологиялық нормативтердің анықтамасын қамтуға тиіс.
9. Ең үздік қолжетімді техниканы қолдану жөніндегі техникалық шешімдер объектіні салуға, реконструкциялауға және пайдалануға арналған жобалау құжаттамасын әзірлеуді жобалау кезеңінде айқындалады.
10. Технологиялық нормативтерді қайта қарау ең үздік қолжетімді техника бойынша жаңа қорытындылар бекітілген кезде технологиялық нормативтер өзгерген жағдайда жүргізіледі.
Анықтамалықты қайта қарау және ең үздік қолжетімді техникалар бойынша қорытынды нәтижесінде технологиялық нормативтер қатаңдатылған жағдайда, 10 жыл ішінде қол жеткізілетін технологиялық нормативтердің мерзімі кәсіпорындардың экологиялық тиімділігін арттыру бағдарламасы шеңберінде сақталады.
3-тарау. Жерүсті суына жол берілетін физикалық әсер ету нормативтері
11. Әрбір жылудың және өзге де физикалық әсер етудің көз үшін жерүсті суына жол берілетін әсер ету деңгейі түрінде белгіленетін, барлық басқа көздермен жиынтығында осындай көзден жағымсыз физикалық әсер ету суға шекті жол берілетін физикалық әсер етудің белгіленген деңгейлерінің артуына алып келмейтін экологиялық нормативтер жерүсті суына жол берілетін физикалық әсер ету нормативтері болып табылады.
12. Жерүсті суына жағымсыз физикалық әсер етудің шекті жол берілетін деңгейі деп физикалық әсер етудің жекелеген түрлерінің (шу, діріл, электр, электрмагнит, магнит өрістері, радиация, жылу) ең жоғары деңгейі түсініледі, онда жануарлардың, өсімдіктердің, экологиялық жүйелер мен биоәртүрліліктің жай-күйіне зиянды әсер болмайды.
13. Жерүсті суларына жол берілетін физикалық әсер ету нормативтерін белгілеу кезінде жер үсті су объектісіндегі тиісті физикалық факторлардың деңгейі қоршаған ортаға әсер етудің қауіпсіз деңгейін сақтау талаптарын негізге ала отырып белгіленеді.
14. Жол берілетін физикалық әсер ету нормативтері I және II санаттағы объектілер үшін, мынадай:
1) қоршаған ортаға әсерді міндетті бағалау жүргізілген жағдайда –Кодекстің 76-бабы 2-тармағының 3) тармақшасына сәйкес қоршаған ортаға әсерді бағалау нәтижелері бойынша қорытындыда көрсетілген тиісті шекті мәндерден;
2) белгіленіп отырған қызметтің әсеріне скрининг жүргізген жағдайда, оның нәтижелері бойынша қоршаған ортаға әсерді міндетті бағалау қажет емес екені туралы қорытынды шығарылса, – Кодекстің 68-бабы 2-тармағының 9) тармақшасына сәйкес белгіленіп отырған қызмет туралы өтініште көрсетілген тиісті мәндерден аспайтын деңгейлерде белгіленеді.
Жұмыс істеп тұрған объектілер үшін жол берілетін физикалық әсер ету нормативтері кешенді экологиялық рұқсат алуға арналған өтініште белгіленген деңгейлерде белгіленеді.
Өздеріне қатысты кешенді экологиялық рұқсат берілетін объектілер үшін жол берілетін физикалық әсер ету нормативтері ең үздік қолжетімді техникалар (олар болған кезде) бойынша қорытындыларда келтірілген тиісті технологиялық көрсеткіштерден аспайтын деңгейлерде белгіленеді.
15. Физикалық әсер ету нормативтері өз бетінше оператормен немесе мамандандырылған ұйымдарды (аккредиттелген зертханаларды) жұмылдыра отырып анықталады.
16. Жылулық әсер ету қоршаған табиғи ортада алуан түрлі, ең алдымен, отынды жағуға байланысты жылу процестерінде бөлінетін жылудың таралу нәтижесі болып табылады.
17. Жол берілетін физикалық әсер ету нормативтерін айқындау кезінде жылулық әсер ету бөлігінде жерүсті су температурасының жергілікті көтерілуінің мыналарға:
"стенотермді" су организмдері өмірлік циклдерінің сатылары үшін сыни мәндерден асып кетуге;
организмдердің уытты заттарды (жерүсті суында болатын) қабылдағыштығының күшеюіне;
жергілікті альгофлораның таксондарын ауыстыруға;
судағы оттегі мөлшерінің азаюына әсері ескеріледі.
18. Судың булануы және (немесе) табиғи сүзілуі мақсатында пайдалануға арналған гидрооқшауланған жасанды су объектілері мен гидротехникалық құрылысжайлар үшін жол берілетін физикалық әсер ету нормативтері белгіленбейді.
4-тарау. Су объектілеріне шекті жол берілетін жағымсыз әсер ету нормативтері
19. Су объектілеріне шекті жол берілетін жағымсыз әсер ету нормативтері экологиялық сапа нормативтеріне және/немесе қоршаған орта сапасының нысаналы көрсеткіштеріне қол жеткізу, су объектілерін ұтымды пайдалану, сондай-ақ ең үздік қолжетімді техникаларды енгізу жөніндегі талаптарға сүйене отырып, жиынтық түрде белгіленеді.
Су объектілеріне шекті жол берілетін жағымсыз әсер ету нормативтері Кодекстің 214-бабына және әдістеменің 47-тармағының талаптарына сәйкес су объектілерін нысаналы пайдалану шарттарын ескере отырып, химиялық және биологиялық көрсеткіштер, физикалық факторлар бойынша белгіленеді.
Технологиялық нормативтерді әзірлеу қағидаларына қосымша |
Технологиялық нормалау көрсеткіштерінің негіздемесі
________________________________________________________
(объектінің атауы, объектінің коды (олар бар болса)
№ р/н | Технологиялық процестің және/немесе жабдықтың атауы / шығару | Техниканың атауы | Шығ арылу көзі | Маркерлік заттары | Ағымдағы шама, миллиграмм/дециметр3 (мг/дм3) | Шекті мән миллиграмм/дециметр3 (мг/дм3) | Eң үздік қолжетімді техника сәйкестігі |