Ескерту. Шешімнің тақырыбы жаңа редакцияда - Шымкент қаласы мәслихатының 12.12.2025 № 31/279-VIII шешiмiмен (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі).
"Тұрғын үй қатынастары туралы" Қазақстан Республикасы Заңының 97-бабы 5-тармағына сәйкес Шымкент қаласының мәслихаты ШЕШІМ ҚАБЫЛДАДЫ:
Ескерту. Кіріспе жаңа редакцияда - Шымкент қаласы мәслихатының 12.12.2025 № 31/279-VIII шешiмiмен (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі).1. Осы шешімнің 1-қосымшасына сәйкес Шымкент қаласында тұрғын үй көмегін көрсетудің мөлшері мен қағидалары айқындалсын.
Ескерту. 1-тармақ жаңа редакцияда - Шымкент қаласы мәслихатының 12.12.2025 № 31/279-VIII шешiмiмен (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі).2. Осы шешімнің 2-қосымшасына сәйкес Шымкент қаласы мәслихатының кейбір шешімдерінің күші жойылды деп танылсын.
3. "Шымкент қаласы мәслихатының аппараты" мемлекеттік мекемесі Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіпте:
1) осы шешімді Шымкент қаласының Әділет департаментінде мемлекеттік тіркеуді;
2) ресми жарияланғаннан кейін осы шешімді Шымкент қаласы мәслихатының интернет-ресурсына орналастыруды қамтамасыз етсін.
4. Осы шешім алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.
| Шымкент қаласы | |
| мәслихатының төрағасы | Б. Нарымбетов |
| Шымкент қаласы мәслихатының 2024 жылғы 19 наурыздағы № 14/124-VIII шешiмiмен айқындалды |
Шымкент қаласында тұрғын үй көмегін көрсетудің мөлшері мен қағидалары
Ескерту. 1-қосымша жаңа редакцияда - Шымкент қаласы мәслихатының 12.12.2025 № 31/279-VIII шешiмiмен (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі).
1. Тұрғын үй көмегі жергілікті бюджет қаражаты есебінен Шымкент қаласында тұратын, жалғыз тұрғынжай ретінде Қазақстан Республикасының аумағында меншік құқығында тұрған тұрғынжайда тұрақты тіркелген және тұратын, Қазақстан Республикасының тұрғын үй заңнамасына сәйкес тұрғын үй көмегін алуға құқығы бар адамдарға (бұдан әрі – көрсетілетін қызметті алушы), сондай-ақ мемлекеттік тұрғын үй қорынан берілген тұрғынжайды және жеке тұрғын үй қорынан жергілікті атқарушы орган жалдаған тұрғынжайды жалдаушыларға (қосымша жалдаушыларға):
кондоминиум объектісін басқаруға және кондоминиум объектісінің ортақ мүлкін күтіп-ұстауға, оның ішінде кондоминиум объектісінің ортақ мүлкін күрделі жөндеуге жұмсалатын шығыстарға;
коммуналдық қызметтерді және телекоммуникация желісіне қосылған телефон үшін абоненттік төлемақының өсуі бөлігінде байланыс қызметтерін тұтынуға;
мемлекеттік тұрғын үй қорынан берілген тұрғынжайды және жеке тұрғын үй қорынан жергілікті атқарушы орган жалдаған тұрғынжайды пайдаланғаны үшін шығыстарды төлеуге беріледі.
Көрсетілетін қызметті алушылардың тұрғын үй көмегін есептеуге қабылданатын шығыстары жоғарыда көрсетілген бағыттардың әрқайсысы бойынша шығыстардың жиыны ретінде айқындалады.
2. Тұрғын үй көмегін тағайындау (бұдан әрі – көрсетілетін мемлекеттік қызмет) "Шымкент қаласының жұмыспен қамту және әлеуметтік қорғау басқармасы" мемлекеттік мекемесімен (бұдан әрі – көрсетілетін қызметті беруші) жүзеге асырылады.
3. Тұрғын үй көмегін алуға үміткер көрсетілетін қызметті алушының жиынтық кірісін тұрғын үй көмегін тағайындауды жүзеге асыратын көрсетілетін қызметті берушімен "Тұрғын үй көмегін беру қағидаларын бекіту туралы" 2023 жылғы 8 желтоқсандағы Қазақстан Республикасы Өнеркәсіп және құрылыс министрінің № 117 бұйрығымен (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 33763 болып тіркелген) бекітілген Тұрғын үй көмегін көрсету қағидаларының 3-тарауында белгіленген тәртіпте есептеледі (бұдан әрі – Қағидалар).
4. Тұрғын үй көмегі кондоминиум объектісін басқаруға және кондоминиум объектісінің ортақ мүлкін күтіп-ұстауға, оның ішінде кондоминиум объектісінің ортақ мүлкін күрделі жөндеуге жұмсалатын шығыстарды, коммуналдық қызметтерді және телекоммуникация желісіне қосылған телефон үшін абоненттік төлемақының өсуі бөлігінде байланыс қызметтерін тұтынуға, мемлекеттік тұрғын үй қорынан берілген тұрғынжайды және жеке тұрғын үй қорынан жергілікті атқарушы орган жалдаған тұрғынжайды пайдаланғаны үшін шығыстарды төлеу сомасы мен көрсетілетін қызметті алушылардың осы мақсаттарға жұмсайтын шығыстарының бес пайыз мөлшерінде белгілеген шекті жол берілетін деңгейінің арасындағы айырма ретінде айқындалады.
5. Тұрғын үй көмегінің мөлшерін көрсетілетін қызметті беруші мынадай нормалар шегінде есептейді:
1) тұтынушылар үшін газбен жабдықтау жөніндегі коммуналдық қызметті тұтыну нормалары – пәтерде бір адамға он текше метр;
тұрғын үйді жылытуға жеке тұрғын үйдің тұтынушылары үшін газбен жабдықтау жөніндегі коммуналдық қызметті тұтыну нормалары – бір шаршы метрге он текше метр;
2) табиғи монополиялар саласындағы қызметті реттейтін өңірлік уәкілетті орган белгілеген нормаларға сәйкес тұтынушы үшін электрмен жабдықтау қызметін тұтыну нормалары;
3) тұтынушы үшін сумен жабдықтау және (немесе) су бұру қызметтерінің нормалары:
бір адамға – үш текше метр суық су;
бір адамға – бір текше метр ыстық су;
4) есептеу аспаптары бар тұтынушылар үшін жылумен жабдықтау қызметін тұтыну нормалары – айына бір шаршы метрге нөл бүтін жиырма бес мың гигакалория;
"Қазақстан Республикасындағы жергілікті мемлекеттік басқару және өзін-өзі басқару туралы" Қазақстан Республикасы Заңы 27-бабының 34) тармақшасына сәйкес Шымкент қаласының әкімдігі бекітетін бір шаршы метр үшін есептеу аспаптары жоқ тұтынушылар үшін жылумен жабдықтау қызметін тұтыну нормалары;
5) қатты тұрмыстық қалдықтарды жинау және әкету (қоқыс шығару):
көппәтерлі тұрғын үйде тұратын көрсетілетін қызметті алушылар үшін – бір адамға үш жүз жетпіс сегіз теңге;
жеке тұрғын үйде тұратындар көрсетілетін қызметті алушылар үшін – бір адамға төрт жүз он үш теңге;
6) лифттерге қызмет көрсету – бір пәтерге бір мың теңге;
7) телекоммуникация желісіне қосылған телефон үшін абоненттік төлемді ұлғайту бөлігінде байланыс қызметтері – бір абонент үшін бір мың бір жүз тоқсан тоғыз теңге;
8) кондоминиум объектісін басқаруға және кондоминиум объектісінің ортақ мүлкін күтіп-ұстауға, оның ішінде кондоминиум объектісінің ортақ мүлкін күрделі жөндеуге – бір шаршы метр үшін алпыс теңге құрайтын шығыстар;
9) мемлекеттік тұрғын үй қорынан тұрғын үйді пайдаланғаны үшін жалдау ақысы – бір шаршы метр үшін жүз жиырма теңге;
10) бір адамға арналған шаршы нормасы – бір адамға он сегіз шаршы метр пайдалы алаң, бірақ нақты алынатын алаңнан аспайды, жалғыз тұратын адам үшін – отыз шаршы метрден аспайды.
6. Тұрғын үй көмегі көрсетілген қызметті алушыларға кондоминиум объектісін басқаруға және кондоминиум объектісінің ортақ мүлкін күтіп-ұстауға, оның ішінде кондоминиум объектісінің ортақ мүлкін күрделі жөндеуге жеткізушілер ұсынған ай сайынғы жарналар туралы шоттарға және шығыстар сметасына сәйкес бюджет қаражаты есебінен көрсетіледі.
7. Көрсетілетін қызметті алушы (немесе оның сенiмхатқа, заңдарға, сот шешiмiне не әкiмшiлiк құжатқа негiзделген өкiлi) тұрғын үй көмегін тағайындау үшін тікелей "Азаматтарға арналған үкімет" мемлекеттік корпорациясы" коммерциялық емес акционерлік қоғамына немесе "электрондық үкіметтің" веб-порталына тоқсанына бір рет жүгінеді.
8. Көрсетілетін мемлекеттік қызметті көрсету Қағидалардың 2-тарауында белгіленген тәртіппен және мерзімдерде жүзеге асырылады.
9. Мемлекеттік қызмет тиісті қаржы жылына арналған Шымкент қаласының бюджетінде осы мақсаттарға бөлінген қаражат шегінде көрсетіледі.
10. Көрсетілетін қызметті алушыға тұрғын үй көмегін төлеуді көрсетілетін қызметті беруші есептелген сомаларды көрсетілетін қызметті алушының жеке шоттарына аудару арқылы екінші деңгейдегі банктер арқылы жүзеге асырады.
11. Мемлекеттік қызмет көрсету мәселелері бойынша көрсетілетін қызметті берушінің және (немесе) оның лауазымды адамдарының шешімдеріне, әрекеттеріне (әрекетсіздігіне) шағымдану Қағидалардың 5-тарауына сәйкес жүзеге асырылады.
| Шымкент қаласы мәслихатының 2024 жылғы 19 наурыздағы № 14/124-VIII шешіміне 2-қосымша |
Шымкент қаласы мәслихатының күші жойылған кейбір шешімдерінің тізбесі
1. "Шымкент қаласындағы тұрғын үй көмегін көрсетудің мөлшері мен тәртібін айқындау туралы" Шымкент қалалық мәслихатының 2019 жылғы 11 желтоқсандағы № 58/505-6с шешiмi (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізімінде № 77 болып тіркелген).
2. "Шымкент қаласындағы тұрғын үй көмегін көрсетудің мөлшері мен тәртібін айқындау туралы" 2019 жылғы 11 желтоқсандағы № 58/505-6с Шымкент қаласы мәслихатының шешiмiне өзгерістер енгізу туралы" Шымкент қаласы мәслихатының 2022 жылғы 25 қарашадағы № 22/210-VII шешiмi (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізімінде № 31000 болып тіркелген).
3. "Шымкент қаласындағы тұрғын үй көмегін көрсетудің мөлшері мен тәртібін айқындау туралы" 2019 жылғы 11 желтоқсандағы № 58/505-6с Шымкент қаласы мәслихатының шешiмiне өзгерістер енгізу туралы" Шымкент қаласы мәслихатының 2023 жылғы 14 маусымдағы № 4/37-VIII шешiмi (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізімінде № 183-17 болып тіркелген).