Қазақстан Республикасының Бюджет кодексінің 33-бабының 1-тармағы 5) тармақшасына, Қазақстан Республикасының Әлеуметтік Кодексіне, Қазақстан Республикасының "Қазақстан Респубкасындағы жергілікті мемлекеттік басқару және өзін-өзі басқару туралы" Заңына және Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2023 жылғы 30 мамырдағы № 523 "Әлеуметтік көмек көрсетудің, оның мөлшерлерін белгілеудің және мұқтаж азаматтардың жекелеген санаттарының тізбесін айқындаудың үлгілік қағидаларын бекіту туралы" қаулысына сәйкес, Түпқараған аудандық мәслихаты ШЕШІМ ҚАБЫЛДАДЫ:
Ескерту. Кіріспе жаңа редакцияда - Маңғыстау облысы Түпқараған аудандық мәслихатының 15.09.2025 № 34/160 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) шешімімен.1. Осы шешімнің қосымшасына сәйкес Түпқараған ауданында әлеуметтік көмек көрсетудің, оның мөлшерлерін белгілеудің және мұқтаж азаматтардың жекелеген санаттарының тізбесін айқындаудың Қағидалары бектілсін.
2. Түпқараған аудандық мәслихатының келесі шешімдерінің күші жойылды деп танылсын:
1) "Әлеуметтік көмек көрсетудің, оның мөлшерлерін белгілеудің және мұқтаж азаматтардың жекелеген санаттарының тізбесін айқындаудың Қағидасын бекіту туралы" 2020 жылғы 10 желтоқсандағы № 50/369 (нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу Тізілімінде № 4405 болып тіркелген);
2) "Түпқараған аудандық мәслихатының 2020 жылғы 10 желтоқсандағы № 50/369 "Әлеуметтік көмек көрсетудің, оның мөлшерлерін белгілеудің және мұқтаж азаматтардың жекелеген санаттарының тізбесін айқындаудың Қағидасын бекіту туралы" шешіміне өзгеріс енгізу туралы" 2022 жылғы 6 қазандағы № 18/110 (нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу Тізілімінде № 30205 болып тіркелген).
3. Осы шешім оның алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.
| Түпқараған аудандық мәслихатының төрағасы | А. Нугманов |
"КЕЛІСІЛДІ"
"Маңғыстау облысының
жұмыспен қамтуды үйлестіру
және әлеуметтік бағдарламалар
басқармасы" мемлекеттік мекемесі
| Түпқараған аудандық мәслихатының 2023 жылғы 26 желтоқсандағы № 11/69 шешіміне қосымша |
Түпқараған ауданында әлеуметтік көмек көрсетудің, оның мөлшерлерін белгілеудің және мұқтаж азаматтардың жекелеген санаттарының тізбесін айқындаудың Қағидалары
Ескерту. Қағидалар жаңа редакцияда - Маңғыстау облысы Түпқараған аудандық мәслихатының 15.09.2025 № 34/160 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) шешімімен.
1-тарау. Жалпы ережелер
1. Осы Түпқараған ауданында әлеуметтік көмек көрсетудің, оның мөлшерлерін белгілеудің және мұқтаж азаматтардың жекелеген санаттарының тізбесін айқындаудың Қағидалары (бұдан әрі – Қағидалар) Қазақстан Республикасының Әлеуметтік кодексіне және "Әлеуметтік көмек көрсетудің, оның мөлшерлерін белгілеудің және мұқтаж азаматтардың жекелеген санаттарының тізбесін айқындаудың Үлгілік қағидаларын бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2023 жылғы 30 маусымдағы № 523 қаулысына (бұдан әрі-Үлгілік қағидалар) сәйкес әзірленді және әлеуметтік көмек көрсетудің, оның мөлшерлерін белгілеудің және мұқтаж азаматтардың жекелеген санаттарының тізбесін айқындаудың тәртібін айқындайды.
2. Осы Қағидаларда пайдаланылатын негізгі терминдер мен ұғымдар:
1) "Азаматтарға арналған үкімет" мемлекеттік корпорациясы (бұдан әрі – мемлекеттік корпорация) – Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес мемлекеттік қызметтерді көрсету үшін, "бір терезе" қағидаты бойынша мемлекеттік қызметтер көрсетуге өтініштерді қабылдау және олардың нәтижелерін көрсетілетін қызметті алушыға беру жөніндегі жұмысты ұйымдастыру, мемлекеттік қызметтерді электрондық нысанда көрсетуді қамтамасыз ету үшін Қазақстан Республикасы Үкіметінің шешімі бойынша құрылған заңды тұлға;
2) арнайы комиссия – мұқтаж азаматтардың жекелеген санаттарына әлеуметтік көмек алуға үміткер адамның (отбасының) өтінішін қарау бойынша аудан әкімінің шешімімен құрылатын комиссия;
3) әлеуметтік көмек – жергілікті атқарушы органмен мұқтаж азаматтардың жекелеген санаттарына (бұдан әрі – алушылар), сондай-ақ атаулы күндер мен мереке күндеріне орай ақшалай немесе заттай нысанда көрсететін көмек;
4) әлеуметтік көмек көрсету жөніндегі уәкілетті орган – "Түпқараған аудандық жұмыспен қамту, әлеуметтік бағдарламалар бөлімі" мемлекеттік мекемесі;
5) әлеуметтік көмек төлеу жөніндегі уәкілетті ұйым – екінші деңгейдегі банктер, банк операцияларының тиісті түрлеріне қаржы нарығы мен қаржы ұйымдарын реттеу, бақылау және қадағалау жөніндегі уәкілетті органның лицензиясы бар ұйымдар, "Қазпошта" акционерлік қоғамының аумақтық бөлімшелері;
6) ең төмен күнкөріс деңгейі – шамасы бойынша ең төмен тұтыну себетінің құнына тең, бір адамға шаққандағы ең төмен ақшалай кіріс;
7) жан басына шаққандағы орташа кіріс – отбасының бір айдағы жиынтық кірісінің отбасының әрбір мүшесіне тура келетін үлесі;
8) мереке күндері – Қазақстан Республикасының ұлттық және мемлекеттік мереке күндері;
9) мерекелік күндер (бұдан әрі – атаулы күндер) – Қазақстан Республикасының кәсіптік және өзге де мерекелері;
10) уәкілетті мемлекеттік орган – Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес халықты әлеуметтік қорғау саласындағы басшылықты және салааралық үйлестіруді, Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорының қызметін реттеуді, бақылау функцияларын жүзеге асыратын орталық атқарушы орган;
11) учаскелік комиссия – атаулы әлеуметтік көмек алуға өтініш жасаған тұлғалардың (отбасылардың) материалдық жағдайын зерттеп-қарау үшін тиісті әкімшілік-аумақтық бірліктер әкімдерінің шешімімен құрылатын арнаулы комиссия;
12) цифрлық құжаттар сервисі – "электрондық үкімет" ақпараттық-коммуникациялық инфрақұрылымының операторға бекітіп берілген және ақпараттандыру объектілерінен алынған мәліметтер негізінде қалыптастырылған электрондық түрдегі құжаттарды көрсетуге және пайдалануға арналған объектісі;
13) шекті мөлшер – әлеуметтік көмектің бекітілген ең жоғары мөлшері;
14) "электрондық үкімет" веб-порталы – нормативтік құқықтық базаны қоса алғанда, барлық шоғырландырылған үкіметтік ақпаратқа және электрондық нысанда көрсетілетін мемлекеттік және өзге де қызметтерге қол жеткізудің "ортақ терезесі" дегенді білдіретін ақпараттандыру объектісі;
15) электрондық цифрлық қолтаңба – электрондық цифрлық қолтаңба құралдарымен жасалған және электрондық құжаттың анықтығын, оның тиесілігін және мазмұнының өзгермейтіндігін растайтын электрондық цифрлық нышандар жиынтығы.
3. Қазақстан Республикасының Әлеуметтік кодексінің 71-бабының 4-тармағында, 170-бабының 3-тармағында, 229-бабының 3-тармағында, "Ардагерлер туралы" Қазақстан Республикасы Заңының 10-бабының 1-тармағының 2)тармақшасында, 11-бабының 1-тармағының 2) тармақшасында, 12-бабының 1-тармағының 2) тармақшасында, 13-бабының 2) тармақшасында, 17-бабында көзделген әлеуметтік қолдау шаралары осы Қағидаларда айқындалған тәртіппен көрсетіледі.
4. Әлеуметтік көмек бір рет және (немесе) мезгіл-мезгіл (ай сайын, жылына 1 рет) көрсетіледі.
2-тарау. Әлеуметтік көмек алушылар санаттарының тізбесін айқындау және әлеуметтік көмектің мөлшерлерін белгілеу тәртібі
5. Әлеуметтік көмек бір рет және (немесе) мезгіл-мезгіл (ай сайын, тоқсан сайын, жылына бір рет) көрсетіледі, өтініш берілген айдан бастап жүзеге асырылады.
Мереке күндері мен атаулы күндерге әлеуметтік көмек бір рет ақшалай нысанда келесі санаттағы азаматтарға көрсетіледі:
1) 8 наурыз – Халықаралық әйелдер күні:
"Алтын алқа", "Күміс алқа" алқаларымен наградталған және бұрын "Батыр Ана" атағын алған, I және II дәрежелі "Ана даңқы" ордендерімен наградталған көпбалалы аналарға – 15 000 (он бес мың) теңге мөлшерінде;
2) 1 мамыр – Қазақстан халқының бірлігі мерекесі:
барлық топтағы мүгедектігі бар адамдарға, жеті жасқа дейінгі мүгедектігі бар балаларға, жетіден он сегіз жасқа дейінгі бірінші, екінші, үшінші топтағы мүгедектігі бар балаларға – 110 000 (бір жүз он мың) теңге мөлшерінде;
3) 9 мамыр – Жеңіс күні:
Ұлы Отан соғысының ардагерлеріне – 5 000 000 (бес миллион) теңге мөлшерінде;
жеңілдіктер бойынша Ұлы Отан соғысы кезеңінде жаралануы, контузия алуы, мертігуі немесе ауруға шалдығуы салдарынан болған мүгедектігі бар адамдарға теңестірілген адамдарға – 259 500 (екі жүз елу тоғыз мың бес жүз) теңге мөлшерінде;
жеңілдіктер бойынша Ұлы Отан соғысының қатысушыларына теңестірілген адамдарға – 216 250 (екі жүз он алты мың екі жүз елу) теңге мөлшерінде;
басқа мемлекеттердiң аумағындағы ұрыс қимылдарының ардагерлеріне - 216 250 (екі жүз он алты мың екі жүз елу) теңге мөлшерінде;
еңбек ардагерлеріне – 173 000 (бір жүз жетпіс үш мың) теңге мөлшерінде;
бұрынғы Кеңестік Социалистік Республикалар Одағын (бұдан әрі – КСР Одағы) қорғау, әскери қызметтiң өзге де мiндеттерiн (қызметтік мiндеттерді) атқару кезiнде жаралануы, контузия алуы немесе мертігуі салдарынан немесе майданда болуына байланысты ауруға шалдығуы салдарынан қаза болған (хабар-ошарсыз кеткен) немесе қайтыс болған әскери қызметшiлердің, партизандардың, астыртын әрекет етушiлердің, "Ардагерлер туралы" Қазақстан Республикасы Заңының 4-6 баптарында аталған адамдардың отбасыларына - 173 000 (бір жүз жетпіс үш мың) теңге мөлшерінде;
Ұлы Отан соғысында қаза тапқан, жергiлiктi әуе шабуылына қарсы қорғаныстың объектiлiк және авариялық командаларының өзiн-өзi қорғау топтарының жеке құрамы қатарындағы адамдардың отбасыларына, Ленинград қаласының госпитальдары мен ауруханаларының қаза тапқан жұмыскерлерінiң отбасыларына - 173 000 (бір жүз жетпіс үш мың) теңге мөлшерінде;
бұрынғы КСР Одағы Қорғаныс министрлiгiнің, ішкi iстер және мемлекеттiк қауiпсiздiк органдарының әскери мiндеттілер жиындарына шақырылған, қоғамға жат көрiнiстерге байланысты төтенше жағдайлар кезiнде қоғамдық тәртiптi қорғау жөнiндегi міндеттерді орындау кезінде қаза тапқан (қайтыс болған) әскери қызметшiлерінiң, басшы және қатардағы құрам адамдарының отбасыларына - 173 000 (бір жүз жетпіс үш мың) мөлшерінде;
Ауғанстандағы немесе ұрыс қимылдары жүргiзiлген басқа да мемлекеттердегi ұрыс қимылдары кезiнде жаралануы, контузия алуы, мертігуі, ауруға шалдығуы салдарынан қаза тапқан (хабар-ошарсыз кеткен) немесе қайтыс болған әскери қызметшiлердiң отбасыларына - 173 000 (бір жүз жетпіс үш мың) теңге мөлшерінде;
бейбiт уақытта әскери қызметiн өткеру кезiнде қаза тапқан (қайтыс болған) әскери қызметшiлердiң отбасыларына - 173 000 (бір жүз жетпіс үш мың) теңге мөлшерінде;
Чернобыль атом электр станциясындағы апаттың және азаматтық немесе әскери мақсаттағы объектiлердегi басқа да радиациялық апаттар мен авариялардың салдарларын жою кезiнде қаза тапқан адамдардың отбасыларына - 173 000 (бір жүз жетпіс үш мың) теңге мөлшерінде;
сәуле ауруының салдарынан қайтыс болғандардың немесе қайтыс болған мүгедектігі бар адамдардың, сондай-ақ қайтыс болуы белгіленген тәртіппен Чернобыль атом электр станциясындағы апаттың және азаматтық немесе әскери мақсаттағы объектілердегі басқа да радиациялық апаттар мен авариялардың және ядролық сынақтардың әсеріне байланысты болған азаматтардың отбасыларына - 173 000 (бір жүз жетпіс үш мың) теңге мөлшерінде;
Ұлы Отан соғысы кезеңінде жаралануы, контузия алуы, мертігуі немесе ауруға шалдығуы салдарынан қайтыс болған мүгедектігі бар адамның немесе жеңілдіктер бойынша Ұлы Отан соғысы кезеңінде жаралануы, контузия алуы, мертігуі немесе ауруға шалдығуы салдарынан болған мүгедектігі бар адамдарға теңестірілген қайтыс болған адамның, сондай-ақ жалпы ауруға шалдығуы, жұмыста мертігуі және басқа да себептер (құқыққа қарсы келетіндерді қоспағанда) салдарынан болған мүгедектігі бар адам деп танылған, қайтыс болған Ұлы Отан соғысы қатысушысының, партизанның, астыртын әрекет етушінің, "Ленинградты қорғағаны үшін" медалімен немесе "Қоршаудағы Ленинград тұрғыны" белгісімен наградталған азаматтың екінші рет некеге тұрмаған зайыбына (жұбайына) - 173 000 (бір жүз жетпіс үш мың) теңге мөлшерінде;
1988 – 1989 жылдары Чернобыль атом электр станциясындағы апаттың салдарларын жоюға қатысушылар қатарындағы, қоныс аудару күні құрсақта болған балаларды қоса алғанда, оқшаулау және көшіру аймақтарынан Қазақстан Республикасына қоныс аударылған (өз еркімен кеткен) адамдарға - 173 000 (бір жүз жетпіс үш мың) теңге мөлшерінде;
4) 29 тамыз – Семей ядролық сынақ полигонының жабылған күні:
Семей ядролық сынақ полигонындағы ядролық сынақтардың салдарынан зардап шеккен тұлғаларға – 43 250 (қырық үш мың екі жүз елу) теңге мөлшерінде;
асыраушысынан айырылу жағдайы бойынша мемлекеттік әлеуметтік жәрдемақы алушыларға (балаларға) - 34 600 (отыз төрт мың алты жүз) теңге мөлшерінде;
5) 1 қазан – Қарттар күні:
70 (жетпіс) жастан асқан зейнеткерлерге – 15 000 (он бес мың) теңге мөлшерінде;
6) 16 желтоқсан – Тәуелсіздік күні:
"Жаппай саяси қуғын-сүргiндер құрбандарын ақтау туралы" Қазақстан Республикасының заңында белгіленген тәртіппен ақталған, Қазақстандағы 1986 жылғы 17-18 желтоқсан оқиғаларына қатысқан тұлғаларға – 216 250 (екі жүз он алты мың екі жүз елу) теңге мөлшерінде.
Бірнеше негіз болған жағдайда мереке күндеріне және атаулы күндерге орай әлеуметтік көмек бір негіз бойынша ғана тағайындалады.
Ескерту. 5 тармақ жаңа редакцияда - Маңғыстау облысы Түпқараған аудандық мәслихатының 08.05.2026 № 41/199 шешімімен (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі).6. Мұқтаж азаматтардың жекелеген санаттарына әлеуметтік көмек жылына бір рет өтініші берілген айдан бастап келесі санаттағы азаматтарға көрсетіледі:
1) әлеуметтік мәні бар сырқатының (қатерлі ісіктер, туберкулез, адамның иммунитет тапшылығы вирусын тудыратын ауру) болуы, мемлекеттік жәрдемақы алмайтын тұлғаларға, жылына 1 рет, табыстарын есепке алмай – 100 000 (бір жүз мың) теңге мөлшерінде;
2) дүлей зілзала салдарынан азаматқа (отбасына) не оның мүлкіне зиян келгенде, осы жағдай туындаған сәттен бастап он екі айдың ішінде – 450 000 (төрт жүз елу мың ) теңге мөлшерінде;
3) өрт салдарынан азаматқа (отбасына) не оның мүлкіне зиян келгенде, осы жағдай туындаған сәттен бастап он екі айдың ішінде – 450 000 (төрт жүз елу мың) теңге мөлшерінде;
4) өтініш берген тоқсан алдындағы республикалық бюджет туралы заңымен тиісті қаржы жылына белгіленетін ең төменгі күнкөріс деңгейінің шамасынан төмен жан басына шаққандағы орташа табысы бар тұлғаларға (әлеуметтік мәні бар сырқаттың болуы) – 50 000 (елу мың) теңге.
Ескерту. 6 тармақ жаңа редакцияда - Маңғыстау облысы Түпқараған аудандық мәслихатының 08.05.2026 № 41/199 шешімімен (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі).6.1. Азаматтардың өтініші бойынша әлеуметтік көмек, Қазақстан Республикасы аумағында санаторлық-курорттық емделуге ақшалай нысанда келіседей санаттарға, табыстарын есепке алмай жылына 1 рет көрсетіледі:
1) Ұлы Отан соғысының ардагерлеріне, басқа мемлекеттердің аумағындағы ұрыс қимылдарының ардагерлеріне және жеңілдіктер бойынша Ұлы Отан соғысына қатысушыларға теңестірілген адамдарға, олардың жесiрлерiне, қаза тапқан әскери қызметшілердің отбасыларына, 1988 – 1989 жылдары Чернобыль атом электр станциясындағы апаттың салдарларын жоюға қатысушылар қатарындағы, қоныс аудару күні құрсақта болған балаларды қоса алғанда, оқшаулау және көшіру аймақтарынан Қазақстан Республикасына қоныс аударылған (өз еркімен кеткен) адамдарға, тылда еңбек еткен және әскери қызмет өткерген адамдарға санаториялық-курорттық емделуге табыстарын есепке алмай, жылына 1 рет, бірақ кепілдік берілген сомадан артық емес және темір жол көлігінде жол жүру құнын төлеу;
2) бірінші топтағы мүгедектігі бар адамды санаторийлік-курорттық емдеуге алып жүретін адамның уәкілетті мемлекеттік орган айқындайтын санаторийлік-курорттық емдеу құнын өтеу ретінде ұсынылатын кепілдік берілген соманың жетпіс пайызы мөлшерінде жылына 1 рет, табыстарын есепке алмай, санаторийлік-курорттық ұйымда болу құнын жергілікті атқарушы органдардан өтетіп алуға құқығы бар.
Ескерту. Қағидалар 6-1 тармакпен толықтырылды - Маңғыстау облысы Түпқараған аудандық мәслихатының 08.05.2026 № 41/199 шешімімен (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі).3 тарау. Қорытынды ережелер
7. Әлеуметтік көмек көрсетудің тәртібі, әлеуметтік көмекті алу үшін ұсынылатын құжаттар тізбесі, әлеуметтік көмек көрсетуден бас тарту, әлеуметтік көмекті тоқтату және қайтару негіздері Үлгілік қағидалардың 3-тарауында келтірілген.
8. Әлеуметтік көмек ұсынуға шығыстарды қаржыландыру ауданның бюджетінде көзделген, ағымдағы қаржы жылына арналған қаражат шегінде жүзеге асырылады.
Әлеуметтік көмек көрсету жөніндегі уәкілетті орган Мемлекеттік корпорацияға әлеуметтік көмек сомаларын аударады.
Мемлекеттік корпорация әлеуметтік көмек көрсету жөніндегі уәкілетті органнан алынған әлеуметтік көмек сомаларын әлеуметтік көмек алушылардың банктік шоттарына аударады.
Әлеуметтік көмек көрсету жөніндегі уәкілетті орган бірінші топтағы мүгедектігі бар адамды санаторийлік-курорттық емдеуге алып жүретін адамның уәкілетті мемлекеттік орган айқындайтын санаторийлік-курорттық емдеу құнын өтеу ретінде ұсынылатын кепілдік берілген соманың жетпіс пайызы мөлшерінде санаторийлік-курорттық ұйымда болу құнын санаторийлік-курорттық ұйымның банктік шоттарына аударады.
9. Әлеуметтік көмек көрсетуді мониторингтеу мен есепке алуды әлеуметтік көмек көрсету жөніндегі уәкілетті орган "Е-собес" автоматтандырылған ақпараттық жүйесiнiң дерекқорын пайдалана отырып жүргізеді.