Қазақстан Республикасы Бюджет кодексінің 212-бабына және Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2009 жылғы 2 қазандағы № 1520 қаулысымен бекітілген Облыстың, республикалық маңызы бар қаланың, астананың жергілікті атқарушы органының ішкі нарықта айналысқа жіберу үшін бағалы қағаздар шығару қағидаларының 8-тармағына сәйкес БҰЙЫРАМЫН:
1. Батыс Қазақстан және Қарағанды облыстары жергілікті атқарушы органдарының ішкі нарықта айналысқа жіберуі үшін мемлекеттік бағалы қағаздар шығаруының мынадай шарттары, көлемі және нысаналы мақсаты айқындалсын:
1) шарттар:
мемлекеттік бағалы қағаздарды шығару жылы – 2021 жыл;
бағалы қағаздардың түрі – ұзақ мерзімді бағалы қағаздар;
2) көлемдері:
Батыс Қазақстан облысы – 1 840 032 000 (бір миллиард сегіз жүз қырық миллион отыз екі мың) теңгеден артық емес;
Қарағанды облысы – 3 662 326 000 (үш миллиард алты жүз алпыс екі миллион үш жүз жиырма алты мың) теңгеден артық емес;
3) нысаналы мақсаты – жұмыспен қамтуға жәрдемдесу жөніндегі жекелеген іс-шараларды белгіленген тәртіппен қаржыландыру.
2. Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігінің Мемлекеттік қарыз алу департаменті Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен:
1) осы бұйрықтың Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркелуін;
2) осы бұйрықтың Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігінің интернет-ресурсында орналастырылуын;
3) осы бұйрық Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркелгеннен кейін он жұмыс күні ішінде осы тармақтың 1) және 2) тармақшаларында көзделген іс-шаралардың орындалуы туралы мәліметтерді Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігінің Заң қызметі департаментіне ұсынуды қамтамасыз етсін.
3. Осы бұйрық алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.
|
Қаржы министрінің міндетін атқарушы |
М. Султангазиев |