Ескерту. Қаулының тақырыбы жаңа редакцияда – ҚР Ұлттық Банкі Басқармасының 30.11.2020 № 139 (16.12.2020 бастап қолданысқа енгізіледі) қаулысымен.
РҚАО-ның ескертпесі!
Бұйрықтың қолданысқа енгізілу тәртібін 6-т. қараңыз
"Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкiнiң ережесiн және құрылымын бекiту туралы" Қазақстан Республикасы Президентінің 2003 жылғы 31 желтоқсандағы № 1271 Жарлығымен бекітілген Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі туралы ереженің 19-тармағының екінші бөлігі екінші абзацының 37) тармақшасына сәйкес Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің Басқармасы ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:
Ескерту. Кіріспе жаңа редакцияда – ҚР Ұлттық Банкі Басқармасының 17.12.2025 № 94 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) қаулысымен.1. Қоса беріліп отырған Банктердің, Қазақстан Республикасы бейрезидент банктері филиалдарының және банк операцияларының жекелеген түрлерін жүзеге асыратын ұйымдардың электрондық банктік қызметтерді көрсету қағидалары (бұдан әрі – Қағидалар) бекітілсін.
Ескерту. 1-тармақ жаңа редакцияда – ҚР Ұлттық Банкі Басқармасының 30.11.2020 № 139 (16.12.2020 бастап қолданысқа енгізіледі) қаулысымен.2. Осы қаулыға қосымшаға сәйкес тізбе бойынша Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі Басқармасының кейбір қаулыларының, сондай-ақ Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі Басқармасының кейбір қаулыларының құрылымдық элементтерінің күші жойылды деп танылсын.
3. Төлем жүйелері департаменті (Ашықбеков Е.Т.) Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен:
1) Заң департаментімен (Сәрсенова Н.В.) бірлесіп осы қаулыны Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркеуді;
2) осы қаулыны "Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінің Республикалық құқықтық ақпарат орталығы" шаруашылық жүргізу құқығындағы республикалық мемлекеттік кәсіпорнына:
Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркелгенінен кейін күнтізбелік он күн ішінде "Әділет" ақпараттық-құқықтық жүйесінде ресми жариялауға;
Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркелгеннен кейін оны Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі алған күннен бастап күнтізбелік он күн ішінде Қазақстан Республикасы нормативтік құқықтық актілерінің мемлекеттік тізіліміне, Қазақстан Республикасы нормативтік құқықтық актілерінің эталондық бақылау банкіне енгізуге жіберуді;
3) осы қаулы ресми жарияланғаннан кейін оны Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің ресми интернет-ресурсына орналастыруды қамтамасыз етсін.
4. Қаржылық қызметтерді тұтынушылардың құқықтарын қорғау және сыртқы коммуникациялар басқармасы (Терентьев А.Л.) осы қаулыны Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркелгеннен кейін күнтізбелік он күн ішінде мерзімді баспасөз басылымдарында ресми жариялауға жіберуді қамтамасыз етсін.
5. Осы қаулының орындалуын бақылау Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі Төрағасының орынбасары Ғ.О. Пірматовқа жүктелсін.
6. Осы қаулы Қағидалардың 2017 жылғы 1 маусымнан бастап қолданысқа енгізілетін 6-тармағының екінші бөлігін және 21-тармағын қоспағанда, алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.
|
Ұлттық Банк Төрағасы |
Д. Ақышев |
| Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкі Басқармасының 2016 жылғы 31 тамыздағы № 212 қаулысымен бекітілген |
Банктердің, Қазақстан Республикасы бейрезидент банктері филиалдарының және банк операцияларының жекелеген түрлерін жүзеге асыратын ұйымдардың электрондық банктік қызметтерді көрсету қағидалары
Ескерту. Қағидалар жаңа редакцияда - ҚР Ұлттық Банкі Басқармасының 29.04.2026 № 44 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) қаулысымен.
1-тарау. Жалпы ережелер
1. Осы Банктердің, Қазақстан Республикасы бейрезидент банктері филиалдарының және банк операцияларының жекелеген түрлерін жүзеге асыратын ұйымдардың электрондық банктік қызметтерді көрсету қағидалары (бұдан әрі – Қағидалар) "Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкiнiң ережесiн және құрылымын бекiту туралы" Қазақстан Республикасы Президентінің 2003 жылғы 31 желтоқсандағы № 1271 Жарлығымен бекітілген Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі туралы ереженің 19-тармағының екінші бөлігі екінші абзацының 37) тармақшасына сәйкес әзірленді және онда банктердің, Қазақстан Республикасы бейрезидент банктері филиалдарының және банк операцияларының жекелеген түрлерін жүзеге асыратын ұйымдардың (бұдан әрі – банктер) электрондық банктік қызметтерді көрсету тәртібі айқындалады.
Банктердің электрондық банктік қызметтерді көрсету тәртібінде электрондық банктік қызметтерді көрсету, қауіпсіздік рәсімдері, рұқсат етілмеген кіруден қорғау шаралары, электрондық банктік қызметтерді көрсетуді тоқтата тұру және тоқтату, электрондық банктік қызметтерді көрсету кезінде электрондық құжаттарды сақтау қамтылады.
Қағидалар Интернет желісінде тауарлар мен қызметтерді сатушы тұлғалардың пайдасына төлем карточкаларын пайдалана отырып төлемдерді қабылдауға байланысты қызметтерге (интернет-эквайринг) қолданылмайды.
ЗҚАИ-ның ескертпесі!2-тармақтың бірінші абзацының қолданысы 12.07.2026 дейін тоқтатыла тұрады және тоқтатыла тұру кезеңінде осы редакциясында қолданыста болады - ҚР Ұлттық Банкі Басқармасының 29.04.2026 № 44 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) қаулысымен.
2. Қағидаларда "Қазақстан Республикасындағы банктер және банк қызметі туралы" (бұдан әрі – Банктер және банк қызметі туралы заң), "Электрондық құжат және электрондық цифрлық қолтаңба туралы", "Ақпараттандыру туралы", "Төлемдер және төлем жүйелері туралы" (бұдан әрі – Төлемдер және төлем жүйелері туралы заң) Қазақстан Республикасының заңдарында көзделген ұғымдар, сондай-ақ мынадай ұғымдар пайдаланылады:
1) аутентификация – қауіпсіздік рәсімінің талаптарына сәйкес электрондық құжаттың түпнұсқалығын және дұрыс жасалуын растау;
ЗҚАИ-ның ескертпесі!2) тармақша жаңа редакцияда көзделген - ҚР Ұлттық Банкі Басқармасының 29.04.2026 № 44 (19.07.2026 бастап қолданысқа енгізіледі) қаулысымен.
2) ашық банкинг жүйесі операторының операциялық құжаттамасы – ашық банкинг жүйесі операторы бекітетін, қосымшаларды бағдарламалау интерфейстерінің (API) стандарттарын, киберқауіпсіздікке қойылатын талаптарды, сервистердің қолжетімділік деңгейлері мен көрсеткіштерін, сұрау салуларды өңдеу мерзімдерін, ашық банкинг жүйесі операторының форматтары мен өзге де талаптарын қоса алғанда, ашық банкинг жүйесіне қатысушылардың өзара іс-қимылына қойылатын техникалық және ұйымдастырушылық талаптарды айқындайтын ішкі құжаттар;
ЗҚАИ-ның ескертпесі!2) тармақша жаңа редакцияда көзделген - ҚР Ұлттық Банкі Басқармасының 29.04.2026 № 44 (19.07.2026 бастап қолданысқа енгізіледі) қаулысымен.
3) ашық банкинг жүйесінің операторы – клиенттің келісімі негізінде көрсетілетін төлем қызметтерін бөгде берушілердің электрондық банктік қызметтерді көрсетуге ашық банкинг жүйесіне қатысушылардың клиенттерінің келісімдерін жинауды, сақтауды жəне өңдеуді, ашық банкинг жүйесіне қатысушының клиенттерін сəйкестендіруді, авторизацияланған көрсетілетін төлем қызметтерін берушілердің тізілімін жүргізуді, көрсетілетін төлем қызметтерін берушілер арасында ақпарат алмасуды жүзеге асыратын ұлттық цифрлық қаржы инфрақұрылымын басқару жөніндегі ұлттық орталық;
4) бір реттік (біржолғы) код – клиенттің сұратуы бойынша бағдарламалық-аппараттық құралдар арқылы жасалатын және клиентке электрондық банктік қызметтерде қолжетімділікті ұсыну кезінде біржолғы пайдалануға арналған электрондық цифрлық символдардың бірегей тізбегі;
5) динамикалық сәйкестендіру – бір реттік (бір жолғы) кодты пайдалану арқылы клиенттің электрондық банктік қызметті алу құқығын бірыңғай растау мақсатында клиенттің жеке басын растауды белгілейтін рәсім;
6) қауіпсіздік рәсімі – клиенттің электрондық банктік қызметті алу құқығын белгілеу мен берілетін және алынатын электрондық құжаттардың мазмұнындағы қателерді және (немесе) өзгерістерді анықтау мақсатында электрондық құжаттарды жасау, беру және алу кезінде клиентті сәйкестендіруге арналған ұйымдастыру шараларының және ақпаратты қорғаудың бағдарламалық-техникалық құралдарының кешені;
7) қол жеткізу коды – төлемдер мен аударымдарды жүзеге асыруды қоса алғанда, мобильді қосымшаға кіру және (немесе) клиент орындайтын операцияларды растау үшін пайдаланылатын, клиент белгілейтін немесе төлем қызметтерін берушінің жүйелері автоматты түрде қалыптастыратын электрондық цифрлық символдардың бірегей тізбегі (төрттен алтыға дейін);
8) пайдаланушының бірегей сәйкестендіргіші – банк жүйесіне кіру үшін клиентке банк тағайындайтын цифрлық, әріптік немесе өзге де символдардан тұратын код, ол бойынша электрондық банктік қызметтерге рұқсат беріледі;
9) пароль – электрондық банктік қызметтерді алу үшін банктің жүйесіне кіру құқықтарын растау үшін жасалатын цифрлық, әріптік немесе өзге де символдар жиынтығы;
10) сəйкестендіру деректерімен алмасу орталығы (СДАО) – клиенттерді сəйкестендіру, оның ішінде биометриялық аутентификациялау рəсімдерін жүргізу үшін клиенттердің қолжетімді көздерден алынған деректерімен алмасу бойынша қаржы жəне төлем ұйымдарымен өзара іс-қимыл жасауды қамтамасыз ететін цифрлық жүйе;
11) СДАО қағидалары – клиенттерді сәйкестендіру (аутентификациялау) рәсімдерін жүргізу кезінде банктерге СДАО қызметтерін ұсыну тәртібін регламенттейтін ұлттық цифрлық қаржы инфрақұрылымын басқару жөніндегі ұлттық орталықтың ішкі қағидалары;
12) электрондық құжат – ақпарат электрондық-цифрлық нысанда берілген және сәйкестендіру құралдарымен куәландырылған Қағидаларда көзделген тәртіппен жөнелтуші жасаған және бұрмалаушылықтар және (немесе) жасалғаннан кейін оған енгізілген өзгерістер жоқ электрондық құжат;
13) электрондық төлем қызметтері – банк шотын пайдалана отырып төлемдерді және (немесе) ақша аударымдарын, шетел валютасымен айырбастау операцияларын жүргізуге және ақпараттық банктік ақпараттық қызметтерге жатпайтын банк операцияларының өзге де түрлерін жүзеге асыруға байланысты көрсетілетін қызметтер.
2-тарау. Электрондық банктік қызметтерді көрсету талаптары
3. Электрондық банктік қызметтер қашықтан қол жеткізу жүйелері арқылы, оның ішінде интернет-ресурс және (немесе) мобильді қосымша арқылы ұсынылады.
4. Банк электрондық банктік қызметтерді көрсету үшін интернет-ресурс немесе мобильді қосымша ашқан кезде интернет-ресурсты немесе мобильді қосымша ашқаннан кейін он жұмыс күні ішінде бұл туралы Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкіне (бұдан әрі – Ұлттық Банк) еркін жазбаша нысанда хабарлайды.
Хабарламада:
1) интернет-ресурстың домендік аты және электрондық мекенжайы және мобильді қосымшаның сәйкестендіргіші, оның ішінде тиісті қосымшалар дүкендеріндегі мобильді қосымшаларға сілтемелер;
2) Интернет және мобильді қосымша арқылы көрсетілетін электрондық банктік қызметтердің тізбесі;
3) электрондық банктік қызметтерді көрсету кезінде ақпарат қауіпсіздігінің және ақпаратты рұқсатсыз қол жеткізуден қорғаудың бекітілген рәсімдерінің болуы туралы растама қамтылады.
5. Интернет-ресурстың домендік аты, электрондық мекенжайы немесе мобильді қосымшаның сәйкестендіргіші өзгерген кезде банк осындай өзгерістер болғаннан кейін он жұмыс күні ішінде бұл жөнінде Ұлттық Банкке еркін жазбаша нысанда хабарлайды.
6. Банк электрондық банктік қызметтерді уәкілетті мемлекеттік орган берген лицензияда көзделген банк операциялары бойынша ғана көрсетеді.
Банк электрондық банктік қызметтерді көрсеткенге дейін клиентке көрсетілетін электрондық банктік қызметтер бойынша ақшалай көрсетілген комиссияның мөлшері туралы ақпарат ұсынуды қамтамасыз етеді.
Электрондық терминал арқылы төлем қызметін көрсеткен кезде алынатын комиссия мөлшерінің ақшалай мәні туралы ақпаратты клиент терминалға қолма-қол ақшаны енгізгеннен кейін көрсетуге рұқсат беріледі.
7. Банк қылмыстық жолмен алынған кірістерді заңдастыру (жылыстату), терроризмді қаржыландыру және жаппай қырып-жою қаруын таратуды қаржыландыру схемаларында электрондық банк қызметтерін ұсынудың қолданыстағы немесе ендірілетін тәсілдері мен технологияларын пайдалану рәсімдерін әзірлеп, бекітеді және оны болдырмау шараларын қабылдайды.
Банк электрондық банктік қызметтерді көрсету кезінде "Қылмыстық жолмен алынған кірістерді заңдастыруға (жылыстатуға), терроризмді қаржыландыруға және жаппай қырып-жою қаруын таратуды қаржыландыруға қарсы іс-қимыл туралы" Қазақстан Республикасының Заңында (бұдан әрі – КЖ/ТҚ/ЖҚТҚҚ туралы заң) көзделген қажет шараларды қолданады, сондай-ақ валюталық бақылау агентінің функцияларын жүзеге асыруды қамтамасыз етеді.
8. Электрондық банктік қызметтер осы Қағидаларда белгіленген тәртіпті сақтай отырып, Төлемдер және төлем жүйелері туралы заңда көзделген сәйкестендіру құралдарын қолдану арқылы көрсетіледі. Банктің электрондық цифрлық қолтаңбаны пайдалана отырып клиентке электрондық банктік қызметтерді көрсетуі клиентте Қазақстан Республикасының аккредиттелген куәландырушы орталық немесе Қазақстан Республикасының сенім білдірілген үшінші тарабында тіркелген шетелдік куәландырушы орталық берген электрондық цифрлық қолтаңба сертификаты болған кезде жүргізіледі.
9. Клиентке электрондық банктік қызметтер электрондық банктік қызметтерді көрсету туралы шарттың не электрондық банктік қызметтерді көрсету талабы қамтылған электрондық банктік қызметтерді көрсету шартының (бұдан әрі – шарт) негізінде көрсетіледі.
10. Шартта мынадай талаптар қамтылады:
1) электрондық банктік қызметтердің тізбесі;
2) электрондық банктік қызметтерді көрсету тәртібі және ең көп мерзімі;
3) электрондық банктік қызметтерді көрсетудің және оларға қол жеткізудің (Интернет, телекоммуникациялар, цифрлық технология құралдары, бағдарламалық қамтамасыз ету, жабдықтар немесе басқа құрылғылар арқылы) тәсілдері (тәсілі);
4) алынатын комиссиялардың мөлшері немесе олар туралы ақпарат қамтылатын интернет-ресурсты көрсету және оларды өндіріп алу тәртібі;
5) банктің клиентке электрондық банк қызметтерін көрсетуге негіз болған электрондық құжаттардың жөнелтілгені және (немесе) алынғаны туралы растама беру тәртібі мен мерзімдері;
6) тараптардың құқықтары мен міндеттері;
7) қауіпсіздік рәсімдері, сондай-ақ клиенттің электрондық банктік қызметтерді алуға құқығын аутентификациялау және растау тәртібі;
8) тараптардың шарт бойынша міндеттемелерін орындамағаны немесе тиісінше орындамағаны үшін жауапкершілігі;
9) клиентке хабарлау тәртібі мен нысандарын көрсете отырып, электрондық банктік қызметтерді көрсетуді тоқтата тұру, тоқтату негіздері;
10) банк электрондық банктік қызметтерді көрсеткен кезде шағым-талапты ұсыну тәртібі және туындайтын даулы жағдайларды шешу тәсілдері;
11) байланыс телефондары мен мекенжайлары, оның ішінде электрондық банктік қызметтерді көрсетуге байланысты мәселелер бойынша банкке хабарласуға арналған;
12) электрондық банктік қызметтерді көрсеткен кезде клиенттен алынған ақпаратты банктің жария етпеуі туралы талап;
13) клиенттің шартты бұзу құқығы;
14) электрондық банктік қызметтерді шетел валютасымен көрсеткен кезде қолданылатын валюта айырбастау бағамын айқындау тәртібі.
Шартқа осы тармақта қамтылмаған өзге талаптарды енгізуге рұқсат етіледі.
11. Шарт жасаған кезде банк клиентке электрондық банктік қызметтер туралы ақпарат ұсынады.
12. Шартта банктің интернет-ресурсында орналастырылған және шартқа қосымша талаптар қамтылған электрондық құжатқа сілтеме көрсетілген жағдайда банк клиентке шарттың қолданылу мерзімі ішінде аталған электрондық құжатқа кедергісіз қол жеткізуі мүмкіндігін қамтамасыз етеді.
13. Банк электрондық банктік қызметтерді Интернет арқылы көрсеткен жағдайда, электрондық банктік қызметтерді көрсету тәртібі мен талаптары банктің ішкі құжаттарында айқындалады, бұл құжаттар банктің интернет-ресурсында орналастырылады..
14. Электрондық төлем қызметтері заңды тұлғаларға: олардың уәкілетті тұлғаларының электрондық цифрлық қолтаңбасы, динамикалық сәйкестендіру, биометриялық аутентификация секілді сәйкестендіру тәсілдерін пайдалана отырып көрсетіледі.
15. Электрондық төлем қызметтері жеке тұлғаларға сәйкестендірудің мынадай тәсілдерінің бірін: пайдаланушының электрондық цифрлық қолтаңбасын, динамикалық сәйкестендіруін, биометрикалық аутентификацияны немесе бірегей сәйкестендіргіші мен паролін пайдалана отырып көрсетіледі.
16. Банктер электрондық көрсетілетін банк қызметтерін көрсету кезінде клиенттің жеке басын сәйкестендіруді биометриялық аутентификация құралдарын пайдалана отырып:
1) бір күнтізбелік күн ішінде клиент – жеке тұлғаның басқа клиент – жеке тұлғаның пайдасына ақша аударымдарының жалпы сомасы екі миллион теңгеден асып кеткен кезде жүзеге асырады. Биометриялық аутентификация динамикалық сәйкестендіруді қолданумен бірге жүргізіледі;
2) мобильді қосымшаға кіру коды және (немесе) паролі өзгерген;
3) клиент банктің мобильді қосымшасына және (немесе) интернет-ресурсына алғаш тіркелген кезде жүзеге асырады.
17. Жеке тұлғалар және заңды тұлғалар электрондық төлем қызметтерін алу үшін динамикалық сәйкестендіруді пайдаланған кезде банк бір реттік (біржолғы) код жасайды және оны жеке тұлға клиентке олар арасында жасалған шарттың талаптарына сәйкес жібереді.
Электрондық төлем қызметтерін алу үшін клиентке бір реттік (біржолғы) код жасайтын құрылғыны пайдалануына рұқсат беріледі. Бір реттік (біржолғы) кодты жасайтын құрылғы өз өкілеттіктері шеңберінде өзі айқындаған операцияларды жасау үшін заңды тұлғаның нақты уәкілетті тұлғасына бекітіледі.
Бір банктің қызметін қолданатын бірнеше үлестес заңды тұлғалардың бір уәкілетті тұлғасына бір реттік (бір жолғы) кодты генерациялайтын бір құрылғыны қолдануға рұқсат етіледі. Бұл өкілеттіктер "Клиенттердің банктік шоттарын ашу, жүргізу және жабу қағидаларын бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкі Басқармасының 2016 жылғы 31 тамыздағы № 207 қаулысымен (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 14422 болып тіркелген) бекітілген Клиенттердің банктік шоттарын ашу, жүргізу және жабу қағидаларының 47-тармағына сәйкес беріледі.
Бір реттік (біржолғы) кодты жасайтын құрылғыны пайдалану оған жеке идентификациялау нөмірін енгізу және басқа да идентификациялау құралдарын (пайдаланушының бірегей сәйкестендіргіші, пароль) теру қызметтеріне қол жеткізу кезінде көрсету арқылы жүзеге асырылады.
Заңды тұлғаның уәкілетті тұлғасының басқа уәкілетті тұлғаға тиесілі бір реттік (біржолғы) кодты жасайтын құрылғыны пайдалануына рұқсат етілмейді.
18. Электрондық төлем қызметтеріне әрбір қолжетімділік үшін динамикалық сәйкестендіруді пайдаланған кезде жаңа бір реттік (біржолғы) кодты жасау талап етіледі.
Клиент үшін электрондық төлем қызметтеріне қайтадан қолжетімді болған кезде жаңа бір реттік (біржолғы) кодты жасау және пайдалану талап етіледі.
19. Ақпараттық банктік қызметтер сәйкестендірудің: электрондық цифрлық қолтаңба, динамикалық сәйкестендіру, биометрикалық аутентификация немесе бірегей сәйкестендіргіш пен пароль секілді тәсілдерінің бірін пайдалана отырып көрсетіледі. Пароль бірнеше мәрте негізде пайдаланылады не клиенттің қалауы бойынша өзгертіледі.
20. Электрондық төлем қызметтеріне қолжеткізу үшін банктің жүйесінде көрсетілетін пайдаланушының бірегей сәйкестендіргіші мен паролін пайдалану динамикалық сәйкестендіру болып танылмайды.
21. Банктің өтеулі қызмет көрсету шартының (бұдан әрі – аутсорсинг туралы шарт) негізінде үшінші тұлғаларға электрондық банктік қызметтерді көрсету үшін қажетті ақпараттық-технологиялық функцияларды орындауды беруіне рұқсат етіледі. Электрондық банктік қызметтерді көрсету жөніндегі аутсорсинг тәртібі банктің ішкі құжаттарында және аутсорсинг туралы шартта айқындалады және Төлемдер және төлем жүйелері туралы заңның 13-бабының 16, 17-баптарының талаптарына сәйкес жүзеге асырылады.
3- тарау. СДАО арқылы биометриялық аутентификация жүргізу
22. Электрондық банк кызметтерін көрсеткен кезде клиенттермен іскерлік қатынастарды қашықтан тәсілімен орнату "Іскерлік қатынастар қашықтықтан орнатылған жағдайда қаржы мониторингі субъектілерінің клиенттерді тиісінше тексеруіне қойылатын талаптарды бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкі Басқармасының 2018 жылғы 29 маусымдағы № 140 қаулысымен (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 17250 болып тіркелген) бекітілген Іскерлік қатынастар қашықтықтан орнатылған жағдайда қаржы мониторингі субъектілерінің клиенттерді тиісінше тексеруіне қойылатын талаптарға сәйкес жүзеге асырылады.
23. Банктер электрондық банктік қызметтер көрсету кезінде клиенттің жеке басын сәйкестендіру мақсатында биометриялық аутентификацияны ұсыну жөніндегі СДАО қызметтерін:
1) клиентпен іскерлік қарым-қатынасты банктік шот ашу арқылы қашықтан тәсілімен орнатқанда;
2) осы тармақтың екінші бөлігінде көзделген жағдайларда Қазақстан Республикасының аккредиттелген куәландырушы орталығы болып табылатын банк электрондық цифрлық қолтаңба құрған және клиентке электрондық цифрлық қолтаңба сертификатын берген жағдайларда;
3) банк қарызының сомасы қаржы нарығын және қаржы ұйымдарын реттеу, бақылау және қадағалау жөніндегі уәкілетті органның нормативтік құқықтық актісінде белгіленген мөлшерден асып кеткенде;
4) КЖ/ТҚ/ЖҚТҚҚ туралы Заңға сәйкес банктің клиенттің деректерін мерзімді жаңартуды жүргізуі үшін пайдаланады.
Егер клиент бұрын банкте жеке өзі болған кезде немесе СДАО арқылы биометриялық аутентификацияны қолдана отырып сәйкестендірілмеген болса, онда банк клиенттің электрондық цифрлық қолтаңбасын жасауды және электрондық цифрлық қолтаңба сертификатын беруді клиент СДАО арқылы биометриялық аутентификациядан өткен кезде жүзеге асырады.
ЗҚАИ-ның ескертпесі!23-тармақтың үшінші бөлігі жаңа редакцияда көзделген - ҚР Ұлттық Банкі Басқармасының 29.04.2026 № 44 (19.07.2026 бастап қолданысқа енгізіледі) қаулысымен.
Клиенттің электрондық цифрлық қолтаңба кілттерін жасауға және электрондық цифрлық қолтаңба сертификатын беруге, оның ішінде клиенттің банкте жеке қатысуымен алынған келісімі клиенттің бұрын берілген келісімдерді кері қайтарып алу мүмкіндігімен СДАО-да сақталады.
СДАО арқылы алынған клиенттердің келісімдері, сондай-ақ СДАО-ның биометриялық аутентификациясының нәтижелері оларды алған және өңдеген сәттен бастап СДАО-да кемінде бес жыл сақталуға тиіс.
Банктер клиенттермен іскерлік қатынастар тоқтатылған күннен бастап кемінде бес жыл бойы клиенттердің келісімдері, қозғалысты анықтау технологиясын және клиентпен бейнеконференция сеансын жазуды пайдалана отырып, клиенттің фототүсірілімі туралы ақпаратты, сондай-ақ электрондық банк қызметтерін көрсету кезінде пайдаланылатын биометриялық аутентификация нәтижелері туралы ақпаратты сақтауды қамтамасыз етеді.
24. Қағидалардың 23-тармағында көзделген жағдайларда банк клиенттен сәйкестендіру құралы арқылы расталған биометриялық аутентификация жүргізуге келісімін, сондай-ақ өзінің дербес деректерін жинауға, өңдеуге және ұсынуға, оның ішінде қажет болған жағдайда үшінші тұлғаларға беруге келісімін алады.
Банк клиентпен клиенттің қолында бар құрылғыларды және (немесе) банктің өзге де құрылғыларын пайдалана отырып бейнеконференция сеансын өткізеді не СДАО қолдану арқылы немесе дербес таңдалған үшінші тарап шешімдерін пайдалана отырып клиенттің қозғалысын анықтау технологиясын (Liveness Detection) қолданады.
Бейнеконференция сеансының мазмұнды бөлігі (бақылау мәселелерінің тізбесі болған жағдайда), сондай-ақ банктер көрсететін қызметтердің тізбесі мен көлемі банктермен дербес айқындалады.
Банк СДАО-ға клиенттің жеке не бизнес-сәйкестендіру нөмірі және бейнеконференция сеансынан немесе қашықтан сәйкестендіру (оның ішінде биометриялық аутентификация) процесінде қызмет алушының қозғалысын анықтау технологиясының (Liveness Detection) көмегімен алынған клиенттің фотосуретін береді.
СДАО бағдарламалық қамтамасыз ету арқылы бейнеконференция сеансынан немесе клиенттің қозғалысын анықтау технологиясын пайдалану кезінде алынған фотобейненің және клиенттің қолжетімді дереккөздерінен алынған фотобейнесінің биометрикалық көрсеткіштері бойынша сәйкес болу дәрежесін айқындайды. Клиенттер өтініштерінің бейнежазбасы банкте сақталады.
Банктер СДАО-ға:
клиенттің дербес деректерін, оның ішінде биометриялық деректерді жинауға, өңдеуге;
СДАО-ны пайдалана отырып, клиенттің биометриялық аутентификациясын жүргізуге;
ЗҚАИ-ның ескертпесі!24-тармақтың алтыншы бөлігі төртінші абзацы жаңа редакцияда көзделген - ҚР Ұлттық Банкі Басқармасының 29.04.2026 № 44 (19.07.2026 бастап қолданысқа енгізіледі) қаулысымен.
электрондық цифрлық қолтаңба кілттерін жасауға және электрондық цифрлық қолтаңбаның, оның ішінде клиенттің банкте жеке қатысуымен алынған сертификатын беруге клиенттің келісімдерін береді.
ЗҚАИ-ның ескертпесі!24-тармақтың жетінші бөлігі жаңа редакцияда көзделген - ҚР Ұлттық Банкі Басқармасының 29.04.2026 № 44 (19.07.2026 бастап қолданысқа енгізіледі) қаулысымен.
СДАО Қағидалардың осы тармағының 6-бөлігінде көзделген клиенттің келісімдерін жинауды және тіркеуді Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес клиенттің оларды кері қайтарып алу мүмкіндігімен жүзеге асырады.
ЗҚАИ-ның ескертпесі!24-тармақтың сегізінші бөлігінің қолданысы 12.07.2026 дейін тоқтатыла тұрады және тоқтатыла тұру кезеңінде осы редакциясында қолданыста болады - ҚР Ұлттық Банкі Басқармасының 29.04.2026 № 44 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) қаулысымен.
СДАО арқылы биометриялық аутентификация қолжетімді дереккөздер пайдаланыла отырып жүзеге асырылады.
ЗҚАИ-ның ескертпесі!24-тармақтың тоғызыншы бөлігі жаңа редакцияда көзделген - ҚР Ұлттық Банкі Басқармасының 29.04.2026 № 44 (12.07.2026 бастап қолданысқа енгізіледі) қаулысымен.
Бейнеконференция сеансынан немесе қозғалысты анықтау технологиясының (Liveness Detection) көмегімен алынған клиенттердің фотосуреттерін СДАО биометриялық аутентификация және (немесе) ұлттық биометриялық аутентификация СДАО биометриялық деректер базасын толтыру мақсатында пайдаланады.
Банктер биометриялық аутентификация нәтижелері туралы мәліметтерді СДАО Қағидаларына сәйкес СДАО арқылы алады.
25. СДАО қағидаларында көзделген клиентті идентификациялау үшін банктерге СДАО-ның қосымша қызметтерін көрсетуге рұқсат етіледі. СДАО қағидалары ұлттық цифрлық қаржы инфрақұрылымын басқару жөніндегі ұлттық орталықтың ресми интернет-ресурсында орналастырылады.
26. Банк электрондық көрсетілетін банктік қызметтерді ұсынған кезде рұқсат етілмеген төлемдерге және (немесе) ақша аударымдарына қарсы іс-қимыл процесін автоматтандыратын жүйені және (немесе) бағдарламалық-техникалық құралдарды пайдаланады.
ЗҚАИ-ның ескертпесі!4-тарау жаңа редакцияда көзделген - ҚР Ұлттық Банкі Басқармасының 29.04.2026 № 44 (19.07.2026 бастап қолданысқа енгізіледі) қаулысымен.
4-тарау. Көрсетілетін төлем қызметтерін бөгде берушінің төлем қызметтерін және ақпараттық банк қызметтерін көрсетуі
27. Клиентке оның келісімімен көрсетілетін банктік қызметтерін көрсетілетін төлем қызметтерін бөгде берушінің ашық банкинг жүйесі арқылы көрсетуіне жол беріледі.
Банк ашық банкинг жүйесімен өзара іс-қимыл жасау кезінде банктік шоттар және дербес деректер мен банктік құпияны қамтитын өзге де мәліметтер туралы ақпарат алмасуға, сондай-ақ көрсетілетін төлем қызметтерін бөгде берушінің қашықтан қол жеткізу жүйесі арқылы төлемдер мен ақша аударымдарына бастама жасауға келісімді тіркеу үшін СДАО-ны пайдаланады.
28. Көрсетілетін төлем қызметтерін бөгде беруші мынадай электрондық қызметтерді көрсетеді:
клиенттің басқа көрсетілетін төлем қызметтерін берушілерде ашылған банктік шоттары туралы ақпаратқа қол жеткізуді ұсыну (бұдан әрі – шоттарды біріктіру қызметі);
клиенттің сұратуы бойынша көрсетілетін төлем қызметтерін басқа берушіде ашылған оның банктік шотынан төлемге және (немесе) ақша аударымына бастама жасауға клиентке мүмкіндік беру;
ақпараттық банктік қызметтер.
Осы тармақтың бірінші бөлігінің екінші және үшінші абзацтарында көрсетілген электрондық көрсетілетін қызметтер көрсетілетін төлем қызметтерін берушінің қашықтан қол жеткізу жүйесінде жұмыс істеу режимі нақты уақыт режимінде ақпарат беру мүмкіндігін қолдамайтын банктік шоттар бойынша ұсынылмайды.
29. Ашық банкинг жүйесі арқылы электрондық көрсетілетін банктік қызметтер мынадай шарттар орындалған кезде көрсетіледі:
1) клиенттің банктік шотына қол жеткізуді алатын көрсетілетін төлем қызметтерін берушінің ашық банкинг жүйесінде авторизацияланған көрсетілетін төлем қызметтерін берушілердің тізілімінде болуы;
2) ашық банкинг жүйесі арқылы берілген және сәйкестендіру құралы арқылы расталған дербес деректерді және банктік құпияны құрайтын ақпаратты жинауға және өңдеуге клиенттің келісімінің болуы (бұдан әрі – ашық банкинг жүйесі арқылы берілген клиенттің келісімі).
30. Көрсетілетін төлем қызметтерін бөгде берушіні авторизациялау оны ашық банкинг жүйесі операторының операциялық құжаттамаға сәйкестігін, тестілеудің оң актілерінің болуын, көрсетілетін төлем қызметтерін бөгде берушінің бірінші басшысының екі факторлы аутентификация жолымен ашық банкинг жүйесінде тіркеуден өтуін қамтиды.
Оператор ашық банкинг жүйесінде авторизацияланған көрсетілетін төлем қызметтерін бөгде берушілер тізілімін жүргізеді және оны өзінің интернет-ресурсында жариялайды.
31. Ашық банкинг жүйесінің операторы көрсетілетін төлем қызметтерін бөгде берушіні ашық банкинг жүйесінде жұмыс істеу үшін авторизациялаудан мынадай жағдайларда бас тартады:
1) ашық банкинг жүйесі операторының операциялық құжаттамасының талаптарына сәйкес келмеу;
2) ашық банкинг жүйесінде авторизациялау үшін қажетті мәліметтерді және (немесе) құжаттарды ұсынбау не жалған мәліметтерді ұсыну;
3) ашық банкинг жүйесінің тестілеуінен өтпеу;
4) ақпаратты қорғаудың қажетті шараларын сақтамау;
5) Ұлттық Банктің өзге де төлем жүйелерінде көрсетілетін төлем қызметтерін бөгде берушінің міндеттемелерін орындамау не тиісінше орындамау фактілерінің болуы;
6) қаржы нарығын және қаржы ұйымдарын мемлекеттік реттеуді, бақылауды және қадағалауды жүзеге асыратын мемлекеттік органның банк операцияларын жүргізуге арналған лицензияның қолданылуын тоқтата тұру немесе одан айыру туралы шешімінің болуы.
32. Ашық банкинг жүйесі арқылы берілген клиенттің келісімі мыналарды қамтиды:
1) келісім берілетін көрсетілетін төлем қызметтерін бөгде берушінің атауы;
2) қол жеткізу берілетін банк шотының нөмірі;
3) клиенттің келісімі берілетін көрсетілетін қызмет түрі;
4) келісімнің берілген күні мен уақыты, сондай-ақ қолданылу мерзімі.
33. Электрондық көрсетілетін банктік қызметке көрсетілетін төлем қызметтерін бөгде берушінің қашықтан қол жеткізу жүйесі арқылы бастама жасау үшін клиент олардың арасындағы шартта белгіленген тәсілмен көрсетілетін төлем қызметтерін бөгде берушінің қашықтан қол жеткізу жүйесінде авторизацияланады.
34. Көрсетілетін төлем қызметтерін бөгде берушінің қашықтан қол жеткізу жүйесінде авторизациялаудан өткеннен кейін клиент ашық банкинг жүйесі арқылы деректерді жинауға және өңдеуге келісім береді.
35. Ашық банкинг жүйесі арқылы берілген клиенттің келісімін алған кезде не ол бұрын алынған болса көрсетілетін төлем қызметтерін бөгде берушінің сұратуы негізінде ашық банкинг жүйесінің операторы клиент сұратқан ақпаратты алуға сұратуды клиенттің банктік шотына қызмет көрсететін көрсетілетін төлем қызметтерін берушіге жібереді.
Клиенттің банктік шотына қызмет көрсететін көрсетілетін төлем қызметтерін берушіден қызмет көрсету нәтижелері бойынша алынған ақпаратты ашық банкинг жүйесінің операторы ашық банкинг жүйесі операторының операциялық құжаттамасын сақтай отырып, көрсетілетін төлем қызметтерін бөгде берушіге жібереді.
36. Клиент шоттарды біріктіру қызметіне бастама жасаған кезде көрсетілетін төлем қызметтерін бөгде беруші өзінің қашықтан қол жеткізу жүйесінде клиентке қызмет көрсету нәтижесі туралы хабардар етеді және клиентке тиісті ақпаратты көрсетеді.
37. Клиент төлемге және (немесе) ақша аударымына бастама жасаған кезде клиенттің банктік шотына қызмет көрсететін көрсетілетін төлем қызметтерін беруші ашық банкинг жүйесі операторының операциялық құжаттамасын сақтай отырып, көрсетілетін төлем қызметтерін бөгде берушінің қашықтан қол жеткізу жүйесі арқылы келіп түскен клиенттің нұсқауын Төлемдер және төлем жүйелері туралы заңда белгіленген тәртіппен және мерзімдерде орындайды.
38. Клиент ашық банкинг жүүйесінде деректерді жинауға және өңдеуге келісім бермеген жағдайда электрондық көрсетілетін банктік қызмет көрсетілмейді.
39. Ашық банкинг жүйесі арқылы берілген клиенттің келісімінің ең ұзақ қолданылу мерзімі күнтізбелік отыз күннен аспайды.
Клиент ашық банкинг жүйесінде тиісті сұратуға бастама жасау арқылы берілген келісімді жарамдылық мерзімі аяқталғанға дейін кез келген уақытта кері қайтарып алуға құқылы.
Келісімнің қолданылу мерзімі өткеннен кейін көрсетілетін төлем қызметтерін бөгде беруші Қазақстан Республикасы заңнамасының талаптарына сәйкес сақтау мақсатынан басқа, бұрын алынған ақпаратты пайдалануға құқылы емес.
40. Клиенттің деректерді жинауға және өңдеуге барлық келісімдері және осындай келісімдерді кері қайтарып алуын оператор ашық банкинг жүйесінде тіркейді және сақтайды.
41. Көрсетілетін төлем қызметтерін бөгде беруші клиенттің деректерін тек осы деректерді жинау мақсатына сәйкес пайдалануды қамтамасыз етеді.
42. Көрсетілетін төлем қызметтерін бөгде беруші клиент пен клиенттің банктік шотына қызмет көрсететін көрсетілетін төлем қызметтерін берушінің алдында оның қашықтан қол жеткізу жүйесі арқылы бастама жасалған төлемдер және (немесе) ақша аударымдары бойынша рұқсат етілмеген төлемдерді және (немесе) алаяқтық әрекеттерді жүзеге асырудың салдары үшін жауапты болады.
5-тарау. Қауіпсіздік рәсімдері
43. Банктің электрондық көрсетілетін банктік қызметтерді көрсетуі банктің ішкі құжаттарында және шартта белгіленген қауіпсіздік рәсімдеріне сәйкес жүргізіледі.
44. Қауіпсіздік рәсімдері:
1) клиентті және оның тиісті электрондық көрсетілетін банктік қызметтерді алу құқығын дәйекті түрде сәйкестендіруді (аутентификацияны);
2) негізінде клиентке электрондық көрсетілетін банктік қызметтер көрсетілетін электрондық құжаттардың мазмұнында бұрмалаулардың және (немесе) өзгерістердің болуын анықтауды;
3) дербес деректерге және банктік құпияны құрайтын ақпаратқа рұқсатсыз қол жеткізуден қорғауды және осы ақпараттың тұтастығын қамтамасыз етеді.
45. Клиент банктің ішкі құжаттарында және шартта белгіленген қауіпсіздік рәсімдерін орындаған жағдайда электрондық көрсетілетін банктік қызметтерді көрсетуге рұқсат берілген болып саналады.
46. Банк клиентке электрондық көрсетілетін банктік қызметтерді көрсетуге негіз болған хабарлардың жіберілгені және (немесе) алынғаны туралы растаулардың сақталуын қамтамасыз етеді.
47. Интернет-ресурста немесе мобильді қосымшада банк клиентке шартта көзделген тәртіппен және мерзімдерде электрондық көрсетілетін банктік қызметтерін көрсетуді растауды ұсынады.
48. Жеке және заңды тұлғаларға электрондық көрсетілетін банк қызметтерін немесе көрсетілетін төлем қызметтерін ұсыну кезінде банктер электрондық көрсетілетін банк қызметтеріне және (немесе) төлемдер мен ақша аударымдарына рұқсатсыз қол жеткізуден қорғау жөніндегі қауіпсіздік рәсімдерін қамтамасыз етеді
6-тарау. Рұқсат етілмеген қол жеткізу шаралары
49. Дербес деректерге және банктік құпияны құрайтын ақпаратқа рұқсатсыз қол жеткізу, оларды рұқсатсыз өзгерту, алаяқтық белгілері бар төлемді немесе рұқсатсыз төлемдерді немесе ақша аударымдарын және өзге де рұқсат берілмеген іс-әрекеттерді жүзеге асыру анықталған кезде банк олар анықталғаннан кейінгі келесі жұмыс күнінен кешіктірмей бұл жөнінде осындай іс-әрекеттерге жол беруге қатысы бар клиентке хабарлайды.
50. Осы Қағидалардың 49-тармағында көрсетілген рұқсатсыз іс-әрекеттер туындаған жағдайда банк тез арада олардың салдарларын жою және олардың болашақта пайда болуының алдын алу үшін барлық қажетті шараларды қабылдайды.
7-тарау. Электрондық банктік қызметтерді көрсетуді тоқтата тұру және тоқтату
51. Банк:
1) клиент шартта көзделген электрондық көрсетілетін банктік қызметтерді алу тәртібі мен талаптарын бұзған;
2) электрондық көрсетілетін банктік қызметтерді көрсетуді қамтамасыз ететін техникалық құрал-жабдықтар жарамсыз болған жағдайларда;
3) Банктер және банк қызметі туралы, Төлемдер және төлем жүйелері туралы, КЖ/ТҚ/ЖҚҚТҚ туралы заңдарда, Қазақстан Республикасының Азаматтық кодексінде (Ерекше бөлім) және шартта көзделген өзге де негіздер бойынша клиентке электрондық көрсетілетін банктік қызметтерді көрсетуді тоқтата тұрады немесе тоқтатады.
52. Қағидалардың 51-тармағының 3) тармақшасында көзделген электрондық банктік қызметтерді көрсету тоқтатыла тұрған немесе тоқтатылған жағдайларды қоспағанда, Қағидалардың 51-тармағында көзделген негіздер бойынша электрондық банктік қызметтерді көрсету тоқтатыла тұрған немесе тоқтатылған жағдайда банк клиентке шартта белгіленген тәртіппен және мерзімдерде хабарлайды.
53. Қағидалардың 51-тармағының 3) тармақшасында көзделген электрондық банктік қызметтерді көрсету тоқтатыла тұрған немесе тоқтатылған жағдайларды қоспағанда, клиенттің электрондық банктік қызметтерді алу құқығын тоқтата тұруға алып келген себептер жойылған кезде банк клиентке кейіннен жазбаша не электрондық нысанда хабарлай отырып, оған электрондық көрсетілетін банктік қызметтерді көрсетуді қайтадан бастайды.
8-тарау. Электрондық банктік қызметтерді көрсету кезінде электрондық құжаттарды сақтау
54. Электрондық құжаттардың тұтастығы мен өзгермеуі сақтала отырып, олар қалыптастырылған, жіберілген немесе алынған форматта сақталады және басып шығаруды немесе сақтау мақсатында қағаз жеткізгіштегі электрондық құжаттың мазмұнына өзге де белгілеулерді талап етпейді.
55. Электрондық құжаттарды сақтау тәртібі мен мерзімдері банктің Төлемдер және төлем жүйелері туралы заңға және КЖ/ТҚ/ЖҚҚТҚ туралы заңға сәйкес әзірленген ішкі құжаттарында айқындалады.
| Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкі Басқармасының 2016 жылғы 31 тамыздағы № 212 қаулысына қосымша |
Күші жойылды деп танылған Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі Басқармасының кейбір қаулыларының, сондай-ақ Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі Басқармасының кейбір қаулыларының құрылымдық элементтерінің тізбесі
1. "Қазақстан Республикасында ақша төлемi мен аударымын жүзеге асырған кезде электронды құжаттар алмасу ережесін бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкі Басқармасының 2000 жылғы 21 сәуірдегі № 146 қаулысы (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 1148 тіркелген).
2. "Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде № 1148 тіркелген Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі Басқармасының "Қазақстан Республикасында ақша төлемі мен аударымын жүзеге асырған кезде электронды құжаттар алмасу ережесін бекіту туралы" 2000 жылғы 21 сәуірдегі № 146 қаулысына өзгерістер мен толықтырулар енгізу" туралы Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкі Басқармасының 2003 жылғы 4 шілдедегі № 228 қаулысы (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 2434 тіркелген).
3. "Екінші деңгейдегі банктердің және банк операцияларының жекелеген түрлерін жүзеге асыратын ұйымдардың электрондық банк қызметін көрсету ережесін бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкі Басқармасының 2008 жылғы 28 наурыздағы № 18 қаулысы (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 5189 тіркелген, 2008 жылғы 23 мамырда "Заң газеті" газетінде № 77 (1303) жарияланған).
4. "Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі Басқармасының кейбір қаулыларына өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы" Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкі Басқармасының 2009 жылғы 24 тамыздағы № 85 қаулысына (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 5806 тіркелген, 2009 жылғы 30 қазанда "Заң газеті" газетінде № 165 (1589) жарияланған) қосымша болып табылатын Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі Басқармасының өзгерістер мен толықтырулар енгізілетін қаулылары тізбесінің 3-тармағы.
5. "Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі Басқармасының кейбір қаулыларына ақша төлемдері мен аударымдарын жүзеге асыру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы" Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкі Басқармасының 2011 жылғы 30 тамыздағы № 52 қаулысына (Қазақстан Республикасының Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 7080 тіркелген, 2011 жылғы 3 тамызда "Заң газеті" газетінде № 110 (1926) жарияланған) қосымша болып табылатын Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі Басқармасының кейбір қаулыларына ақша төлемдері мен аударымдарын жүзеге асыру мәселелері бойынша енгізілетін өзгерістер мен толықтырулардың тізбесінің 3-тармағы.
6. "Кейбір нормативтік құқықтық актілерге ақша төлемі мен аударымын жүзеге асыру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы" Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкі Басқармасының 2013 жылғы 26 сәуірдегі № 117 қаулысына (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 8513 тіркелген, 2013 жылғы 23 шілдеде "Заң газеті" газетінде № 107 (2308) жарияланған) қосымша болып табылатын Өзгерістер мен толықтырулар енгізілетін ақша төлемі мен аударымын жүзеге асыру мәселелері бойынша нормативтік құқықтық актілер тізбесінің 1 және 7-тармақтары.
7. "Қазақстан Республикасының кейбір нормативтік құқықтық актілеріне өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы" Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкі Басқармасының 2014 жылғы 27 тамыздағы № 168 қаулысымен (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 9796 тіркелген, "Қазақстан Республикасы Әділет министрлігі Республикалық құқықтық ақпарат орталығы" шаруашылық жүргізу құқығындағы республикалық мемлекеттік мекемесінің "Әділет" ақпараттық-құқықтық жүйесінде 2014 жылғы 12 қарашада жарияланған) бекітілген Қазақстан Республикасының өзгерістер мен толықтырулар енгізілетін нормативтік құқықтық актілері тізбесінің 1 және 7-тармақтары.