| Қазақстан Республикасы Президенті мен Үкіметі актілерінің жинағында жариялануға тиіс |
Қазақстан Республикасы Конституциясының 46-бабының 6) тармақшасына сәйкес ұлттық қауіпсіздікті одан әрі нығайту мақсатында ҚАУЛЫ ЕТЕМІН:
1. Қазақстан Республикасының Президентіне тікелей бағынатын және есеп беретін мемлекеттік орган ретінде Қазақстан Республикасы Қауіпсіздік Кеңесінің Аппараты (бұдан әрі – Аппарат) құрылсын.
2. Қоса беріліп отырған Қазақстан Республикасы Президентінің кейбір актілеріне енгізілетін өзгерістер мен толықтырулар бекітілсін.
3. Қауіпсіздік Кеңесі Төрағасының орынбасары Қазақстан Республикасы Президентінің Әкімшілігімен бірлесіп:
1) Қазақстан Республикасы Президентінің қарауына мыналарды енгізсін:
Аппарат туралы ереженің және оның құрылымының жобалары;
Қазақстан Республикасы Президентінің Әкімшілігінен штат санын Аппаратқа қайта бөлу жөнінде ұсыныстар;
2) осы Жарлықты іске асыру бойынша өзге де шараларды қабылдасын.
4. Аппарат берілетін функциялар мен өкілеттіктер шегінде Қазақстан Республикасының Президенті Әкімшілігінің құқықтары мен міндеттемелерінің құқықтық мирасқоры болып айқындалсын.
5. Қазақстан Республикасының Үкіметі осы Жарлықты іске асыру бойынша өзге де шаралардың қабылдануын қамтамасыз етсін.
6. Осы Жарлық қол қойылған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі.
|
Қазақстан Республикасының Президенті |
Қ. Тоқаев |
| Қазақстан Республикасы Президентінің 2026 жылғы 29 тамыздағы № 1416 Жарлығымен БЕКІТІЛГЕН |
Қазақстан Республикасы Президентінің кейбір актілеріне енгізілетін ӨЗГЕРІСТЕР МЕН ТОЛЫҚТЫРУЛАР
1. "Қазақстан Республикасы Президентінің Әкімшілігі туралы ережені бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Президентінің 2008 жылғы 11 наурыздағы № 552 Жарлығында:
жоғарыда аталған Жарлықпен бекітілген Қазақстан Республикасының Президентіне тікелей бағынатын және есеп беретін мемлекеттік органдардың тізбесінде:
"Қазақстан Республикасы Президентінің Әкімшілігі" деген жолдан кейін мынадай мазмұндағы жолмен толықтырылсын:
"Қазақстан Республикасы Қауіпсіздік Кеңесінің Аппараты".
2. "Мемлекеттік саяси және әкімшілік қызметшілер лауазымдарының тізілімін бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Президентінің 2015 жылғы 29 желтоқсандағы № 150 Жарлығында:
жоғарыда аталған Жарлықпен бекітілген Мемлекеттік саяси және әкімшілік қызметшілер лауазымдарының тізілімінде:
"Мемлекеттік саяси лауазымдар" деген 1-тарауда:
"Қазақстан Республикасы Президенті Әкімшілігінің Басшысы, оның бірінші орынбасары және орынбасарлары" деген жолдан кейін мынадай мазмұндағы жолмен толықтырылсын:
"Қауіпсіздік Кеңесі Төрағасының орынбасары";
"Қазақстан Республикасы Президентінің бірінші көмекшісі – Қауіпсіздік Кеңесінің Хатшысы, оның бірінші орынбасары және орынбасарлары" деген жол алып тасталсын:
"Қазақстан Республикасы Үкіметі Аппаратының Басшысы" деген жолдан кейін мынадай мазмұндағы жолмен толықтырылсын:
"Қауіпсіздік Кеңесі Аппаратының Басшысы, оның бірінші орынбасары және орынбасарлары".
3. "Қазақстан Республикасының Қауіпсіздік Кеңесінің кейбір мәселелері туралы" Қазақстан Республикасы Президентінің 2019 жылғы 12 ақпандағы № 838 Жарлығында:
жоғарыда аталған Жарлықпен бекітілген Қазақстан Республикасының Қауіпсіздік Кеңесі туралы ережеде:
6 және 7-тармақтар мынадай редакцияда жазылсын:
"6. Қауіпсіздік Кеңесінің Төрағасы Қауіпсіздік Кеңесін басқарады.
Қазақстан Республикасының Вице-Президенті, Қазақстан Республикасы Құрылтайының Төрағасы, Қазақстан Республикасының Премьер-Министрі, Қазақстан Республикасы Президенті Әкімшілігінің Басшысы, Қазақстан Республикасы Қауіпсіздік Кеңесі Төрағасының орынбасары, Қазақстан Республикасының Бас Прокуроры, Қазақстан Республикасы Ұлттық қауіпсіздік комитетінің Төрағасы, Қазақстан Республикасы Мемлекеттік күзет қызметінің Бастығы, Қазақстан Республикасының Сыртқы істер министрі, Қазақстан Республикасының Қорғаныс министрі, Қазақстан Республикасының Ішкі істер министрі, Қазақстан Республикасының Төтенше жағдайлар министрі лауазымы бойынша Қауіпсіздік Кеңесінің мүшелері болады.
7. Қауіпсіздік Кеңесі Төрағасының орынбасары Қауіпсіздік Кеңесінің Төрағасына тікелей бағынады.";
19, 20, 21 және 24-тармақтардағы "Қауіпсіздік Кеңесі Хатшысының", "Қауіпсіздік Кеңесінің Хатшысы" деген сөздер тиісінше "Қауіпсіздік Кеңесі Төрағасы орынбасарының", "Қауіпсіздік Кеңесі Төрағасының орынбасары" деген сөздермен ауыстырылсын;
23-тармақтың бірінші абзацы мынадай редакцияда жазылсын:
"23. Қауіпсіздік Кеңесінің қызметін ақпараттық-талдамалық және ұйымдастырушылық қамтамасыз етуді Қауіпсіздік Кеңесінің жұмыс органы болатын Аппарат жүзеге асырады.".
4. "Қазақстан Республикасы Қауіпсіздік Кеңесінің кейбір мәселелері туралы" Қазақстан Республикасы Президентінің 2026 жылғы 3 маусымдағы № 1303 Жарлығында:
жоғарыда аталған Жарлықпен бекітілген Қазақстан Республикасы Қауіпсіздік Кеңесінің ведомствоаралық комиссиялары туралы үлгілік ережеде:
бүкіл мәтін бойынша "Қауіпсіздік Кеңесі Хатшысының", "Қауіпсіздік Кеңесі хатшысының", "Қауіпсіздік Кеңесінің Хатшысы", "Қауіпсіздік кеңесінің хатшысымен", "Қауіпсіздік кеңесінің Хатшысы", "Қауіпсіздік Кеңесінің Хатшысына" деген сөздер тиісінше "Қауіпсіздік Кеңесі Төрағасы орынбасарының", "Қауіпсіздік Кеңесі Төрағасы орынбасарының", "Қауіпсіздік Кеңесі Төрағасының орынбасары", "Қауіпсіздік Кеңесі Төрағасының орынбасарымен", "Қауіпсіздік Кеңесі Төрағасының орынбасары", "Қауіпсіздік Кеңесі Төрағасының орынбасарына" деген сөздермен ауыстырылсын.