ҚАУЛЫ ЕТЕМІН:
1. "Қазақстан Республикасы Ұлттық қорының активтерін басқару жөніндегі 2030 жылға дейінгі тұжырымдаманы бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Президентінің 2023 жылғы 10 шілдедегі № 282 Жарлығына мынадай өзгерістер енгізілсін:
жоғарыда аталған Жарлықпен бекітілген Қазақстан Республикасы Ұлттық қорының активтерін басқару жөніндегі 2030 жылға дейінгі тұжырымдамада:
"Паспорт (негізгі параметрлер)" деген 1-бөлімнің бірінші бөлігінде "Әзірлеу негіздемесі" деген жол мынадай редакцияда жазылсын:
"Қазақстан Республикасы Президентінің 2022 жылғы 10 қыркүйектегі № 1005 Жарлығымен бекітілген Қазақстан Республикасының мемлекеттік қаржысын басқарудың 2030 жылға дейінгі тұжырымдамасы
Мемлекет басшысының 2021 жылғы 1 қыркүйектегі "Халық бірлігі және жүйелі реформалар - ел өркендеуінің берік негізі" атты Қазақстан халқына Жолдауы
Мемлекет басшысының 2025 жылғы 8 қыркүйектегі "Жасанды интеллект дәуіріндегі Қазақстан: өзекті мәселелер және оны түбегейлі цифрлық өзгерістер арқылы шешу" атты Қазакстан халқына Жолдауы";
"Халықаралық тәжірибеге шолу" деген 3-бөлімнің он төртінші бөлігі мынадай редакцияда жазылсын:
"Жалпы әртүрлі елдер экономикаларының ішкі ерекшеліктеріне байланысты қорлардың активтерді толықтыру және (немесе) алу қағидалары бір-бірінен өзгеше болуы мүмкін. Алайда, әдетте, тиісті активтерді басқару қағидаларында алынбайтын активтердің үлесі айқындалады не бүкіл қор ұзақ мерзімді портфель ретінде қарастырылады. Бұл, өз кезегінде, агрессивті басқару стратегияларын қолдануға және неғұрлым көп тәуекелді қабылдауға мүмкіндік береді, бұл, тиісінше, активтерді басқару нәтижесінде көрініс табады. Инвестициялаудың ұзақ мерзімді кезеңі бірқатар тәуелсіз қорларға ішкі экономиканың дамуына оң әсер ететін айтарлықтай нарықтық әлеуеті бар жобаларға инвестициялау үшін активтерді тартуға мүмкіндік береді (мысалы, Жаңа Зеландияның, Канаданың зейнетақы қорлары және Біріккен Араб Әмірліктерінің тәуелсіз қоры (Mubadala).";
"Қазақстан Республикасы Ұлттық қорын басқарудың негізгі қағидаттары мен тәсілдері" деген 5-бөлімде:
"Ұлттық қордың активтерін басқарудың негізгі тәсілдері" деген 5.2-кіші бөлімде:
үшінші бөлік мынадай редакцияда жазылсын:
"Ұлттық қордың активтерін инвестициялау үшін рұқсат етілетін құралдардың толық тізімі Қазақстан Республикасының Ұлттық қорын басқару кеңесінің ұсынысы бойынша Қазақстан Республикасының Үкіметі Ұлттық Банкпен бірлесіп айқындайтын Ұлттық қорды орналастыру үшін материалдық емес активтерді қоспағанда, Рұқсат етілген қаржы құралдарының және олармен жасалатын мәмілелердің тізбесінде (бұдан әрі - Рұқсат етілген қаржы құралдарының тізбесі) көрсетілген.";
1) тармақшаның он екінші және он үшінші абзацтары мынадай редакцияда жазылсын:
"Ұлттық қордың жинақ портфелін стратегиялық белу оның күтілетін кірістілігін және тәуекелінің қалыпты деңгейін айқындайды. 2023 жылдан бастап 2025 жыл аралығында жинақ портфелді стратегиялық бөлудің нысаналы үлестері: 60% облигациялар, 30% акциялар, 5%-ға дейін балама құралдар және 5%-ға дейін алтын, 2026 жылдан бастап 2030 жыл аралығында: 50% облигациялар, 35% акциялар, 10% балама құралдар және 5% алтын.
Бұл облигацияларды дамыған елдердің мемлекеттік облигацияларына, корпоративтік облигацияларға және дамушы елдердің мемлекеттік облигацияларына әртараптандыруды да көздейді. Ұлттық қордың ұзақ мерзімді кірістілігін және оның Қазақстан экономикасын дамытуға бағытталған жоғары нарықтық перспективасы бар жобаларға жүйелі түрде қатысуын қамтамасыз ету үшін балама құралдарға инвестициялау шеңберінде Ұлттық қордың қаражатын шетелдік қаржы құралдарына, оның ішінде Рұқсат етілген қаржы құралдарының тізбесіне сәйкес шетелдік қаржы нарықтарында айналыстағы құралдарға орналастыру арқылы Ашық инвестициялық әріптестік бағдарламасы іске асырылады. Ашық инвестициялық әріптестік бағдарламасы шеңберіндегі инвестициялар технологиялық секторды (негізінен цифрландыруды және жасанды интеллектіні дамытуды), логистика мен көлікті, денсаулық сақтауды, білім беруді, ауыл шаруашылығын, цифрлық инфрақұрылымды, бизнес-қызметтерді, қаржы секторын және қайта өңдеу өнеркәсібін, сондай-ақ өзге де жоғары технологиялық салаларды қоса алғанда, Қазақстан экономикасын дамытуға бағытталатын болады. Соңғы жылдары цифрлық активтер қаржы нарықтарын дамытуда маңызды рөл атқаруда. Жаһандық үрдістерді ескере отырып, шетелдік цифрлық қаржы активтерін (цифрлық қаржы активтерін және базалық активі цифрлық активтер болып табылатын туынды қаржы құралдарын), сондай-ақ цифрлық активтерді дамытатын және (немесе) оларға инвестициялайтын шетелдік компаниялардың акциялары мен үлестерін балама құралдар портфеліне енгізу жоспарлануда. Ұлттық қордың осы активтерге қатысты инвестициялық саясаты олардың нарықтық сипаттамаларын, сондай-ақ оларға байланысты тәуекелдерді сараланған бағалауға негізделеді.";
"Нысаналы индикаторлар және күтілетін нәтижелер" деген 6-бөлімнің бірінші бөлігі мынадай редакцияда жазылсын:
"Нысаналы индикатор - консервативтік бөлумен (80% - дамыған елдердің облигациялары, 20% - акциялар) салыстырғанда Ұлттық қордың активтерін теңгерімді стратегиялық бөлу (2023 жылдан бастап 2025 жыл аралығында: 60% облигациялар, 30% акциялар, 5%-ға дейін балама құралдар және 5%-ға дейін алтын, 2026 жылдан бастап 2030 жыл аралығында: 50% облигациялар, 35% акциялар, 10% балама құралдар және 5% алтын нысаналы бөлу арқылы) кезінде Ұлттық қордың жинақ портфелінің ұзақ мерзімді кірістілігін ұлғайту.";
қосымша осы Жарлыққа қосымшаға сәйкес редакцияда жазылсын.
2. Осы Жарлық қол қойылған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі.
|
Қазақстан Республикасының Президенті |
Қ.Тоқаев |
| Қазақстан Республикасы Президентінің 2026 жылғы 26 наурыздағы № 1215 Жарлығына ҚОСЫМША |
|
| Қазақстан Республикасының Ұлттық қорының активтерін басқару жөніндегі 2030 жылға дейінгі тұжырымдамаға ҚОСЫМША |
Қазақстан Республикасы Ұлттық қорының активтерін басқару жөніндегі 2030 жылға дейінгі тұжырымдаманы іске асыру бойынша
ІС-ҚИМЫЛ ЖОСПАР
Р/с № | Атауы | Аяқталу нысаны | Аяқтау мерзімі | Жауапты орындаушылар | ||||
1 | 2 | 3 | 4 | 5 | ||||
Ұлттық қордың активтерін басқару саясаты | ||||||||
Нысаналы индикатор: | ||||||||
1. | "Қазақстан Республикасы Ұлттық қорының инвестициялық операцияларын жүзеге асыру қағидаларын бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкі Басқармасының 2006 жылғы 25 шілдедегі № 65 қаулысына өзгерістер мен толықтырулар енгізу | ҰБ Басқармасы қаулысының жобасы |
2023 жыл, | ҰБ, Қаржымині | ||||
2. | Ұлттық Банктің жылдық есебі шеңберінде Ұлттық қордың активтерін инвестициялық басқару нәтижелерін жариялау | есепті интернет-ресурста орналастыру | жыл сайын, маусым | ҰБ | ||||
3. | Егемен қорлардың халықаралық форумына (IFSWF) кіру | ПӘ-ге ақпарат | 2027 жыл | ҰБ, Қаржымині | ||||
4. | Ұлттық қордың жинақ портфелін теңгерімді белуге көшкеннен кейін 5 жылдың қорытындысы бойынша кірістілікті аралық бағалау | есепті интернет-ресурста орналастыру | 2028 жыл | ҰБ | ||||
Ескертпе: аббревиатуралардың таратылып жазылуы:
ПӘ - Қазақстан Республикасы Президентінің Әкімшілігі
ҰБ - Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі
Қаржымині - Қазақстан Республикасының Қаржы министрлігі