"Қазақстан Республикасының халықаралық шарттары туралы" Қазақстан Республикасы Заңының 8-бабы 1) тармақшасына сәйкес ҚАУЛЫ ЕТЕМІН:
1. Қоса беріліп отырған Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығына қатысушы мемлекеттердің құзыретті органдарының халықаралық бақыланатын жеткізілімді ұйымдастыру және өткізу тәртібі туралы шарт жобасы мақұлдансын.
2. Қазақстан Республикасының атынан Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығына қатысушы мемлекеттердің құзыретті органдарының халықаралық бақыланатын жеткізілімді ұйымдастыру және өткізу тәртібі туралы шартқа қол қойылсын.
3. Осы Жарлық оған қол қойылған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі.
Қазақстан Республикасының Президенті |
Қ.Тоқаев |
Қазақстан Республикасы Президентінің 2025 жылғы 9 қазандағы № 1034 Жарлығымен МАҚҰЛДАНҒАН Жоба |
Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығына қатысушы мемлекеттердің құзыретті органдарының халықаралық бақыланатын жеткізілімді ұйымдастыру және өткізу тәртібі туралы ШАРТ
Бұдан әрі Тараптар деп аталатын Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығына қатысушы мемлекеттер
1988 жылғы 20 желтоқсандағы Біріккен Ұлттар Ұйымының есірткінің және психотроптық заттардың заңсыз айналымына қарсы күрес туралы конвенциясының, 2000 жылғы 15 қарашадағы Біріккен Ұлттар Ұйымының Трансұлттық ұйымдасқан қылмыскерлікке қарсы конвенциясының, 2003 жылғы 31 қазандағы Біріккен Ұлттар Ұйымының сыбайлас жемқорлыққа қарсы конвенциясының ережелеріне сүйене отырып,
1998 жылғы 25 қарашадағы Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығына қатысушы мемлекеттердің қылмысқа қарсы күрестегі ынтымақтастығы туралы келісімді, 1999 жылғы 4 маусымдағы Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығына қатысушы мемлекеттердің аумақтарында құқық қорғау органдары қызметкерлерінің болу тәртібі мен өзара іс-қимылы туралы шартты, 2000 жылғы 30 қарашадағы Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығына қатысушы мемлекеттердің есірткі, психотроптық заттар мен прекурсорлардың заңсыз айналымына қарсы күрестегі ынтымақтастығы туралы келісімді, 2002 жылғы 7 қазандағы Құқықтық көмек және азаматтық, отбасылық және қылмыстық істер жөніндегі құқықтық қатынастар туралы конвенцияны, 2002 жылғы 7 қазандағы Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығы мемлекеттері басшылары кеңесінің шешімімен мақұлданған Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығына қатысушы мемлекеттердің есірткі, психотроптық заттар мен прекурсорлардың заңсыз айналымына қарсы іс-қимылдағы ынтымақтастығы тұжырымдамасын басшылыққа ала отырып,
есірткі, қару-жарақ, мәдени, тарихи, көркемдік құндылықтар және басқалар сияқты бақыланатын объектілердің заңсыз айналымы саласындағы қылмыскерліктің ауқымын кеңейтуге қатты алаңдаушылық білдіре отырып,
Тараптардың күш-жігерін үйлестіру және бақыланатын объектілерді мемлекеттік шекара арқылы заңсыз тасымалдау саласындағы қылмыскерлікке қарсы іс-қимылдың тиімді шараларын қабылдау қажеттілігін сезіне отырып, төмендегілер туралы уағдаласты:
1-бап
Осы Шарттың мақсаттары үшін мынадай негізгі ұғымдар пайдаланылады:
бақыланатын объектілер - ең алдымен еркін сатуға тыйым салынған немесе азаматтық айналымы шектелген тауарлар, құралдар, заттар мен нәрселер, сондай-ақ қылмыстық жолмен алынған немесе қылмыстың іздері сақталған заттар не қылмыс жасау қаруы мен құралдары;
халықаралық бақыланатын жеткізілім (бұдан әрі ХБЖ) қылмыстарды анықтау және оларды дайындайтын, жасайтын немесе жасаған адамдарды анықтау, адам мен азаматтың құқықтарына, бостандықтарына, қоғамға, ұлттық қауіпсіздікке, мемлекетке қауіп төндіретін оқиғалар немесе әрекеттер туралы ақпарат алу мақсатында Тараптардың құзыретті органдарының бақыланатын объектілердің Тараптардың аумағында орнын ауыстыруын бақылауымен байланысты жедел-іздестіру іс-шарасы;
жөнелту мемлекеті - аумағынан ХБЖ жанындағы бақыланатын объектіні әкету жүзеге асырылатын Тарап;
транзит мемлекеті - ХБЖ барысында бақыланатын объект аумағы арқылы өтетін Тарап;
межелі мемлекет - аумағы ХБЖ барысында бақыланатын объектінің түпкілікті тағайындалған орны болып табылатын Тарап;
құзыретті органдар - жедел-іздестіру қызметін жүзеге асыруға Тараптардың ұлттық заңнамасымен уәкілеттік берілген мемлекеттік органдар.
2-бап
1. Осы Шарт Тараптардың құзыретті органдарының ХБЖ-ны ұйымдастыру және өткізу тәртібін белгілейді.
2. Әрбір Tapaп өзінің ұлттық заңнамасына сәйкес осы Шартты іске асыруға жауапты құзыретті органдардың тізбесін айқындайды және оны осы Шарттың күшіне енуі үшін қажетті мемлекетішілік рәсімдердің орындалуы туралы хабарламамен бір мезгілде депозитарийге жібереді. Тараптар бір ай ішінде өзінің құзыретті органдарының өзгерістері туралы депозитарийді хабардар етеді.
3. ХБЖ өткізу кезінде құзыретті органдардың өзара іс-қимылы осы Шартқа сәйкес жүзеге асырылады. Осы Шартта, сондай-ақ мүдделі Тараптар арасындағы қатынастарда қолданылатын халықаралық шарттарда реттелмеген мәселелер олардың ұлттық заңнамасына сәйкес шешіледі.
3-бап
Осы Шарттың негізгі қағидаттары:
а) адам мен азаматтың құқықтары мен бостандықтарын сақтау;
б) ХБЖ-ға қатысатын адамдардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету;
в) Тараптардың ұлттық заңнамасын сақтау;
г) ХБЖ-ны өткізу барысында бақыланатын объектінің сақталуын және бақылауын қамтамасыз ету;
д) ХБЖ-ны ұйымдастыру және өткізу кезінде құпиялылықты қамтамасыз ету.
4-бап
ХБЖ өткізу кезіндегі құзыретті органдардың негізгі міндеттері:
а) қылмыстарды анықтау, алдын алу, жолын кесу және ашу, сондай-ақ оларды дайындайтын, жасайтын немесе жасаған адамдарды айқындау және анықтау;
б) өңіраралық, халықаралық қылмыстық байланыстарды, бақыланатын объектілердің орын ауыстыру арналарын және бағдарларын анықтау;
в) адам мен азаматтың құқықтарына, бостандықтарына, қоғамға, ұлттық кауіпсіздікке, мемлекетке қауіп төндіретін оқиғалар немесе әрекеттер туралы ақпарат алу;
г) халықаралық шарттарға сәйкес қылмыскерлікке қарсы күресте жәрдемдесу.
5-бап
ХБЖ өткізу барысында бақыланатын объектілерді:
а) қылмысты дайындайтын, жасайтын, жасаған адам;
б) орны ауыстырылатын бақыланатын объектінің сипаты туралы хабары жоқ адам;
в) Тараптың құзыретті органының қызметкері;
г) Тараптардың құзыретті органдарына құпия жәрдемдесетін адам ауыстырады.
6-бап
ХБЖ өткізудің шарттары мыналар болып табылады:
а) Тараптардың ұлттық заңнамасы тарапынан объективті кедергілер мен тыйым салулардың болмауын ескере отырып, ХБЖ өткізуге транзит мемлекетінің және межелі мемлекеттің құзыретті органдарының келісімінің болуы;
б) Тараптардың құзыретті органдарының мемлекеттік шекара арқылы заңсыз өткізілетін бақыланатын объектілерді анықтау фактісінің және (немесе) қылмысты әрекетін әшкерелеу мақсатында ХБЖ өткізу жоспарланып отырған адамдарға жария етілмеген және белгісіз, бақыланатын объектілерді мемлекеттік шекаралар арқылы алдағы орны ауысуы туралы осы органдардың хабардарлығының болуы;
в) ХБЖ бағдарының кез келген нүктесінде бақыланатын объектілерді алып қою үшін объективті мүмкіндіктердің болуы.
7-бап
1. Тараптың құзыретті органының сұрау салуы ХБЖ өткізу үшін негіз болып табылады,
2. ХБЖ өткізуге жіберілетін сұрау салуда мыналар болуға тиіс:
а) жөнелтуші мемлекеттің құзыретті органының және межелі мемлекеттің құзыретті органының атауы;
б) сұрау салудың негіздемесі мен мақсаты;
в) сұратылған жәрдемдесудің мазмұны;
г) ХБЖ өткізу тәсілдері, шарттары, орны, уақыты және тәртібі туралы ұсыныстар;
д) ХБЖ өткізу кезінде транзит мемлекетінің және межелі мемлекеттің аумағына әкелінетін ақпаратты жасырын алу (тіркеп белгілеу) құралдары туралы ақпарат;
е) бақыланатын объект туралы ақпарат;
ж) сұрау салуды тиісінше орындау үшін пайдалы болуы мүмкін өзге де ақпарат.
3. ХБЖ өткізуге сұрау салуға Тараптың құзыретті органының басшысы немесе оның орынбасары қол қояды, елтаңбалы мөрмен куәландырылады және жазбаша нысандар оның ішінде мәтінді берудің техникалық құралдарын пайдалана отырып жіберіледі. Сұрау салудың түпнұсқалығына немесе мазмұнына күмән туындаған жағдайда ХБЖ өткізуге қатысушы Тараптардың құзыретті органдары қосымша растауды сұрата алады.
8-бап
1. Транзит мемлекетінің құзыретті органы:
а) жөнелтуші мемлекеттің және межелі мемлекеттің құзыретті органдарын транзиттік қабылдау фактісі, бақыланатын объектінің орнының ауысу және сүйемелдену бағдары туралы, қосымша қорғау шараларының қолданылуы туралы жедел хабардар етеді, сондай-ақ қажет болған жағдайда құжаттандырудың техникалық құралдарын қолдана отырып, жасырын бакылау бойынша жедел-іздестіру іс-шараларының кешенін ұйымдастырады және жүргізеді;
б) мүдделі мемлекеттік органдармен келісу бойынша бақыланатын объектінің жүру бағдары бойынша қауіпсіз орын ауыстыруын қамтамасыз етеді;
в) осы Шарттың 5-бабының "в" және "г" тармақтарында көрсетілген адамдар ХБЖ-ға қатысқан жағдайда, аталған адамдардың қауіпсіздігін, жәрдемдесудің құпиялылығын, іс-шараның астыртын болуын қамтамасыз ету үшін қажетті шараларды қабылдайды;
г) осы Шарттың 9-бабында көзделген негіздердің бірі болған кезде жөнелтуші мемлекеттің және межелі мемлекеттің құзыретті органдарын ХБЖ тоқтатылғаны туралы дереу хабардар етеді.
2. Межелі мемлекеттің құзыретті органы:
а) жөнелту мемлекетінің және транзит мемлекетінің құзыретті органдарын бақыланатын объектіні қабылдау және сүйемелдеу фактісі туралы, сондай-ақ қосымша қорғау шараларының қолданылуы туралы жедел хабардар етеді;
б) бақыланатын объектінің және қылмыстық әрекетке қатысы бар адамдардың орын ауыстыруын жасырын бақылау бойынша жедел-іздестіру іс-шараларының және өзге де іс-шаралардың кешенін ұйымдастырады және өткізеді;
в) осы Шарттың 5-бабының "в" және "г" тармақтарында көрсетілген адамдар ХБЖ-ға қатысқан жағдайда көрсетілген адамдардың қауіпсіздігін, жәрдемдесудің құпиялыдығын, астыртын болуын, аталған адамдарды олардың өміріне және денсаулығына қауіп төндірмей іс-шарадан қауіпсіз шығаруды толық көлемде қамтамасыз етеді;
г) қылмыстық топ мүшелерінің (жеткізуді ұйымдастырушылардың, курьерлердің, жүк алушылардың) жеке басын анықтайды, өз мемлекетінің аумағында оларды ұстауды және бақыланатын объектіні алып қоюды жүзеге асырады;
д) жөнелтуші мемлекеттің және транзит мемлекетінің құзыретті органдарын ХБЖ-ға байланысты процестік шешімдердің қабылданғаны туралы уақтылы хабардар етеді;
е) осы Шарттың 9-бабында көзделген негіздердің бірі болған кезде жөнелтуші мемлекеттің және транзит мемлекетінің құзыретті органдарын ХБЖ тоқтатылғаны туралы дереу хабардар етеді.
9-бап
ХБЖ-ны тоқтату үшін мыналар негіздер болып табылады:
ж) оны шешу үшін ХБЖ жүзеге асырылған міндеттердің орындалуы;
з) бақыланатын объектінің орнын ауыстыруды жүзеге асыратын адамның өмірі мен денсаулығына қатердің туындауы;
и) бақыланатын объектінің жоғалуына алып келуі мүмкін немесе ХБЖ-ны одан әрі өткізуді орынсыз ететін жағдайлардың туындауы;
к) қылмыстық әрекетін әшкерелеу мақсатында ХБЖ өткізілген адамдардың ХБЖ өткізу фактісінің анықталуы;
л) ХБЖ-ның одан әрі өткізілуін мүмкін етпейтін өзге де мән-жайлар.
10-бап
1. Осы Шарттың 8-бабы 2-тармағының "д" тармақшасында көзделген хабарламаны алғаннан кейін жөнелтуші мемлекеттің және транзит мемлекетінің құзыретті органдары қылмыстық іске ықтимал қосу үшін межелі мемлекеттің құзыретті органына дәлелді маңызы бар материалдарды жібере алады.
2. Егер Тараптар өзгеше келіспесе, ХБЖ нәтижелерін Тараптардың әрқайсысының құзыретті органдары өзінің ұлттық заңнамасына сәйкес ресімдейді.
11-бап
ХБЖ-ны жүзеге асыру кезінде Тараптардың құзыретті органдары аумағында бақыланатын объектілерді алып қою немесе ауыстыру жүзеге асырылатын Тараптың ұлттық заңнамасында айқындалатын тәртіппен оларды толық немесе ішінара алып қоюы немесе ауыстыруы мүмкін.
12-бап
Егер Тараптар өзгеше келіспесе, транзит мемлекетінің және межелі мемлекеттің құзыретті органдары жөнелтуші мемлекет есебінен ХБЖ тоқтатылғаннан кейін қылмыс жасау құралдары ретінде пайдаланылатын, оның ішінде қылмыстық істер бойынша заттай дәлелдемелер болып табылатын көлік құралдарын жөнелту мемлекетіне қайтаруды қамтамасыз етеді.
13-бап
Транзит мемлекетінің және межелі мемлекеттің құзыретті органдары Тараптардың алдын ала уағдаластығы бойынша олардың аумағына кедергісіз әкелу және одан ХБЖ өткізу кезінде пайдаланылатын ақпаратты жасырын алу (тіркеп белгілеу) қаражатын әкету, сондай-ақ ол аяқталғаннан кейін ХБЖ бастамашысына қайтару үшін қажетті шараларды қабылдайды.
14-бап
Осы Шартты қолдану және түсіндіру кезінде туындайтын Тараптар арасындағы даулы мәселелер мүдделі Тараптардың консультациялар мен келіссөздер жүргізуі арқылы шешіледі.
15-бап
Егер Тараптар өзгеше тәртіпті келіспесе, әрбір Тарап осы Шартты іске асыру барысында туындайтын шығыстарды өздері дербес көтереді.
16-бап
Тараптардың құзыретті органдары осы Шарт шеңберінде ынтымақтастықты жүзеге асыру кезінде жұмыс тілі ретінде орыс тілін пайдаланады.
17-бап
Осы Шартқа оның ажырамас бөліп болып табылатын өзгерістер енпзілуі мүмкін, олар тиісті хаттамамен ресімделеді.
18-бап
Осы Шарт оған қол қойған Тараптардың оның күшіне енуі үшін қажетті мемлекетішілік рәсімдерді орындағаны туралы үшінші хабарламаны депозитарий алған күннен бастап 30 күн өткен соң күшіне енеді.
Мемлекетішілік рәсімдерді кейінірек орындаған Тараптар үшін осы Шарт депозитарий тиісті құжаттарды алған күннен бастап 30 күн өткен соң күшіне енеді.
19-бап
Осы Шарт күшіне енгеннен кейін оның ережелерін мойындайтын және осындай қосылу туралы құжаттарды депозитарийге беру арқылы осы Шарттың мақсаттарын, міндеттерін бөлісетін Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығына кез келген қатысушы мемлекеттің оған қосылуы үшін ашық.
Қосылатын мемлекет үшін осы Шарт депозитарий қосылу туралы тиісті құжатты алған күннен бастап 30 күн өткен соң күшіне енеді.
20-бап
Осы Шарт белгіленбеген мерзімге жасалады.
Әрбір Тарап депозитарийге Шарттан шығу ниеті туралы жазбаша хабарламаны шыққанға дейін алты айдан кешіктірмей жолдай отырып және Шарттың қолданылу уақытында туындаған қаржылық және өзге де міндеттемелерді реттей отырып, осы Шарттан шыға алады.
Осы Шарттың қолданылуын тоқтату Тараптардың осы Шарт бойынша құпия ақпаратты қорғау жөніндегі міндеттемелерін тоқтатуға алып келмейді.
_______________жылы__________________қаласында орыс тілінде бір түпнұсқа данада жасалды. Түпнұсқа данасы Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығының Атқарушы комитетінде сақталады, ол осы Шартқа қол қойған әрбір мемлекетке оның куәландырылған көшірмесін жібереді.