Қазақстан Республикасының Үкіметі ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:
1. "Қазақстан Республикасы Су ресурстары және ирригация министрлігінің кейбір мәселелері" туралы Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2023 жылғы 4 қазандағы № 863 қаулысына мынадай өзгерістер мен толықтырулар енгізілсін:
көрсетілген қаулымен бекітілген Қазақстан Республикасының Су ресурстары және ирригация министрлігі туралы ережеде:
12-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:
"12. Министрліктің кәсіпкерлік субъектілерімен Министрліктің өкілеттіктері болып табылатын міндеттерді орындау тұрғысынан шарттық қатынастарға түсуіне тыйым салынады. Егер Министрлікке заңдармен кірістер әкелетін қызметті жүзеге асыру құқығы берілсе, онда алынған кірістер, егер Қазақстан Республикасының заңнамасында өзгеше белгіленбесе, мемлекеттік бюджетке жіберіледі.";
14-тармақтың 2) тармақшасының алтыншы абзацы мынадай редакцияда жазылсын:
"заңдарда, Қазақстан Республикасы Президентінің және Қазақстан Республикасы Үкіметінің актілерінде көзделген өзге де өкілеттіктерді жүзеге асыру.";
24) тармақша мынадай редакцияда жазылсын:
"24) астананың, облыстардың және республикалық маңызы бар қалалардың жергілікті атқарушы органдарымен келісу бойынша ағымдағы және болашақ кезеңдерде кәсіптердің өзектілігін ескере отырып еңбек нарығының кәсіптік біліктілікті тануға сұранысын қалыптастырады;";
мынадай мазмұндағы 37-1), 37-2) және 37-3) тармақшалармен толықтырылсын:
"37-1) "Б" корпусының әкімшілік мемлекеттік лауазымдарына қойылатын біліктілік талаптарын "Б" корпусының әкімшілік мемлекеттік лауазымдарына қойылатын үлгілік біліктілік талаптары негізінде мемлекеттік қызмет істері жөніндегі уәкілетті органмен келісу бойынша бекітеді;
37-2) мемлекеттік заңды тұлғаларда басқарушылық функцияларды атқарумен байланысты лауазымдарға қойылатын біліктілік талаптарын мемлекеттік заңды тұлғаларда басқарушылық функцияларды атқарумен байланысты лауазымдарға қойылатын үлгілік біліктілік талаптары негізінде мемлекеттік қызмет істері жөніндегі уәкілетті органмен келісу бойынша бекітеді;
37-3) мемлекеттік қызметшілер еңбек тәртіптемесінің үлгілік қағидалары негізінде еңбек тәртіптемесінің қағидаларын бекітеді;";
мынадай мазмұндағы 116-1) тармақшамен толықтырылсын:
"116-1) өз құзыреті шегінде инвестицияларды тартады және инвестициялық жобаларды сүйемелдейді;";
121) тармақша мынадай редакцияда жазылсын:
"121) астананың, облыстардың және республикалық маңызы бар қалалардың жергілікті атқарушы органдарының су қорын қорғау және пайдалану саласында өздеріне жүктелген функцияларды сақтауын мемлекеттік бақылауды жүзеге асырады;";
137) тармақша мынадай редакцияда жазылсын:
"137) мыналарды:
жер учаскесіне құқық беруді, жерге орналастыру жобасын және су қоры жерлерінің құрамынан және су қорғау аймақтары шегінде жер учаскесінің нысаналы мақсатын өзгертуді;
аумақтардың қала құрылысын жоспарлаудың кешенді схемаларын, елді мекендердің бас жоспарларын, егжей-тегжейлі жоспарлау жобаларын;
су қорын қорғау, су ресурстарын пайдалану және су шаруашылығы жүйелерін дамыту жөніндегі іс-шаралар бөлігінде астананың, облыстардың және республикалық маңызы бар қалалардың даму жоспарларын;
жергілікті маңызы бар балық шаруашылығы су айдындарының және (немесе) учаскелерінің тізбесін;
су шаруашылығы құрылысжайлары және (немесе) гидротехникалық құрылысжайлар бар балық шаруашылығы су айдындарының және (немесе) учаскелерінің тізбесін балық аулауды және аквашаруашылықты жүргізу үшін конкурсқа шығарғанға дейін келісуді жүзеге асырады;";
143) тармақша мынадай редакцияда жазылсын:
"143) реттелетін саладағы мәселелер бойынша астананың, облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың жергілікті атқарушы органдарымен және басқа да мүдделі мемлекеттік органдармен өзара іс-қимыл жасайды;";
207) тармақша мынадай редакцияда жазылсын:
"207) заңдарда, Қазақстан Республикасы Президентінің және Қазақстан Республикасы Үкіметінің актілерінде көзделген өзге де өкілеттіктерді жүзеге асырады.";
3-тараудың тақырыбы мынадай редакцияда жазылсын:
"3-тарау. Министрліктің бірінші басшысының мәртебесі, өкілеттіктері және аппарат басшысының өкілеттіктері";
мынадай мазмұндағы 1-1) тармақшамен толықтырылсын:
"1-1) Министрліктің аппарат басшысын лауазымға тағайындайды және лауазымнан босатады;";
2) тармақша мынадай редакцияда жазылсын:
"2) Министрлік ведомстволарының басшыларын лауазымдарға тағайындайды және лауазымдарынан босатады;";
мынадай мазмұндағы 2-1) тармақшамен толықтырылсын:
"2-1) Министрліктің ведомстволық бағынысты ұйымдарының басшыларын лауазымдарға тағайындайды және лауазымдарынан босатады;";
3) тармақша мынадай редакцияда жазылсын:
"3) Қазақстан Республикасының Құрылтайында, өзге де мемлекеттік органдар мен ұйымдарда Министрліктің атынан өкілдік етеді;";
22-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:
"22. Министрліктің аппаратын аппарат басшысы басқарады.";
мынадай мазмұндағы 22-1-тармақпен толықтырылсын:
"22-1. Министрліктің аппарат басшысының өкілеттіктері:
1) Министрлікке жүктелген мақсаттарды іске асыруды ұйымдастырады;
2) өз құзыреті шегінде Министрліктің құрылымдық бөлімшелерінің қызметін ұйымдастырады, үйлестіреді және бақылайды;
3) Министрліктің, оның ведомстволары мен аумақтық бөлімшелерінің қызметін материалдық-техникалық, ұйымдық-құқықтық және қаржылық қамтамасыз етуді ұйымдастырады;
4) Министрлік штат санының лимиті шегінде Министрліктің штат санын және штат кестесін Министрліктің бірінші басшысы келіскеннен кейін бекітеді;
5) Министрліктің даму жоспарын іске асыру жөніндегі жұмысты ұйымдастырады;
6) қажет болған кезде Министрліктің ұзақ мерзімді, перспективалы, жылдық және тоқсандық жұмыс жоспарларын бекітеді, олардың іске асырылуын қамтамасыз етеді;
7) еңбек қатынастары мәселелері Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес жоғары тұрған мемлекеттік органдар мен лауазымды адамдардың (органдардың) құзыретіне жатқызылған мемлекеттік қызметшілерді қоспағанда, Министрліктің бірінші басшысымен келісу бойынша Министрліктің бірінші басшысы немесе оның орынбасарлары жетекшілік ететін Министрліктің департаменттері мен дербес басқармаларының басшыларын лауазымдарға тағайындайды және лауазымдарынан босатады;
8) еңбек қатынастары мәселелері Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес жоғары тұрған лауазымды адамдардың (органдардың) құзыретіне жатқызылған мемлекеттік қызметшілерді қоспағанда, Министрлік аппаратының мемлекеттік қызметшілерін лауазымдарға тағайындайды және лауазымдарынан босатады;
9) Министрліктің тәртіптік және конкурстық комиссияларының қызметіне жалпы басшылықты жүзеге асырады;
10) қызметтік тәртіптің сақталуын бақылауды жүзеге асырады;
11) еңбек қатынастары мәселелері жоғары тұрған лауазымды адамдардың (органдардың) құзыретіне жатқызылған мемлекеттік қызметшілерді қоспағанда, Министрліктің мемлекеттік қызметшілерінің тәртіптік жауаптылығы мәселелерін шешеді;
12) еңбек қатынастары мәселелері жоғары тұрған лауазымды адамдардың (органдардың) құзыретіне жатқызылған мемлекеттік қызметшілерді қоспағанда, Министрліктің мемлекеттік қызметшілерін іссапарға жіберу, оларға демалыс беру, материалдық көмек көрсету, даярлау, қайта даярлау және біліктілігін арттыру, көтермелеу, үстемеақылар төлеу мәселелерін шешеді;
13) Министрліктің мемлекеттік сатып алу саласында жалпы басшылықты жүзеге асырады;
14) Министрліктің бюджеттік сұранымын дайындауды қамтамасыз етеді, бюджеттік сұранымды Министрліктің бірінші басшысына ұсынады, сондай-ақ бюджет процесінің өзге де рәсімдерін орындайды;
15) өз құзыреті шегінде Қазақстан Республикасының сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл туралы заңнамасы талаптарының орындалуын қамтамасыз етеді;
16) Министрліктің мемлекеттік саяси қызметшілері қабылдаған шешімдердің орындалу барысын бақылайды;
17) Қазақстан Республикасының заңнамасында айқындалған өзге де өкілеттіктерді жүзеге асырады.
Өзіне жүктелген лауазымдық міндеттерді орындау үшін аппарат басшысы жеке қолданылатын құқықтық актілерді қабылдауға құқылы.".
2. Осы қаулы қол қойылған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі.
|
Қазақстан Республикасының Премьер-Министрі |
О. Бектенов |