1. Қоса беріліп отырған "Көмір генерациясын дамыту" ұлттық жобасы (бұдан әрі – Ұлттық жоба) бекітілсін.
2. Ұлттық жобаны іске асыруға жауапты орталық, жергілікті атқарушы органдар және өзге де ұйымдар (келісу бойынша):
1) ұлттық жобаны іске асыру жөніндегі шараларды қабылдасын;
2) Қазақстан Республикасындағы мемлекеттік жоспарлау жүйесіне сәйкес Қазақстан Республикасының Энергетика министрлігіне Ұлттық жобаның орындалу барысы туралы ақпарат беріп тұрсын.
3. Осы қаулының орындалуын бақылау Қазақстан Республикасының Энергетика министрлігіне жүктелсін.
4. Осы қаулы қол қойылған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі.
|
Қазақстан Республикасының Премьер-Министрі |
О. Бектенов |
| Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2026 жылғы 20 наурыздағы № 184 қаулысымен бекітілген |
"Көмір генерациясын дамыту" ұлттық жобасы
1. Паспорт
2. Ағымдағы жағдай
Қазақстан Республикасының біртұтас электр энергетикалық жүйесі базалық жүктемені жабуды және оның жұмыс істеуінің орнықтылығын қамтамасыз ететін көмір генерациясына жоғары тәуелділікпен сипатталады.2026 жылғы 1 қаңтардағы жағдай бойынша Қазақстан Республикасында электр энергиясын өндіруді әртүрлі меншік нысанындағы 248 электр станциясы жүзеге асырады, олардың жалпы белгіленген қуаты 26806,9 МВт құрайды. Қазба отын түрлерімен жұмыс істейтін дәстүрлі энергия көздеріне жиынтық белгіленген қуаты 20525,86 МВт болатын 81 бірлік жатады.
Тарихи тұрғыдан еліміздің генерациялайтын қуаттарының негізін көмір генерациясы құрады. Қазақстандағы көмір қорының 90 %-дан астамы елдің солтүстік-шығыс және орталық өңірлерінде: Қарағанды және Торғай көмір бассейндері, Шұбаркөл, Жалын кен орындары, елдің солтүстік-шығыс өңірінде – Екібастұз және Майкүбі көмір бассейндері мен Қаражыра кен орны орналасқан, осыған байланысты Екібастұз ГРЭС, Ақсу ГРЭС, Петропавл ЖЭО, "Топар" БТЭС, Павлодар ЖЭО сияқты аса ірі электр станциялары негізінен энергия жүйесінің солтүстік аймағында орналастырылған, бұл электр энергетикасы саласының көмір өндіру мен тасымалдаудың орнықтылығына жүйелі тәуелділігін алдын ала айқындайды.
Таза көмір технологияларына негізделген көмір генерациясы елді үздіксіз электрмен жабдықтауды қамтамасыз ету мәселесінің сапалы шешімі болып табылады. Әсіресе соңғы жылдары тұтынудың өсу қарқынын (өсім 4,5 млрд кВт·сағ-тан астам) ескерсек, сондай-ақ қажеттіліктерін күн және жел генерациясы арқылы қамтамасыз ету мүмкін болмайтын, ақпараттық технологиялар саласындағы энергияны көп қажет ететін, жария етілген жобалардың (дата-орталықтар) және жасанды интеллектінің кеңінен енгізілу аясында көмір жобалары өзекті бола түсуде. Бұл ретте көмір электр станциялары қажеттіліктерді жабудың базасы ретінде тек Қазақстанда ғана танылмаған.
Мәселен, егер бұрын Жапония 2030 жылға қарай көмір жағатын жылу электр станцияларының 90 %-ынан бас тартуды жоспарласа, 2026 жылғы жағдай бойынша көмір барлық электр энергиясының шамамен 30 %-ын қамтамасыз етеді. Жапония үшін көмір станциялары импортталатын сұйытылған табиғи газдың қымбат болуы мен жаңартылатын энергия көздерінің тұрақсыздығы жағдайында энергия жүйесінің тұрақты жұмысын қамтамасыз етудің шешімі болып қала береді.
Америка Құрама Штаттары үшін суық түскен кезде көмір электр станциялары бірқатар өңірлерді жылыту үшін энергия тұтынудың артуын жабуға мүмкіндік берді. Бұдан басқа, АҚШ дата-орталықтардың саны бойынша әлемде көшбасшы болып табылады – 4 мыңнан астам объект немесе әлемдегі барлық дата-орталықтардың шамамен 38 %-ы, бұл Amazon, Google және Microsoft сияқты ІТ-алпауыттардың бұлттық инфрақұрылыммен жұмыс істеуіне байланысты. Бұл ретте жасанды интеллект пен криптовалюта инфрақұрылымдары үшін деректерді сақтау орындары көлемінің ұлғаюы байқалады.
Осылайша, көмір генерациясын әрі қарай дамыту қажеттігінің негізгі себебі цифрлық жүйелер үшін деректер өңдеу орталықтарын, сондай-ақ нақты сектор мен өнеркәсіптік кешеннің ірі кәсіпорындарын қоса алғанда, энергияны көп қажет ететін жаңа тұтынушылар тарапынан электр энергиясына сұраныстың болжамды өсуі болып табылады.
Сонымен қатар Қазақстан Республикасындағы экономикалық және өнеркәсіптік өсім экономиканың энергияны көп қажет ететін салаларын дамыту үшін орнықты құрылымдық шектеулерді қалыптастыра отырып, генерациялайтын қуаттарды іске қосу және жаңғырту қарқынынан озуда.
2020 – 2024 жылдар кезеңінде Қазақстан Республикасы экономикасының өсуі 94 %-ды құраса, электр энергиясын өндіру көлемі тек 6 %-ға ұлғайды, бұл экономикалық даму серпініне қатысты генерациялайтын қуаттарды мерзімінен бұрын енгізілмеуін көрсетеді.
Халықаралық тәжірибе орнықты өнеркәсіптік өсім электр энергиясын генерациялаудың озыңқы қарқынмен өсуі жағдайында қамтамасыз етілетінін көрсетті, өйткені сұраныстың өсу қарқыны генерацияны жаңарту және кеңейту қарқынынан асып кетсе, электр қуатының тапшылық тәуекелі және энергияны көп қажет ететін салалардың дамуы үшін шектеулер қалыптасады. Кейіннен қаржылық салымдар салу орынсыз болатын, демек шығарылуға жататын энергия көздерін атап өту маңызды болып саналады.
Энергиямен жабдықтаудың сенімділігіне әсер ететін маңызды қосымша фактор электр станциялары жабдықтарының физикалық және моральдық тозуының жоғары деңгейі болып табылады, бұл белгіленген қуатқа қатысты қолжетімді қуаттың төмендеуіне әсер етеді және әсіресе ең жоғары жүктеме кезеңінде авариялық ажыратулардың ықтималдылығын арттырады. Аталған шектеулер электр тұтынудың өсу қарқыны мен қолданыстағы генерациялайтын қуаттарды жаңарту арасында сақталып отырған айырмашылық аясында көрінеді.
Қуат алшақтықтарының проблемалары
Жүргізілген талдау көмір жағатын энергия көздерінің басым бөлігінде (29 электр станциясының 23-інде) белгіленген және қолжетімді қуат арасында айырмашылық байқалатынын көрсетті. "Бұғатталған" электр қуатының жиынтық көлемі 2,4 ГВт-тан асады.
Себептер сипаты бойынша техникалық және маусымдық болып бөлінеді. Техникалық себептерге мыналар жатады: жабдықты жөндеуге шығару немесе жай-күйі бойынша шектеулер, отынның жобалық параметрлерінің орындалмауы, қазандық жабдықтарындағы қождың түзілуі, күл жиналуы және қыздыру беттерінің тозуы бойынша шектеулер. Маусымдық себептерге жазғы кезеңде жылумен жабдықтау жүктемесінің болмауы, сондай-ақ салқындатқыш судың температурасы (циркуляциялық судың жоғары температурасы конденсатордағы вакуумды нашарлатады) жатады.
Осылайша, техникалық, маусымдық және пайдалану факторларының жиынтығы бірнеше толыққанды электр станциясына тең келетін қуат шектеуін қалыптастырады.
Техникалық шешімдер бөлігінде мәселенің шешімі паспорттық параметрлерді қалпына келтіру (қыздыру беттерін, турбина қалақтарын, генераторларды ауыстыру) және қосалқы жабдықтарды (градирнялар, диірмендер, тартқыш-үрлегіш машиналар, отын беру) нақтылы жаңғырту, отын құрамдасы бөлігінде – жұмыс режимдерін жеткізілетін көмір сапасына сәйкестендіру, алдын ала дайындау (кептіру, сұрыптау, фракциялық құрамды тұрақтандыру) болуы мүмкін.
Талдауға сәйкес өнеркәсіптік 17 ірі кәсіпорын Қазақстан Республикасында барлық генерацияланатын электр энергиясының шамамен 30 %-ын тұтынады, бұл жүйе құраушы тұтынушылардың шектеулі тобында сұраныстың жоғары шоғырлануын көрсетеді. Аталған кәсіпорындар, әдетте, көмір генерациясынан жабдықталады және олармен технологиялық тұрғыдан байланысты, бұл тұрақты базалық әзірлеуді қажет ететін үздіксіз және энергия сыйымды өндірістік процестердің сипатымен шарттасқан.
Орталықтандырылған генерацияның қолжетімді қуатының тапшылығы жағдайында ірі өнеркәсіптік тұтынушылардың электр энергиясымен өзін-өзі қамтамасыз ету деңгейін көмірге қатысты энергия көздерін жаңғырту және кеңейту есебінен арттыру өнеркәсіптік даму үшін сенімді энергетикалық негіз қалыптастыра отырып, біртұтас электр энергетикалық жүйеден (бұдан әрі – БЭЖ) электр энергиясын алуды азайтуға, орталықтандырылған қуаттарды босатуға және БЭЖ жұмысы режимдерінің орнықтылығын арттыруға мүмкіндік береді.
Осылайша, базалық генерацияны қоса алғанда, генерациялайтын қуаттарды озыңқы дамыту жасанды интеллект және цифрлық экономика саласындағы міндеттерді орнықты және дәйекті түрде іске асыру үшін қажетті шарт болып табылады.
Қазақстан Республикасының жағдайында көмір генерациясы базалық жүктемені жабуды және БЭЖ орнықтылығын қамтамасыз ететін электр энергетикалық кешеннің жүйе құраушы элементі мәртебесін сақтап қалады. Айнымалы генерация көздерінен айырмашылығы көмір жағатын жылу электр орталықтары электр энергиясын үздіксіз және болжамды өндіруді қамтамасыз етуге қабілетті, бұл деректерді өңдеу орталықтарының жұмыс істеуі үшін аса маңызды шарт болып табылады.
Бұл ретте ұлттық жоба шеңберінде көмір генерациясын пайдалану тиімділікті арттырудың заманауи технологияларын енгізумен, үлестік шығарындыларды азайтумен және энергетика объектілерін басқаруды цифрландырумен байланыста қарастырылуға тиіс. Мұндай тәсіл энергетикалық қауіпсіздік міндеттерін және орнықты дамудың ұзақмерзімді мақсаттарына сәйкестікті бір мезгілде шешуге мүмкіндік береді.
Экология
Көмір генерациясын дамыту бірқатар ерекшеліктермен байланысты болады. Газ генерациясымен салыстырғанда көмір генерациясы көмір жағудың шектен асатын параметрлерінің заманауи технологияларын қолданумен қатар көмірдің жоғары күлділігінен станциялардың экологиялық көрсеткіштерін жақсарту үшін қосымша қаржылық шығындарды да қажет етеді.
Жоғары технологиялық жабдықтар орнату көмір жағатын жаңа көмір станцияларын салу және жұмыс істеп тұрғандарын жаңғырту кезінде қосымша газ-күкірт тазалау жабдығы орнатылмайынша, экология заңнамасының нормасына қол жеткізуге мүмкіндік бермейді.
Қазақстанда бюджет қаражатын тартпай, электр қуаты нарығының қолданыстағы тетіктері шеңберінде көмір генерациясын салу бойынша бірқатар жобаларды жүзеге асыру жоспарланған. Жобалар Қазақстан Республикасының экология заңнамасының талаптарын сақтай отырып, отынды шектен асатын жағу технологиялары базасында көзделеді (қуаты 2640 МВт болатын Екібастұз ГРЭС-3, қуаты 700 МВт болатын Курчатов қаласындағы ГРЭС, қуаты 500 МВт болатын Жезқазған қаласындағы, сондай-ақ жиынтық қуаты 960 МВт болатын Көкшетау, Семей және Өскемен қалаларындағы ЖЭО).
Жаңа генерацияны салуға және қолданыстағы станцияларды жаңғыртуға арналған барлық жоба бойынша қолданыстағы экология заңнамасына сәйкес зиянды заттардың шығарындыларына қойылатын талаптар белгіленеді.
Энергия өндіру мақсатында қатты отын жағуды жүзеге асыратын жұмыс істеп тұрған энергия өндіретін қондырғыларға қатысты Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2024 жылғы 11 наурыздағы № 161 қаулысымен бекітілген Ең үздік қолжетімді техникалар бойынша "Энергия өндіру мақсатында ірі қондырғыларда отын жағу" қорытындысында ұсынылған технологиялық көрсеткіштерге қол жеткізу ЕҮҚТ енгізудің арнайы техникалық шарттарын және дербес тәсілді, станциялардың қазіргі жабдықтарының жинақталуына, технологиялық көрсеткіштерден болмай қоймайтын ауытқуды негіздейтін техникалық және экономикалық тиімділікке байланысты 16 жыл ішінде (бір қондырғыны үш жылдық жаңғырту шарттарына сүйене отырып) қамтамасыз етіледі.
Аталған көрсеткіштерге зиянды заттардың атмосфераға шығарындыларын Еуропалық Одақ талаптары мен Қазақстан Республикасының ең үздік қолжетімді техникаларды енгізу бойынша экология заңнамасы талаптарының деңгейінде қамтамасыз ететін заманауи технологиялық жабдықтарды қолдану есебінен қол жеткізілетін болады.
Мәселен, болашақ энергия көздерінің негізгі жабдықтары мен температураның шектен асатын параметрлерінде жұмыс істейтін болады, бұл шектен асатынға дейінгі режиммен салыстырғанда айтарлықтай анағұрлым жоғары ПӘК-ті қамтамасыз етеді (шамамен 5–6 пайыздық тармақтан жоғары), көмірді тұтыну мен ластаушы заттардың үлестік шығарындыларын қысқартады.
Шаң тұту және газ тазалау үшін халықаралық экологиялық талаптарға және Қазақстанда қолданылатын ЕҮҚТ нормаларына сәйкес келетін, қазандықтар өндіретін шығарындыларды кәдеге жарату жөніндегі мынадай шаралар кешені таңдалды:
– жеңдік сүзгілермен кешендегі электрсүзгілер күл мен қатты бөлшектерді тиімді тұтуды қамтамасыз етеді, бұл атмосфераға шығарындыларды азайтауға мүмкіндік береді;
– NOₓ катализдік қалпына келтіру (SCR) – азот оксидтерінің шығарындыларын нормативтік мәндерге дейін төмендетуді қамтамасыз ететін селективті катализдік қалпына келтіру технологиясы;
– абсорбердегі SO₂ ылғалды десульфурациясы – әктасты пайдалана отырып, түтін газдарынан күкірт оксидтерін жою әдісі, бұл SO₂ концентрациясын талап етілетін шектерге дейін төмендетуге мүмкіндік береді.
Сонымен қатар аталған түтін газдарын тазалау технологиялары ластаушы заттардың (шаң, SOₓ, NOₓ) шығарындыларын азайтуға және экология заңнамасының талаптарына сәйкестікті қамтамасыз етуге бағытталғанын атап өту қажет, алайда парниктік газдардың, бірінші кезекте көміртегі диоксидінің (CO2) шығарындыларын қысқартуды қамтамасыз етпейді.
Көмір генерациясы Қазақстан Республикасының электр энергиясын базалық өндіру құрылымында сақталған жағдайда көмірқышқыл газын тұту, тасымалдау және сақтау технологияларын (КТС, Carbon Capture and Storage, CCS) ендіру көмір жағатын энергия көздерінің экологиялық орнықтылығын ұзақмерзімді арттырудың және халықаралық климаттық талаптарға сәйкестікті қамтамасыз етудің қажетті элементі болып табылады.
Бұл ретте ағымдағы сәтте Қазақстан Республикасында CO₂ тасымалдау инфрақұрылымын, расталған геологиялық сақтау алаңдарын, мониторингтеу және верификациялау әдістемелерін, сондай-ақ CO₂ сақтауға қойылатын қауіпсіздік талаптары мен жауапкершілікті айқындайтын нормативтік-құқықтық реттеуді қоса алғанда, КТС жұмыс істеп тұрған өнеркәсіптік жобалары жоқ, осыған байланысты ұлттық жоба шеңберінде КТС іс-шараларын ғылыми-зерттеу және тәжірибелік-конструкторлық жұмыстардан (ҒЗТКЖ), жобалау алдындағы дайындықтан және пилоттық демонстрациялық жобалардан кезең-кезеңімен бастап іске асыру орынды болып табылады.
Қазақстан Республикасының Париж келісімі, БҰҰ-ның Климаттың өзгеруі туралы негіздемелік конвенциясы шеңберінде парниктік газдар шығарындыларын қысқарту жөніндегі халықаралық міндеттемелерін орындауды қамтамасыз ету, сондай-ақ парниктік газдар шығарындыларын 1990 жылғы деңгейден 2035 жылға қарай 17 пайызға қысқарту бойынша шартсыз мақсатты көздейтін "2035 жылға дейін климаттың өзгеруіне жаһандық ден қоюға Қазақстан Республикасының ұлттық деңгейде айқындалатын үлесін бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2026 жылғы 26 қаңтардағы қаулысын іске асыру мақсатында климаттық реттеудің электр және жылу энергетикалық қуаттың сенімділігі мен жеткіліктілігін қамтамасыз ету міндеттерімен келісілуін қамтамасыз ету қажет.
Парниктік газдар шығарындыларын реттеу парниктік газдар шығарындыларына квоталар саудасы жүйесі және белгіленген көміртегі бюджеті негізінде қалыптастырылатын Көміртегі квоталарының ұлттық жоспарын іске асыру арқылы іске асырылатынын ескере отырып, генерациялайтын қуаттарды дамыту параметрлерін көміртектік реттеу тетіктерімен үндестіру талап етіледі. Энергетикалық қауіпсіздік үшін жүйелі тәуекелдердің туындауына жол бермеу және электр энергетикасында кезең-кезеңімен технологиялық көшу процесін қамтамасыз ету мақсатында мыналар ұсынылады:
– тегін бөлінетін квоталар көлемін жыл сайын 2,31 пайыздан аспайтындай мөлшерде Экология кодексінің ережелеріне сәйкес азайтуды көздей отырып, генерациялайтын қуаттардың болжамды өсуін және орнықты энергиямен жабдықтауды қамтамасыз ету қажеттілігін ескере отырып, электр энергетикасы ұйымдары үшін тегін бөлінетін квоталарды кезең-кезеңімен қысқарту траекториясын белгілеу;
– жаңа, жаңғыртылатын және кеңейтілетін генерациялайтын объектілер үшін мұндай объектілер белгіленген тиімділік және үлестік шығарындылар көрсеткіштеріне сәйкес келген жағдайда инвестициялық жобалардың өтелу мерзімдерімен деңгейлес ұзақмерзімді кезеңге арналған төмендету коэффициенттерін қолданбай, кепілдік берілген квоталар көлемін көздеу;
– квоталау жөніндегі міндеттемелерді орындау икемділігін арттыру мақсатында салаға және түпкі тұтынушыларға жиынтық жүктемені ұлғайтпай, технологиялық және экономикалық негіздеме болған кезде бір тұлғалар тобы шегінде кәсіпорындар арасында квоталарды қайта бөлу мүмкіндігін бекіту;
– жөндеу және инвестициялық бағдарламалар көлемінің төмендеуіне және энергиямен жабдықтау сенімділігінің нашарлауына жол бермеу үшін электр және жылу энергиясына шекті тарифтерді қалыптастыру кезінде қосымша квоталарды сатып алуға жұмсалған нақты шығыстарды, сондай-ақ әкімшілік өндіріп алуды төлеу шығыстарын (міндеттемелерді орындаудың баламалы тетіктері болмаған жағдайда) есепке алуды қамтамасыз ету;
– реконструкциялау және жабдықтарды жөндеуді жүргізу кезінде өндіру көлемінің уақытша төмендеуі салдарынан бұрын бөлінген квоталарды автоматты түрде қайта қарауға (алып қоюға) жол бермеуді қоса алғанда, жаңғырту және ең үздік қолжетімді технологияларды енгізу кезеңінде квоталау режимінің болжамдылығын қамтамасыз ету.
Ұсынылып отырған шешімдерді Көміртегі квоталарының 2026 – 2030 жылдарға арналған ұлттық жоспарын әзірлеу кезінде ескеру қажет.
Қаржыландыру
Өткен жылдары жобаларға бастама жасаудағы негізгі проблема көмірге қатысты жобаларды әлемдік қаржы институттарының көміртегі бейтараптығы бойынша қабылданған жаһандық міндеттемелер аясында қаржыландырудан бас тартуы болды.
Ағымдағы макроэкономикалық жағдайда Қазақстан Республикасында көмір генерациясы объектілерін салу және жаңғырту бойынша стратегиялық бастамаларды іске асыру да сыртқы және ішкі қаржыландыруға қолжетімділіктің шектеулі жағдайында жүзеге асырылады.
Бұл ретте экология саласындағы қолданыстағы заңнама шеңберінде Париж келісімінің қабылданған шарттарына байланысты елдегі станциялар үшін ластаушы заттардың шығарындылары бойынша жоғары экологиялық көрсеткіштер қолданылады, бұл да қосымша тазарту жабдықтарын орнату қажеттілігіне байланысты қосымша қаржылық жүктеме туғызады.
Париж келісімінде бекітілген жаһандық климаттық күн тәртібі және ESG қағидаттарының корпоративтік стандарттарға кеңінен енгізілуі халықаралық қаржы институттарының басым бөлігінің көмір саласын кредиттеуді тоқтатуына алып келді. Халықаралық даму банктері (ЕҚДБ, АДБ, Дүниежүзілік банк) және ЭЫДҰ елдерінің экспорттық-кредиттік агенттіктері көміртекті тұту технологияларынсыз көмір станцияларын қолдауға тыйымды енгізді, бұл тиімділігі жоғары технологиялардың өзіне де жеңілдікті қорландыруды тарту мүмкіндігін болдырмайды.
Халықаралық тәжірибені талдау энергетикалық қауіпсіздік мәселелері климаттық декларациялардан басым болатын көмір генерациясын қолдаудағы мемлекет рөлінің күшею үрдісін көрсетеді. Әлемде аса ірі көмір генерациясының болуына қарамастан, Қытай Халық Республикасында 2021 жылдан бастап "Белдеу және жол" бастамасы шеңберінде шетелдегі жаңа көмір жобаларын қаржыландыруға тыйым салу қолданылады. Бұл ретте Қытайдың өзінде энергетикалық дағдарыстарды болғызбау мақсатында жыл сайын ұлттық энергия қауіпсіздігі мүддесінде әрекет ететін мемлекеттік банктер мен мамандандырылған қорлардың ішкі ресурстары есебінен қаржыландырылатын ондаған гигаватт болатын жаңа көмір қуаттарын енгізуге рұқсат беріледі (2025 жылы жиынтық қуаты шамамен 161 ГВт болатын жоба мақұлданған).
Америка Құрама Штаттарының энергетикалық стратегиясын жаңа әкімшіліктің қайта қарауы айрықша көңіл бөлуді талап етеді. Деректерді өңдеу орталықтары мен жасанды интеллектінің дамуына байланысты электр тұтынудың айтарлықтай өсуі аясында (осы секторда болжанатын тұтынудың өсімі 2030 жылға қарай АҚШ жалпы генерациясының 9 %-ына дейін құрайды) көмір жағатын станцияларды шығару жөнінде бұдан бұрын бекітілген жоспарлар тұрақты энергия жүйесі үшін тәуекелдер ретінде танылды. PJM Interconnection сияқты жүйелік операторлар қуат тапшылығын болжайды, бұл реттеушіні көмір активтерін пайдалану мерзімін ұзартуға және шығарындылар стандарттарын қайта қарауға мәжбүр етеді. АҚШ-тың жаңа әкімшілігі көмір генерациясын ауа райы жағдайларына тәуелді болатын жаңартылатын энергия көздеріне қарағанда үздіксіз режимде жұмыс істей алатын сенімді базалық жүктеме көзі ретінде қарастыра отырып, "энергетикалық реализм" бағытын жариялайды. Осы прецедент көмір генерациясын технологиялық даму жағдайында егемендіктің кепілі ретінде сақтаудың негізділігін растайды.
Кадрларды дамыту
Электр энергетикасы саласында байқалып отырған білікті кадрлардың тұрақтамауы мәселесі өзекті болып тұр. 2025 жылы Жоғары аудиторлық палата жүргізген соңғы салалық аудит кадр тапшылығы шамамен 4,5 мың энергетикті құрайтынын анықтады.
Кадрлардың жетіспеушілігі мен тұрақтамауының негізгі себептері ауыр еңбек жағдайларымен қатар, тарифтік саясатпен шарттасқан жалақының төмен деңгейде болуына, әлеуметтік пакеттің болмауына, энергетика саласындағы персоналдың біліктілігін арттыруға және қайта даярлауға арналғанға қаражаттың жеткіліксіздігіне негізделеді.
Мамандардың тау-кен және мұнай сияқты табысы жоғары сабақтас салаларға ауысып кету мәселесі өткір тұр.
Бұдан басқа, кадрлардың табиғи қартаюын да ескеру қажет, бүгінде мамандардың орташа жасы шамамен алғанда 50 (елу) жасты құрайды.
Білікті кадрларды ұстап қалу және салаға жас мамандарды тарту мәселесі өзекті және басым бағыт болып табылады.
Отандық тауар өндірісі
Қазіргі таңда Қазақстанда негізгі генерациялайтын жабдықтарды шығаруда елішілік қажеттілікті толық көлемде қамтамасыз ете алатын айтарлықтай өндірістік кластер қалыптаспаған.
Жаңа электр қуаттарын енгізу бойынша стратегиялық жобаларды іске асыру шетелдік өндірушілердің жабдықтары мен көрсетілетін қызметтерін импорттаумен тығыз байланысты, осы орайда отандық тауар өндірушілер көмір жағатын электр станцияларына арналған негізгі генерациялайтын жабдықтарды шығару сегментінде шектеулі түрде ұсынылған, олар негізінен жекелеген қосалқы және электр-техникалық компоненттерді шығарады. Алайда энергетикалық машина жасауда жергілікті қамтуды дамыту ірі тораптар өндірісін ынталандыруды, техникалық жарақтандыруды жаңғыртуды, кадрларды оқытуды, инжинирингті дамытуды қамтитын жүйелі тәсілді талап етеді.
Бұл ретте елде өнеркәсіптік база түріндегі жеткілікті әлеует қалыптасқан, ол тереңірек жергілікті орналастыру жағына қарай эволюциялануға қабілетті. Мәселен, металл конструкцияларын, корпустық элементтерді дайындау, ірі габаритті құрастыру бөлігінде құзыреттер бар, бұл кейіннен қазандық агрегаттарын, газөткізгіш арналарды, шаң дайындау жүйелерін, күл және қож шығару жүйелерін жергілікті орналастыруға көшуге мүмкіндік береді.
Сондай-ақ бу құбырлары, су трактілері, жылу алмасу жабдықтары үшін аса маңызды болып табылатын әртүрлі мақсаттағы болат құбырларды өндіру – қыздыру беттерінің элементтерін шығару дамыған. Электр-техникалық жабдықтар өндірісі жоғары бағаланады: кабельдік-өткізгіштік өнімдер, тарату құрылғылары, трансформаторлық жабдықтар, ТП БАЖ жүйелері – генераторлық трансформаторлар, күштік электроника өндірісі.
Көмір генерациясына жоспарланып отырған инвестициялардың ауқымын ескере отырып, ұлттық жоба отандық машина жасау өнімдеріне орнықты сұранысты қалыптастыратын және энергетика секторында жаңа өндірістік құзыреттерді дамытатын зәкірлі тетік бола алады.
Электр энергетикасы саласындағы уәкілетті орган тарапынан да отандық тауар өндірушілердің өнімдерін пайдалануды ынталандыратын шаралар көзделген.
Мәселен, инвестициялық бағдарламаларды қарау кезінде Қазақстан Республикасының Энергетика министрлігі қаралатын инвестициялық бағдарламалардың іріктеу өлшемшарттары бойынша баллдар қояды. Баллдар қойылғаннан кейін уәкілетті орган инвестициялық бағдарламалардың жиналған балл саны бойынша жиналған баллдар санының кемуі тәртібімен (жиналған балл саны ең жоғары инвестициялық бағдарламадан бастап жиналған балл саны ең төмен инвестициялық бағдарламаға дейін) сараланған тізімін жасайды.
Инвестициялық бағдарламаны іске асыру шеңберінде қолданылатын қазақстандық өндіріс тауарларының, жұмыстары мен көрсетілетін қызметтерінің үлесі неғұрлым жоғары болған сайын, берілетін баллдар саны соғұрлым жоғары болады.
Көмір өндіру және тасымалдау
Алдын ала бағалаулар бойынша тек қана жаңа энергия көздерін салу жобалары бойынша энергетикалық көмірге қосымша сұраныс жылына шамамен 20 млн тоннаны құрайды. Бұл ретте жұмыс істеп тұрған электр станцияларын кеңейту жоспарлануда, бұл да жағылатын отын көлемінің артуына алып келеді.
Осы жағдайларда отын-логистикалық орнықтылық мәселесі стратегиялық мәнге ие болады және генерация секторын дамыту жоспарларын көмір өндіру қуаттарын дамытумен, теміржол инфрақұрылымын жаңғыртумен, жартылай вагондар паркін кеңейтумен, станциялық тораптар мен кірме жолдардың өткізу қабілетін арттырумен үйлестіруді талап етеді. Энергия өндіруші ұйымдар тарапынан нормативтік көмір қорларын қамтамасыз ету және логистикалық іркілістер жағдайында орнықты жұмыс істеу мақсатында қойма үй-жайларын кеңейтуді жүзеге асыру және көмір беру жүйелерін жаңғырту қажет.
Кері жағдайда, көмірдің технологиялық ерекшеліктері, оның ішінде ұзақ сақтау кезінде құрылымдық бұзылу тәуекелі және соған байланысты қоймада жинауды шектеу аясында көмір өндіруші кәсіпорындар уақтылы тиеп-жөнелту мүмкін болмаған кезде өндіруді қысқартуға мәжбүр болады.
Энергетикалық көмірдің негізгі көлемі электр станцияларына магистральдық теміржол инфрақұрылым желісі арқылы едәуір қашықтықтарға жеткізілетінін назарға ала отырып, көліктік құрамдас отынның өзіндік құнына және соның салдарынан электр энергиясының түпкілікті тарифтеріне тікелей әсер етеді, осыған байланысты оны жоспардан тыс қайта қарауды болғызбай, магистральдық теміржол желісі операторының тарифтік саясатының тұрақтылығы мен болжамдылығын қамтамасыз ету талап етіледі.
Осылайша, көмір генерациясын дамыту көмір өндіру мен көлік инфрақұрылымын дамыту шараларын көздейтін, сондай-ақ электр қуаттарын енгізу жоспарларымен үйлестірілген кешенді отын-логистикалық бағдарламаны қалыптастырумен қатар жүруі тиіс.
Жалпы алғанда, электр энергетикасы саласы экономиканың орнықты жұмыс істеуінің негізі болып табылады. Электр энергиясын тұтынудың өсуі және генерациялайтын жабдықтың едәуір бөлігі тозуының жоғары деңгейі жағдайында жаңа генерациялайтын қуаттарды салуға, жұмыс істеп тұрған электр станцияларын жаңғыртуға, саланың кадрлық әлеуетін дамытуға, инвестициялық жобаларды қаржыландырудың орнықты тетіктерін қалыптастыруға, сондай-ақ электр энергетикасының сенімді отын-логистикалық базасын қамтамасыз етуге бағытталған шаралар кешенін бір мезгілде іске асыру талап етіледі.
Осыған байланысты Ұлттық жоба шеңберінде көмір генерациясы секторының жүйелі проблемаларын шешуді қамтамасыз ететін мынадай бағыттарды іске асыру көзделеді.
1-бағыт. Генерациялау секторын дамыту
1-міндет. Жаңа генерациялайтын қуаттарды салу
Электр энергиясын тұтынудың өсуі жағдайында генерациялайтын қуаттарды озыңқы дамыту және Қазақстан Республикасының БЭЖ-ің жұмыс істеу сенімділігін арттыру негізгі міндеттер болып табылады.
Мәселен, Қазақстан Республикасының БЭЖ-де жаңа генерациялайтын қуаттарды салуға және қолданыстағыларын қолдауға инвестициялар тартудың негізгі құралы 2019 жылдан бастап жұмыс істейтін электр қуаты нарығы болып табылады.
Электр қуаты нарығы генерациялау секторына инвестицияларды қайтарудың ұзақмерзімді кепілдіктерін беру, энергетикалық инфрақұрылымды озыңқы дамыту үшін жағдай жасау арқылы электр энергетикасы саласының инвестициялық тартымдылығын арттыруға бағытталған, бұл энергия жүйесінің сенімділігі мен орнықты жұмыс істеуін қолдап отыруға мүмкіндік береді.
Электр қуаты нарығы шеңберінде инвестициялық жобаларды іске асырудың бірқатар тетіктері көзделген:
– қатты отындағы ірі базалық энергия көздерін салуға тендерлер өткізу;
– жұмыс істеп тұрған энергия өндіруші ұйымдармен жұмыс істеп тұрған электр станцияларын жаңғыртуды, реконструкциялауды және кеңейтуді көздейтін инвестициялық келісімдер жасасу.
Тендерлік тетік энергия жүйесінде электр қуатының болжамды тапшылығы жағдайларында электр станцияларын салу жобаларын іске асыру үшін қолданылады. Осы тетік шеңберінде қазірдің өзінде жаңа электр станцияларын салудың бірқатар жобалары іске асырылуда:
– 2025 жылғы қарашада Екібастұз қаласында белгіленген қуаты 2640 МВт болатын конденсациялық электр станциясын салуға шарт жасалды;
– 2026 жылғы қаңтарда Курчатов қаласында қуаты 700 МВт болатын конденсациялық электр станциясын салуға шарт жасалды;
– Жезқазған қаласында қуаты 500 МВт болатын жылу электр орталығын салуға тендер өткізу жоспарлануда, онда "Сарыарқа" газ құбырының өткізу қабілетінің шектеулі болуына байланысты отын ретінде көмір қарастырылуда.
Аталған жобаларды бюджет қаражатын тартпай, электр қуаты нарығы шеңберінде жеке инвестициялар есебінен іске асыру жоспарлануда. Жаңа станциялар будың шектен асатын параметрлеріндегі жұмыс режимімен "таза көмірдің" заманауи технологияларын қолдана отырып салынатын болады. Жобаларда экология заңнамасының және ең үздік қолжетімді техникалардың талаптарына сәйкес келетін заманауи газ тазарту, шаң тұту және шаң басу жүйелерін пайдалану көзделеді.
Тендерлік тетіктен басқа, жаңа электр станцияларының құрылысы тікелей шарттар негізінде де жүзеге асырылады. Қазіргі уақытта Көкшетау, Семей және Өскемен қалаларында белгіленген жиынтық қуаты 960 МВт жобаларды іске асыру туралы келісімдер жасалды.
Аталған жобаларды іске асыру кезінде энергия тиімділігін арттыру, ресурс үнемдеу және қоршаған ортаға теріс әсерді барынша азайту басым өлшемшарттар болып табылады. Жобалық шешімдерде түтін газдарын тазартудың заманауи технологияларын қолдана отырып, шығарындылардың белгіленген экологиялық көрсеткіштеріне қол жеткізу көзделетін болады.
Жиынтығында көрсетілген жобаларды іске асыру 5,3 ГВт-тан астам жаңа генерациялайтын қуаттарды іске қосуды қамтамасыз етуге мүмкіндік береді, бұл электр энергиясын тұтынудың болжамды өсуін жабуға және тұрғындар мен ел экономикасын энергиямен жабдықтау сенімділігін арттыруға қосатын негізгі үлес болады.
2-бағыт. Жұмыс істеп тұрған энергия көздерін қайта жарақтандыру
2-міндет. Қолданыстағы энергетикалық активтерді жаңғырту
Жаңа электр станцияларын салумен қатар электр қуатына өсіп келе жатқан қажеттілікті жабудың түйінді бағыттарының бірі жұмыс істеп тұрған генерациялайтын қуаттарды жаңғырту және кеңейту болып табылады.
Бұл бағыт шеңберінде жұмыс істеп тұрған электр станцияларының негізгі және қосалқы жабдықтарын жаңғырту, реконструкциялау, кеңейту және жаңарту бойынша жобалар іске асырылуда. Мұндай жобаларды іске асыру электр энергетикасы саласындағы уәкілетті органмен жасалатын инвестициялық келісімдер негізінде жүзеге асырылады.
Бұл тетік электр қуатының әзірлігін ұстап тұру бойынша көрсетілген қызметке жеке тариф белгілеуді және бірыңғай сатып алушының белгіленген кезеңге осы көрсетілетін қызметті кепілді түрде сатып алуын көздейді. Бұл инвестициялардың қайтарымдылығын қамтамасыз етеді және қаржы институттары тарапынан қарыздық қаржыландыруды тартуға жағдай жасайды.
Қолданыстағы энергетикалық активтерді жаңғыртудың инвестициялық тартымдылығын арттыру мақсатында мыналарды:
– жұмыс істеп тұрған электр станцияларын жаңғырту жобалары үшін қайтарымды инвестициялардың жылдық лимитін ұлғайтуды;
– электр қуатының әзірлігін ұстап тұру бойынша көрсетілетін қызметке шекті тарифті кезең-кезеңімен көтеруді;
– айырбастау бағамының өзгеруін ескере отырып, шетел валютасымен тартылған қарыздық қаржыландыру көлеміне тарифтерді индекстеу тетігін енгізуді қамтитын мемлекеттік қолдаудың бірқатар шаралары іске асырылды.
Аталған шаралар жұмыс істеп тұрған электр станцияларының жабдықтарын жаңғырту және жаңарту бойынша инвестициялық жобалар пулын кеңейтуге мүмкіндік берді.
Генерациялайтын қуаттарды жаңғырту мен кеңейтудің түйінді жобалары мыналар болып табылады:
– Ақсу ГРЭС-інің қуаты 325 МВт болатын № 7 энергия блогын жаңғырту;
– Екібастұз ГРЭС-2-нің жиынтық қуаты 1100 МВт болатын № 3 және № 4 энергия блоктарын салу;
– қуаты 140 МВт болатын жаңа қазандық агрегаты мен турбоагрегат сала отырып, Қарағанды ЖЭО-ны кеңейту;
– қуаты 100 МВт болатын жаңа қазандық агрегаты мен турбоагрегат сала отырып, Өскемен ЖЭО-ны кеңейту.
Жаңғырту және кеңейту жобаларын іске асыру кезінде энергия тиімділігін арттыруға және экологиялық жүктемені төмендетуге бағытталған заманауи технологиялық шешімдерді қолдану көзделеді. Жобалық шешімдер экология заңнамасының талаптарына және ең үздік қолжетімді техникалар қағидаттарына сәйкес түтін газдарын тазартудың тиімділігі жоғары жүйелерін және ластаушы заттардың шығарындыларын азайту технологияларын енгізуді көздейтін болады.
Жиынтығында көрсетілген жобаларды іске асыру генерациялайтын қуаттардың шамамен 2,5 ГВт болатын қосымша өсімін қамтамасыз етуге, жұмыс істеп тұрған электр станцияларының жұмыс тиімділігін арттыруға және оларды қауіпсіз пайдалану мерзімін ұзартуға мүмкіндік береді.
Алдағы уақытта жұмыс істеп тұрған көмір жағатын электр станцияларын жаңғырту заманауи технологияларды қолдана отырып, жабдықтарды жаңартудың кезеңдік бағдарламалары шеңберінде жалғастырылатын болады, бұл энергия жүйесінің орнықты жұмысын қамтамасыз етуге және экологиялық жүктемені төмендетуге мүмкіндік береді.
3-бағыт. Кадр ресурстарын жетілдіру
3-міндет. Энергетика саласындағы кадрлық орнықтылықты қамтамасыз ету
Жаңа электр станцияларын салу, сондай-ақ жұмыс істеп тұрған генерациялайтын қуаттарды жаңғырту жобаларын іске асыру, оларды одан әрі пайдалану энергетика саласының кадрлық әлеуетін жүйелі түрде нығайтуды талап етеді.
Қазіргі уақытта генерациялау секторында құрылымдық кадрлық сын-қатерлер, оның ішінде жұмыскерлердің жоғары орташа жасы, жас мамандардың шектеулі келуі және заманауи энергетикалық технологиялар, автоматтандыру және цифрлық басқару жүйелері саласында құзыреті бар кадрлардың тапшылығы байқалуда.
Мұндай жағдайда саланың кадрлық орнықтылығын қамтамасыз ету генерацияны дамыту жобаларын табысты іске асырудың түйінді факторларының бірі болып табылады.
Жұмыстың негізгі бағыттары мыналар болады:
1. Кадрларды даярлау және біліктілігін арттыру жүйесін дамыту.
Энергетика кәсіпорындары жұмыскерлерін кәсіби оқыту және қайта даярлау бағдарламаларын дамыту, оның ішінде заманауи автоматтандыру жүйелерімен, жабдықтарды басқарудың цифрлық технологияларымен жұмыс істеуге үйрету, сондай-ақ өнеркәсіптік қауіпсіздік және энергетикалық қондырғыларды пайдаланудың экологиялық стандарттары саласындағы біліктілікті арттыру көзделеді.
2. Энергетика саласындағы жұмыстың тартымдылығын арттыру.
Білікті мамандарды тарту және тұрақтандыру мақсатында энергетика кәсіпорындары жұмыскерлерінің еңбек жағдайларын жақсарту және әлеуметтік пакетін дамыту бойынша шараларды іске асыру көзделеді.
Негізгі құралдардың бірі корпоративтік тұрғын үй бағдарламаларын дамыту болмақ, атап айтқанда, жұмыс берушілердің энергетика кәсіпорындарының жұмыскерлерін тұрғын үймен қамтамасыз етуді қаржыландыруға қатысуын көздейтін "Отбасы банк" АҚ-ның "Корпоративтік" бағдарламасы базасында жеңілдікті тұрғын үй кредиттерін беру тетіктерін қолдану жоспарлануда.
Аталған шараларды іске асыру энергетика саласындағы жұмыстың тартымдылығын арттыруға, жас мамандардың келуін қамтамасыз етуге, жаңа және жаңғыртылған генерациялайтын қуаттарды пайдалану үшін орнықты кадрлық әлеуетті қалыптастыруға мүмкіндік береді.
4-бағыт. Қаржы құралдары
4-міндет. Орнықты және қолжетімді қаржыландыру тетігін құру
Жаңа электр станцияларын салудың және жұмыс істеп тұрған генерациялайтын активтерді жаңғыртудың ауқымды бағдарламасы қолайлы капитал құны бар ұзақмерзімді қаржыландырудың орнықты жүйесін қалыптастыруды талап етеді.
Ұлттық жобаның қаржылық моделі мемлекеттік даму институттары мен халықаралық қаржы ұйымдарының құралдарын қоса алғанда, ішкі, сол сияқты сыртқы инвестициялық ресурстарды тартуды көздейді.
Электр энергетикасы жобаларын қаржыландыру тетіктерін қалыптастыруда қаржы ресурстарын тартуды және оларды кейіннен саланың инвестициялық жобаларын іске асыруға бағыттауды қамтамасыз ететін "Бәйтерек" ұлттық инвестициялық холдингі" АҚ (бұдан әрі – "Бәйтерек" ҰИХ" АҚ) негізгі рөл атқарады.
Жобаларды қаржыландыру алуан түрлі қаржы құралдарын пайдалана отырып жүзеге асырылуы мүмкін, оның ішінде:
– "Қазақстанның Даму Банкі" АҚ, халықаралық қаржы ұйымдары және екінші деңгейдегі банктер арқылы тікелей кредиттеу;
– бірнеше қаржы институттарының қатысуымен синдикатталған қаржыландыру;
– "Өнеркәсіпті дамыту қоры" АҚ арқылы жабдықтарды лизингтік қаржыландыру;
– "Бәйтерек" ҰИХ" АҚ-ның сатып алуы мүмкіндігімен корпоративтік облигацияларды орналастыру;
– қарыздар мен облигациялық бағдарламалар бойынша "Бәйтерек" ҰИХ" АҚ-ға мемлекеттік кепілдіктер беру.
Қарыздық қаржыландырудың қолжетімділігін арттыру мақсатында генерациялау жобаларын іске асыру үшін тартылатын кредиттер бойынша пайыздық мөлшерлеменің бір бөлігін субсидиялау тетіктерін қолдану көзделеді.
Аталған құралдарды қолдану қарыз капиталының құнын төмендетуге, инвестиция тарту мүмкіндіктерін кеңейтуге және энергетикалық инфрақұрылымды салу мен жаңғырту жобаларының орнықты іске асырылуын қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.
Жобаларды қаржыландырудың нақты көздері мен параметрлері тиісті сараптамалар мен қорытындылардың нәтижелері бойынша айқындалатын болады.
5-бағыт. Отын-логистикалық орнықтылық
5-міндет. Көмір генерациясының ұзақмерзімді және теңгерімделген отын-логистикалық базасын қамтамасыз ету
Көмір генерациясының сенімді жұмысы көмір өндіруді, көлік инфрақұрылымын және энергетикалық қуаттарды теңгерімделген дамытуды қамтитын отынмен қамтамасыз етудің орнықты жүйесін талап етеді.
Жоспарланып отырған жаңа электр станцияларын іске қосу және электр энергиясын тұтынудың өсуі жағдайында энергетикалық объектілерді көмірмен жабдықтаудың ұзақмерзімді және болжамды отын-логистикалық моделін қалыптастыру ерекше маңызға ие болуда.
Аталған бағыт шеңберінде көмір бойынша ұзақмерзімді отын-энергетикалық теңгерім негізінде көмір өндіру қуаттарын, теміржол инфрақұрылымын және электр энергетикасы қажеттіліктерін дамытуды синхрондау көзделеді. Бұл жұмыс істеп тұрған және іске қосылатын электр станцияларының сенімді жұмыс істеуі үшін қажетті көмірді өндірудің, тасымалдаудың және тұтынудың болжамды көлемдерін айқындауға мүмкіндік береді.
Энергетика кәсіпорындары үшін отын тасымалдаудың болжамды жағдайларын қамтамасыз ету түйінді элементтердің бірі болмақ. Осыған байланысты ішкі энергетикалық тұтынушылар үшін магистральдық теміржол желісі бойынша көмір тасымалдаудың ұзақмерзімді тарифтік жағдайларын қалыптастыру көзделеді, бұл отын құнының көлік құрамдасын тұрақтандыруға және күрт тарифтік ауытқулар тәуекелдерін төмендетуге мүмкіндік береді.
Көмір беру жүйелерін жаңғыртуды, нормативтік отын қорларын ұстап тұру үшін қойма қуаттарын кеңейтуді қоса алғанда, энергия өндіруші ұйымдар жағында отынмен қамтамасыз ету инфрақұрылымын дамыту қосымша көзделеді.
Көрсетілген шараларды іске асыру көмір жағатын электр станцияларын отынмен сенімді түрде қамтамасыз етуге, электр энергетикасы жүйесі жұмысының орнықтылығын арттыруға және көмір өндіру саласының, көлік инфрақұрылымының және энергетикалық қуаттардың дамуын синхрондауға, сондай-ақ отын жеткізудегі іркілістер тәуекелдерін төмендетуге мүмкіндік береді.
3. Мақсат, міндеттер және нәтижелер көрсеткіштері
жалғасы
| 1 | 2 | 3 | 4 | 5 | 6 | 7 | 8 | 9 | 10 | 11 |
| | 1-көрсеткіш. Ұлттық жобаның талаптарына сәйкес келетін жобаларды қолжетімді қаржыландырумен қамтамасыз ету деңгейі | % | ҚР ЭМ ведомстволық деректері | - | | 100 | 100 | 100 | 100 | 100 |
| 5-бағыт. Отын-логистикалық орнықтылық | ||||||||||
| 5-міндет. Көмір генерациясының ұзақмерзімді және теңгерімделген отын-логистикалық базасын қамтамасыз ету | ||||||||||
| | 1-көрсеткіш. Көмір генерациясының ұзақмерзімді отын балансымен қамтамасыз етілуі | бұйрық | ҚР ЭМ, ҚР КМ, "Қазақстан темір жолы" ҰК" АҚ ведомстволық деректері | - | | - | - | - | - | - |
| | 2-көрсеткіш. Болжамды тарифтік шарттар бойынша жүзеге асырылатын көмір тасымалдарының үлесі | % | ҚР ЭМ, ҚР КМ, ҚР ҰЭМ, "Қазақстан темір жолы" ҰК" АҚ ведомстволық деректері | - | | 100 | 100 | 100 | 100 | 100 |
Р/с № | Атауы | Өлшем бірлігі | Жылдар бойынша болжамды мәндер | ||||
2026 | 2027 | 2028 | 2029 | 2030 | |||
| 1 | 2 | 3 | 4 | 5 | 6 | 7 | 8 |
| 1 | Халық үшін әлеуметтік әсер | | | | | | |
| 1.1 | Қоршаған ортаға шығарындыларды азайту | мг/нм3 | 6980 | 6383 | 5865 | 5230 | 4563 |
| 1.2 | Сала жұмыскерлерін тұрғын үймен қолдау | млн тг | 3207 | 1453 | 1522 | 1582 | 1645 |
| 1.3 | Сала жұмыскерлерінің кәсіби құзыреттерін дамыту | бірлік | 112 | 172 | 187 | 281 | 337 |
| 2 | Мемлекет пен кәсіпкерлер үшін экономикалық әсер | | | | | | |
| 2.1. | Құрылыс пен жаңғыртуға инвестиция | млн тг | 992 321,8 | 2 993 012,3 | 1 983 005 | 1 329 570,5 | 541 544,9 |
| 3. | Жаңа жұмыс орындарын құру, оның ішінде: | | | | | | |
| 3.1. | Тұрақты | дана | 843 | 138 | 308 | 1 493 | 1 562 |
| 3.2. | Уақытша | дана | 4 353 | 15 616 | 4 490 | 5 606 | 500 |
| Р/с № | Міндеттердің атауы | Қажетті қаражат (жылдар бойынша), млн теңге | Барлық қаржыландыру | Қаржыландыру көздері | ||||||
| 2026 | 2027 | 2028 | 2029 | 2030 | республикалық бюджет | жергілікті бюджет | бюджеттен тыс қаражат | |||
1 | 2 | 3 | 4 | 5 | 6 | 7 | 8 | 9 | 10 | 11 |
| 1 | 1-міндет. Жаңа генерациялайтын қуаттарды салу | 489 090 | 2 234 699 | 1 368 191 | 951 215 | 338 040 | 5 381 235 | - | - | 5 381 235 |
| 2 | 2-міндет. Қолданыстағы энергетикалық активтерді жаңғырту | 499 980 | 756 483,7 | 612 909,4 | 376 353,3 | 201 417,3 | 2 447 143,7 | - | - | 2 447 143,7 |
| 3 | 3-міндет. Энергетика саласындағы кадрлық орнықтылықты қамтамасыз ету | 3 251,8 | 1 829,6 | 1 904,6 | 2 002,2 | 2 087,6 | 11 075,8 | - | - | 11 075,8 |
| 4 | 4-міндет. Орнықты және қолжетімді қаржыландыру тетігін құру | - | - | - | - | - | - | - | - | - |
| 5 | 5-міндет. Көмір генерациясының ұзақмерзімді және теңгерімделген отын-логистикалық базасын қамтамасыз ету | - | - | - | - | - | - | - | - | - |
| | БАРЛЫҒЫ, оның ішінде көздердің түрлері бойынша | 992 321,8 | 2 993 012,3 | 1 983 005 | 1 329 570,5 | 541 544,9 | 7 839 454,5 | - | - | 7 839 454,5 |
| | республикалық бюджет | - | - | - | - | - | - | | - | - |
| | жергілікті бюджет | - | - | - | - | - | - | - | | - |
| | бюджеттен тыс қаражат | 992 321,8 | 2 993 012,3 | 1 983 005 | 1 329 570,5 | 541 544,9 | 7 839 454,5 | - | - | 7 839 454,5 |
| "Көмір генерациясын дамыту" ұлттық жобасына қосымша |
"Көмір генерациясын дамыту" ұлттық жобасын іске асырудың жоспар-графигі
Ескертпе: аббревиатуралардың толық жазылуы:
"Бәйтерек" ҰИХ" АҚ – "Бәйтерек" ұлттық инвестициялық холдингі" акционерлік қоғамы;
ЕДБ – екінші деңгейдегі банктер;
ЖАО – облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың, астананың жергілікті атқарушы органдары;
КМ – Қазақстан Республикасының Көлік министрлігі;
Қаржымині – Қазақстан Республикасының Қаржы министрлігі;
"ҚДБ" АҚ – "Қазақстанның Даму Банкі" акционерлік қоғамы;
ҚР ҰБ – Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі;
"ҚТЖ" ҰК" АҚ – "Қазақстан темір жолы" ұлттық компаниясы" акционерлік қоғамы;
ОТӨ – отандық тауар өндірушілер;
"ӨДҚ" АҚ – "Өнеркәсіпті дамыту қоры" акционерлік қоғамы;
ӨҚМ – Қазақстан Республикасының Өнеркәсіп және құрылыс министрлігі;
"Самұрық-Қазына" ҰӘҚ" АҚ – "Самұрық-Қазына" ұлттық әл-ауқат қоры" акционерлік қоғамы;
Ұлттық жоба – "Көмір генерациясын дамыту" ұлттық жобасы;
ХҚИ – халықаралық қаржы институты;
ХҚҰ – халықаралық қаржы ұйымдары;
ЭМ – Қазақстан Республикасының Энергетика министрлігі;
ЭТРМ – Қазақстан Республикасының Экология және табиғи ресурстар министрлігі;
ЭӨҰ – энергия өндіруші ұйым;
ҰЭМ – Қазақстан Республикасының Ұлттық экономика министрлігі.