Қазақстан Республикасының Үкіметі ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:
1. "Бес және одан да көп адам қаза тапқан қауіпті өндірістік объектідегі еңбек қызметіне және аварияға байланысты емес жазатайым оқиғаларды тергеп-тексеру жөнінде үкіметтік комиссия құру қағидаларын бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2025 жылғы 1 қазандағы № 813 қаулысына мынадай өзгерістер енгізілсін:
көрсетілген қаулымен бекітілген Бес және одан да көп адам қаза тапқан қауіпті өндірістік объектідегі еңбек қызметіне және аварияға байланысты емес жазатайым оқиғаларды тергеп-тексеру жөніндегі үкіметтік комиссия құру қағидаларында:
3-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:
"3. Жазатайым оқиға болған тиісті салада мемлекеттік саясатты қалыптастыруға және іске асыруға жауапты мемлекеттік орган (бұдан әрі –мемлекеттік орган) жазатайым оқиға болған сәттен бастап бір тәулік ішінде Қазақстан Республикасының Президентін немесе Премьер-Министрін болған жазатайым оқиға туралы жазбаша түрде хабардар етіп, үкіметтік комиссия құрудың орындылығы туралы ұсыныс береді.
Хабардар ету жазатайым оқиғаның әлеуметтік және (немесе) қоғамдық-саяси ахуалға әсерін тигізуі ықтимал болған және (немесе) орталық және жергілікті атқарушы органдардың ведомствоаралық өзара іс-қимылын үйлестіру қажет болған жағдайларда, сондай-ақ үшінші тұлғалардың құқыққа қайшы әрекеттері болмаған кезде жүзеге асырылады.
Үкіметтік комиссия құру қажет болмаған жағдайда жазатайым оқиғаның себептерін анықтау жөнінде мемлекеттік органдар өздері шара қабылдайды.";
5-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:
"5. Үкіметтік комиссия төрағадан, төрағаның орынбасарынан және үкіметтік комиссия мүшелерінен құрылады.
Үкіметтік комиссия құрамына:
1) төраға ретінде Қазақстан Республикасының Премьер-Министрі не Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің орынбасары немесе мемлекеттік органның бірінші басшысы;
2) төрағаның орынбасары ретінде Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің орынбасары не мемлекеттік органның бірінші басшысы немесе мүдделі мемлекеттік органдардың бірінің бірінші басшысының орынбасары;
3) үкіметтік комиссияның мүшелері ретінде мүдделі мемлекеттік органдардың бірінші басшыларының орынбасарлары, облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың және астананың әкімдері немесе әкімдерінің орынбасарлары;
4) үкіметтік комиссияның мүшелері ретінде өзге де лауазымды тұлғалар кіреді.".
2. Осы қаулы қол қойылған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі және ресми жариялануға тиіс.
|
Қазақстан Республикасының Премьер-Министрі |
О. Бектенов |