Қазақстан Республикасының Үкіметі ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:
1. Қазақстан Республикасы Үкіметінің, Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің және Қазақстан Республикасы Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің макроэкономикалық тұрақтандыру және халықтың әл-ауқатын арттыру жөніндегі 2026 – 2028 жылдарға арналған бірлескен іс-қимыл бағдарламасы (бұдан әрі – Бағдарлама) бекітілсін.
2. Бағдарламаны іске асыруға жауапты орталық мемлекеттік органдар, жергілікті атқарушы органдар және өзге де ұйымдар (келісу бойынша):
1) Бағдарламаның уақтылы іске асырылуын қамтамасыз етсін;
2) ай сайын Қазақстан Республикасының Ұлттық экономика министрлігіне Бағдарламаның орындалу барысы туралы ақпарат беріп тұрсын.
3. Осы қаулының орындалуын бақылау Қазақстан Республикасының Ұлттық экономика министрлігіне жүктелсін.
4. Осы қаулы қол қойылған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі.
|
Қазақстан Республикасының Премьер-Министрі |
О. Бектенов |
| Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2025 жылғы 19 қарашадағы № 980 қаулысымен бекітілген |
Қазақстан Республикасы Үкіметінің, Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің және Қазақстан Республикасы Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің макроэкономикалық тұрақтандыру және халықтың әл-ауқатын арттыру жөніндегі 2026 – 2028 жылдарға арналған бірлескен іс-қимыл бағдарламасы
Мазмұны
3 | |
2. Қазақстан Республикасының ұлттық экономикасын дамыту үрдістері | 3-6 |
6 | |
6-8 | |
9-11 | |
12-13 | |
13-16 | |
16 | |
16-17 | |
17-19 | |
19-21 | |
21-28 | |
28-29 | |
4.5. Экономиканы цифрландыру және жасанды интеллектіні дамыту | 29-30 |
30-31 |
1.Кіріспе
Әлеуметтік-экономикалық саясаттың стратегиялық басымдығы халықтың нақты табысы мен әл-ауқатын тұрақты арттыру болып қала береді.
Осыған байланысты алдағы 3 жылда толыққанды экономикалық платформаға айналатын бағдарламаның негізгі мақсаттары инфляцияны төмендету және тұрақтандыру, экономиканың жыл сайынғы өсімін 5 %-дан төмен емес және халықтың табысын "инфляция +2-3 %"-дан жоғары деңгейде қамтамасыз ету болып табылады.
Аталған мақсаттарға қол жеткізу макроэкономикалық тұрақтылықты күшейтуді қамтитын Қазақстан Республикасының Үкіметі, Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі және Қазақстан Республикасының Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі нақты үйлестірген шаралар кешенін іске асыруды көздейді.
Макроэкономикалық тұрақтылықтың негізгі факторларының бірі ретінде мемлекеттік қаржының орнықтылығын арттыру үшін бюджеттік ережелердің қатаң сақталуы қамтамасыз етіледі және фискалдық шоғырландыру бойынша шаралар қабылданады.
Инфляцияны тұрақтандыру және инфляциялық күтулерді төмендету мақсатында қалыпты қатаң ақша-кредит саясаты жүргізілетін болады, сондай-ақ макро және микропруденциалдық реттеудің қосымша шаралары қабылданатын болады.
Халықтың әлеуметтік осал топтарын атаулы қолдау шараларын күшейту баға қысымының және тарифтік реформалардың әсерін нивелирлеуге мүмкіндік береді.
Инфляцияны төмендету бойынша келісілген шараларды тиімді іске асыру халық табысының нақты өсуін қамтамасыз етуге мүмкіндік береді және ұлттық экономиканың одан әрі дамуына ықпал ететін болады.
Экономиканың сапалы және орнықты өсуін қамтамасыз ету үшін салалардың бәсекеге қабілеттілігін күшейтуге, өнімділікті арттыруға, экспортқа бағдарланған шикізаттық емес секторды дамытуға және жеке капиталдың әлеуетін барынша ашу үшін жағдайларды жақсартуға бағытталған құрылымдық қайта құруларды дәйекті іске асыру жеделдетілетін болады.
2. Қазақстан Республикасының ұлттық экономикасын дамыту үрдістері
2025 жылғы 10 айдың қорытындысы бойынша Қазақстан Республикасы экономикасының өсуі 6,4 %-ды құрады. Нақты сектордағы өсу 8,2 %-ды құрады, көрсетілетін қызметтер 5,3 %-ға өсті.
Өсуді қамтамасыз етуде ішкі сұранысқа бағдарланған салалар жетекші рөл атқарды.
Өнеркәсіптік өндіріс 7,3 %-ға ұлғайды. Өңдеу өнеркәсібі 5,8 %-ға, тау-кен өндіру өнеркәсібі 9,6 %-ға өсуді көрсетті.
Өңдеу өнеркәсібіндегі сапалы өсу машина жасаудағы өндірістің 11,5 %-ға, оның ішінде көлік жасаудың 13,3 %-ға, электр жабдығының 17,3 %-ға, сонымен қатар дайын металл бұйымдар өндірісі – 14,1 %-ға, тамақ өнімдерінің – 9,1 %-ға, химия өнеркәсібі өнімдерінің – 10,9 %-ға, сусындар – 8,7 %-ға ұлғаюымен қамтамасыз етілді.
Ауыл шаруашылығындағы өнімнің жалпы шығарылымы 5,4 %-ға ұлғайды. Өсу дәнді дақылдар шығымдылығының жоғары деңгейімен қамтамасыз етілген.
Ішкі сауда 9 %-ға өсті. Көтерме сауда 9,7 %-ға, ал бөлшек сауда 7,4 %-ға өсуді көрсетті.
Нақты секторды және ішкі сауданы жеделдету көлік-логистикалық саланың дамуына оң әсерін тигізді.
Көлік және қоймалаудың көрсетілетін қызметтері 20,7 %-ға өсті. Негізгі драйверлер мұнай-газ өнімдерін құбыр арқылы тасымалдау, теміржол және автомобиль көлігімен жүк тасымалдау көлемінің өсуі болды.
Негізгі капиталға салынған инвестициялар 16 трлн теңгеге дейін 13,1 %-ға өсті. Инвестициялық белсенділіктің негізгі драйверлері қаржылық және сақтандыру қызметі, электрмен жабдықтау, білім беру, өңдеу өнеркәсібі, ауыл шаруашылығы, көлік және қоймалау болды.
Ағымдағы жылғы 1 жартыжылдықта тікелей шетелдік инвестициялардың жалпы легі 10,1 млрд АҚШ долларын құрады.
Ағымдағы жылғы қаңтар-қыркүйекте сыртқы сауда тауар айналымы 103,4 млрд АҚШ долларын құрады. Тауарлар экспорты 57,5 млрд АҚШ долларын, оның ішінде өңделген тауарлардың экспорты 20,6 млрд АҚШ долларын құрады. Тауарлар импорты 45,9 млрд АҚШ долларын құрады.
Оң сауда балансы 11,6 млрд АҚШ долларын құрады.
Елдің халықаралық резервтері 2025 жылғы 1 қарашадағы жағдай бойынша 2025 жылдың басына қарай 18,6 %-ға ұлғайып, 124,1 млрд АҚШ долларын құрады. Ұлттық Банктің алтын-валюта активтері 32,6 %-ға, 60,7 млрд АҚШ долларына, Ұлттық қордың валюталық активтері 7,7 %-ға, 63,4 млрд АҚШ долларына өсті.
2025 жылғы 3 тоқсанда жұмыссыздық деңгейі 4,6 %-ды құрады.
Ағымдағы жылғы қазанда жылдық инфляция қыркүйектегі 12,9 %-дан 12,6 %-ға дейін баяулады. Азық-түлік тауарларының бағасы 13,5 %-ға, ақылы қызметтер 12,9 %-ға, азық-түлік емес тауарлар 11 %-ға өсті.
Жалпы инфляцияның негізгі себебі сұраныс пен ұсыныс арасындағы теңгерімсіздікке байланысты.
Инфляцияның негізгі факторлары тұтынушылық кредиттеудің өсуі аясында тұрақты ішкі сұраныс, ұлттық валюта бағамының әлсіреуіне және импорттың қымбаттауына әсер ететін геосаяси тәуекелдер жағдайында сыртқы нарықтардағы құбылмалылық, азық-түлікке әлемдік бағаның өсуі, реттелетін бағаның өсуі, сондай-ақ фискалдық импульс болып табылады. Күтілетін фискалдық шоғырландыру орта мерзімді перспективада негізгі дезинфляциялық фактор болады.
Азық-түлік инфляциясы азық-түлікке жоғары әлемдік бағаның, өндірістің ішкі шығындарының өсуінің, сондай-ақ негізгі сауда серіктестері болып табылатын елдерде жоғары инфляцияның әсерінен қалыптасады.
Әлемдік ет бағалары тарихи тұрғыдан жоғары деңгейде қалып отыр, ал өсімдік майларының бағасы соңғы жылдардағы ең жоғары көрсеткішке жетті. 2025 жылғы қазанда Біріккен Ұлттар Ұйымының азық-түлік және ауылшаруашылық ұйымының (ФАО) ет бағасының индексі 125 тармақ, ал өсімдік майларына 169,4 тармақ болды. Сыртқы бағалардың жоғары болуы аясында ет пен өсімдік майлары экспортқа бағытталады, бұл ішкі нарықтағы бағаның өсуіне түрткі болады (қазан айында ет бағасының жылдық өсуі 21,1 %, күнбағыс майына – 24,2 %).
Инфляцияға қосымша қысым АҚШ долларына және Ресей рубліне қатысты теңгенің валюта бағамының әлсіреуіне әсер етеді.
Ағымдағы жылғы 1 қарашадағы жағдай бойынша теңгенің рубльге шаққандағы бағамы жылдық мәнде 30,6 %-ға 5,04 теңгеден 6,6 теңгеге дейін, АҚШ долларына – 8,5 %-ға 488,5 теңгеден 530,1 теңгеге дейін әлсіреді.
Валюта нарығына қысым сауда балансының айтарлықтай қысымын тудырады, ол 2024 жылы 2022 жылдың ең жоғары деңгейінен екі есе төмендеді.
Сауда балансының нашарлауы көбінесе импорттың өсуіне байланысты. Ол 2024 жылы шамамен 62 млрд АҚШ долларына және 2025 жылғы 9 айдың қорытындысы бойынша 47 млрд АҚШ долларына жетіп, тарихи максимумнан асуды жалғастыруда.
Проинфляциялық қысым тұтыну өнімдеріне сұранысты ғана емес, сонымен қатар көп жағдайда аралық және инвестициялық тауарларға да әсерін тигізеді. Олардың импорттық жеткізілімдердегі үлесі 2025 жылғы 9 айдың қорытындысы бойынша 68 %-ды құрайды. Ағымдағы жылғы аралық және инвестициялық импорт көлемі 6,4 %-ға (2025 жылғы 9 ай 2024 жылғы 9 айға қарағанда) 31,4 млрд АҚШ долларына дейін өсті.
Ағымдағы жылғы қыркүйектің қорытындысы бойынша тауарлардың импорттық түсімдері бағасының индексі жылдық мәнде 10,1 %-ды, оның ішінде ЕАЭО елдерінен тауарлар 14,3 %-ды құрады.
Азық-түлік емес инфляция тұтынушылық кредиттеумен қолдау тапқан тұрақты тұтынушылық сұраныс салдарынан (2025 жылғы 8 айда жаңадан кредиттерді берудің 16 %-ға өсуі), сондай-ақ ұлттық валюта бағамының әлсіреуі және жоғары импорттық бағалардың сақталуы аясында жеделдетіледі.
Проинфляциялық қысым отын нарығын реттеу жағдайында жанар-жағармай материалдары (бұдан әрі – ЖЖМ) бағасының өсуіне де әсерін тигізеді. Мәселен, ағымдағы жылғы қаңтар-қазан айларында ЖЖМ бағасы 14,2 %-ға артты. Тікелей әсермен қатар жанармайдың қымбаттауы өндірістік және көліктік шығындардың өсуі арқылы айтарлықтай жанама әсерін тигізеді, өйткені ЖЖМ көптеген тауарлар мен қызметтердің өзіндік құнының маңызды бөлігі болып табылады. Бұдан бөлек, ЖЖМ баға белгілеу тұрғысынан маркерлік тауар саналады, сондықтан олардың бағасының өсуі халық пен бизнес арасындағы инфляциялық күтулердің күшеюіне ықпал етеді.
Ақылы қызметтерге бағаның өсуі нарықтық қызметтердің қымбаттауына да, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық (бұдан әрі – ТКШ) инфрақұрылымын жаңғырту шеңберінде тұрғын үй-коммуналдық қызметтерге (бұдан әрі – ТКҚ) тарифтердің өсуіне де байланысты. 2025 жылғы қазан айында реттелетін коммуналдық қызметтер бағасының жылдық өсуі 12,5 %-ды құрады.
ТКҚ тарифтері кәсіпорындар шығындарының құрылымына кіретіндіктен, олардың өсуі тауарлар мен қызметтердің кең ауқымы бағасының өсуіне жанама әсер етеді. Сонымен қатар тұрақты тұтынушылық сұраныс, жоғары инфляциялық күтулер және экономикадағы бағаның жалпы өсуі аясында жекелеген нарықтық қызметтер қымбаттауының жоғары қарқыны сақталуда. Атап айтқанда, 2025 жылғы қазанда жылдық мәнде қоғамдық тамақтану қызметтерінің бағасы 15,8 %-ға, тұрғын үйді жалға алу қызметтері 13,5 %-ға өсті.
Осыған байланысты инфляция межесі жоғары және құбылмалы болып қала беруде. 2025 жылғы қыркүйекте инфляция межесінің алдағы жылға медианды бағалануы 13,2 %-ды құрады. Жауаптар арасында белгісіздіктің айтарлықтай деңгейінің сақталуы жалғасуда. Респонденттер бағаның болашақ өсуінің негізгі факторлары ретінде азық-түлік, бензин және дизель отыны, коммуналдық қызметтер бағасының өсуін, теңгенің айырбас бағамының ауытқуын атады.
Бұған қоса, жаһандық экономиканың баяулау тәуекелдері, жеткізу тізбектерінің үзілуі және әлемдік тауар нарықтарындағы құбылмалылық біздің экономикамыз үшін қосымша сын-қатерлер туғызады.
Осыған байланысты сыртқы және ішкі сын-қатерлер мен тәуекелдердің теріс әсерін нивелирлеу, орнықты экономикалық өсуді, бағалардың тұрақтылығын қамтамасыз ету және халықтың табысын қолдау үшін Қазақстан Республикасының Үкіметі Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкімен және Қазақстан Республикасының Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігімен бірлесіп, Макроэкономикалық тұрақтандыру және халықтың әл-ауқатын арттыру жөніндегі 2026 – 2028 жылдарға арналған бірлескен іс-қимыл бағдарламасын қабылдады.
3. Макроэкономикалық тұрақтылық
Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі инфляция деңгейін тұрақтандыру және мынадай нысаналы мәндерге дейін төмендету жөнінде өзара байланысты шаралар қабылдайды: 2026 жылы – 9-11 %, 2027 жылы – 5,5-7,5 %, 2028 жылы – 5-7 %.
3.1. Тарифтік саясат және бағаны реттеу
Тарифтік саясат
Негізгі проинфляциялық факторлардың бірі тарифтік саясат болып табылады. Осыған байланысты табиғи монополиялар субъектілерінің қызметтеріне тарифтердің өсуінің инфляцияға әсері олардың өсу қарқынын тежеу, сондай-ақ тарифтік саясатты жетілдіру арқасында шектеулі болады.
2026 жылғы 1-тоқсанның соңына дейін барлық тұтынушылардың топтары үшін коммуналдық тарифтердің өсуі тоқтатылды.
Тарифтерді көтеруге мораторий қолданылу кезеңінде 2023 – 2025 жылдары табиғи монополиялар субъектілерінің инвестициялық міндеттемелерінің орындалуына кешенді тексеру жүргізілетін болады.
2026 жылғы екінші тоқсаннан бастап тұтынушылар үшін тарифтерді көтеру теңгерімді жүзеге асырылатын болады.
Жалпы табиғи монополиялар субъектілерінің көрсетілетін қызметтері тарифтерінің өсуінің инфляцияға әсері 2026 – 2027 жылдары "инфляция + 5 %", 2028 жылы "инфляция + 3 %" деңгейінде болады және оның жалпы инфляцияға қосқан үлесі алдағы үш жылда 1 пайыздық тармақтан аспайды.
Мұндай тәсіл Энергетикалық және коммуналдық секторларды жаңғырту жөніндегі ұлттық жобаны толыққанды іске асыруды қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.
Өз кезегінде тарифтердің өсуін тежеу табиғи монополиялар субъектілерінің операциялық шығыстарын оңтайландыру және тарифтерді тұтынушылар топтары арасында қайта бөлу есебінен жүзеге асырылатын болады. Бұдан басқа, инфляцияға тарифтердің әсерін төмендетуге инвестициялық бағдарламаларды қаржыландыру үшін пайдаланылатын кредиттердің мерзімдерін ұзарту, жыл ішінде тарифтердің өсуін сараланған жоспарлау есебінен қол жеткізілетін болады.
ТКШ инфрақұрылымын жаңғырту сапасы есептілікті, ашықтықты және қоғамдық бақылауды едәуір күшейту жолымен қаражатты тиімді және мақсатты инвестициялауға ерекше назар аудара отырып қамтамасыз етілетін болады.
ТКШ, энергетика, теміржол тасымалы және газ салаларын жаңғырту жоспарлы режимде жалғасады.
2023 – 2024 жылдары ТКШ инфрақұрылымын жаңғыртуға шамамен 605 млрд теңге инвестиция тартылды.
Бұл 12,3 мың км инженерлік желілерді, оның ішінде электрмен жабдықтау саласында 10 843 км, жылумен жабдықтау саласында 475 км, сумен жабдықтау саласында 763 км, су бұру саласында 287 км жөндеуге мүмкіндік берді.
2026 – 2028 жылдары ТКШ инфрақұрылымын жаңғыртуға 30 мың км инженерлік желілерді (жылумен жабдықтау, электрмен жабдықтау, сумен жабдықтау, су бұру) жөндеу үшін шамамен 3 трлн теңге инвестиция тартылатын болады.
Халықтың осал топтары үшін тұрғын үй көмегін көрсету тетігі сақталады. Бұл ретте тұрғын үй көмегі неғұрлым мұқтаж санаттарға көрсетіліп, оның атаулылығы күшейтілетін болады.
Қазақстан Республикасының Үкіметі табиғи монополияларды реттеу, табиғи монополиялар субъектілерінің операциялық және инвестициялық тиімділігін арттыру жөніндегі тәсілдерді жетілдіруді жалғастырады, бұл ұзақ мерзімді перспективада бағаларға қысым жасамай, олардың орнықты дамуына мүмкіндік береді.
Бағаны реттеу
Халық үшін әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының (бұдан әрі – ӘлМАТ) қолжетімділігі шекті сауда үстемесінің 15 % сақталуын бақылау жолымен қамтамасыз етілетін болады.
ӘлМАТ-пен шектелмей, құбылмалылығы жоғары және импорттық тәуелділігі бар сегменттерді қоса алғанда, тауар номенклатурасының неғұрлым ауқымды тізбесіне мониторинг тетіктері мен реттеу шаралары кеңейтілетін болады.
Делдалдық схемаларды тергеу, сондай-ақ электрондық шот-фактуралардың деректерін талдау жөніндегі өңірлік комиссиялардың тетіктері арқылы өнімсіз делдалдарды анықтау және жоққа шығару жөніндегі жұмыс жалғасады.
Өнімді тиімді сақтау және тасымалдау үшін логистиканы, оның ішінде қойма инфрақұрылымын дамыту маңызды бағыт болып табылады.
Қойма инфрақұрылымын дамыту және маусымаралық кезеңде шығындарды азайту үшін көкөніс қоймаларын салу және жаңғырту жұмыстары жүргізілуде. Бұл ретте тек 2025 жылдың соңына дейін қуаты 140,5 мың тонна болатын 23 көкөніс қоймасын салу жоспарлануда.
Маусымаралық кезеңде және нарық конъюнктурасының өзгерістеріне жедел ден қою үшін тұрақтандыру қорлары, жеңілдікпен кредит беру, форвардтық шарттар тетіктерінің тиімділігін арттыру жөнінде шаралар қабылданатын болады.
Тұрақтандыру қорларының резервтері ӘлМАТ бағасының нарықтық бағадан төмен ең жоғары өсуіне тауарлық интервенциялар жүргізу үшін пайдаланылатын болады.
Ішкі нарықты молықтыру үшін көрші мемлекеттерден өнім жеткізу үшін жасыл дәліздер ұйымдастырылатын болады.
Тұтыну бағасы өскен кезде бақылауды күшейту мақсатында ӘлМАТ тізбесі уақытша кеңейтілетін болады.
Отандық кәсіпорындарды жеткілікті шикізат көлемімен қамтамасыз ету және ӘлМАТ бағасын тұрақтандыру мақсатында "Азық-түлік корпорациясы" ұлттық компаниясы" АҚ құралдары арқылы астықты сату жалғасады.
Сондай-ақ тауар өндірушілерге өнімді делдалсыз сату мүмкіндігі берілетін барлық өңірлерде апта сайынғы ауыл шаруашылығы жәрмеңкелерін өткізу бойынша жұмыс жалғасады, бұл тұтынушылар үшін түпкілікті құнын төмендетеді.
Сонымен қатар 2026 жылғы 1-тоқсанның соңына дейін бензин және дизель отынының бағасын кезең-кезеңмен өсіру тоқтатылады.
2026 жылғы 2-тоқсаннан бастап мұнай өнімдерінің бағасын біртіндеп көрші елдермен теңестіру және ішкі нарықта отын балансын қамтамасыз ету саясаты жалғасады.
3.2. Контрциклдік салық-бюджет саясаты
Қазақстан Республикасының Үкіметі Бюджет кодексінде көзделген республикалық бюджет шығыстарының өсуін және Ұлттық қордан берілетін трансферттер және өзге де алу мөлшерін шектеу жөніндегі фискалдық қағидаларды сақтау арқылы контрциклдік бюджет саясатын жүргізетін болады.
Мемлекеттік қаржының орнықтылығын арттыру үшін бюджет саясаты мынадай нысаналы параметрлерді ескере отырып жүзеге асырылатын болады.
Республикалық бюджет тапшылығы 2026 жылы жалпы ішкі өнімге (бұдан әрі – ЖІӨ) қатысты 2,5 %-ға дейін, 2027 жылы ЖІӨ-ге 1,7 %-ға дейін, 2028 жылы ЖІӨ-ге 0,9 %-ға дейін төмендетілетін болады.
Мұнайға қатысты емес тапшылық 2026 жылы ЖІӨ-ге қатысты 4,9 %-ға дейін, 2027 жылы ЖІӨ-ге 3,7 %-ға дейін, 2028 жылы ЖІӨ-ге 2,7 %-ға дейін төмендетілетін болады.
Үкіметтік борыштың салыстырмалы мөлшері 2026 жылы ЖІӨ-ге қатысты 21,4 %-дан, 2027 жылы ЖІӨ-ге 20,8 %-дан, 2028 жылы ЖІӨ-ге 19,6 %-дан аспайды.
Республикалық бюджеттің мұнай түсімдеріне тәуелділігін төмендету үшін 2026 – 2028 жылдары Ұлттық қордан республикалық бюджетке берілетін трансферттер көлемі қысқартылатын болады.
2026 жылғы бюджетте Ұлттық қордан нысаналы трансферт тарту көзделмеген. Кепілдендірілген трансферттің ең жоғары мөлшері мұнайдың кесімді бағасы кезінде мұнай секторынан Ұлттық қорға түсетін түсімдермен шектелетін болады.
Бұдан басқа, квазимемлекеттік сектор компанияларының акцияларын Ұлттық қор қаражаты есебінен сатып алу жоспарланбайды.
Мемлекеттік органдар шығыстарының лимиттерін айқындау кезінде бюджет циклінің басында жыл сайын жүргізілетін бюджеттің қалыптасқан шығыс базасын оңтайландыру жалғасады.
Қазақстан Республикасының Үкіметі жаңа салық преференцияларын беруді бір мезгілде қатаңдата отырып, қолданыстағы және тиімсіз салық жеңілдіктерін тексеру есебінен бюджеттің түсетін кірістерін қысқартуға бағытталған шаралар қабылдайтын болады.
Сонымен қатар салықтық және кедендік әкімшілендірудің тиімділігін күшейту, есепке алудың цифрлық құралдарын дамыту және салық және кеден базасының кеңейту жоспарлануда. Бұл қадамдар республикалық бюджет тапшылығын төмендетуге ықпал ете отырып, адал төлеушілерге салық жүктемесін арттырмай, бюджеттің кіріс бөлігінің өсуін қамтамасыз етеді.
Бюджеттің кіріс базасын нығайту үшін көлеңкелі экономикаға қарсы іс-қимыл бойынша 2026 – 2028 жылдарға арналған жаңа кешенді жоспар әзірлеу көзделген, оған ақпараттық жүйелерді интеграциялау және жасанды интеллект элементтері мен цифрлық шешімдерді ауқымды қолдану жөніндегі шаралар енгізілетін болады.
2026 – 2028 жылдары мемлекеттік борышты басқару саясаты борыштық жүктеменің өсуін шектеуге, дефолттарға жол бермеуге, валюталық тәуекелдерді төмендетуге, сондай-ақ мемлекеттік кепілдіктерді пайдалану тиімділігін арттыруға бағытталатын болады.
Бюджетке борыштық жүктеменің одан әрі өсуіне жол бермеу және валюталық тәуекелдерді төмендету үшін борышты белсенді орта мерзімді басқаруға көшу жүзеге асырылатын болады. Қазақстан Республикасының Үкіметі мемлекеттік қарыз алудың ашық және болжамды саясатын жүргізетін болады.
2026 – 2028 жылдары республикалық бюджетті қаржыландыру және борыштық міндеттемелерді орындау үшін Қазақстан Республикасы Үкіметі қарыз алу құны тұрғысынан ішкі және сыртқы қаржыландыру көздерінің қолайлы үйлесімі есебінен ресурстарды теңгерімді тартуды қамтамасыз етеді.
Борыштың құрылымын жетілдіруге және жүгіну мерзімдері бойынша қарыздарды біркелкі бөлуге, сыртқы күйзелістер мен валюталық ауытқуларға сезімталдықты төмендетуге, мемлекеттік бағалы қағаздардың ішкі нарығын нығайтуға және инвесторлар шеңберін кеңейтуге басты назар аударылатын болады.
Ішкі нарықтағы жоғары пайыздық мөлшерлемелер жағдайында Қазақстан Республикасының Үкіметі үнемі сыртқы капитал нарықтарына шығатын болады, сондай-ақ сыртқы қарыз құбылмалы теңге сияқты "икемді" валюталарда алуды іске асыратын болады.
Ішкі нарықта пайыздық мөлшерлемелер төмендеген сайын орта мерзімді перспективада ішкі қарыз алу ұлғаяды.
Мемлекеттік борыштың оңтайлы құрылымын қалыптастыру құралы ретінде қолайлы нарықтық конъюнктура жағдайында негізгі мерзімдерде мемлекеттік бағалы қағаздар (бұдан әрі – МБҚ) шығарылымдарын кері сатып алу және қосымша орналастыру тәжірибесі қолданылатын болады. Бұл МБҚ өтеу кестесін оңтайландыруға, эталондық шығарылымдарды жасауға, сондай-ақ мемлекеттік борыштың фрагменттелуін төмендете отырып, айналыстағы МБҚ шығарылымдарын ірілендіруге мүмкіндік береді.
2026 – 2028 жылдары үкіметтік борышты өтеу бойынша шығыстардың айтарлықтай ұлғаюы күтілетінін ескере отырып, өтеу мерзімі басталатын борыштарды қайта қаржыландыру жүргізілетін болады.
Қосымша қарыз алу қажет болған кезде Қазақстан Республикасының Үкіметі басқа борыштық қағидаларды сақтай отырып республикалық бюджет туралы заңда белгіленген борыш лимитінен асыру мүмкіндігіне ие болады.
Сондай-ақ мемлекеттік борышты басқарудың 2026 – 2028 жылдарға арналған орта мерзімді іс-қимыл жоспары (стратегиясы) әзірленіп, бекітілетін болады.
МБҚ-ның ішкі нарығын дамыту мақсатында нарықтық сұраныс пен ұсыныс негізінде бастапқы нарықта МБҚ мен Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің ноталары жүйелі түрде орналастырылып, нарықтық және әділ кірістілік қисығын құру жөніндегі жұмыс жалғасады.
Мемлекеттік бағалы қағаздардың ішкі нарығын дамыту үшін үздік халықаралық тәжірибелерге сәйкес ағымдағы жылдың соңына дейін мемлекеттік қарызды басқару кеңсесін (Debt management office – DMO) құру жоспарлануда. DMO мемлекеттік борышты басқару саясатының консультациялық органы ретінде мемлекеттік борышты басқару стратегиясын әзірлеу бойынша стратегиялық міндеттерді де, ақпарат жинау және ұсыныстар дайындау бойынша операциялық міндеттерді де орындауы керек. Мемлекеттік борышты басқарумен қатар DMO міндеттеріне мемлекеттік бағалы қағаздар нарығын дамыту да кіретін болады.
DMO-ның бірінші кезектегі міндеттері мыналар болуы керек:
қаржыландырудың балама көзі ретінде еурооблигациялар шығару бағдарламасын құру;
қысқа мерзімді қағаздарды (3 жылға дейін) шығаруға баса назар аудара отырып, МБҚ орналастыру кестесін қайта қарау;
олардың санын азайтуды және эталондық (бенчмарктік) құралдар желісін қалыптастыруды қоса алғанда, МБҚ айналымдағы шығарылымдарының құрылымын оңтайландыру;
бастапқы дилерлерге кандидаттармен мақсатты келіссөздер жүргізу және бастапқы дилерлер институтын жедел енгізуге бағытталған шаралар қабылдау.
МБҚ дамыған және өтімді нарығынсыз мемлекеттік борышты тиімді басқару мүмкін емес. Бұл бағыттағы жүйелі жұмыс орта мерзімді перспективада қарыз алу құнын төмендетуге және бюджет тапшылығын үздіксіз қаржыландыруды қамтамасыз етуге, сондай-ақ инвестициялық тартымдылықты арттыруға және Қазақстан экономикасына қосымша шетелдік инвестицияларды тартуға мүмкіндік береді.
Ұлттық қордың сыртқы борышы мен валюталық активтерінің болжамды траекториясын ескере отырып, Қазақстан Республикасының Үкіметі нетто-кредитор болып қала береді.
Елдің егемен кредиттік рейтингін қолдау мақсатында мемлекеттік сектордың сыртқы міндеттемелері (сыртқы мемлекеттік борышты, квазимемлекеттік сектордың сыртқы борышын және кепілдік берілген сыртқы борышты қоса алғанда) Ұлттық қордың валюталық активтерінің мөлшерінен аспауға тиіс.
Қазақстан Республикасының Үкіметі Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкімен бірлесіп елдің егемен кредиттік рейтингін арттыру, оның ішінде мемлекеттік бағалы қағаздарды сыртқы нарықтарға үнемі орналастырып тұру жолымен жұмысты жалғастырады.
Жалпы бюджеттің күтілетін шоғырлануы және фискалдық тәртіптің сақталуы маңызды дезинфляциялық факторлар болуы тиіс.
3.3. Ақша-кредит саясаты
Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі инфляцияны тұрақтандыруға және теңгеге деген сенімді қолдай отырып, инфляция межесін төмендетуге бағытталған орташа қатаң ақша-кредит саясатын жүргізе береді.
Ақша-кредит саясатының негізгі құралы инфляцияның нақты және болжамды деңгейіне және басқа параметрлерге байланысты белгіленген базалық мөлшерлеме болып қалады.
Жалпы инфляцияға қарсы саясат шеңберінде Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі артық өтімділікті қысқартуға, ақшалай ұсынысты және тұтынушылық кредиттеуді реттеуге бағытталған қосымша құралдарды қолдануды жалғастырады.
Артық өтімділікті тиімді байланыстыру мақсатында 2025 жылғы 2 қыркүйектен бастап ең төменгі резервтік талаптарды (бұдан әрі – ЕТРТ) үш сатылы арттыру іске асырылуда. Бірінші кезең шеңберінде өтімділік профициті 7,7 трлн теңгеден 5,8 трлн теңгеге дейін төмендеді, резервтер көлемі 0,8 трлн теңгеден 2,6 трлн теңгеге дейін өсті. Екінші кезеңде (2026 жылғы сәуір) алып қоюдың жалпы көлемі 3,5 трлн теңгеге дейін, үшінші кезеңде (2026 жылғы қыркүйек) 3,9 трлн теңгеге дейін жетеді.
Егер 3-кезеңнің қорытындысы бойынша ақша нарығында артық өтімділік ұлғая бастаса және ЕТРТ арқылы байланысты өтімділіктің үлесі артық өтімділіктің 50 %-ынан төмен түссе (орта есеппен 6 ай ішінде), онда Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі ЕТРТ-ны одан әрі қатаңдатудың орындылығын қарастырады.
Ақша-кредит саясатын іске асыру кезінде негізгі операциялық бағдар ретінде Қазақстан қор биржасында (KASE) жасалған РЕПО-ның бір күндік операциялары бойынша орташа өлшенген пайыздық мөлшерлемені білдіретін TONIA индикаторы пайдаланылады. Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі белгілеген деңгейде нарықтық мөлшерлемені қалыптастыруды тек нарықтық қатысушылар жүзеге асырады. Бұл ретте Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі мынадай операцияларды ұдайы жүргізе отырып, нарықтық мөлшерлемелерді белгіленген деңгейде ұстап қалуға ықпал етеді:
төменгі шекарадағы овернайт депозиттер (базалық мөлшерлеме – 1 %);
жоғарғы шекарадағы KASE-дегі кері РЕПО овернайт (базалық мөлшерлеме +1 %);
апталық депозиттер аукционы.
Сонымен қатар TONIA операциялық бағдарын арттыру және оны базалық мөлшерлемеге жақын бекіту үшін нарыққа қатысушылардың кең ауқымы үшін қолжетімді және сұранысқа ие құрал ретінде қысқа мерзімді ноталар шығару бағдарламасын кеңейту жоспарлануда. Ағымдағы жылдың соңына дейін Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің ноталарын орналастыру көлемі 3 есеге ұлғайтылады және 1,5 трлн теңгені құрайды.
Ақша массасына мемлекеттің басымдық құқығы шеңберінде тазартылған алтын сатып алуға ықпал етуді бейтараптандыру мақсатында 2025 жылдың басынан бастап алтын сатып алуға байланысты эмиссия алу үшін ішкі валюта нарығында шетел валютасын сату жолымен алтынмен жасалатын операцияларды қайталау жүргізілуде. Жыл басынан бері 2,3 трлн теңге алынды, 2025 жылдың соңына дейін қосымша 1,4 трлн теңгені алу жоспарлануда, бұл ақша нарығының тұрақсыздығын азайтуға, валюта нарығының теңгерімділігін арттыруға және алтын операциялары бойынша монетарлық бейтараптықты сақтауға мүмкіндік береді.
Сонымен бірге монетарлық бейтараптылық тетіктің тиімділігін арттыру, өтімділік профицитін қысқарту және инфляцияны нысаналы 5 % деңгейіне жеткізу мақсатында стандартты "айналау" операциялары көлеміне қосымша 2026 – 2027 жылдары 2024 жылғы эмиссияны алу мәселесі қарастырылатын болады.
Шараларды іске асыру сұранысты тұрақтандыруға және екінші реттік инфляциялық әсерді шектеуге мүмкіндік береді. Жалпы бұл шаралар орта мерзімді перспективада инфляцияны нысаналы 5 % деңгейіне ұдайы төмендетуге жағдай жасайды.
Ішкі нарықтағы валюта бағамы іргелі факторлардың, валютаға сұраныс пен ұсыныс арақатынасының (мұнайдың әлемдік бағасы, әлемдік нарықтағы АҚШ долларының индексі, тікелей шетелдік инвестициялардың ағыны және төлем балансының жай-күйі) әсерінен еркін бағам құру жағдайында қалыптастырылатын болады.
Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі валюта нарығының тұрақты жұмыс істеуіне бағытталған шаралар қабылдайтын болады.
Шетел валютасының ұсынысын арттыру үшін Қазақстан Республикасының Үкіметі қажет болған жағдайда квазимемлекеттік сектор субъектілерінің ішкі нарықта валюталық түсімді міндетті сату мөлшерін ұлғайту туралы шешім қабылдайды.
Қазақстан Республикасының Үкіметі Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкімен квазимемлекеттік сектор субъектілерінің валюталық нарыққа ықпалын төмендету мақсатында олардың валюталық операцияларын үнемі үйлестіруді қамтамасыз етеді.
Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі ұлттық валютаның тұрақсыздандырушы, алыпсатарлық ауытқуын болғызбау және қаржылық тұрақтылық тәуекелдеріне жол бермеу үшін қатаң және жедел әрекет ету мен валюталық интервенцияларды жүзеге асыруға дайын.
3.4. Қаржы секторын дамыту
Тұтынушылық кредиттеудің қарқынды өсуімен байланысты жиынтық сұраныстың артуы жағдайында ақша-кредит саясаты мен макропруденциалдық саясат үндестіріледі. Бұл баға тұрақтылығына қол жеткізу, сондай-ақ банк секторының қауіпсіздік қорын арттыру және үй шаруашылықтарының артық борыштық жүктемесіне жол бермеу арқылы қаржылық тұрақтылықты қамтамасыз етуге жәрдемдесу үшін қажет.
Банктерге қатысты макро және микропруденциалдық реттеу шаралары қабылданатын болады, олар банктердің кредиттік портфельдерінің құрылымын корпоративтік кредиттеу үлесін біртіндеп ұлғайта отырып теңестіруге ықпал ететін болады.
Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі Қазақстан Республикасының Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігімен бірлесіп тұтынушылық кредиттеу сегментіндегі тәуекелдерді азайту, банк жүйесіне деген сенімді арттыру және шағын және орта бизнес (бұдан әрі – ШОБ) үшін қарыздардың қолжетімділігін қамтамасыз ету үшін шаралар кешенін іске асыратын болады, оның ішінде:
1. 2026 жылғы 1 сәуірден бастап халыққа кредит беру сегментіндегі тәуекелдік-өлшемді активтердің кемінде 2 %-ы деңгейінде капиталдың секторлық контрциклді буферін (бұдан әрі – КСКБ) іске қосу және КСКБ деңгейін одан әрі көтерудің тиімділігін қадағалау, сонымен қатар Қазақстан Республикасының қаржылық тұрақтылық жөніндегі кеңесіне (бұдан әрі – ҚТК) ұсыныстарды енгізу.
Екінші деңгейдегі банктер буфер қалыптастыруды 2026 жылғы 1 сәуірге дейін аяқтайды. Бағалау бойынша КСКБ мөлшері 0,5 трлн теңгені құрайды. Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі бөлшек кредиттеу динамикасының тұрақты мониторингін жүзеге асырады, оның нәтижелері КСКБ мөлшерін одан әрі түзету қажеттігін бағалау үшін ҚТК қарауына шығарылатын болады.
2. 2026 жылғы 1-жартыжылдықта қарыз алушының кірісіне борыш коэффициентін (бұдан әрі – КБК) белсенді ету;
КБК 2024 жылғы тамыздан бастап реттеу тәжірибесіне енгізілді. Осы уақытқа дейін бұл коэффициент нормативтік мәнді белгілемей, мониторингтік кезеңде болды.
2026 жылдың бірінші жартысында Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі Қазақстан Республикасының Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігімен бірлесіп бөлшек кредиттеудің жеделдетілген өсуі аясында КБК шекті мәндерін енгізеді.
3. Қарыз алушының борыштық жүктеме коэффициентіне (бұдан әрі – БЖК) қойылатын талаптарды қатаңдату және есептеуге қабылданатын кірістер құрамын өзгерту.
Екінші деңгейдегі банктердің қарыз беру кезінде БЖК сақтауы бойынша ағымдағы талап 0,5 құрайды.
Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі Қазақстан Республикасының Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігімен бірлесіп, БЖК шекті деңгейін төмендету және халыққа кредит берудің өсу қарқынын төмендету, борыштық жүктемені азайту және қаржылық тұрақтылық үшін тәуекелдерді одан әрі азайту мақсатында есепке алынатын кірістер құрамын өзгерту жолымен қарыз алушының борыштық жүктеме коэффициентін қатаңдату жөніндегі шараларды қарайтын болады. Тиісті шешім 2026 жылғы бірінші жартыжылдықта қабылданады.
4. Бақыланбайтын тұтынушылық борыштың өсуіне жол бермеу үшін Қазақстан Республикасының Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі Қазақстан Республикасының Ұлттық банкімен келісім бойынша бөліп төлеу нарығын және "қазір сатып ал – кейін төле" (BNPL) қызметтерін реттеу тәсілдерін әзірлейтін болады. Реттеу клиенттің төлем қабілеттілігін бағалауға қойылатын ең төменгі талаптарды белгілеуді, қаржы ұйымдары мен BNPL-провайдерлер арасындағы өзара іс-қимыл тәртібін айқындауды, сондай-ақ артық қарыз алуды ынталандыратын жосықсыз немесе агрессивті маркетингтік тәжірибелерді пайдалануға шектеулер енгізуді қоса алғанда, осындай қызметтерді көрсетудің, атап айтқанда BNPL-провайдерлердің көрсетуінің стандарттарын қалыптастыруға бағытталатын болады.
Қазақстан Республикасының Үкіметі тауарлар құнына кіретін сыйақылар, комиссиялар және өзге де төлемдер туралы ақпарат ашуды қоса алғанда, маркетплейстерде баға белгілеудің ашықтығын арттыруға бағытталған шаралар қабылдайтын болады.
Бұдан басқа, сатушылар мен сатып алушылар үшін әділ жағдайлар қалыптастыру мақсатында сауда алаңдары мен делдалдар комиссияларының деңгейін оңтайландыру тәсілдері әзірленетін болады.
Қазақстан Республикасының Үкіметі тұтынушылардың құқықтарын қорғау мақсатында маркетплейстерде – тауарлар мен көрсетілетін қызметтер ақысын бөліп төлеу кезінде және бірден төлеу кезінде қосарланған (сараланған) бағалар тәжірибесі енгізілетін болады, бұл баға белгілеудің ашықтығын қамтамасыз етеді.
5. Қамтамасыз етілмеген тұтынушылық кредиттердің маржа деңгейін төмендету және тұтынушылық кредиттеудің алыпсатарлық өсуін шектеу үшін халықаралық тәжірибеге сәйкес жылдық тиімді сыйақы мөлшерлемесін (бұдан әрі – ЖТСМ) реттеуді енгізу жоспарлануда. ЖТСМ шекті көрсеткіші ең үздік халықаралық стандарттарға сәйкес келетін шамалы ауытқу мүмкіндігімен қалыптасқан орташа нарықтық көрсеткіштер негізінде белгіленетін болады. ЖТСМ біртіндеп 46 %-дан төмендейтін болады.
Ақша құнының өсуіне байланысты 2026 жылғы 1 шілдеге дейін ипотекалық тұрғын үй қарыздары бойынша ЖТСМ-нің шекті мәні қолданыстағы 25 % деңгейінде уақытша сақталатын болады. 2026 жылғы 1 шілдеден бастап ипотека бойынша шекті ЖТСМ-ді LTV деңгейіне (кредит сомасының жылжымайтын мүлік құнына қатынасы) байланыстыру мүмкіндігі қаралатын болады.
Қарыз алушылардың құқықтарын қорғау және кредиттік нарықтың орнықтылығын қамтамасыз ету үшін банктердің және микроқаржы ұйымдарының азаматтардың кредиттерін коллекторларға сатуына мораторий мерзімін 2027 жылғы 1 қаңтарға дейін ұзарту көзделеді.
Борыштық жүктемені және проблемалы қарыз алушылардың санын азайту үшін төлемге қабілетсіздік белгілері бар азаматтарға соттан тыс банкроттық жүргізу мүмкіндігі туралы СМС-хабарлама жіберуді көздейтін тетік енгізілетін болады.
6. Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес қаржы заңнамасын реформалаудың заңнамалық пакеті қабылданады, онда банк секторы, төлемдер, бағалы қағаздар нарығы және т.б. мәселелері қамтылады. "Қазақстан Республикасындағы банктер және банк қызметі туралы" Қазақстан Республикасының жаңа Заңы шеңберінде экономиканың технологиялық өзгерістері мен қажеттіліктері ескеріледі, сондай-ақ нарыққа жаңа қатысушыларды тарта отырып, бәсекелестік күшейтіледі, қаржылық техникалық және цифрлық активтер айналымын ырықтандыру ілгерілетіледі.
2026 жылдың соңына дейін цифрлық қаржы активтерін реттеу енгізіледі, заңнамалық реттеу және ұлттық цифрлық қаржы инфрақұрылымын дамыту қамтамасыз етіледі, төлем нарығын одан әрі дамытуға серпін беріледі. Бұл қаржы секторының экономиканы дамытуға және азаматтардың әл-ауқатына үлесін арттырады.
Қазақстан Республикасының Үкіметі Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкімен бірлесіп мемлекеттік қаражат шығыстарының қадағалануын қамтамасыз ету үшін, оның ішінде мемлекеттік органдардың ақпараттық жүйелерін пысықтаумен және салалық нормативтік құқықтық актілерге тиісті түзетулер енгізу жөнінде шаралар қабылдаумен цифрлық теңгені пайдалануды масштабтауды жалғастырады.
Қабылданған шаралардың нәтижесінде бизнеске кредиттердің үлесі банктер активтерінің шамамен 30 % деңгейіне ұмтылатын болады, ал екінші деңгейдегі банктердің кредиттік портфелінің құрылымы заңды және жеке тұлғаларды кредиттеу арақатынасы бойынша теңестірілетін болады.
3.5. Халықтың табысын әлеуметтік қолдау
Бағаның өсуінен болатын теріс әсерді төмендету мақсатында халықтың әлеуметтік осал топтарын атаулы қолдау шаралары күшейтілетін болады.
Әлеуметтік төлемдер жүйесін одан әрі жаңғырту шеңберінде ашықтықты арттыру, автоматтандыруды, атаулылықты, әкімшілендірудің қарапайымдылығын және әлеуметтік төлем алуды қамтамасыз ету үшін цифрлық технологияларды қолдануды кеңейту жоспарлануда. Шараларды іске асыру үшін әлеуметтік әмиянның есепке алу тетіктерімен интеграцияланған цифрлық теңге инфрақұрылымы пайдаланылатын болады.
4. Экономиканың сапалы және тұрақты өсуін қамтамасыз ету
Қазақстан Республикасы Үкіметінің, Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің және Қазақстан Республикасы Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің макроэкономикалық тұрақтылықты қамтамасыз ету бойынша келісілген шаралар қабылдауы экономиканы әртараптандыру, еңбек өнімділігін арттыру, шикізаттық емес экспортты ілгерілету, жаңа инвестициялық циклды қалыптастыру және 2026 – 2028 жылдарға 5 %-дан төмен емес деңгейде экономиканың сапалы өсуі үшін базалық жағдайлар жасайды.
ҚР Үкіметі өз алдына ұзақ мерзімді экономикалық өсу қарқыны мен сапасын (potential output), халықтың әл-ауқатын арттыру және тиісті құрылымдық реформаларды жүргізу міндетін қояды.
4.1. Инвестициялық саясатты жетілдіру
Инвестициялық саясат шетелдік және отандық капитал тарту арқылы тұрақты экономикалық өсуді қамтамасыз етуде маңызды рөлдердің бірін атқарады. Инвестициялар үшін жаһандық бәсекелестік жағдайында қолайлы инвестициялық ахуалды қалыптастыру үшін Қазақстан Республикасының Үкіметі халықаралық инвестициялық рейтинг пен макроэкономикалық тұрақтылықты қолдауға баса назар аударады.
Негізгі капиталға инвестициялардың үлесін 2026 жылы ЖІӨ-ге қатысты 18 %-ға дейін, 2027 жылы ЖІӨ-ге 19 %-ға дейін, 2028 жылы ЖІӨ-ге 21 %-ға дейін жеткізу, сондай-ақ экономикаға жыл сайын 2026 – 2028 жылдары 20 млрд АҚШ долларынан астам көлемде шетелдік капитал құйылуын қамтамасыз ету жоспарлануда.
Ол үшін Қазақстан Республикасы Үкіметі инвестициялық тартымдылықты арттыру бойынша жүйелі шаралар қабылдауда.
Елдің жаңа инвестициялық циклін іске қосу шеңберінде 2029 жылға дейінгі инвестициялық саясат тұжырымдамасы өзектілендірілді. Бұл құжат орнықты және тұтас бизнес-экожүйені қалыптастырудың жүйелі тәсілін қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.
Инвестициялық штаб деп аталатын Инвестициялар тарту кеңесі инвесторларды қолдаудың маңызды құралдарының біріне айналды. Инвестициялық штабтың қызметі инвесторлардың мәселелері шешілетін "осында және қазір" форматында ұйымдастырылған.
Инвестициялық жобаларды іске асыру мониторингіне ерекше назар аударылды. Инвестициялау процесін жеңілдететін және жобаларды іске асырудың барлық кезеңдерінде ашықтықты қамтамасыз ететін ұлттық цифрлық инвестициялық платформа іске қосылды.
Жаңа инвестициялық циклды іске қосу шеңберінде "инвестицияларға тапсырыс беру" қағидатына негізделген жаңа тәсіл енгізілуде.
Жеке бастаманы барынша іске асыру мақсатында отандық кәсіпкерлік қоғамдастығымен, атап айтқанда "Атамекен" ұлттық кәсіпкерлер палатасымен және салалық бизнес қауымдастықтармен белсенді жұмыс істеуге басымдық берілетін болады.
Бейінді орталық мемлекеттік органдар және әкімдіктер бәсекелес артықшылығы анағұрлым зор тауашаларды анықтау үшін өңірлік және салалық инвестициялық ұсыныстарды қалыптастыру бойынша үнемі жұмыс жүргізуде.
Қазақстан Республикасының инвестициялық заңнамасында инвесторлар үшін салықтық және кедендік жеңілдіктерді, заттай нысандағы гранттарды, инфрақұрылым жүргізуді және басқаларын қоса алғанда, инвестициялық преференциялардың әрқилы түрлері көзделген.
Құны 29,5 млрд теңгеден асатын басым салалардағы инвестициялық жобалар үшін 25 жыл ішінде қазақстандық заңнаманың тұрақтылығына кепілдік беретін инвестициялар туралы келісім жасасу мүмкіндігі бар.
Инвестициялар туралы келісім Қазақстан Республикасы Үкіметінің шешімі бойынша жасалады және өтінімге бастама жасау кезеңінен бастап өңірде іске асыруға дейін сүйемелденеді.
Дамыған инфрақұрылымы, жеңілдікті салықтық және кедендік режимі бар арнайы экономикалық және индустриялық аймақтарға ерекше назар аударылады.
Бизнесті жүргізу үшін "Астана" халықаралық қаржы орталығы (бұдан әрі – АХҚО) бірегей жағдайлар ұсынады.
АХҚО "жасыл", исламдық және инновациялық қаржы құралдарын дамыту үшін сенімді әріптес ретінде әрекет етеді.
АХҚО әлеуетін шетелдік инвестицияларды тарту алаңы ретінде тиімді пайдалану үшін қолайлы инвестициялық режим құрып қана қоймай, экономиканың басым салаларына ұзақ мерзімді тікелей және портфельдік шетелдік инвестицияларды тартуды қамтамасыз ету де маңызды.
Осыны ескере отырып, АХҚО алаңында тартылған инвестицияларға жүйелі талдау жүргізілетін болады, оның нәтижелері бойынша АХҚО әлеуетін неғұрлым тиімді пайдалануға бағытталған заңнамалық және өзге де шаралар әзірленетін болады.
Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің, Қазақстан Республикасы Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің және АХҚО қатысуымен ҚТК жанынан Қаржы нарығын дамыту және реттеу бойынша бірыңғай алаң құру маңызды. Мұнда қаржылық реттеудегі ведомствоаралық үйлестіру, тәжірибе алмасу, мемлекеттің қаржылық мүдделерін қамтамасыз ете отырып, қаржы нарықтарын үдемелі дамыту (валюталық бақылау және т.б.) мәселелері қаралатын болады. Жоғары деңгейдегі шешімді талап ететін тұжырымдамалық мәселелер ҚТК қарауына шығарылатын болады.
Қазақстан Республикасының Үкіметі инвесторлардың сұраныстарына, сондай-ақ ұзақ мерзімді әріптестік үшін ең үздік әлемдік стандарттарға сәйкес қолдау шараларын жетілдіруді жалғастыруда.
Агроөнеркәсіптік кешенді, металлургияны, мұнай химиясын, көлік-логистикалық инфрақұрылымды, химия өнеркәсібін, энергетиканы (оның ішінде жаңартылатын көздерді), машина жасауды, туризмді және шикізатты өңдеуді қоса алғанда, экономиканың экспортқа бағдарланған және өнімділігі жоғары секторларына басты назар аудару жоспарлануда.
Мемлекеттік инвестициялардың тиімділігін арттыру мақсатында күрделі шығыстар жүйесіне реформа жүргізілетін болады. Оның шеңберінде республикалық және жергілікті бюджеттер, сондай-ақ мемлекеттік холдингтер бюджеттері шеңберінде есеп айырысу кезінде цифрлық теңгені пайдалануды кеңінен қолдану, жасанды интеллект және процестерді цифрландыру технологияларын енгізу, сондай-ақ жобалау-сметалық құжаттаманы және мемлекеттік сараптама рәсімдерін реформалау көзделеді. Күтілетін нәтиже – құрылыс құнын 25 %-ға төмендету, сатып алудың ашықтығын арттыру және сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін қысқарту.
Жеке капиталды, оның ішінде мемлекеттік-жекешелік әріптестік (бұдан әрі – МЖӘ) тетіктерін тиімді пайдаланып және халықаралық қаржы институттарын тарта отырып белсенді тарту көзделеді. Мұндай тәсіл іске асырылып жатқан жобалардың сапасы мен ауқымын арттыруға, мемлекет пен инвесторлар арасындағы тәуекелдерді тиімді бөлуге, озық технологиялар мен басқару практикаларының келуін қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.
МЖӘ тетігі арқылы инфрақұрылымдық ірі жобаларға инвесторлардың қызығушылығын арттыруға ерекше назар аударылады.
Ағымдағы жылы МЖӘ туралы Заңға халықаралық қаржы ұйымдарымен (бұдан әрі – ХҚҰ) бірлесіп әзірленетін ерекше маңызы бар МЖӘ жобаларының тізбесін бекіту бойынша Қазақстан Республикасының Үкіметіне құзырет беру бөлігінде өзгерістер енгізілді. Мұндай жобаларды әзірлеу бойынша үйлестіруді МЖӘ дамыту орталығы жүзеге асыратын болады.
"Ерекше маңызды" мәртебесі бар МЖӘ жобаларының тізбесі қалыптастырылды, оларды әзірлеу денсаулық сақтау, білім беру, сумен жабдықтау және көлік салаларында МҚҰ-мен (Азия Даму Банкі, Халықаралық қаржы корпорациясы (IFC), Еуропалық қайта құру және даму банкі) бірлесіп жүзеге асырылады.
МЖӘ жобаларының құжаттамасын әзірлеуге МҚҰ қатысуы халықаралық стандарттар бойынша жобаларды дайындауға қабілетті білікті кадрлар мен құзыретті консультанттарды тартуды қамтамасыз етеді, сол арқылы олардың инвестициялық тартымдылығын арттырады.
Өз кезегінде жобаларды дайындаудың барлық кезеңдерінде МЖӘ дамыту орталығының қатысуы мемлекет мүдделерін қорғауды қамтамасыз етудің негізгі факторы болып табылады.
"Ерекше маңыздылық" өлшемшарттарына және МҚҰ мүдделілігіне сәйкес болған кезде тізбе МЖӘ-нің жаңа жобаларымен толықтырылатын болады.
4.2. Шикізаттық емес экспортты ынталандыру
Ресурстарға бағытталған экономика моделінен өндірістің инновациялық, бәсекеге қабілетті және тұрақты жүйесіне көшу мақсатында Қазақстан Республикасының Үкіметі жұмысының маңызды бағыттарының бірі шикізаттық емес экспортты ынталандыру және Қазақстанның сыртқы нарықтардағы бәсекелестік позициясын нығайту, сондай-ақ ұзақ мерзімді сауда-экономикалық байланыстарды қалыптастыру болады.
Бұл үшін субсидиялар мен арнайы инвестициялық бағдарламалар арқылы қайта өңдеу өндірістерін ынталандыруды қоса алғанда, экспорттық қолдау жүйесін кешенді трансформациялау, сондай-ақ қаржылық емес құралдарды – маркетингтік сүйемелдеуді, экспорттық талдауды, инфрақұрылымды және логистиканы дамыту көзделген.
Жұмыстың басты бағыты өңірлік ерекшелік пен экономикалық әлеуетті ескере отырып, перспективалы экспорттық нарықтарды дамытуға бағытталатын болады. Тиімді көлік дәліздерін қалыптастыруға ерекше назар аударылады, бұл терең өңделетін өнімдерді сыртқы нарықтарға неғұрлым жүйелі және тиімді жылжытуға мүмкіндік береді.
ЕАЭО-ға мүше елдермен бірлесіп преференциялық сауда келісімдері немесе еркін сауда туралы келісімдер (бұдан әрі – ЕСК) желісін кеңейту жолымен қазақстандық тауарлар мен қызметтердің сыртқы өткізу нарықтарына шығуы үшін қолайлы жағдайлар жасау жөніндегі жұмыс жалғасады.
Келіссөздер мен ЕСК әлеуетті қорытындысы қалыптасқан желіні кеңейтіп, қамтылған өңірлерді сапалы күшейтеді.
Қытай, ЕАЭО және Орталық Азия, Еуропалық Одақ және Таяу Шығыс елдерінің нарықтары басым нарықтар болып қала береді.
Экспортты реттеу мен сүйемелдеудің тұрақты архитектурасын қалыптастыру ұлттық экспорттық саясатты жүйелі іске асырудың негізгі шарты болып табылады. Нормативтік-құқықтық базаны жетілдіруден бастап өңірлік инфрақұрылымды дамытуға дейінгі барлық деңгейлерде шикізаттық емес экспортты қолдау тетіктерін институционалдық нығайтуға басты назар аударылатын болады.
Қазақстандық өнімдер мен қызметтерді халықаралық электрондық сауда платформаларында ілгерілету жөніндегі шаралар кешені іске асырылатын болады. Компаниялар маркетплейстерге тіркелуден және мазмұнды бейімдеуден бастап маркетингтік қолдауға, логистикаға және онлайн әрекеттерге қатысуға дейін қайтарымды негізде қолдау алады.
Қызметтер экспорты шикізаттық емес экспорт пен мультипликативтік экономикалық өсудің негізгі драйверлерінің бірі болып табылады.
Стратегиялық талдау мен цифрландырудан шығындарды өтеуге және құзыреттерді дамытуға дейінгі қызметтер экспортына жәрдемдесудің кешенді тәсілі іске асырылатын болады. Экспорттық тауашаларды жүйелі талдау, қызметтерді шетелдік нарықтарға бейімдеу және буып-түю, франчайзингті дамыту, B2B-миссияларға және халықаралық көрмелерге қатысу, акселерациялық және білім беру бағдарламалары, сондай-ақ маркетингке, сертификаттауға жұмсалатын шығындарды өтеу негізгі шаралар болып табылады. Бұл шаралар қосылған құны жоғары қазақстандық қызметтер экспортының тұрақты өсуін қамтамасыз етеді және экспорттық күн тәртібін іске асыру үшін салалық министрліктердің жауапкершілігін күшейтеді.
Экспорттық саясаттың маңызды элементі экспортты қолдаудың сыртқы инфрақұрылымын дамыту болып табылады. Атап айтқанда, қазақстандық тауарларды Азия нарығында ілгерілетуге ықпал ететін Қытайда (Чэнду, Шанхай қалалары) әріптестер офистері, Цзянсуда көрме алаңы, Үрімшіде сауда өкілдігі, сондай-ақ Дубайда "Qazaq Trade House" сауда үйі ашылды. Алдағы уақытта сауда өкілдіктерін, цифрлық платформаларды, логистикалық арналарды және өнімді шетелде тікелей ілгерілету арналарын қамтитын заманауи экспорттық инфрақұрылымды дамыту жоспарлануда.
Қаржы құралдары экспорттық әлеуетті ынталандырудың маңызды элементі болып қала береді. Сақтандыру, кепілдік беру, экспорт алдындағы және экспорттық сауданы қаржыландыру тетіктерін қолдану күшейтілетін болады. Жете капиталдандыру жолымен Қазақстанның экспорттық-кредиттік агенттігінің сыйымдылығын кеңейту жүйенің тұрақтылығын қамтамасыз етеді және экспорттаушыларға халықаралық тендерлерге белсенді қатысуға, келісімшарттар бойынша тәуекелдерді азайтуға және экспорттық мәмілелер жасасу кезеңінде қолдау алуға мүмкіндік береді. Шетелдік банктер арқылы сауданы қаржыландыру шетелдік сатып алушылар үшін нарықты кеңейту арқылы тартымды жағдай жасайды.
24/7 қолжетімді болатын интеллектуалды экспорттық консультант жеке модуль болады, ол бизнеске қолдау шаралары, логистика, кедендік рәсімдер және өнімді шетелдік нарықтардың талаптарына бейімдеу бойынша жеке ұсыныстар береді. Сондай-ақ export.gov.kz порталы жаңғыртылады, қазақстандық экспорттаушылардың өзекті тізіліміне ашық қолжетімділік қамтамасыз етілді және шетелдік тапсырыс берушілермен байланыстың цифрлық арнасы құрылды.
Экспорт алдындағы қаржыландыруға – дебиторлық берешекті сақтандыру тетігімен жеңілдікті шарттарда айналым қаражатын беруге ерекше назар аударылатын болады. QazTrade перспективалы жобаларды іріктеуден бастап ақпараттық-талдамалық қолдауға дейін институционалдық сүйемелдеуді қамтамасыз етеді.
Қабылданған шаралар шикізаттық емес экспорт көлемін 2026 жылғы 42,3 млрд АҚШ долларынан 2028 жылы 46,6 млрд АҚШ долларына дейін ұлғайтуға мүмкіндік береді.
4.3. Іскерлік белсенділік пен кәсіпкерлікті дамыту
Кәсіпкерлікті дамыту сапалы жұмыс орындарын құру және халықтың нақты табысын арттыру көздерін кеңейту үшін негізгі драйвер болып табылады.
Реттеуші ортаны жетілдіру
Бизнесті ашу және жүргізу үшін қолайлы жағдайлар жасау мақсатында реттеуші саясат заңға бағынатын кәсіпкерлерге әкімшілік қысымды кешенді төмендетуге және кәсіпкерлік белсенділікті ынталандыруға бағытталатын болады.
"Таза парақтан" кәсіпкерлік қызметті реттеу саясатын іске асыру шеңберінде 2025 жылғы 6 сәуірде Бизнесті жүргізу мәселелері бойынша заң қабылданды, ол бақылау мен қадағалау нысандарын ретке келтіруге, қадағалау салаларындағы жедел ден қою шараларын регламенттеуге бағытталған.
Реттеушілік саясатты жетілдіруде Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша Қазақстан Республикасы Стратегиялық жоспарлау және реформалар жөніндегі агенттігінің базасында құрылатын реттеушілік интеллект орталығына ерекше рөл берілетін болады. Аталған Орталықтың жұмысы оны кәсіпкерлердің қажеттіліктеріне бейімдеу мақсатында заңнаманы терең тексеруге бағытталатын болады.
Бақылаушы органдардың бизнеске қысымын шектеудің маңызды құралы адамның қатысуынсыз автоматты түрде тексеруге жоғары және орташа тәуекел дәрежесіне жатқызылған бақылау субъектілерін іріктеуді жүзеге асыратын тәуекелдерді басқару жүйесін цифрландыру болды.
Реттеуші талаптарды қоса алғанда, мемлекеттің бизнеспен өзара іс-қимылының барлық рәсімдері цифрландырылатын болады.
Мемлекеттік бақылауды автоматтандыру арқылы тексерулер мен жазалардан құқық бұзушылықтардың алдын алуға көшу жүзеге асырылатын болады.
Кәсіпкерлік белсенділіктің салалық жағдайларын жасау
1. Экспортқа және импортты алмастыруға бағытталған терең өңдеу кластерлерін дамыту үшін бүгінгі таңда металлургия, машина жасау, мұнай-газ химиясы, агроөнеркәсіптік кешен (бұдан әрі – АӨК) және басқа да салаларда терең өңделетін 17 ірі жобаны іске асыру жалғастырылады.
2026 жылдан бастап 2028 жылды қоса алған кезеңде 9 жобаны іске қосу жоспарланған.
"Сатимола" кен орны базасында калий тұздарын өндіру бойынша байыту-өндірістік кешенін іске қосу, Қарағанды облысындағы "Qarmet" АҚ-ның комбинатын жаңғырту бойынша жобаны іске асыру, Павлодар облысында құрамында алтыны бар жоғары көміртекті сульфидті концентраттарды қайта өңдеу жөніндегі "Ертіс" гидрометаллургиялық комбинатын, Атырау облысында бутадиен және оның туындыларын өндіру зауытын салу, Астана қаласында астық және дәнді-бұршақты дақылдарды терең өңдеу жөніндегі интеграцияланған агроөнеркәсіптік кешен салу, "Qostanai Grain Industry" жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің бидай дәнін терең өңдеу зауытын салу жоспарлануда.
3 жыл ішінде арнайы экономикалық аймақтар мен индустриялық аймақтарды қажетті инфрақұрылыммен қамтамасыз ету, шағын өнеркәсіптік аймақтарды құру жоспарлануда.
2. АӨК-де бастапқы өндірістен неғұрлым терең өңделетін өнімдер шығаруға кезең-кезеңімен көшу жүзеге асырылатын болады. Осының есебінен АӨК-дегі қайта өңделген өнімнің үлесі 70 %-ға дейін ұлғайтылатын болады.
АӨК-ні жедел дамыту мақсатында егіс және егін жинау жұмыстарын жүргізуге жеңілдікпен кредит беру, ауыл шаруашылығы техникасы мен жабдықтарын сатып алуды қаржыландыру үшін жеңілдікпен лизинг, АӨК-дегі инвестициялық жобаларды жеңілдікпен қаржыландыру тетіктері пайдаланылатын болады.
Жыл сайын АӨК-пен өңдеуші өнеркәсіпте 100-ден астам инвестициялық жоба мен жаңа өндірістерді іске қосу жоспарлануда.
Ауыл шаруашылығын дамытуда, ең алдымен, егіс алқаптарын әртараптандыру және агротехнологияларды енгізу есебінен өсімдік шаруашылығын қарқындатуға бағытталатын болады, бұл өнімділікті арттыруға және өндірістік шығындарды азайтуға мүмкіндік береді.
Сондай-ақ отандық тұқымдармен қамтамасыз ету деңгейін 2026 жылы 69,8 %-ға, 2027 жылы 77,3 %-ға, 2028 жылы 78,2 %-ға дейін жеткізу жөнінде шаралар қабылданатын болады.
Өнімділікті арттырумен қатар бұл мал шаруашылығын, қайта өңдеу саласын, АӨК өнімінің саудасын және импортты алмастыруды дамытуға мультипликативтік оң әсерін тигізеді.
3. Негізгі назар тұтыну себетіндегі үлесі анағұрлым көп азық-түлік өндірісін кеңейтуге аударылады.
Импортқа тәуелділікті төмендету мақсатында қайта өңдеу кәсіпорындарының өндірістік әлеуетін дамыту, ауыл шаруашылығы шикізатын өндіруді ұлғайту, сондай-ақ стратегиялық азық-түлік қорларын қалыптастыру жөніндегі шараларды іске асыру жалғасады.
Инвестициялық жобаларды белсенді іске асыру және жаңа өндірістерді іске қосу ішкі нарықтың отандық өніммен қамтамасыз етілуін арттыруға және импортты алмастыруға ықпалын тигізеді.
Бүгінгі таңда 29 негізгі санаттың 22-сі бойынша отандық азық-түлік тауарларымен қамтамасыз етілу деңгейі 80 % және 100 %-ды құрайды.
Айталық, 29 негізгі азық-түлік тауарының 10-ы бойынша (тұз, күнбағыс майы, ұн, күріш, картоп, пияз, қой еті, сиыр еті, қысқа тілік кеспе, нан) ішкі нарық толық (100 %-дан астам) қамтамасыз етілген, 12 азық-түлік тауары бойынша (жұмыртқа, жылқы еті, қияр, сәбіз, бұрыш, қызанақ, сүт, сары май, қырыққабат, асхана қызылшасы, айран, шошқа еті) қамтамасыз ету 80 %-дан асады.
Сонымен бірге 7 тауар позициясы бойынша ішкі тұтыну ішінара импорттық өніммен өтеледі (құс еті, қарақұмық жармасы, балық, алма, шұжық өнімдері, ірімшік пен сүзбе, қант).
4. Инфляцияны төмендету және кәдеге жарату үшін өндірістерді, ең алдымен, халық тұтынатын тауарларын дамытуда қолданылатын "Инвестицияларға тапсырыс беру" құралын іске асыруға ерекше назар аударылатын болады.
Бағдарлама шеңберінде жалпы құны 4,2 трлн теңге болатын 202 жобадан тұратын инвестициялық портфель қалыптастырылды, ол АӨК-тің 12 басым бағытын қамтиды.
Жеңіл өнеркәсіп тауарлары (мақта-мата, мектеп формасы, аяқ киім, сантехника, тұрмыстық техника, косметика, гигиена құралдары және т.б.) бойынша 600 млрд теңгеден астам сомаға 67 инвестициялық жобадан тұратын портфель қалыптастырылды.
Қайта өңдеуді тереңдетуге және АӨК-тің түйінді салалары – май-тоң май, ет, сүт және қант салаларын қолдауға баса назар аударылды.
Жобаларды іске асыру бірқатар азық-түлік тауарлары бойынша өзін-өзі толық қамтамасыз етуді және экспортты қамтамасыз етеді.
Ет кластерлерін, құс фабрикалары мен сүт фермаларын салу және жаңғырту жөніндегі жобаларды іске асыру жалғасады.
Алдағы 3 жылда жалпы өндіріс көлемі 241 мың тонна құс етін өндіру бойынша 8 ірі инвестициялық жобаны іске қосу жоспарлануда, бұл толық өзін-өзі қамтамасыз етуге (110 %) қол жеткізуге және экспортқа шығуға мүмкіндік береді.
Заманауи сүт-тауар фермаларының саны 69-ға дейін жеткізіледі, бұл сүт өнімдері бойынша ішкі сұранысты толығымен жабуға мүмкіндік береді.
Егіс алқаптарын әртараптандыру, жемшөп дайындау көлемін ұлғайту бойынша қабылданып жатқан шаралар өндірушілердің отандық шикізатпен қамтамасыз етілуін арттырады.
5. Өнеркәсіптік кластерлерді дамытуға және аралық өнімдерді өндіруге, сондай-ақ ел ішінде интеграцияланған тізбектер құру үшін шикізат компаниялары мен қайта өңдеушілер арасындағы кооперацияны ілгерілетуге ерекше назар аударылатын болады.
Өндірістің өсуін ынталандыру және бағаның тұрақтылығын қамтамасыз ету үшін ауыл шаруашылығы мен АӨК-ті мемлекеттік қаржылық қолдау құралдары кеңейтілетін болады.
Ішкі нарықты қорғау, азық-түліктің экономикалық қолжетімділігін қамтамасыз ету және тапшылыққа жол бермеу мақсатында жүйелі және бақылау шараларын, оның ішінде кедендік-тарифтік және тарифтік емес реттеу тетіктерін қолдана отырып іске асыру жалғасады.
Қабылданып жатқан шаралар 2028 жылы азық-түлік тауарларымен қамтамасыз етілу деңгейін 86 %-ға дейін, оның ішінде құс еті мен алма бойынша 100 %-ға дейін, қант бойынша 83 %-ға дейін, шұжық өнімдері, ірімшік пен сүзбе бойынша 82 %-ға дейін жеткізуге мүмкіндік береді.
6. Азық-түлік қауіпсіздігі мен экономикалық қауіпсіздікті нығайту үшін "Солтүстік – Оңтүстік" халықаралық көлік дәлізін дамыту жалғасады.
Ауыл шаруашылығы өнімдерінің, әсіресе астық экспортының өсуімен, бағыт бойында мамандандырылған терминалдардың құрылуы өндіріс аймақтарынан Каспий теңізі порттарына және одан әрі Иран, Үндістан және Парсы шығанағы елдеріне тұрақты логистикалық жеткізу тізбегін қамтамасыз етеді.
"Солтүстік – Оңтүстік" дәлізінің шығыс бағытында астық терминалдарын құру аймақтық инфрақұрылым мен агроөнеркәсіптік кешеннің дамуын ынталандырады.
Бұл объектілер ауыл шаруашылығы өнімдерін сақтау мен ауыстырып тиеуді жеңілдетіп қана қоймай, сонымен қатар астықты озық өңдеуге және экспорттық құнды арттыруға жағдай жасайды. Астық логистикалық орталықтарын көлік дәлізіне біріктіру көлік қуатының тиімділігін арттырады, елдер арасындағы азық-түлік байланыстарын нығайтады және Қазақстанның оңтүстік нарықтарға негізгі астық жеткізушісі ретіндегі рөлін арттырады.
7. Көліктік-логистикалық желіні, энергетикалық, инженерлік-коммуникациялық, су және әлеуметтік инфрақұрылымды одан әрі жаңғырту және дамыту жөніндегі ауқымды жобаларды жоспарлы іске асыру елдің өндірістік әлеуетін нығайтуға ықпал ететін болады.
Мультимодальды тасымалдарды дамыту, жүктерді контейнерлендіру бағдарламалары, "Цифрлық көлік дәліздері" ГАЖ-моделін әзірлеу, кедендік (бондтық) қоймаларды дамыту, сондай-ақ халықаралық авиамаршруттардың маршруттық желісін кеңейту есебінен логистика және көлік қызметтері белсенділіктің маңызды нүктелері болады.
Автожолдарды, өткізу пункттерін және магистральдық теміржол желілерін жаңғырту және салу жалғасады.
2029 жылға дейінгі ұлттық инфрақұрылымдық жоспарды, "Энергетикалық және коммуналдық секторларды жаңғырту" жөніндегі ұлттық жобаны іске асыру маңызды рөл атқаратын болады.
Нақты секторды жаңғырту бойынша қабылданып жатқан шаралар әлеуетті ЖІӨ деңгейін арттыруға ықпал ететін болады.
Экономиканың сапалы және орнықты өсуін қамтамасыз ету шеңберінде Қазақстан Республикасының Үкіметі капитал, еңбек және жиынтық факторлық өнімділік сияқты өндіріс факторларының ЖІӨ өсуіне салымын тұрақты бағалауды жүргізетін болады.
ШОБ үшін қолжетімді қаржыландыруды қамтамасыз ету
Қазіргі уақытта кәсіпкерлікті мемлекеттік қолдаудың қолданыстағы шараларын қайта қарау бойынша жүйелі жұмыс жүргізілуде. Басты назар нарықтық емес құралдардан кепілдік тетіктерін қоса алғанда, тұрақты және тиімдірек тетіктерге біртіндеп көшуге аударылады. Бюджет қаражатының тиімділігін арттыруға және қолдауды экономикалық маңызды және басым бағыттарға шоғырландыруға ерекше назар аударылады.
Кәсіпкерлікті қамтуды кеңейту үшін субсидия шегі 200 млн теңгеге дейін төмендетілді. Бұрынғыша 15 млрд теңгеге дейінгі лимитпен қомақты қаражат көлемін игерген ірі жобалар субсидиялау бағдарламасына белсенді қатысты. Нәтижесінде микро және шағын бизнес субъектілерін субсидиялармен қамту төмен болып, бұл кәсіпкерлікті мақсатты қолдаудың тиімділігін төмендетті.
Алдағы уақытта салалық және өңірлік қағидаттарға негізделген неғұрлым мақсатты субсидиялау моделіне көшу жоспарлануда. Кредиттер бойынша әмбебап пайыздық мөлшерлемені субсидиялау тәжірибесі біртіндеп алынып тасталады, бұл ресурстарды экономикалық әсер ететін және аймақтық дамуға үлес қосатын қолдау салаларына бағыттауға мүмкіндік береді.
ШОБ қолдау шараларының тиімділігін арттыруға ерекше назар аударылады. Сонымен қатар "Даму" кәсіпкерлікті дамыту қоры" акционерлік қоғамын (бұдан әрі – "Даму" КДҚ" АҚ) қолдау құралдары қайта қаралады, басым экономикалық салаларға нақты назар аударылады. Жергілікті бюджеттен, "Даму" ҚДК" АҚ және екінші деңгейдегі банктерден бірлесіп қаржыландыру арқылы басым салалардағы өңірлік кәсіпкерлік бастамаларын қолдауға барлығы 300 млрд теңге бөлу жоспарлануда.
Экономикалық өсуді қаржылық қамтамасыз ету
Инвестициялардың айтарлықтай өсуіне қажеттілікті ескере отырып және пайыздық мөлшерлемелер жоғары күйінде сақталып отырған жағдайларда екінші деңгейдегі банктер мен "Бәйтерек" ұлттық инвестициялық холдингі" акционерлік қоғамы (бұдан әрі – "Бәйтерек" холдингі) инвестициялық кредиттерді қоса алғанда, нақты секторды кредиттеудің негізгі көздеріне, сондай-ақ экономикалық өсу салалары мен сала көшбасшыларын қаржыландырудың негізгі арналарына айналады.
Ағымдағы жылы Қазақстан Республикасының Үкіметі "Бәйтерек" холдингіне экономиканың басым секторларын қаржыландыруға 500 млрд теңгеден жоғары қаражат бөлді. Өз кезегінде "Бәйтерек" холдингі жобаларды 5,7 трлн теңгеге қаржыландырды. Осы қаражаттың әсері ағымдағы жылғы ЖІӨ өсімінің 1,3 пайыздық тармағына бағаланады.
Индустрияны дамыту жөніндегі мемлекеттің белсенді рөлі шеңберінде 2026 жылы Қазақстан Республикасының Үкіметі "Бәйтерек" холдингіне бюджет қаражатын 1 трлн теңге мөлшерінде бөлуді жалғастырады.
2027 – 2028 жылдары "Бәйтерек" холдингінің одан әрі капиталдандырылуы инфляцияны төмендету және тұрақтандыру бойынша қабылданған шаралардың нәтижелеріне, нарықтық қаржыландыру құнына және нақты секторды қаржыландырудың негізгі көзі ретінде жеке капиталдың қайтарылуына байланысты республикалық бюджетте белгіленген параметрлерге сәйкес анықталады.
"Бәйтерек" холдингі жергілікті және сыртқы нарықтарда сыртқы және ішкі қорландыру есебінен 7 трлн теңгеге дейінгі көлемде қаржы ресурстарын тартатын болады.
Екінші деңгейдегі банктердің қаражатын тарту басымдыққа ие болады. Ол үшін "Бәйтерек" холдингі, Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі және Қазақстан Республикасының Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі екінші деңгейдегі банктердің өтімділігін бизнесті кредиттеуге тарту тетіктерін пысықтайтын болады.
Шетел валютасындағы сыртқы қорландыру бондтарды, соның ішінде АҚШ доллары мен юаньмен шығару арқылы жүзеге асырылатын болады.
Тартылған қаражатты ескере отырып, "Бәйтерек" холдингі басым салаларға шамамен 8 трлн теңге көлемінде тікелей және жанама қолдау шараларын көрсетеді.
Шетел валютасында тұрақты валюталық түсімі бар экспортқа бағдарланған жобаларды қаржыландыру мүмкіндігі қаралатын болады.
"Бәйтерек" холдингі елдің экономикалық өсуінің проактивті саясатын іске асыру үшін инвестициялық холдингке айналды. Осылайша, "Бәйтерек" холдингі мыналарға назар аударады:
1) инфляцияға сезімтал секторлардағы отандық тауар өндірушілердің (бұдан әрі – ОТӨ) қуаттарын жүктеу арқылы импортты алмастыру.
Сонымен қатар инфрақұрылымдық жобалар (энергетикалық және коммуналдық секторларды жаңғырту және көлік инфрақұрылымы) өңірлік ерекшеліктерді ескере отырып (соның ішінде әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациялармен (бұдан әрі – ӘКК) бірлесіп өңірлік хабтар құру арқылы) отандық өндіріс инфрақұрылым нысандарына сұранысты шоғырландыру арқылы қаржыландырылатын болады;
2) экспорттық әлеуеті бар кәсіпкерлерді шоғырландыру арқылы (оның ішінде экспорттық нарықтарда ОТӨ шоғырландырылған ұсынысын ілгерілету жөніндегі трейдерлер желісін кеңейту арқылы).
Осылайша, "Бәйтерек" холдингінің инвестициялық қызметтің таратушы моделінен стратегиялық моделіне көшу есебінен экономикалық өсуді ынталандырудағы рөлі қайта қаралды.
Бұл тәсілді іске асыру үшін ұлттық экономикаға барынша мультипликативтік әсерді қамтамасыз ететін жүйе түзуші жобалардың шектеулі санын іске асыруға назар аударылатын болады.
Жобаларды іріктеу мыналарды қамтитын нақты белгіленген өлшемшарттар бойынша жүзеге асырылатын болады:
стратегиялық маңызы және ұлттық басымдықтарға қол жеткізуге қосқан үлесі (ЖІӨ, экспорттық әлеуетті, жұмыспен қамтуды және еңбек өнімділігін арттыру);
Қазақстан Республикасының аумағында экспорт пен импортты алмастыру және өндірістерді оқшаулау әлеуетінің болуы;
инвестициялық белсенділігі төмен өңірлер үшін басымдығы бар тұрақты жұмыс орындарын құру;
орта мерзімді перспективада жобаның өзін-өзі ақтауын қамтамасыз ететін расталған қаржылық модельдің және қоса қаржыландыру көздерінің болуы.
Жобаларды іске асыру үшін "Бәйтерек" холдингі базасында жобаларды іріктеуді, құрылымдауды, тартуды, сүйемелдеуді және іске асырылуының мониторингін қамтамасыз ететін бірыңғай инвестициялық терезе тетігі енгізілетін болады.
Инвестициялардың нақты экономикалық және әлеуметтік әсерін өлшеуге бағытталған бірыңғай KPI (Key Performance Indicator) жүйесі енгізілетін болады.
Сонымен қатар "Бәйтерек" холдингі қаржыландыру мен кепілдендіруге қолжетімділікті қамтамасыз ете отырып, кәсіпкерлікті қолдау бағдарламаларын сақтап кеңейтеді.
Шетелдік инвесторларды іздеуден және тартудан бастап жобалар пулын қалыптастыруға және оларды қаржыландыруға дейін "Бәйтерек" холдингінің Kazakh Invest, "Атамекен" Қазақстан Республикасының ұлттық кәсіпкерлер палатасы, Қазақстан Республикасының елшіліктері және ӘКК-мен бірлескен жұмыс синергиясы күшейтіледі.
"Бәйтерек" холдингінің 2029 жылы өндіріс экспортына қосқан үлесі 7,3 млрд АҚШ долларын құрайды, ал елдік көрсеткіш 37,9 млрд АҚШ доллары мөлшерінде болады.
4.4 Экономикадағы мемлекет үлесін төмендету
Қазақстан Республикасының Үкіметі квазимемлекеттік сектор субъектілерінің санын азайту, бірқатар салаларды монополиядан шығару, ресурстарға тең қолжетімділікті қамтамасыз ету және т.б. арқылы мемлекеттің экономикадағы үлесін төмендету бойынша жұмысты жалғастырады.
Жекешелендіру процесі жүргізілуде және бәсекеге қабілетті секторлардағы мемлекеттік кәсіпорындар санының қайта өсуіне жол бермеу үшін реттеуші шарттар жасалуда.
Ағымдағы жылы 2021 – 2025 жылдарға арналған кешенді жекешелендіру жоспары аяқталады. Жоспар бойынша 922,1 млрд теңгеге бағаланған 396 мемлекеттік актив бәсекелес нарыққа берілді, ал 69-ы қайта ұйымдастыруға немесе таратуға жіберілді.
"ҚазМұнайГаз" ұлттық компаниясы" акционерлік қоғамы, "Электр желілерін басқару жөніндегі Қазақстан компаниясы" "KEGOC" акционерлік қоғамы, "Эйр Астана" акционерлік қоғамы сияқты ірі мемлекеттік компаниялар IPO/SPO-ға шығарылған.
Квазимемлекеттік секторды құруға мораторий 2026 жылдың соңына дейін күшінде қалады.
Ұлттық жекешелендіру кеңсесі өз жұмысын аяқтады және одан әрі оңтайландыру ұсынылған мемлекеттік активтердің тізбесі жасалды.
Бұл тізбеге баланстық құны 2 трлн теңгеден асатын шамамен 500 компания кіреді (отын-энергетика секторындағы, өнеркәсіп және өндіріс саласындағы, агроөнеркәсіптік кешендегі, көлік және коммуникация саласындағы, қаржы нарықтарындағы және т.б. компаниялар).
Оңтайландыру үш кезеңде жүзеге асырылады: 1-кезең (2026 жыл), 2-кезең (2027–2028 жылдар), 3-кезең (2029–2030 жылдар).
"Самұрық-Қазына" ұлттық әл-ауқат қоры" акционерлік қоғамының бірқатар активтері ("Қазақтелеком" акционерлік қоғамы және "Qazaq Green Power PLC" жария компаниясы) үшін IPO/SPO жоспарланған.
Жалпы нарықтық ортаны дамыту жөніндегі іс-шаралар "Экономиканы ырықтандыру жөніндегі шаралар туралы" Қазақстан Республикасы Президентінің Жарлығында бекітілген тәсілдермен үндестірілген.
4.5 Экономиканы цифрландыру және жасанды интеллектіні дамыту
2026 – 2028 жылдары цифрлық мемлекеттің дамуын жеделдету және экономиканың барлық салаларына инновациялық технологияларды енгізу бойынша жүйелі жұмыс жалғасады.
IT қызметтерін экспортқа шығара отырып, экономиканың барлық салаларын жаңғырту үшін "Digital Qazaqstan" жасанды интеллект технологияларын ауқымды цифрландырудың және кешенді енгізудің жалпыұлттық стратегиясы әзірленетін болады.
Цифрлық трансформацияның негізгі бағыттарының бірі – телекоммуникация саласын дамыту. Цифрлық алшақтықты жою және азаматтардың цифрландырудың барлық артықшылықтарына тең қол жеткізуін қамтамасыз ету телекоммуникация саласын дамытудың басым бағыты болады.
Ұлттық "Қолжетімді Интернет" жобасының аясында 2027 жылдың соңына дейін Интернетпен 100 % қамтуға қол жеткізу, 100 Мбит/с-тан асатын жылдамдыққа жету және ауылдық елді мекендердің 90 %-ына талшықты-оптикалық желілерді тарту, оларды жоғары жылдамдықты Интернетпен қамтамасыз ету жоспарлануда.
2026 жылдың соңына дейін 3000-нан астам ауылды магистральдық талшықты-оптикалық байланыс желілеріне (бұдан әрі – ТОБЖ) қосу жоспарлануда. Осының арқасында 2027 жылдың соңына дейін үй шаруашылығына дейінгі жергілікті ТОБЖ желісі 4 786 ауылда болады.
2027 жылға қарай 4G қамтуы елді мекендердің 92 %-ына жетеді, ал 5G желісі 20 қалада өрістетіледі. Сонымен қатар 4G арқылы 40 000 км жолды қамту жоспарлануда. 2025 жылдың соңына дейін 504 шалғай ауылға спутниктік Интернет қосылады.
Халықаралық трафик транзитін дамыту үшін жобалар (Каспий теңізінің түбімен ТОБЖ төсеу және гипермагистраль) жалғасады, бұл елдің транзиттік трафиктегі үлесін 1,5 %-дан 2027 жылға қарай 5 %-ға дейін арттырады.
Сондай-ақ елді өңірлік цифрлық хаб ретінде қалыптастыру үшін 2030 жылға қарай IT-діңгектер санын 4 мыңнан 20 мыңға дейін арттыру және кемінде 9 Tier III-IV деңгейлі деректер өңдеу орталығын салу жоспарлануда.
Елдің жасанды интеллект (бұдан әрі – ЖИ) саласындағы позициясын нығайту үшін NVIDIA ЖИ инфрақұрылымы базасында Қазақстанның егеменді жасанды интеллект орталығын құру жоспарлануда. Құны 2 млрд АҚШ доллары тұратын жоба Орталық Азияның цифрлық инфрақұрылымының негізгі элементіне айналады.
Қазақстан Республикасының Үкіметі ірі көлемді жасанды интеллект инфрақұрылымын орналастыру және пайдалану үшін қолайлы жағдайлар жасауға ықпал етеді және инженерлер мен аналитиктерді даярлау үшін ЖИ академиясы мен зерттеу зертханасын құру сияқты бастамаларды қолдайды.
Нәтижесінде ІТ қызметтерінің экспорты 2028 жылы 1,6 млрд АҚШ долларына жетеді.
Қазақстан Республикасының Ұлттық банкі Қазақстан Республикасының Үкіметімен және Қазақстан Республикасының Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігімен бірлесіп цифрлық активтер айналымы үшін кешенді ұлттық экожүйені құруды және оны қаржы индустриясымен интеграциялауды қамтамасыз етеді. Бұл даму қамтамасыз етілмеген цифрлық активтер айналымы үшін реттелетін арналарды кеңейтуді, нақты және қаржылық активтерді токендеу және айналымға енгізу үшін құқықтық базаны қамтамасыз етуді және ұлттық валютамен қамтамасыз етілген стейблкоиндерді әзірлеуді қамтиды. Сондай-ақ Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің Ұлттық инвестициялық корпорациясының базасында Мемлекеттік цифрлық активтер қоры құрылады.
Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі мен оның еншілес компанияларының базасында цифрлық активтерді, сауда платформаларын және активтерді токендеу платформаларын қауіпсіз сақтауды (кастоди) қамтамасыз ету үшін қажетті цифрлық инфрақұрылым жасалады. Нарыққа қатысушылардың қызметтерімен бірге бұл саланы дамыту үшін сенімді және өзін-өзі қамтамасыз ететін технологиялық негізді қамтамасыз етеді.
5. Қорытынды
Қазақстан Республикасы Үкіметінің, Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі мен Қазақстан Республикасы Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің бірлескен іс-қимыл бағдарламасы жеке секторды тиімді дамытуға, өнімділікті ұдайы арттыруға және шикізаттық емес экспортты ілгерілетуге бағдарланған экономиканың сапалы өсуін қамтамасыз ету жөніндегі нақты қадамдарды белгілеуге арналған, азаматтардың әл-ауқатының артуы оның басты нәтижесі болмақ.
Бағдарламаны іске асыру мынадай нәтижелерге қол жеткізуге мүмкіндік береді:
халық табысының "инфляция + 2-3 %" деңгейінен жоғары деңгейде өсуі;
экономиканың жыл сайын 5 %-дан төмен болмайтын өсімі;
инфляция деңгейін 2026 жылы 9-11 %-ға дейін, 2027 жылы 5,5-7,5 %-ға дейін, 2028 жылы 5-7 %-ға дейін төмендету;
негізгі капиталға салынатын инвестициялар үлесін ЖІӨ-ге шаққанда 2026 жылы 18 %-ға, 2027 жылы 19 %-ға, 2028 жылы 21 %-ға дейін арттыру;
республикалық бюджет тапшылығын 2026 жылы ЖІӨ-ге 2,5 %-ға дейін, 2027 жылы ЖІӨ-ге 1,7 %-ға дейін, 2028 жылы ЖІӨ-ге 0,9 %-ға дейін қысқарту;
үкіметтік борышты 2026 жылы ЖІӨ-ге қатысты 21,4 %, 2027 жылы 20,8 %, 2028 жылы 19,6 %-ға дейін төмендету;
Ұлттық қордың жинақ функциясын күшейту және "Ұлттық қор – балаларға" бағдарламасы шеңберінде төлемдерді ұлғайту;
бизнеске кредиттер үлесін банктер активтерінің мөлшерінен 30 %-ына дейін ұлғайту;
халыққа борыштық жүктемені төмендету.