Қазақстан Республикасының Үкіметі ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:
1. Қоса беріліп отырған 2025 жылғы 22 тамызда Бішкекте жасалған Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Қырғыз Республикасының Министрлер Кабинеті арасындағы Қырғыз Республикасы Ұлттық қауіпсіздік мемлекеттік комитетінің Шекара қызметі үшін кадрлар даярлау саласындағы келісім бекітілсін.
2. Осы қаулы қол қойылған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі.
|
Қазақстан Республикасының Премьер-Министрі |
О. Бектенов |
| Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2025 жылғы 13 қазандағы № 853 қаулысымен бекітілген |
Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Қырғыз Республикасының Министрлер Кабинеті арасындағы Қырғыз Республикасы Ұлттық қауіпсіздік мемлекеттік комитетінің Шекара қызметі үшін кадрлар даярлау саласындағы келісім
Бұдан әрi Тараптар деп аталатын Қазақстан Республикасының Үкiметi мен Қырғыз Республикасының Министрлер Кабинеті достық қатынастарды дамыту және нығайту ниетiн негiзге ала отырып, сыртқы шекара қауiпсiздiгiн қамтамасыз ету саласындағы ықпалдасу үдерiстерiн жолға қоюға және тереңдетуге ұмтыла отырып, Тәуелсiз Мемлекеттер Достастығына қатысушы мемлекеттердiң сыртқы шекараларын сенiмдi күзету үшiн шекара әскерлерiнiң кәсiби даярланған әскери кадрларының шешушi мәнiн ұғына отырып,
1995 жылғы 3 қарашадағы Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығына қатысушы мемлекеттердiң шекара әскерлерiне арналған әскери кадрларды даярлау мен олардың бiлiктiлiгін арттырудағы ынтымақтастық туралы келiсiмнiң 1-бабын басшылыққа ала отырып, төмендегiлер туралы келiстi:
1-бап
Қазақстан Тарапы Қырғыз Республикасы Ұлттық қауіпсіздік мемлекеттік комитеті Шекара қызметінің әскери қызметшiлерiн мына: Қазақстан Республикасы Алматы қаласы Достық даңғылы, 103-үй мекенжайында орналасқан Қазақстан Республикасы Ұлттық қауiпсiздiк комитетiнiң Шекара академиясына (бұдан әрі – ҰҚК Шекара академиясы) Қазақстан Республикасы Ұлттық қауiпсiздiк комитетiнiң Төрағасы бекiткен штат саны лимитiнiң және ҰҚК Шекара академиясын ұстауға бөлiнген қаражаттың шегiнде шарттасқан санда Тараптар жыл сайын келiсетiн мамандықтар бойынша және мерзiмге оқуға қабылдайды. Келiсу нәтижелерi келiсiмшарттармен ресiмделедi.
2-бап
Тараптардың осы Келiсiмнiң орындалуы үшiн жауапты уәкiлеттi органдары:
Қазақстан Тарапынан – Қазақстан Республикасының Ұлттық қауіпсіздік комитеті;
Қырғыз Тарапынан – Қырғыз Республикасы Ұлттық қауіпсіздік мемлекеттік комитетінің Шекара қызметі болып табылады.
Жоғарыда аталған өкiлеттi органдардың атаулары немесе функциялары өзгерген жағдайда Тараптар дипломатиялық арналар арқылы уақытылы хабардар етілетін болады.
3-бап
Әскери қызметшiлердi оқуға қабылдау Қырғыз Тарапының жыл сайынғы жазбаша өтiнiмдерiне, Қазақстан Тарапының ұсынымдары мен мүмкiндiктеріне сәйкес жүргізіледі. Өтінімдер оқу басталғанға дейін алты ай бұрын жіберіледі. Өтінімдерде оқыту мамандығы және әр мамандық бойынша жеке үміткерлер саны, оқуға үміткерлердің жалпы білім деңгейі көрсетіледі.
Қырғыз Тарапы жыл сайын Қазақстан Тарапы бекiтетiн квотаға сәйкес ҰҚК Шекара академиясында оқуға үмiткерлердi iрiктеудi жүзеге асырады.
Жоғары білімнің білім беру бағдарламалары бойынша Қазақстан Республикасы ұлттық қауіпсіздік органдарының әскери, арнаулы оқу орындарына (бұдан әрі – ҰҚО ӘАОО) Қырғыз Республикасының мынадай азаматтары қабылданады:
1) жалпы орта, бастауыш кәсіптік немесе орта кәсіптік білімі бар, әскери қызмет өткермеген, оқуға қабылданған жылы он жеті жасқа толған, бірақ жиырма бір жастан аспаған;
2) арнаулы мемлекеттiк органдарда әскери қызмет немесе қызмет өткерген және мерзімді әскери қызмет өткерiп жатқан әскери қызметшілер олар қабылданған жылы жиырма төрт жасқа толғанға дейiн;
3) келiсiмшарт бойынша әскери қызмет өткерiп жатқан әскери қызметшiлер немесе арнаулы мемлекеттiк органдарда қызмет өткерiп жатқан қызметкерлер олар қабылданған жылы жиырма бес жасқа толғанға дейiн.
Жоғары білім және қысқартылған оқу мерзімімен жоғары білімнің білім беру бағдарламалары бойынша оқуға үміткердің жасы оны ҰҚО ӘАОО-ға қабылдаған күні айқындалады.
4-бап
Қырғыз Тарапы белгiленген тәртiппен Қырғыз Тарапы белгiлеген бағдарлама бойынша конкурстық негiзде кәсiптiк iрiктеу, медициналық куәландыру, қабылдау емтихандарын өткiзедi және әскери қызметшiлердi ҰҚК Шекара академиясына оқуға алдын ала айқындалған мерзiмде жiбередi.
Оқыту Қазақстан Республикасы ҰҚО ӘАОО-да қабылданған қолданыстағы жұмыс оқу жоспарлары мен жұмыс оқу бағдарламаларына сәйкес орыс тілінде жүргізіледі.
Үміткерде орыс тілін меңгерудің базалық деңгейі болуы тиіс. Орыс тілін меңгерудің ауызша және жазбаша сөйлеу дағдыларын тексеру Қазақстан Тарапы өкілдерінің міндетті қатысуымен жүзеге асырылады.
5-бап
Қырғыз Тарапы оқу басталғанға дейiн бір ай бұрын Қазақстан Тарапының мекенжайына мыналарды жолдайды:
– әскери атағын, тегiн, атын, әкесiнiң атын, туған жылын, жалпы бiлiмiн, болжанатын мамандығын көрсете отырып, әскери қызметшiлер тiзiмiнiң екi данасын;
– оқуға үмiткерлердiң оқу істерін, олар мыналарды:
кәсiптiк iрiктеудің нәтижелерiн, мемлекеттiк құпияларға жатқызылған мәлiметтердi алу (беру) құқықтарының болуы туралы қорытындыны және толық орта бiлiмi туралы құжаттарының нотариалды куәландырылған көшiрмелерiн қамтиды.
ҰҚК Шекара академиясынан оқудан шығарылған немесе оны аяқтаған Қырғыз Тарапы әскери қызметшілерінің оқу істері Қырғыз Тарапына жолданады.
Қырғыз Тарапының әскери қызметшiлерi оқуға белгiленген тәртiппен оқу жылының басталуына қарай келедi, оларда өзімен бірге:
– Қазақстан Республикасының Мемлекеттік шекарасынан өтуге құқық беретін жарамды жеке басын куәландыратын құжаты;
– білімі туралы, оқыған пәндері мен олар бойынша алған бағалары туралы құжаттардың түпнұсқалары мен көшірмелері;
– жоғары оқу орындарына түсу емтихандарын тапсыру туралы ведомосынан үзінді;
– мерзімі 3 (үш) айдан аспаған тіке проекцияда көкірек қуысы органдарын флюорографиялық зерттеу және медициналық куәландыру қорытындысы, сондай-ақ мерзімі бір айдан аспаған АҚТҚ-инфекциясы мен гепатитке (В, С) тексеру туралы медициналық қорытынды;
– әскери нысандағы киімде түскен өлшемі 4,5 х 3,5 см бес фотосурет;
– Қырғыз Республикасының мемлекеттік құпияларына жіберуге тиісті нысаны болуы керек.
Оқуға үміткерлердің құжаттары орыс тілінде жасалып ресімделген және нотариалды куәландырылған болуға тиіс.
Қырғыз Тарапы үміткерлердің белгіленген мерзімде оқуға келуін қамтамасыз етеді.
Қырғыз Тарапы әскери қызметшілерінің оқудың басталуына қарай келуі мүмкін болмаған жағдайда, Қырғыз Тарапы оқу басталғанға дейін он күн бұрын Қазақстан Тарапын хабардар етуге міндетті.
Қырғыз Тарапы оқуға жiберген кезде Қырғыз Тарапының әскери қызметшiлерi қатарынан ұлттық топтың жетекшiсiн тағайындайды, ол ҰҚК Шекара академиясындағы оның өкiлi болып табылады.
6-бап
ҰҚК Шекара академиясында оқитын Қырғыз Тарапының әскери қызметшiлерiне оқу жоспарларына сәйкес жыл сайын мынадай каникул демалыстары берiледi:
1) жазғы демалыс – отыз тәулік;
2) қысқы демалыс – он төрт тәулік.
Каникул демалыстарын өткізу орнына және кері қарай жол жүру үшін қажетті уақыт берілмейді.
7-бап
Қазақстан Тарапы Қырғыз Тарапының әскери қызметшiлерiн ҰҚК Шекара академиясында оқыту барысында:
– Қазақстан Республикасының iшкi iстер органдарында уақытша тiркеумен;
– стипендиямен;
– заттай мүлiкпен;
– тұратын үй-жайлармен (жатақханалармен);
– үш мезгiлдiк тамақпен;
– оқытушылар құрамымен, оқу құралдарымен, оқу-сыныптық керек-жарақтармен, зертханалық жабдықпен, қару-жарақпен, техникамен, оқ-дәрiлермен, практикалық оқытудың техникалық құралдарымен;
– арнайы оқу жоспарлары мен бағдарламаларына сәйкес оқу процесіне қажеттi шығыс материалдарымен және басқа да жабдықпен;
– оқу процесіне қажеттi кiтапханаларды, оқу және спорт залдарын және басқа үй-жайларды пайдалану құқығымен;
– госпитальға жатқызу мен дәрi-дәрмектер берудi қоса алғанда, медициналық қызмет көрсетумен;
– оқу мақсаттары үшiн көлiкпен;
– киiм-кешекпен, сондай-ақ Қазақстан Тарапы әскери қызметшiлерiнiң қазiргi санаттарына арналған нормалар бойынша техникамен жұмыс iстеуге арналған арнайы киiммен қамтамасыз етедi.
Арнайы киiм уақытша пайдалануға берiледi және оқу аяқталғаннан кейiн ол алған орнына қайтарылуға тиiс.
8-бап
Қырғыз Тарапының әскери қызметшiлерiн стипендиямен, киiм-кешекпен, тамақпен және тұрғын үй-жайлармен (жатақханамен) қамтамасыз етудi, сондай-ақ оқуға байланысты шығыстарды қазақстандық Тарап әскери қызметшiлерiнiң тиiстi санаттары үшiн белгіленген нормалар бойынша Қазақстан Тарапы жүзеге асырады.
Қырғыз Тарапы Қырғыз Тарапының заңнамасына сәйкес Қырғыз Тарапының әскери қызметшілеріне мыналарды:
– әскери қызметшілердің жол жүру, олардың әскери қызмет өткеру орнынан (тұрғылықты жерінен) оқу орнына дейін жүгін тасымалдау ақысын;
–оқу орнынан әскери қызмет өткеру орнына (тұрғылықты жеріне) дейін олардың жүгін тасымалдау, каникул және жеке себептер бойынша демалысқа, кәсіби практика мен тағылымдамадан өтуге және кері қарай, ҰҚК Шекара академиясынан оқудан шығарылған және оқу аяқталысымен қызмет орнына кеткен жағдайда Қырғыз Республикасының аумағына оралу кезінде жол жүру ақысын төлеуді жүзеге асырады.
9-бап
Қырғыз Тарапы әскери қызметшiсiнiң кiнәсынан қазақстандық Тараптың мүлкi бұзылған жағдайда, Қазақстан Республикасының қолданыстағы заңнамасына сәйкес нақты шығындарды негiзге ала отырып, Қырғыз Тарапының әскери қызметшілері оның жөндеу немесе ауыстыру құнын өтейді.
Қырғыз Тарапы әскери қызметшiсiнiң кiнәсынан қазақстандық Тараптың мүлкi жоғалған жағдайда, оның құнын қазақстандық Тарап әскери қызметшiлерiнiң тиiстi санаттарына сәйкес анықталған мөлшерде Қырғыз Тарапының әскери қызметшілері өтейдi.
10-бап
ҰҚК Шекара академиясында оқып жүрген Қырғыз Тарапының әскери қызметшiлерiне Қазақстан Республикасының заңнамасында шетелдiк азаматтар үшін көзделген құқықтар мен мiндеттер қолданылады.
Қырғыз Тарапының әскери қызметшiлерi Қазақстан Республикасы заңнамаларының талаптарын, әскери қызметтi өткерудi реттейтiн Қазақстан Республикасы Қарулы Күштерінің, басқа да әскерлері мен әскери құрылымдарының жалпыәскери жарғыларын, сондай-ақ ҰҚК Шекара академиясында iшкi тәртiптi және оқу үдерiсiн сақтауға мiндеттi.
ҰҚК Шекара академиясында оқитын және жоғарыда аталған талаптарды бұзған әскери қызметшiлер, сондай-ақ Қырғыз Тарапының шешiмi бойынша керi шақырылғандар ҰҚК Шекара академиясынан шығарылады және Қырғыз Республикасына жiберiледi.
11-бап
Әскери қызметшiнiң одан әрi оқуына кедергi келтiретiн сырқаттанып қалған кезiнде ол әскери-дәрiгерлiк комиссияға жiберiледi. Әскери-дәрiгерлiк комиссия сырқаттанған әскери қызметшiнiң одан әрi оқуға жарамсыздығы туралы шешiм қабылдаған жағдайда, ол ҰҚК Шекара академиясынан оқудан шығарылады және Қырғыз Тарапының қарамағына жiберiледi.
Қырғыз Республикасының әскери қызметшiсi Қазақстан Республикасының аумағында қайтыс болған (қазаға ұшыраған) жағдайда, Қырғыз Тарапы қайтыс болған (қаза тапқан) адамның денесін Қырғыз Республикасына жiберудi өз есебiнен қамтамасыз етедi. Қазақстан Тарапы Қырғыз Тарапының өтiнiшi бойынша қажетті жәрдем көрсетедi.
Қазақстан Тарапы барлық жағдайларда Қырғыз Тарапын оқып жүрген адамның қайтыс болғаны туралы дереу хабардар етедi, ал қайтыс болу себептерiн Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес уәкілетті Қазақстан Тарапының құзыреттi органдары анықтайтын болады.
12-бап
Қырғыз Тарапы әскери қызметшiлерiнiң кәсiптiк практикасы мен тағылымдамасы Қазақстан Тарапының әскери арнаулы оқу орындарының жұмыс оқу жоспарлары мен жұмыс оқу бағдарламаларына сәйкес Қырғыз Тарапының практика мен тағылымдама базасында жүргізіледі және каникулярлық демалысқа (жазғы, қысқы) шығумен бiрiктiрiледi (әдетте).
Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес қорытынды аттестаттаудан өткен және тиісті білім беру бағдарламасын игергенін растаған білім алушыларға Мемлекеттік аттестаттау комиссиясының шешімімен "бакалавр" дәрежесі беріледі, диплом және белгіленген үлгідегі кеуде белгілері тапсырылады.
ҰҚК Шекара академиясында оқып жүрген Қырғыз Тарапының әскери қызметшiлерiне алғашқы офицерлер атағын беру ҰҚК Шекара академиясы жолдаған ақпараттың негізінде Қырғыз Республикасының заңнамасына сәйкес жүзеге асырылады.
13-бап
Оқуды аяқтаған Қырғыз Тарапы әскери қызметшiлерiнiң жұмыс дәптерлерi Қырғыз Тарапының сұрау салуы негiзiнде бекiтiлген тәртiппен Қырғыз Республикасына жiберiледi.
14-бап
Осы Келiсiмдi iске асыру шеңберiнде алынған құпия және өтe құпия ақпаратты рұқсатсыз таратуға немесе жариялауға жол берген не өзге де қылмыстық құқық бұзушылық жасаған Қырғыз Тарапының ҰҚК Шекара академиясында оқып жатқан әскери қызметшiлерi оны жасаған жері бойынша Тараптар мемлекеттерінің ұлттық заңнамасында көзделген тәртіппен жауапты болады.
15-бап
Тараптардың өзара келiсуi бойынша осы Келiсiмге осы Келiсiмнiң ажырамас бөлiктерi болып табылатын жеке хаттамалар түрінде ресiмделетiн өзгерiстер мен толықтырулар енгiзiлуi мүмкiн. Осы Келiсiмдi іске асыру кезiнде туындайтын барлық дауларды Тараптар өзара консультациялар және келiссөздер жолымен шешедi.
16-бап
Осы Келiсiм қол қойылған күнiнен бастап, мемлекетішілік рәсімдердің орындалуы туралы Тараптардың жазбаша хабарламаларының соңғысын дипломатиялық арналар арқылы алған күннен бастап күшiне енедi.
Осы Келiсiм белгiленбеген мерзiмге жасалады және Тараптардың бiрi басқа Тараптың оның қолдануын тоқтату ниетi туралы тиiстi жазбаша хабарламасын дипломатиялық арналар арқылы алған күннен кейiн алты ай өткенге дейiн күшiнде қалады.
Осы Келiсiмнiң қолданылуы тоқтатылған жағдайда, оның негiзiнде жасалған келiсiмшарттар Тараптардың мiндеттемелерiн орындағанға дейiн қолданыста болады.
Осы Келісім күшіне енген күнінен бастап 2006 жылғы 4 шілдедегі Қазақстан Республикасының Үкiметi мен Қырғыз Республикасының Yкiметi арасындағы Қырғыз Республикасының Шекара қызметi үшiн кадрлар даярлау саласындағы келiсiм өз қолданысын тоқтатады.
2025 жылғы 22 тамызда Бішкек қаласында екі данада қазақ, қырғыз және орыс тiлдерiнде жасалды, барлық мәтiндердiң күшi бiрдей.
Осы Келiсiмнiң ережелерiн түсiндiру кезiнде келiспеушiлiктер туындаған жағдайда Тараптар орыс тiлiндегi мәтiнге жүгiнетiн болады.
|
Қазақстан Республикасы Үкіметі үшін |
Қырғыз РеспубликасыМинистрлер Кабинеті үшін |