Қазақстан Республикасының Үкіметі ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:
1. "Жоғары және (немесе) жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру ұйымдарының ерекше мәртебесі туралы ережені бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2017 жылғы 14 ақпандағы № 66 қаулысына мынадай өзгерістер енгізілсін:
көрсетілген қаулымен бекітілген Жоғары және (немесе) жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру ұйымдарының ерекше мәртебесі туралы ережеде:
3-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:
"3. Ерекше мәртебе – жоғары және (немесе) жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру ұйымының тұлғаны тәрбиелеуге, оқытуға және оның кәсіптік қалыптасуына аса зор үлес қосқаны, жоғары және (немесе) жоғары оқу орнынан кейінгі білім берудің орнықты жоғары деңгейін қамтамасыз еткені үшін Қазақстан Республикасының Президенті беретін мәртебесі.";
5-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:
"5. Ерекше мәртебесі бар жоғары және (немесе) жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру ұйымдары "Білім туралы" Қазақстан Республикасы Заңының 43-1-бабында айқындалған қызмет түрлерін жүзеге асырады және құзыреттерге ие болады.
Бұл ретте ерекше мәртебесі бар жоғары және (немесе) жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру ұйымдары жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім берудің мазмұнын мемлекеттік жалпыға міндетті жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру стандарттарының талаптарынан төмен болмайтындай етіп өз бетінше айқындай алады, сондай-ақ ғылым және жоғары білім саласындағы уәкілетті орган айқындайтын тәртіпке сәйкес философия докторы (PhD) және бейін бойынша доктор дәрежесін бере алады;";
1) тармақша мынадай редакцияда жазылсын:
"1) ғылыми-педагогикалық әлеуетті, оқу-материалдық базаны және инновациялық білім беру технологияларын тиімді пайдаланудың негізінде әлемдік стандарттарға сәйкес келетін жоғары және (немесе) жоғары оқу орнынан кейінгі білімнің тұрақты жоғары деңгейіне кепілдік береді;";
4) тармақша мынадай редакцияда жазылсын:
"4) әлемдік ғылыми-білім беру кеңістігінде жоғары білімнің, ғылымның, техника мен технологиялардың дамуына жүйелі түрде мониторинг жүргізеді және жоғары және (немесе) жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру жүйесіне енгізу үшін ғылым және жоғары білім саласындағы уәкілетті органға ұсыныстар енгізеді.";
7-тармақтың бірінші бөлігі мынадай редакцияда жазылсын:
"7. Арттыру коэффициенті заңнамада айқындалатын Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы Мемлекеттік басқару академиясын, Қазақстан Республикасы Жоғары Сот Кеңесінің жанындағы Сот төрелігі академиясын қоспағанда, ұйымдық-құқықтық нысанына қарамастан, ерекше мәртебесі бар жоғары және (немесе) жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру ұйымдарының профессор-оқытушылар құрамының және басшы жұмыскерлерінің лауазымдық айлықақылары лауазымдық айлықақылардың белгіленген мөлшерлеріне 1,2 арттыру коэффициенті есепке алынып айқындалады.";
9-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:
"9. Қазақстан Республикасының Қорғаныс ұлттық университетінің профессор-оқытушылар құрамының және басшы қызметкерлерінің лауазымдық айлықақылары лауазымдық айлықақының белгіленген мөлшерлеріне 1,5 арттыру коэффициенті қолданылып айқындалады."
2. Осы қаулы алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.
Қазақстан Республикасының Премьер-Министрі |
О. Бектенов |