Қазақстан Республикасының Үкіметі ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:
1. "Қазақстан Республикасы Үкіметінің регламенті туралы" Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2023 жылғы 6 қаңтардағы № 10 қаулысына мынадай өзгерістер мен толықтыру енгізілсін:
көрсетілген қаулымен бекітілген Қазақстан Республикасы Үкіметінің регламентінде:
мынадай мазмұндағы 86-1-тармақпен толықтырылсын:
"86-1. Премьер-Министрдің заңнамалық түзету қабылдау қажеттігі туралы тапсырмалары бойынша тиісті тапсырма түскен күннен бастап екі апта мерзімде жауапты мемлекеттік орган осы тармақта белгіленген тәртіппен орындау процесінің және оның кезеңдерінің пайымын тұжырымдайды.
Жауапты мемлекеттік орган тиісті тапсырма түскен күннен бастап бір апта мерзімде жетекшілік ететін мемлекеттік саяси қызметші деңгейінде мынадай орындау тетіктерінің бірін айқындайды:
1) заңның жаңа жобасын әзірлеу;
2) Үкімет бастама жасаған, әзірлеу немесе мемлекеттік органдармен келісу сатысында тұрған (Үкімет Аппаратына енгізілгенге дейін) заң жобасына заңнамалық түзетулер енгізу;
3) Парламент Мәжілісінің қарауындағы заң жобасына заңнамалық түзетулер енгізу (заңнамалық түзетулерді дереу енгізу қажет болған жағдайда).
Бұл ретте осы тармақтың екінші бөлігінің 3) тармақшасында көрсетілген тәсілді іске асыру осы Регламенттің 124-тармағында белгіленген тәртіппен жүзеге асырылады.
Ұсынылып отырған тетікке байланысты Қазақстан Республикасының заңнамасында көзделген заң шығару процесінің нақты рәсімдері де оларды іске асыру мерзімдері нақты регламенттеліп айқындалады.
Жауапты мемлекеттік орган тұжырымдаған тәсілдер тиісті негіздемелерімен бірге Әділет министрлігіне келісуге жіберіледі.
Әділет министрлігімен келісу тәсілдер түскен күннен бастап 3 (үш) жұмыс күні ішінде қамтамасыз етіледі.
Әділет министрлігімен келісілген тәсілдерді жауапты мемлекеттік орган көрсетілген тәсілдерді қолдану себептерін міндетті түрде негіздеп, Үкімет Аппараты Басшысының атына енгізеді.
Енгізілген тәсілдермен келіскен жағдайда Үкімет Аппараты Басшысының қарарымен оларды іске асыру мерзімі айқындалады.";
120 және 121-тармақтар мынадай редакцияда жазылсын:
"120. Парламент депутаттары бастама жасаған, Үкіметке түскен заң жобалары және оларға Үкімет қорытындыларының жобалары Ведомствоаралық комиссияның отырысында қаралуға тиіс.
Парламент депутаттары бастама жасаған заң жобасына Үкімет қорытындысының жобасын дайындауды Үкімет Аппараты Басшысының тапсырмасымен жауапты ретінде айқындалған мемлекеттік орган осы Регламентке 9-қосымшаға сәйкес нысан бойынша қамтамасыз етеді.
Бірлесіп орындаушы мемлекеттік органдар, егер тапсырмада өзге, анағұрлым қысқа мерзім белгіленбесе, тапсырма түскен күннен бастап 5 (бес) жұмыс күні ішінде Үкімет қорытындысының жобасын дайындағанда ескеру үшін жауапты мемлекеттік органға Парламент депутаттары бастама жасаған заң жобасы бойынша өз ұстанымын ұсынуға міндетті.
Жауапты мемлекеттік орган, егер тапсырмада өзге, анағұрлым қысқа мерзім белгіленбесе, тапсырма түскен күннен бастап 7 (жеті) жұмыс күні ішінде Үкімет қорытындысының жобасын Ведомствоаралық комиссия мүшелеріне тарату үшін Әділет министрлігіне ұсынады, сондай-ақ Ұлттық экономика және Қаржы министрліктерімен бірлесіп Ведомствоаралық комиссияның қарауына республикалық және жергілікті бюджеттердің және (немесе) Ұлттық қордың түсімдерінің қысқару немесе шығыстарының ұлғаю ықтималдығы бөлігінде алдын ала қаржы-экономикалық есеп-қисаптарды енгізеді.
Ведомствоаралық комиссия депутаттар бастама жасаған заң жобасын оң не өзге бағалау жөнінде ұсыныстар тұжырымдайды.
Ведомствоаралық комиссияның ұсыныстарын ескере отырып, мемлекеттік тілдегі және орыс тіліндегі Үкімет қорытындысының жобасы түскен күннен бастап 3 (үш) жұмыс күнінен аспайтын мерзімде бірінші басшылардың немесе олар уәкілеттік берген лауазымды тұлғалардың қолы қойылған хаттарды ұсыну жолымен міндетті түрде тікелей мүдделі мемлекеттік органдармен, сондай-ақ Әділет, Ұлттық экономика, Қаржы министрліктерімен келісіледі.
Үкімет қорытындысының жобасы мемлекеттік органда келісуде болғанына 3 (үш) жұмыс күнінен асқан және ол бойынша жауап ұсынылмаған жағдайда мұндай жоба әдепкі қалпы бойынша "келісілді" деп саналады. Бұл ретте жинақтауды жүзеге асыратын мемлекеттік орган өзінің ілеспе хатында ұсынылған ақпараттың мемлекеттік органмен "әдепкі қалпы бойынша" келісілгені туралы міндетті түрде көрсетеді.
Үкімет қорытындысының жобасында республикалық және жергілікті бюджеттердің және (немесе) Ұлттық қордың түсімдерінің қысқаруын немесе шығыстарының ұлғаюын көздейтін нормалар туралы мәліметтер, осындай нормалар бойынша Республикалық бюджет комиссиясының қорытындысы, заң жобасында ұсынылатын нормалардың Конституцияға, қолданыстағы заңнамалық актілерге сәйкестігі, оларды қабылдаудың орындылығы туралы, жеке кәсіпкерлік субъектілеріне қатысты реттегіш құралды және онымен байланысты талаптарды енгізуді немесе реттеуді қатаңдатуды жүзеге асыруды көздейтін нормалар, ықтимал теріс әлеуметтік-экономикалық салдар, сондай-ақ іске асыру үшін заңға тәуелді нормативтік құқықтық акт қабылдау талап етілетін нормалар туралы мәліметтер қамтылады.
Реттеушілік әсерге талдау жүргізу қажеттілігі анықталған жағдайда Үкімет қорытындысының жобасында тиісті нормалар бойынша тұжырымдамалық ұстаным баяндалып (қолдау табатын, ішінара қолдау табатын және қолдау таппайтын түзетулер туралы ұстаным айқын көрсетіледі), реттеушілік әсерді талдау нәтижелері қосымша ұсынылатыны көрсетіледі.
Бұл ретте реттегіш құралды талдауды мемлекеттік басқарудың реттегіш құралды, онымен байланысты талаптарды енгізу немесе жеке кәсіпкерлік субъектілеріне қатысты реттеуді қатаңдатуды жүзеге асыру көзделетін саласында немесе аясында басқаруды жүзеге асыратын мемлекеттік орган кәсіпкерлік жөніндегі уәкілетті орган айқындайтын тәртіппен жүргізеді.
Реттеушілік әсерді талдау нәтижелері ол аяқталған күннен бастап 3 (үш) жұмыс күні ішінде тиісті мемлекеттік органның бірінші басшысының қолы қойылып Парламентке жіберіледі.
Парламент депутаттары бастама жасаған заңдардың жобаларына осы Регламентке сәйкес дайындалған Үкімет қорытындыларының жобаларын Үкімет Аппаратына енгізген кезде әзірлеуші оларға Ведомствоаралық комиссияның хаттамалық шешімінің көшірмесін, тікелей мүдделі мемлекеттік органдардың, сондай-ақ Әділет, Ұлттық экономика және Қаржы министрліктерінің мемлекеттік органның бірінші басшысы не ол уәкілеттік берген лауазымды тұлға қол қойған хаттарының көшірмелерін электрондық құжат нысанында қоса береді.
Қажет болған кезде әзірлеуші Үкімет қорытындысының жобасына республикалық және жергілікті бюджеттердің және (немесе) Ұлттық қордың түсімдерінің қысқару немесе шығыстарының ұлғаю ықтималдығы бөлігінде қаржы-экономикалық есеп-қисаптарды қоса береді.
121. Үкімет қорытындысының жобасы Үкімет Аппаратына, егер Үкімет Аппараты Басшысының тапсырмасында анағұрлым қысқа өзге мерзім белгіленбесе, Парламент депутаттары бастама жасаған заң жобасы Үкімет Аппаратында тіркелген күннен бастап 15 (он бес) жұмыс күннен кешіктірмей мемлекеттік тілде және орыс тілінде электрондық құжат форматында енгізіледі.
Үкімет Аппаратының Басшысы қол қойған Үкімет қорытындысының жобасы Президент Әкімшілігіне келісуге жіберіледі.
Егер Үкімет қорытындысының жобасымен қолдау көрсетілетін заң жобасын іске асыру үшін заңға тәуелді нормативтік құқықтық актілерді қабылдау қажет болса, уәкілетті мемлекеттік органдар олардың алдын ала жобаларын әзірлеуге дереу кіріседі.
Үкімет қорытындысының жобасы Президент Әкімшілігімен келісілгеннен кейін ол міндетті түрде таныстырылуға және Үкімет мүшелері дауыс беруге тиіс.
Үкімет отырысында дауыс берілген Үкімет қорытындысының жобасы Премьер-Министрдің қол қоюына 1 (бір) жұмыс күні ішінде енгізіледі.
Үкімет отырысында қорытынды жобасы мақұлданған күннен бастап 15 (он бес) жұмыс күнінен кешіктірілмейтін мерзімде жауапты мемлекеттік орган заң жобасын іске асыру үшін қажетті заңға тәуелді нормативтік құқықтық актілердің алдын ала жобаларын бірінші басшының не ол уәкілеттік берген лауазымды тұлғаның қолы қойылған хатпен заң жобасына бастама жасаған Парламент депутаттарына, Үкімет Аппаратына және Әділет министрлігіне танысу үшін жібереді.
Егер заңға тәуелді нормативтік құқықтық актінің жобасын әзірлеу басқа мемлекеттік органның құзыретіне жататын болса, онда осы мемлекеттік орган тиісті жобаны жауапты мемлекеттік органға Үкімет отырысында қорытынды жобасы мақұлданған күннен бастап күнтізбелік 10 (он) жұмыс күн ішінде ұсынады.";
124, 125 және 126-тармақтар мынадай редакцияда жазылсын:
"124. Осы Регламенттің 86-1-тармағына сәйкес келісілген тәсіл болған кезде Президенттің және Премьер-Министрдің заңнамалық актілерге дереу өзгерістер енгізуді талап ететін тапсырмаларын орындау үшін жауапты мемлекеттік орган заң жобасына тиісті түзетулерді әзірлейді және оларды Үкіметтің келісілген ұстанымын келісу және тұжырымдау үшін Әділет, Ұлттық экономика, Қаржы министрліктеріне және басқа да тікелей мүдделі мемлекеттік органдарға салыстырма кесте түрінде жібереді.
Егер ұсынылып отырған түзетулерді іске асыру үшін заңға тәуелді нормативтік құқықтық актілерді қабылдау қажет болса, олардың алдын ала жобалары қоса беріледі.
Келісуші мемлекеттік органдар, сондай-ақ Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасы және кәсіпкерлік субъектілерінің сараптамалық кеңестерінің мүшелері жауапты мемлекеттік органға заң жобасына енгізілетін түзетулерге өз ұсыныстарын немесе қарсылықтарын, егер тапсырмада өзге мерзім көрсетілмесе, олар келіп түскен күнінен бастап күнтізбелік 7 (жеті) күн ішінде жібереді.
Қажет болған кезде жауапты мемлекеттік орган немесе өзге мүдделі мемлекеттік орган тиісті өзгерістер мен толықтыруларды Республикалық бюджет комиссиясының не Үкімет жанындағы консультативтік-кеңесші органдардың қарауына өзі жібереді.
Түзетулер мүдделі мемлекеттік органдардың бірінші басшыларымен келісілгеннен кейін жауапты мемлекеттік орган Үкімет Аппаратына осы Регламентке 10-қосымшаға сәйкес нысан бойынша келісілген ұстанымды, салыстырма кестені, Парламенттің атына хат жобасын, заңға тәуелді нормативтік құқықтық актілердің жобаларын (бар болса) енгізеді.
Парламентке жолданған хат жобасында түзетулерді әзірлеудің негіздері, мақсаттары, міндеттері мен негізгі ережелерінің егжей-тегжейлі сипаттамасы, сондай-ақ түзетулер енгізу ұсынылатын Парламенттің қарауындағы заңның тиісті жобасын таңдау себептерінің негіздемесі қамтылуға тиіс.
Ілеспе құжаттар салынған Үкіметтің келісілген ұстанымы Үкімет Аппараты Басшысының қолы қойылған хатпен Президент Әкімшілігіне келісуге жіберіледі.
Президент Әкімшілігімен келісілгеннен кейін Үкіметтің келісілген ұстанымы таныстыруға, содан соң одан әрі дауыс беру үшін отырысқа не Үкімет мүшелерінің сырттай дауыс беруіне шығарылады.
Үкіметтің келісілген ұстанымын мақұлдау қорытындылары бойынша Парламентке ілеспе құжаттар салынған, Премьер-Министрдің қолы қойылған тиісті хат жіберіледі.
Парламентке мемлекеттік органдардың бірінші басшыларының және өзге лауазымды тұлғаларының қолы қойылған хатпен заң жобаларына түзетулер енгізу туралы ұсыныс енгізуге тыйым салынады.
Уәкілетті мемлекеттік органдар Парламент палаталарында Үкіметтің келісілген ұстанымын мүлтіксіз сақтауға міндетті.
Мемлекеттік органдарға Парламенттің қарауындағы заңдардың жобаларына түзетулер енгізу туралы ұсыныспен Үкімет, Президент Әкімшілігі басшылығының атына осы тармақта көзделген тәртіппен өз бастамасы бойынша хат жіберуге тыйым салынады.
125. Үкімет бастама жасаған заң жобасына, сондай-ақ Парламент депутаттары бастама жасаған заң жобасына Парламент депутаттары түзетулер (оның ішінде республикалық және жергілікті бюджеттердің және (немесе) Ұлттық қордың түсімдерін қысқартуды немесе шығыстарын ұлғайтуды көздейтін) енгізген жағдайда Үкімет Аппараты Басшысының тапсырмасы бойынша Үкімет қорытындысының жобасын осы Регламентке 11-қосымшаға сәйкес нысан бойынша заң жобасын әзірлеуші әзірлейді.
Бірлесіп орындаушы мемлекеттік органдар, егер тапсырмада өзге, анағұрлым қысқа мерзім белгіленбесе, тапсырма түскен күннен бастап 3 (үш) жұмыс күні ішінде Үкімет қорытындысының жобасын дайындағанда ескеру үшін заң жобасын әзірлеушіге Парламент депутаттарының түзетулері бойынша өз ұстанымын ұсынуға міндетті.
Егер заң жобасына түзетулер кәсіпкерлік субъектілерінің мүдделерін қозғайтын болса, онда мұндай түзетулер ұсынымдық сипаттағы сараптамалық қорытынды алу үшін Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасына және кәсіпкерлік субъектілерінің сараптамалық кеңестерінің мүшелеріне жіберіледі. Сараптамалық қорытындылар әзірлеушіге 5 (бес) жұмыс күні ішінде жіберіледі.
Заң жобасын әзірлеуші, егер тапсырмада өзге, анағұрлым қысқа мерзім белгіленбесе, тапсырма түскен күннен бастап 5 (бес) жұмыс күні ішінде Үкімет қорытындысының жобасын қалыптастырады және оны келісу үшін мүдделі мемлекеттік органдарға жібереді.
Мемлекеттік органдар (Әділет, Ұлттық экономика, Қаржы министрліктері міндетті түрде) Үкімет қорытындысының жобасы түскен күннен бастап 3 (үш) жұмыс күнінен аспайтын мерзімде әзірлеушіге бірінші басшы немесе ол уәкілеттік берген лауазымды тұлға қол қойған тиісті хат жіберу арқылы келіседі.
Егер Үкімет қорытындысы жобасының мемлекеттік органда келісуде болғанына 3 (үш) жұмыс күнінен асқан және ол бойынша жауап берілмеген жағдайда, мұндай жоба әдепкі қалпы бойынша "келісілді" деп саналады. Бұл ретте жинақтауды жүзеге асыратын мемлекеттік орган өзінің ілеспе хатында ұсынылған ақпараттың мемлекеттік органмен "әдепкі қалпы бойынша" келісілгені туралы міндетті түрде көрсетеді.
Бірыңғай ұстаным болмаған кезде 2 (екі) жұмыс күнінен аспайтын мерзімде ведомствоаралық кеңес өткізіледі, онда бірыңғай ұстаным тұжырымдалады не дәлелді негіздемелері бар ескертулер ресімделеді, олар қорытынды жобасымен бірге Үкімет Аппаратына енгізіледі. Үкімет қорытындысының жобасы келіспеушіліктермен енгізілген жағдайда шешім қабылдау үшін мәселе Үкімет Аппаратындағы кеңесте қаралады.
Әзірлеуші, егер тапсырмада өзге мерзім көрсетілмесе, 10 (он) жұмыс күнінен аспайтын мерзімде Үкімет Аппаратына Үкімет қорытындысының жобасын енгізеді.
Қажет болған кезде Үкімет қорытындысының жобасына: республикалық және жергілікті бюджеттердің және (немесе) Ұлттық қордың түсімдерінің қысқару немесе шығыстарының ұлғаю ықтималдығы бөлігінде қаржы-экономикалық есеп-қисаптар, Үкімет жанындағы консультативтік-кеңесші органдардың, Республикалық бюджет комиссиясының хаттамалары да қоса беріледі.
Реттеушілік әсерге талдау жүргізу қажеттілігі анықталған жағдайда Үкімет қорытындысының жобасында тиісті нормалар бойынша тұжырымдамалық ұстаным баяндалып (қолдау табатын, ішінара қолдау табатын және қолдау таппайтын түзетулер туралы ұстаным айқын көрсетіледі), реттеушілік әсерді талдау нәтижелері қосымша ұсынылатыны көрсетіледі.
Реттеушілік әсерді талдау нәтижелері ол аяқталған күннен бастап 3 (үш) жұмыс күні ішінде тиісті мемлекеттік органның бірінші басшысының қолы қойылып Парламентке жіберіледі.
Егер Үкімет қорытындысының жобасымен қолдау көрсетілетін түзетулерді іске асыру үшін заңға тәуелді нормативтік құқықтық актілерді қабылдау қажет болса, уәкілетті мемлекеттік органдар олардың алдын ала жобаларын әзірлеуге дереу кіріседі.
Үкімет қорытындысының жобасы Үкімет Аппаратының Басшысы қол қойған хатпен Президент Әкімшілігіне келісуге жіберіледі.
Президент Әкімшілігімен келісілгеннен кейін Үкімет қорытындысының жобасы осы Регламенттің ережелерінде көзделген тәртіппен міндетті түрде таныстырылады және отырыстың қарауына шығарылуға тиіс.
Отырыста мақұлданған Үкімет қорытындысының жобасы Премьер-Министрдің қол қоюына 1 (бір) жұмыс күні ішінде енгізіледі.
Үкімет отырысында қорытынды жобасы мақұлданған күннен бастап 15 (он бес) жұмыс күнінен кешіктірілмейтін мерзімде заң жобасын әзірлеуші түзетулерді іске асыру үшін қажетті заңға тәуелді нормативтік құқықтық актілердің алдын ала жобаларын бірінші басшының не ол уәкілеттік берген лауазымды тұлғаның қолы қойылған хатпен заң жобасына бастама жасаған Парламент депутаттарына, Үкімет Аппаратына және Әділет министрлігіне танысу үшін жібереді.
Егер заңға тәуелді нормативтік құқықтық актінің жобасын әзірлеу басқа мемлекеттік органның құзыретіне жататын болса, онда осы мемлекеттік орган тиісті жобаны заң жобасын әзірлеушіге Үкімет отырысында қорытынды жобасы мақұлданған күннен бастап күнтізбелік 10 (он) жұмыс күн ішінде ұсынады.
126. Орталық мемлекеттік органдардың лауазымды тұлғаларының Парламент палаталарындағы өздері әзірлеуші болып табылатын заңдардың жобаларын қарау бойынша отырыстарға қатысуы мынадай тәртіппен жүзеге асырылады:
1) жұмыс топтарына – департаменттердің директорлары немесе комитеттердің төрағалары;
2) бас комитеттердің отырыстарына – орталық мемлекеттік органдардың бірінші басшыларының орынбасарлары;
3) палаталардың жалпы отырыстарына – орталық мемлекеттік органдардың бірінші басшылары.
Жоғарыда көрсетілген тұлғалардың осы тәртіпті сақтауын, сондай-ақ мемлекеттік органдардың Үкімет уәкілеттік берген басқа лауазымды тұлғаларының Парламентке келуін, оның ішінде Парламентте өткізілетін үкіметтік сағаттарға, парламенттік тыңдауларға және басқа да іс-шараларға қатысу үшін келуін бақылауды Үкіметтің Парламенттегі өкілі жүзеге асырады. Осы тәртіп бұзылған не келмеген жағдайларда Үкіметтің Парламенттегі өкілі Премьер-Министрдің қарауына кінәлі лауазымды тұлғаларды жазалау туралы ұсыныстар енгізеді.
Парламент палаталарының заңдардың жобаларын қарау бойынша отырыстарына қатысатын орталық мемлекеттік органдардың лауазымды тұлғалары депутаттарға олар қойған сұрақтарға толық және негізделген жауап беру мақсатында осы отырыстарда қаралатын мәселелер бойынша кәсіпқойлық тұрғысынан әзір болуға міндетті.
Егер Парламент палаталарының жұмыс органдарының отырыстарында заңға тәуелді деңгейде іске асыру болжанатын түзетулер қабылданған жағдайда уәкілетті мемлекеттік органдар заңнамалық нормаларды іске асырудың тұжырымдамалық пайымын қамтитын заңға тәуелді нормативтік құқықтық актілердің алдын ала жобаларын алдын ала әзірлеуді қамтамасыз етуге міндетті.
Лауазымды тұлғалар дайындығының сапасы және олардың Парламент палаталарындағы отырыстарға келуі үшін жауапкершілік орталық мемлекеттік органдардың бірінші басшыларына жүктеледі.";
140-5-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:
"140-5. Мемлекеттік органдарға азаматтың жолданымы бойынша басталған конституциялық іс жүргізу шеңберінде өз ұстанымын ұсыну туралы Конституциялық Соттың сұрау салуы түссе, Үкімет құрамына кіретін және тиісті саланы реттеуге құзыретті мемлекеттік орган Конституциялық Соттың сұрау салуын алған күннен бастап күнтізбелік он күннен кешіктірілмейтін мерзімде қаралып отырған мәселелерді жан-жақты пысықтауды, оның ішінде дау айтылып отырған норманың қолданылу практикасын және халықаралық тәжірибені зерделей отырып пысықтауды, мүдделі мемлекеттік органдармен алдын ала пікір алмасуды және тиісті саладағы құқық қолдану практикасының ерекшеліктерін ескере отырып, қаралып отырған нормативтік құқықтық актінің Қазақстан Республикасының Конституциясына сәйкестігі туралы келісілген ұстаным тұжырымдауды қамтамасыз ету жөнінде шаралар қабылдайды.
Егер конституциялық іс жүргізудің мәні болып табылатын мәселелер Президентке тікелей бағынатын және есеп беретін мемлекеттік органдардың құзыреті қозғаған жағдайда, келісілген ұстаным олардың қатысуымен әзірленеді.
Мүдделі мемлекеттік органдар арасында келіспеушіліктер болған жағдайда құзыретіне тиісті саланы реттеу кіретін мемлекеттік орган келіспеушіліктерді жою жөнінде шаралар қабылдайды және конституциялық іс жүргізуге қатысатын мемлекеттік органдардың келісілген ұстанымын әзірлеуді қамтамасыз етеді.";
140-7-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:
"140-7. Үкіметтің құрамына кіретін мемлекеттік органдардың лауазымды тұлғаларының конституциялық іс жүргізуге қатысуы мына ретпен жүзеге асырылады: мемлекеттік реттеудің қаралып отырған саласы тікелей құзыретіне кіретін мәселелер бойынша бірінші басшының орынбасарынан төмен емес деңгейде және мемлекеттік органның тікелей құзыреті қозғамайтын мәселелер бойынша құрылымдық бөлімше басшысынан төмен емес деңгейде.
Бұл ретте Президентке тікелей бағынатын және есеп беретін мемлекеттік органдардың конституциялық іс жүргізуге қатысуын бірінші басшы уәкілеттік берген лауазымды тұлға жүзеге асырады.";
көрсетілген Регламентке 9, 10 және 11-қосымшалар осы қаулыға қосымшаға сәйкес жаңа редакцияда жазылсын.
2. Осы қаулы қол қойылған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі.
Қазақстан Республикасының Премьер-Министрі |
О. Бектенов |
Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2025 жылғы 28 шілдедегі № 568 қаулысына қосымша Қазақстан Республикасы Үкіметінің регламентіне 9-қосымша |
Нысан
Қазақстан Республикасы Парламентінің Мәжілісі/Сенаты |
Қазақстан Республикасы Парламентінің депутаттары бастама жасаған "_____________" Қазақстан Республикасы Заңының жобасы бойынша Қазақстан Республикасы Үкіметінің ҚОРЫТЫНДЫСЫ
Қазақстан Республикасы Парламентінің депутаттары бастама жасаған "______________________________" Қазақстан Республикасы Заңының жобасын қарап, Қазақстан Республикасының Үкіметі мынаны хабарлайды.
1. Заң жобасының сипаттамалық бөлігі
_____________________________________________________________.
Бұл бөлікте заң жобасын әзірлеудің негізділігіне, уақтылығына, орындылығы мен қажеттілігіне баға беріледі.
Заң жобасын бағалаған кезде мына факторлар ескеріледі:
1) заң жобасында қолданыстағы заңнамамен реттеліп қойған құқықтық қатынастар регламенттелмеуге тиіс;
2) заң жобасы құқықтың негіз қалаушы қағидаттарына қайшы келмеуге тиіс;
3) заң жобасының реттеу нысанасы Қазақстан Республикасы Конституциясының 61-бабының 3-тармағында көрсетілген қоғамдық қатынастарға сәйкес келуге тиіс.
2. Мемлекеттік кірісті қысқартуды немесе мемлекеттік шығысты ұлғайтуды көздейтін нормалар туралы мәліметтер
_____________________________________________________________.
Қорытынды жобасында мемлекеттік кірісті қысқартуды немесе мемлекеттік шығысты ұлғайтуды көздейтін нормалар туралы мәліметтер қамтылуға тиіс. Егер тұтас заң жобасы немесе оның жекелеген бөлігі мемлекеттік бюджеттің шығыс бөлігін ұлғайтуына немесе кіріс бөлігін қысқартуына байланысты қолдау таппайтын болса, Республикалық бюджет комиссиясының осындай шығын қолдау таппаған отырысы хаттамасының нөмірі мен күні көрсетіледі.
Мемлекеттік кірістің қысқару немесе мемлекеттік шығыстың ұлғаю ықтималдығы бөлігінде қаржы-экономикалық есеп-қисаптар бар болса, әзірлеуші мемлекеттік орган оларды қорытынды жобасына қоса береді.
3. Заң жобасы бойынша Заң жобалау қызметі мәселелері жөніндегі ведомствоаралық комиссияның шешімі туралы мәліметтер *.
_____________________________________________________________.
* Заң жобалау қызметі мәселелері жөніндегі ведомствоаралық комиссияның отырысы хаттамасының күні мен нөмірі және заң жобасы бойынша қабылданған шешім.
4. Заң жобасы бойынша Үкіметтің ұстанымы:
1) мемлекеттік органдардың ұстанымдары және Заң жобалау қызметі мәселелері жөніндегі ведомствоаралық комиссияның шешімі ескеріле отырып, Үкіметтің заң жобасы бойынша жалпы ұстанымы баяндалады (қолдау табады/қолдау таппайды)
_____________________________________________________________;
2) заң жобасының жекелеген құрылымдық элементтері немесе өзара байланысқан ережелерінің тобы бойынша ескертулер мен ұсыныстар дәйекті түрде және ұсынымдық нысанда баяндалады **.
** Егер заң жобасы қолданыстағы заңнамалық актілерге өзгерістер және (немесе) толықтырулар енгізуді көздесе, онда ескертулер мен ұсыныстар салыстырмалы кестенің ұстанымдары бойынша жазылады.
Бұл ретте:
құрылымдық элементтің қолдау таппайтын бөлігі нақты көрсетіледі;
Конституцияға, өзге де заңнамалық актілерге, Мемлекеттік жоспарлау жүйесінің құжаттарына, басқа да құжаттарға қайшылығы көрсетіле отырып, заң жобасын тұтастай немесе оның жекелеген бөлігін қабылдамаудың объективті себептеріне сілтеме жасалып, Үкімет ұстанымының негіздемесі қысқаша көрсетіледі;
заң жобасын тұтастай немесе оның бір бөлігін қабылдамаудың өзге де себептері көрсетіледі (Президент тапсырмаларына, нақты салада жүргізіліп жатқан саясатқа, заң жобасының мақсаттарына сәйкес келмеуі және басқа);
қажет болған жағдайда Үкімет құрылымдық элементтің редакциясын ұсына алады. Бұл ретте "ішінара қолдау тапты" деп көрсетіледі.
5. Мәселенің сипатын көрсете отырып, іске асыру үшін заңға тәуелді нормативтік құқықтық актіні қабылдау талап етілетін нормалар туралы мәліметтер (бар болса) ***:
___________________________________
*** Өзгерістер енгізу не жаңа редакцияда әзірлеу талап етілетін заңға тәуелді нормативтік құқықтық актілердің нақты атаулары көрсетіледі.
Баяндалғанның негізінде Заң жобасын Қазақстан Республикасының Парламентінде Үкіметтің осы қорытындысын ескере отырып одан әрі қарауға болады деп пайымдаймыз.
Қазақстан Республикасының Премьер-Министрі |
Қазақстан Республикасы Үкіметінің регламентіне 10-қосымша |
Нысан
Қазақстан Республикасының Парламентінде "__________________________________" Қазақстан Республикасы Заңының жобасын қарау барысында Президенттің және Премьер-Министрдің тапсырмасы бойынша бастама жасалатын түзетулер бойынша Үкіметтің келісілген ұстанымы
1. Түзетулердің сипаттамалық бөлігі ______________________________________.
(бұл бөлікте түзетулердің негізділігіне, орындылығына және қажеттігіне баға беріледі)
Түзетулерді бағалаған кезде мына факторлар ескеріледі:
1) түзетулер қолданыстағы заңнамада реттеліп қойған құқықтық қатынастарды регламенттемеуге тиіс;
2) түзетулер құқықтың негіз қалаушы қағидаттарына қайшы келмеуге тиіс;
3) түзетулер заң жобасының консультативтік құжатына сәйкес келуге тиіс.
2. Қазақстан Республикасы Ұлттық кәсіпкерлер палатасының, кәсіпкерлік субъектілерінің сараптамалық кеңестері мүшелерінің түзетулеріне ұсыныстар мен ескертулер туралы мәліметтер:
__________________________________________________________.
3. Мемлекеттік кірісті қысқартуды немесе мемлекеттік шығысты ұлғайтуды көздейтін нормалар туралы мәліметтер:
____________________________________________________________.
Түзетулер бойынша Үкіметтің келісілген ұстанымында мемлекеттік кірісті қысқартуды немесе мемлекеттік шығысты ұлғайтуды көздейтін нормалар туралы мәліметтер қамтылуға тиіс. Түзетулер мемлекеттік бюджеттің шығыс бөлігін ұлғайтуына немесе кіріс бөлігін қысқартуына байланысты қолдау таппайтын болса, Республикалық бюджет комиссиясының осындай шығын қолдау таппаған отырысы хаттамасының нөмірі мен күні көрсетіледі. Мемлекеттік кірістің қысқару немесе мемлекеттік шығыстың ұлғаю ықтималдығы бөлігінде қаржы-экономикалық есеп-қисаптар бар болса, әзірлеуші оларды түзетулер бойынша келісілген ұстанымға қоса береді.
4. Мәселенің сипатын көрсете отырып, іске асыру үшін заңға тәуелді нормативтік құқықтық актіні қабылдау талап етілетін нормалар туралы мәліметтер (бар болса):
________________________________.
Бұл ретте заңға тәуелді құқықтық актілердің жобалары Үкіметтің келісілген ұстанымына қоса беріледі.
5. Үкімет құрамына кіретін мемлекеттік органдар мен Қазақстан Республикасының Президентіне тікелей бағынатын және есеп беретін немесе Үкімет құрылымына кірмейтін орталық мемлекеттік органдар арасындағы келіспеушілік (бар болса):
__________________________________________________.
Қазақстан Республикасы Үкіметінің регламентіне 11-қосымша |
Нысан
Қазақстан Республикасы Парламентінің Мәжілісі/Сенаты |
Қазақстан Республикасының Үкіметі/Парламентінің депутаттары бастама жасаған "___________________________________" Қазақстан Республикасы Заңының жобасы бойынша Қазақстан Республикасының Парламенті депутаттарының түзетулеріне Қазақстан Республикасы Үкіметінің ҚОРЫТЫНДЫСЫ
Қазақстан Республикасының Үкіметі/Парламентінің депутаттары бастама жасаған "_____________________________________" Қазақстан Республикасы Заңының жобасы бойынша Қазақстан Республикасы Парламентінің Мәжілісі/Сенаты депутаттарының түзетулерін қарап, Қазақстан Республикасының Үкіметі мынаны хабарлайды.
1. Парламент депутаттары ұсынатын, Үкімет қолдайтын түзетулердің жеке немесе өзара байланысқан топтар бойынша қысқаша мазмұны *.
* Егер қолдау табатын түзетулер мемлекеттік бюджеттің шығыс бөлігінің ұлғаюына немесе кіріс бөлігінің қысқаруына әкелетін болса, онда Республикалық бюджет комиссиясының осындай шығындар мақұлданған отырысы өткізілген хаттамасының нөмірі мен күні көрсетіледі.
2. Қолдау табатын түзетулер көрсетіледі.
3. Ескертулер мен ұсыныстар бар түзетулер.
Түзетулердің мазмұны олардың мемлекеттің стратегиялық мақсаттарына сәйкестігі, түзетулердің қандай нысаналы топқа бағытталғаны (түзетулер қозғайтын нысаналы топтарды сипаттау: азаматтар, кәсіпорындар, ұйымдар, мемлекет) сипатталып, әлеуметтік-экономикалық дамуға, ішкі саяси тұрақтылыққа, діни қызметке, бірыңғай ақпараттық кеңістіктің қауіпсіздігіне әсері туралы мәліметтер сипатталып, мына нұсқалардың бірі көрсетіліп қысқаша жазылады:
(ішінара қолдау табады/қолдау таппайды).
_____________________________________________________________.
Мемлекеттік органдардың ұстанымдары ескерілген ескертулер мен ұсыныстар әрбір түзету бойынша жеке немесе өзара байланысқан түзетулер тобы бойынша дәйекті түрде жазылады және ұсынымдық нысанда көрсетілуге тиіс, бұл ретте:
1) егер түзету ішінара қолдау тапса, түзетудің сол бөлігі нақты көрсетіледі;
2) Конституцияға, өзге де заңнамалық актілерге, Мемлекеттік жоспарлау жүйесінің құжаттарына, басқа да құжаттарға қайшылығы көрсетіліп, түзетуді тұтастай немесе оның бір бөлігін қабылдамау себептеріне сілтеме жасалып, Үкімет ұстанымының негіздемесі қысқаша көрсетіледі;
3) түзетуді қабылдамаудың өзге себептері көрсетіледі (Президент тапсырмаларына, нақты салада жүргізіліп жатқан саясатқа, заң жобасының, оның ішінде оның консультативтік құжатының мемлекеттік шығыстың ұлғаюын немесе мемлекеттік кірістің қысқаруын көздейтін өзгеруіне байланысты мақсаттарына сәйкес келмеуі);
4) егер түзетулер мемлекеттік бюджеттің шығыс бөлігін ұлғайтуына немесе кіріс бөлігін қысқартуына байланысты қабылданбаса, онда Республикалық бюджет комиссиясының осындай шығын қолдау таппаған отырысы хаттамасының нөмірі мен күні көрсетіледі;
5) қажет болған жағдайда Үкімет түзетудің редакциясын ұсына алады **.
** Түзетудің редакциясын салыстырма кестенің депутаттардың түзетулері қозғайтын немесе мазмұны бойынша олармен тікелей байланысты ұстаным бойынша ғана ұсынуға болады.
4. Мәселенің сипатын көрсете отырып, іске асыру үшін заңға тәуелді нормативтік құқықтық актіні қабылдау талап етілетін нормалар туралы мәліметтер (бар болса) ***:
___________________________________
*** Өзгерістер енгізу не оларды жаңа редакцияда әзірлеу талап етілетін заңға тәуелді нормативтік құқықтық актілердің нақты атаулары көрсетіледі.
Баяндалғанның негізінде Заң жобасын Қазақстан Республикасының Парламентінде Үкіметтің осы қорытындысын ескере отырып одан әрі қарауға болады деп пайымдаймыз.
Қазақстан Республикасының Премьер-Министрі |