Ескерту. Бүкіл мәтін бойынша "ҚІЖК-нің" деген сөз "ҚПК-нің" деген сөзбен ауыстырылды - ҚР Жоғарғы Сотының 31.03.2017 № 3 нормативтік қаулысымен (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі).
Сот практикасын жетілдіру, сараптаманы дайындау, тағайындау, оның нәтижелерін бағалау, сондай-ақ сот ісін жүргізу кезінде арнайы білімді пайдалану жөнінде бірыңғай практика қалыптастыру мақсатында Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының жалпы отырысы қаулы етеді:
Ескерту. Кіріспе жаңа редакцияда – ҚР Жоғарғы Сотының 27.11.2025 № 6 (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі) нормативтік қаулысымен.1. Қазақстан Республикасы Қылмыстық процестік кодексінің (бұдан әрі - ҚПК) 270-бабына сәйкес іс үшін маңызы бар нақты деректер сараптама сарапшының iс материалдарын арнайы ғылыми білімдер негiзiнде жүргiзетiн зерттеуінің нәтижесiнде ғана алынуы мүмкін жағдайларда қылмыстық іс бойынша дәлелдеудің ерекше процестік нысаны ретінде сараптама тағайындалатыны түсіндірілсін.
Ескерту. 1-тармақ жаңа редакцияда – ҚР Жоғарғы Сотының 27.11.2025 № 6 (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі) нормативтік қаулысымен.2. Қылмыстық процесті жүргізетін органның назары сараптама тағайындау мен жүргізу кезінде қылмыстық-процестік заңнаманы қатаң сақтау, осы орайда сараптамаға тартылған айыпталушының, жәбірленушінің, куәнің, сондай-ақ қорғалуға құқығы бар куәнің және медициналық сипаттағы мәжбүрлеу шараларын қолдануға байланысты іс жүргізіліп жатқан адамның құқықтарын қамтамасыз ету қажеттілігіне аударылсын.
Ескерту. 2-тармақ жаңа редакцияда – ҚР Жоғарғы Сотының 27.11.2025 № 6 (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі) нормативтік қаулысымен.3. Сот сараптамасын жүргізу ҚПК-нің 273-бабының бірінші бөлігінде және "Қазақстан Республикасындағы сот-сараптама қызметі туралы" 2017 жылғы 10 ақпандағы № 44-VI Қазақстан Республикасының Заңында көрсетілген адамдарға ғана,
сот сараптамасы органдарының қызметкерлеріне;
лицензия негізінде сот-сараптама қызметін жүзеге асыратын адамдарға;
бір жолғы тәртіппен - сот сараптама тапсырған арнайы білімі бар өзге адамдарға тапсырылуы мүмкін.
Ескерту. 3-тармақ жаңа редакцияда – ҚР Жоғарғы Сотының 27.11.2025 № 6 (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі) нормативтік қаулысымен.4. Істі алдын ала тыңдау барысында сараптама тағайындау дәлелдемелерге баға беруге байланысты болмаса, ал оны жүргізу ҚПК-нің 271-бабына сәйкес міндетті болған жағдайларда ғана, сот сараптама тағайындау туралы қаулыны тек тараптардың өтінішхаты бойынша шығаруы мүмкін.
Егер басты сот талқылауында арнайы ғылыми білім негізінде анықтауды қажет ететін мән-жайлар туындаса, сот тараптардың өтінішхаты бойынша да, өз бастамасымен де тиісті сараптама тағайындауға міндетті. Бұл ретте айыптау шегін кеңейтуге алып келуі мүмкін мән-жайларды анықтау үшін сараптама айыптау тарапының өтінішхаты бойынша ғана тағайындалады.
Апелляциялық сатының соты, егер іс бойынша сотталған адамның ақыл-есiнiң дұрыстығы немесе қылмыстық процесте өз құқықтары мен заңды мүдделерiн өз бетiнше қорғау қабiлетi күмән туғызған кезде оның психикасының күйін; жәбiрленушiнiң, куәнің iс үшiн маңызы бар мән-жайларды дұрыс қабылдау және олар туралы айғақтар беру қабілетіне күмән туындаған жағдайларда олардың психикасының күйiн анықтау қажет болса, тараптардың өтінішхаты бойынша немесе өз бастамасымен сот-психиатриялық сараптама тағайындауға құқылы.
Апелляциялық сатыдағы сот өзге сараптаманы істегі бар және сот отырысында зерттеуді талап етпейтін, тараптар қосымша ұсынған материалдар бойынша жүргізуге болатын жағдайларда ғана тағайындауы мүмкін.
Егер апелляциялық саты істі қараған кезде сараптамалық зерттеу жүргізу қажет деп таныса, онда мұндай жағдайларда сараптаманы жүргізу және алынған қорытындыны бағалау ҚПК-нің 429-бабының төртінші және бесінші бөліктеріне сәйкес жүзеге асырылады.
Сараптама жүргізу кассациялық сатыдағы соттың құзыретіне кірмейді. Материалдарды, оның ішінде қосымша келіп түскен және дұрыс шешім қабылдау үшін маңызы бар материалдарды сараптамалық зерттеу қажет болған кезде, олар сот актілерінің күшін жойып, істі жаңа сот қарауына жібере алады.
Ескерту. 4-тармақ жаңа редакцияда – ҚР Жоғарғы Сотының 27.11.2025 № 6 (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі) нормативтік қаулысымен.5. Сот сараптамаларын тағайындау туралы шешім істе зерттеліп отырған мәселелер бойынша сараптамалық қорытындылар болған кезде де, олар болмаған кезде де қабылдануы мүмкін.
Сотқа дейінгі тергеп-тексеру кезінде сараптама жүргізілмеген, ал іс материалдары бойынша оны жүргізу қажет болған жағдайларда, сот ҚПК-нің 281, 282 -баптарына сәйкес жеке-дара, комиссиялық не кешенді сараптама жүргізуді тағайындайды.
Егер сараптаманың нәтижелері анық болмаса және мұны сарапшыдан жауап алу жолымен жою мүмкін болмаса не сарапшы өзінің алдына қойылған мәселелерді толық шешпесе немесе осының алдында жүргізілген зерттеуге байланысты қосымша мәселелердi шешу қажет болған жағдайда ҚПК-нің 287-бабының бірінші және екінші бөліктеріне сәйкес қосымша сараптама тағайындалады. Оны жүргізу сол сарапшының өзіне немесе өзге сот сарапшысына тапсырылуы мүмкін.
Егер сарапшының алдыңғы қорытындысы жеткiлiктi негiзделмесе не оның дұрыстығы күмән туғызса не сараптама тағайындау мен жүргiзудің процестік нормалары елеулі бұзылса, қылмыстық процесті жүргізетін орган нақ сол нысандарды зерттеу және нақ сол мәселелердi шешу үшiн ҚПК-нің 287-бабының үшінші бөлігіне сәйкес қайталама сараптама тағайындайды. Оны жүргізу сот сарапшыларының комиссиясына тапсырылады. Алдыңғы сот сараптамасын жүргізген сот сарапшылары сараптаманы қайта жүргізген кезде қатысып, комиссияға түсініктемелер бере алады, бірақ олар сараптамалық зерттеуге және тұжырым жасауға қатыспайды.
Қандай да бір мән-жайды жекелеген сараптамалар жүргізу арқылы анықтау мүмкін болмаған жағдайда ҚПК-нің 287-бабының бірінші бөлігіне сәйкес кешенді сараптама тағайындалады. Әртүрлi арнайы білім салаларын пайдаланудың негізінде бірқатар зерттеулер жүргізу үшін түрлі мамандықтағы сарапшыларға сараптама жүргізу тапсырылады.
Ескерту. 5-тармақ жаңа редакцияда – ҚР Жоғарғы Сотының 27.11.2025 № 6 (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі) нормативтік қаулысымен.6. Қылмыстық процесті жүргізетін орган сарапшының қорытынды беруіне қажетті мән-жайларды зерттеу үшін заңда көзделген шараларды қабылдауға, содан кейін тараптарға, олардың пікірінше, сарапшыға қойылуға тиіс сұрақтарды жазбаша нысанда беруді ұсынуға және процеске басқа қатысушылардың олар бойынша пікірін тыңдауға тиіс.
Тараптар сонымен қатар қандай объектілердің сараптамалық зерттеуге жататынын, сондай-ақ сараптаманы жүргізу кімге тапсырылуы мүмкін екенін көрсетуге және сарапшы ретінде шақырылған адамға қарсылық білдіруге құқылы.
Істің дұрыс шешілуі үшін маңызы бар сұрақтар сарапшының алдына қойылған сұрақтардың сараптама жүргізу тапсырылған адамның арнайы білімінің шегінен аспауы керектігін ескере отырып, сараптама тағайындау туралы соттың қаулысында тұжырымдалуға тиіс.
Сараптаманы тағайындау туралы қаулыда сарапшының құзыретіне кірмейтін құқықтық сұрақтарды, сондай-ақ іске қатысы жоқ өзге де сұрақтарды шешу туралы міндет қойылмауға тиіс.
Ескерту. 6-тармақ жаңа редакцияда – ҚР Жоғарғы Сотының 27.11.2025 № 6 (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі) нормативтік қаулысымен.7. Сараптаманы тағайындаған кезде сараптамалық зерттеу объектілері табылған, алынған, тіркелген кезде ҚПК талаптарының сақталған-сақталмағанын және олардың бар-жоғын тексеру қажет.
Егер сот қаулысы бойынша алынуға тиіс объектілер сараптамалық зерттеуге жататын болса, оларды алып қою, буып-түю және сараптамалық зерттеуге жеткізу сот қаулысының осы бөлігін орындау жүктелген органдардың тиісті мамандарының қатысуымен жүзеге асырылуы тиіс.
Сараптамаға ұсынылған объектілердің сипаттамасы, олардың сыртқы түрі, мөлшері, буылып-түйілуі осы заттардың сараптама тағайындау туралы қаулыда көрсетілген сипаттамасымен, бумалардағы жазбамен салыстырылып, бұл туралы сараптама актісінде көрсетілуге тиіс.
Тараптар заттарды, құжаттарды және өзге де заттай дәлелдемелерді сараптамалық зерттеу объектілері ретінде ұсынуға құқылы. Заттарды, құжаттарды және өзге де заттай дәлелдемелерді осы сараптамалық зерттеу объектілері қатарынан алып тастау үшін қылмыстық процесті жүргізетін орган уәжді қаулы шығаруға міндетті.
Сараптамаға тартылған жәбірленуші, күдікті, айыпталушы, сондай-ақ куә және өзіне қатысты медициналық сипаттағы мәжбүрлеу шараларын қолдану жөнінде іс жүргізіліп жатқан адам, егер оның психикалық жай-күйі мүмкіндік берсе, қылмыстық процесті жүргізетін органның рұқсатымен сараптама жүргізу кезінде қатысып отыруға құқылы.
Ескерту. 7-тармақ жаңа редакцияда – ҚР Жоғарғы Сотының 27.11.2025 № 6 (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі) нормативтік қаулысымен.8. Сот-психиатриялық сараптама жүргізу қажет болған жағдайда тексерілетін адамды психиатриялық ауруханаға жатқызуға ҚПК-нің 14, 279-баптарының талаптары сақталып жол берілетінін назарда ұстаған жөн.
Егер сот-психиатриялық сараптама жүргізілуге тиіс адамның психикасының уақытша бұзылғаны (ауруының қозуы) анықталса және мұның өзі сараптама жүргізуге кедергі келтірсе және осыған байланысты оны емдеу қажет болса, онда мұндай адамды психиатриялық стационарда мәжбүрлеп емдеу тек сот қаулысы бойынша жүргізіледі. Мұндай жағдайда қылмыстық іс бойынша іс жүргізу ҚПК-нің 45-бабының бірінші бөлігінің 2-тармағына сәйкес тоқтатыла тұрады.
Күзетпен ұсталмаған адамды сот-психиатриялық сараптама жүргiзу үшiн медициналық мекемеге мәжбүрлеп орналастыру тек соттың шешiмiмен, ал сот-медициналық сараптама жүргiзу үшiн тиісінше соттың шешiмi немесе прокурордың санкциясы бойынша жол беріледі.
Ескерту. 8-тармақ жаңа редакцияда – ҚР Жоғарғы Сотының 27.11.2025 № 6 (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі) нормативтік қаулысымен.9. Сараптама тағайындау туралы сот қаулысы сараптама мекемелері үшін де және сот сараптамалық зерттеу объектілерін алу, буып-түю және жеткізу міндетін жүктеген басқа да органдар (адамдар) үшін орындауға міндетті болып табылады.
Ескерту. 9-тармақ жаңа редакцияда – ҚР Жоғарғы Сотының 27.11.2025 № 6 (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі) нормативтік қаулысымен.10. ҚПК-нің 341-бабына сәйкес сараптаманы тағайындау іс бойынша тыңдауды кейінге қалдыру үшін негіз болып табылады. Сараптама қорытындысы алынғаннан кейін сот талқылауы жалғасады.
Соттар сараптама жүргізу мерзімін бақылап, қажет болған жағдайларда сараптама мекемелерінен сараптама қорытындысының дайындығы туралы сұратуы керек.
Ескерту. 10-тармақ жаңа редакцияда – ҚР Жоғарғы Сотының 27.11.2025 № 6 (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі) нормативтік қаулысымен.11. Сарапшының қорытындысы зерттелуге және бағалануға тиіс. Сарапшының қорытындысын зерттеу кезінде оның басқа дәлелдемелерден қандай да бір артықшылығының және алдын ала белгіленген күшінің жоқ екенін, ол іс бойынша жиынтығында басқа дәлелдемелермен қоса талдануға, салыстыруға және бағалануға жататынын ескеру қажет.
Сарапшының қорытындысымен соттың келіспеуі үкімде немесе қаулыда уәжді болуға тиіс.
Ескерту. 11-тармақ жаңа редакцияда – ҚР Жоғарғы Сотының 27.11.2025 № 6 (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі) нормативтік қаулысымен.11-1. ҚПК-нің 273-бабының бірінші бөлігінде көрсетілген адамдардың (сот сараптамасы органдарының қызметкерінің; лицензия негізінде сот-сараптама қызметімен айналысатын және Сот сарапшыларының мемлекеттік тізілімінде тұрған адамның; заңда көзделген тәртіппен және шарттарда сараптама жүргізу біржолғы тәртіппен тапсырылған өзге де адамның) сараптамалық қорытындыларының бір-бірінің алдында қандай да бір артықшылығы жоқ.
Ескерту. Нормативтік қаулы 11-1-тармақпен толықтырылды - ҚР Жоғарғы Сотының 11.12.2020 № 6 (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі); жаңа редакцияда – ҚР Жоғарғы Сотының 27.11.2025 № 6 (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі) нормативтік қаулыларымен.12. Сарапшының қорытындысын бағалау бірқатар мәселелерді реттілікпен шешуден тұратындығы, олардың ішінде:
осы іске қатысты зерттеу объектілерінің ұсынылған-ұсынылмағаны және олардың сараптамалық зерттеу үшін жеткіліктілігі-жеткіліксіздігі;
сараптамалық зерттеудің толықтығы бірін бірі толықтыратын әртүрлі зерттеу әдістерін қолдануға және сараптамаға ұсынылған барлық объектілерді зерттеумен толық қамтылуына тікелей байланысты екенін назарға ала отырып, сараптамалық зерттеудің жеткілікті толық жүргізілген-жүргізілмегені;
сарапшы қорытындысының ғылыми ережелерге негізделген-негізделмегені;
сараптаманы білікті адамның жүргізген-жүргізбегені, сарапшының өз құзыретінің шегінен шыққан-шықпағаны;
сараптаманы тағайындау және жүргізу кезінде қылмыстық-процестік заң талаптары сақталған-сақталмағанының ең елеулі мәні бар екені түсіндірілсін.
Ескерту. 12-тармақ жаңа редакцияда – ҚР Жоғарғы Сотының 27.11.2025 № 6 (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі) нормативтік қаулысымен.13. Сарапшының қорытындысына қойылатын нысаны және мазмұны бойынша сәйкес келуге тиіс ҚПК-нің 283-бабының талаптарына назар аудару қажет.
Қайталама сараптама жүргізген сарапшылардың қорытындысында олардың алдыңғы сарапшы қорытындысының дұрыс не қате екендігін растау туралы пікірге қандай мәліметтердің, зерттеу қорытындыларының негізінде келгені міндетті түрде көрсетілуге тиіс.
Кешенді сараптама қорытындысында әрбір сарапшы қандай зерттеулер жүргізгені, қандай көлемде және олардың әрқайсысы қандай қорытындыға келгені көрсетілуге тиіс, одан кейін ортақ түйінді тұжырымдайды, оған алынған нәтижелерді бағалауға құзыреті бар сарапшылар қол қояды.
Сарапшылар арасында келiспеушiлiк болған жағдайда, олардың әрқайсысы немесе сарапшылардың бiр бөлігі жеке қорытынды бере алады.
Ескерту. 13-тармақ жаңа редакцияда – ҚР Жоғарғы Сотының 27.11.2025 № 6 (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі) нормативтік қаулысымен.14. Сараптамалық зерттеу объектілерін табу, алып қою және тіркеу, сараптама тағайындау және жүргізу кезінде жол берілген қылмыстық-процестік заңның елеулі бұзушылықтары сарапшының қорытындысын жол берілмейтін дәлелдеме деп тануға алып келуі мүмкін.
Мұндай бұзушылықтарға:
сараптамалық зерттеу объектілерін сараптамаға дайындаудың, жіберудің процестік тәртібінің бұзылуы;
сараптамалық зерттеуді (зерттеудің бір бөлігін) осы сараптаманы жүргізу тапсырылмаған адамдардың жүргізуі;
сараптаманы жүргізуге құқығы жоқ немесе заңға сәйкес қарсылық білдіруге жататын адамның сараптама жүргізуі;
сараптаманы тағайындау және жүргізу кезінде процеске қатысушылардың құқықтарының бұзылуы;
басқа бұзушылықтар, егер олар іс жүзінде сараптамалық зерттеудің толықтығы мен жан-жақтылығына, сарапшы қорытындысының объективтілігі мен негізділігіне әсер етсе, жатқызылуы мүмкін.
Ескерту. 14-тармақ жаңа редакцияда – ҚР Жоғарғы Сотының 27.11.2025 № 6 (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі) нормативтік қаулысымен.15. ҚПК-нің 374-бабына сәйкес сот талқылауы барысында сарапшыдан жауап алу қорытынды жария етілгеннен кейін ғана оны түсіндіру, нақтылау немесе толықтыру үшін жүргізілуі мүмкін.
Сарапшының ауызша түсіндірмелері, нақтылаулары немесе толықтырулары ол бұрын берген жазбаша қорытындының бөлігінде және шегінде ғана дәлелдемелер болып табылады.
ҚПК-нің 285-бабы төртінші бөлігінің талабына сәйкес сарапшыдан тірі адамдарға қатысты сот-психиатриялық, сондай-ақ сот-медициналық сараптама жүргізуге байланысты өзіне белгілі болған, оның қорытындысына қатысы жоқ мән-жайлардың себептері бойынша жауап алуға тыйым салынады.
Ескерту. 15-тармақ жаңа редакцияда – ҚР Жоғарғы Сотының 27.11.2025 № 6 (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі) нормативтік қаулысымен.16. ҚПК-нің 111-бабына сәйкес маманның қорытындысы қылмыстық іс бойынша дәлелдеме болып табылады.
Маманның қорытындысы, сарапшының қорытындысы сияқты, басқа дәлелдемелерден қандай да бір артықшылығы және алдын ала белгіленген күші болмайды, іс бойынша басқа дәлелдемелермен жиынтығында талдауға, салыстыруға және бағалауға жатады.
Ескерту. 16-тармақ жаңа редакцияда – ҚР Жоғарғы Сотының 27.11.2025 № 6 (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі) нормативтік қаулысымен.17. Сараптама мекемесі қызметкерлерінің сараптама жүргізуіне байланысты процестік шығындар сотталған адамнан немесе оның заңды өкілінен мемлекет кірісіне өндіріп алынады немесе мемлекет есебіне қабылданады.
Сот-сараптама қызметін лицензия негізінде жүзеге асыратын тұлғалардың, сондай-ақ лицензиясы жоқ, бірақ біржолғы тәртіппен сараптама жүргізу үшін тартылған адамдардың сараптаманы жүргізуге байланысты шығыстары қылмыстық процесті жүргізетін органның қаулысы бойынша сарапшылар есепті ұсынғаннан кейін олардың пайдасына өндіріледі.
Ескерту. 17-тармақ жаңа редакцияда – ҚР Жоғарғы Сотының 27.11.2025 № 6 (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі) нормативтік қаулысымен.18. Сот іс бойынша түпкілікті шешім қабылдау кезінде ҚПК-нің 390-бабы бірінші бөлігінің 12-тармағының талаптарына сәйкес сараптамалық зерттеу объектілері болған заттардың қайда жіберілетіні туралы мәселені шешуге міндетті. Осы орайда ҚПК-нің 118-бабының ережелерін басшылыққа алған жөн.
Ескерту. 18-тармақ жаңа редакцияда – ҚР Жоғарғы Сотының 27.11.2025 № 6 (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі) нормативтік қаулысымен.19. Қазақстан Республикасы Конституциясының 4-бабына сәйкес осы нормативтік қаулы қолданыстағы құқық құрамына қосылады, жалпыға міндетті болып табылады және ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі.
Ескерту. 19-тармақ жаңа редакцияда – ҚР Жоғарғы Сотының 27.11.2025 № 6 (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі) нормативтік қаулысымен.
|
Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының Төрағасы Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының судьясы, жалпы отырыс хатшысы |