Жоғары Еуразиялық экономикалық кеңес шешті:
1. Қоса беріліп отырған Еуразиялық экономикалық одаққа мүше мемлекеттердің 2024 - 2025 жылдарға арналған макроэкономикалық саясатының негізгі бағдарлары бекітілсін.
2. Еуразиялық экономикалық одаққа мүше мемлекеттердің үкіметтері мен ұлттық (орталық) банктеріне макроэкономикалық саясат жүргізу кезінде осы шешіммен бекітілген Еуразиялық экономикалық одаққа мүше мемлекеттердің макроэкономикалық саясатының 2024 - 2025 жылдарға арналған негізгі бағдарларын ескеру ұсынылсын.
3. Еуразиялық экономикалық комиссия макроэкономикалық саясат саласында Еуразиялық экономикалық одаққа мүше мемлекеттер іске асыратын шараларға талдау жүргізсін және осындай шаралардың Еуразиялық экономикалық одаққа мүше мемлекеттердің осы шешіммен бекітілген 2024 - 2025 жылдарға арналған макроэкономикалық саясатының негізгі бағдарларына сәйкестігін бағаласын.
4. Осы шешім ресми жарияланған күнінен бастап күшіне енеді.
Жоғары Еуразиялық экономикалық кеңестің мүшелері:
Армения Республикасынан | Беларусь Республикасынан | Қазақстан Республикасынан | Қырғыз Республикасынан | Ресей Федерациясынан |
Жоғары Еуразиялық экономикалық кеңестің 2023 жылғы 25 желтоқсандағы № 26 шешімімен БЕКІТІЛГЕН |
Еуразиялық экономикалық одаққа мүше мемлекеттердің 2024 - 2025 жылдарға арналған макроэкономикалық саясатының НЕГІЗГІ БАҒДАРЛАРЫ
Осы құжат 2014 жылғы 29 мамырдағы Еуразиялық экономикалық одақ туралы шартқа сәйкес әзірленді және Еуразиялық экономикалық одаққа мүше мемлекеттердің (бұдан әрі тиісінше – мүше мемлекеттер, Одақ) экономикалары үшін неғұрлым маңызды қысқа және орта мерзімді міндеттерді айқындайды, сондай - ақ оларды шешу жөніндегі ұсынымдарды қамтиды.
Осы құжат 2014 жылғы 29 мамырдағы Еуразиялық экономикалық одақ туралы шартта айқындалған Одақтың негізгі мақсаттарына және Жоғары Еуразиялық экономикалық кеңестің 2015 жылғы 16 қазандағы № 28 шешімімен бекітілген Еуразиялық экономикалық одақтың экономикалық дамуының негізгі бағыттарында белгіленген мақсаттарға қол жеткізуге бағдарланған, сонымен қатар Жоғары Еуразиялық экономикалық кеңестің 2020 жылғы 11 желтоқсандағы № 12 шешімімен бекітілген Еуразиялық экономикалық интеграцияны дамытудың 2025 жылға дейінгі стратегиялық бағыттарын іске асыруға арналған.
I. Әлемдік экономиканың негізгі даму тенденциялары
Мүше мемлекеттердің 2022-2023 жылдардағы экономикалық дамуы әлемдік экономика жағдайының күрт өзгеруі жағдайында болды. COVID-19 коронавирустық инфекциясының пандемиясынан кейінгі қалпына келтіру өсімі қысқа мерзімді және тұрақсыз болып шықты. Әлемдік экономиканың даму серпінінің өзгеруіне әсер еткен маңызды фактор геосаяси аспектілердің жаһандық экономикалық процестерге ықпалының күшеюі болды.
Кейбір елдерге халықаралық сауданың бүкіл жүйесіне зиян келтіретін экономикалық санкциялар мен шектеулердің енгізілуі әлемдік экономикадағы сауда және қаржылық байланыстардың теңгерімсіздігінің күшеюіне әсер етті. Өз кезегінде, халықаралық өндірістік-логистикалық тізбектердің теңгерімсіздігі және инвестициялық және өндірістік ағындардың қайта бағытталуы көптеген елдер үшін тауарларға, қызметтерге, қаржы мен технологияларға қол жеткізу мүмкіндігін төмендетіп, жаһандық ауқымдағы экономикалық дамудың тепе теңсіздігін күшейтті.
Нәтижесінде 2021 жылы оптимистік қалпына келтіру серпінін көрсете отырып, әлемдік ЖІӨ өсімі 2022 жылы 3,4 пайызға дейін төмендеді, ал 2023 жылы халықаралық ұйымдар бұл көрсеткіштің мәнін 3 пайыз деңгейінде одан әрі тұрақтандыра отырып, 2,8 пайызға дейін баяулайды деп есептейді.
Геоэкономикалық процестердің теңгерімсіздігі бағаның жаһандық өсуімен қатар жүрді. 2022 жылы халықаралық ұйымдардың мәліметтері бойынша әлемдегі инфляция 8,7 пайызға жетті, бұл ХХІ ғасырдың басынан бергі ең жоғары көрсеткіш. Жеткізу тізбегіндегі үзілістер, әлемдік энергетикалық нарықтар құрылымындағы жаһандық өзгерістер және трансакциялық және логистикалық шығындардың өсуі өндіріс көлеміне тежегіш әсер етті және тауарлар мен қызметтердің қымбаттауына әкелді, ал коронавирустық шектеулер кезеңінің аяқталуы сұраныстың серпінді қалпына келуіне әкелді. Әлемнің жетекші ұлттық (орталық) банктерінің ақша-кредит саясатын ұзақ уақыт бойы сандық жұмсарту және ірі экономикалардың көпшілігінде ынталандырушы бюджеттік шаралар салдарынан артық өтімділіктің қалыптасуымен бірге бұл әлемдік және жергілікті нарықтардағы сұраныс пен ұсыныстың теңгерімсіздігін сыни түрде күшейтуге және инфляцияның рекордтық жоғары мәндерге дейін өсуіне жағдай жасады. Жылдың екінші жартысында ынталандыру көлемінің төмендеуі және инфляцияға қарсы шаралар қабылдау аясында тұтынушылық бағалардың серпіні баяулады. 2023 жылдың қорытындысы бойынша тұтынушылық бағаның жаһандық өсімі 7 пайызға дейін төмендейді деп күтілуде.
Шикізат пен азық-түлік нарықтары жоғары құбылмалылықпен және рекордтық бағамен ерекшеленді, бұл әсіресе энергетикалық ресурстарға тән болды. Олар үшін бағаның өсуінің шыңы 2022 жылдың ортасында болды және геосаяси шок пен санкциялық шектеулердің әсерінен шикізат нарықтарын қайта құрастырумен байланысты болды. Болашақта жаңа сауда байланыстарын қалыптастыру және энергетикалық ресурстар ағындарын қайта бағдарлау аясында олардың бағасы төмендеп, азырақ құбылмалы болды. Энергетикалық ресурстарға бағаны ұстап тұруға әлемдік экономикадағы рецессия тәуекелдерінің төмендеуі, Қытай Халық Республикасындағы (Қытай) іскерлік белсенділіктің өсуі, сондай-ақ МЭЕҰ+ шеңберінде мұнай өндіруді төмендету туралы қол жеткізілген уағдаластықтар ықпал етті.
Соңғы 2 жылдағы азық-түлік бағасы ұзақ мерзімдік трендтен жоғары. Біріккен Ұлттар Ұйымының Азық-түлік және ауылшаруашылық ұйымының мәліметі бойынша, азық-түлік бағасы 2022 жылдың наурызында шарықтау шегіне жетті, содан кейін біртіндеп төмендей бастады. Өндірістік және логистикалық шығындардың өсуімен қатар, геосаяси шок әсерінен бірқатар азық-түлік тауарларының шектеулі болуы бағаларға айтарлықтай әсер етті. Азық-түлік нарығы, бірқатар басқа шикізат нарықтары сияқты, кейбір елдердің халықаралық саудада шектеуді және қолдампаздық шараларды қолдануына тап болды, бұл ең мұқтаж елдердегі азық-түлік қауіпсіздігін одан әрі төмендетеді.
Әлемдік экономиканың өсуінің негізгі драйвері Оңтүстік-Шығыс Азия елдері болып қала береді. 2022 жылы Қытай экономикасы 3 пайызбен шектеліп, жалғасып жатқан коронавирустық шектеулердің ықпалынан, жоспарланған өрлеу қарқынына жете алмады, дегенмен, 2023 жылдың басынан бастап Қытайдың ЖІӨ өсімі кейінге қалдырылған сұранымды іске асырудың, қызмет көрсету саласын қарқынды жеделдетудің және құрылыс секторы мен жоғары технологиялық өндірістік компанияларды мақсатты мемлекеттік қолдаудың әсерінен жеделдеді. 2023 жылға Қытай Халық банкі ЖІӨ өсімін 5 пайыз деңгейінде болжайды, бұл Қытай Халық Республикасы Үкіметінің алға қойған мақсатына сәйкес келеді. Үндістан экономикасы 2021 жылы қос таңбалы цифрға жақын өрлеу қарқынын көрсетіп, 2022 жылы 7,2 пайызға дейін баяулады, дегенмен бұл елдің ЖІӨ әлі де орташа әлемдік деңгейден айтарлықтай жоғары қарқынмен өсуде. Бұған өндірістің негізгі салаларын мақсатты ынталандыру және ауқымды инфрақұрылымдық жобаларды іске асыру ықпал етеді. 2023 - 2024 қаржылық жылға Үндістанның Резервтік банкі ЖІӨ-нің 6,5 пайызға өсуін болжайды.
Азия елдеріне қарағанда, Еуропа және Солтүстік Америка елдерінің экономикаларының өрлеу қарқыны әлемдік деңгейден төмен болып шықты. 2023 жылдың II тоқсанында Еуропалық Одақтың экономикасы нөлдік өсуді көрсетті, бұл мемлекеттік шығындар мен үй шаруашылықтары шығындарының әлсіз серпіні аясында таза экспорттың төмендеуінен туындады. Ұлыбритания мен Солтүстік Ирландия Біріккен Корольдігінің экономикасында алдыңғы тоқсандағыдай нөлге жақын өсу байқалды, бұл үй шаруашылығын тұтыну мен мемлекеттік шығындардың оң үлесінен қолдау тапты. Осы кезеңде Америка Құрама Штаттарының экономикасының оң өрлеу қарқыны негізінен тұтынушылардың шығындары есебінен сақталды. Жетекші ұлттық (орталық) банктердің бюджеттік ынталандыруларды қысқартуы және пайыздық мөлшерлемелерді көтеруі жаһандық сұранысты айтарлықтай бәсеңдетті және Еуропаның және Солтүстік Американың ірі елдерінде де, дамушы елдерде де экономикалық өсу қарқынына тежегіш әсер етті.
Халықаралық ұйымдардың бағалауы бойынша дамушы елдердегі экономикалық өсу орта мерзімді перспективада шамамен 4 пайыз деңгейінде тұрақтанады. 2022 жылы осы елдер тобындағы инфляция 9,8 пайызға дейін өсті, бұл соңғы 2 онжылдықтағы ең жоғары көрсеткіш. Дамушы елдердің нарықтарындағы импорттық тауарлардың жоғары үлесі олардың ұлттық валюталарының тұрақсыздығымен бірге түпкілікті тұтыну тауарларын әкелу арқылы да, ұлттық өндірісте импорттық компоненттерді пайдалану арқылы да инфляция импорты себебінен тұтынушылық бағалардың деңгейінің жоғарылауына әкелді. Сонымен қатар, әлемнің ірі экономикаларында несиелендіру шарттарының қатаңдауы дамушы экономикалар үшін сыртқы қаржыландыру құнының өсуіне және капиталдың кетуіне әкеледі, бұл ең осал елдерде жоғары инфляциямен, қарыздың тұрақтылығының төмендеуімен және ЖІӨ-нің баяу өсуімен сипатталатын экономикалық жағдайды тудырады.
Жаңа технологиялық құрылымның дамуымен бүкіл әлемде нано -, биоинженерлік, ақпараттық, цифрлық және аддитивті технологияларды қолдануға негізделген жоғары технологиялық өндірістердің рөлі артып келеді. Егер пандемия кезеңі фармацевтикалық және медициналық өнеркәсіптің, телекоммуникациялық қызметтердің, бейне және компьютерлік техниканың, дерекқорды басқару жүйелерінің, электронды сауданың және қашықтан жұмыспен қамтудың жедел өсуімен ерекшеленсе, 2022 - 2023 жылдары жасанды интеллект, пилотсыз көлік құралдары, робототехникалық құрылғылар, аэроғарыш жүйелері, деректерді беру құралдары мен тәсілдерін, сондай-ақ медиатехнологияларды кеңінен енгізу ерекше маңызға ие болды. Жаңа технологиялық құрылымға көшу және "жасыл" күн тәртібін жандандыру энергия тұтыну құрылымының жаңартылатын энергия көздерінің пайдасына өзгеруіне алып келеді және энергияны үнемдейтін технологиялары мен энергиялық тиімділікке сұранысты арттырады. Климаттық тәуекелдерді азайту және экономиканы экологияландыру әлемнің көптеген елдері мен халықаралық ұйымдардың даму стратегияларының маңызды құрамдас бөлігіне айналуда.
Осылайша, соңғы жылдары әлемдік экономика бірқатар өзара күшейіп келе жатқан күйзелістер жағдайында дамыды: COVID-19 коронавирустық инфекциясының пандемиясы, геосаяси шиеленістің өсуі, азық-түлік және энергетикалық дағдарыстар, инфляцияның күрт өсуі. Мұндай жағдайларда жаһандық өсу қарқынының баяулауы инфляцияның жоғарылауымен және борыштық міндеттердің өсуімен қатар дүниежүзілік ауқымда одан әрі тұрақты экономикалық даму үшін негіз бола алатын стратегиялық маңызды салаларға инвестициялау әлеуетін төмендете отырып, көптеген елдер үшін БҰҰ - ның тұрақты даму мақсаттарына қол жеткізуді қиындатады. Бұл орта және ұзақ мерзімді перспективада экономикалық әл - ауқатты қамтамасыз ету үшін үкіметтердің, ұлттық институттардың және халықаралық ұйымдардың халықаралық ынтымақтастығы мен бірлескен күш-жігерін күшейтуді талап етеді.
II. 2022 - 2023 жылдары мүше мемлекеттердің экономикаларын дамыту
2022-2023 жылдары мүше мемлекеттердегі экономикалық серпін жан-жақты болды. 2022 жылдың қорытындысы бойынша геосаяси шиеленістің өсуі және жекелеген мүше мемлекеттерге қатысты санкциялық қысымның күшеюі Одақ бойынша жалпы ЖІӨ-нің 1,6 пайызға төмендеуіне әкелді. 2022 жылы Армения Республикасында экономикалық өсу қарқыны 5,8 - ден 12,6 пайызға дейін, Қырғыз Республикасында - 5,5-тен 6,3 пайызға дейін өсті, Қазақстан Республикасында өрлеу 4,3-тен 3,2 пайызға дейін баяулады. Экономикалық белсенділіктің төмендеуі Беларусь Республикасында - 4,7 пайызға және Ресей Федерациясында - 2,1 пайызға тіркелді. 2023 жылдың І жарты жылдығында Армения Республикасы мен Қырғыз Республикасындағы экономикалық серпін біршама баяулады (тиісінше 10,5 және 3,9 пайызға дейін), Қазақстан Республикасында - 5 пайызға дейін жеделдеді. Беларусь Республикасы мен Ресей Федерациясының экономикасы қалпына келу үрдісіне ие, осы мүше мемлекеттердегі ЖІӨ динамикасы 2023 жылдың I жарты жылдығында оң мәндер облысына еніп, сәйкесінше 2,0 және 1,6 пайызды құрады.
Одақ шеңберінде ауыл шаруашылығы өнімдерін өндіру 2022 жылы барлық мүше мемлекеттерде оң серпін есебінен 9,4 пайызға өсті. Орындалған құрылыс жұмыстарының көлемі 5,1 пайызға, жолаушылар айналымы 4,1 пайызға өсті. Сонымен бірге, сыртқы факторларға байланысты бірқатар мүше мемлекеттерде осы көрсеткіштердің төмендеуі есебінен, Одақта өнеркәсіп өнімін шығару 0,6 пайызға, ал жүк айналымы 2,7 пайызға қысқарды.
2023 жылдың I жарты жылдығында тұтастай алғанда Одақ бойынша өнеркәсіптік өндіріс, ең алдымен, өңдеу секторындағы оң серпін есебінен 2,4 пайызға өсті. Жаңа өндірістік байланыстардың қалыптасуы, жеткізудің баламалы арналарының кеңеюі және импортты алмастыратын өндірістердің дамуы аясында тамақ өнімдері, киім мен аяқ киім, машиналар мен жабдықтар, компьютерлер, электр жабдықтары, көлік құралдары өндірісі жанданды.
2022 жылы мүше мемлекеттердегі инфляция деңгейі жоғары болып қалды. Ресей Федерациясын қоспағанда, мүше мемлекеттердің көпшілігінде бағаның өсуіне негізгі үлес азық-түлік инфляциясы болды. Барлық мүше мемлекеттерде инфляция шыңдары кезеңінде қос таңбалы деңгейге жетті. Тұтынушылық бағаның өсу динамикасын тежеу үшін мүше мемлекеттер оны шектеуге, сондай-ақ инфляцияның халықтың әл-ауқат деңгейіне әсерін жеңілдетуге бағытталған шаралар қабылдады. Қабылданған шаралар макроэкономикалық тұрақтануға, сыртқы шоктардың таралу салдарын тежеуге және халықтың жинақ ақшасын қорғауға ықпал етті. 2023 жылдың I жартыжылдығында қабылданған шаралар нәтижесінде барлық мүше мемлекеттерде инфляциялық үдерістер айтарлықтай баяулады.
2022 жылы Одақ шеңберінде негізгі капиталға салынған инвестициялар жылдық мәнде 4,3 пайызға өсті, бұл өткен жылмен салыстырғанда шамамен 2 есе аз. Бұл қаржы қаражатының өспелі жылыстауы жағдайында болды. Еуразиялық экономикалық комиссияның бағалауы бойынша жеке сектордың Одақтан капиталды әкетуі 2022 жылдың қорытындысы бойынша 2021 жылмен салыстырғанда 2,5 еседен астам өсті және 200 млрд АҚШ долларынан асты.
Мүше мемлекеттердегі негізгі капиталға салынған инвестициялардың серпіні жан-жақты болды. 2022 жылы инвестициялық белсенділіктің өсуі Армения Республикасында, Қазақстан Республикасында және Қырғыз Республикасында байқалды, бұл негізінен ішкі қаржыландыру көздері есебінен қамтамасыз етілді. Бұл мүше мемлекеттердегі оң серпін 2023 жылы да сақталады. Ресей Федерациясында 2022 жылы инвестициялардың жылдық өсімі 8,6-дан 4,6 пайызға дейін баяулады, ал Беларусь Республикасында негізгі капиталға инвестициялардың қысқаруы өткен жылдың көлемінің 19,1 пайызына жетті. Сонымен қатар, аталған мүше мемлекеттердегі шетелдік көздерден шығып қалған қаржы қаражаты негізінен басқа мүше мемлекеттердің ішкі ресурстары мен өзара инвестициялары есебінен ауыстырылды. 2023 жылдың I жартыжылдығында Беларусь Республикасында инвестициялық белсенділік оң мәндер облысына өтіп, 7,1 пайызды құрады, ал Ресей Федерациясында 7,6 пайызға дейін жеделдеді.
Қаржылық және экономикалық шектеулердің ауқымды әсері мүше мемлекеттерден, олардың әсерінен зардап шеккен экономикалық белсенділікті қолдау үшін бюджеттік импульс мөлшерін, сондай-ақ экономикалардың құрылымдық қайта құрылуына ықпал етуге бағытталған қаржыландыру көлемін ұлғайтуды талап етті. Ресей Федерациясы мен Беларусь Республикасының капиталы мен жұмыс күшінің көші-қоны басқа мүше мемлекеттердегі макроэкономикалық көрсеткіштердің жақсаруына ықпал етті, өйткені бұл іскерлік белсенділіктің артуына және салық түсімдерінің динамикасына оң әсер етті. Бюджеттік сектордағы жағдайдың келеңсіз дамуын болдырмауға қарамастан, 2023 жылы жекелеген мүше мемлекеттердің бюджет саласындағы тәуекелдері сақталуын жалғастыруда. Барлық мүше мемлекеттерде 2023 жылға арналған бюджет тапшы болып жоспарланған. Мүше мемлекеттердің бюджеттік саясатының басымдықтары Әлеуметтік сала, инфрақұрылымдық жобалар, шағын және орта кәсіпкерлікті қолдау, инновациялық және технологиялық даму болып қала береді.
2022 жылдың қорытындысы бойынша Қырғыз Республикасын қоспағанда, мүше мемлекеттердің көпшілігінде экспортталатын тауарларға жоғары баға жағдайында ағымдағы операциялар шотының жағдайы жақсарды. Қолайлы баға жағдаяты мүше мемлекеттердің сыртқы сауда көрсеткіштеріне әлемдік экономиканың өсуінің баяулауынан, сондай-ақ Беларусь Республикасы мен Ресей Федерациясына қатысты сауда және шектеу шараларын енгізуден болған келеңсіз әсердің орнын толтырды. 2023 жылдың I жарты жылдығында Қазақстан Республикасы мен Ресей Федерациясындағы сауда теңгерімінің профициті 2022 жылдың салыстырмалы кезеңіне қатысты төмендеді. Беларусь Республикасында сауда теңгерімінің сальдосы тапшылыққа көшті, ал Армения Республикасы мен Қырғыз Республикасында оның тапшылығы кеңейді. Одақтағы экономикалық белсенділіктің өсуімен қолдау тапқан барлық мүше мемлекеттердегі тауарлар импортының ұлғаюы серпінге шешуші үлес қосты. Қазақстан Республикасы мен Ресей Федерациясындағы қосымша фактор осы мүше мемлекеттер экспорттайтын биржалық тауарлардың әлемдік бағасының төмендеуі болды. Сыртқы сауданың географиялық құрылымы бөлігінде мүше мемлекеттердің жекелеген сауда ағындарының Оңтүстік-Шығыс Азия, Африка және Таяу Шығыс елдерінің перспективалы қарқынды дамып келе жатқан нарықтарына қайта бағдарлануы байқалады. Мүше мемлекеттердің тауарларын Қытай мен Үндістан Республикасының нарықтарына жеткізудің өсуі Батыс елдерімен тауар айналымының төмендеуін іс жүзінде өтеді.
Өзара сауданың оң серпіні сауда ағындарын Одақтың ішкі нарығына қайта бағыттаумен қамтамасыз етілді. 2023 жылдың қаңтар - маусымында мүше мемлекеттер арасындағы өзара сауда көлемі 13 пайыздан астамға өсті. Одақтың сыртқы сауда айналымындағы өзара сауда айналымының үлесі бір жыл ішінде 13-тен 18 пайызға дейін өсті, бұл одақтың ішкі нарығының маңыздылығының өсуін көрсетеді.
Мүше мемлекеттер 2022-2023 жылдары олардың экономикалық дамуына әсер еткен бірқатар бұрын-соңды болмаған сыртқы күйзелістерге тап болды. Осы кезеңдегі мүше мемлекеттердің макроэкономикалық саясаты баға, бюджеттік және қаржылық тұрақтылықты қамтамасыз етуге және экономикаларды өзгерген жағдайларға бейімдеуге бағытталған. Орта мерзімді перспективада мүше мемлекеттердің экономикалық дамуы үшін негізгі тәуекелдер негізгі капиталға инвестициялардың жеткіліксіз өсу қарқыны, технологиялар импортының жоғары үлесі және зерттеулер, әзірлемелер мен инновациялар саласына капитал салымдарының жеткіліксіз көлемі аясында мүше мемлекеттердің әлемнің жетекші елдерінен технологиялық артта қалуының өсуімен байланысты. Орта мерзімді перспективада мүше мемлекеттердің экономикалық дамуы үшін негізгі тәуекелдер негізгі капиталға инвестициялардың жеткіліксіз өсу қарқыны, технологиялар импортының жоғары үлесі және зерттеулер, әзірлемелер мен инновациялар саласына капитал салымдарының жеткіліксіз көлемі аясында мүше мемлекеттердің әлемнің жетекші елдерінен технологиялық артта қалуының өсуімен байланысты.
III. Мүше мемлекеттердің 2024-2025 жылдарға арналған макроэкономикалық саясатының негізгі бағдарлары және оларға қол жеткізу жөнінде ұсынылатын шаралар
Халықаралық ұйымдардың бағалауы бойынша, жаһандық экономикалық серпін орта мерзімді перспективада ұстамды болады. Халықаралық ұйымдардың мәліметтері бойынша, 2024-2025 жылдардағы әлемдік экономикалық өсу жыл сайын шамамен 3 пайызды құрайды. Одақта мүше мемлекеттердің экономикаларына сыртқы шоктардың әсерін біртіндеп төмендетуді, халық пен бизнесті жаңа шаруашылық жағдайларына бейімдеуді, инфляциялық процестерді қалыпқа келтіруді және ішкі сұранысты қалпына келтіруді ескере отырып, сондай-ақ мүше мемлекеттердің болжамды деректерін негізге ала отырып, экономикалық өсу қарқынын 2024 жылы 2,4 пайызға және 2025 жылы 3.0 пайызға дейін біртіндеп арттыру күтілуде. Армения Республикасы мен Қырғыз Республикасындағы экономикалық өсу көші-қон ағынына және ақша аударымдары көлемінің ұлғаюына байланысты оң трансшекаралық әсерлердің ықпалының біртіндеп төмендеуін ескере отырып, біршама баяулайды. Армения Республикасында орта мерзімді кезеңде экономиканың өсуі 7 пайыз деңгейінде, Қырғыз Республикасында - 4,7 - 5,0 пайыз деңгейінде болжанады. Қазақстан Республикасында инфляцияның төмендеуі, ақша-кредит жағдайларының жұмсартылуы және инвестициялардың оң серпіні аясында экономикалық өсу қарқынының өсуі күтілуде, ол 2024 - 2025 жылдары 5 - 5,6 пайызды құрайды. Беларусь Республикасы мен Ресей Федерациясындағы қаржылық және сауда байланыстарының құрылымдық өзгеруіне байланысты іскерлік және тұтынушылық белсенділікті біртіндеп қалпына келтіру процесі жүріп жатыр, алайда, экспорттың құны мен көлемінің төмендеуі, халық табысының қалыпты динамикасы және ықпалшараны қатайту тәуекелдері орта мерзімді кезеңдегі экономикалық перспективаларға төмендетуші қысым көрсетуі мүмкін. Болжамды деректерге сәйкес, Беларусь Республикасында экономиканың өсуі 2024 жылы 3,8 пайызға және 2025 жылы 6,0 пайызға дейін жеделдетіледі, Ресей Федерациясында жыл сайын 2,3 пайызды құрайды. Нәтижесінде, 2024-2025 жылдардағы Одақ шеңберіндегі экономикалық даму айтарлықтай ұстамды және сыртқы факторлардың әсеріне бейімделген болады.
Орта мерзімді кезеңде әлемдік инфляциялық үдерістердің біртіндеп қалыпқа келуі күтілуде. Бағаның жаһандық өсуі 2024 жылы 4,9 пайызды, ал 2025 жылы 3,9 пайызды құрайды деп болжануда. Қаржылық тұрақтылыққа қатысты алаңдаушылыққа байланысты жетекші ұлттық (орталық) банктер пайыздық мөлшерлемелерді мұқият қайта қарауға көшті. Бұл ретте әлемнің көптеген елдеріндегі базалық инфляция әлі де жоғары деңгейде қалып отыр.
Жаһандық қаржы саласында негізгі тәуекелдер қаржыландыруға қол жеткізуді қатаңдатумен және жоғары пайыздық мөлшерлемелермен ұштастыра отырып, қарыз алу көлемінің ұлғаюымен байланысты, бұл макроэкономикалық әлсіздік факторларын күшейтеді және қарызы жоғары елдердегі бюджеттік және борыштық тұрақтылыққа келеңсіз әсер етуі мүмкін. Мүше мемлекеттерде шығындардың жоғары деңгейін сақтай отырып және борыштық нарық жағдаятының нашарлауы кезінде мемлекеттік бюджеттің кіріс құрамдас бөлігіне қысымның күшеюі тәуекелдерін іске асырған жағдайда бюджеттік теңгерімді сақтау және борышты басқару саласында, оның ішінде қарыз алу құнын төмендетуге бағытталған шаралар қабылдау талап етілуі мүмкін.
Макроэкономикалық тұрақтылықты қамтамасыз ету экономикалық жүйенің үздіксіз және тиімді жұмыс істеуі үшін маңызды шарт болып табылады. Мүше мемлекеттердің экономикалық даму процестерін жандандыру үшін макроэкономикалық саясатты экономикалық әлеуетті нығайту, инвестициялардың өсуі және тауарлар мен қызметтер өндірісін кеңейту үшін қолайлы жағдайлар жасауға бағдарлау өте маңызды, бұл өз кезегінде ұзақ мерзімді макроэкономикалық тұрақтылыққа қол жеткізу үшін негіз болады.
Орта мерзімді перспективада Одақтағы экономикалық процестердің динамикасына әсер ететін маңызды фактор экономиканың өндірістік секторына инвестициялар ағынының ауқымы болады. Одақтан капиталдың айтарлықтау жылыстауы, сондай-ақ сыртқы қаржы ресурстарының қолжетімділігінің төмендеуі аясында экономиканы қаржыландырудың ішкі көздері және мүше мемлекеттердің өзара инвестициялары ерекше маңызға ие болады. Соңғы жылдары инвестицияларды қолдау негізінен жекелеген мүше мемлекеттерде оң бюджеттік серпіннің сақталуын қамтамасыз етеді, алайда, мемлекеттік шығындарды одан әрі ұлғайту мүмкіндіктері шектеулі. Бюджет қаражатын пайдаланудың одан әрі перспективалары мемлекеттік инвестициялардың тиімділігі мен нәтижелілігін арттыру алаңында тұр.
Ұлттық қаржы жүйелерінің келеңсіз сыртқы факторларға тәуелділігін төмендетуге мүше мемлекеттердің субъектілері арасындағы ұлттық валютадағы есеп айырысулардың ұлғаю үрдісінің сақталуы ықпал ететін болады.
Демографиялық тәуекелдердің артуы жағдайында инновациялық ойлайтын, жоғары білікті кадрларды сақтау және мүше мемлекеттерге ағу үшін қолайлы жағдайларды қалыптастыра отырып, Одақ шеңберінде бірыңғай еңбек ресурстары нарығын одан әрі дамытуға жағдай жасау маңызды.
Мүше мемлекеттер өздерінің өндірістік базасын нығайту және экономиканың нақты секторын дамыту жөніндегі күш-жігерді біріктірулері қажет. Барлық мүше мемлекеттерде негізгі қорлардың тозу дәрежесі шамамен 40 пайыз және одан жоғары және өсуді жалғастыруда, бұл ретте мүше мемлекеттерде өндірістік қуаттарды жаңартуға және жүктеуге байланысты елеулі даму әлеуеті бар. Өзінің технологиялық жабдықтарын дайындауды жолға қою бірінші кезектегі міндет болуы тиіс, оның негізінде негізгі салаларда өндірісті жаңарту, кеңейту және жаңғырту мүмкін болады, бұл еңбек өнімділігін арттыруға мүмкіндік береді және мүше мемлекеттердің экономикалары үшін маңызды мультипликативтік нәтиже жасайды.
Өнеркәсіптік, агроөнеркәсіптік, инфрақұрылымдық салалардағы кооперациялық байланыстарды дамытуды мүше мемлекеттер одақ шеңберінде өндірілетін жоғары технологиялық және заманауи өнімдермен қамтамасыз етуге тиіс. Қазіргі уақытта Одақта өнеркәсіптік бастамаларды қолдауды және мүше мемлекеттердің өнеркәсіп салаларында бірлескен кооперациялық жобаларды іске асыруы кезінде қаржылық көмек көрсетуді көздейтін тетік құрылуда. Бұл механизм 2024 жылы жұмыс істей бастайды деп болжануда. Сонымен қатар, әзірленген тетікті сынақтан өткізгеннен кейін Одақ шеңберінде өндірілетін бірлескен өндірістердің санын және өнімнің сапасын арттыра отырып, оны практикаға неғұрлым кеңірек енгізу мүмкіндігін қарастыру ұсынылады.
Кооперацияның артықшылықтарын пайдалану және мүше мемлекеттердің күш - жігерін шоғырландыру негізінде жаңа технологиялық шешімдерді енгізу Одақ шеңберінде өндірілетін өнімді ішкі және сыртқы нарықтарда бәсекеге қабілетті және сұранысқа ие етуге мүмкіндік береді. Одақтың ішкі нарығының жұмыс істеуін қамтамасыз етудің өсіп келе жатқан маңыздылығын ескере отырып, күш-жігерді оның қарқынды дамуына, тосқауылдарды жоюға және шектеулер мен алып қоюды барынша азайтуға, жаңа логистикалық схемалар құруға және инфрақұрылымдағы "осал тұстарды" жоюға бағыттау маңызды. Электрондық және ұйымдастырылған (биржалық) сауданы, жеткізу уақытын қысқартуға және ішкі тауар нарығындағы бағаларды оңтайландыруға мүмкіндік беретін көтерме және логистикалық орталықтарды қоса алғанда, өткізу нарықтарын кеңейту үшін тауарларды өндірушіден тұтынушыға сатудың және жеткізудің әртүрлі нысандарын дамыту қажет. Одақ шеңберінде қызметтердің бірыңғай нарығын дамыту әлеуетін іске қосу аса өзекті болып табылады, бұл бизнес шығындарын қысқартуға, мүше мемлекеттердің халқы үшін қызметтердің құнын төмендетуге және сапасын арттыруға мүмкіндік береді.
Халықаралық деңгейде мүше мемлекеттердің қолайлы географиялық жағдайын және перспективалық бағыттар бойынша үшінші елдермен тең құқықты және өзара тиімді қатынастарды жолға қою және нығайту мүмкіндіктерін пайдалана отырып, жаңа өндірістік, логистикалық және сауда байланыстарын құру қажет.
2024 - 2025 жылдары макроэкономикалық ортаны жақсарту, өндірісті дамытуға инвестицияларды ұлғайту, ғылыми-технологиялық және өндірістік әлеуетті арттыру, еуразиялық кооперациялық жобаларды іске асыру, сондай-ақ Одақтың ішкі нарығының мүмкіндіктерін кеңейту және Халықаралық экономикалық ынтымақтастықты дамыту жөніндегі міндеттерді шешу келешекте әлемдік экономиканың даму қарқынынан асатын қарқынмен Одақтың ЖІӨ-нің жыл сайынғы өсу траекториясына шығу үшін жағдай жасайды.
Алдағы кезеңде мүше мемлекеттерге қойылған міндеттерді шешу үшін күш-жігерді мынадай шараларды іске асыруға бағыттау ұсынылады.
Инвестициялар көлемін ұлғайту үшін қолайлы макроэкономикалық жағдайлар жасау, оның ішінде:
бағаның тұрақтылығын сақтау;
өзара саудада есеп айырысуды жүзеге асыру үшін мүше мемлекеттердің ұлттық валюталарын пайдалануды дамыту;
ұлттық валюталардың тікелей өзара баға белгілеулерін қамтамасыз ету және мүше мемлекеттердің биржалық валюта нарықтарының өтімділігін арттыру;
бюджеттік шоғырландыруды, оның ішінде бюджет шығыстарын оңтайландыру және бюджет қаражатын неғұрлым әлеуметтік-экономикалық әсері бар шығыстардың пайдасына бағыттау жолымен жүргізу;
валюталық тәуекелдерді барынша азайту үшін мүше мемлекеттердің ұлттық валютасындағы қаражаттың бюджет тапшылығын қаржыландыру үшін тарту;
бірлескен кооперациялық жобаларды іске асыру, оның ішінде қолданыстағы өндірісті жаңғырту және (немесе) кеңейту арқылы Одақ құқығында көзделген қаржыландыру құралдарын пайдалану арқылы кооперацияны дамыту;
бөлшек сауда инвесторлары мен қаржылық қызметтерді тұтынушылар үшін тәуекелдерді төмендету тетіктерін дамыту, оның ішінде қаржылық сауаттылықты арттыру және қаржы ұйымдары, байланыс операторлары мен мемлекеттік билік органдары арасындағы ақпараттық өзара іс-қимылды дамыту жөніндегі жұмысты жалғастыру.
Одақтың ғылыми-технологиялық әлеуетін дамыту, оның ішінде:
ғылыми-техникалық прогрестің бірлесіп айқындалатын басымдықтары негізінде мүше мемлекеттердің ғылыми-технологиялық және инновациялық даму саласындағы бірлескен зерттеулерін жүргізу;
Одақтың негіздемелік сипаты бар ғылыми-техникалық дамуының стратегиялық бағдарламасын әзірлеу және іске асыру;
Еуразиялық интеграцияның символына айналуға қабілетті мүше мемлекеттердің бірлескен ауқымды жоғары технологиялық жобаларды құруы және іске асыруы;
мүше мемлекеттер үшін басым бағыттарда мүше мемлекеттердің аумақтарында жоғары технологиялық өндірістерді оқшаулау жөніндегі күш-жігерді біріктіру;
мүше мемлекеттердің экономика салаларында цифрлық технологияларды дамыту, тауарлар, қызметтер, капитал және жұмыс күші нарықтарының цифрлық трансформациясы;
Еуразиялық экономикалық комиссия алқасының 2023 жылғы 22 тамыздағы № 18-ұсынымына сәйкес мүше мемлекеттердің ғылыми ұйымдары мен жоғары оқу орындарында өзара тағылымдамалар арқылы зерттеушілердің (магистранттарды, аспиранттарды қоса алғанда) біліктілігін арттыру бағдарламасын іске асыру;
Одақтың еңбек нарығында айрықша сұранысқа ие кәсіптер бойынша біліктілік талаптарын жақындастыру және кәсіптік біліктілікті растау тәртібіне қатысты мәселелерді пысықтау.
Мүше мемлекеттердің өндірістік қор нығайту және нақты секторда кооперацияны дамыту, оның ішінде:
Еуразиялық үкіметаралық кеңес бекітетін өнеркәсіптік ынтымақтастықтың негізгі бағыттарына сәйкес мүше мемлекеттер арасында өнеркәсіптік ынтымақтастықты дамыту үшін жағдайлар жасау;
мүше мемлекеттердің өнеркәсіптік кешендерінің кооперациялық байланыстарын дамыту, еуразиялық өндірістік тізбектерді қалыптастыру, оларға шағын және орта өнеркәсіптік компаниялардың қатысуын кеңейту;
Одақ шеңберінде озық әлемдік тәжірибелерді қолдану, халықаралық өндірістік және ғылыми-техникалық кооперацияны дамыту, өнеркәсіптік тауарларды үшінші елдердің нарықтарына жылжыту үшін жағдайлар жасау бөлігінде мемлекеттермен, халықаралық ұйымдармен және халықаралық интеграциялық бірлестіктермен ынтымақтастықты дамыту;
мүше мемлекеттердің ғылыми-зерттеу ұйымдары, даму институттары мен өнеркәсіптік кәсіпорындары арасында іскерлік байланыстар орнатуға жәрдемдесу;
өнеркәсіпті цифрлық трансформациялау саласындағы мүше мемлекеттердің ынтымақтастығын дамыту;
үшінші елдерден жеткізілімдерге тәуелділікті едәуір төмендететін агроөнеркәсіптік кешеннің жоғары технологиялық секторларын дамыту;
Жоғары Еуразиялық экономикалық кеңестің 2021 жылғы 21 мамырдағы № 7 шешімімен бекітілген шаралар тізбесіне сәйкес ауыл шаруашылығы өсімдіктерінің сорттарын сынау және тұқым шаруашылығы салаларындағы мүше мемлекеттердің заңнамасын біріздендіру;
мүше мемлекеттердің энергия үнемдеу, энергия тиімділігін арттыру және өзара қызығушылық тудыратын бағыттар бойынша жаңартылатын энергия көздерін пайдалану саласындағы өзара іс - қимылын дамыту жөніндегі жұмысты жалғастыру;
транзиттік әлеуетті тиімді пайдалануға және еуразиялық көлік дәліздерінің көлік инфрақұрылымын дамытуды үйлестіруге бағытталған іс-шараларды іске асыру;
Одақтың техникалық регламенттерінде бәсекеге қабілетті, жоғары технологиялық және инновациялық өнімдерді өндіру үшін жағдайлар мен мүмкіндіктер туғызатын озық халықаралық және өңірлік стандарттарға (өнеркәсіпті осындай талаптарға көшуге дайындау үшін қажетті жеткілікті өтпелі кезеңдерді және мүше мемлекеттердің ерекшеліктерін ескере отырып) негізделген өнімге қойылатын талаптарды белгілеу жөніндегі жұмысты жалғастыру.
Одақтың ішкі нарығын дамыту және экспорттық мүмкіндіктерді кеңейту, оның ішінде:
тосқауылдарды жою, алып қоюлар мен шектеулерді қысқарту, сондай-ақ Одақтың ішкі нарығында жаңа кедергілердің туындауына жол бермеу;
Одақтың бірлескен жобаларын әзірлеу, қаржыландыру және іске асыру туралы ереженің жобасын дайындау және келісу;
Одақ шеңберінде тауарлардың ортақ биржалық (ұйымдастырылған) нарығын қалыптастыруды жалғастыру;
ортақ электрэнергетикасы нарығын, ортақ газ нарығын, Одақтың мұнай және мұнай өнімдерінің ортақ нарықтарын қалыптастыру;
Одақ шеңберінде көлік қызметтерінің ортақ нарығын құру және бірыңғай көлік кеңістігін қалыптастыру жөніндегі жұмысты жалғастыру;
жекелеген ауыл шаруашылығы тауарлары мен азық түлік жөніндегі сұраныс пен ұсыныстың индикативтік теңгерімдерін қалыптастыру үшін тауарлар номенклатурасын кеңейтудің орындылығын айқындау мәселесін пысықтау;
Одақ шеңберінде бірыңғай қызметтер нарығын қалыптастыруды жандандыру;
Одақ шеңберінде электронды сауданы дамыту үшін қолайлы жағдайлар жасау;
экспорттық мүмкіндіктерді кеңейту мақсатында үшінші тараптармен сауда экономикалық ынтымақтастықты жандандыру жөніндегі жұмысты жалғастыру;
Еуразиялық қайта сақтандыру компаниясының жұмыс істеуін қамтамасыз ету;
Одақ шеңберіндегі жекелеген бастамаларға Одақ жанындағы бақылаушы мемлекеттердің қатысу мүмкіндігін пысықтау;
өзара тиімді ынтымақтастықты жолға қою және Одақтың мүдделерін әлемдік нарықта ілгерілету мақсатында негізгі өңірлік экономикалық бірлестіктермен, халықаралық және өңірлік ұйымдармен жүйелі диалог құру.