Еуразиялық экономикалық комиссия туралы ереженің (2014 жылғы 29 мамырдағы Еуразиялық экономикалық одақ туралы шартқа № 1 қосымша) 7 және 44-тармақтарына сәйкес және 2014 жылғы 29 мамырдағы Еуразиялық экономикалық одақ туралы шарттың 7-бабын іске асыру мақсатында Еуразиялық экономикалық комиссия Алқасы шешті:
1. Интеграцияны және халықаралық қызметті дамыту жөніндегі консультативтік комитет құрылсын.
2. Қоса беріліп отырған Интеграцияны және халықаралық қызметті дамыту жөніндегі консультативтік комитет туралы ереже бекітілсін.
3. Осы Шешім ресми жарияланған күнінен бастап күнтізбелік 30 күн өткен соң күшіне енеді.
|
Еуразиялық экономикалық комиссия Алқасының Төрағасы |
М. Мясникович |
| Еуразиялық экономикалық комиссия Алқасының 2021 жылғы 1 наурыздағы № 25 шешімімен БЕКІТІЛГЕН |
Интеграцияны және халықаралық қызметті дамыту жөніндегі консультативтік комитет туралы ЕРЕЖЕ
I. Жалпы ережелер
1. Интеграцияны және халықаралық қызметті дамыту жөніндегі консультативтік комитет (бұдан әрі – Комитет) Еуразиялық экономикалық комиссия (бұдан әрі – Комиссия) Алқасының жанынан Еуразиялық экономикалық комиссия туралы ереженің (2014 жылғы 29 мамырдағы Еуразиялық экономикалық одақ туралы шартқа № 1 қосымша) 7 және 44-тармақтарына сәйкес құрылады.
Комитет Еуразиялық экономикалық одақ (бұдан әрі – Одақ) шеңберінде интеграцияны және Одақтың халықаралық қызметін дамыту мәселелері бойынша Комиссияның консультативтік органы болып табылады.
Сыртқы экономикалық және сыртқы сауда саясаты, сыртқы сауданы реттеу, үшінші елдермен сауда мақсатындағы келіссөздер жүргізу мәселелері Комитеттің қарауына жатпайды.
2. Комитет өз қызметінде 2014 жылғы 29 мамырдағы Еуразиялық экономикалық одақ туралы шартты, Одақ құқығын құрайтын басқа да халықаралық шарттар мен актілерді, Жоғары Еуразиялық экономикалық кеңестің 2014 жылғы 23 желтоқсандағы № 98 шешімімен бекітілген Еуразиялық экономикалық комиссияның жұмыс регламентін, Жоғары Еуразиялық экономикалық кеңестің 2014 жылғы 23 желтоқсандағы № 99 шешімімен бекітілген Еуразиялық экономикалық одақтың халықаралық ынтымақтастықты жүзеге асыру тәртібін, сондай-ақ осы Ережені басшылыққа алады.
II. Комитеттің негізгі міндеттері мен функциялары
3. Комитеттің негізгі міндеттері:
а) экономикалық дамудың стратегиялық басым бағыттары, Одақ шеңберінде интеграцияны дамыту және Одақтың халықаралық қызметін жетілдіру бойынша ұсыныстар дайындау;
б) тиісті кезеңге Одақтың халықаралық аренадағы позицияларын күшейтуге бағытталған шараларды әзірлеу;
в) Одақтың халықаралық қызметінің тиісті жылға арналған негізгі бағыттарын қалыптастыру жөнінде ұсынымдар дайындау болып табылады.
4. Өзіне жүктелген міндеттерді іске асыру үшін Комитет мынадай функцияларды жүзеге асырады:
а) мына мәселелер бойынша ұсыныстар мен ұсынымдар дайындайды:
Одақ шеңберінде интеграцияны дамыту және тереңдету;
Одақтың халықаралық қызметін дамытудың географиялық және салалық басымдықтарын айқындау;
Одақтың халықаралық қызметінің негізгі бағыттарын іске асыру тетіктерін жетілдіру;
үшінші елдер мен өңірлік экономикалық интеграциялық бірлестіктер қатарынан Одақтың әлеуетті әріптестерімен. Соның ішінде Комиссиямен өзара іс-қимылды дамыту мәселелері бойынша диалог орнату;
Одақ жанындағы байқаушы мемлекеттермен ынтымақтастықты дамыту;
халықаралық аренада Одақты сенімді әріптес ретінде көрсету;
Одаққа мүше мемлекеттердің (бұдан әрі – мүше мемлекеттер) халықаралық қызмет саласындағы Одақ органдарына төрағалық ету бастамаларын іске асыру механизмдерін құру;
еуразиялық экономикалық интеграция процестерін ақпараттық сүйемелдеу;
халықаралық қызмет саласында ғылыми-зерттеу жұмыстарын әзірлеу және олардың нәтижелерін халықаралық ынтымақтастықты жүзеге асыру шеңберінде пайдалану;
б) Комиссия жасасқан ынтымақтастық (өзара іс-қимыл) туралы меморандумдарды іске асыру мақсатында әзірленетін үшінші елдердің үкіметтерімен және өңірлік экономикалық интеграциялық бірлестіктердің жұмыс органдарымен ынтымақтастық бағдарламаларының жобаларын дайындауға қатысады;
в) жасалған ынтымақтастық (өзара іс-қимыл) туралы меморандумдар шеңберінде Комиссияның үшінші елдердің үкіметтерімен және өңірлік экономикалық интеграциялық бірлестіктердің жұмыс органдарымен өзара іс-қимыл жасауы мәселелері мүше мемлекеттердің бизнес-қоғамдастықтары өкілдерінің ұсыныстарын қарайды;
г) жаһандық экономикалық интеграциялық процестердің дамуын ескере отырып, халықаралық ынтымақтастық мәселелері бойынша консультациялар өткізеді;
д) Комиссия Алқасы жанынан құрылған басқа консультативтік органдардың құзыретіне жатқызылған функцияларды қоспағанда, халықаралық қызметпен байланысты өзге де функцияларды жүзеге асырады.
III. Комитеттің құрамы
5. Комитеттің құрамы мүше мемлекеттердің мемлекеттік билік органдарының уәкілетті өкілдерінен қалыптастырылады.
Мүше мемлекеттердің ұсыныстары бойынша Комитеттің құрамына бизнес-қоғамдастықтардың, ғылыми және қоғамдық ұйымдардың өкілдері, өзге де тәуелсіз сарапшылар қосылуы мүмкін.
6. Мүше мемлекеттер Комитеттің құрамына өзгерістер енгізу жөніндегі ұсыныстарды Комиссияға уақтылы береді.
7. Комитеттің құрамы Комиссия Алқасының өкімімен бекітіледі.
8. Комитеттің отырыстарында төрағалық етуді және Комитет жұмысына жалпы басшылық етуді Интеграция және макроэкономика жөніндегі алқа мүшесі (Министр) (бұдан әрі – Комитет төрағасы) жүзеге асырады.
9. Комитет төрағасы:
а) Комитет қызметіне басшылық етеді және Комитетке жүктелген міндеттері орындау жөніндегі жұмыстарды ұйымдастырады;
б) Комитет отырысының күн тәртібін бекітеді, ол өткізілетін күнді, уақыт пен орынды айқындайды;
в) Комитет отырыстарын жүргізеді;
г) Комитет отырыстарының хаттамаларына қол қояды;
д) Комиссия Алқасы мен Кеңесін Одақтың халықаралық қызметі мәселелері бойынша Комитет тұжырымдаған ұсынымдар мен ұсыныстар туралы хабардар етеді;
е) кіші комитеттердің, жұмыс (сараптама) топтарының құзыретін және олардың құрамдарын айқындайды;
ж) Комитеттің жауапты хатшысын тағайындайды.
10. Комитет төрағасының орынбасары болып Комиссияның Интеграцияны дамыту департаментінің директоры тағайындалады.
11. Комитет төрағасының орынбасары Комиссия төрағасы болмаған жағдайда немесе оның тапсырмасы бойынша осы Ереженің 9-тармағында көзделген Комитет төрағасының функцияларын орындайды.
12. Комитеттің жауапты хатшысы құзыретіне Комитет қызметінің бағыттары бойынша мәселелер кіретін Комиссияның лауазымды тұлғаларының немесе қызметкерлерінің қатарынан тағайындалады.
13. Комитеттің жауапты хатшысы:
а) Комитет төрағасы мен Комитет мүшелерінің ұсыныстары бойынша Комитет отырысының күн тәртібін дайындайды және оны Комитет төрағасының бекітуіне ұсынады;
б) Комитет отырысына материалдардың дайындалу мен ұсынылуын бақылауды жүзеге асырады;
в) Комитет мүшелеріне Комитет отырысының бекітілген күн тәртібі мен оған материалдарды жібереді;
г) Комитет мүшелерін Комитет отырысы өткізілетін күн, уақыт пен орын туралы хабардар етеді;
д) Комитета отырысының хаттамасын жүргізеді және оны Комитет төрағасының қол қоюына ұсынады;
е) Комитета отырысының нәтижелері бойынша дайындалған қорытынды құжаттарды дайындау мен Комитет мүшелеріне жіберуді ұйымдастырады;
ж) Комитеттің хаттамалық шешімдерінің орындалуын бақылауды жүзеге асырады.
14. Комитет төрағасының шақыруы бойынша немесе мүше мемлекеттердің ұсыныстары бойынша Комитет отырыстарына мүше мемлекеттердің мемлекеттік билік органдарының уәкілетті өкілдері, бизнес-қоғамдастықтардың, ғылыми және қоғамдық ұйымдардың өкілдері, өзге де тәуелсіз сарапшылар, құзыретіне Комиссия отырысында қаралатын мәселелер жататын Комиссияның лауазымды адамдары мен қызметкерлері, сондай-ақ Одақ жанындағы байқаушы мемлекеттердің өкілдері (осы мемлекеттердің мүддесін қозғайтын мәселелер талқыланатын жағдайда) қатысуы мүмкін.
15. Комитет қызметінің бағыттары бойынша мәселелерді шешу үшін Комитет жанынан кіші комитеттер, жұмыс (сараптама) топтары құрылуы мүмкін.
Кіші комитеттердің, жұмыс (сараптама) топтарының құрамдары мүше мемлекеттердің ұсыныстары бойынша мүше мемлекеттердің мемлекеттік билік органдарының өкілдері мен сарапшыларының, сондай-ақ құзыретіне Комитет қызметінің бағыттары бойынша мәселелер кіретін Комиссияның лауазымды тұлғалары мен қызметкерлерінің қатарынан қалыптастырылады.
IV. Комитеттің жұмыс тәртібі
16. Комитет отырыстары қажеттігіне қарай, бірақ жылына 2 реттен сиретпей өткізіледі.
17. Комитет отырысын өткізу туралы шешімді Комитет төрағасы Комитет мүшелерінің ұсыныстарын ескере отырып қабылдайды.
18. Комитет отырысының күн тәртібінің жобасын қалыптастыру бойынша ұсыныстарды Комитет мүшелері Комитет төрағасына Комитет отырысы өткізілетін күнге дейін кемінде 20 күн қалғанда жібереді.
Комитет отырысының күн тәртібіне қосу үшін мәселе ұсынған Комитет мүшелері ұсынылған мәселелер бойынша ақпарат пен материалдарды Комитеттің жауапты хатшысына ұсынуды қамтамасыз етеді.
19. Комитет төрағасы Комитет мүшелерінен Комитет құзыретіне жатқызылған мәселелер бойынша материалдар мен ақпаратты сұратуға құқылы.
20. Комитет отырысының күн тәртібіне материалдар мыналарды қамтиды:
а) қажетті анықтамалық және талдамалық материалдар, соның ішінде қаралатын мәселелер бойынша анықтамалар;
б) қарауға ұсынылатын құжаттардың жобалары (бар болса);
в) хаттамалық шешімдердің жобалары және Комиссияға ұсынымдар.
21. Комитеттің жауапты хатшысы Комитет мүшелеріне Комитет отырысының бекітілген күн тәртібін және оған материалдарды Комитет отырысы өткізілген күнге дейін кемінде күнтізбелік 15 күн қалғанда (соның ішінде электронды түрде) береді.
22. Комитет отырыстары, әдетте, Комиссия үй-жайларында өткізіледі.
Комитет отырысы мүше мемлекеттердің мемлекеттік билік органдарының ұсыныстары негізінде қабылданатын Комитет төрағасының шешімі бойынша мүше мемлекеттердің кез келгенінде өткізілуі мүмкін. Бұл жағдайда қабылдаушы мүше мемлекет Комитет отырысын ұйымдастыру мен өткізуге жәрдем көрсетеді.
Комитет төрағасының шешімі бойынша Комитет отырысы бейнеконференция режимінде өткізілуі мүмкін.
23. Комитет отырысына мүше мемлекеттердің әрқайсысынан Комитеттің кемінде 1 мүшесінің өкілдігі қамтамасыз етілсе, ол заңды деп танылады.
24. Комитет мүшелері оның отырыстарына жеке өздері алмасу құқығынсыз қатысады.
Комитет мүшесінің отырысқа қатысуы мүмкін болмаған жағдайда ол қаралатын мәселелер бойынша өз позициясын Комитет төрағасына алдын ала (Комитет отырысы өткізілетін күнге дейін кемінде 3 жұмыс күні қалғанда) жазбаша нысанда ұсынуға құқылы.
25. Комитет мүшелерінің пікірінше мәселе қосымша пысықтауды талап ететін болса, олар бұл мәселені Комитеттің қарауынан алып тастауды ұсына алады.
26. Комитет отырысында мәселелерді талқылау кезінде Комитет мүшелерінің құқықтары тең болады.
27. Комитет отырысының нәтижелері хаттамамен ресімделеді, онда Комитет мүшелерінің позициялары көрсетіледі.
Комитет қарайтын мәселе бойынша Комитет мүшесінің ерекше пікірі болған жағдайда, ол жазбаша нысанда баяндалып, Комитет отырысының хаттамасына қоса беріледі. Комитет отырысының хаттамасына қаралатын құжаттардың жобалары бойынша ұсыныстар, анықтамалық және талдамалық материалдар мен тиісті негіздемелер де қоса берілуі мүмкін.
Комитет отырыстарында Комитет мүшелері ұсынған ұсыныстар мүше мемлекеттердің соңғы позициясы ретінде қаралмайды.
Комитет отырысының хаттамасына Комитет төрағасы Комитет отырысы өткізілген күннен бастап 3 жұмыс күнінен кешіктірмей қол қояды.
Комитет отырысының хаттамасына Комитет төрағасы қол қойған күннен бастап 3 жұмыс күні ішінде Комитеттің жауапты хатшысы оны Комитет мүшелеріне жібереді.
Комитет төрағасының шешімі бойынша Комитет отырысының хаттамасы немесе одан үзінді-көшірме Комитет отырысына қатысқан шақырылған адамдарға жіберіледі.
Комитет отырыстарының хаттамалары Комитеттің жауапты хатшысында сақталады.
28. Мүше мемлекеттердің мемлекеттік билік органдарының уәкілетті өкілдерінің Комитет отырыстарына қатысуына байланысты шығыстарды оларды жіберетін мүше мемлекет көтереді.
Бизнес-қоғамдастықтар, ғылыми және қоғамдық ұйымдар өкілдерінің, сондай-ақ тәуелсіз сарапшылардың Комитет отырыстарына қатысуына байланысты шығыстарды көрсетілген тұлғалар өздері көтереді.
29. Комитет қызметін ұйымдық-техникалық қамтамасыз етуді Комиссия жүзеге асырады.